Жергілікті қоғамдастық жиналысының үлгі регламентін бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2017 жылғы 7 тамыздағы № 295 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2017 жылғы 8 қыркүйекте № 15630 болып тіркелді.

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 39-3-бабының 3-1-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық экономика министрінің 30.09.2021 № 88 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Қоса беріліп отырған Жергілікті қоғамдастық жиналысының үлгі регламенті бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Өңірлерді талдау және бағалау департаменті:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі қағаз және электрондық түрдегі көшірмесінің ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберілуін, сондай-ақ осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесінің ресми жариялауға мерзімді баспасөз басылымдарына жіберілуін;

      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;

      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Заң департаментіне бұйрықтың осы тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтердің ұсынылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық халық саны екі мың адамнан көп аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер үшін 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап және халық саны екі мың адам және одан аз аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер үшін 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Ұлттық экономика министрі
Т. Сүлейменов

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Қаржы министрі

      _________________ Б. Сұлтанов

      2017 жылғы 7 тамыз

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрінің
2017 жылғы 7 тамыздағы
№ 295 бұйрығымен
бекітілген

Жергілікті қоғамдастық жиналысының үлгі регламенті

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Жергілікті қоғамдастық жиналысының үлгі регламенті (бұдан әрі – Үлгі регламент) "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 39-3-бабының 3-1-тармағына сәйкес әзірленді.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық экономика министрінің 21.06.2021 № 65 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2. Осы Үлгі регламентте қолданылатын негізгі ұғымдар:

      1) жергілікті қоғамдастық – шекараларында жергілікті өзін-өзі басқару жүзеге асырылатын, оның органдары құрылатын және жұмыс істейтін тиісті әкімшілік-аумақтық бөлініс аумағында тұратын тұрғындардың (жергілікті қоғамдастық мүшелерінің) жиынтығы;

      2) жергілікті қоғамдастық жиналысы (бұдан әрі – жиналыс) – жергілікті қоғамдастық жиыны жіберген жергілікті қоғамдастық өкілдерінің Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген шекте және тәртіппен жергілікті маңызы бар ағымдағы мәселелерді шешуге қатысуы;

      3) жергілікті маңызы бар мәселелер – реттелуі Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілеріне сәйкес тиісті әкімшілік-аумақтық бөлініс тұрғындарының басым бөлігінің құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз етуге байланысты облыс, аудан, қала, қаладағы аудан, ауылдық округ, ауылдық округтің құрамына кірмейтін кент пен ауыл қызметінің мәселелері;

      4) жергілікті өзін-өзі басқару – халық тікелей жүзеге асыратын, сондай-ақ мәслихаттар және басқа да жергілікті өзін-өзі басқару органдары арқылы жүзеге асырылатын Заңда, өзге де нормативтік құқықтық актілерде айқындалған тәртіппен жергілікті маңызы бар мәселелерді өзінің жауапкершілігімен дербес шешуге бағытталған қызмет;

      5) жергілікті қоғамдастық жиналысының мүшесі – Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген шекте және тәртіппен жергілікті маңызы бар ағымдағы мәселелерді шешуге жергілікті қоғамдастық жиыны жіберген жергілікті қоғамдастық өкілі.

      3. Жиналыс регламентін аудан (облыстық маңызы бар қала) мәслихаты бекітеді.

      3-1. Жергілікті қоғамдастық жиналысының құрамын жергілікті қоғамдастық жиыны төрт жыл мерзімге айқындайды және жергілікті қоғамдастық жиыны жіберген кандидаттар қатарынан құрылады.

      Бұл ретте, жергілікті қоғамдастық жиыны жіберген жергілікті қоғамдастық жиналысы мүшелерінің (бұдан әрі – жиналыс мүшелері) саны аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ халқының жалпы санына байланысты айқындалады:

      1) 10 мың халыққа дейін – жиналыстың 5-10 мүшесі;

      2) 10-15 мың халық – жиналыстың 11-15 мүшесі;

      3) 15-20 мың халық – жиналыстың 16-20 мүшесі;

      4) 20 мыңнан астам халық – жиналыстың 21-25 мүшесі.

      Ескерту. Үлгі регламенті 3-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Ұлттық экономика министрінің 30.09.2021 № 88 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      3-2. Жергілікті қоғамдастық жиналысының құрамын қалыптастыру кезінде бөлек жиындар өкілдерінің саны олардың халқының санына барабар айқындалады.

      Ескерту. Үлгі регламенті 3-2-тармақпен толықтырылды - ҚР Ұлттық экономика министрінің 30.09.2021 № 88 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      3-3. Бірнеше елді мекендерден тұратын әкімшілік-аумақтық бірлік үшін осы Үлгілік регламенттің 3-2-тармағының ережелерін ескере отырып, жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиындары жіберген әрбір елді мекеннен кемінде бір өкіл қамтамасыз етіледі.

      Ескерту. Үлгі регламенті 3-3-тармақпен толықтырылды - ҚР Ұлттық экономика министрінің 30.09.2021 № 88 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

2-тарау. Жергілікті қоғамдастық жиналысына шақыруды жүргізу тәртібі

      4. Жиналыс жергілікті маңызы бар ағымдағы мәселелер бойынша өткізіледі:

      бағдарламалық құжаттардың, жергілікті қоғамдастықты дамыту бағдарламаларының жобаларын талқылау және қарау;

      аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ бюджетінің жобасын және бюджеттің атқарылуы туралы есепті келісу;

      аудандық (облыстық маңызы бар қаланың) бюджеттен берілетін нысаналы трансферттер есебінен қаржыландырылатын бюджеттік бағдарламаларды (кіші бағдарламаларды) қоспағанда, бекітілген (нақтыланған) бюджет бойынша ағымдағы қаржы жылына арналған бюджеттік бағдарлама шығыстары көлемінің жиырма пайызынан аспайтын көлемде қаражат бюджет шығыстарының құрылымын өзгертпей, бюджеттік мониторинг қорытындылары бойынша ағымдағы қаржы жылы ішінде бюджет қаражаты игерілмеген және (немесе) бюджеттік бағдарламалар тиімсіз орындалған кезде бюджеттік бағдарламалар арасында қайта бөлінген жағдайда, аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ бюджетін түзетуді келісу;

      аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің коммуналдық меншігін (жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық меншігін) басқару жөніндегі аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ аппаратының шешімдерін келісу;

      аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ бюджетінің атқарылуын мониторингтеу мақсатында жиналысқа қатысушылар қатарынан жергілікті қоғамдастық комиссиясын құру;

      аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ бюджетінің атқарылуына жүргізілген мониторинг нәтижелері туралы есепті тыңдау және талқылау;

      аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ коммуналдық мүлкін иеліктен шығаруды келісу;

      Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасында көзделген жағдайларда тиісті аумақта карантиндік режимді енгізе отырып, карантиндік аймақты белгілеу (күшін жою) туралы, карантинді және (немесе) шектеу іс-шараларын белгілеу (алып тастау) туралы шешімдер қабылдауды, сондай-ақ табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайды жариялауды, сондай-ақ "Құқықтық актілер туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген мерзімдерде олар бойынша ұсынымдар беруді көздейтін атқарушы органдардың, сондай-ақ әкімдердің нормативтік құқықтық актілерінің жобаларын қоспағанда жергілікті қоғамдастықтың өзекті мәселелерін,

      азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік құқықтық актілердің жобаларын талқылау;

      аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкіміне кандидат ретінде тіркеу үшін тиісті аудандық (қалалық) сайлау комиссиясына одан әрі енгізу үшін аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімінің аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімі лауазымына ұсынған кандидатураларын келісу;

      аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімін лауазымынан босату туралы мәселеге бастамашылық жасау;

      жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын және тиісті аумақтарда орналасқан мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың басшыларын тағайындау бойынша ұсыныстар енгізу;

      жергілікті қоғамдастықтың басқа да ағымдағы мәселелерін талқылау.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық экономика министрінің 30.09.2021 № 88 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      5. Жиналысты аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімдері дербес не жиналыс мүшелерінің кемінде он пайызының бастамасы бойынша, бірақ тоқсанына кемінде бір рет шақырылады және өткізіледі.

      Жиналыстың бастамашылары күн тәртібін көрсете отырып, әкімге еркін нысанда жазбаша өтініш жасайды.

      Әкім үш жұмыс күні ішінде жазбаша өтінішті қарайды және шақырылымның орны мен уақытын көрсете отырып, жиналысты шақыру туралы шешім қабылдайды.

      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық экономика министрінің 30.09.2021 № 88 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      6. Заңның 39-3-бабы 3-тармағының 4-3) тармақшасында көзделген, жергілікті қоғамдастық жиналысының шақырылу уақыты, орны туралы жергілікті қоғамдастық жиналысының мүшелері жиналыс өткізілетін күнге дейін күнтізбелік үш күннен кешіктірілмей хабардар етілетін жағдайды қоспағанда, жиналыстың шақырылу уақыты, орны және талқыланатын мәселелер туралы жиналыстың мүшелері жиналыс өткізілетін күнге дейін күнтізбелік он күннен кешіктірілмей бұқаралық ақпарат құралдары арқылы немесе өзге де тәсілдермен хабардар етіледі.

      Әкім аппараты жиналыстың қарауына енгізілетін мәселелер бойынша қажетті материалдарды жазбаша түрде, электрондық құжат нысанында (электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куәландырылған) немесе құжаттардың электрондық көшірмесін жиналысқа шақырғанға дейін күнтізбелік бес күннен кешіктірмей жиналыстың мүшелеріне және әкімге ұсынады.

      Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық экономика министрінің 21.06.2021 № 65 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді - ҚР Ұлттық экономика министрінің 30.09.2021 № 88 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрықтарымен.

      7. Жиналысты шақыру алдында әкім аппараты жиналысқа қатысушы мүшелерді тіркеуді өткізеді, оның нәтижесін әкім немесе жиналысты шақыру басталғаннан бұрын ол уәкілеттік берген адам жариялайды және жиналыстың хаттамасына шақыруды өткізу орны мен уақытын көрсете отырып енгізеді.

      Жиналысты шақыру оған жиналыс мүшелерінің кемiнде жартысы қатысқан кезде өтті деп есептеледі.

      8. Жиналысты шақыруды әкім немесе ол уәкілеттік берген адам ашады.

      Жиналысты шақыруды жүргізу үшін ашық дауыс беру арқылы жиналыстың төрағасы мен хатшысы сайланады.

      9. Жиналыстың күн тәртібін ауылдық округ әкімінің аппараты жиналыс мүшелері, тиісті аумақтың әкімі енгізген ұсыныстар негізінде қалыптастырады.

      Күн тәртібіне өткен жиналыстарды шақыруда қабылданған шешімдер барысы және (немесе) орындалуы туралы мәселелер қосылады.

      Жиналысты шақырудың күн тәртібі оны талқылау кезінде толықтырылуы және өзгертілуі мүмкін.

      Жиналысты шақырудың күн тәртібін жиналыс бекітеді.

      Күн тәртібінің әрбір мәселесі бойынша дауыс беру жеке өткізіледі. Егер оған жиналыс мүшелерінің көпшілігі дауыс берсе, мәселе күн тәртібіне енгізілді деп есептеледі.

      10. Жиналысты аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімі аппаратының, мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындардың, сондай-ақ мәселелері жиналысты шақыруда қаралатын жеке және заңды тұлғалардың өкілдері шақырылады. Сондай-ақ жиналысты шақыруға аудан (облыстық маңызы бар қала) мәслихатының депутаттары, бұқаралық ақпарат құралдарының және қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатыса алады.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген шақырылған адамдар жиналыстың мүшелері болып табылмайды және шешімдер қабылдау кезінде дауыс беруге қатыспайды.

      Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық экономика министрінің 30.09.2021 № 88 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      11. Жиналысты шақыруларда баяндамалар, қосымша баяндамалар, жарыссөзде сөйлеу үшін және жиналысқа шақыруды өткізу тәртібі бойынша сөз сөйлеу регламентін төраға айқындайды. Баяндамашылар мен қосымша баяндамашыларға сұрақтарға жауап беру үшін уақыт бөлінеді. Егер сөз сөйлеуші бөлінген уақыттан асып кетсе, жиналыс төрағасы оның сөзін тоқтатады немесе шақырылымға қатысып отырған жиналыс мүшелерінің көпшілігінің келісімімен сөз сөйлеу уақытын ұзартады.

      Жиналыс мүшесі бір мәселе бойынша екі реттен артық сөйлей алмайды. Жарыссөздердегі жиналыс мүшелерінің сауалдары, түсіндіру және сұрақтарға жауап беру үшін сөйлеулері сөз сөйлеу деп есептелмейді. Баяндамашыларға сұрақтар жазбаша немесе ауызша түрде қойылады. Жазбаша сұрақтар жиналыс төрағасына беріледі және жиналыс шақырылымында жарияланады.

      Жиналыс төрағасы өз бастамасы бойынша немесе жиналыс мүшелерінің дәлелді ұсыныстары бойынша үзілістер жариялай алады.

      Жиналыстың соңында жиналыстың мүшелеріне қысқа мәлімдемелер немесе хабарламалар жасау үшін уақыт беріледі, олар бойынша жарыссөз болмайды.

3-тарау. Жергілікті қоғамдастық жиналысының шешімдер қабылдау тәртібі

      12. Жиналыс өз өкілеттігі шеңберінде шақырылымға қатысып отырған жиналыс мүшелерінің көпшілік даусымен шешімдер қабылдайды.

      Дауыстар тең болған жағдайда жиналыстың төрағасы шешуші дауыс құқығын пайдаланады.

      Жиналыстың шешімі хаттамамен ресімделеді, онда:

      1) жиналыстың өткізілетін күні мен орны;

      2) жиналыс мүшелерінің саны және тізімі;

      3) өзге де қатысушылардың саны және олардың аты, әкесінің аты (болған жағдайда), тегі көрсетілген тізімі;

      4) жиналыс төрағасы мен хатшысының аты, әкесінің аты (болған жағдайда), тегі;

      5) күн тәртібі, сөйлеген сөздердің қысқаша мазмұны және қабылданған шешімдер көрсетіледі.

      Хаттамаға жиналыстың төрағасы мен хатшысы қол қояды және хаттама ауылдық округ әкімінің өкілеттігін тоқтату туралы мәселеге бастамашылық жасау туралы жергілікті қоғамдастық жиналысының шешімін қамтитын жағдайларды қоспағанда, жиналыс өткізілген күннен бастап екі жұмыс күні ішінде ауылдық округ әкіміне беріледі.

      Ауылдық округ әкімінің өкілеттігін тоқтату туралы мәселеге бастамашылық жасау туралы шешімі бар жергілікті қоғамдастық жиналысының хаттамасына жиналыстың төрағасы мен хатшысы қол қояды және бес жұмыс күні ішінде ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) тиісті мәслихатының қарауына беріледі.

      Ескерту. 12-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық экономика министрінің 21.06.2021 № 65 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 30.09.2021 № 88 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрықтарымен.

      13. Жиналыс қабылдаған шешімдерді ауылдық округ әкімі қарайды және ауылдық округ әкімінің аппараты бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімде жиналыс мүшелеріне жеткізеді.

      Ескерту. 13-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық экономика министрінің 30.09.2021 № 88 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      14. Әкім жергілікті қоғамдастық жиналысының шешімімен келіспейтінін білдірген жағдайда, осы мәселелер осы Үлгілік регламенттің 2-тарауында көзделген тәртіппен қайта талқылау арқылы шешіледі.

      Ауылдық округ әкімінің келіспеушілігін тудырған мәселелерді шешу мүмкін болмаған жағдайда, мәселені жоғары тұрған әкім шешеді.

      Ауылдық округ әкімі екі жұмыс күні ішінде жоғары тұрған әкімнің және тиісті ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) мәслихатының атына жергілікті қоғамдастық жиналысының хаттамасын жергілікті қоғамдастық жиналысы келіспеушілік тудырған мәселелерді қайтадан талқылағаннан кейін жібереді.

      Бес жұмыс күні ішінде Заңның 11-бабында көзделген тәртіппен аудан (облыстық маңызы бар қала) тиісті мәслихатының таяудағы отырысында алдын ала талқылаудан және оның шешімінен кейін жоғары тұрған әкім шешім қабылдайды.

      Ескерту. 14-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық экономика министрінің 30.09.2021 № 88 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      15. Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдары, лауазымды адамдар өкілеттіктері шегінде жиналысты шақыруда қабылданған және ауылдық округ әкімі мақұлдаған шешімдердің орындалуын қамтамасыз етеді.

      16. Жиналысты шақыруда қабылданған шешімдерді ауылдық округ әкімінің аппараты бұқаралық ақпарат құралдары арқылы немесе өзге де тәсілдермен таратады.

4-тарау. Жергілікті қоғамдыстық жиналысы шешімдерінің орындалуын бақылау

      17. Жиналыста жүйелі түрде жиналыстың шешімдерін орындауға жауапты адамдардың ақпараттары тыңдалады.

      18. Шешімдерді орындамаған немесе сапасыз орындаған жағдайда, тиісті ақпарат хаттамаға енгізіледі, оны жиналыстың төрағасы аудан (облыстық маңызы бар қала) әкіміне немесе жиналыстың шешімін орындауға жауапты лауазымды адамның жоғары тұрған басшыларына жолдайды.

      Қабылданған шешімдер қайта орындалмаған немесе сапасыз орындалған жағдайда, жиналыс аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімі немесе тиісті лауазымды адамдардың жоғары тұрған басшылары алдында лауазымды адамдардың жауаптылығы туралы мәселеге бастамашылық жасайды.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады