Ескерту. Күші жойылды - Ақмола облысы Біржан сал ауданы мәслихатының 28.09.2023 № С-5/8 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.
"Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 39-3-бабының 6-тармағына, "Жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиындарын өткізудің үлгі қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 18 қазандағы № 1106 қаулысына сәйкес, Біржан сал ауданының мәслихаты ШЕШТІ:
1. Қоса беріліп отырған Біржан сал ауданының аумағында жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиындарын өткізудің тәртібі бекітілсін.
2. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Біржан сал ауданы мәслихат хатшысының міндетін атқарушы |
Г.Куртабиева |
Біржан сал ауданы мәслихатының 2022 жылғы 22 шілдедегі № С-18/19 шешімімен бекітілген |
Біржан сал ауданының аумағында жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиындарын өткізу тәртібі
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Біржан сал ауданының аумағында жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиындарын өткізудің тәртібі "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 39-3-бабының 6-тармағына, "Жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиындарын өткізудің үлгі қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 18 қазандағы № 1106 қаулысына сәйкес әзірленген және ауыл, ауылдық округ, шағын аудан, көше, көппәтерлі тұрғын үй тұрғындарының жергілікті қоғамдастығының бөлек жиындарын өткізудің тәртібін белгілейді.
2. Осы Тәртіпте мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) жергілікті қоғамдастық – шекараларында жергілікті өзін-өзі басқару жүзеге асырылатын, оның органдары құрылатын және жұмыс істейтін тиісті әкімшілік-аумақтық бөлініс аумағында тұратын тұрғындардың (жергілікті қоғамдастық мүшелерінің) жиынтығы;
2) жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиыны – ауыл, шағын аудан, көше, көппәтерлі тұрғын үй тұрғындарының (жергілікті қоғамдастық мүшелерінің) жергілікті қоғамдастық жиынына қатысу үшін өкілдерді сайлауға тікелей қатысуы.
2-тарау. Жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиындарын өткізудің тәртібі
3. Жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиынын өткізу үшін аудандық маңызы бар қаланың, ауылдық округтің, ауылдың аумағы учаскелерге (ауылдар, шағын аудандар, көшелер, көппәтерлі тұрғын үйлер) бөлінеді.
4. Жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиындарында жергілікті қоғамдастық жиынына қатысу үшін саны үш адамнан аспайтын өкілдер сайланады.
5. Жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиынын аудандық маңызы бар қаланың, ауылдық округтің, ауылдың әкімі шақырады және ұйымдастырады.
6. Жергілікті қоғамдастықтың халқына жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиындарының шақырылу уақыты, орны және талқыланатын мәселелер туралы аудандық маңызы бар қала, ауылдық округ, ауыл әкімі бұқаралық ақпарат құралдары арқылы немесе өзге де тәсілдермен олар өткізілетін күнге дейін күнтізбелік он күннен кешіктірмей хабарлайды.
7. Ауыл, шағын аудан, көше, көппәтерлі тұрғын үй шегінде бөлек жергілікті қоғамдастық жиынын өткізуді аудандық маңызы бар қала, ауылдық округ және ауыл әкімі ұйымдастырады.
Шағын аудан немесе көше шегінде көппәтерлі үйлер болған жағдайда, көппәтерлі үйдің бөлек жиындары өткізілмейді.
8. Жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиынының ашылуы алдында тиісті ауылдың, шағын ауданның, көшенің, көппәтерлі тұрғын үйдің қатысып отырған, оған қатысуға құқығы бар тұрғындарын тіркеу жүргізіледі.
Жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиыны осы ауылда, шағын ауданда, көшеде, көппәтерлі үйде тұратын және оған қатысуға құқығы бар тұрғындардың (жергілікті қоғамдастық мүшелерінің) кемінде он пайызы қатысқан кезде өтті деп есептеледі.
9. Жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиынын аудандық маңызы бар қала, ауылдық округ, ауыл әкімі немесе ол уәкілеттік берген тұлға ашады.
Аудандық маңызы бар қала, ауылдық округ, ауыл әкімі немесе ол уәкілеттік берген тұлға бөлек жергілікті қоғамдастық жиынының төрағасы болып табылады.
Жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиынының хаттамасын ресімдеу үшін ашық дауыс берумен хатшы сайланады.
10. Жергілікті қоғамдастық жиынына қатысу үшін ауыл, шағын аудан, көше, көппәтерлі тұрғын үй тұрғындары өкілдерінің кандидатураларын Біржан сал ауданының мәслихаты бекіткен сандық құрамға сәйкес бөлек жергілікті қоғамдастық жиынына қатысушылар ұсынады.
11. Дауыс беру ашық тәсілмен әрбір кандидатура бойынша дербес жүргізіледі. Жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиынына қатысушылардың ең көп даусын жинаған кандидаттар сайланған болып есептеледі.
12. Жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиынында хаттама жүргізіледі, оған төраға мен хатшы қол қояды және ол тиісті аудандық маңызы бар қала, ауылдық округ, ауыл әкімінің аппаратына беріледі.