Жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиындарын өткізудің үлгі қағидаларын бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 18 қазандағы № 1106 қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 13 шiлдедегi № 563 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 13.07.2023 № 563 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
      Ескерту. Қаулының тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 05.10.2021 № 707 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 39-3-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Бөлек жергілікті қоғамдастық жиындарын өткізудің үлгі қағидалары бекітілсін.

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі

С. Ахметов


  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2013 жылғы 18 қазандағы
№ 1106 қаулысымен
бекітілген

Жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиындарын өткізудің үлгі қағидалары

      Ескерту. Қағидалар жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 05.10.2021 № 707 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиындарын өткізудің үлгі қағидалары "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 39-3-бабының 6-тармағына сәйкес әзірленді және ауыл, кент, ауылдық округ, шағын аудан, көше, көппәтерлі тұрғын үй тұрғындарының жергілікті қоғамдастығының бөлек жиындарын өткізудің үлгі тәртібін белгілейді.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) жергілікті қоғамдастық – шекараларында жергілікті өзін-өзі басқару жүзеге асырылатын, оның органдары құрылатын және жұмыс істейтін тиісті әкімшілік-аумақтық бөлініс аумағында тұратын тұрғындардың (жергілікті қоғамдастық мүшелерінің) жиынтығы;

      2) жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиыны – ауыл, шағын аудан, көше, көппәтерлі тұрғын үй тұрғындарының (жергілікті қоғамдастық мүшелерінің) жергілікті қоғамдастық жиынына қатысу үшін өкілдерді сайлауға тікелей қатысуы.

2-тарау. Жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиындарын өткізудің тәртібі

      3. Жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиынын өткізу үшін аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің аумағы учаскелерге (ауылдар, шағын аудандар, көшелер, көппәтерлі тұрғын үйлер) бөлінеді.

      4. Жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиындарында жергілікті қоғамдастық жиынына қатысу үшін саны үш адамнан аспайтын өкілдер сайланады.

      5. Жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиынын аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің әкімі шақырады және ұйымдастырады.

      6. Жергілікті қоғамдастықтың халқына жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиындарының шақырылу уақыты, орны және талқыланатын мәселелер туралы аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімі бұқаралық ақпарат құралдары арқылы немесе өзге де тәсілдермен олар өткізілетін күнге дейін күнтізбелік он күннен кешіктірмей хабарлайды.

      7. Ауыл, шағын аудан, көше, көппәтерлі тұрғын үй шегінде бөлек жергілікті қоғамдастық жиынын өткізуді аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент және ауылдық округ әкімі ұйымдастырады.

      Шағын аудан немесе көше шегінде көппәтерлі үйлер болған жағдайда, көппәтерлі үйдің бөлек жиындары өткізілмейді.

      8. Жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиынының ашылуы алдында тиісті ауылдың, шағын ауданның, көшенің, көппәтерлі тұрғын үйдің қатысып отырған, оған қатысуға құқығы бар тұрғындарын тіркеу жүргізіледі.

      Жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиыны осы ауылда, шағын ауданда, көшеде, көппәтерлі үйде тұратын және оған қатысуға құқығы бар тұрғындардың (жергілікті қоғамдастық мүшелерінің) кемінде он пайызы қатысқан кезде өтті деп есептеледі.

      9. Жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиынын аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімі немесе ол уәкілеттік берген тұлға ашады.

      Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімі немесе ол уәкілеттік берген тұлға бөлек жергілікті қоғамдастық жиынының төрағасы болып табылады.

      Жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиынының хаттамасын ресімдеу үшін ашық дауыс берумен хатшы сайланады.

      10. Жергілікті қоғамдастық жиынына қатысу үшін ауыл, шағын аудан, көше, көппәтерлі тұрғын үй тұрғындары өкілдерінің кандидатураларын ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) мәслихаты бекіткен сандық құрамға сәйкес бөлек жергілікті қоғамдастық жиынына қатысушылар ұсынады.

      11. Дауыс беру ашық тәсілмен әрбір кандидатура бойынша дербес жүргізіледі. Жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиынына қатысушылардың ең көп даусын жинаған кандидаттар сайланған болып есептеледі.

      12. Жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиынында хаттама жүргізіледі, оған төраға мен хатшы қол қояды және ол тиісті аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент және ауылдық округ әкімінің аппаратына беріледі.

     

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады