Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 6-бабының 2-2-тармағына, Қазақстан Республикасының "Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" Заңының 8-бабына сәйкес Шығыс Қазақстан облыстық мәслихаты ШЕШТІ:
1. Осы шешімнің 1 қосымшасына сәйкес Шығыс Қазақстан облысында үй жануарларын ұстаудың және серуендетудің қағидалары бекітілсін.
2. Осы шешімнің 2 қосымшасына сәйкес Шығыс Қазақстан облысында жануарларды аулаудың, уақытша ұстаудың және жансыздандырудың қағидалары бекітілсін.
3. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының хатшысы | Д. Рыпаков |
Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының 2022 жылғы 22 тамыздағы № 18/156-VII шешіміне 1-қосымша |
Шығыс Қазақстан облысының елді мекендерінде үй жануарларын ұстау және серуендету қағидалары
Ескерту. Қағидалар жаңа редакцияда - Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының 24.05.2024 № 13/105-VІІІ шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Шығыс Қазақстан облысында үй жануарларын ұстаудың және серуендетудің қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының "Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" Заңының 9-бабы 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес әзірленді және үй жануарларын ұстаудың және серуендетудің тәртібін белгілейді.
2. Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар мен терминдер пайдаланылады:
1) жануардың иесі – жануар меншік құқығымен немесе өзгедей заттық құқықпен тиесілі болатын жеке немесе заңды тұлға;
2) жауапты адам – жануар иесінің осы Заңда белгіленген құқықтары мен міндеттерін жануар иесінің жазбаша тапсырмасы бойынша өзіне алатын адам;
3) иттерге арналған үйрету алаңы – иттерді үйрету үшін арнайы бөлінген, жаттығуға арналған арнаулы құралдармен жабдықталған қоршалған аумақ;
4) үй жануарлары (компаньон жануарлар) (бұдан әрі – үй жануарлары) – қай түрге жататынына қарамастан, адам эстетикалық қажеттіліктері мен қарым-қатынас қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін дәстүрлі түрде асырайтын және өсіретін жануарлар;
5) үй жануарларын серуендету – жануар иесінің және (немесе) жауапты адамның жануарды ұстау орнының шегінен тыс жерге шығаруды көздейтін және жануардың қозғалыс белсенділігіне, табиғи қажеттіліктерін атқаруға деген физиологиялық қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған әрекеттері;
6) үй жануарларының (иттердің) еркін жүруі – жануардың тұмылдырықсыз және қарғыбаусыз ұстау иесінің қатысуымен үй-жайынан немесе аумағынан тыс жерде арнайы бөлінген аумақтарда, иттерді серуендетуге арналған алаңда немесе жануардың табиғи дене және физиологиялық қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін үйрету алаңында болуы;
7) үй жануарларының өз бетінше серуендеуі – үй жануарларының ұстау орнынан тыс жерде жануар иесінсіз және (немесе) жауапты адамсыз өз бетінше болуы;
8) ұстау орны – жануардың иесі және (немесе) жауапты адам пайдаланатын, жануар ұсталатын ғимараттар, құрылыстар, құрылысжайлар, үй-жайлар немесе жер учаскелері.
2-тарау. Үй жануарларын ұстаудың тәртібі
3. Үй жануарларын ұстау жөніндегі талаптарға мыналар жатады:
1) үй жануарларын күтіп-бағу жағдайлары олардың биологиялық, түрлік және жеке ерекшеліктеріне сәйкес келеді, олардың табиғи қажеттерін қанағаттандырады;
2) Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкес үй жануарлары ауруларының профилактикасын, диагностикасын, оларды емдеуді және жоюды қамтамасыз етеді.
4. Үй жануарының иесі және жауапты адамы, адамдар мен жануарлардың денсаулығына қауіп төндіруге, айналадағыларға зиян келтіруге жол бермейтін жағдайларды қамтамасыз етеді.
5. Үй жануарларын төмендегідей орындарда ұстауға рұқсат етілмейді:
1) Қазақстан Республикасының жануарларға жауапкершілікпен қарау және денсаулық сақтау салаларындағы заңнамасының талаптары бұзылған кезде қоғамдық орындарда, ұстау орындарында;
2) ортақ пайдаланылатын орындарда (баспалдақ алаңдары, жертөлелер, шатырлар, шектес балкондар, лоджиялар және ортақ пайдаланылатын қосалқы үй-жайлар);
3) үй маңындағы аумақтарда (жеке тұрғын үйлердің үй маңындағы аумақтарынан басқа);
4) асүйлер мен жатақхана дәліздерінде.
6. Үй жануарларының иесі және жауапты адам тұрғын және тұрғын емес үй-жайлардың, оның ішінде кондоминиум объектілерінің, қоғамдық орындардың үй жануарларымен ластануына, қоршаған ортаға зиян келтіруіне жол берілмейді.
7. Бірнеше отбасы тұратын тұрғынжайда (жеке тұрғын үй, пәтер, жатақханадағы бөлме, модульдік (мобильді) тұрғын үй) үй жануарларын ұстау медициналық қарсы көрсетілімдерді ескере отырып, барлық тұратын кәмелетке толған отбасы мүшелерінің келісімімен жүзеге асырылады.
8. Бау-бақша, саяжай кооперативтерінің, демалыс үйлерінің аумақтарында санитариялық-гигиеналық ережелердің талаптарын сақтай отырып, үй жануарларын ұстауға жол беріледі.
9. Үй жануарларының иесі немесе жауапты адамы осы аумаққа кіреберісте жануар иесінің ерекше жауапкершілігін талап ететін үй жануарының бар екендігі туралы ескерту жазбаны жүзеге асырады.
10. Қонақүйге әкімшілікпен келісім бойынша иесіне итпен немесе мысықпен қоныстануға рұқсат етіледі.
11. Үй жануарларын қараусыз қалдыруға жол берілмейді. Қарау мүмкін болмаған жағдайда үй жануарының иесі немесе жауапты тұлға:
1) жануарды үй жануарларына арналған панажайға уақытша күтіп-бағуға орналастырады;
2) үшінші адамдарға уақытша күтіп-бағуға береді;
3) зоологиялық жатынжайға орналастырады.
12. Үй жануарын одан әрі ұстау мүмкін болмаған жағдайда жануар иесі және жауапты адам үй жануарын одан әрі орналастыруға шаралар қабылдайды.
13. Жануардан бас тарту оған басқа адам меншік құқығын иеленгенге дейін иесінің үй жануарына қатысты міндеттерін тоқтатуға әкеп соқпайды.
14. Иттерді өздігінен серуендеуін және адамдар мен жануарларға шабуыл жасауды болдырмайтын жағдайларда ұсталады. Мұндай жағдайлар болмаған жағдайда ит байлануы немесе үйшікте болады.
3-тарау. Үй жануарларын серуендету тәртібі
15. Үй жануарларын серуендету адамдардың, басқа жануарлардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, адамдардың мүлкіне үй жануарларының зиян келтіруден қорғау талабымен жүзеге асырылады.
16. Үй жануарларының иесі және жауапты адам қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында облыстың жергілікті өкілді органы белгілеген тәртіппен үй жануарларын серуендету ережелерін сақтайды.
17. Жануар иесінің ерекше жауапкершілігін талап ететін үй жануары жануардың иесіне және (немесе) жауапты адамға меншік құқығымен немесе өзге де заңды негізде тиесілі қоршалған аумақта болатын жағдайларды қоспағанда, серуендету орнына қарамастан, жануар иесінің ерекше жауапкершілігін талап ететін үй жануарларын тұмылдырықсыз және 1,5 (бір жарым) метрден асатын қарғыбаусыз серуендетуге рұқсат етілмейді.
Үй жануарларын серуендету кезінде иелері мен жауапты адамдар мынадай талаптарды сақтайды (ерекше жауапкершілікті талап ететін үй жануарларын қоспағанда):
1) ит қоғамдық орындарда 2 (екі) метрден аспайтын қарғыбауда болуы керек;
2) тұмылдырық итке оны тасымалдау кезінде, адамдар көп жиналатын жерде, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар, ұйымдар, мекемелер белгілеген орындарда кигізіледі;
3) кез келген тұқымды мысықтар мен олардың буданы кеуделікпен және қарғыбаумен серуендетіледі;
4) магистральдар маңындағы көшелер арқылы өту кезінде жол-көлік оқиғаларын және жолдың жүріс бөлігінде оның өлуін болдырмау үшін үй жануарлары 1,5 (бір жарым) метрден аспайтын қысқа қарғыбауға алынады;
5) иесі итті иесінің осы ғимараттың ішінде болған уақытына ғимараттың жанында ерікті түрде шешілуін болдырмайтын байламда және 1,5 (бір жарым) метрден аспайтын қысқа қарғыбаумен тұмылдырықта қалдыра алады;
6) иттерді серуендетуге тыйым салынған жерлерде ит иесі немесе жауапты адам айналасындағыларға қауіп төндірмей, тұмылдырықпен және 1,5 (бір жарым) метрден аспайтын қысқа қарғыбауда итпен аумақты кесіп өтуіне болады;
7) иттерді еркін серуендетуге арнайы бөлінген аумақтарда, алаңда иттерді еркін серуендетуге жол беріледі
Иттерді серуендетуге тыйым салынатын орындар тиісті белгімен белгіленуге тиіс.
18. Иттермен қорғалатын бекітілген аумақтары бар иелер иттерді өздерінің базаларында, қоймаларында, өндірістік үй-жайларында тек түнгі уақытта және қоршалған аумақта еркін серуендетеді. Күндізгі уақытта иттер байлауда немесе үйшікте болады.
19. Елді мекен аумағында мыналарға:
1) иттердің еркін жүруіне;
2) өздерінің мінез-құлқын ұстауға қауқарсыз, оның ішінде алкагольден, есірткіден, уытқұмарлықтан мас күйдегі адамдарға үй жануарларын серуендетуге және олармен қоғамдық орындарда және көлікте бірге болуға;
3) әкімшілікпен келісім бойынша спорттық және өзге де іс-шаралар ұйымдарын қоспағанда мектепке дейінгі балалар, білім беру, дене шынықтыру-спорт және медициналық, емдеу ұйымдарының, мәдениет ұйымдарының, балалар және спорттық ойын алаңдарының аумақтарында және серуендеуге арналмаған тыйым салу белгілері белгіленген аумақтарда үй жануарларын серуендетуге;
4) адамдарға шомылуға рұқсат етілген аумақта, тоғандарда, фонтандар мен су қабылдағыштарда үй жануарларын шомылдыруға және жуындыруға рұқсат етілмейді.
20. Коммерциялық, коммерциялық емес, діни ұйымдардың, балалар, медициналық немесе білім беру ұйымдарының аумағында үй жануарларының болуын және оларды күтіп-ұстауды осы ұйымдар мен мекемелердің меншік иесі (әкімшілік) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес айқындайды.
21. Облыстың жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы жергілікті атқарушы органы үй жануарларын серуендетуге не өзге мақсатта жануарлармен жүруге тыйым салынған орындарды айқындайды, сондай-ақ қажет болған кезде үй жануарларын серуендетуге арналған орындарды жабдықтайды.
Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының 2022 жылғы 22 тамыздағы № 18/156-VІІ шешіміне 2-қосымша |
Шығыс Қазақстан облысында жануарларды аулаудың, уақытша ұстаудың және жансыздандырудың қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Шығыс Қазақстан облысында жануарларды аулаудың, уақытша ұстаудың және жансыздандырудың қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының "Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" Заңының (бұдан әрі - Заң) 9-бабы 1-тармағының 5) тармақшасына сәйкес әзірленді және жануарларды (иттер мен мысықтарды) аулаудың, уақытша ұстаудың және жансыздандырудың тәртібін белгілейді.
2. Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар мен терминдер пайдаланылады:
1) аулау қызметі – жануарларды аулаумен, уақытша ұстаумен және жансыздандырумен айналысатын, облыстың жергілікті атқарушы органы құрған мемлекеттік ветеринариялық ұйым, сондай-ақ дара кәсіпкерлер және мемлекеттік емес заңды тұлғалар;
2) жануардың иесі - жануар меншік құқығымен немесе өзгедей заттық құқықпен тиесілі болатын жеке немесе заңды тұлға;
3) жануарларға арналған панажай – тіршілігі мен саулығына қатер төндіретін жағдайға ұшыраған жануарларды, қараусыз қалған және қаңғыбас жануарларды, сондай-ақ жеке немесе заңды тұлғалардан алып қойылған немесе тәркіленген үй жануарларын (компаньон жануарларды) ұстауға арналған және жабдықталған мүліктік кешен;
4) жануарға қатыгездікпен қарау – жануардың өліміне, мертігуіне немесе оның саулығына өзге де зиян келуіне алып келген немесе алып келуі мүмкін қасақана іс-әрекет;
5) жануарларды уақытша ұстау пункті – табылған, ауланған қараусыз қалған және қаңғыбас жануарларды, сондай-ақ жеке немесе заңды тұлғалардан алып қойылған немесе тәркіленген үй жануарларын (компаньон жануарларды) уақытша ұстау үшін әдейі арналған және жабдықталған мүліктік кешен;
6) жануарды эвтаназиялау (бұдан әрі – эвтаназиялау) – жануардың ауырсынуын және физикалық қиналуын болғызбай оны дәрі-дәрмекпен жансыздандыру;
7) қаңғыбас жануарлар – иесі жоқ иттер мен мысықтар;
8) қараусыз қалған жануарлар – ұстау орнынан тыс жерде және жануардың иесі және (немесе) жауапты адам тарапынан бақылаусыз қалған жануарлар;
9) стерилизациялау – жануарды хирургиялық, дәрі-дәрмекпен не өзге тәсілдермен ұрпақ өрбіту қабілетінен айыру;
10) үй жануарларын есепке алу бұйымдары (құралдары) – үй жануарларын есепке алу үшін пайдаланылатын болюстер, чиптер және басқа да бұйымдар (құралдар);
11) үй жануарларын есепке алу жөніндегі деректер базасы (бұдан әрі - деректер базасы) – үй жануарының жеке нөмірі туралы, диагностикалық зерттеулер нәтижелерін қоса алғанда, оны ветеринариялық өңдеу туралы, үй жануарлары ұсталатын немесе тасымалданатын жылжымайтын мүлік объектілері мен көлік құралдары, жеке тұлғаның әрекет қабілеттілігі туралы ақпарат, жергілікті атқарушы органдар ұйымдастырған үй жануарларын иелену тарихы туралы деректерді тіркеудің бірыңғай, көп деңгейлі жүйесін көздейтін электрондық деректер базасы;
12) үй жануарларын есепке алу - үй жануарына жеке нөмір берілгені, тұрғылықты жері көрсетілген оның иесі және жүргізілген ветеринариялық іс-шаралар туралы мәліметтерді міндетті тіркеу.
2-тарау. Жануарларды аулау
3. Қараусыз қалған және қаңғыбас жануарларды аулауды, тасымалдауды, уақытша ұстауды және жансыздандыруды аулау қызметі жүзеге асырады.
4. Жануарларды аулау жұмыстары аулау қызметінің басшысымен бекітілген кестесіне сәйкес жүргізіледі.
5. Кесте жануарлардың шоғырлану орындарын бақылауды қамтамасыз ету мақсатында олардың жиналу орындарының мониторингі нәтижелері бойынша және азаматтардың өтініштері бойынша жасалады.
6. Аулау жануарға жарақат салуды және мертігуді, азаматтардың денсаулығына, олардың мүлкіне, заңды тұлғалардың мүлкіне, қоршаған ортаға зиян келтіруді болдырмайтын ізгілікті тәсілдермен жүзеге асырылады. Адамның және (немесе) жануардың өміріне немесе денсаулығына нақты қатер төнген жағдайларды қоспағанда, балалардың қатысуымен жануарларды аулауға жол берілмейді
7. Аулау жануарларға зиян келтірмейтін құралдармен оқшаулау сүрлемдерін, торларды, гельдік оқшаулағышы бар ілмектерді, ұстап алу кезінде бекітуге арналған Ү-тәрізді бекіткіштерді (рогатин), Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салынбаған жануарларды қимылсыздандыруға арналған препараттарды қолдана отырып жүзеге асырылады.
8. Қоғамдық орындарда (көшелерде, аула аумақтарында, саябақтарда, скверлерде, қараусыз қалған ғимараттарда, қала шетінде, саяжай алқаптарында және басқа жерлерде) жануарлар иесінің қарауынсыз жүрген қараусыз қалған және қаңғыбас жануарлар аулауға жатады.
9. Адамға, жануарларға шабуыл жасаған немесе адамның өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін қараусыз қалған және қаңғыбас иттерді, жануарларды, оның ішінде кемінде үш дарақтан тұратын топтасқан иттерді мекендеу ортасынан аулау кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салынбаған жануарларды қимылсыздандыруға арналған препараттарды қолдануға жол беріледі. Аулау қызметі еркін нысанда акт жасайды, оған кемінде екі куә қол қояды және оны аулау қызметі ақпараттық жүйеде тіркейді. Куәлар болмаған жағдайда аулауды тіркеудің техникалық құралдарын қолдануға (бейнетүсірілім) жол беріледі.
10. Қараусыз қалған және қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау жөніндегі қызметті жүзеге асыру кезінде аулау қызметі мамандарының өзімен бірге осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес белгіленген үлгідегі аулау қызметі қызметкерінің куәлігі (бұдан әрі - куәлік) болады және олар азаматтардың талап етуі бойынша көрсетіледі.
11. Аулау қызметі өз қызметкерін осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес белгіленген үлгідегі куәлікпен қамтамасыз етеді.
12. Ауланған жануарларды тасымалдау Заңның 12-бабына және Жануарларды тасымалдау қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
3-тарау. Жануарларды уақытша ұстау пунктінде ұстау
13. Ауланған жануарлар уақытша ұстау пунктіне орналастырылады немесе жануарларға арналған баспанаға беріледі және деректер базасында тіркелуге жатады.
14. уақытша ұстау пунктімен жануарларды ұстау, азықтандыру, қарау, жансыздандыру, қажетті құрал-саймандармен жарақтандыру жөніндегі іс-шаралар қамтамасыз етіледі.
15. Уақытша ұстау пунктінде клиникалық тексеру және деректер базасында тіркеу жүргізіледі.
16. Жануарларды ұстау Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкес профилактиканы және диагностиканы қамтамасыз етеді.
17. Уақытша ұстау пункті металл торлармен және иттерге арналған үйшіктермен жарақталады, онда 1 (бір) дарақтан орналастырылады.
18. Тордың мөлшері жануарларға еркін тұруға, жатуға және өздеріне тән тәсілмен еркін айналуға мүмкіндік береді.
19. Ауланған жануарларға күтім жасалады, күнделікті механикалық тазарту және жасушаларды дезинфекциялау жүргізіледі.
20. Үй-жайлардың қабырғалары мен едендік жабындарының беті тегіс, жинауға және дезинфекциялауға ыңғайлы.
21. Жануарларды ұстау шарттары олардың биологиялық, түр және жеке ерекшеліктеріне сәйкес келеді, олардың табиғи қажеттіліктерін қанағаттандырады.
22. Азықтық рационды және жануарларды азықтандыру режимін уақытша ұстау пунктінің басшысы жасайды. Азықтарды сақтау және пайдалану оларды өндірушілер белгілеген сақтау шарттарын ескере отырып жүзеге асырылады.
23. Жануарларды азықтандыру күніне кемінде бір рет, оның ішінде мысықтарды күніне кемінде екі рет жүзеге асырылады.
24. Ішетін ыдыстар мен басқа да су көздері әрбір жануарға таза ауыз суға тұрақты және шектеусіз қол жеткізуді қамтамасыз ететіндей етіп орналастырылады. Ауыз суды ауыстыру тәулігіне кемінде бір рет жүзеге асырылады.
4-тарау. Жануарларды өлтіру
25. Адамға, жануарларға шабуыл жасаған немесе адамның өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін жануарлар, оның ішінде кемінде үш дарақтан тұратын топтасқан жануарлар, емделмейтін аурулармен ауыратын жануарлар Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған препараттармен, дәрі-дәрмекпен (эвтаназиямен) ізгілік жолмен жансыздандыруға жатады.
26. Жануарлардың өлекселерін кәдеге жаратуды арнайы кремациялау пештері орнатылған орындарда, мал қорымында (биотермиялық шұңқырларда) аулау қызметі жүргізеді.
27. Қаңғыбас жануарлардың санын уларды, химиялық препараттарды пайдалануды қоса алғанда, кез келген тәсілмен жансыздандыру жолымен реттеуге жол берілмейді.
Шығыс Қазақстан облысында жануарларды аулаудың, уақытша ұстаудың және жансыздандырудың қағидаларына қосымша |
|
Нысан |
Жануарларды аулау, уақытша ұстау және жансыздандыру қызметі қызметкерінің куәлігі
Қағазда жасалған және қорғаныс пленкасына салынған куәліктің мөлшері 54х85 миллиметр болады.
Жануарларды аулау, уақытша ұстау және жансыздандыру қызметі қызметкерінің куәлігі (1)
Ұйымның атауы (2)
№________ (3)
QR-код (4)
Фотосурет (5)
Тегі, аты, әкесінің аты (бар болса) (6)
Берілген күні: __________ ж. (7)
Әрекет ету мерзімі __________ ж. дейін (8)
Осы құжаттың түпнұсқалығы деректер базасы арқылы тексеріледі (9)
1-жол – "Жануарларды аулау, уақытша ұстау және жансыздандыру қызметі қызметкерінің куәлігі" құжатының атауы көрсетіледі;
2-жол - жануарларды аулау, уақытша ұстау және жансыздандыру қызметінің қызметкері жұмыс істейтін ұйымның атауы көрсетіледі;
3-жол – деректер базасында жинақталатын және қалыптастырылатын куәліктің бірегей сәйкестендіру нөмірі көрсетіледі;
4-жол - мөлшері 30х30 сантиметр деректер базасында автоматты түрде туындалатын QR-код түріндегі куәліктің бірегей сәйкестендіру нөміріне арналған орын;
5-жол - жануарларды аулау, уақытша ұстау және жансыздандыру қызметі қызметкерінің өлшемі 3х4 сантиметр фотосуретіне арналған орын;
6-жол - жануарларды аулау, уақытша ұстау және жансыздандыру қызметі қызметкерінің тегі, аты, әкесінің аты (бар болса) көрсетіледі;
7-жол – куәліктің берілген күні мынадай формат бойынша көрсетіледі: күні, айы, жылы;
8-жол - куәліктің жарамдылық мерзімі мынадай формат бойынша көрсетіледі: күні, айы, жылы;
9-жол – "Осы құжаттың түпнұсқалығы деректер базасы арқылы тексеріледі" деген жазу көрсетіледі.