Ескерту. Күші жойылды -Шығыс Қазақстан облысы Глубокое аудандық мәслихатының 20.03.2024 № 10/4-VIII шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
Глубокое аудандық мәслихаты ШЕШТІ:
1. Глубокое аудандық мәслихатының 2018 жылғы 25 маусымдағы № 23/6-VI "Глубокое ауданы бойынша жергілікті қоғамдастық жиналысының регламентін бекіту туралы" шешіміне (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5-9-177 болып тіркелген) келесі өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:
шешімнің кіріспесі жаңа редакцияда жазылсын:
"Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 39-3-бабының 3-1-тармағына, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2017 жылғы 7 тамыздағы № 295 "Жергілікті қоғамдастық жиналысының үлгі регламентін бекіту туралы" бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 15630 болып тіркелген) сәйкес, Глубокое аудандық мәслихаты ШЕШТІ:";
осы шешіммен бекітілген Глубокое ауданы бойынша жергілікті қоғамдастық жиналысының регламентінде:
келесі мазмұндағы 2-1, 2-2, 2-3-тармақтармен толықтырылсын:
"2-1. Жергілікті қоғамдастық жиналысының құрамын жергілікті қоғамдастық жиыны төрт жыл мерзімге айқындайды және жергілікті қоғамдастық жиыны жіберген кандидаттар қатарынан құрылады.
Бұл ретте, жергілікті қоғамдастық жиыны жіберген жергілікті қоғамдастық жиналысы мүшелерінің (бұдан әрі – жиналыс мүшелері) саны кент, ауылдық округ халқының жалпы санына байланысты айқындалады:
1) 10 мың халыққа дейін – жиналыстың 5-10 мүшесі;
2) 10-15 мың халық – жиналыстың 11-15 мүшесі;
3) 15-20 мың халық – жиналыстың 16-20 мүшесі;
4) 20 мыңнан астам халық – жиналыстың 21-25 мүшесі.
2-2. Жергілікті қоғамдастық жиналысының құрамын қалыптастыру кезінде бөлек жиындар өкілдерінің саны олардың халқының санына барабар айқындалады.
2-3. Бірнеше елді мекендерден тұратын әкімшілік-аумақтық бірлік үшін осы регламенттің 2-2-тармағының ережелерін ескере отырып, жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиындары жіберген әрбір елді мекеннен кемінде бір өкіл қамтамасыз етіледі.";
3-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:
"3. Жиналыс жергілікті маңызы бар ағымдағы мәселелер бойынша өткізіледі:
бағдарламалық құжаттардың, жергілікті қоғамдастықты дамыту бағдарламаларының жобаларын талқылау және қарау;
кент, ауылдық округ бюджетінің жобасын және бюджеттің атқарылуы туралы есепті келісу;
аудандық бюджеттен берілетін нысаналы трансферттер есебінен қаржыландырылатын бюджеттік бағдарламаларды (кіші бағдарламаларды) қоспағанда, бекітілген (нақтыланған) бюджет бойынша ағымдағы қаржы жылына арналған бюджеттік бағдарлама шығыстары көлемінің жиырма пайызынан аспайтын көлемде қаражат бюджет шығыстарының құрылымын өзгертпей, бюджеттік мониторинг қорытындылары бойынша ағымдағы қаржы жылы ішінде бюджет қаражаты игерілмеген және (немесе) бюджеттік бағдарламалар тиімсіз орындалған кезде бюджеттік бағдарламалар арасында қайта бөлінген жағдайда кент, ауылдық округ бюджетін түзетуді келісу;
кенттің, ауылдық округтің коммуналдық меншігін (жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық меншігін) басқару жөніндегі кент, ауылдық округ аппаратының шешімдерін келісу;
кент, ауылдық округ бюджетінің атқарылуын мониторингтеу мақсатында жиналысқа қатысушылар қатарынан жергілікті қоғамдастық комиссиясын құру;
кент, ауылдық округ бюджетінің атқарылуына жүргізілген мониторинг нәтижелері туралы есепті тыңдау және талқылау;
кент, ауылдық округ коммуналдық мүлкін иеліктен шығаруды келісу;
Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасында көзделген жағдайларда тиісті аумақта карантиндік режимді енгізе отырып, карантиндік аймақты белгілеу (күшін жою) туралы, карантинді және (немесе) шектеу іс-шараларын белгілеу (алып тастау) туралы шешімдер қабылдауды, сондай-ақ табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайды жариялауды, сондай-ақ "Құқықтық актілер туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген мерзімдерде олар бойынша ұсынымдар беруді көздейтін атқарушы органдардың, сондай-ақ әкімдердің нормативтік құқықтық актілерінің жобаларын қоспағанда жергілікті қоғамдастықтың өзекті мәселелерін;
кент, ауылдық округ әкіміне кандидат ретінде тіркеу үшін тиісті аудандық сайлау комиссиясына одан әрі енгізу үшін аудан әкімінің кент, ауылдық округ әкімі лауазымына ұсынған кандидатураларын келісу;
кент, ауылдық округ әкімін лауазымынан босату туралы мәселеге бастамашылық жасау;
жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын және тиісті аумақтарда орналасқан мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың басшыларын тағайындау бойынша ұсыныстар енгізу;
жергілікті қоғамдастықтың басқа да ағымдағы мәселелерін талқылау.";
4-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:
"4. Жиналысты кент, ауылдық округ әкімдері дербес не жиналыс мүшелерінің кемінде он пайызының бастамасы бойынша, бірақ тоқсанына кемінде бір рет шақырылады және өткізіледі.
Жиналыстың бастамашылары күн тәртібін көрсете отырып, әкімге еркін нысанда жазбаша өтініш жасайды.
Әкім үш жұмыс күні ішінде жазбаша өтінішті қарайды және шақырылымның орны мен уақытын көрсете отырып, жиналысты шақыру туралы шешім қабылдайды.";
5-тармақтың екінші абзацы жаңа редакцияда жазылсын:
"Әкім аппараты жиналыстың қарауына енгізілетін мәселелер бойынша қажетті материалдарды жазбаша түрде, электрондық құжат нысанында (электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куәландырылған) немесе құжаттардың электрондық көшірмесін жиналысқа шақырғанға дейін күнтізбелік бес күннен кешіктірмей жиналыстың мүшелеріне және әкімге ұсынады.";
9-тармақ жаңа редакцияда жариялансын:
"9. Жиналысты аудан әкімі аппаратының, мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындардың, сондай-ақ мәселелері жиналысты шақыруда қаралатын жеке және заңды тұлғалардың өкілдері шақырылады.
Сондай-ақ, жиналысты шақыруға аудан мәслихатының депутаттары, бұқаралық ақпарат құралдарының және қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатыса алады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген шақырылған адамдар жиналыстың мүшелері болып табылмайды және шешімдер қабылдау кезінде дауыс беруге қатыспайды.";
11-тармақтың тоғызыншы, оныншы абзацтары жаңа редакцияда жазылсын:
"Хаттамаға жиналыстың төрағасы мен хатшысы қол қояды және хаттама кент, ауылдық округ әкімінің өкілеттігін тоқтату туралы мәселеге бастамашылық жасау туралы жергілікті қоғамдастық жиналысының шешімін қамтитын жағдайларды қоспағанда, жиналыс өткізілген күннен бастап екі жұмыс күні ішінде кент, ауылдық округ әкіміне беріледі.
Кент, ауылдық округ әкімінің өкілеттігін тоқтату туралы мәселеге бастамашылық жасау туралы шешімі бар жергілікті қоғамдастық жиналысының хаттамасына жиналыстың төрағасы мен хатшысы қол қояды және бес жұмыс күні ішінде аудан мәслихатының қарауына беріледі.";
12-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:
"12. Жиналыс қабылдаған шешімдерді ауылдық округ әкімі қарайды және ауылдық округ әкімінің аппараты бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімде жиналыс мүшелеріне жеткізеді.
Әкім жергілікті қоғамдастық жиналысының шешімімен келіспейтінін білдірген жағдайда, осы мәселелер осы регламенттің 2-тарауында көзделген тәртіппен қайта талқылау арқылы шешіледі.
Кент, ауылдық округ әкімінің келіспеушілігін тудырған мәселелерді шешу мүмкін болмаған жағдайда, мәселені аудан әкімі шешеді.
Кент, ауылдық округ әкімі екі жұмыс күні ішінде аудан әкімнің және аудан мәслихатының атына жергілікті қоғамдастық жиналысының хаттамасын жергілікті қоғамдастық жиналысы келіспеушілік тудырған мәселелерді қайтадан талқылағаннан кейін жібереді.
Бес жұмыс күні ішінде Заңның 11-бабында көзделген кент, ауылдық округ және жергілікті қоғамдастық аудан мәслихатының таяудағы отырысында алдын ала талқылаудан және оның шешімінен кейін аудан әкімі шешім қабылдайды.
13-тармақ алып тасталсын.
2. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі.
Глубокое аудандық мәслихатының хатшысы | А. Калигожин |