БҰЙЫРАМЫН:
1. "Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің лауазымды адамдарының жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін жеке қабылдауының регламентін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2023 жылғы 14 сәуірдегі № 147 бұйрығына мынадай өзгеріс енгізілсін:
Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің лауазымды адамдарының жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін жеке қабылдауының регламенті осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Әкімшілік жұмысы департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің құрылымдық бөлімшелері, ведомствосы, аумақтық органдары мен ведомстволық бағынысты ұйымдарының назарына жеткізсін;
2) осы бұйрық қабылданған күннен бастап күнтізбелік бес күн ішінде оның көшірмелерін Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына қазақ және орыс тілдерінде электрондық түрде жіберсін;
3) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылсын.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Аппарат басшысына жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Энергетика министрі |
А. Сәтқалиев |
Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2023 жылғы "__" __________ № _____ бұйрығына қосымша |
|
Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2023 жылғы "14" сәуірдегі № 147 бұйрығымен бекітілген |
Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің лауазымды адамдарының жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін жеке қабылдауының регламенті
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің лауазымды адамдарының жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін жеке қабылдауының регламенті (бұдан әрі – Регламент) Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің (бұдан әрі – Министрлік) лауазымды адамдарының жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін жеке қабылдауының тәртібін регламенттейді.
2. Жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін жеке қабылдауды азаматтарды қабылдау орталықтарында мына лауазымды адамдар:
1) Министр және вице-министрлер;
2) аппарат басшысы жүзеге асырады.
3. Азаматтарды қабылдау орталықтарында Министрліктің регламентінде белгіленген тәртіппен Министрліктің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін қабылдау жүзеге асырылады.
2-тарау. Азаматтарды қабылдау орталықтарында жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін қабылдау тәртібі
4. Азаматтарды қабылдау орталығында қабылдауды ұйымдастыруға жауапты қызметкерлер күн сайын жұмыс күндері, түскі үзілісі бар жұмыс уақытында "электрондық үкімет" веб-порталындағы немесе "Электрондық жолданымдар" ақпараттық-талдау жүйесiндегі электрондық құжат, қағаз форматтағы, оның ішінде қолма-қол келіп түсетін не азаматтарды қабылдау орталығында сол қызметкерге ауызша нысанда айтылған жолданымдар негізінде қабылдауға жазылуды жүргізеді.
5. Мәселенің мәні баяндалмаған жеке қабылдау туралы жолданым қаралмайды, бұл туралы арыз иесіне хабарланады.
6. Жолданымды қабылдаудан бас тартуға тыйым салынады.
Егер жеке қабылдау туралы өтініші бар жолданым Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 63-бабында белгіленген талаптарға сәйкес келмесе, осы жолданымды тікелей қарайтын құрылымдық бөлімшенің қызметкері ол туралы арыз иесіне көрсетеді және оны Кодекстің талаптарымен сәйкес келтіру үшін ақылға қонымды мерзімді – 2 (екі) жұмыс күнін белгілейді.
Белгіленген мерзімде Кодекстің талаптарына сәйкес келтірілмеген жеке қабылдау туралы өтініші бар жолданым қайтарылуға жатады.
7. Осы Регламенттің 2-тармағында көрсетілген адамдардың азаматтарды қабылдау орталықтарында қабылдауы Регламентке қосымшаға сәйкес нысан бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі Аппаратының Басшысы бекіткен кестеге сәйкес айына бір реттен сиретпей жүргізіледі.
Министр азаматтарды жеке қабылдауды "Орталық атқарушы органдар басшыларының халықпен кездесулерін өткізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 7 сәуірдегі № 863 Жарлығына сәйкес халықпен кездесулер өткізу шеңберінде де жүргізеді, ондағы қабылдауды ұйымдастыру және хаттаманы дайындау, сондай-ақ қабылдауда берілген тапсырмалардың орындалуын бақылауды Министрліктің Стратегиялық даму департаменті жүзеге асырады.
8. Лауазымды адамның тегі, аты және әкесінің аты (бар болса), қабылдау күндері көрсетілген қабылдау кестелері мемлекеттік және орыс тілдерінде Министрліктің үй-жайларында көпшілікке көрінетін жерлерге ілінеді, сондай-ақ Министрліктің ресми сайтында орналастырылады.
9. Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды қабылдау Қазақстан Республикасында құпиялылық режимін қамтамасыз ету жөніндегі талаптарға және Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларды қорғау саласындағы қатынастарды реттейтін өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес жүргізіледі.
10. Қабылдауға жазылу мына жағдайларда:
1) Министрліктің құзыретіне кірмейтін мәселелер болса;
2) әкімшілік органның, лауазымды адамның жолданымда көрсетілген сол нысана туралы және сол негіздер бойынша әкімшілік рәсімге қатысушыға қатысты әкімшілік іс бойынша шешімі бар болса;
3) сол нысана туралы және сол негіздер бойынша сол адамға қатысты шығарылған заңды күшіне енген сот актісі бар болса;
4) әкімшілік орган, лауазымды адам жолданымды қайтарса;
5) әкімшілік орган, лауазымды адам арыз иесінен жолданымды кері қайтарып алуды қабылдаса, жүзеге асырылмайды.
11. Уақытша еңбекке жарамсыздық, қызметтік іссапар және басқа да жағдайлардың себебі бойынша қабылдау жүргізу мүмкін болмаған жағдайда қабылдаушы адам азаматтарды қабылдау орталығында қабылдауды ұйымдастыруға жауапты қызметкерге жеке қабылдау өткізілгенге дейін 2 (екі) жұмыс күнінен кешіктірмей немесе қабылдау өткізілетін күні хабардар етеді.
12. Қабылдау күнінде азаматтарды қабылдау орталығында қосымша арыздар мен басқа да ілеспе құжаттарды ресімдеуге (қажет болған жағдайда) көмектесетін заң консультанттары, психологтар және әлеуметтік қызметкерлер тартылуы мүмкін (волонтерлерді қабылдау күндері ғана тартуға болады).
13. Қабылдау өткізген кезде, арыз иесінің жолданымын тікелей қарайтын Министрліктің құрылымдық бөлімшелерінің жауапты қызметкерлері, егер көтерілетін мәселе басқа да мүдделі органдар өкілдерінің құзыретіне қатысты болса, олардың қатысуын қамтамасыз етеді.
14. Арыз иесінің жолданымын тікелей қарайтын Министрліктің құрылымдық бөлімшелерінің жауапты қызметкері басқа мүдделі органдар өкілдерінің қабылдауға қатысуы туралы сұрау салу жібергеннен кейін арыз иесін 2 (екі) жұмыс күні ішінде жіберілген сұрау салу туралы және қажет болған жағдайда қабылдауға жазылу туралы жолданымды қараудың ұзартылғаны туралы хабардар етеді.
15. Басқа мүдделі органдардың бірлесіп қабылдауға қатысудан бас тарту фактілері туралы ақпарат бас тартуды алған соң 2 (екі) жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің Аппаратына жіберіледі.
16. Қабылдау арыз иесінің қалауы бойынша мемлекеттік және орыс тілдерінде жүзеге асырылады.
17. Қабылдау нәтижелерін жолданым немесе тапсырмалар бойынша қабылдау барысында қабылданған шешімді көрсете отырып, оларды орындаудың нақты мерзімдері көрсетіліп азаматтарды қабылдау орталығында қабылдауды ұйымдастыруға жауапты қызметкер хаттамалайды.
18. Ақпарат және коммуникациялар басқармасы дербес деректер мен мемлекеттік құпияларды не заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді қорғау туралы талаптарды сақтай отырып, азаматтарды қабылдауды бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды.
3-тарау. Жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін қабылдау мәселелері жөніндегі жолданымдарды тіркеу және қарау тәртібі
19. Қабылдауға жазылу туралы келіп түскен барлық жолданымдарды азаматтарды қабылдау орталығында қабылдауды ұйымдастыруға жауапты қызметкер "Электрондық жолданымдар" ақпараттық-талдау жүйесінде олар келіп түскен күні тіркейді.
20. Азаматтарды қабылдау орталығында қабылдауды ұйымдастыруға жауапты қызметкер арыз иесінің өтінішін тікелей қарайтын Министрліктің құрылымдық бөлімшелерінің қатысуымен материалдарды жинап, талдағаннан кейін Министрдің атына азаматтарды қабылдау орталығында қабылдау күнін белгілеу немесе бас тарту туралы ұсыныспен анықтамалық ақпаратты қабылдау басталғанға дейін 5 (бес) жұмыс күні бұрын дайындайды.
21. Азаматтарды қабылдау орталығында қабылдауды ұйымдастыруға жауапты қызметкер бекітілген тізімдерді қабылдау графигіне кезектілік тәртібімен бөледі.
22. Арыз иесінің жолданымын тікелей қарайтын Министрліктің құрылымдық бөлімшесінің қызметкері және азаматтарды қабылдау орталығында қабылдауды ұйымдастыруға жауапты қызметкер жолданым тіркелген кезден бастап 15 (он бес) жұмыс күнінен кешіктірмей арыз иесіне қабылдау уақыты мен күні көрсетілген жауапты жолдайды.
23. Мәні бойынша барынша пысықтауды талап ететін күрделі мәселе болған жағдайда, арыз иесінің жолданымын тікелей қарайтын Министрліктің құрылымдық бөлімшесінің қызметкері арыз иесіне жолданымды қарау мерзімін жолданым тіркелген кезден бастап күнтізбелік 30 (отыз) күннен аспайтын мерзімге ұзарту туралы хат жібереді.
Жолданымды қарау мерзімі Министрдің, вице-министрлердің және Аппарат басшысының уәжді шешімімен ақылға қонымды мерзімге, бірақ жолданымды дұрыс қарау үшін маңызы бар нақты мән-жайларды белгілеу қажеттілігіне байланысты екі айдан аспайтын мерзімге ұзартылуы мүмкін. Бұл туралы арыз иесі жолданымды қарау мерзімі ұзартылған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде хабардар етіледі.
24. Азаматтарды қабылдау орталығында қабылдауды ұйымдастыруға жауапты қызметкердің Министр, вице-министрлер және Аппарат басшысының қабылдауды ұйымдастыруы үшін қажетті материалдарды ұсыну, қабылдауды өткізу практикасын талдау және қорыту туралы талаптары Министрліктің құрылымдық бөлімшелері үшін орындауға міндетті болып табылады.
25. Қабылдаудан бас тарту туралы шешім қабылданғанға дейін 3 (үш) жұмыс күнінен кешіктірмей, арыз иесінің жолданымын тікелей қарайтын Министрліктің құрылымдық бөлімшесінің қызметкері арыз иесіне тыңдау рәсімін жүргізу үшін бас тарту туралы алдын ала шешім жобасын жібереді.
Қабылдаудан бас тартылған жағдайда тыңдау рәсімі Кодекстің 73-бабының бірінші бөлігінде көзделген тәсілдермен жүзеге асырылуы мүмкін.
26. Тыңдау рәсімін ұйымдастыру және өткізу тәртібі Кодекстің 66, 73 және 74-баптарының талаптары ескеріле отырып жүзеге асырылады.
4-тарау. Қабылдау қорытындысы бойынша тапсырмалардың орындалуына бақылауды жүзеге асыру
27. Қабылдау қорытындысы бойынша дайындалған хаттамалық тапсырмаларды бақылауды азаматтарды қабылдау орталығында қабылдауды ұйымдастыруға жауапты қызметкер жүзеге асырады.
28. Арыз иесіне түпкілікті уәжді жауап қабылдаудан келіп түскен жолданымды бақылаудан алу үшін негіз болып табылады.
29. Қабылдау барысында арыз иесі берген жолданымдар "жеке қабылдаудан" деген белгі қойылып, "Электрондық жолданымдар" ақпараттық-талдау жүйесiнде тіркеледі.
30. Қабылдаудан түскен жолданымды бұған дейін қараған қызметкерге тапсыруға жол берілмейді.
31. Азаматтарды қабылдау орталығында қабылдауды ұйымдастыруға жауапты қызметкер тұрақты негізде арыз иелерінің қанағаттану деңгейіне мониторинг жүргізіп, консультация алған және жеке қабылдауға жазылудан бас тартқан арыз иелеріне телефон байланысы арқылы іріктеп сауалнама жүргізуі тиіс.
32. Қабылдау жұмысының нәтижелері туралы азаматтарды қабылдау орталығында қабылдауды ұйымдастыруға жауапты қызметкері тұрақты негізде (тоқсанына кемінде бір рет) Қазақстан Республикасы Үкіметінің Аппаратын хабардар етеді.
_________________________________
Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2023 жылғы "__" __________ № ______ бұйрығына қосымша |
Министрліктің басшылығының азаматтарды қабылдау кестесі
Мемлекеттік органның атауы | Азаматтарды қабылдауды жүргізетін тұлғаның Т.А.Ә. | Азаматтарды қабылдауды жүргізетін тұлғаның лауазымы | Азаматтарды қабылдау күні мен уақыты | Мемлекеттік органның, ұйымның орналасқан жері | Байланыс телефоны, электрондық мекенжайы |
______________________________________________