Қостанай облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қостанай облысы әкімдігінің "Қостанай облысы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру қағидаларын бекіту туралы" 2019 жылғы 11 қыркүйектегі № 394 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8653 болып тіркелген) келесі өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Қостанай облысы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру қағидаларында:
2-тармақтың 5) және 6) тармақшалары алып тасталсын;
2-тармақтың 8-1) тармақшасы жаңа редакцияда жазылсын:
"8-1) тіркелген баға – өндіруге/сатып алуға, сақтауға, табиғи кемуге (кебуге), межелі орынға дейін жеткізуге кеткен шығындарды, сондай-ақ өнімнің өзіндік құнынан маржалық табысты ескере отырып, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарының бағасы;";
10-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:
"10. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті бағаларды белгілеу жөніндегі шараларды қоспағанда, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыратын мамандандырылған ұйымдардың (бұдан әрі – мамандандырылған ұйым) тізбесін Заңның 6-бабы 1-тармағының 4-1) тармақшасына сәйкес агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы уәкілетті орган бекітеді.";
12-2-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:
"12-2. Азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорларын қалыптастыру шеңберінде көкөніс өнімдерін өндіру үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді, сондай-ақ қарақұмық жармасын (дәні), тазартылған (домалақ дәнді) күрішті, күнбағыс майын, бірінші сортты бидай ұнын және ақ қантты – құмшекерді өндіру үшін қайта өңдеуші кәсіпорындарды қаржыландыру белгіленген бағаны белгілей отырып, форвардты қолданумен жүзеге асырылады.
Көкөніс өнімдерін өндіру үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді және қарақұмық жармасын (дәні), тазартылған (домалақ дәнді) күрішті, күнбағыс майын, бірінші сортты бидай ұнын және ақ қантты – құмшекерді өндіру үшін қайта өңдеуші кәсіпорындарын қаржыландыру форвардтық шарттың жалпы сомасының 70 (жетпіс) пайызынан аспайтын мөлшерде алдын ала төлем және өнім жеткізілгеннен кейін түпкілікті есеп айырысу шарттарында жүзеге асырылады.";
келесі мазмұндағы 15-1)- тармақшамен толықтырылсын:
"15-1. Азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорларын қалыптастыру кезінде бюджеттік қаражаттың 70 (жетпіс) пайызы форвардтық шарттар шеңберінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен қайта өңдеу кәсіпорындарын қаржыландыруға бағытталады.";
16-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:
"16. Азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорына сатып алуға қажетті әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесі Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрінің 2023 жылғы 11 мамырдағы № 166-НҚ бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 32474 болып тіркелді) бекітілген әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары тізбесінен қалыптастырылады.";
31-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:
"31. Облыстың жергілікті атқарушы органы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында мамандандырылған ұйымдар арқылы кәсіпкерлік субъектілеріне сұраныс пен ұсыныстың өңірлік балансының (өндіріс көлемі, азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етілуі, олардың тауарларының жылжытылуы, запастардың болуы), егіс алаңдары (жоспарлы), егіннің болжамды шығымы, өткен күнтізбелік жыл ішінде қалыптасқан бағалар туралы мәліметтердің, сондай-ақ өзге де мәліметтер негізінде Комиссия айқындайтын азық-түлік тауарларының тізбесіне сәйкес қарыз береді. Қарыз беру қарыз шартын жасасу жолымен қайтарымдылық, қамтамасыз ету және ақылы шарттарымен жүзеге асырылады.";
келесі мазмұндағы 31-1)-тармақпен толықтырылсын:
"31-1. Кәсіпкерлік субъектілеріне қарыз беру кезінде бюджеттік қаражаттың 70 (жетпіс) пайызы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен қайта өңдеу кәсіпорындарын қаржыландыруға бағытталады.
Осы тармақтың бірінші бөлігіндегі талаптарды орындау үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен қайта өңдеу кәсіпорындарынан өтінімдер болмаған кезде, қарыз азық-түлік тауарларын өткізуді жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектілеріне беріледі.".
2. "Қостанай облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы" мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте:
1) осы қаулыға қол қойылған күнінен бастап бес жұмыс күні ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі көшірмесін электрондық түрдегі ресми жариялау және Қазақстан Республикасының Нормативтік құқықтық актілердің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Қостанай облысы бойынша филиалына жіберілуін;
2) осы қаулының ресми жарияланғанынан кейін оның Қостанай облысы әкімдігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы қаулының орындалуын бақылау Қостанай облысы әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
4. Осы қаулы оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қостанай облысының әкімі | Қ. Ақсақалов |