Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңына, Қазақстан Республикасының "Мемлекеттік мүлік туралы" Заңының 31, 37-баптарына, Қазақстан Республикасының "Мемлекеттік мүлік туралы" Заңына, Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" Заңына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 1 қыркүйектегі "Мемлекеттік органдар мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметін ұйымдастырудың кейбір мәселелері туралы" № 590 қаулысына сәйкес, Екібастұз қаласының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Екібастұз қаласы әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімі" мемлекеттік мекемесі туралы қоса беріліп отырға Ереже бекітілсін.
2. Екібастұз қаласы әкімдігінің 2022 жылғы 14 маусымдағы "Екібастұз қаласы әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімі" мемлекеттік мекемесі туралы ережені бекіту туралы" № 483/6 қаулысының күші жойылсын.
3."Екібастұз қаласы әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімі" мемлекеттік мекемесі осы қаулыдан туындайтын қажетті шараларды қабылдасын.
4. Осы қаулының орындалуын бақылау Екібастұз қаласы әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
5. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Екібастұз қаласының әкімі | А. Бейсекин |
Екібастұз қаласы әкімдігінің 2023 жылғы "13" қазандағы № 868/10 қаулысымен бекітілген |
"Екібастұз қаласы әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімі" мемлекеттік мекемесі туралы Ереже
1-тарау. Жалпы ережелер
1. "Екібастұз қаласы әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімі" мемлекеттік мекемесі өз құзыреті шегінде сәулет және қала құрылысы қызметін мемлекеттік реттеуді, Екібастұз қаласының аумағында сәулет-қала құрылысы қызметі саласында мемлекеттік саясат жүргізуді жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.
2. Мемлекеттік мекеменің ведомстволары жоқ.
3. Мемлекеттік мекеме өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
4. Мемлекеттік мекеме мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрі және өз атауы қазақ және орыс тілдерінде жазылған мөртабандары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.
5. Мемлекеттік мекеме азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.
6. Мемлекеттік мекеме, егер оған Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілеттік берілген болса, мемлекет атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқылы.
7. Мемлекеттік мекеме өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекеттік мекеме басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.
8. "Екібастұз қаласы әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімі" мемлекеттік мекемесінің құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітіледі.
9. Мемлекеттік мекеменің орналасқан жері: Қазақстан Республикасы, Павлодар облысы, 141208, Екібастұз қаласы, Энергетиктер көшесі, 62-құрылыс.
10. Мемлекеттік мекеменің жұмыс режимі: дүйсенбі-жұма сағат 9.00-ден 18.30-ға дейін, түскі үзіліс сағат 13.00-ден 14.30-ға дейін, демалыс күндері: сенбі-жексенбі.
Мемлекеттік мекеменің толық атауы мемлекеттік тілде: "Екібастұз қаласы әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімі" мемлекеттік мекемесі;
орыс тілінде: государственное учреждение "Отдел архитектуры и градостроительства акимата города Экибастуза".
11. Мемлекеттік мекеменің құрылтайшысы Екібастұз қаласының әкімдігі болып табылады.
12. Осы Ереже мемлекеттік мекеменің құрылтай құжаты болып табылады.
13. Мемлекеттік мекеменің қызметін қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес республикалық, облыстық және жергілікті бюджеттерден жүзеге асырылады.
14. Мемлекеттік мекемеге кәсіпкерлік субъектілерімен мемлекеттік мекеменің өкілеттігі болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.
Егер мемлекеттік мекемеге заңнамалық актілермен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда алынған кірістер, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік бюджетке жіберіледі.
2-тарау. "Екібастұз қаласы әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімі" мемлекеттік мекемесінің міндеттері мен өкілеттіктері
15. Міндеттері:
1) сәулет және қала құрылысы қызметі субъектілерінің қолданыстағы заңнамада белгіленген талаптарды сақтауы;
2) Екібастұз қаласының орнықты дамуы мақсатында сәулет және қала құрылысы қызметін жүзеге асыру кезінде қолайлы мекендеу ортасы мен тіршілік әрекетін қамтамасыз ету;
3) қаланың әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламаларының құрамында қала құрылысы құжаттамасын әзірлеу.
16. Өкілеттіктер:
1) құқықтары:
мемлекеттік мекеменің құзыретіне қатысты мәселелер бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу;
сәулет және қала құрылысы мәселелері бойынша нормативтік және құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу, оларды әкімдік пен қала әкімінің қарауына ұсыну;
мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдарда мемлекеттік мекеменің мүдделерін қозғайтын мәселелер бойынша кеңестерге қатысу;
шешілуі облыстық деңгейде қамтамасыз етілетін міндеттерді облыстық мемлекеттік органдарға іске асыруға байланысты ұсыныстар енгізуге;
тиісті мемлекеттік органдарға заңнамада белгіленген тәртіппен қала құрылысы тәртібін бұзуға кінәлі адамдарды, қолданыстағы сәулет заңнамасын тарту туралы мәселелерді енгізу;
сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган белгілеген тәртіппен салынып жатқан (салынуы жоспарланған) объектілер мен кешендердің мониторингін жүргізу;
объектілерді пайдалануға қабылдау актілерін тіркеу бойынша жұмыстарды ұйымдастыру және пайдалануға берілетін объектілерді (кешендерді) есепке алуды жүргізу;
мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдардан, лауазымды адамдардан "Екібастұз қаласы әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімі" мемлекеттік мекемесінің алдына қойылған міндеттерді орындауға байланысты мәселелер бойынша қажетті ақпаратты, құжаттарды және өзге де материалдарды өтеусіз негізде сұрату және алу;
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де құқықтарды жүзеге асыру.
2) міндеттері:
Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңнамасын сақтау;
Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 5 шілдедегі "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Кодексіне сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарау;
мемлекеттік қызмет туралы заңнаманың іске асырылуын қамтамасыз ету;
мемлекеттік қала құрылысы кадастрының дерекқорына енгізу үшін белгіленген тәртіппен ақпарат және (немесе) мәліметтер беру;
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де міндеттерді жүзеге асыру.
17. Функциялар:
1) Екібастұз қаласының аумағында орналасқан кенттер мен ауылдарды салудың бас жоспарларын әзірлеу және оларды Екібастұз қалалық мәслихатына бекітуге ұсыну, кентішілік (қалаішілік) коммуналдық желілер мен құрылыстар салуға рұқсат беру;
2) заңнамада белгіленген тәртіппен бекітілген бас жоспарды, заңнамада белгіленген тәртіппен қаланың ықпал ету аймағына жатқызылған іргелес аумақтардың қала құрылысын жоспарлаудың кешенді схемасын іске асыру жөніндегі қызметті үйлестіру;
3) Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" Заңында көзделген өкілеттіктерді жүзеге асыру;
4) мемлекеттік мекеменің құзыретіне қатысты мәселелер бойынша мемлекеттік сәулет-құрылыс инспекциясының аумақтық бөлімшелерімен өзара іс-қимыл жасау;
5) базалық деңгейдегі мемлекеттік қала құрылысы кадастрын жүргізу
6) Қазақстан Республикасының Жер кодексінде көзделген өкілеттіктерді жүзеге асыру;
7) қала құрылысы жобаларын, қала мен елді мекендерді егжей-тегжейлі жоспарлау, салу жобаларын әзірлеуді және іске асыруды ұйымдастыру;
8) аумақтың жоспарланып отырған құрылысы не басқа да қала құрылысы өзгерістері туралы халықты хабардар ету;
9) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен салынып жатқан (салынуы жоспарланған) объектілер мен кешендердің мониторингін жүргізу;
10) құрылыстарды, ғимараттар мен құрылыстарды, инженерлік және көлік коммуникацияларын салу (кеңейту, техникалық қайта жарақтандыру, жаңғырту, қайта жаңарту, қалпына келтіру және күрделі жөндеу) туралы, сондай-ақ аумақтарды инженерлік дайындау, абаттандыру және көгалдандыру, құрылыстарды (объектілерді) консервациялау туралы шешімдер қабылдау, жергілікті маңызы бар объектілерді кейіннен кәдеге жарату жөніндегі жұмыстар кешенін жүргізу;
11) объектілерді пайдалануға қабылдау актілерінің, сондай-ақ пайдалануға берілетін объектілердің (кешендердің) есебін жүргізу;
12) талап қою және соттарда өз бетінше немесе мемлекеттік мекеменің функцияларына байланысты істер жөніндегі өкіл арқылы сөз сөйлеу;
13) қала азаматтарының, ұйымдарының, кәсіпорындары мен мекемелерінің қолданыстағы объектілерді салу және қайта жаңарту мәселесі бойынша арыздары мен өтініштерін қабылдауды жүзеге асыру және олардың қаралуына бақылауды қамтамасыз ету;
14) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсету:
- Қазақстан Республикасының аумағында жылжымайтын мүлік объектісінің мекенжайын айқындау жөнінде анықтама беру;
- құрылыс және қайта жаңарту (қайта жоспарлау және қайта жабдықтау) жобаларын әзірлеу кезінде бастапқы материалдарды ұсыну;
- елді мекен шегінде объектілер салу үшін жер телімдерін беру;
- эскизді (эскиздік жобаны) келісу;
- үлескерлердің ақшасын тартуға рұқсат беру;
- тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарттың есептік жазбасы туралы үзінді көшірме беру;
- объектілерді кейіннен кәдеге жарату (құрылыстарды бұзу) бойынша жұмыстар кешенін жүргізуге шешім беру.
15) әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес "Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы" Қазақстан Республикасының Заңын бұзушылықтар анықталған жағдайда өз құзыреті шегінде әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау.
16) қолданыстағы заңнамаға сәйкес жер телімдерінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы мәселелерді қарау;
17) елді мекен шегінде объект салу үшін жер телімін таңдау актісін дайындау және келісу;
18) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде жарнама саласындағы бақылауды жүзеге асыру;
19) мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімді ортаны сақтау тұрғысынан әлеуметтік инфрақұрылым объектілерін түгендеуді (паспорттауды) ұйымдастыру және жүргізу;
20) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) мемлекеттік сатып алуды жүргізеді;
21) заңнамада көзделген өкілеттіктер шегінде өзге де функцияларды жүзеге асыру.
3-тарау. "Екібастұз қаласы әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімі" мемлекеттік мекемесі бірінші басшысының мәртебесі, өкілеттіктері
18. Мемлекеттік мекемеге басшылықты мемлекеттік мекемеге жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына дербес жауапты болатын бірінші басшы жүзеге асырады.
19. Мемлекеттік мекеменің бірінші басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалады және қызметтен босатылады.
20. Мемлекеттік мекеменің бірінші басшысының өкілеттіктері:
1) қала әкімдігінің бекітуіне мемлекеттік мекеме туралы ережені ұсынады, оның құрылымы мен штаты бойынша ұсыныстар енгізеді;
2) мемлекеттік мекеменің жұмысын ұйымдастырады және үйлестіреді, өзге де мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылды қамтамасыз етеді;
3) заңнамаға сәйкес мемлекеттік мекеменің қызметкерлерін қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
4) барлық қызметкерлер үшін міндетті бұйрықтар шығарады және нұсқаулар береді;
5) мемлекеттік органдарда, соттарда және өзге де ұйымдарда мемлекеттік мекеменің атынан өкілдік етеді;
6) мемлекеттік органда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға бағытталған шараларды қабылдайды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды қабылдағаны үшін дербес жауапты болады;
7) мемлекеттік мекеменің төлемдерін жүргізу бойынша, оның ішінде ақша алушылардың тиісті шоттарына қазынашылық органдарымен тоқсан сайын салыстырып тексеруді қамтамасыз етеді;
8) мемлекеттік қызмет туралы заңнаманың орындалуын қамтамасыз етеді;
9) қала әкімдігі мен әкімі актілерінің, оның тапсырмаларының орындалуын, мемлекеттік мекемеде құжаттардың өтуін бақылау жөніндегі жұмысты үйлестіреді;
10) қала әкіміне қол қоюға және қарауға қала әкімдігі мен әкімі актілерінің жобаларын, сондай-ақ қала әкіміне жолданатын өзге де құжаттар мен материалдарды ұсынады;
11) мемлекеттік мекеме шығыстарының сметасын бекітеді және оның шегінде қаржы қаражатына билік етеді;
12) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жеке және заңды тұлғаларды жеке қабылдауды жүзеге асырады;
13) мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің міндеттері мен өкілеттіктерін айқындайды;
14) заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекеттік мекеме қызметкерлерін көтермелейді және оларға тәртіптік жаза қолданады;
15) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
Мемлекеттік мекеменің бірінші басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін орындауды қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға жүзеге асырады.
21. Мемлекеттік мекеменің әкімшілігі мен еңбек ұжымы арасындағы өзара қарым-қатынастар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасымен және ұжымдық шартпен реттеледі.
22. Мемлекеттік мекеме мен Екібастұз қаласының әкімдігі арасындағы өзара қарым-қатынастар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасымен реттеледі.
23. Мемлекеттік мекеме мен тиісті саланың уәкілетті органы арасындағы өзара қарым-қатынастар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасымен реттеледі.
4-тарау. "Екібастұз қаласы әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімі" мемлекеттік мекемесінің мүлкі
24. Мемлекеттік мекеменің заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.
Мемлекеттік мекеменің мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.
25. Мемлекеттік мекемеге бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.
26. Егер заңнамада өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік мекеме өзіне бекітілген мүлікті және оған қаржыландыру жоспары бойынша берілген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті дербес иеліктен шығаруға немесе оған өзге тәсілмен билік етуге құқылы емес.
5-тарау. "Екібастұз қаласы әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімі" мемлекеттік мекемесін қайта ұйымдастыру және тарату
27. Мемлекеттік мекемені қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.