"Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 37 бабын басшылыққа алып, "Құқықтық актілер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 27 бабына, "Мемлекеттік органдар мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметін ұйымдастырудың кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 1 қыркүйектегі № 590 қаулысына сәйкес, Атырау қаласының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған "Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі" мемлекеттік мекемесі туралы Ереже бекітілсін.
2. Атырау қалалық әкімдігінің 2022 жылдың 9 маусымдағы № 1321 "Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімі" мемлекеттік мекемесі туралы ережені бекіту туралы" қаулысының күші жойылды деп танылсын.
3. "Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі" мемлекеттік мекемесі осы қаулыдан туындайтын шараларды қабылдасын.
4. Осы қаулының орындалуын бақылау Атырау қаласы әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
5. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қала әкімі | М. Қалауи |
Атырау қаласы әкiмдігінің 2023 жылғы "18" мамырдағы № 916 қаулысына қосымша |
|
Атырау қаласы әкiмдігінің 2023 жылғы "18" мамырдағы № 916 қаулысымен бекітілген |
"Қалалық жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары бөлiмi" мемлекеттiк мекемесі туралы ЕРЕЖЕ
1-тарау. Жалпы ережелер
1. "Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі" (бұдан әрі – Бөлім) мемлекеттік мекемесі заңнамада көзделген шектерде жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары саласындағы жұмыстарды жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.
2. Бөлімнің мынадай ведомстволары бар: "Смарт Атырау" Коммуналдық мемлекеттік мекемесі.
3. Бөлім өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
4. Бөлім мемлекеттік мекеме ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, оның рәміздері мен айырым белгілері (бар болса), Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрлері және атауы қазақ және орыс тілдерінде жазылған мөртабандары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары бар.
5. Бөлім азаматтық-құқықтық қатынастарды өз атынан жасайды.
6. Бөлім Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілеттік берілген жағдайда ол мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқылы.
7. Бөлім өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Бөлім басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.
8. Бөлімнің құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітіледі.
9. Орналасқан жері: Қазақстан Республикасы, Атырау облысы, Атырау қаласы, Азаттық даңғылы №101а, пошта индексі – 060005.
10. Осы Ереже Бөлімнің құрылтай құжаты болып табылады.
11. Бөлімнің мемлекеттік мекемесінің қызметін қаржыландыру жергілікті бюджеттен жүзеге асырылады.
12. Бөлімге кәсіпкерлік субъектілерімен Бөлімнің функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.
Егер Бөлімге заңнамалық актілермен табыс әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда алынған табыс, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік бюджетке жіберіледі.
2 тарау. Мемлекеттік органның мақсаттары мен өкілеттіктері
13. Мақсаттары:
- жолаушылар тасымалы деңгейін арттыру және автомобиль инфрақұрылымы деңгейін дамыту.
14. Өкілеттіктері:
1) құқықтары:
- жолаушылар мен багажды автомобильмен тасымалдауды ұйымдастыру;
- қалаішілік автомобиль жолдарын салу және оларды күтіп ұстау, мемлекеттік конкурстық негізде ағымдағы, шұңқырлы күрделі жөндеу жүргізу, конкурс жеңімпаздарымен шарттар жасасу, маршруттарды, автобус аялдамаларын айқындау;
- мемлекеттік органдармен, жеке және заңды тұлғалармен өзара іс-қимыл жасау;
- қала әкіміне жергілікті инфрақұрылымды дамытудың мақсаттары, басымдықтары мен стратегиялары бойынша ұсыныстар енгізу;
- тиісті қаржы жылына арналған қалалық бюджетті қалыптастыру мәселелері жөніндегі кеңестерге қатысу;
- әкімдік актілерінің жобаларын әзірлеу және дайындау, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары мәселелері бойынша анықтама, ақпарат және баяндамалар жасау;
- Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Бөлімге жүктелген өзге де құқықтарды жүзеге асыру.
2) міндеттері:
- Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының нормаларын сақтау;
- Президенттің, Үкіметтің және өзге де орталық атқарушы органдардың, сондай-ақ облыс әкімі мен қала әкімдігінің актілері мен тапсырмаларын мерзімінде сапалы орындау.
15. Функциялары:
- жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын дамыту жоспарлары мен бағдарламаларын әзірлеу және іске асыру бойынша бақылауды жүзеге асыру;
- жолаушылар мен багажды автомобильмен тасымалдау маршруттарына қызмет көрсету бойынша бақылауды үйлестіру және жүзеге асыру;
- Бөлімге түсетін азаматтардың өтініштерін, шағымдарын, ұсыныстарын уақтылы және сапалы қарау.
3-тарау. Мемлекеттік органның бірінші басшысының мәртебесі, өкілеттіктері
16. Бөлімге басқаруды бірінші басшы жүзеге асырады, ол Бөлімге жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына дербес жауапты болады.
17. Бөлімнің бірінші басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалады және лауазымнан босатылады.
18. Бөлімнің бірінші басшысының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалатын және лауазымнан босатылатын орынбасарлары болады.
19. Бөлімнің бірінші басшысының өкілеттіктері:
1) Бөлімнің қызметін ұйымдастырады және басқарады;
2) мемлекеттік мекемеге жүктелген міндеттермен функциялардың орындалуына дербес жауапты болады;
3) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі шараларды қабылдамағаны үшін дербес жауапкершілікте болады;
4) бұйрықтарға, қызметтік құжаттамаға қол қояды;
5) қолданыстағы заңнамаға сәйкес қызметкерлерді қызметке тағайындайды және босатады, олардың өкілеттіктері мен міндеттерін айқындайды;
6) заңнамада белгіленген тәртіппен қызметкерлерді көтермелейді және оларға тәртіптік жаза қолданады;
7) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес мемлекеттік органдарда, ұйымдарда мемлекеттік мекеме атынан өкілдік етеді;
8) жеке және заңды тұлғалардың өкілдерін жеке қабылдауды жүзеге асырады, жеке және заңды тұлғалардың өтініштерімен жұмысты ұйымдастыруға, қабылдау, тіркеу және есепке алу бойынша дербес жауапты болады;
Бөлім басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға жүзеге асырады.
20. Бірінші басшы өз орынбасарларының өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес айқындайды.
4-тарау. Мемлекеттік органның мүлкі
21. Бөлімнің заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.
Бөлімнің мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көдер есебінен қалыптастырылады.
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі өзіне бекітіліп берілген, өзінің балансында тұрған мүлікті иелену, пайдалану және оған билік ету құқығын Қазақстан Республикасының атынан дербес жүзеге асырады.
22. Бөлімге бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.
23. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Бөлім өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне берілген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.
5-тарау. Мемлекеттік органды қайта ұйымдастыру және тарату
24. Бөлімді қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Бөлім және оның ведомстволарының қарамағындағы ұйымдардың тізбесі:
"Смарт Атырау" Коммуналдық мемлекеттік мекемесі.