"Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының Заңының 27 - бабының 2 - тармағына, "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 523 қаулысына, "Арнайы комиссия туралы үлгілік ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 17 тамыздағы № 344 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеудің тізілімінде № 33314 болып тіркелген) сәйкес, Түркістан облысы әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Түркістан облысындағы арнайы комиссия туралы ереже осы қаулының қосымшасына сәйкес бекітілсін.
2. "Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы" мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте:
1) осы қаулыға қол қойылған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі электрондық түрдегі көшірмесін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Түркістан облысы бойынша филиалына ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін жіберілуін;
2) осы қаулының ресми жарияланғанынан кейін оның Түркістан облысы әкімдігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы қаулының орындалуын бақылау облыс әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
4. Осы қаулы оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Облыс әкімі | Д. Сатыбалды |
Түркістан облысы әкімдігінің 2023 жылғы 30 қарашадағы № 254 қаулысына қосымша |
Түркістан облысындағы арнайы комиссия туралы ереже
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Түркістан облысындағы арнайы комиссия туралы ереже (бұдан әрі – Ереже) мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсетуге үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау жөніндегі арнайы комиссияның мәртебесі мен өкілеттігін айқындайды.
2. Осы Ережеде пайдаланылатын негізгі ұғымдар:
1) арнайы комиссия (бұдан әрі – Комиссия) – мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсетуге үміткер адамның (отбасылардың) өтінішін қарау бойынша аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;
2) жергілікті уәкілетті мемлекеттік орган – ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері.
3. Комиссия аудан (облыстық маңызы бар қала) аумағында тұрақты жұмыс істейтін алқалы орган болып табылады. Комиссия өз жұмысын ашықтық, жариялылық, алқалылық және әділдік қағидаттарында ұйымдастырады.
4. Комиссия өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентінің және Үкіметінің актілерін, Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.
5. Комиссияның қызметін бақылауды аудан (облыстық маңызы бар қалалар) әкімінің әлеуметтік қорғау мәселелеріне жетекшілік ететін орынбасары жүзеге асырады.
2-тарау. Комиссияның міндеттері мен функциялары
6. Комиссияның негізгі міндеті "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының Заңының 6-бабы 2-3-тармағының негізінде жергілікті өкілді орган бекітетін азаматтарды мұқтаждар санатына жатқызу үшін негіздемелер тізбесіне сәйкес азаматтардың әлеуметтік көмекке мұқтаждығын және әлеуметтік төлемдердің мөлшерін айқындау болып табылады.
7. Комиссияның негізгі функциясы әрбір жекелеген жағдайда әлеуметтік көмектің мөлшерін көрсете отырып, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 17 тамыздағы № 344 бұйрығымен бекітілген Арнайы комиссия туралы үлгілік ережеге қосымшаға сәйкес нысан бойынша әлеуметтік көмек көрсету қажеттігі туралы қорытынды шығару болып табылады.
3-тарау. Комиссияның қызметін ұйымдастыру
8. Комиссия өз қызметін өтеусіз негізде жүзеге асырады.
9. Комиссияның құрамына жергілікті атқарушы органдардың мүдделі құрылымдық бөлімшелерінің, оның ішінде ұйымдардың және білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау уәкілетті органдарының өкілдері, құқық қорғау органдарының, қоғамдық бірлестіктердің қызметкерлері кіреді.
Комиссия төрағадан, хатшыдан және комиссия мүшелерінен тұрады. Комиссияның жалпы құрамы жеті адамнан кем болмауға тиіс.
10. Аудан (облыстық маңызы бар қалалар) әкімінің әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі орынбасары Төраға болып табылады.
Төраға Комиссияның жұмысын ұйымдастырады және Комиссияға осы Ережеде жүктелген міндеттер мен функциялардың уақтылы және сапалы орындалуын қамтамасыз етеді.
11. Жергілікті уәкілетті орган – ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері Комиссияның жұмыс органы болып табылады.
Комиссия хатшысының міндеті осы бөлімнің маманына жүктеледі.
12. Комиссия жергілікті уәкілетті органнан құжаттардың толық топтамасын алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде ұсынылған құжаттарды қарайды және ашық дауыс беру арқылы әлеуметтік көмек көрсетудің қажеттігі туралы шешім шығарады.
13. Комиссияның шешімдері оның құрамы жалпы санының үштен екісі болған кезде заңды болады.
14. Комиссияның шешімі ашық дауыс беру арқылы қабылданады және комиссия мүшелерінің жалпы санының басым көпшілігі дауыс берсе, қабылданды деп есептеледі. Дауыстар тең болған жағдайда, Комиссия төрағасының даусы шешуші болып саналады.
15. Комиссия қабылдаған шешім қорытынды нысанында ресімделеді және осы Ереженің 12-тармағында көрсетілген мерзімде жергілікті уәкілетті органға беріледі.
Оң қорытынды болған кезде әлеуметтік көмектің мөлшері көрсетіледі.
16. Комиссия әлеуметтік көмек мөлшерін айқындау кезінде жергілікті өкілді органдар "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының Заңының 6-бабы 2-3-тармағына сәйкес бекітетін әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидаларын басшылыққа алады.