"Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының Заңына, "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасы Заңы 17-бабының 2) тармақшасына сәйкес Астана қаласының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Астана қаласының коммуналдық меншігіне бюджет қаражаты есебінен салынған мүлікті қабылдау және оны әрі қарай пайдалану тәртібін осы қаулыға қосымшаға сәйкес бекітілсін.
2. "Астана қаласының Активтер және мемлекеттік сатып алу басқармасы" мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте қажетті ұйымдастыру іс-шараларын жүзеге асырсын.
3. "Астана қаласының Активтер және мемлекеттік сатып алу басқармасы" мемлекеттік мекемесінің басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте:
1) осы қаулыны Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық актілерiнiң эталондық бақылау банкiне бес жұмыс күн ішінде жолдауды;
2) осы қаулы ресми жарияланғаннан кейін оның Астана қаласы әкімдігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
4. Осы қаулының орындалуын бақылау "Астана қаласы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесінің басшысы Д.З. Ешкеевке жүктелсін.
Әкім | Ж. Қасымбек |
Астана қаласы әкімдігінің 2024 жылғы "__" _______ № ______ қаулысына қосымша |
Астана қаласының коммуналдық меншігіне бюджет қаражаты есебінен салынған мүлікті қабылдау және оны одан әрі пайдалану тәртібі
1-бөлім. Жалпы ережелер
1. Осы Астана қаласының коммуналдық меншігіне бюджет қаражаты есебінен салынған мүлікті қабылдау және оны әрі қарай пайдалану тәртібі (бұдан әрі – Тәртіп) Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне, Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы", "Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы", "Мемлекеттік мүлік туралы", "Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы", "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы", "Табиғи монополиялар туралы" заңдарына сәйкес әзірленді және Астана қаласының коммуналдық меншігіне бюджет қаражаты есебінен салынған мүлікті қабылдау, меншік нысанына қарамастан Астана қаласының ғимараттарын, құрылыстарын, инженерлік желілерін күтіп ұстау, пайдалану және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, белгіленген тәртіпте жаңадан пайдалануға беру және қолданыстағы объектілерді қайта құруды аяқтау, ведомстволық бағынысты аумақтағы объектілерді сақтау және тиісінше пайдалану жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыруға бақылауды жүзеге асыру процесінде туындайтын қатынастарды реттейді.
2. Тәртіпте мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) бюджеттік бағдарлама әкімшісі – бюджеттік бағдарламаларды жоспарлауға, негіздеуге, іске асыруға және нәтижелерге қол жеткізуге жауапты, мүлікті коммуналдық меншік құрамына қабылдауды қамтамасыз ететін мемлекеттік орган;
2) объектіні пайдалануға қабылдау актісі (салынған объектіні пайдалануға қабылдау туралы мемлекеттік қабылдау комиссиясының актісі) – бекітілген жобаға және мемлекеттік (мемлекетаралық) нормативтерге сәйкес объект құрылысының аяқталғанын және объектіні пайдалануға толық дайындығын растайтын құжат;
3) теңгерімдік құны – актив немесе міндеттеме бухгалтерлік теңгерімде танылатын сома;
4) жер учаскесіне арналған сәйкестендіру құжаты – жер, құқықтық және қала құрылысы кадастрын жүргізу мақсаты үшін қажетті жер учаскесінің сәйкестендіру сипаттамасынан тұратын құжат;
5) коммуналдық мүлік – әкімшілік-аумақтық бөліністердің мүлкі;
6) коммуналдық заңды тұлғалар – мүлкі Астана қаласының коммуналдық меншігіндегі коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындар мен коммуналдық мемлекеттік мекемелер;
7) жылжымайтын мүлік – жермен тығыз байланысты жер учаскелері, ғимараттар, үй-жайлар мен басқа да мүлік, яғни мақсатына шамадан тыс зиян келтірілмей көшірілуі мүмкін болмайтын объектілер;
8) объект – өнеркәсіптік объектілер, өндірістік ғимараттар, құрылыстар, тұрғын үй – азаматтық мақсаттағы және басқа да ғимараттар;
9) электр энергетикасы объектілері – электр және жылу энергиясын өндіру, беру, жабдықтау және тұтыну саласы объектілері;
10) мердігер – Қазақстан Республикасының аумағында сәулет, қала құрылысы және (немесе) құрылыс қызметінің тиісті түрлерін жүзеге асыратын және шарт негізінде жұмысты орындайтын лицензиясы бар жеке немесе заңды тұлға;
11) тапсырушы тарап – қабылдаушы тарапқа мүлікті тапсыратын заңды тұлға;
12) қабылдаушы тарап (пайдаланушы ұйым) – мүлікті шаруашылық жүргізу немесе жедел басқару құқығында, сондай-ақ шаруашылық жүргізу құқығындағы кәсіпорындардың, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер мен акционерлік қоғамдардың жарғылық капиталын қалыптастыруға немесе ұлғайтуға өз теңгеріміне қабылдайтын тарап;
13) құқықтық кадастрдан мәліметтер – құқықтық кадастрде қамтылған жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар (құқықтар ауыртпалықтары) және мемлекеттік тіркеудің өзге де объектілері туралы ақпарат және тіркеуші орган ұсынатын тіркеу ісіндегі құжаттардың көшірмелері;
14) техникалық паспорт – құқықтық кадастр жүргізу үшін қажетті бастапқы немесе кейінгі объектінің техникалық, сәйкестендіру сипаттамасынан тұратын, жылжымайтын мүлікті мемлекеттік техникалық тексеру нәтижелері бойынша жасалған белгіленген нысандағы құжат;
15) коммуналдық меншікті басқару бойынша уәкілетті орган – жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын Астана қаласының коммуналдық мүлкін иелену, пайдалану, билік ету және пайдалануды мониторингілеу саласында басшылықты жүзеге асыратын атқарушы орган;
16) сәйкестік туралы декларация – мердігер (бас мердігер) аяқталған құрылыс алаңында орындалған жұмыстардың бекітілген жобаға және мемлекеттік (мемлекетаралық) нормативтер талаптарына сәйкестігін куәландыратын құжат;
17) квазимемлекеттік сектор субъектісі болып табылатын пайдаланушы ұйым – мемлекеттік кәсіпорындар, мемлекеттің 100% қатысуы бар акционерлік қоғамдар.
2-бөлім. Астана қаласының коммуналдық меншігіне бюджет қаражаты есебінен салынған мүлікті қабылдау тәртібі
3. Бюджет қаражаты есебінен салынған мүлік объектіні пайдалануға қабылдау актісіне қол қойған сәттен бастап коммуналдық меншікке түсті деп есептеледі.
4. Бюджеттік бағдарлама әкімшілері бюджет қаражаты есебінен салынған мүлік пайдалануға берілген сәттен бастап, объектіні пайдалануға қабылдау актісі негізінде, объектіні пайдалануға қабылдау актісіне қол қойылған күннен бастап, бірақ мердігер объектіні тапсырған күннен бастап күнтізбелік 10 (он) күннен аспайтын мерзімде өзінің теңгеріміне есепке алынуын қамтамасыз етеді.
5. Бюджеттік бағдарлама әкімшілері жеке ресурстар есебінен немесе аутсорсинг тарту есебінен, бюджет қаражаты есебінен салынған мүлік пайдалануға берілген сәттен бастап, объектіні пайдалануға қабылдау актісі негізінде, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген 3 (үш) айдан аспайтын мерзімде жылжымайтын мүлікке меншік құқығын және тұрақты жер пайдалану құқығын тіркейді.
6. Салынған объектіні коммуналдық меншікке қабылдаудың және пайдаланушы ұйымдарға берудің белгіленген мерзімінен асып кеткен/бұзған жағдайда, бюджеттік бағдарлама әкімшілері белгіленген тәртіпте тәртіптік жауапкершілікке тартылады.
7. Бюджеттік бағдарлама әкімшілері мүлікті тіркеген күннен бастап 5 (бес) жұмыс күнінен кешіктірмей Тәртіптің 13-тармағында көрсетілген құжаттар тізбесін коммуналдық заңды тұлғалардың теңгеріміне, сондай-ақ Астана қаласы әкімдігінің (бұдан әрі – әкімдік) қатысу үлесі бар акционерлік қоғамдардың акцияларын, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталдарын төлеуге объектіні беру туралы бұйрықты әзірлеу үшін, әрі қарай пайдалану және тапсырушы және қабылдаушы тараптармен қол қойылған мүлікті қабылдау-беру актісін бекіту үшін коммуналдық мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті органға жолдайды.
8. Құқық белгілейтін құжаттарды даярлаумен, сондай-ақ объектіні әрі қарай пайдалану үшін коммуналдық заңды тұлғалардың теңгеріміне, әкімдіктің қатысу үлесі бар акционерлік қоғамдардың акцияларын, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталдарын төлеуге бергенге дейін күтіп-ұстаумен байланысты шығыстар Тәртіптің 5-тармағымен белгіленген мерзім ішінде бюджеттік бағдарлама әкімшілеріне жүктеледі.
9. Коммуналдық мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті орган Тәртіптің 13-тармағында көрсетілген құжаттар және "Табиғи монополиялар туралы" Қазақстан Республикасы Заңы 8-бабының 24-3) тармағына сәйкес табиғи монополиялар субъектілері реттеліп көрсетілетін қызметтерді көрсету кезінде технологиялық циклде пайдаланылатын мүлікті табиғи монополиялар субъектілеріне теңгерімге және (немесе) сенімгерлік басқаруға берудің бекітілген жоспары болған кезде:
берілетін инженерлік желілерге бағалау жүргізгеннен кейін 10 (он) жұмыс күннен кешіктірмей коммуналдық заңды тұлғалардың немесе пайдаланушы ұйымдардың теңгеріміне объектіні беру туралы бұйрықты рәсімдейді және мүлікті қабылдау-беру актісін бекітеді.
10. Бюджет қаражаты есебінен салынған объектілер мынадай ұйымдық-құқықтық нысандағы әкімдіктің қатысуы бар заңды тұлғаларға беріледі:
1) мемлекеттік мекемелерге;
2) мемлекеттік кәсіпорындарға;
3) теңгерімдік құны бойынша жарғылық капиталды ұлғайтуға (қалыптастыруға) жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерге. Егер мүлiктiң құны жиырма мың айлық есептiк көрсеткiшке балама сомадан асса, оның бағасын бағалаушы растауға тиiс.
4) бағалаушы белгілейтін баға бойынша акцияларды төлеуге акционерлік қоғамдарға.
Берілетін мүлікті бағалау бюджеттік бағдарлама әкімшілерімен немесе коммуналдық мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті органмен Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте жүгізіледі.
11. Қабылдау-беру актісіне қол қоюдан бас тарту үшін негіз Тәртіптің 13-тармағында көрсетілген объектінің құнын бөлшектеп бөле отырып, объектіге (жылжымалы мүлік) құқық белгілейтін, сәйкестендіру (жылжымайтын мүлік) және техникалық құжаттардың болмауы болып табылады.
Бюджеттік бағдарлама әкімшілері қабылдаушы тараптан негізделген бас тартуды алған сәттен бастап күнтізбелік 20 (жиырма) күн ішінде ескертулерді жоюды қамтамасыз етеді.
Сәйкестік туралы декларацияға қол қойғаннан кейін, техникалық сипаттағы және жобалық құрамдас бөлігі бойынша ескертулер қабылдау-беру актісіне қол қоюдан бас тарту үшін негіз болып табылмайды.
Қабылдаушы тараппен қабылдау-беру актісіне қол қоюдан негізсіз бас тартуға жол берілмейді.
12. Қабылдаушы тарап Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзімде объектіге тиісті құқықты тіркеуді қамтамасыз етеді.
13. Объектіні әрі қарай пайдалану үшін коммуналдық заңды тұлғалардың теңгеріміне, әкімдіктің қатысу үлесі бар акционерлік қоғамдардың акцияларын, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталдарын төлеуге беру туралы бұйрық жобасын әзірлеу үшін бюджеттік бағдарлама әкімшілері коммуналдық мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті органға мынадай құжаттарды ұсынады:
1) коммуникациялар мен инженерлік-коммуналдық шаруашылық желілерін қоспағанда, сәулет және қала құрылысы саласында функцияны жүзеге асыратын әкімдіктің құрылымдық бөлімшесінде есептен өткен және "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорация" коммерциялық емес акционерлік қоғамында тіркелген объектіні пайдалануға қабылдау актісі;
2) жылжымайтын мүлікке техникалық паспорт;
3) әкімдіктің тұрақты жерді пайдалану құқығын ұсыну туралы қаулысынан үзінді;
4) жер учаскесіне сәйкестендіру құжаты;
5) жылжымалы коммуникациялар мен инженерлік-коммуналдық шаруашылық желілерін, көлік инфрақұрылымының жылжымалы объектілерін қоспағанда, жылжымайтын мүлік объектісіне мекенжай беру туралы анықтама;
6) жылжымалы коммуникациялар мен инженерлік-коммуналдық шаруашылық желілерін, көлік инфрақұрылымының жылжымалы объектілерін қоспағанда, жылжымайтын мүлікке құқықтық кадастрден мәлімет;
7) қолдану мерзімі кемінде 5 (бес) ай болатын бірінші басшысы және бас бухгалтермен қол қойылған, тапсырушы тараптың мөрімен куәландырылған шығындарды толық көрсете отырып, объектінің теңгерімдік құны туралы анықтама немесе нарықтық құнын бағалау туралы есеп;
8) мемлекеттік және орыс тілдерінде кемінде 3 (үш) данадан, тапсырушы және қабылдаушы тараптармен қол қойылған мүлікті қабылдау-беру актісі;
9) жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар (ауыртпалықтар) және жеке тұлғалар үшін оның техникалық сипаттамалары туралы анықтама.
3-бөлім. Қорытынды және өтпелі ережелер
14. Тәртіпті қолдану Тәртіпті қабылдағанға дейін туындаған қатынастарға таратылады.
15. Тәртіппен регламенттелмеген қатынастар Қазақстан Республикасының заңнамасымен реттеледі.
___________________________