БҰЙЫРАМЫН:
1."Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының тергеу, анықтау бөліністері және әскери-тергеу органдарының қызметін ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2015 жылғы 16 наурыздағы № 220 өзгерістер енгізілсін (нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тізілімінде № 10761 болып тіркелген):
тақырып мынадай редакцияда жазылсын:
"Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының тергеу және анықтау бөліністері қызметкерлерінің қызметін ұйымдастыру және олардың жұмысына процестік бақылауды жүзеге асыру жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы";
1 тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"1. Қоса берілген Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының тергеу және анықтау бөліністері қызметкерлерінің қызметін ұйымдастыру және олардың жұмысына процестік бақылауды жүзеге асыру жөніндегі нұсқаулық бекітілсін";
Көрсетілген бұйрықпен бекітілген Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының тергеу, анықтау бөліністері және әскери-тергеу органдарының қызметін ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулық осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Тергеу департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрыққа қол қойылған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде оны электрондық түрде қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;
2) осы тармақтың 1) тармақшасында көзделген іс-шараның орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Заң департаментіне жолдауды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары полиция генерал-майоры С.Ә. Адиловке және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Тергеу департаментіне (М.Ж. Қожаев) жүктелсін.
4. Осы бұйрық қол қойылған күннен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің міндетін атқарушы полиция полковнигі |
Б. Әленов |
Қазақстан Республикасының Ішкі Істер министрінің 2025 жылғы 24 қаңтардағы № 57 бұйрығына 1-қосымша Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2018 жылғы 6 сәуірдегі № 267 бұйрығымен бекітілген |
Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының тергеу және анықтау бөліністері қызметкерлерінің қызметін ұйымдастыру және олардың жұмысына процестік бақылауды жүзеге асыру жөніндегі
НҰСҚАУЛЫҚ
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Нұсқаулық Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне (бұдан әрі – ҚК), Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексіне (бұдан әрі – ҚПК), "Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары туралы" Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Заң) және басқа да нормативтік құқықтық актілерге сәйкес әзірленген және ішкі істер органдарының тергеу және анықтау бөлімшелерінің қызметін ұйымдастыру мен процестік бақылау тәртібін айқындайды.
2. Осы Нұсқаулықтың мақсаттары үшін мынадай негізгі терминдер мен олардың анықтамалары қолданылады:
1) процестік бақылау – қылмыстық процестің міндеттерін сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында тиімді орындауға бағытталған шаралар жүйесі;
2) әдістеме – сотқа дейінгі тергеп-тексеруді ұйымдастыруды қамтамасыз ету мәселелерін шешу үшін оңтайлы және тиімді ұсынымдарды әзірлеу мен іске асыру арқылы жүйелендірілген білімнің белгілі бір саласы;
3) әдістемелік қамтамасыз ету – тергеу және анықтау бөлімшелерінің қызметінде озық идеяларды, ұсынымдарды, жаңашыл практикалар мен әдістемелерді пайдалануды қамтамасыз ететін, сотқа дейінгі тергеп-тексеру саласында кәсіби ақпаратты іріктеу, жинақтау, беру және құндылықты сақтау жөніндегі басқару процесі;
4) әдістемелік ұсынымдар мен ақпараттық хаттар – тергеу және сот практикасын, жекелеген қылмыстық істерді немесе құқық қолдану практикасы мәселелерін зерделеу нәтижелері бойынша дайындалған ведомстволық немесе ведомствоаралық сипаттағы әдістемелік құжаттар;
5) озық тәжірибе – тергеу жұмысының кәсіби деңгейін және тергеуші, анықтаушы (бөлімше) жұмысының тиімділігін арттыру, қойылған міндеттер мен туындайтын проблемаларды шешу, тергеу аппаратының қызметіндегі кемшіліктерді жою және қылмыспен күрестегі рөлін нығайту мақсатында жинақталып, таратылатын оң тәжірибе;
6) ішкі істер органдарының тергеу аппараты – тергеу бөлімшелерінің жүйесі: Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің (бұдан әрі – ІІМ) орталық аппаратындағы Тергеу департаменті (бұдан әрі – ТД) және аумақтық ішкі істер органдарындағы тергеу басқармалары, бөлімдері, бөлімшелері, топтары;
7) штаттық анықтау – ІІМ орталық аппаратындағы ТД Анықтау жұмысын ұйымдастыру басқармасы, аумақтық полиция органдарындағы анықтау басқармалары (бөлімдері, бөлімшелері, топтары).
2-тарау. Ішкі істер органдарының тергеу аппараты мен анықтау бөлімшелерінің қызметін ұйымдастыру
3. Тергеу және анықтау бөлімшелері өз құзыреті шегінде қылмыстық қудалау функцияларын жүзеге асырады.
4. Тергеу аппараты мен анықтаудың процестік және ведомстволық бақылауын жүзеге асырады:
орталық полиция аппаратында – тергеуге жетекшілік ететін ішкі істер министрінің орынбасары, ІІМ Тергеу департаментінің (бұдан әрі – ТД) бастығы және оның орынбасарлары, ІІМ ТД басқармаларының бастықтары және олардың орынбасарлары, бөлім бастықтары;
республикалық маңызы бар қалалардың, облыстардың, астананың және көліктегі полиция департаменттерінде (бұдан әрі – ПД), қалалық және аудандық басқармаларда (бөлімдерде), желілік ішкі істер бөлімдерінде (бұдан әрі – қалалық аудандық желілік органдар) – тергеуге жетекшілік ететін ПД бастығының орынбасары, тергеу басқармасының және анықтау басқармасының бастығы, олардың орынбасарлары, бөлім бастықтары.
5. Процестік бақылаудың негізгі міндеттері:
1) қылмыстық-процестік заңнама нормаларының сақталуын қамтамасыз ету;
2) сотқа дейінгі тергеп-тексеру сапасын арттыру, құқықбұзушылықтарды тергеу барысында әдістемелік және практикалық көмек көрсету;
3) тергеу практикасының теріс үрдістерін анықтау және сотқа дейінгі тергеп-тексеруді ұйымдастырудың уақтылы нысандары мен әдістерін қабылдау;
4) тергеу бөлімшелері мен ішкі істер органдарының басқа қызметтерінің, сондай-ақ сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыру кезінде басқа мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өзара іс-қимылын ұйымдастыру.
6. Процестік бақылаудың негізгі нысандары мен әдістері:
тергеушілер мен анықтаушылардың өндірісіндегі қылмыстық істерді зерделеу, оларға тергеу және өзге де процестік әрекеттерді жүргізу, процестік шешімдер қабылдау жөнінде нұсқаулар беру;
тергеушілердің, анықтау органының негізсіз қаулыларын жою туралы прокурорға өтініш енгізу;
тәуліктік жедел мәліметтерді мониторингтеу;
қылмыстық істерді бақылауға қою;
әдістемелік ұсынымдар, ақпараттық-талдамалық шолулар, анықтамалар мен жинақтамалар әзірлеу, тергеушілер мен анықтаушылардың біліктілігін арттыру бойынша іс-шаралар ұйымдастыру;
құзырет шегінде қызметтік тергеп-тексерулер жүргізу;
азаматтар мен заңды тұлғалардың өтініштерін құзырет шегінде қарау;
прокурор немесе сот шығарған ден қою актілерін құзырет шегінде қарау;
қылмыстық істер бойынша өндірісті жүзеге асыру мәселелері бойынша ТД бөлімшелерінде тексерістер жүргізу;
жедел кеңестерде (кеңестерде) сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің барысы мен нәтижелерін, құқықбұзушылықтар туралы өтініштер мен хабарламаларды қарау.
7. Тергеу және анықтау бөлімшелерінің негізгі бағыттары:
1) қылмыстық істердің жолын кесу, оларды бейтарап, жедел және толық ашу мен тергеп-тексеру, оларды жасаған тұлғаларды анықтап, қылмыстық жауапкершілікке тарту;
2) қылмыстық процеске қатысушылардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын сақтау;
3) есепке алу және тіркеу тәртібін сақтау;
4) сотқа дейінгі тергеп-тексеру және қамауда ұстау мерзімдерін сақтау;
5) тергеу мерзімін тоқтату немесе қылмыстық істі қысқарту жағдайында сотқа дейінгі тергеп-тексеру сапасын қамтамасыз ету;
6) қылмыстық құқықбұзушылық нәтижесінде келтірілген залалды өтеу бойынша қабылданған шаралардың уақтылылығы мен толықтығын қамтамасыз ету;
7) сотқа дейінгі жеделдетілген өндіріс тәртібімен қылмыстық істерді сотқа жіберу;
8) қылмыстық істі тергеу барысында азаматтардың өтініштерін уақытылы және сапалы қарауды қамтамасыз ету;
9) қылмыстық құқық бұзушылық пен Заңның басқа да бұзушылықтарын жасауға ықпал ететін мән-жайларды анықтау және жоюды қамтамасыз ету.
8. Қажет болған жағдайда, жедел жағдай мен штаттық мүмкіндіктерді ескере отырып, тергеушілер мен штаттық анықтаушылар жекелеген учаскелерге (аймақтарға) бекітіледі немесе қылмыстық құқық бұзушылықтардың жекелеген түрлерін тергеуге маманданады.
9. Тергеушілер мен штаттық анықтаушыларды қылмыстық істерді тергеп-тексерумен байланысты емес міндеттерді орындауға тартуға жол берілмейді.
10. Тергеушілер мен штаттық анықтаушыларға өздерінің қызметтік міндеттерін орындау кезінде азаматтық киім киюге рұқсат етіледі.
3-тарау. Тергеу департаментінің жұмысын ұйымдастыру
11. Тергеу департаментінің (ТД) қызметі аймақтық және мәндік қағидаттарға сәйкес, ішкі істер министрлігі (ІІМ) мен тергеу департаментінің (ТД) жұмыс жоспарлары негізінде, ІІМ-нің басқа қызметтерімен тығыз өзара іс-қимыл жасай отырып ұйымдастырылады.
12. Қойылған міндеттерді орындау үшін ТД:
1) полицияның аумақтық органдарындағы барлық тергеу бөлімшелері мен анықтау органдарының сотқа дейінгі тергеп-тексеру саласындағы қызметін үйлестіреді және оларға ұйымдастырушылық-әдістемелік басшылықты жүзеге асырады;
2) сотқа дейінгі тергеп-тексеруді ұйымдастыру мен әдістемесін жетілдіруге арналған ұсыныстар әзірлейді, тергеудің оң тәжірибесі мен әдістемесін жинақтайды және таратады, оларды тергеу практикасына енгізуді қамтамасыз етеді.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді әдістемелік қамтамасыз етуді жүзеге асыру алгоритмі екі өзара байланысты кезеңнен тұрады:
сотқа дейінгі тергеп-тексерудің әртүрлі аспектілері туралы ақпаратты жүйелі түрде жинақтау, талдау және жалпылау, бұл келесі формаларда жүзеге асырылады:
аумақтық бөлімшелерде қылмыстық істерді тергеп-тексеру практикасын зерделеу;
сотқа дейінгі тергеп-тексеруді ұйымдастырудың прогрессивті нысандары мен әдістерінің, оның ішінде біліктілікті арттыру, қайта даярлау және тәжірибе алмасудың өзге де нысандарына байланысты мемлекетішілік және халықаралық конференцияларға, семинарларға және басқа да іс-шараларға қатысу барысында шетелдік озық тәжірибесін тікелей зерделеу;
сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыру мәселелері бойынша ғылыми-практикалық әдебиеттерде, мерзімді басылымдарда және басқа да әдеби көздерде баяндалған мәліметтерді зерделеу және жүйелеу;
білім беру мекемелерінің ғылыми-педагогикалық кадрларымен, оның ішінде бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарына қатысу шеңберінде ақпарат алмасу;
заңнамалық және нормативтік-құқықтық актілерді әзірлеуге және түзетуге қатысу;
оқу орындары ұсынған курстық және дипломдық жұмыстарға рецензия жасауға, диссертациялық зерттеулерді зерделеуге және бағалауға қатысу;
ТД-ның ғылыми-практикалық қызметін ұйымдастыру және үйлестіру;
білім беру мекемелерінің қорытынды оқу сабақтарына (әңгімелесу, сынақ, емтихан) және оқу-ұйымдастыру іс-шараларына (диплом алдындағы тәжірибені қорғау, бітіру жұмысы) қатысу, мемлекеттік емтихан комиссияларының жұмысына қатысу, нәтижелерді жалпылау және оқу процесін, білім беру және оқу бағдарламаларының мазмұнын, қайта даярлау мен біліктілікті арттыруды түзету жөнінде ұсыныстар енгізу;
білім мен дағдыларды алудың өзге де нысандары;
алынған білімді тергеу бөлімшелері мен анықтау бөлімшелерінің жұмысына практикаға енгізу төмендегі формаларда жүзеге асырылады:
әдістемелік ұсынымдар, ақпараттық хаттар және басқа да әдістемелік құралдарды әзірлеу және тарату;
Тергеу департаментінің ақпараттық бюллетені материалдарын дайындау және басып шығару;
Тергеу департаментінің қызметкерлері мен мүдделі органдар мен ұйымдардың кадрларын қайта даярлау, біліктілігін арттыру аясында білім беру мекемелерінде оқу сабақтарын өткізу;
Орталық аппарат базасында тренингтер, семинарлар, конференциялар, соның ішінде халықаралық іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу;
Орталық аппарат жанындағы ғылыми-консультативтік кеңесті (ҒКК) ұйымдастыру және өткізу;
Тергеу департаментінің құзыретіне қатысты мәселелер бойынша ғылыми және басқа да әдебиеттердің мазмұнын жалпылау және жүйелеу, сондай-ақ қызметкерлерге анықтамалық-ақпараттық қорды пайдалану мүмкіндігін қамтамасыз ету;
3) тергеу және анықтау бөлімшелерінің қызметінде заңдылықты сақтауын бақылау, аппараттың құрылымы, кадрларды іріктеу, орналастыру және кәсіби шеберлікті арттыру бойынша ұсыныстар енгізу;
4) инспекциялау және мақсатты тексерістер жүргізу, олардың нәтижелері бойынша анықталған кемшіліктерді жою, жұмыс тиімділігін арттыру және сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде тергеу және анықтау бөлімшелерінің заңдылықты сақтауын қамтамасыз ету жөнінде ІІМ басшылығына ұсыныстар енгізу;
5) ақпараттық-талдау қызметін және сотқа дейінгі тергеп-тексеру бойынша ақпараттық-әдістемелік сүйемелдеуді жүзеге асыру;
6) ерекше маңызы бар құқық бұзушылықтарды тергеуді бақылау, тергеу және анықтау барысында практикалық және әдістемелік көмек көрсету. Қажеттілік болмаған жағдайда, қылмыстық істі бақылаудан алу туралы шешімді оны белгілеген тұлғамен келісе отырып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезеңінде қабылдайды;
7) өңірлік, халықаралық сипаттағы, ұйымдасқан қылмыстық топ жасаған, ерекше маңызға ие болған, қоғамда үлкен резонанс тудырған, сондай-ақ осы нұсқаулықтың 12-тармағының 10-тармақшасында көзделген қылмыстық істерді тікелей Тергеу департаменті тергеушілерінің тергеуін ұйымдастырады;
8) қылмыстық сот өндірісі саласындағы халықаралық келісімдерді жүзеге асыру кезінде жұмысты үйлестіреді, халықаралық ынтымақтастыққа қатысты нормативтік құқықтық актілер жобаларын әзірлейді және ұсыныстар енгізеді.
9) ақпараттық-талдау қызметінің негізгі бағыттары мыналар:
тергеу және анықтау бөлімшелерінің қызметінің жай-күйін мониторингтеу, талдау және оның сапалық және сандық көрсеткіштеріне баға беру;
Тергеу департаментінің басқа құқық қорғау және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасасуының жай-күйін талдау;
тергеу және анықтау бөлімшелерінің қызметіне әсер ететін негізгі факторларды болжау және олардың бағасы;
ішкі істер органдары бөлімшелерінің қызмет тиімділігін арттыру резервтерін анықтау;
Тергеу департаментінің қызметін жоспарлауда басым бағыттарды анықтау мақсатында қорытындылар мен ұсыныстар құру;
қылмыстық істерді тергеу барысында анықталған заң бұзушылықтар, құқық бұзушылықтарға ықпал еткен себептер мен жағдайларды жүйелі түрде зерттеу, ұйымдарды уақтылы хабардар ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша тиісті шаралар қабылдау.
10) тергеу және анықтау жұмысының тиімділігін ай сайын талдап, мынадай қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру өндірісіне процестік бақылау қою туралы шешім қабылдайды:
депутаттардың өз өкілеттіктерін орындауына байланысты жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтар;
дипломатиялық корпус өкілдері мен иммунитеті бар басқа тұлғаларға қатысты жасалған құқық бұзушылықтар;
ұйымдасқан қылмыстық топтар мен бандалардың қатысуымен жасалған құқық бұзушылықтар;
кәмелетке толмаған балаларға қатысты сексуалдық сипаттағы қылмыстар мен адам өлтірулер;
дәстүрлі емес діни ұйымдар өкілдері жасаған, адам шығындарына немесе басқа да ауыр зардаптарға әкеп соққан құқық бұзушылықтар;
тапсырыспен жасалған адам өлтірулер;
екі немесе одан көп адамды өлтіріп, қоғамда үлкен резонанс тудырған қылмыстар;
құқық қорғау және арнайы органдар қызметкерлерін өлтіру;
адам шығындарына немесе басқа да ауыр зардаптарға әкелген экологиялық қылмыстар;
ауыр зардаптарға әкелген жаппай тәртіпсіздіктер немесе топтық қақтығыстар;
көлік апаттары (әуе, теміржол, су көлігі), өрттер, үлкен материалдық шығындарға немесе адам шығындарына әкелген жағдайлар;
жазаны орындау жүйесінің мекемелері мен алдын ала ұстау орындарының жұмысын бұзған 10 және одан көп адамның қатысуымен болған жаппай тәртіпсіздіктер, топтық тәртіпсіздіктер мен бұзақылықтар;
киберқылмыстар;
ұлтаралық қатынастар негізінде жасалған трансұлттық қылмыстар; қылмыстық топ құрамында, аса ірі көлемде жасалған ұрлықтар;
Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің, Қазақстан Республикасы Парламентінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының, Ішкі істер министрі мен оның орынбасарларының бақылауындағы қылмыстық құқық бұзушылықтар;
сот шешімдерін орындамауға байланысты қылмыстық құқық бұзушылықтар;
шетел азаматтарының, мемлекеттік қызметшілердің, ішкі істер органдары қызметкерлерінің қатысуымен екі немесе одан көп адамның қаза болуымен аяқталған жол-көлік оқиғалары.
13. Тергеу департаменті тергеу және анықтау бөлімшелерінің қылмыстық-процестік қызметін талдау негізінде мыналарды жүзеге асырады:
сотқа дейінгі тергеп-тексерудің сапасын жақсартуға бағытталған шараларды әзірлейді;
ішкі істер органдары бөлімшелерінің қылмыстық-процессуалдық қызметінің жай-күйін тексеруге, анықталған кемшіліктерді жою бойынша іс-шаралар әзірлеуге қатысады және олардың орындалуын бақылайды;
аумақтық бөлімшелердің қылмыстық-процестік қызметінің нәтижелері бойынша ақпараттық хаттар, шолулар, ұсыныстар дайындайды, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді, жекелеген қылмыстық құқық бұзушылық құрамдарын тергеу тактикасы мен әдістемесін жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізеді, алдыңғы қатарлы тәжірибені жалпылап, таратуды және оны тәжірибеге енгізуді қамтамасыз етеді;
анықтаудың штаттық көрсеткіштері және анықтау функцияларын жүзеге асыратын қызметтер бойынша негізгі көрсеткіштердің статистикалық деректерін жинақтау, өңдеу, жалпылау арқылы олардың қызметін кешенді талдау жүргізеді. Бұл талдау қызметтік міндеттерін орындау барысында кеткен кемшіліктер мен қателіктерді анықтап, оларды жою бойынша кешенді шаралар әзірлеуді көздейді;
тергеу және анықтау бөлімшелерінің қызметіне қатысты азаматтардың өтініштерін қарайды.
4-тарау. Республикалық маңызы бар қалалардың, облыстардың, елорданың және көліктегі полиция департаменттерінің тергеу басқармаларының жұмысын ұйымдастыру
14. аумақтық полиция органдарында тергеу жұмыстарын ұйымдастыру ПД тергеу басқармаларына, ал Байқоңыр қаласындағы ІІМ өкілдігінде – тікелей өкілдік басшыларына жүктеледі.
15. ПД тергеу басқармасының қызметі қылмыстық-процестік заңнамаға, ведомстволық нормативтік актілерге және қылмыстылықпен күрестегі күштерді үйлестіру принциптеріне негізделген басқа ПД қызметтерімен және тиісті құқық қорғау, бақылау органдарымен өзара іс-қимыл жасай отырып, мәндік-аймақтық қағидат бойынша ұйымдастырылады.
16. ПД тергеу басқармасы басқа бөлімшелермен және қызметтермен бірлесіп:
1) қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алуды, ашылуын және тергелуін күшейту, заңдылықты нығайтуға бағытталған келісілген іс-шараларды әзірлейді;
бұйрықтар, нұсқаулар және әдістемелік құжаттар жобаларын дайындайды;
тергеу бөлімшелерінің жұмысын тексеру және оны ұйымдастыруға практикалық көмек көрсету, сондай-ақ қылмыстық құқық бұзушылықтарды ашу және тергеу үшін төмен тұрған бөлімшелерге барады;
қылмыстылықпен күресті күшейту, тергеу және жедел-іздестіру қызметтерінің жұмысын жетілдіру мәселелері бойынша бірлескен мәжілістер, семинарлар және басқа да іс-шараларды белгіленген тәртіппен ұйымдастырады және өткізеді;
2) бақылауды жүзеге асырады:
қылмыстық құқық бұзушылықтарды жылдам әрі толық ашу үшін тергеушілердің, анықтаушылардың және анықтау функцияларын орындайтын бөлімшелердің өзара іс-қимылын;
тиісті жедел, криминалистикалық және басқа қызметтердің қызметкерлерімен бірге тергеушілердің оқиға орнына уақтылы шығуын;
қылмыстық істер бойынша тергеу әрекеттері мен жедел-іздестіру іс-шараларының орындалуын;
сараптамалардың уақтылы тағайындалуы мен жүргізілуі, алынған нәтижелердің толық пайдаланылуы, қылмыстық құқық бұзушылықтарды тергеу барысы туралы ақпарат алмасу және іс бойынша жиналған дәлелдемелерді бірлесіп талқылауды;
қылмыстық іс бойынша түпкілікті шешім шығарылған сәттен бастап алты айдан кешіктірмей, жасырын тергеу әрекеттері жүргізілген тұлғаға хабарламаның уақтылы жіберілуін, ҚПК-нің 240-бабы 1-1-бөлігімен белгіленген талаптардың сақталуын;
азаматтық талап немесе өзге де мүліктік өндіріп алу немесе ықтимал мүлікті тәркілеу бөлігінде үкімді орындауды уақтылы қамтамасыз ету мақсатында ҚПК-нің 161-бабына сәйкес тергеушілердің мүлікке тыйым салу туралы шараларды дер кезінде қабылдауын және мүлікті басқаруға уақытша шектеулерді сақтауын;
3) өткен жылдардағы қылмыстық істер бойынша бағынысты аппараттардың жұмысын ұйымдастыруды, қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамдарды анықтау және іздестіру бойынша шаралардың уақытылы қабылдануын тексереді, анықталған кемшіліктерді жоюға қажетті көмек көрсетеді;
4) қылмыстық істер мен қылмыскерлерді іздестіру жарияланған істердің тергелуін бақылайды;
5) тергеу кадрларын іріктеуді және орналастыруды жүзеге асырады, оларды марапаттау немесе жаза қолдану, қызметте ауыстыру туралы ұсыныстар енгізеді.
17. ПД тергеу басқармалары өңірлердегі қылмыстылықтың жай-күйі, оның санаттары мен түрлері бойынша динамикасы туралы ақпаратты жинау және жинақтауды тұрақты түрде жүзеге асырады. Бұл үшін тиісті ақпарат түрлері бойынша арнайы папкалар ашылады. Алынған ақпаратты талдау негізінде заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайту, қызметте нақты өзгерістерге қол жеткізуге бағытталған шараларды әзірлей отырып, ай сайын анықтамалар жасалады.
18. ПД тергеу басқармасы инспекциялау мен мақсатты тексерістерді, тергеу бөлімшелері басшыларын есептерімен шақыруды өз бетінше немесе басқа қызметтермен бірлесіп, ПД жұмыс жоспарларына сәйкес немесе тергеу бөлімшесінің жұмысындағы кемшіліктерге ден қою тәртібінде жүргізеді. Тексерістер тергеу бөлімшесінің қызметінің жай-күйіне, өңір ерекшеліктеріне, қылмыстылық деңгейіне мұқият талдау негізінде жоспарланып, жүргізіледі.
Тексеріс тақырыбына қарамастан, тергеушілердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес заңнамасын сақтауына бақылау жүргізіледі. Олардың қызмет нәтижелерін жақсарту бойынша әдістемелік және практикалық көмек көрсетіледі.
19. Қылмыстылықпен күрес жағдайы туралы деректердің кешенді талдауы, тергеу жұмысының нәтижелері, инспекциялау материалдары, тексерістер мен өзге де ақпарат негізінде, ПД тергеу басқармалары тоқсан сайын жоспарлар әзірлейді. Осы жоспарларға сәйкес, тергеу сапасын арттыруға және ведомстволық бақылау деңгейін көтеруге бағытталған іс-шаралар жүзеге асырылады, тергеу жұмысындағы кемшіліктерді жою бойынша шешімдер мен практикалық шаралардың уақтылы қабылдануы қамтамасыз етіледі.
20. ПД тергеу басқармасы қоғамдық резонанс тудырған, ауданаралық сипаттағы немесе көлік магистралі бойындағы бірнеше учаскеде жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтарды тергейді, сондай-ақ:
1) мына бағыттар бойынша бақылауды жүзеге асырады:
ІІМ бақылауындағы қылмыстық істер;
ПД басшысы мен тергеуді қадағалайтын оның орынбасарының бақылауындағы қылмыстық істер;
ашылмаған қасақана адам өлтіру қылмыстық істері;
кәмелетке толмаған балаларға қатысты сексуалдық сипаттағы қылмыстық құқық бұзушылықтар;
тапсырыспен жасалған адам өлтірулер;
қоғамдық резонанс тудырған екі немесе одан да көп тұлғаны өлтірулер;
ауыр зардаптарға әкелген жаппай тәртіпсіздіктер немесе топтық қақтығыстар;
қоғамдық резонанс тудырған киберқылмыстар;
шетел азаматтары жасаған немесе оларға қатысты қылмыстық істер;
прокурор қосымша тергеу жүргізу үшін қайтарған қылмыстық істер;
тергеу мерзімі немесе күдіктілерді қамауда ұстау мерзімі ұзартылған істер;
ІІМ мен прокуратура органдарынан келіп түскен, олардың бақылауында тұрған азаматтардың хаттары мен шағымдары.
2) ай сайын мынадай қылмыстық істерді зерделейді:
тергеу мерзімі ҚР ҚПК-нің 45-бабы 7-бөлігіне сәйкес үзілген қылмыстық істер. Тергеудің толықтығы мен объективтілігі, іздеудің жариялануының негізділігі мен уақтылылығы, бұлтартпау шараларын таңдау, іздестіру ісінің бар-жоғы, іздестіру аппараты мен өңірдің құқықтық статистика және арнайы есепке алу басқармасы деректерімен сәйкестігі тексеріледі;
ашылмаған қылмыстық құқық бұзушылықтар. Тергеудің толықтығы, тергеу сапасы, қылмыстық құқық бұзушылықты ашу үшін қабылданған шаралардың жеткіліктілігі, заттай дәлелдемелердің бар-жоғы, олардың зерттелуі мен қылмыстық құқық бұзушылықты ашуда қолданылуы тексеріледі;
қабылданған шешімдердің объективтілігі мен заңдылығы тексеріледі, заңдылықты бұзушылықтарды жою туралы нұсқаулар жіберіледі немесе келіспеген жағдайда уәкілетті прокурорға шешімді жою немесе өзгерту туралы өтінішхат дайындалады.
бұл санаттағы қылмыстық істерді зерделеу нәтижелері бойынша ай сайын анықталған заң бұзушылықтар, жұмыстағы кемшіліктер мен олқылықтар, олардың себептері мен жағдайлары, оларды жоюдың жолдары мен тәсілдері көрсетілген анықтамалар жасалады;
3) сотқа жіберілген қылмыстық істерді зерделейді. Тергеушілердің кәсіби деңгейін арттыру және олардың қылмыспен күрестегі рөлін күшейту мақсатында қылмыстық құқық бұзушылықтарды сәтті ашу және тергеу бойынша озық тәжірибе жинақталып, таратылады.
4) белгіленген тәртіп пен мерзімде ТД-қа мыналарды ұсынады:
21. нақты қылмыстық істер мен тергеу жұмысының жекелеген бағыттары бойынша ақпаратты, қамауға алу, қамауда ұстау және азаматтарды қылмыстық жауапкершілікке тарту кезінде заңдылықтың сақталу жағдайы туралы мәліметтерді;
22. азаматтар, мекемелер, ұйымдар және лауазымды тұлғалардың ІІМ бақылауында тұрған өтініштері мен шағымдары бойынша ақпаратты;
1) тергеушілердің сыбайлас жемқорлық қылмыстар жасаған әрбір фактісі, азаматтардың конституциялық құқықтарын, соның ішінде заңсыз ұстау, қамауға алу және қамауда ұстау құқықтарын бұзу туралы ақпаратты, сондай-ақ мұндай жағдайлар орын алғанда, 1 тәулік ішінде ТД-не жіберіледі.
Тергеу сатысында азаматтардың конституциялық құқықтарының бұзылуының барлық фактілері бойынша қызметтік тергеп-тексерулер жүргізеді. Нәтижелерін қабылданған шараларды көрсетіп, ПД(К) бастығының бұйрығының қосымшасымен бірге 7 күнтізбелік күннен кешіктірмей ІІМ ТД-қа ұсынады.
2) жедел тәуліктегі оқиғалар бойынша арнайы хабарламаны жібереді, онда мына мәліметтер көрсетіледі:
оқиға мен қылмыстың белгілі болған мән-жайлары;
оқиға орнына жедел-тергеу тобының келу уақыты мен құрамы;
оқиға орнын тексеру барысында анықталған және алынған іздер, заттар, құжаттар мен басқа да объектілер;
алынған заттай дәлелдемелер, соның ішінде көлік құралдары, ұрланған заттар, сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған ақшалай қаражаттар мен өзге де материалдық құндылықтар және қылмыстық іске қатысты басқа да заттар (объектілер);
алынған іздер мен объектілер бойынша тағайындалған сараптамалар немесе жүргізілген экспресс-талдаулар;
жедел тергеу және басқа да процестік әрекеттер;
күдікті тұлғаның (тұлғалардың) жеке басы және оларға қолданылған процестік мәжбүрлеу немесе бұлтартпау шаралары;
қылмыстың саралануы, қылмыстық іс бойынша алдын ала тергеу және анықтау тапсырылған тергеу тобы туралы мәліметтер.
23. Бұйрықтардың, нұсқаулықтардың жобаларын және әдістемелік құжаттарды дайындайды. Қылмыстық-процестік заңнама талаптарын ескере отырып, әдістемелік құжаттарды дайындайды және төменгі тергеу бөлімшелеріне жолдайды. Бұл құжаттарда қылмыстарды жасаудың тәсілдері, оларды ашудың тән әдістері және тергеудің тиімді тәсілдері көрсетіледі.
24. Ең білікті және дайындалған қызметкерді (қызметкерлерді) анықтап, оған (оларға) мына міндеттерді жүктейді, құқықтық көмек көрсету туралы өтініштерді зерттеу, тапсырмалардың сотқа дейінгі тергеп-тексерудің біріңғай тізіліміндегі карточкаларын уақтылы толтыруды бақылау, құқықтық көмек көрсету туралы өтініштердің орындалуын бақылау, есептерді, соның ішінде прокуратура органдары арқылы өтініштерді жолдау және қабылдау бойынша есептерді жүргізу.
Халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыру кезінде туындайтын мәселелер туралы ІІМ ТД-ке жүйелі түрде ақпарат береді және оларды шешу бойынша ұсыныстар енгізеді.
Шетел мемлекеттерінің құзыретті органдарының қызметкерлері тергеу әрекеттеріне қатысу үшін Қазақстан Республикасының аумағына келген жағдайда, олардың жұмысын ұйымдастырады және қажет болған жағдайда іс-шараларға тікелей қатысады.
25. Тергеу басқармасы әр айдың 25-іне дейін ІІМ ТД-ке жәбірленушілер қорына қатысты мәліметтерді (салыстыру актісі, ҚҚБ тізілімі) ұсынады. Бұл бағытта жауапты қызметкерді бекітіп, жәбірленушілерге өтемақы төлемдерінің есебі мен талдауын жүргізеді. Жәбірленушілерге өтемақы тағайындау туралы өтініштерді есепке алу журналын (оның ішінде электронды форматта) жүргізеді, өтініштерге қатысты құжаттар кешенін қоса тіркей отырып, номенклатуралық іс жүргізеді. Сонымен қатар, өтініштерді есепке алу журналының мәліметтерін қаржы қызметтерінің тізілімімен салыстырып, жәбірленушілерге өтемақы тағайындау сәйкестігін ұйымдастырады.
26. Тергеу қызметкерлерінің кәсіби шеберлігін арттыру екі бағытта жүзеге асырылады: ІІМ ұйымдастыратын тергеу кадрларының біліктілігін орталықтандырылған түрде арттыру; ІІМ тақырыптық жоспарына сәйкес ПД-да қызметтік дайындық жүйесінде оқыту.
27. Тергеу басқармасының бастығы процеске қатысушылардың сотқа дейінгі өндіріс жүргізетін тұлғалардың әрекеттеріне немесе әрекетсіздігіне қатысты шағымдарын уақтылы және толық қарауды қамтамасыз етеді.
5-тарау. Қалалық, аудандық және желілік органдардағы тергеу бөлімшелерінің жұмысын ұйымдастыру
1-параграф. Қалалық және аудандық басқармалардың (бөлімдердің), ішкі істер желілік бөлімдерінің басшыларының қызметін ұйымдастыру
28. Қалалық, аудандық және желілік ішкі істер органының басшысы тергеу бөлімшелерінің басшыларымен бірге тергеушілердің қылмыстық құқық бұзушылықтарды алдын алу, ашу және тергеу, сондай-ақ қашып жүрген қылмыскерлерді іздестіру бойынша басқа да ішкі істер органдарының қызметтерімен өзара іс-қимылын ұйымдастырады.
29. Қалалық, аудандық және желілік ішкі істер органының басшысы:
1) оқиға орнына тергеу-жедел топтардың уақытылы шығуын, оның ішінде ерекше ауыр қылмыстар мен қоғамдық резонанс тудырған оқиғаларға өзі тікелей қатыса отырып ұйымдастырады;
2) ақпараттық-есептік құжаттардың, соның ішінде электронды форматта тергеліп жатқан қылмыстық істерге қатысты құжаттардың объективтілігі мен дұрыстығын, сондай-ақ қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасаған тұлғалар туралы және құқық бұзушылықтардың саралануы туралы мәліметтердің шынайылығын бақылауды қамтамасыз етеді;
3) тергеуші ұсынған және ҚПК-нің 200-бабы тәртібімен енгізілген ұсынулардың уақытылы және сапалы қаралуын ұйымдастырады;
4) тергеушінің жұмысына барлық қажетті жағдайларды, оның ішінде материалдық-техникалық қамтамасыз етуді (автокөлік, компьютерлік техника және т.б.) жасайды;
5) процеске қатысушылардың сотқа дейінгі өндіріс жүргізетін тұлғалардың әрекеттеріне немесе әрекетсіздігіне қатысты шағымдарын уақытылы және толық қарауды қамтамасыз етеді;
6) азаматтарды қабылдау кестесін және қылмыстық істер бойынша сотқа дейінгі өндіріс мәселелері бойынша қалалық, аудандық және желілік орган құрылымдық бөлімшелерінің басшыларының жеке қабылдаулары туралы ақпаратты қолжетімді орындарға орналастыруды ұйымдастырады, сондай-ақ азаматтардың өтініштері болған жағдайда жеке қабылдау жүргізеді;
7) ҚПК-нің 62-бабы 2-бөліміне сәйкес қажетті жедел-іздестіру, қылмыстық-процестік, соның ішінде жасырын тергеу әрекеттерін (бұдан әрі – ЖТА) сапалы және уақытылы өткізуді ұйымдастырады және белгіленген тәртіпте тергеу органына өзінің қолымен рәсімделген процессуалдық құжаттарды ұсынады;
8) қылмыстық процесте дәлелдеу маңызы жоқ деп танылған ЖТӘ нәтижелерінің бөгде адамдардың танысу мүмкіндігін болдырмайтын жағдайларда сақталуын қамтамасыз етеді, сондай-ақ ҚПК-нің 240-бабы 1-1 және 6-бөлімдерінде көзделген мәселелер толық шешілгенге дейін және оларды белгіленген мерзімде прокурорды хабардар ете отырып жоюды бақылайды;
9) қылмыстық істер бойынша соңғы процестік шешім қабылдағанға дейін, сондай-ақ оларды айыптау актісімен сотқа жібергенге дейін сот сараптамаларын тағайындау және жүргізу кезінде тергеушіге қажетті практикалық көмек көрсетеді;
10) ҚПК тәртібімен хаттамалық және бұйрықтық өндіріс түрінде тергелетін қылмыстық істер бойынша:
қылмыстық теріс қылық туралы хаттаманы бекітеді және қылмыстық істі сотқа жібереді, хаттаманың көшірмесін прокурорға жолдайды;
хаттаманы бекітуден бас тартады және қылмыстық істі тергеу жүргізу үшін қайтарады (бұйрықтық өндіріс тәртібімен ҚПК-нің 35 және 36-баптарында көзделген негіздер бойынша қылмыстық істі қысқартуға уәкілетті);
11) жұмыстардың нәтижелері, соның ішінде қылмыстық теріс қылықтарды тергеу нәтижелері бойынша апта сайын қалалық, аудандық және желілік органдар мен қызметтердің басшыларын тыңдау өткізеді.
2-параграф. Аудандық басқармалардағы (бөлімдердегі), желілік және қалалық ішкі істер бөлімдеріндегі тергеу бөлімшелерінің жұмысын ұйымдастыру
30. Қалалық, аудандық және желілік ішкі істер органдарындағы тергеу жұмысын тергеу бөлімшелерінің басшылары ұйымдастырады.
31. Тергеу бөлімшелерінің қызметі ІІМ талаптары мен жедел жағдайды ескере отырып әзірленетін тоқсандық және жылдық жұмыс жоспарлары негізінде жүзеге асырылады. Жоспарларды орындау барысында түзетулер енгізуге рұқсат етіледі. Өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы шешімді жоспарды бекіткен бөлімше басшысы қабылдайды.
Жоспарда мынадай шаралар көзделеді:
1) қалалық, аудандық және желілік орган деңгейінде қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы хабарламаларға уақытылы әрекет ету, оқиға орындарына тергеу-оперативтік топтардың шығуын қамтамасыз ету, тергеу бөлімшелерінің басқа қызметтермен өзара іс-қимылын нығайту, жедел-криминалистикалық, ұйымдастырушылық және өзге де техникалармен қамтамасыз ету, жүктелген міндеттерді табысты орындау үшін тиісті еңбек жағдайларын жасау, тергеу бөлімшелері деңгейінде:
2) тергеу жұмысын ұйымдастыруды жақсартуға, ведомстволық бақылау деңгейін арттыруға бағытталған нақты шаралар (қажет болған жағдайда басқа қызметтермен келісілген), қылмыстық құқық бұзушылықтарды тергеу әдістемесін және тергеу әрекеттерін жүргізу тактикасын жетілдіру бойынша шаралар, тергеушілерге практикалық және әдістемелік көмек көрсету, оң тәжірибені тарату және енгізу, қазіргі заманғы ғылыми әдістерді қолдану, тергеушілердің кәсіби дайындығын арттыру.
32. Тергеу бөлімшелерінің басшылары тергеу жұмысының дұрыс ұйымдастырылуы және тергеушілердің ішкі істер органдарының басқа қызметтерімен қылмыстық құқық бұзушылықтарды ашу және тергеу бойынша өзара іс-қимылы үшін толық жауапкершілікте болады.
33. Тергеу бөлімшелерінің басшылары келесі мәселелерді бақылауда ұстайды:
1) процестік бақылау деңгейін, тергеушілер жұмысының тиімділігін және қылмыстық істерді тергеу сапасын арттыру бойынша шараларды қабылдау;
2) процесс қатысушыларының сотқа дейінгі өндіріс жүргізуші тұлғалардың әрекеттері мен әрекетсіздігіне қатысты шағымдарын қарау және азаматтарды жеке қабылдауды жүзеге асыру;
3) тергеушілердің қызметі үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы жағдайларды қамтамасыз ету және олардың мемлекеттік қызметші этикасын сақтауы;
4) өндірісі электрондық форматта жүргізілетін қылмыстық істерді есепке алу;
5) жасырын тергеу әрекеттерін есепке алу және ҚПК-нің 240-бабы 1-1-бөлімінде белгіленген талаптарды сақтай отырып, қылмыстық іс бойынша қорытынды шешім қабылданған сәттен бастап алты айдан кешіктірмей, жасырын тергеу әрекеттері жүргізілген тұлғаны хабарландыруды уақытылы жүзеге асыру;
6) заңнамаға және халықаралық шарттарға сәйкес құқықтық көмек көрсету туралы тапсырмаларды уақытылы ұсыну;
7) жәбірленушілер қорынан өтемақы төлеудің заңдылығын қамтамасыз ету.
34. Тергеу бөлімшесінің басшысы ҚПК-де белгіленген құзыретке сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық туралы ақпаратты қабылдау кезінде дереу шаралар қабылдайды. Ол хабарландыруды алған уәкілетті тұлғаға, соның ішінде байланыс құралдарын пайдалана отырып, тіркеуді қамтамасыз ету үшін СДТТБТ-ға тіркеу мақсатында дереу хабарлау шараларын ұйымдастырады.
35. Тергеу бөлімшелерінің қызметін үйлестіретін қалалық, аудандық және желілік ішкі істер органының бастығының орынбасары:
1) тергеу бөлімшесінің жұмыс жоспарларын және жоғары тұрған органдардан келіп түскен бақылау тапсырмаларын орындауды бақылайды;
2) тергеу бөлімшесінің қызметін, оның ішкі істер органдарының жедел және басқа да қызметтерімен, сондай-ақ басқа құқық қорғау органдары мен ведомстволармен өзара іс-қимылын үйлестіреді;
3) ҚПК-нің 194-бабына сәйкес қылмыстық құқық бұзушылықтарды ашу және тергеу үшін анықтау органының басшысы ретінде тергеу-жедел топтар құрады;
4) ҚПК-нің 179-180, 187-баптарына сәйкес ішкі істер органдарының тергеуіне жатқызылған қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы өтініштер мен хабарламаларды шешім қабылдау үшін тергеу бөлімшесіне бағыттайды;
5) қылмыстық құқық бұзушылық іздерін анықтау және бекіту бойынша шұғыл тергеу әрекеттерінің уақтылы және сапалы жүргізілуін бақылап, сонымен қатар қылмыстық құқық бұзушылық туралы өтініштер мен хабарламаларды СДТТБТ-ға тіркеу үшін байланыс құралдарын пайдалана отырып, шаралар қабылдайды;
6) тергеушілердің жедел есепке алу материалдарымен және жасырын тергеу әрекеттерімен танысу құқықтарын іске асыруды қамтамасыз етеді, жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде алынған ақпарат пен материалдарды қылмыстық істерді тергеу кезінде дәлел ретінде пайдалану үшін тергеушілерге уақтылы тапсыруды бақылауды жүзеге асырады;
7) тергеу бөлімшелерінің қызметін, қылмыстық құқық бұзушылықтарды тергеу кезіндегі істің барлық мән-жайын жан-жақты және объективті зерттеуді бақылайды;
8) ауыр немесе басқа да қылмыстық құқық бұзушылықтарға байланысты оқиға орындарына жеке барып, оқиға орнын қарау сапасын және сотқа дейінгі тергеу материалдарын жинауды бақылайды, қажет болған жағдайда қосымша күштер мен құралдарды бөлуді қамтамасыз етеді;
9) тергеушілердің тергеліп жатқан қылмыстық істер бойынша тапсырмалары мен нұсқауларының уақтылы және сапалы орындалуын қамтамасыз етеді;
10) жедел жағдайды ескере отырып, қызметтік қызметтің өзекті мәселелерін жедел кеңестерде қарау туралы және тергеу бөлімшелерінің жұмысын жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізеді;
11) тергеушілердің жұмыс уақытын тиімді пайдалануды қамтамасыз етіп, оларға тән емес функцияларды орындауды болдырмайды, барлық күштер мен құралдарды қылмыстарды тергеуге бағыттайды;
12) өз құзыреті шегінде тергеушілердің және басқа да қызметкерлердің іс-әрекеттері мен шешімдеріне қатысты шағымдарды қарайды және шешеді. Қолданыстағы тәртіпте тергеушілерді көтермелеу, тәртіптік жаза қолдану, ауыстыру туралы ұсыныстар енгізеді;
13) тергеушілердің қызметтік міндеттерін орындау кезінде өміріне, денсаулығына және мүлкіне қауіп төнген жағдайда олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдайды;
14) қызметтік-әскери тәртіптің сақталуын талап етеді.
36. Тергеу бөлімінің (бөлімшесінің) бастығы, тергеу тобының аға тергеушісі ҚПК-нің 59-бабымен белгіленген өкілеттіктерден бөлек, өз құзыреті шеңберінде:
1) жедел және криминалистикалық бөлімше басшыларымен бірлесіп, тергеушілерді, жедел қызметкерлерді, криминалистерді және қажет болған жағдайда басқа қызметтердің қызметкерлерін қылмыстық құқық бұзушылықтарды ашу және тергеу нәтижелері туралы ай сайын тыңдап, тергеу әрекеттерін жүргізуде, жедел-іздестіру және жасырын тергеу әрекеттерін жүзеге асыруда практикалық көмек көрсетеді;
2) ауыр немесе басқа да қылмыстық құқық бұзушылықтар болған жағдайда оқиға орнына жеке шығып, оқиға орнын қарап, сотқа дейінгі тергеу материалдарын жинауды қамтамасыз етеді;
3) оқиға орнынан алынған іздер мен өзге де заттай дәлелдемелерді зерттеуге уақтылы жіберу мен оларды сақтауды, сондай-ақ қылмыстық құқық бұзушылықтарды ашуда толық және тиімді пайдалануды бақылайды;
4) тергеушінің қылмыстық құқық бұзушылықтарды ашу және тергеу бойынша әрекеттерінің уақытылы жүргізілуін, тергеу әрекеттерін жүргізуде заңдылықтың сақталуын процессуалдық тұрғыдан бақылайды;
5) ҚПК 45-бабының 7-бөлігінде көзделген негіздер бойынша сотқа дейінгі тергеу мерзімдерін тоқтата тұрудың негізділігін, қылмыстық құқық бұзушылықтарды ашу бойынша қабылданған шаралардың толықтығын ай сайын тексереді;
6) тергеушілердің жұмысына еңбекті ғылыми тұрғыдан ұйымдастыру тәжірибесін, қазіргі заманғы криминалистикалық техниканы және қылмыстық құқық бұзушылықтарды тергеудің озық тәжірибесін енгізуді қамтамасыз етеді;
7) кадрлар қызметімен бірлесіп, тергеу қызметкерлерін кәсіби және іскерлік қасиеттеріне сәйкес таңдау және орналастыруды жүзеге асырады;
8) тергеу тәжірибесін және бөлімнің (бөлімшенің, топтың) жұмысын сипаттайтын деректерді жүйелі түрде талдайды, алдын ала тергеудің сапасы мен тиімділігін арттыру бойынша іс-шараларды әзірлеп, іске асырады, қалалық (аудандық) ішкі істер органының және облыстық полиция департаментінің тергеу басқармасының басшылығына ұсыныстар енгізеді;
9) ҚПК-нің 194-бабына сәйкес қылмыстық құқық бұзушылықтарды ашу және тергеу үшін тергеу-жедел топтар құрады;
9) жұмыс жоспарларын әзірлеп, бекітілген іс-шаралардың орындалуын бақылайды;
10) заңдылықты, соның ішінде құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі өңірлік басқармаға құқық бұзушылықты саралау туралы мәліметтердің объективтілігін қамтамасыз етеді, қылмыстық істерді тоқтату және олардың мерзімдерін үзу негізділігін бақылайды;
11) тоқтатылған қылмыстық істерді қабылданған шешімдердің негізділігі мен заңдылығы тұрғысынан зерделейді;
12) қылмыстық істер бойынша сотқа дейінгі тергеуге байланысты мәселелер бойынша азаматтарды жеке қабылдауды қамтамасыз етеді;
13) процесс қатысушыларынан сотқа дейінгі тергеу жүргізуші тұлғалардың әрекеттері мен әрекетсіздігіне қатысты шағымдарды қолданыстағы заңнамаға сәйкес қарайды және шешеді. Егер шағым ұстау, күдікті деп тану, күдіктінің әрекетін саралау, қызметінен шеттету заңдылығының бұзылуына қатысты болса, оларды алғаннан кейін 3 күн ішінде шешеді;
14) тергеушілерге қызметтік даярлықты ұйымдастыруды, тергеу органдарының қызметін реттейтін жаңа заңнамалық және нормативтік актілерді уақтылы зерделеуді қамтамасыз етеді;
15) тергеушілердің процессуалдық қызметіне заңсыз араласудың алдын алу бойынша шаралар қабылдайды.
37. Қалалық (аудандық) ішкі істер органы бастығы немесе оның тергеуді қадағалайтын орынбасары, тергеу бөлімінің (бөлімшесінің) бастығы, тергеу тобының аға тергеушісі ауысқан жағдайда, мерзімі үзілген істерді қоса алғанда, істерді қабылдау-тапсыру жүзеге асырылады. Нәтижелері аудан (қала) прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу басқармаларының деректерімен салыстырылады.
38. Тергеуші қылмыстық құқық бұзушылық іздерін анықтау және бекіту бойынша шұғыл тергеу әрекеттерін жүргізу, қылмыстық құқық бұзушылық туралы өтініш пен хабарламаны байланыс құралдарын пайдалана отырып, сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркеу шараларын қабылдау, қылмыстық істі өзінің өндірісіне қабылдау, шұғыл жедел-іздестіру іс-шараларын, тапсырмаларды және нұсқауларды орындаудың нақты мерзімдерін белгілей отырып, келісілген тергеу әрекеттері жоспарын дайындау және заңды процестік шешім қабылдауды жүзеге асырады.
Келісілген жоспар қылмыстық құқық бұзушылықты тергеудің барлық кезеңдерін қамтиды және мыналарды қамтиды:
тергеу және іздестіру нұсқалары;
оларды тексеру үшін анықталуға тиіс деректер;
тергеу әрекеттерінің тізімі;
жедел жолмен анықталуға жататын мән-жайлар;
мерзімдер мен орындаушылар.
Жоспар өзгертілуі және толықтырылуы мүмкін, оны түзетуге бастамашылық ету құқығы тергеушіге де, жедел қызметкерлерге де тиесілі.
39. ҚПК 60-бабының 3-тармағына сәйкес тергеуші істің мән-жайларын жан-жақты, толық және объективті зерделеу үшін барлық шараларды қабылдайды. Ол қылмыстық құқық бұзушылық жасағанын көрсететін жеткілікті дәлелдер жиналған тұлғаға қатысты қылмыстық қудалауды жүзеге асырады. Бұл күдіктінің әрекетін саралау, оған бұлтартпау шарасын таңдау, қылмыстық құқық бұзушылық мән-жайларын баяндап, жиналған дәлелдемелерді сипаттай отырып, айыптау актісін жасау және сотқа дейінгі тергеудің аяқталғаны туралы есепті дайындау арқылы жүзеге асырылады.
Егер процесуалдық келісім жасасуға негіз болатын мән-жайлар анықталса, бұл туралы прокурорға хабарлайды. Қажетті негіздер болған жағдайда бұйрықтық өндірісті қолданады.
40. Үкімді азаматтық талап, өзге де мүліктік өндіріп алулар немесе мүлікті ықтимал тәркілеу бөлігінде орындауды қамтамасыз ету мақсатында тергеуші күдіктінің немесе оның әрекеттері үшін заң бойынша материалдық жауапкершілікке тартылатын тұлғалардың мүлкін анықтау шараларын қабылдайды (ҚПК 60-бабының 4-тармағы).
Қылмыстық істер бойынша тергеу жүргізу барысында тергеуші қылмыстық жолмен алынған немесе қылмыстық жолмен алынған қаражатқа сатып алынған, басқа адамдардың меншігіне берілген мүлікті анықтау шараларын да қабылдайды (ҚПК 60-бабының 5-тармағы).
41. Тергеуші оқиға болған жерді жеке өзі тексереді және оның сапасына дербес жауапкершілік көтереді. Оқиға болған жерді қарау барысында тергеушінің нұсқаулары басқа қызметтердің қызметкерлері үшін міндетті болып табылады және бұлжытпай орындалады.
42. Қылмыстық құқық бұзушылықтарды тергеген кезде ішкі істер органдарының басқа қызметтерімен тергеушінің өзара іс-қимылы қылмыстық-процестік заңнамаға сәйкес, келісілген жоспарлау, ақпарат алмасу, әрбір қызметтің құзыретін нақты ажырату негізінде және тергеушінің ұйымдастырушылық рөлі арқылы жүзеге асырылады.
43. Қылмыстың түрлері мен оны жасаған тұлғаларға байланысты қылмыстың жасалуына ықпал еткен басқа себептер мен жағдайларды, заң бұзушылықтарды анықтап, оларды жою бойынша шаралар қабылдайды.
1) бұл ретте қылмыс жасаған жағдайда:
кәмелетке толмағандармен: ҚПК-нің 113-бабына сәйкес қылмыстық іс бойынша дәлелдеуге жататын мән-жайлармен қатар, кәмелетке толмағандардың қараусыз қалуын және құқық бұзушылықтарының алдын алу бойынша уәкілетті мемлекеттік органдар мен басқа да ұйымдардың өкілдерінің қызметін бағалау, олар өздерінің лауазымдық міндеттері немесе құзыреті шегінде қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған шараларды қабылдауы тиіс (білім беру органдары, әкімдік, әкімшілік полиция);
түзеу мекемелерінен, қамау үйлерінен босатылған азаматтармен, сондай-ақ арнайы оқу-тәрбиелік және емдеу-тәрбиелік мекемелерден оралған азаматтармен: таңдалған тұрғылықты жерге келуі бойынша тиісті бақылау қамтамасыз етілді ме, жергілікті атқарушы және өкілетті органдар аталған азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету және жұмысқа орналастыру бойынша шаралар қабылдады ма (қылмыстық-атқару жүйесінің органдары, әкімшілік полиция, денсаулық сақтау органдары);
алкогольдік масаң күйде, не есірткі заттарды, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын, токсикалық немесе өзге де еліткіш заттарды пайдаланған күйде болған азаматтармен: аталған азаматтарға қатысты уәкілетті мемлекеттік органдар, өзге ұйымдар немесе уәкілетті лауазымды тұлғалар (бұдан әрі – құқық бұзушылықтардың алдын алу субъектілері) тиісті профилактикалық іс-шараларды жүргізді ме, олар формалды сипатта болмады ма (денсаулық сақтау органдары, әкімшілік және криминалдық полиция, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімшелері).
өмірге және денсаулыққа, қоғамдық тәртіп пен қоғамдық адамгершілікке қарсы қылмыстар бойынша – құқық бұзушылықтардың алдын алу субъектілерімен тиісті профилактикалық іс-шаралар жүргізілді ме (қылмыс жағдайларына байланысты), соның ішінде әкімшілік құқық бұзушылықтар жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған, қару сақтауға және оны алып жүруге рұқсатты жоюға негіз болатын жағдайларда қару иелерін анықтау, қару, оның оқ-дәрілері, жарылғыш заттар мен өзге де зақымдау құралдарының сақталу қауіпсіздігі қамтамасыз етілді ме, бос тұрған тұрғын үйлерге және тұрғын үйлердің шатырларына азаматтардың рұқсатсыз кіруін болдырмау бойынша тиісті шаралар қабылданды ма, жолаушыларды тасымалдау қауіпсіздігін қамтамасыз ету, көшелер мен аулалық аумақтарды жарықтандыруды ұйымдастыру, азаматтардың жаппай болатын қоғамдық орындарын, құқық бұзушылықтар жиі орын алатын қоғамдық орындарды бейнебақылау жүйелерімен және төтенше байланыс құрылғыларымен жабдықтау (оларды ішкі істер органдары бақылайды) бойынша жұмыстар атқарылды ма (білім беру органдары, әкімдік, әкімшілік полиция);
меншікке қарсы қылмыстар бойынша – құқық бұзушылықтардың алдын алу субъектілерімен мемлекеттік және жеке меншікті сақтау бойынша қабылданған шаралар жеткілікті және тиімді болды ма, үй-жайларды қорғау және қауіпсіздік құралдарымен жабдықтау, үйлердің кіреберістеріндегі есіктерге домофондар, кодтық құлыптар және бейнебақылау құрылғыларын орнату, күзетілетін ақылы тұрақтар салу, гараж массивтерінде, көлік құралдары тұрақтарында жарықтандыру жүйелерін техникалық жарамды күйде ұстау, тұрғын үй кешендерін жобалау және салу кезінде гараждар мен көлік құралдарының тұрақтарына арналған орындарды бөлу (әкімдік, әкімшілік полиция);
отбасындағы зорлық-зомбылықпен байланысты қылмыстар бойынша – құқық бұзушылықтардың алдын алу субъектілерімен отбасыдағы зорлық-зомбылықтың себептері мен оған ықпал ететін жағдайларды анықтау және жою бойынша қабылданған шаралар жеткілікті болды ма, зорлық-зомбылық құрбандарына қажетті медициналық және психологиялық көмек көрсетілді ме, отбасындағы зорлық-зомбылықпен байланысты құқық бұзушылықтар туралы мәліметтер жинақталып, жүйеленді ме, азаматтарды әрекетке қабілеті шектеулі деп тану, ата-ана құқығынан айырмай-ақ баланы алып қою немесе ата-ана құқығынан айыру, психикалық бұзылулары (аурулары) бар азаматтарға қауіпсіздік пен мәжбүрлеп емдеу шараларын қолдану, әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы шешімдер қабылдау үшін материалдарды дайындау уақтылы басталды және жүзеге асырылды ма (білім беру органдары, әкімдік, әкімшілік полиция).
2) қылмыстық іс жүргізу барысында қылмыстың жасалуына ықпал еткен заң бұзушылықтарды, себептер мен жағдайларды анықтай отырып, Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 200-бабын басшылыққа ала отырып, тиісті мемлекеттік органдарға, өзге де ұйымдарға немесе лауазымды тұлғаларға оларды жою бойынша шаралар қабылдау туралы ұсыныс енгізу (бұдан әрі – ұсыныс).
Негіздер болған жағдайда ұсынуды қылмыстық іс бойынша өндірістің кез келген сатысында, алдын ала тергеу аяқталғанын күтпестен енгізу қажет;
3) ұсынысты мемлекеттік органдарға, өзге де ұйымдарға немесе лауазымды тұлғаларға олардың құзыретіне сәйкес жіберу.
Ұсыныстың сипаттамалық-негіздемелік бөлігінде жасалған қылмыстың мән-жайлары, оның жасалуына ықпал еткен себептер мен жағдайлар, анықталған нормативтік құқықтық және өзге де актілердің, лауазымдық нұсқаулықтардың бұзылуы қысқаша көрсетілуі тиіс.
Ұсыныстың қарар бөлімінде заң бұзушылықтарды, қылмыстың жасалуына ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою бойынша нақты шаралар қабылдау туралы талаптар (ұсыныстар) тұжырымдалуы тиіс. Сонымен қатар, заң бұзушылықтарға жол берген лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тарту қажеттілігі көрсетіліп, Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 200-бабымен көзделген мерзім мен қабылданған шаралар туралы жазбаша хабарлау міндеттілігі айқындалуы қажет. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі – ӘҚБтК) 664-бабында көзделген, ұсынысты қараусыз қалдырғаны немесе онда көрсетілген бұзушылықтарды жоюға шаралар қабылдамағаны, ұсынысқа уақытылы жауап бермегені үшін лауазымды тұлғаның жауапкершілігі туралы ережелер түсіндірілгені жөн;
4) ұсыныстардың көшірмелерін қылмыстық істердің материалдарына қосып, жинақтаушы іс өндірісіне орналастыру;
5) ең маңызды, қоғамда үлкен резонанс тудырған қылмыстар бойынша қылмыстық істерге қатысты ұсыныстарды қарастыратын мемлекеттік органдардың, өзге де ұйымдардың немесе лауазымды тұлғалардың заң бұзушылықтардың алдын алуға, қылмыстың жасалуына ықпал еткен себептер мен жағдайларды жоюға бағытталған тиісті шараларды қабылдауын қамтамасыз ету мақсатында, ұсыныстардың көшірмелерін тиісті прокурорға жіберу қажет. Бұл қажет болған жағдайда прокурорлық ықпал ету шараларын қабылдау үшін жасалады;
6) ұсыныстарды қарау бойынша шаралардың қабылданбауына дер кезінде және принципті түрде әрекет ету. Оның ішінде Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 664-бабымен көзделген әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар құру арқылы әрекет ету. Мұндай фактілер туралы прокуратура органдарына хабарлау.
44. Тергеу барысында ішкі істер органдары қызметкерлерінің қызметтік әрекетіндегі кемшіліктер анықталған жағдайда, тергеуші тиісті басшыға ұсыныс жібереді.
45. Егер тергеушіге қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін күдікке ілінген, ішкі істер органдарының тергеуіне жататын тұлға жеткізілсе, ол Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 180-184-баптарымен көзделген сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастауға негіздер мен дәлелдердің бар-жоғын, сондай-ақ осы тұлғаны Қылмыстық-процестік кодекстің 128-бабына сәйкес ұстау негіздерін тексереді және тиісті шешім қабылдайды.
46. Егер күдікті немесе айыпталушы қылмыстық істің реабилитациялық негіздер бойынша (оқиғаның болмауына немесе қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты) тоқтатылуы немесе ақтау үкімінің шығуына байланысты тергеу барысында қамаудан босатылса, қала-аудандық ішкі істер органы бастығының тергеу жөніндегі орынбасары, тергеу бөлімінің, бөлімшесінің бастығы, топтың аға тергеушісі 24 сағат ішінде ПД тергеу басқармасы арқылы ТД-ке ақпарат жібереді.
47. Қылмыстық-процестік заңнаманы өрескел бұзу фактілері қала-аудандық ішкі істер органы жедел кеңесінде қаралуы тиіс.
48. Қажет болған жағдайда, жедел ахуал мен штаттық мүмкіндіктерді ескере отырып, тергеушілер жеке учаскелерге (аймақтарға) бекітіледі немесе қылмыстық құқық бұзушылықтың жекелеген түрлерін тергеуге маманданады.
49. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 60-бабының 7-бөлігіне сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында барлық шешімдерді тергеуші өз бетінше қабылдайды. Алайда заңда прокурордың, соттың санкциясын немесе сот шешімін алуды талап ететін жағдайлар қарастырылған. Тергеуші қабылдаған шешімдердің заңдылығы мен уақтылы орындалуын қамтамасыз етеді. Тергеушінің қызметіне заңсыз араласу қылмыстық жауаптылыққа әкеледі.
Қылмыстық іс бойынша тергеушінің өз өкілеттіктері шегінде шығарған қаулысы, сондай-ақ сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында берген тапсырмалары мен нұсқаулары барлық ұйымдар, лауазымды тұлғалар және азаматтар үшін орындалуға жатады.
50. Тергеуші кез келген уақытта өз қаулысымен істі өндіріске қабылдап, оны тергеуге кіріседі, бұл ретте анықтау органдарының шұғыл тергеу әрекеттерін орындауын күтпейді (ҚР ҚПК 60-бабының 6-бөлігі).
51. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 60-бабының 9-бөлігіне сәйкес, тергеуші өзі тергеп жатқан істер бойынша анықтау органдарының жедел есепке алу және жасырын тергеу әрекеттері материалдарымен танысады, оларды іс жүргізу тәртібімен іске қосу үшін сұратады. Сондай-ақ анықтау органдарына іздестіру, тергеу және жасырын тергеу әрекеттерін орындау туралы тапсырмалар мен нұсқаулар береді, тергеу әрекеттерін жүргізуге жәрдемдесуді талап етеді.
6-тарау. Ішкі істер органдарындағы штаттық анықтаулар бойынша қылмыстық құқық бұзушылықтарды сотқа дейінгі тергеп-тексеруді ұйымдастыру
52. Қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру анықтау және хаттамалық нысанда Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің талаптарына қатаң сәйкес жүргізіледі. Ол қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтық жағдайларын анықтау, белгілеу және бекіту, сондай-ақ оларды жасаған тұлғаларды қылмыстық жауапкершілікке тарту бойынша өкілеттіктер шегінде жүзеге асырылады.
53. Штаттық анықтау бөлімшелерінің қызметкерлері (бұдан әрі – анықтау бөлімшелері) және анықтау жүргізу функцияларымен қамтылған қызметтер Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 191-бабымен көзделген, ішкі істер органдарының құзыретіне жатқызылған қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізеді.
54. Қажет болған жағдайда (тиісті лауазымдардың болмауы, қылмыстық құқық бұзушылық жасалған ауданның алыс орналасуы) анықтау жүргізу функцияларымен қамтылған қызметтердің қызметкерлері басқа қылмыстық теріс қылықтар құрамдары бойынша хаттамалық нысанда сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізеді.
1-параграф. ПД Анықтау басқармасының (бөлімінің) жұмысын ұйымдастыру
55. Анықтау басқармасына (бөлімге) (бұдан әрі – анықтау басқармасы) анықтау және хаттамалық нысанда сотқа дейінгі тергеп-тексеру қызметін ұйымдастырушылық-әдістемелік қамтамасыз ету және талдау жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу жүктеледі (ҚР ҚПК-нің 189-бабы).
56. Анықтау басқармасы:
1) анықтау бөлімшелерінің және анықтау функцияларын жүзеге асыратын қызметтердің процессуалдық қызметінің жағдайын, инспекциялау материалдарын, тексерістер мен басқа да ақпараттарды талдау негізінде тоқсандық жоспарлар әзірлейді, алдын ала тергеу сапасын жақсартуға және процестік бақылау деңгейін арттыруға бағытталған іс-шараларды жүзеге асырады, жұмыстағы кемшіліктерді жою бойынша уақтылы шешімдер мен шаралар қабылдайды.
2) басқа қызметтермен бірлесіп немесе өз бетінше, ПД жұмысының жоспарларына сәйкес, сондай-ақ жедел жағдайдың күрделенуі, процестік қызметтегі кемшіліктер мен бұзушылықтарға байланысты, Департамент басшылығымен келісілген тәртіпте қала, аудан, желілік органдарға кешенді және мақсатты тексерістер жүргізеді.
3) қылмыстық істер бойынша, соның ішінде Ішкі істер министрлігі мен Департамент басшылығының бақылауындағы істерге қатысты бақылауды жүзеге асырады:
алдын ала тергеу мерзімі ұзартылған және күдіктіні қамауда ұстау мерзімі ұзартылған істер бойынша;
шетел азаматтарының қатысуымен немесе оларға қатысты жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша;
шетел азаматтарының, мемлекеттік қызметшілердің, ішкі істер органдары қызметкерлерінің, кәмелетке толмағандардың қатысуымен өлімге әкелген жол-көлік оқиғалары бойынша;
адамдардың қаза табуы және ірі материалдық залал келтірумен байланысты өрттер бойынша;
қоғамдық резонанс тудырған қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша;
сот шешімдерін орындамауға байланысты құқық бұзушылықтар бойынша.
4) алдын ала тергеу мәселелері бойынша салалық қызметтермен және басқа мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылды жүзеге асырады.
5) қылмыстық құқықбұзушылықтарды тергеу, заңдылықты нығайту жөніндегі бірлескен іс-шараларды әзірлейді және келіседі, бұйрықтар, нұсқаулар, нормативтік құқықтық актілердің жобаларын дайындайды, әдістемелік ұсынымдар мен қылмыстық істердің үлгілерін жасайды, тиісті тәртіппен кеңестер, семинарлар және өзге де іс-шараларды өткізеді.
6) тергеу бөлімшелерінің басқа қызметтермен тиімді өзара іс-қимылын қамтамасыз етеді, қылмыстық істер бойынша тапсырмаларды орындау, құқық бұзушылық жасаған адамдарды анықтау және іздестіру жұмыстарын ұйымдастыру бойынша мәселелерді бірлесіп талқылайды, анықталған кемшіліктерді жоюға көмек көрсетеді.
7) заңдылық пен тәртіпті бұзу фактілері бойынша қызметтік тергеп-тексерулер жүргізеді. Заңдылық пен тәртіпті сақтау мәселелері тоқсан сайын қаралады.
8) тергеушілердің кәсіби деңгейін арттыру бойынша іс-шараларды тұрақты негізде жүргізеді, озық тәжірибені жинақтап, таратады, кадрлық аппаратпен бірлесіп тергеу бөлімшелерінде жұмыс істеу үшін қызметкерлерді іріктеу және орналастыруды жүзеге асырады. Қызметтік іссапарлар кезінде Тергеу басқармасының қызметкерлері бұл бағыттағы жұмыстарды тексеріп, оларды жақсартуға көмек көрсетеді.
ТД-қа беріледі:
қылмыстық теріс қылықтар бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру тәжірибесі туралы ақпарат;
анықтау бөлімшелеріндегі есепке алу-тіркеу тәртібінің жай-күйі және қызметтік тергеу нәтижелері туралы ақпарат, оған қоса (К)ПД бұйрығының көшірмесі қоса беріледі;
жол-көлік оқиғаларымен байланысты қылмыстық құқық бұзушылықтарды сотқа дейінгі тергеп-тексеру тәжірибесі туралы ақпарат;
сот шешімдерінің орындалмауымен байланысты қылмыстық құқық бұзушылықтарды сотқа дейінгі тергеп-тексеру тәжірибесі туралы ақпарат;
өртпен байланысты қылмыстық құқық бұзушылықтарды сотқа дейінгі тергеп-тексеру тәжірибесі туралы ақпарат;
ІІМ бақылауына алынған қылмыстық істер бойынша ақпарат;
анықтау бағыты бойынша жаңа қылмыстық құрамдарды тергеу жағдайы, проблемалық мәселелер және оларды жою бойынша ұсыныстар туралы ақпарат.
57. Анықтау басқармасы анықтау бөлімшелерінің қызметкерлеріне қатысты қылмыстық істер қозғау, адамдардың қаза болуына және ірі залал келтіруге әкеп соққан өрттер, сондай-ақ шетел азаматтарының, мемлекеттік қызметшілердің, ІІО қызметкерлерінің, кәмелетке толмағандардың қатысуымен болған екі немесе одан көп адамның қаза болуына әкеп соққан жол-көлік оқиғалары туралы әрбір факті бойынша ТД-ке жедел арнайы хабарлама жібереді.
58. Басқа ақпарат анықтау қызметін ұйымдастыру басқармасы мен ІІМ Тергеу департаментінің белгілеген мерзімдеріне сәйкес қажеттілігіне қарай ұсынылады.
2-параграф. Ішкі істер органдарының қалалық, аудандық, желілік органдарында сотқа дейінгі тергеп-тексеруді анықтау және хаттамалық формада ұйымдастыру
59. Ішкі істер органдарындағы анықтау органы басшысының өкілеттіктеріне Департамент, басқарма, бөлім басшылары және олардың орынбасарлары ие.
60. Анықтау органы басшысы қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы арыздарды, хабарламаларды байланыс құралдарын пайдалана отырып, оның ішінде сотқа дейінгі тергеп тексерудің біріңғай тізіліміне (СДТТБТ) уақтылы тіркеуді, оларды тергеу ведомствосына жолдауды, қылмыстық құқық бұзушылықтың іздерін анықтау және бекіту бойынша шұғыл тергеу әрекеттерін сапалы өткізуді, іс бойынша түпкілікті шешім қабылдауды қамтамасыз етеді.
61. Қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы арыздарды, хабарламаларды және басқа да ақпараттарды қабылдау, тіркеу, есепке алу және қарау тәртібінің сақталуын толық әрі жан-жақты бақылау мақсатында анықтау органы басшысы есепке алу-тіркеу тәртібін бақылау жөніндегі комиссияны басқарады және оның қызметін қамтамасыз етеді.
62. Анықтау органы басшысы қылмыстық құқық бұзушылықтарды анықтау, бұйрықтық өндіріс және хаттамалық формада алдын ала тергеу бойынша жұмыстардың жай-күйін, заңдылықтың сақталуын және олардың түпкілікті нәтижелерін бақылайды.
63. Осы бағыттағы жұмыстың тиімділігін қамтамасыз ету мақсатында анықтау органы басшысы:
анықтау, бұйрықтық өндіріс және хаттамалық формада сотқа дейінгі тергеп-тексеру мәселелері бойынша қызметтік дайындық жүйесінде сабақтар ұйымдастырады, оған Департамент басқармаларының қызметкерлерін, тергеушілерді, анықтаушыларды, прокуратура, сот органдарының қызметкерлерін, мамандар мен ғалымдарды тартады;
анықтаушыларды қызметтік кабинеттермен, мүліктермен, бланкілермен, көлікпен, ұйымдастыру техникасымен және байланыс құралдарымен қамтамасыз ету шараларын қабылдайды;
анықтаушыларды алдын ала тергеумен байланысты емес жұмыстарға тартуға жол бермейді;
қылмыстық құқық бұзушылықтарды ашу және тергеу үшін тергеу-жедел топтарды құрады (ҚР ҚПК 194-бабы);
анықтаушылар мен сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын басқа лауазымды тұлғалардың салалық қызметтердің, мемлекеттік және өзге де органдардың, ұйымдардың қызметкерлерімен қылмыстық құқық бұзушылықтарды алдын ала тергеу мәселелері бойынша өзара іс-қимылын ұйымдастырады;
анықтаушылар бөлімшесінің жұмысын жоспарлауды ұйымдастырады, анықтаушылардың кезекшілік кестесін бекітеді және оның орындалуын бақылайды;
анықтау, бұйрықтық өндіріс және хаттамалық формада алдын ала тергеу мәселелері бойынша аналитикалық жұмысты ұйымдастырады және бақылайды;
осы жұмысты жақсарту үшін ұйымдастырушылық шаралар қабылдайды, анықтау басқармасына және Департамент басшылығына ұсыныстар енгізеді;
анықтау, бұйрықтық өндіріс және хаттамалық формада алдын ала тергеу кезінде өзара іс-қимыл мәселелері бойынша қызмет басшылары мен анықтаушыларды тыңдайды;
еңбек ұйымдастырудың ғылыми әдістерін енгізуді, заманауи криминалистикалық техниканы және озық тәжірибені қолдануды қамтамасыз етеді;
өз құзыреті шегінде азаматтардың анықтау және хаттамалық формада сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде қызметкерлердің әрекеттері мен шешімдеріне шағымдары мен өтініштерін қарауды ұйымдастырады;
анықтау бөлімшелерінің қызметкерлеріне көтермелеу немесе тәртіптік жазалар қолдану бойынша ұсыныстар енгізеді.
64. Қылмыстық құқық бұзушылықтарды сотқа дейінгі тергеп-тексеру анықтау, хаттамалық форма және бұйрықтық өндіріс тәртібінде ҚР ҚПК-ке қатаң сәйкестікте жүзеге асырылады және қылмыстық құқық бұзушылықтардың барлық мән-жайларын анықтау, белгілеу, бекіту және оларды жасаған адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тарту өкілеттігі шеңберінде жүргізіледі.
65. Анықтау функцияларын жүзеге асыратын қызметтермен орындалатын сотқа дейінгі тергеп-тексеру сапасына бақылауды тергеу бөлімшесінің басшысы және анықтау бөлімінің (бөлімшесінің) бастығы қамтамасыз етеді.
66. Қажет болған жағдайда (тиісті лауазымдардың болмауы, қылмыстық құқықбұзушылық жасалған ауданның шалғайлығы) анықтау функцияларын жүзеге асыратын қызметтердің қызметкерлері басқа санаттағы қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша анықтау, хаттамалық формада және бұйрықтық өндіріс тәртібінде сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізеді.
67. Анықтау бөлімшелері құрылымдық бөлімшелер болып табылады және Тергеу департаментінің, Департаменттердің, қалалық, аудандық, желілік органдардың басшылары мен тергеу және анықтау бөлімшелеріне жетекшілік ететін орынбасарларына бағынады.