Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 22 маусымдағы № 607 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 10) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Ішкі істер органдары бөліністерінің заңсыз көші-қонның алдын алуда және жолын кесуде өзара іс-қимыл жасасу қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Криминалдық полиция департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) Осы бұйрыққа қол қойылған күнінен бастап бес жұмыс күні ішінде оны электрондық түрде қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасы Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;
2) Осы тармақтың 1) тармақшасында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Заң мен нормашығармашылықты үйлестіру департаментіне жолдауды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары полиция полковнигі Б.Т.Аленовке және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Криминалдық полиция департаментіне (Қ.Б.Нұрмағамбетов) жүктелсін.
4. Осы бұйрық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Министр полиция генерал-лейтенанты | Е. Саденов |
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2025 жылғы 14 наурыздағы № 195 бұйрығымен бекітілген |
Ішкі істер органдары бөліністерінің заңсыз көші-қонның алдын алуда және жолын кесуде өзара іс-қимыл жасасу қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары бөліністерінің заңсыз көші-қонның алдын алуда және жолын кесуде өзара іс-қимыл жасасу қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары бөлімшелерінің (бұдан әрі - ІІО) заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимыл саласындағы өзара іс-қимыл жасасу тәртібін регламенттейді.
2. Қағидалардың құқықтық негізін Қазақстан Республикасының Конституциясы, "Жедел-іздестіру қызметі туралы", "Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары туралы", "Халықтың көші-қоны туралы", "Шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы", "Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы" Заңдар, сондай-ақ "Көшіп келушілердің Қазақстан Республикасына келуінің және онда болуының, сондай-ақ олардың Қазақстан Республикасынан кетуінің қағидаларын және Көші-қон бақылауын жүзеге асыру, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын заңсыз өтетін, Қазақстан Республикасының аумағында заңсыз болатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағына келуге тыйым салынған адамдарды есепке алу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 21 қаңтардағы қаулысы құрайды.
3. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) заңсыз көші-қонды ұйымдастыру – бұл шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың көлік құралдарын не жалған құжаттарды, не тұрғын немесе өзге де үй-жайларды ұсыну, сондай-ақ азаматтарға, шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасының аумағы арқылы заңсыз келу, кету, орын ауыстыру үшін өзге де қызметтер көрсету жолымен заңсыз болуына бағытталған шаралар кешені;
2) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын қасақана заңсыз кесіп өту – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын Мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттерінен тыс кесіп өту, сол сияқты жалған құжаттар немесе үшінші тұлғалардың жарамды құжаттарын алдап пайдаланып жасалған, сол сияқты белгіленген тәртіпті бұза отырып, көрсетілген пункттерде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын қасақана заңсыз кесіп өту, сол сияқты белгіленген тәртіпті бұза отырып;
3) заңсыз көшіп келу – шетелдіктердің немесе азаматтығы жоқ адамдардың келу және болу тәртібін реттейтін Қазақстан Республикасының заңнамасын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзитті жол жүруді бұза отырып, Қазақстан Республикасына келуі және Қазақстан Республикасында болуы;
4) жедел-іздестіру қызметі – адамның және азаматтың өмірін, денсаулығын, құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, меншігін қорғау, қоғам мен мемлекеттің қылмыстық қол сұғушылықтан қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыратын органдары Қазақстан Республикасының Конституциясына, осы Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес, жүзеге асыратын жария және жасырын жедел-іздестіру, ұйымдастыру және басқару іс-шараларының ғылыми негізделген жүйесі;
5) заңсыз көшіп келуші – келу және болу, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзитті жол жүру тәртібін реттейтін Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып, Қазақстан Республикасына келген және Қазақстан Республикасында болатын шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам;
6) шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды шығарып жіберу – құқық бұзушылық жасағаны үшін шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға қатысты белгіленетін әкімшілік жаза түрі және оны ішкі істер органдары темір жол көлігінде немесе көліктің өзге де түрлерінде (әуе, автомобиль немесе су) Мемлекеттік шекара арқылы өткізу пунктіне дейін өткізу жолымен жүзеге асырылады;
7) профилактикалық іс-шаралар – құқық бұзушылықтардың алдын алу мен анықтауға арналған шаралар кешені және құқыққа қарсы мінез-құлыққа бейім адамдарға алдын ала ықпал ету.
4. Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес, ІІО-ға заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимыл саласындағы ІІО-ға мынадай міндеттер жүктеледі:
1) заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимылдың бірыңғай жүйесінің қызметін ұйымдастыру және үйлестіру;
2) заңсыз көші-қонның алдын алу және жолын кесу жөніндегі жедел шаралар кешенін жүргізу;
3) заңсыз көші-қонға байланысты қылмыстарды анықтау және жолын кесу (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 394-бабы "Заңсыз көші-қонды ұйымдастыру" және 395-бабы "Қазақстан Республикасында шетелдік жұмыс күшін тарту және пайдалану қағидаларын бірнеше рет бұзу").
4) Заңсыз көші-қон саласындағы мемлекеттік бақылауды жедел жолмен жүзеге асыру.
5. Заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимыл саласындағы шараларды іске асыруға Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген құзыретке сәйкес ІІО-ның барлық бөлімшелері қатысады.
2. Заңсыз көші-қонның алдын алу мен жолын кесуде ІІО бөлімшелерінің өзара іс-қимылы
6. ІІО бөлімшелері өзара іс қимылды мынадай негізгі бағыттар бойынша жүзеге асырады:
1) статистикалық, ғылыми-әдістемелік және өзге де ақпаратпен алмасу, оның ішінде:
- заңсыз көші-қонның анықталған арналары;
- заңсыз көші-қонды ұйымдастыруға және жүзеге асыруға қатысы бар Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында жұмыс істейтін заңды және жеке тұлғалар;
- заңсыз көші-қонды жүзеге асыруды ұйымдастыру кезінде пайдаланылатын жөнелту және межелі пункттер, маршруттар, тасымалдаушылар және көлік құралдары;
- заңсыз көшіп-қонушыларға уақытша болу үшін берілетін тұрғын үй-жайлар;
- келу визаларын және өзге де құжаттарды алу және оларды заңсыз көші-қон мақсатында пайдалану тәсілдері;
- азаматтықты беру және заңсыз көші-қонға қарсы күресті ұйымдастыру тәртібі;
- заңсыз көші-қонның алдын алуға бағытталған тәжірибелер мен шаралар;
- сыртқы көші-қонды реттеу әдістері;
- алыс және жақын шет мемлекеттер азаматтарының жеке басын куәландыратын жарамсыз немесе белгіленген тәртіпті бұза отырып берілген құжаттар;
- Қазақстан Республикасының азаматтығын алған адамдар, сондай-ақ адамдардың шет мемлекеттердің азаматтығына жататындығы;
- Қазақстан аумағында еңбек қызметін жүзеге асыратын шет мемлекеттердің азаматтары;
- үшінші мемлекеттердің азаматтарын, азаматтығы жоқ адамдарды көші-қон есебіне қою немесе болу орны (тұрғылықты жері) бойынша тіркеу жөніндегі мәліметтер туралы.
3. Ішкі істер органдары бөлімшелерінің заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимыл саласындағы қызметін үйлестіру және ұйымдастыру
7. ІІО-ның заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимыл саласындағы жедел-іздестіру қызметін үйлестіруді Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Криминалдық полиция департаменті (бұдан әрі-КПД) және аумақтық полиция органдарының криминалдық полиция бөлімшелері жүзеге асырады.
8. Ішкі істер органдарында заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимыл саласындағы жұмысты ұйымдастыру және дербес жауапкершілік қызметтердің, оның ішінде заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимыл саласындағы мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылын үйлестіретін облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың полиция департаменттерінің және Көліктегі полиция департаментінің бастықтарына жүктеледі.
9. Полиция департаменттерінде қызмет көрсетілетін учаскеде заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимыл саласындағы ІІО бөлімшелерінің қызметін ұйымдастыру және өзара іс-қимыл жасасуы жедел қызметтердің (криминалдық полиция, ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес, экстремизмге қарсы іс-қимыл, есірткі қылмысқа қарсы іс-қимыл, киберқылмысқа қарсы іс-қимыл бөлімшелері) Қазақстан Республикасының аумағында болатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың қылмыстық әрекетін анықтау, алдын алу және жолын кесу, сондай-ақ заңсыз көші-қон арнасын және қылмыстық жолмен алынған ақшалай қаражатты заңдастыруды ұйымдастырған ұйымдастырушыларды, белсенді мүшелерді, қатысушылар мен көмекшілерді анықтау бөлігінде өзара іс-қимылын қамтамасыз ету бойынша жұмысты ұйымдастыратын облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың полиция департаменті және Көліктегі полиция департаменті бастығының бірінші орынбасарына жүктеледі.
4. Заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимыл бөлімшелері
10. Заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимыл бөлімшелері:
1) заңсыз көші-қон саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуды және жолын кесуді жүзеге асырады;
2) қызмет көрсетілетін өңірдің аумақтық ерекшеліктерін ескере отырып, заңсыз көші-қон саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу жөнінде қажетті профилактикалық шаралар әзірлейді;
3) көші-қон қызметтерімен бірлесіп криминогендік жағдайға мониторинг, талдау және болжау жүргізеді, заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимыл саласында жұмысты ұйымдастыруды жақсарту жөнінде ұсыныстар енгізеді;
4) шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар жасайтын қылмыстық құқық бұзушылықтарды анықтауға және жолын кесуге бағытталған жедел-іздестіру қызметін жүзеге асырады;
5) Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы арқылы заңсыз көші-қон арналарын ұйымдастыруға мамандандырылған, ұйымдасқан қылмыстық (оның ішінде трансұлттық) топтарды анықтау бөлігінде мақсатты жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізеді;
6) құқық бұзушылықтарды анықтау және жергілікті жерлерде көші - қон жағдайын зерделеу мақсатында, көші - қон полициясының ақпараттық жүйесіне (бұдан әрі-КҚП АЖ), "Бүркіт" бірыңғай ақпараттық жүйесіне, жеке тұлғаны биометриялық сәйкестендірудің автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне (бұдан әрі - "БИЛ" ААЖ) мониторинг жүргізеді;
7) көліктегі аумақтық полиция органдарымен бірлесіп заңсыз көші-қон фактілерін анықтау, заңсыз көшіп-қонушыларды, сондай-ақ осы қызметке қатысы бар адамдарды тасымалдау маршруттарын, әдістері мен құралдарын белгілеу жөнінде жұмыс жүргізеді.
5. Көші-қон қызметі бөлімшелері
11. Көші-қон қызметі бөлімшелері:
1) өз құзыреті шегінде заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимыл жөніндегі бөлімшелермен жедел және жедел-анықтамалық ақпарат алмасуды жүзеге асырады;
2) заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимыл бөлімшесіне Қазақстан Республикасынан тыс жерге шығудан жалтарған шетелдіктер туралы ақпарат береді;
3) заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимыл жөніндегі бөлімшеге заңсыз көші-қон және адам саудасы арналарын анықтауда, сондай-ақ шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасының аумағы арқылы заңсыз транзитін ұйымдастыратын және оған ықпал ететін адамдарды анықтауда пәрменді шаралар қабылдауда жәрдем көрсетеді;
4) заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимыл жөніндегі бөлімшеге көші-қон тәуекелі елдерінен (Африка континенті, Оңтүстік-Шығыс Азия мен соғыс аймақтарынан және т.б.) шетелдіктерді жиі шақыратын заңды және жеке тұлғалар туралы хабарлайды.
5) оларға қатысты тұрақты тұруға арналған рұқсаттың күшін жою туралы шешім қабылданған адамдар, сондай-ақ визаның және уақытша тұруға арналған рұқсаттардың қолданылу мерзімі қысқартылған шетелдіктер туралы жедел қызметтерді хабардар етеді;
6) заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимыл бөлімшелерімен бірлесіп шетелдіктердің заңсыз болу және заңсыз еңбек қызметін жүзеге асыру фактілерін анықтау тұрғысынан тексерулер ұйымдастырады;
7) заңсыз көші-қон арналарын ұйымдастыруды анықтау мақсатында, ай сайын Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 519-бабы бойынша тартылған адамдардың тізімдерін заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимыл бөлімшелеріне жібереді;
8) заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимыл бөлімшелерінің сұрау салуы бойынша шетелдіктерге уақытша тұруға рұқсат беру туралы бірнеше рет өтініш білдірген адамдар туралы, оның ішінде шетелдіктерді бір мекенжай бойынша шақыратын және тіркейтін адамдар туралы мәліметтер береді;
9) заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимыл жөніндегі бөлімшелердің сұрау салуы бойынша шетелдіктің ел аумағында болуының заңдылығы туралы мәліметтерді ұсынады.
6. Әкімшілік полиция бөлімшелері
12. Әкімшілік полиция:
1) қызмет көрсетілетін аумақта уақытша тұратын және тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың, сондай-ақ шығарып жіберу туралы шешімді орындаудан жалтаратын адамдардың тізімдік есебін жүргізеді;
2) заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимыл бөлімшесін хабардар етеді:
Еңбекші көшіп-қонушылардың мекенжайлары мен орналасқан жерлері туралы (өнеркәсіптік және құрылыс объектілері, сауда объектілері, шаруа қожалықтары, фермалар және басқалар);
шетелдік жұмыс күшін заңсыз тарту фактілері туралы;
шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға тұрғын үй мен жұмыс беретін заңды және жеке тұлғалар туралы;
еңбекші көшіп-қонушыларды тасымалдау бойынша қызметтер көрсететін жеке және заңды тұлғалар туралы хабардар етеді;
3) өз құзыреті шегінде заңсыз көші-қон арналарын анықтау, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды Қазақстан Республикасының аумағы арқылы заңсыз тасымалдауды ұйымдастыратын және оған ықпал ететін адамдарды, сондай-ақ қос азаматтық фактілерін анықтау жөнінде шаралар қабылдайды;
4) заңсыз көші-қон саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, жолын кесу және ашу жөніндегі жедел-профилактикалық іс-шараларға қатысады.
7. Қылмыстық-атқару жүйесі органдарының жедел бөлімшелері
13. Қылмыстық-атқару жүйесі органдарының жедел бөлімшелері:
1) заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимыл жөніндегі бөлімшелерге бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жүрген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар дайындап жатқан, дайындалатын не жасаған құқық бұзушылықтар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге шығаруға жататын адамдар туралы хабарлайды;
2) бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдар туралы ақпаратты заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимыл бөлімшесіне береді;
3) қылмыстық-атқару жүйесі мекемесіне келгенге дейін сотталған шетелдіктер жасаған қылмыстарды ашуға жәрдем көрсетеді.
8. Кезекші бөлімдер
14. Полиция департаменттерінің (қалалар, аудандар полициясы басқармаларының (бөлімдерінің) кезекші бөлімдері заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимыл жөніндегі бөлімшені хабардар етеді:
1) шетелдіктер немесе азаматтығы жоқ адамдар жасаған немесе оларға қатысты жасалған құқық бұзушылықтар, сондай-ақ олармен байланысты жазатайым оқиғалар мен жағдайлар туралы;
2) өзімен бірге жеке басын куәландыратын және олардың Қазақстан Республикасында, оның ішінде осы елді мекенде болуының заңдылығын растайтын құжаттары жоқ, Ішкі істер органдарына жеткізілген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар туралы;
3) шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың ұстаудың әрбір фактісі және кенеттен қайтыс болу жағдайлары туралы хабардар етеді.