БҰЙЫРАМЫЗ:
1. "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің кәсіби қызметпен айналысу құқығына үміткер адамдарды аттестаттаудан өткізу және біліктілік беру жөніндегі мемлекеттік қызметтерін автоматтандырылған режимде көрсету бойынша пилоттық жобасын іске қосу туралы" Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2023 жылғы 26 мамырдағы № 344 және Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің міндетін атқарушының 2023 жылғы 27 мамырдағы № 115/НҚ бірлескен бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 32616 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
1-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:
"1. 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін Қазақстан Республикасының бүкіл облыстарында, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің келесі мемлекеттік қызметтерін тестілеу рәсімдерін және мемлекеттік қызмет персоналы жөніндегі автоматтандырылған бірыңғай дерекқордың (ақпараттық жүйенің) үздіксіз жұмыс істеуін техникалық қамтамасыз ету жөніндегі оператордың базасында автоматтандырылған режимде көрсету бойынша пилоттық жоба іске қосылсын:
"Адвокаттық қызметпен айналысуға үміткер адамдарды аттестаттаудан өткізу";
"Нотариаттық қызметпен айналысу құқығына үміткер адамдарды аттестаттаудан өткізу";
"Жеке сот орындаушысының қызметімен айналысуға үміткер адамдарды аттестаттаудан өткізу";
"Сот сарапшыларын аттестаттау";
"Сот-медициналық, сот-психиатриялық, сот-наркологиялық сарапшыларды аттестаттау";
"Патенттік сенім білдірілген өкілдің қызметімен айналысуға үміткер адамдарды аттестаттау";
"Сот-медициналық, сот-психиатриялық және сот-наркологиялық сараптамалардың белгілі бір түрін жүргізу құқығына біліктілік беру";
"Сот сарапшысының біліктілігін беру".";
көрсетілген бірлескен бұйрықпен бекітілген Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің кәсіби қызметпен айналысу құқығына үміткер адамдарды аттестаттаудан өткізу және біліктілік беру жөніндегі мемлекеттік қызметтерін автоматтандырылған режимде көрсету бойынша пилоттық жобасын іске асыру тәртібінде:
57-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:
"57. Біліктілік даярлығы аяқталғаннан кейін, Көрсетілетін қызметті беруші тестілеуге жататын адамдардың тізімін он жұмыс күні ішінде Тестілеу операторына жібереді.";
71-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:
"71. Көрсетілетін қызметті алушылар үшін заңнаманы білуге тестілеуден өтудің шекті деңгейі сұрақтардың жалпы санынан дұрыс жауаптардың кемінде 70% құрайды.
Егер заңнаманы білуге арналған тестілеу нәтижелері белгіленген шекті деңгейден аз болған жағдайда, көрсетілетін қызметті алушы тестілеудің келесі кезеңіне жіберілмейді.
Практикалық дағдылардың тиісті деңгейін тексеруге арналған тестілеуден өтудің шекті деңгейі белгілі бір мамандық бойынша ситуациялық міндеттер сұрақтарының жалпы санынан дұрыс жауаптардың 70 % құрайды.";
2. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Цифрландыру және мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен осы бірлескен бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бірлескен бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының әділет және цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрлеріне жүктелсін.
4. Осы бірлескен бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күшіне енеді.
Қазақстан Республикасының Әділет министрінің міндетін атқарушы |
_____ Л. Мерсалимова |
Қазақстан Республикасының | |
Цифрлық даму, инновациялар және | |
аэроғарыш өнеркәсібі министрі | _______ Ж. Мадиев |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Мемлекеттік қызмет істері агенттігі