Келісілген макроэкономикалық саясатты жүргізу туралы хаттаманың (2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа № 14 қосымша) 4-тармағының 2) тармақшасын іске асыру мақсатында Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес шешті:
1. Қоса беріліп отырған Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің макроэкомикалық саясатының 2015-2016 жылдарға арналған негізгі бағдарлары бекітілсін.
2. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің үкіметтеріне макроэкономикалық саясатты жүргізу кезінде осы Шешіммен бекітілген Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің макроэкомикалық саясатының 2015-2016 жылдарға арналған негізгі бағдарларын ескеріп отыру ұсынылсын.
3. Еуразиялық экономикалық комиссия Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің макроэкономикалық саясат саласында іске асыратын шараларына, олардың осы Шешіммен бекітілген Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің макроэкомикалық саясатының 2015-2016 жылдарға арналған негізгі бағдарларына сәйкес келуі бөлігінде талдау жүргізсін.
Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес мүшелері:
Армения Беларусь Қазақстан Ресей
Республикасынан Республикасынан Республикасынан Федерациясынан
Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 2015 жылғы 8 мамырдағы № 11 шешімімен БЕКІТІЛГЕН |
Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің макроэкономикалық саясатының 2015-2016 жылдарға арналған НЕГІЗГІ БАҒДАРЛАРЫ
Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерде (әрі қарай тиісінше – мүше мемлекеттер, Одақ) қолайсыз сыртқы экономикалық конъюнктураның ықпалы және әлемдік шикізат нарықтарындағы орнықсыз ахуал, сондай-ақ мүше мемлекеттердің экономикаларында қордаланған теңгерімсіздіктер нәтижесінде қалыптасқан ағымдағы экономикалық жағдай негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің айтарлықтай нашарлауымен және экономикалық белсенділіктің бәсеңдеуімен сипатталады.
Мұнай бағасының күрт төмендеуі (2014 жылғы қыркүйек – 2015 жылғы қаңтар аралығында Brent маркасындағы мұнайға деген орташа айлық баға 51,4 пайызға төмендеді) мен шикізат тауарларына әлемдік сұраныстың азаюы мүше мемлекеттердің төлем теңгерімдерінің жай-күйіне теріс ықпал етті, өзара сауда және үшінші елдермен сауда көрсеткіштерінің нашарлауына сеп болды, халықаралық резервтік активтерге және ұлттық валюталардың бағамдарына қысым жасады және тұтастай алғанда мүше мемлекеттер экономикасының жай-күйіне теріс әсер етті.
Одақтың жалпы ішкі өнімінің өсу қарқындары 2014 жылы 1 пайызға дейін төмендеді, бұл ретте олар Армения Республикасында 3,4 пайызды, Беларусь Республикасында 1,6 пайызды, Қазақстан Республикасында 4,3 пайызды, Ресей Федерациясында 0,6 пайызды құрады.
Инфляция тұтастай алғанда Одақ бойынша 2014 жылы 11,1 пайызға дейін өсті, соның ішінде ол Армения Республикасында 4,6 пайызды, Беларусь Республикасында 16,2 пайызды, Қазақстан Республикасында 7,4 пайызды, Ресей Федерациясында 11,4 пайызды құрады.
2014 жыл бойы және 2015 жылдың басында ұлттық валюталар бағамдарының жетекші әлемдік валюталарға қатысты төмендеу үрдісі байқалды, әсіресе ол2014 жылдың аяғы – 2015 жылдың басында күшейді. Нәтижесінде АҚШ долларына Ресей рублінің орташа айлық бағамы 2014 жылғы қаңтар – 2015 жылғы қаңтар аралығы кезеңінде 84,4 пайызға төмендеді (1 АҚШ долларына 33,46-дан 61,7 рубльге дейін), Беларусь рублі сол кезеңде 50,3 пайызын жоғалтты (негізінен, 2015 жылғы қаңтар ішінде кезең-кезеңменқұнсыздану нәтижесінде). Армения драмының АҚШ долларына бағамы 2015 жылғы қаңтарда 2014 жылдың тиісті кезеңіне қарағанда 16,8 пайызға төмендеді, ал Қазақстан теңгесісол кезең ішінде 18,5 пайызға құнсызданды.
Мүше мемлекеттердегі жалпы экономикалық жағдайдың нашарлауы аясында үшінші елдерге экспорт төмендеді, ал шектеу шараларын қабылдау нәтижесінде импорт та төмендегенін көрсетті: тауарлармен сыртқы сауданың құндық көлемі 2014 жылы 2013 жылмен салыстырғанда 6,9 пайызға төмендеді, бұл ретте экспорт 5,3 пайызға, ал импорт 9,6 пайызға қысқарды. 2014 жылдың қорытындылары бойынша 2013 жылғы деңгейге қатысты 11 пайызға жеткен (Армения Республикасы бойынша деректерді есепке алмағанда), тауарлармен өзара сауданың құндық көлемінің қысқаруы ерекше алаңдатушылық туғызады.
Мүше мемлекеттердің үкіметтері теріс салдарды еңсеруге және ұлттық экономикаға қолайсыз сыртқы экономикалық конъюнктураның әсер етуін жұмсартуға бағытталған шараларды әзірлеп, іске асыруда.
Сонымен бірге, мүше мемлекеттер экономикасының өзара байланыстылығы мен өзара тәуелділігі олардың дағдарысқа қарсы шараларды іске асыруын үйлестіріп отыруды, сондай-ақ 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартта (бұдан әрі – Шарт) айқындалған құралдарды пайдаланып, қалыптасқан экономикалық жағдайды еңсеруге бағытталған бірлескен интеграциялық іс-қимылды әзірлеу мен қабылдауды қажет етеді.
Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер макроэкономикалық саясатының негізгі бағдарлары мүше мемлекеттердің экономикасы үшін неғұрлым маңызды қысқа және орта мерзімді міндеттерді шешуге арналғанын ескере отырып, 2015 – 2016 жылдар кезеңінде олар қалыптасқан теріс экономикалық жағдайды:
макроэкономикалық орнықтылықты қамтамасыз ету: баға тұрақтылығына қол жеткізу, мүше мемлекеттердің ұлттық валюталарын пайдалануды жандандыру, бюджет жүйелерінің теңгерімділігін қолдау, банк жүйелерінің орнықтылығын арттыру;
орнықты даму және экономикалық өсуді қалпына келтіру үшін жағдай жасау: экономиканы әртараптандыру (соның ішінде Одақтың интеграциялық әлеуетін іске асыруды ескеріп), іскерлік белсенділікті қолдау, қаржылай қаражат көздерін кеңейту және кредит ресурстарының қолжетімділігін арттыру, өзара сауданы жандандыру, сыртқы сауданы дамыту және өткізу нарықтарын әртараптандыру арқылы еңсеруге бағытталатын болады.
І. Макроэкономикалық орнықтылықты қамтамасыз ету
2014 жылы және 2015 жылдың басында барлық мүше мемлекеттер ұлттық макроэкономикалық жүйелердің тұрақтылығы қолайсыз сыртқы экономикалық факторлардың тұрақсыздандырушы ықпалына тап болды.
Энергия жеткізгіштерді әлемдік өндірудің ұлғаюы және Америка Құрама Штаттарында дамушы елдердің нарықтарынан капиталдың кетуіне септігін тигізетін сандық жұмсарту бағдарламасының аяқталуы шикізат нарықтарында бағалардың төмендеуіне алып келді және мүше мемлекеттердің ұлттық валюталарының бағамдарына және инфляция деңгейіне қысым көрсетті.
2014 – 2015 жылдарда Беларусь Республикасының Шартта белгіленген инфляция деңгейінің шекті мәнін (тұтыну бағалары индексін) асырып жіберуі сақталуда, Ресей Федерациясында 2013 жылмен салыстырғанда инфляцияның айтарлықтай өсуі байқалуда.
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттерде өсу қарқындарының баяулауы, сондай Еуропалық одақ пен Қытай Халық Республикасында күткендегіден неғұрлым аз өсу Одақта өндірілетін өнімге деген сұраныстың төмендеуіне ықпал етті, бұл мүше мемлекеттердің негізгі экспорттық тауарларына бағалардың төмендеуімен қоса алғанда жоспарланған мәндерге қатысты бюджет кірістерін толық алмау тәуекелін ұлғайтады және мүше мемлекеттер бюджеттерінің кіріс бөлігін жоғарылату және шығыс бөлігін оңтайландыру бойынша шаралар қабылдауды қажет етеді.
Одақтың аса ірі экономикасы бар мүше мемлекеті – Ресей Федерациясына қатысты бірқатар елдер тарапынан шектеу (санкциялық) шараларының қолданылуы сыртқы қаржы нарықтарына қолжетімділікті шектеуге және инвестициялық белсенділікті қысқартуға ықпал етті. Сонымен бірге сауда және қаржы арналары арқылы бұл шаралар белгілі бір дәрежеде басқа мүше мемлекеттердің ұлттық экономикасына теріс ықпал етуде.
Бұл факторлар макроэкономикалық тұрақсыздану және мүше мемлекеттердің экономикалық даму орнықтылығын айқындайтын, Шартта белгіленген макроэкономикалық көрсеткіштердің сандық мәндерін асырып жіберу тәуекелдерін туғызады.
Осыған байланысты қалыптасқан теріс жағдайды еңсеру үшін макроэкономикалық орнықтылықты қамтамасыз етуге бағытталған, бірінші кезектегі бірлескен және ұлттық шараларды (мүше мемлекеттер ұлттық (орталық) банктерінің тәуелсіз ақша-кредит саясатын жүргізуін ескеріп) қолдану жөнінде мүше мемлекеттердің күш-жігерін мынадай негізгі бағыттар бойынша шоғырландыру қажет.
Мыналарды:
әлеуметтік маңызы бар тауарлар мен қызметтер көрсетуге бағалардың едәуір өсуіне жол бермеуді;
мүше мемлекеттердің аумақтарында бәсекелестік (монополияға қарсы) заңнамасын және бәсекелестіктің ортақ қағидаларын бұзушылықтардың жолын кесуді;
табиғи монополиялардың қызметтер көрсетуіне арналған тарифтерді оларды тұтынушылар мен өндірушілер мүдделері теңгерімінің сақталуын ескере отырып, экономикалық тұрғыдан негіздеп реттеуді қоса алғанда, баға тұрақтылығына қол жеткізу.
Мыналарды:
ұлттық валюталардағы депозиттерді қалыптастыруға ынталандыратын экономикалық жағдай жасауды;
ішкі нарықта шартты бірліктермен немесе үшінші елдердің үлттық валюталарымен баға белгілеуге тыйым салуды;
валюталық құқық қатынастарын реттеу тәсілдемелерін келісуді;
сыртқы экономикалық қызметті жүзеге асыру кезінде өзара есептесуде ұлттық валюталардың пайдаланылуын кеңейту үшін жағдай жасау бойынша жұмысты жалғастыруды;
мүше мемлекеттердің резиденттері арасында төлем-есептесу қатынастары тетіктерін жетілдіруді;
мүше мемлекеттердің валюта заңнамасына сәйкес жүзеге асырылатын валюталық бақылау саласындағы іс-қимылдар үйлестіруді күшейтуді қоса алғанда, мүше мемлекеттердің ұлттық валюталарын пайдалануды жандандыру.
Мыналарды:
салық жүйесін жетілдіру және салықтық әкімшілендірудің тиімділігін арттыру жолымен мүше мемлекеттер бюджеттерінің кіріс бөлігін ұлғайтуды;
заңсыз қаржы операцияларына қарсы іс-қимылға бағытталған шараларды әзірлеу мен іске асыруды;
басым даму бағыттарына арналған ресурстарды шоғырландыру есебінен бюджет шығыстарын оңтайландыруды;
үкіметаралық қарыздар беру құралдарын жетілдіруді;
үшінші елдердегі төмен салықтық юрисдикцияларды пайдалануға қарсы іс-қимылды қоса алғанда, бюджет жүйелерінің теңгерімділігін қолдау.
Мыналарды:
ұлттық валюталардағы өтімділікті қолдау, соның ішінде қажет кезде қолданылатын құралдарды кеңейту жолымен қолдау бойынша шаралар қабылдауды;
проблемалы активтерді басқару институттарын құру мүмкіндігін қарастыруды;
жүйе құраушы банктерді қосымша капиталдандыру бойынша шаралар қабылдауды;
депозиттерді сақтандыру өтемінің шекті сомаларын ұлғайтуды қоса алғанда, банк жүйелерінің орнықтылығын арттыру.
Көрсетілген шараларды қабылдау мүше мемлекеттердің орнықты экономикалық өсуінің негізі болып табылатын макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге септігін тигізетін болады.
ІІ. Орнықты даму және экономикалық өсуді қалпына келтіру үшін жағдай жасау
Мүше мемлекеттердің орнықты экономикалық дамуының ұзақ мерзімді перспективалары үшін тәуекелдер тудыратын тұрақсыздандырушы процестердің белсенді көрініс табуы жағдайында экономикалық өсудің ішкі көздерін іздеу, соның ішінде мүше мемлекеттер экономикасының тиімді іс-қимылы және Одақтың интеграциялық әлеуетін іске асыру есебінен іздеу өте маңызды болып табылады.
Қалыптасқан жағдайда өңдеу өнеркәсіптерін дамыту, өңірлік кооперациялық тізбектер қалыптастыру және қосылған құн құрудың халықаралық тізбектеріне кірігу есебінен жоғары қосылған құны бар өнімнің ішкі өндірісін арттыра түсу жолымен экономиканың неғұрлым әртараптандырылған моделіне өту бойынша мүше мемлекеттердің бірлескен күш-жігерін қолдану өте маңызды болады.
Арзан қаржылай қаражаттың сыртқы көздеріне қолжетімділіктің төмендеуі және мүше мемлекеттер экономикасының нақты секторларының жеткілікті түрде инвестициялық тартымды болмауы жағдайында шаруашылық субъектілердің қаржылық жағдайын жақсартуға, іскерлік белсенділікті арттыруға және ұзақ мерзімді қаржыландырудың ұлттық және өңірлік институттарын дамытуға ерекше көңіл бөлу қажет.
Ұлттық валюталар бағамдарының байқалып отырған әртүрлі жылдамдықпен құнсыздануы сауданың баға жағдайларының өзгеруіне және өндірушілердің Одақтың ішкі нарығындағы бәсекеге қабілеттілігіне айтарлықтай ықпал етеді және өзара саудадағы диспропорцияның күшеюіне септігін тигізеді. Аталған шектеулерді еңсеру және өзара сауданы дамыту шаруашылық субъектілердің өзара іс-қимыл жасауына және мүше мемлекеттерде экономикалық қызметті жандандыруға қуатты ынталандырушы болуға қабілетті.
Одақта өндірілетін өнімді өткізу нарықтарын кеңейту, қазірде өзінде қалыптасқан сауда әріптестерімен өзара пайдалы экономикалық қатынастарды қолдау және үшінші елдермен сауда-экономикалық қатынастарды тауарлық және географиялық әртараптандыруға жәрдемдесу де қысқа және орта мерзімді перспективада аса маңызды міндет болып табылады.
Қазіргі кезде қалыптасқан экономикалық жағдай алға қойылған міндеттерді шешу жолында 2015 – 2016 жылдар кезеңінде мынадай іс-қимылды іске асыру арқылы белгілі бір қадамдарды қажет етеді.
Мыналарды:
Шартты іске асыру шеңберінде Одақтың интеграциялық әлеуетін пайдаланудың басым бағыттарын таңдау бойынша жұмыс жүргізуді;
Одақ шеңберінде Өнеркәсіптік ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын әзірлеу мен келісуді;
инновациялық белсенділікті ынталандыруды;
жоғары технологиялық өндірістер дамытуды ынталандыру мақсатында бірлескен ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар жүргізу тетіктерін әзірлеуді қоса алғанда (соның ішінде Одақтың интеграциялық әлеуетін іске асыруды ескере отырып), экономиканы әртараптандыру.
Мыналарды:
экономиканың нақты секторы мен қызметтер көрсету саласы кәсіпорындарына салықтық жүктеменің өсуіне жол бермеуге ұмтылуды;
шағын және орта бизнесті қолдау шараларын жүзеге асыруды;
бизнес жүргізудің жайлы болуы халықаралық рейтингтерінде мүше мемлекеттердің позицияларын жақсартуды қамтамасыз ететін шаралар қабылдауды;
озық практикалар және мүше мемлекеттердің ұлттық даму институттарының өзара іс-қимылы тетіктерін қалыптастыру негізінде шаруашылық субъектілерді мемлекеттік қолдау шараларының ұлттық жүйелерін жетілдіруді қоса алғанда, іскерлік белсенділікті қолдау.
Мыналарды:
экономиканың неғұрлым маңызды секторына айналым және инвестиция ресурстарын тарту үшін мүмкіндіктер жасауды;
басым жобаларға кредит қаражатын нысаналы бөлу және оларды алушыға дейін тиімді жеткізу тетіктерін одан әрі дамытуды;
өндіріс саласы кәсіпорындарының негізгі капиталына жекеше инвестициялардың өсуі үшін жағдай жасауды;
озық халықаралық практикалар мен мүше мемлекеттердің практикаларын ескере отырып, мүше мемлекеттердің мемлекеттік-жекеше әріптестік тетіктерін қолдану саласын регламенттейтін заңнамасын жетілдіруді;
өңірлік даму институттарының (ЕурАзЭҚ Дағдарысқа қарсы қоры, Еуразиялық даму банкі) қаржылық мүмкіндіктерін пайдалануды жандандыруды қоса алғанда, қаржылай қаражат көздерін кеңейту және кредиттік ресурстардың қолжетімді болуын арттыру.
Мыналарды:
экспортты сақтандыру мен кредиттеуді қоса алғанда, мүше мемлекеттер арасында сауда қатынастарын дамыту үшін тиімді қаржы тетіктерін пайдалануды;
алулар мен шектеулерді, соның ішінде Одақ нарығына шаруашылық субъектілерінің өзара қолжетімділігіне кедергілерді анықтау және жою жөніндегі жұмысты жалғастыруды;
ауыл шаруашылығы өнімі мен азық-түліктің негізгі түрлері бойынша мүше мемлекеттердің сұранысы мен ұсынысы болжамдарын дайындауды;
сезімтал ауыл шаруашылығы тауарларының тізбесін қалыптастыру бойынша жұмыс жүргізуді;
Одақтың газ, мұнай, мұнай өнімдері мен электр энергетикасы ортақ нарықтарын қалыптастыру бойынша жұмысты жалғастыруды;
қабылданған әдіснама негізінде Одақ газының, мұнайы мен мұнай өнімдерінің индикативті (болжамды) теңгерімдерін әзірлеуді қоса алғанда, өзара сауданы жандандыру.
Мыналарды:
кедендік реттеу реттеу саласындағы әкімшілік рәсімдерді оңайлатуды;
мемлекеттік бақылау нысандарының тиімділігін арттыру кезінде, сыртқы экономикалық қызметті жүзеге асыру үшін қажетті мемлекеттік рәсімдерді ұсыну уақытын, олардың құны мен санын қысқартуға бағытталған шараларды іске асыруды;
сыртқы экономикалық қызметті реттеу жүйесінде "бір терезе" тетігін дамытуды;
үшінші елдермен Одақ мүдделерін әлемдік нарықта ілгерілетуге бағытталған сауда-экономикалық қатынастарды дамытуды;
үшінші елдермен еркін сауда режимін орнататын шарттар жасасу бойынша жұмыс жүргізуді;
Одақтың кедендік шекарасын арқылы өткізілетін тауарлар мен көлік құралдары туралы үшінші елдермен ақпарат алмасуды ұйымдастыру үшін жағдай жасауды;
озық халықаралық практикалар деңгейінде экспортты қолдау, кредиттеу және сақтандыру тетіктерін әзірлеуді;
үшінші елдердің нарықтарына қолжетімділікті қиындататын техникалық кедергілер мен шектеу шараларын анықтауды және жоюды;
электрондық және ақпараттық технологияларды пайдалана отырып, үшінші елдермен сауданы дамытуды ынталандыру бойынша ұсыныстар дайындауды;
транзиттік және сабақтас тасымалдарды дамытуды қоса алғанда, сыртқы сауданы дамыту және өткізу нарықтарын әртараптандыру.
Көрсетілген шаралар кешенін іске асыру мүше мемлекеттердің теріс экономикалық құбылыстар салдарын еңсеруіне, мүше мемлекеттердің экономикасын қалпына келтіруді қамтамасыз етуге және экономикалық интеграция артықшылықтарын пайдалана отырып, олардың экономикалық өсу қарқындарын арттыруға септігін тигізетін болады.