2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың 84-бабының 2-тармағына және 104-бабының 6-тармағына сәйкес Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес шешті:
Қоса беріліп отырған Еуразиялық экономикалық Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын қалыптастыру тұжырымдамасы бекітілсін.
Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес мүшелері:
Армения Республикасынан | Беларусь Республикасынан | Қазақстан Республикасынан | Қырғыз Республикасынан | Ресей Федерациясынан |
Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 2016 жылғы 31 мамырдағы № 8 шешімімен БЕКІТІЛГЕН |
Еуразиялық экономикалық одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын қалыптастыру
ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ
І. Жалпы ережелер
Осы Тұжырымдама 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың (бұдан әрі – Шарт) 84-бабының 2-тармағын іске асыру мақсатында әзірленді және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің Одақтың (бұдан әрі тиісінше – мүше мемлекеттер, Одақ) мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын қалыптастыруын қамтамасыз етуге бағытталды.
Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын қалыптастыру:
мүше мемлекеттердің халықаралық шарттарда айқындалған қазіргі өзара қарым-қатынастары мен міндеттемелерін;
мүше мемлекеттердің ұлттық нарықтарының жұмыс істеуі мен даму ерекшеліктерін;
мүше мемлекеттердің ішкі тұтынушыларын басымдықпен қамтамасыз етуді;
мүше мемлекеттердің заңнамасын;
ортақ энергетикалық нарықтар қалыптастырудың халықаралық тәжірибесін ескере отырып, жүзеге асырылады.
ІІ. Ұғымдар мен анықтамалар
Осы Тұжырымдаманың мақсаттары үшін келесіні білдіретін ұғымдар пайдаланылады:
"мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау жүйелеріне қол жеткізу" - мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау үшін мүше мемлекеттердің табиғи монополия субъектілері басқаратын мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау жүйелерін пайдалану құқығын беру;
"мұнай және мұнай өнімдері" - Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы экономикалық қызметінің Бірыңғай тауар номенклатурасына және Еуразиялық экономикалық одақтың Бірыңғай кедендік тарифіне сәйкес айқындалған тауарлар;
"Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтары" - мүше мемлекеттер аумақтарында мүше мемлекеттердің мұнай және мұнай өнімдеріне деген қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін қажетті, мүше мемлекеттердің мұнай және мұнай өнімдерін өндіру, тасымалдау, жеткізу, қайта өңдеу және өткізу саласындағы шаруашылық жүргізуші субъектілерінің сауда-экономикалық қатынастарының жиынтығы;
"биржалық сауда операторы" - мүше мемлекеттердің уәкілетті органдары бекіткен қағидаларға сәйкес мұнаймен және мұнай өнімдерімен биржалық сауда жүргізу жөніндегі қызметтер көрсететін заңды тұлға;
"мұнай сақтағыш пен қойма инфрақұрылымының операторы" - мүше мемлекеттердің аумағында мұнай және мұнай өнімдерін сақтау жөніндегі қызметтер көрсететін заңды тұлға;
"мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау жүйесінің операторы" - мүше мемлекеттің аумағында мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау жүйесі бойынша мұнай және (немесе) мұнай өнімдерін тасымалдау жөніндегі қызметтер көрсететін, сондай-ақ мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау жүйесін жедел диспетчерлік басқаратын заңды тұлға;
"мұнай және мұнай өнімдерін тұтынушы" - өзіндік өндірістік және (немесе) өзге де шаруашылық қажеттіліктер үшін мұнай және (немесе) мұнай өнімдерін сатып алатын заңды тұлға;
"мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау жүйесі" - мұнай және (немесе) мұнай өнімдерін тасымалдау (ағызу) үшін пайдаланылатын магистральдық құбырлар мен көлік құралдарының, басқа да көлік түрлерінің жиынтығы;
"мұнай және мұнай өнімдерінің транзиті" - жөнелту және межелі пункттері осы мүше елдің аумағынан тысқары орналасқан, мүше мемлекеттің аумағы бойынша мұнай және мұнай өнімдерін өткізу (тасымалдау);
"мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау" - мұнай және мұнай өнімдерін кез келген тәсілмен, оның ішінде оны жөнелтушіден қабылдап алу пунктінен алушыға тапсыру пунктіне дейін құбыржол көлігін пайдалана отырып тасуға, оған қоса ағызуға, құюға, басқа көлік түріне аударып құюға, сақтауға, араластыруға бағытталған әрекеттерді жасау;
"Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарының қатысушысы" - мүше мемлекеттің аумағында тіркелген және мүше мемлекеттердің аумақтарында мұнай және мұнай өнімдерін өндіру, жеткізу, өңдеу мен өткізу саласындағы қызметті жүзеге асыратын шаруашылық жүргізетін субъект.
Осы Тұжырымдамада пайдаланылатын өзге ұғымдар Шартта келтірілген мағыналарда түсініледі.
ІІІ. Одақтың мұнай және өнімдерінің ортақ нарықтарын қалыптастыру мақсаттары мен міндеттері
Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын қалыптастыру:
мүше мемлекеттердің мұнай және мұнай өнімдеріне қажеттіліктерін басымдықпен қамтамасыз ету қажеттілігін ескере отырып, мүше мемлекеттердің экономикасының орнықты дамуын, энергетикалық және экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
мүше мемлекеттердің шаруашылық жүргізуші субъектілерінің мүше мемлекеттердің аумақтарында мұнай және мұнай өнімдерін өндіру, тасымалдау, жеткізу, өңдеу және өткізу саласындағы қызметінің экономикалық тиімділігін және мүше мемлекеттердің отын-энергетикалық кешендерінің жұмыс істеу сенімділігін арттыру;
мүше мемлекеттердің және тұтастай Одақтың әлемдік нарықта экономикалық интеграциялану мен бәсекеге қабілеттілік деңгейін арттыру мақсатында жүзеге асырылады.
Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын қалыптастыру міндеттері:
мүше мемлекеттердің экономикасының дамуы үшін қолайлы жағдай жасау;
биржалық сауда тетіктерін құру (Одақтың биржалық тауар нарығын қалыптастыруды қоса алғанда), Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтары субъектілері мен Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарының жұмыс істеуін басқару мен қамтамасыз ету құрылымдарының өзара іс-қимылы қағидаттарын айқындау жолымен Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарының қатысушылары арасында мұнай және мұнай өнімдерінің өзара саудасының нарықтық тетіктерін дамыту және олардың тиімділігін арттыру;
биржалық тауар нарығына кіру тосқауылдарын жою, басымдық тәртіппен мүше мемлекеттер экономикасының мүдделерін ескере отырып, Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтары қатысушыларының мүше мемлекеттердің нарықтарына (электрондық биржалық және биржадан тыс сауда институттарын құруды қоса алғанда) кемсітушіліксіз қол жеткізуін қамтамасыз ету үшін жағдай жасау;
мұнай және мұнай өнімдерін тұтыну, мүше мемлекеттердің аумақтарында мұнай және мұнай өнімдерін өндіру, тасымалдау, жеткізу, өңдеу және өткізу туралы деректермен мүше мемлекеттер арасында ақпараттық алмасуды қамтамасыз ету;
мұнай және мұнай өнімдеріне қатысты баға белгілеу ашықтығын арттыру;
мұнай және мұнай өнімдері үшін есеп айырысуларда ұлттық валюталарды пайдалану мәселелерін қарау;
Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын орнықты қалыптастыруды қамтамасыз ету мақсатында көлік инфрақұрылымын дамыту;
қазіргі техникалық мүмкіндіктер шегінде мүше мемлекеттердің аумақтарында мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдаудың қолданыстағы жүйесі бойынша, оның ішінде магистральдық мұнай құбырлары мен мұнай өнімдері құбырларының жүйелері бойынша мұнай және мұнай өнімдерін ұзақ мерзімді тасымалдауды кепілдендірілген жүзеге асыруды қамтамасыз ету;
мүше мемлекеттердің мұнай және мұнай өнімдеріне арналған нормалары мен стандарттарын, сондай-ақ мұнай және мұнай өнімдерімен жұмыс істеуге байланысты талаптарды біріздендіру болып табылады.
ІV. Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын қалыптастыру қағидаттары
Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын қалыптастыру Шартта айқындалған мынадай негізгі қағидаттарды негізге ала отырып жүзеге асырылады:
баға белгілеу мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес қалыптастырылатын табиғи монополиялар субъектілерінің мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау саласында қызметтер көрсетуін қоспағанда, мұнай және мұнай өнімдеріне қатысты нарықтық баға белгілеуді қамтамасыз ету;
баға белгілеу мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес қалыптастырылатын табиғи монополиялар субъектілерінің мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау саласында қызметтер көрсетуін қоспағанда, Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарында адал бәсекелестікті дамытуды қамтамасыз ету;
тиісті жабдықпен, технологиялармен және оларға байланысты қызметтер көрсетумен мұнай және мұнай өнімдерінің саудасына техникалық, әкімшілік және өзге де кедергілердің болмауы;
Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарының коммерциялық және көліктік инфрақұрылымын дамытуды қамтамасыз ету;
Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарында мүше мемлекеттердің шаруашылық жүргізуші субъектілері үшін кемсітушіліксіз жағдайды қамтамасыз ету;
мүше мемлекеттердің мұнай және мұнай өнімдерін өндіру, тасымалдау, жеткізу, өңдеу және өткізу саласында инвестициялар тарту үшін қолайлы жағдай жасау;
Одақтың мұнай және мұнай өнімдері ортақ нарықтарының технологиялық және коммерциялық инфрақұрылымы жұмыс істеуінің ұлттық нормалары мен қағидаларын үндестіру;
өзара саудада сандық шектеулер мен кедендік әкелу баждарын (балама мәндері бар өзге де баждарды, салық пен алымдарды) қолданбау;
мүше мемлекеттердің мұнай және өнімдеріне қажеттіліктерін басымдықпен қамтамасыз ету;
мүше мемлекеттердің мұнай және мұнай өнімдеріне арналған нормалары мен стандарттарын біріздендіру;
экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету;
Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын ақпараттық қамтамасыз ету.
Мүше мемлекеттер Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын қалыптастыру бойынша өзара тиімді ынтымақтастығын мынадай қағидаттарды да ескере отырып дамытады:
тең құқықтылық, өзара пайда және кез келген мүше мемлекетке экономикалық залал келтірмеу негізіндегі ынтымақтастық;
Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтары субъектілерінің экономикалық мүдделерінің, соның ішінде мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау саласында олар көрсететін қызметтерге кемсітушіліксіз қол жеткізуді және тұтынушылар үшін осы қызметтер көрсету сапасының тиісті деңгейін, сондай-ақ мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау жүйелерінің тиімді жұмыс істеуі мен дамуын қамтамасыз ететін мүше мемлекеттердің табиғи монополиялары субъектілері мүдделерінің теңгерімін сақтау;
мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау саласында табиғи монополиялар субъектілерінің қызметтер көрсетуіне тариф белгілеу;
нарықтық қатынастар мен бәсекелестікке негізделген тетіктерді басымдықпен пайдалану;
Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарында сұраныс пен ұсынысты сипаттайтын ақпарат ашықтығын арттыру.
Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын қалыптастырудың көрсетілген қағидаттары трансшекаралық құбыржолдар мәселелері бойынша бұрын жасалған үкіметаралық келісімдердің шеңберінде туындайтын құқықтық қатынастарға қолданылмайды.
V. Одақтың мұнай және мұнай өнімдері ортақ нарықтарының субъектілері
Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтары субъектілерінің құрамына:
Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарының қатысушылары;
Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарының инфрақұрылымдық ұйымдары кіреді.
Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарының инфрақұрылымдық ұйымдарының құрамына:
мүше мемлекеттердің аумақтарында мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау жүйелеріне, мұнай сақтағыштарға және қойма инфрақұрылымына иелік ететін заңды тұлғалар;
мүше мемлекеттердің мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау жүйелерінің операторлары;
мұнай сақтағыштар мен қойма инфрақұрылымының операторлары;
мүше мемлекеттердің мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау жүйелерінің операторларымен және мұнай сақтағыштар мен қойма инфрақұрылымы операторларымен өзара іс-қимыл арқылы мұнай және мұнай өнімдерімен биржалық сауданы жүзеге асыру кезінде жасалған шарттардың орындалуын қамтамасыз ететін биржалық сауда операторлары;
мүше мемлекеттердің мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау жүйелері операторларының, мұнай сақтағыштар мен қойма инфрақұрылымы операторларының және биржа саудасы операторларының өзара іс-қимылын қамтамасыз ететін өзге де ұйымдар.
VI. Одақтың мұнай және мұнай өнімдері ортақ нарықтарының жұмыс істеуі
Одақтың мұнай және мұнай өнімдері ортақ нарықтарының жұмыс істеуі Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтары субъектілерінің экономикалық мүдделері теңгерімінің сақталуын қамтамсыз етуге бағытталған.
Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтары Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын қалыптастыру кезеңдеріне сәйкес айқындалатын ерекшеліктерді ескере отырып, Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын реттейтін Одақ құқығының негізінде жұмыс істейді.
Одақтың мұнай және мұнай өнімдері ортақ нарықтарының жұмыс істеуі шеңберінде мынадай бағыттар бойынша:
Одақтың мұнай және мұнай өнімдері ортақ нарықтарының қатысушылары арасында мұнай және мұнай өнімдерімен өзара сауда;
екіжақты және өзге де шарттар бойынша;
биржалық саудада қызмет жүзеге асырылатын болады.
Биржалық саудада мұнай және мұнай өнімдерімен өзара сауданы Одақтың мұнай және мұнай өнімдері ортақ нарықтарының қатысушылары Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын реттейтін актілерге сәйкес (Одақ шеңберінде бірыңғай сауда алаңы пайдаланылған кезде) және мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес сауданың электрондық жүйелерінде жүзеге асырады;
мыналарды:
мүше мемлекеттердің ішкі тұтынуы үшін және (немесе) Одақ аумағынан экспорттау үшін бір мүше мемлекеттің аумағынан екінші мүше мемлекеттің аумағы арқылы өтетін;
мүше мемлекеттердің ішкі тұтынуы үшін және (немесе) Одақ аумағынан экспорттау үшін мүше мемлекеттің аумағынан үшінші мемлекеттердің аумақтары арқылы өтетін мұнай және мұнай өнімдерінің транзитін және (немесе) мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдауды қамтамасыз ету;
бір мүше мемлекеттің аумағында екінші мүше мемлекеттің шаруашылық жүргізуші субъектілерінің мұнай және мұнай өнімдерін өндіру, тасымалдау, жеткізу, өңдеу және өткізу саласындағы қызметті жүзеге асыруы (бірлескен жобаларды іске асыруды қоса алғанда);
Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтары субъектілерінің экономикалық мүдделері теңгерімінің сақталуын ескере отырып, мұнай және мұнай өнімдеріне арналған нормаларды және (немесе) стандарттарды біріздендіру бойынша қызметті жүзеге асыру.
VII. Мұнай саласында халықаралық ынтымақтастық пен мемлекетаралық инфрақұрылымды дамыту
Мүше мемлекеттердің энергетикалық қауіпсіздігіне жәрдемдесу және мұнай және мұнай өнімдерінің әлемдік нарықтарында олардың ұстанымдарын нығайту мақсатында мүше мемлекеттер:
мүше мемлекеттердің ұлттық мүдделерін ескеретін, мұнай және мұнай өнімдерінің транзиті саласындағы құжаттарды әзірлеу бойынша ұсыныстарды қалыптастырады;
мұнай саласындағы ірі трансшекаралық инвестициялық жобалардың іске асырылуына ықпал етеді;
мүше мемлекеттердің мұнай саласын неғұрлым тиімді позициялауға, мұнай өндіруден бастап мұнай және мұнай өнімдерін өңдеу мен сатуға дейінгі құн жасаудың жаһандық тізбектерін пайдалануға, мүше мемлекеттердің аумақтары арқылы үшінші мемлекеттерден мұнай және мұнай өнімдері транзитінің көлемін ұлғайтуға жәрдемдеседі;
мүше мемлекеттердің шаруашылық жүргізуші субъектілерінің мұнай және мұнай өнімдерінің халықаралық саудасына қатысуын кеңейту үшін инфрақұрылымдық, қаржылық-экономикалық және техникалық-технологиялық жағдай қалыптастырады.
VIII. Одақтың мұнай және мұнай өнімдері ортақ нарықтарының жұмыс істеуін реттеу және қамтамасыз ету
Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын реттеу Одақ құқығына және мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады және мыналарды қамтиды:
мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау саласындағы табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін реттеу;
монополияға қарсы реттеу;
кедендік-тарифтік реттеу;
салықтық реттеу;
мерзімді нарықты (биржалық және биржадан тыс) реттеу;
техникалық реттеу;
мұнай және мұнай өнімдерімен биржалық сауданы реттеу.
Мүше мемлекеттер Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын қалыптастыру мен олардың жұмыс істеуі мақсатында мүше мемлекеттердің реттеу органдары мен Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтары субъектілерінің өзара іс-қимылын қамтамасыз етеді.
Одақтың мұнай және мұнай өнімдері ортақ нарықтарының жұмыс істеуін қамтамасыз ету шеңберінде:
көрсетілген реттеу салаларында Одақ органдарының актілері мен мүше мемлекеттердің нормативтік-құқықтық актілерін қабылдау;
мүше мемлекеттердің Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын қалыптастыру мен олардың жұмыс істеуін технолгиялық және реттеушілік қамтамасыз ету бөлігіндегі мемлекеттік саясатты әзірлеуімен іске асыруы;
мүше мемлекеттердің мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау жүйелері операторларының қызметін үйлестіру;
арнайы мемлекетаралық реттеу органдарының бірлескен жобалардың іске асырылуын үйлестіруі;
Одақтың мұнай және мұнай өнімдері ортақ нарықтарының көмекші органдарын құру және олардың жұмыс істеуін қамтамасыз ету.
Одақтың мұнай және мұнай өнімдері ортақ нарықтарының жұмыс істеуі жағдайында мүше мемлекеттердің мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау жүйелері операторларының өзара іс-қимылы мынадай бағыттар бойынша жүзеге асырылады:
мұнай және мұнай өнімдерінің өзара саудасы мен транзиті шеңберінде мұнай және мұнай өнімдерін мемлекетаралық тасымалдауды жүзеге асыру үшін қажетті технологиялық ақпаратпен ақпараттық алмасуды ұйымдастыру;
мемлекетаралық құбыржол жүйелерінің өткізу қабілеті мен жұмысының сенімділігіне әсер ететін мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау жүйелерінің элементтерін жөндеу графиктері туралы өзара ақпарат беру;
мүше мемлекеттердің даму бағдарламаларына сәйкес мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау жүйелерін дамыту жоспарлары туралы өзара ақпарат беру.
Мүше мемлекеттердің мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау жүйелерінің операторлары мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес мүше мемлекеттердің мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау жүйелерін жедел-диспетчерлік басқаруды жүзеге асырады.
Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарында биржалық сауда операторларының өзара іс-қимылы мынадай бағыттар бойынша жүзеге асырылады:
биржалық саудада Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарының қатысушылары арасында мұнай және мұнай өнімдерімен өзара сауда;
Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарының қатысушылары арасында есеп айырысуларды қамтамасыз ету;
мұнай және мұнай өнімдерін жеткізуді қамтамасыз ету үшін биржалық саудада Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарының қатысушылары арасында мұнай және мұнай өнімдерімен өзара сауданы жүзеге асырған кезде мүше мемлекеттердің мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау жүйелерінің операторлары мен мұнай сақтағыштар және қойма инфрақұрылымы операторларының өзара іс-қимылы.
IX. Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарында баға белгілеу тетіктері
Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарында баға белгілеу тетіктері мүше мемлекеттердің нарықтарында баға белгілеудің қолданыстағы тетіктері мен Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын қалыптастыру кезеңдерін ескере отырып, қалыптастырылады.
Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарында баға белгілеу нарықтық тетіктер мен адал бәсекелестік негізінде қалыптастырылады. Баға белгілеудің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында биржадан тыс нарық шарттары туралы ақпаратты жинаумен әрі өңдеумен қатар, биржалық және биржадан тыс нарықтың объективті баға индикаторлары қалыптастырылады. Баға белгілеу қағидаттары шаруашылық жүргізуші субъектілерінің қандай да бір мүше мемлекетке тиесілігіне қарамастан ортақ болып табылады.
Мүше мемлекеттер мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау жүйелері бойынша мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау жөніндегі қызметтер көрсетуге тарифтерді реттеу кезінде:
мүше мемлекеттермұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау жүйелері бойынша мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау жөніндегі қызметтер көрсетуге ге тарифтер әрбір мүше мемлекеттің ұлттық заңнамасына сәйкес белгіленетіні;
мүше мемлекеттердің шаруашылық жүргізуші субъектілері үшін мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау жөніндегі қызметтер көрсетуге тарифтер аумағы арқылы мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау жүзеге асырылатын мүше мемлекеттің шаруашылық жүргізуші субъектілері үшін белгіленген тарифтерден аспайтын деңгейде белгіленетіні;
мүше мемлекеттердің шаруашылық жүргізуші субъектілері үшін мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау жөніндегі қызметтер көрсетуге тарифтер аумағы арқылы мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау жүзеге асырылатын мүше мемлекеттің шаруашылық жүргізуші субъектілері үшін белгіленген тарифтерден төмен белгілеу мүше мемлекеттер үшін міндеттеме болып табылмайтыны айқындалған Мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын ұйымдастыру, басқару, олардың жұмыс істеуі және дамуы тәртібі туралы хаттаманың (Шартқа № 23 қосымша) 7-тармағын басшылыққа алады.
X. Одақтың мұнай және мұнай өнімдері ортақ нарықтарының мониторингі және оларды ақпараттық қамтамасыз ету
Одақтың мұнай және мұнай өнімдері ортақ нарықтарының мониторингі және оларды ақпараттық қамтамасыз ету Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және ақпараттық өзара іс-қимыл туралы хаттаманың (Шартқа № 3 қосымша) 3-тармағына сәйкес құрылатын, Одақтың интеграцияланған ақпараттық жүйесі шеңберінде іске асырылады.
Мүше мемлекеттердің мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау жүйелерінің операторлары арасындағы технологиялық ақпарат алмасу олардың арасында өзара уағдаласқан, мұнай және мұнай өнімдерін үздіксіз мемлекетаралық тасымалдауды қамтамасыз етуге қажетті көлемде жүзеге асырылады.
Одақтың қаржы нарықтары мен мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарының жұмыс істеуі мәселелері бойынша релевантты ақпаратты өзара беруді қоса алғанда, Одақтың ортақ ақпараттық кеңістігін құру көзделеді.
Мұнай және мұнай өнімдерінің әлемдік нарықтарында баға динамикасының мониторингі үшін әртүрлі ақпарат көздері пайдаланылады.
Мүше мемлекеттер көліктің барлық түрлерімен мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу, экспорттау және импорттау туралы мәліметтерді қамтитын кедендік ақпарат негізінде ақпараттық алмасу жүйесін құрады.
ХІ. Инвестициялар
Мүше мемлекеттер Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын қалыптастыру мен дамыту мақсатында мүше мемлекеттердің аумақтарында мұнай және мұнай өнімдерін өндіру, тасымалдау, жеткізу, өңдеу және өткізу саласына инвестициялар тартуға жәрдемдеседі.
Мүше мемлекеттер бірлескен қызмет шеңберінде:
Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарында қолайлы инвестициялық климатты қалыптастыруға, өзара инвестицияларды көтермелеу мен қорғауға,
көлік инфрақұрылымын дамытуға жәрдемдеседі.
ХІІ. Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын реттейтін актілер
Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын реттейтін актілер жүйесін:
Шарт;
Одақ шеңберінде Шарттың 84-бабының 3-тармағына және 104-бабының 7-тармағына сәйкес жасалатын, соның ішінде мүше мемлекеттердің аумақтарында орналасқан мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау жүйелеріне қолжетімділіктің бірыңғай қағидаларын қамтитын Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын қалыптастыру туралы халықаралық шарт;
Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтары субъектілерініңжұмыс істеуін (қызметін) айқындайтын және Шарттың 84-бабының 2-тармағы мен 104-бабының 6-тармағында көзделген Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын қалыптастыру бағдарламасына сәйкес әзірленетін Одақ органдарының актілері құрайды.
ХІІІ. Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын басқару және олардыңжұмыс істеуін қамтамасыз ету
Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын қалыптастыру мен дамыту шеңберінде Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын басқару және жұмыс істеуін қамтамасыз ету құрылымдары мен Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтары субъектілерінің өзара іс-қимылы жүзеге асырылады.
Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын басқару және жұмыс істеуін қамтамасыз ету құрылымдарының құрамына:
мүше мемлекеттердің мұнай және мұнай өнімдерінің нарықтарын реттеуге уәкілетті мемлекеттік органдары;
мүше мемлекеттердің мемлекеттік органдарының, Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтары қатысушыларының және Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарының инфрақұрылымдық ұйымдарының өзара іс-қимылын қамтамасыз ету үшін құрылуы мүмкін Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарының органдары (мүше мемлекеттердің мемлекеттік органдары басшыларының кеңесі, жұмыс топтары, арнайы комиссиялар) кіреді.
Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын басқару және жұмыс істеуін қамтамасыз ету құрылымдары мен Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарының субъектілерінің өзара іс-қимылы:
Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын дамыту мәселелері бойынша келісілген ұсыныстар әзірлеуді;
Одақтың мұнай және мұнай өнімдері ортақ нарықтарыныңж ұмыс істеуі мониторингін ұйымдастыруды;
биржалық саудада Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтары қатысушыларының сауда операцияларын жүзеге асырған кезде Одақтың мұнай және мұнай өнімдері ортақ нарықтарының жұмыс істеуін қамтамасыз ететін ақпараттық жүйелердің, оның ішінде электрондық жүйенің жұмыс істеуін және олардың өзара іс-қимылын қамтиды.
ХІV. Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын қалыптастыру кезеңдері
Мүше мемлекеттер Шарттың 84-бабына сәйкес Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын қалыптастыруды мынадай кезеңдерге сай қамтамасыз етеді:
І кезең (2016-2017 жылдар) – Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын қалыптастыру бағдарламасын әзірлеу және бекіту;
ІІ кезең (2018-2023 жылдар) – Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын қалыптастыру бағдарламасының іс-шараларын орындау, мүше мемлекеттердің аумақтарында орналасқан мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау жүйелеріне қолжетімділіктің бірыңғай қағидаларын әзірлеу;
ІІІ кезең (2024 жыл) – Одақ шеңберінде мүше мемлекеттердің аумақтарында орналасқан мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау жүйелеріне қолжетімділіктің бірыңғай қағидаларын қамтитын Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын қалыптастыру туралы халықаралық шарт жасасу және оның күшіне енуі.