Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексі 274-бабының 6-тармағына және 275-бабының 11-тармағына сәйкес Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы шешті:
1. Қоса беріліп отырған:
Уақытша әкелінген халықаралық тасымалдау көлік құралдарының Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында болу мерзімін ұзартуға байланысты кедендік операцияларды жасау тәртібі;
Уақытша әкелінген халықаралық тасымалдау теміржол көлік құралының және (немесе) теміржол көлік құралдарымен тасымалданатын контейнерлердің берілгені туралы Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің кеден органына хабарлау тәртібі бекітілсін.
2. Осы Шешім ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік 30 күн өткен соң, бірақ ерте дегенде 2017 жылғы 11 сәуірдегі Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексі туралы шарт күшіне енген күннен кейін күшіне енеді.
Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының Төрағасы |
Т. Саркисян |
Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2017 жылғы 7 қарашадағы №140 шешімімен БЕКІТІЛГЕН |
Уақытша әкелінген халықаралық тасымалдау көлік құралдарының Еуразиялық экономикалық
одақтың кедендік аумағында болу мерзімін ұзартуға байланысты кедендік операцияларды жасау
ТӘРТІБІ
1. Осы Тәртіп Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 274-бабының 6-тармағын іске асыру мақсатында әзірленді және Кодекстің 274-бабының 1 – 3-тармақтарына сәйкес Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің кеден органы (бұдан әрі тиісінше – Одақ, мүше мемлекет, кеден органы) белгілеген уақытша әкелінген халықаралық тасымалдау көлік құралының Одақтың кедендік аумағында болу мерзімін (бұдан әрі – уақытша әкелу мерзімі) ұзартуға байланысты кедендік операция жасаудың дәйектілігін айқындайды.
2. Уақытша әкелінген халықаралық тасымалдау көлік құралын уақытша әкелу мерзімінде Одақтың кедендік аумағынан кері шығару мүмкін болмаған жағдайда, тасымалдаушы немесе Кодекстің 275-бабының 4-тармағы 2-тармақшасының екінші – төртінші абзацтарына сәйкес осындай көлік құралы иелігіне берілген тұлға немесе өзге де мүдделі тұлға (бұдан әрі – тұлға), егер осы тармақтың екінші абзацына сәйкес өзгеше көзделмесе, белгіленген уақытша әкелу мерзімі өткеннен кейін осы Тәртіптің 1-тармағында көрсетілген кедендік операцияларды жасауға уәкілетті және халықаралық тасымалдау көлік құралы қызмет өңірінде тұрған кеден органы уақытша әкелу мерзімін осындай көлік құралын Одақтың кедендік аумағынан кері әкету мүмкін болмайтын себептерді жою үшін қажетті уақытқа ұзарту туралы дәлелді сұрау салу (электрондық құжат немесе еркін нысанда жазылған қағаз жеткізгіштегі құжат, қағаз жеткізгіштегі құжаттың электрондық көшірмесі түрінде) (бұдан әрі – сұрау салу) жібереді.
Сұрау салу мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес жол берілмейтін жағдайларды қоспағанда, белгіленген уақытша әкелу мерзімі өткеннен кейін жіберілуі мүмкін.
Уақытша әкелу мерзімін ұзарту үшін көрсетілген кеден органына тұлғаның іс жүзінде келуі және (немесе) уақытша әкелінген халықаралық тасымалдау көлік құралын көрсетуі талап етілмейді.
3. Сұрау салу мынадай мәліметтерді:
а) сұрау салу жіберген заңды тұлғаның, заңды тұлға болып табылмайтын ұйымның (бұдан әрі – ұйым) толық немесе қысқаша (қысқартылған) атауын, не жеке тұлғаның тегін, атын, әкесінің атын (бар болған жағдайда);
б) сұрау салу жіберген тұлғаның салықтық нөмірін (бар болған жағдайда);
в) сұрау салу жіберген жеке тұлғаның жеке басын куәландыратын құжатының атауын және деректемелерін (сериясы (бар болған жағдайда), нөмірі);
г) мекенжайын (елдің қысқаша атауы, әкімшілік-аумақтық бірлік (өңір, облыс, аудан және т.б.), елді мекен, көше, үйдің нөмірі, корпустың (құрылыстың) нөмірі, пәтердің (бөлменің, офистің) нөмірі) сұрау салуды жіберген заңды тұлғаның, ұйымның орналасқан жерін не жеке тұлғаның тұрғылықты жерін;
д) уақытша әкелінген халықаралық тасымалдау көлік құралының атауын (маркасы, моделі) және (немесе) тіркеу (сәйкестендіру) нөмірін;
е) халықаралық тасымалдау көлік құралы Одақтың кедендік аумағына оған сәйкес уақытша әкелінген көлік құралына арналған декларацияның тіркеу нөмірін;
ж) халықаралық тасымалдау көлік құралын кк.аа.жж (күн, ай, күнтізбелік жылдың соңғы 2 цифры) форматындағы уақытша әкелу мерзімін;
з) көліктік (тасымалдау) құжаттарына және (немесе) мүше мемлекеттердің үшінші тараппен жасасқан көлік саласындағы халықаралық шарттарында көзделген тасымалдаушының өзге де стандарттық құжаттарына сәйкес уақытша әкелінген халықаралық тасымалдау көлік құралының жол жүру маршрутын;
и) уақытша әкелінген халықаралық тасымалдау көлік құралын уақытша әкелу мерзімінде Одақтың кедендік аумағынан кері әкету мүмкін болмайтын себептерді;
к) уақытша әкелінген халықаралық тасымалдау көлік құралын Одақтың кедендік аумағынан кері әкету мүмкін болмайтын себептерді жою үшін қажетті уақытты, ондай уақытты негіздей отырып;
л) уақытша әкелінген халықаралық тасымалдау көлік құралының орналасқан жерін;
м) сұрау салуды қарау нәтижелері туралы ақпараттандырудың сұрау салуды жіберген тұлға үшін ұнамды тәсілін (электрондық поштамен, телефонмен және т.б.) қамтуға тиіс.
4. Осы Тәртіптің 2-тармағында көрсетілген кеден органына сұрау салумен бірге мынадай құжаттар (қағаз жеткізгіштегі құжаттардың көшірмелері, электрондық құжаттар және (немесе) қағаз жеткізгіштегі құжаттардың электрондық көшірмелері):
а) көліктік (тасымалдау) құжаттары және (немесе) мүше мемлекеттердің үшінші тараппен жасасқан көлік саласындағы халықаралық шарттарында көзделген тасымалдаушының өзге де стандарттық құжаттары;
б) тұлғаның халықаралық тасымалдау көлік құралына қатысты өкілеттіктерін растайтын құжаттар;
в) сұрау салуды жіберу себептерін растайтын құжаттар (тұлғада осындай құжаттар бар болған жағдайда);
г) көлік құралына арналған декларация ретінде поездың табыстау ведомосі пайдаланылатын жағдайларды қоспағанда (халықаралық тасымалдау темір жол көлік құралына және (немесе) темір жол көлік құралымен тасымалданатын контейнерге қатысты), көлік құралына арналған декларация (егер көлік құралына арналған декларация қағаз жеткізгіштегі құжат түрінде ұсынылған жағдайда) ұсынылады.
5. Кеден органы мүмкіндігінше қысқа мерзімде, бірақ сұрау салу келіп түскен сәттен бастап кеден одағы жұмыс уақытының 1 сағатынан кешіктірмей, тіркеу нөмірін беру жолымен кеден органының ақпараттық жүйесін пайдалана отырып, келіп түскен сұрау салуды тіркейді.
Егер сұрау салу көрсетілген кеден органына белгіленген уақытша әкелу мерзімі өткеннен кейін келіп түскен және осы кеден органы уақытша әкелу мерзімін ұзарту туралы шешім қабылдаған жағдайда, егер бұған кеден органына сұрау салу келіп түскен мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес жол берілсе, мұндай кеден органы белгіленген уақытша әкелу мерзімі өткен күннен кейінгі күннен бастап уақытша әкелу мерзімін ұзартады.
6. Кеден органы мынадай:
а) сұрау салу осы Тәртіптің 1-тармағында көрсетілген кедендік операцияларды жасауға уәкілетті емес кеден органына келіп түскен және (немесе) халықаралық тасымалдау көлік құралы оның қызметі өңірінде тұрмаған;
б) сұрау салу кеден органына белгіленген уақытша әкелу мерзімі өткеннен кейін келіп түскен (егер кеден органына сұрау салу келіп түскен мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес уақытша әкелу мерзімін ұзартуға жол берілмейтін жағдайда);
в) сұрау салуды уәкілетті емес тұлға берген;
г) сұрау салуда осы Тәртіптің 3-тармағында көрсетілген мәліметтер қамтылмаған (осы Тәртіптің 3-тармағының "м" тармақшасында көрсетілген мәліметтерді қоспағанда);
д) сұрау салуға осы Тәртіптің 4-тармағында көрсетілген құжаттар қоса берілмеген жағдайларда уақытша әкелу мерзімін ұзартудан бас тартады.
7. Уақытша әкелу мерзімін ұзарту туралы шешім қабылданған жағдайда осы Тәртіптің 2-тармағында көрсетілген кеден органының лауазымды тұлғасы мүмкіндігінше қысқа мерзімде, бірақ осындай сұрау салу тіркелген сәттен бастап кеден органының жұмыс уақытының 3 сағатынан кешіктірмей:
а) кеден органының ақпараттық жүйесіне уақытша әкелу мерзімін ұзарту туралы ақпаратты қамтитын хабарламаны электрондық түрде қалыптастырады, ол халықаралық тасымалдау көлік құралының уақытша әкелінуіне бақылауды жүзеге асыратын мүше мемлекеттің кеден органына жіберіледі және мынадай мәліметтерді:
уақытша әкелінген халықаралық тасымалдау көлік құралының атауын (маркасы, моделі) және (немесе) тіркеу (сәйкестендіру) нөмірін;
халықаралық тасымалдау көлік құралы Одақтың кедендік аумағына оған сәйкес уақытша әкелінген көлік құралына арналған декларацияның тіркеу нөмірін;
уақытша әкелінген халықаралық тасымалдау көлік құралын уақытша әкелу мерзімінде Одақтың кедендік аумағынан кері әкету мүмкін болмайтын себептерді;
уақытша әкелінген халықаралық тасымалдау көлік құралының орналасқан жерін;
уақытша әкелу мерзімі оған дейін ұзартылған кк.аа.жж (күн, ай, күнтізбелік жылдың соңғы 2 цифры) форматындағы күнді қамтиды;
б) уақытша әкелу мерзімінің ұзартылғаны туралы ақпаратты қамтитын электрондық құжат қалыптастырады және оны кеден органының ақпараттық жүйесін пайдалана отырып тұлғаға жібереді, не уақытша әкелу мерзімі оған дейін ұзартылған кк.аа.жж (күн, ай, күнтізбелік жылдың соңғы 2 цифры) форматындағы күнді көрсете отырып, "Уақытша әкелу мерзімі... дейін ұзартылды" деген белгі қояды және осы белгіні көлік құралына арналған декларацияда (егер көлік құралына арналған декларация қағаз жеткізгіштегі құжат түрінде ұсынылған жағдайда) немесе сұрау салуда (егер сұрау салу қағаз жеткізгіштегі құжат түрінде жіберілген және көлік құралына арналған декларация ретінде поездың табыстау ведомосі пайдаланылған жағдайда) кеден органы лауазымды тұлғасының қолтаңбасымен және жеке нөмірлік мөрінің бедерімен куәландырады;
в) уақытша әкелу мерзімінің ұзартылғаны және уақытша әкелу мерзімінің ұзартылғаны туралы белгісі бар көлік құралына арналған декларацияны алуға болатыны туралы тұлғаны хабардар етеді (егер көлік құралына арналған декларация қағаз жеткізгіштегі құжат түрінде ұсынылған жағдайда). Егер тиісті шешім қабылданған күннен кейінгі кеден органының 1 жұмыс күні ішінде тұлға уақытша әкелу мерзімінің ұзартылғаны туралы белгісі бар көлік құралына арналған декларацияны алу үшін келмеген жағдайда, кеден органы мұндай декларацияны тапсырылғаны туралы хабарламасы бар тапсырыстық пошта жөнелтімімен жібереді немесе көлік құралына арналған осындай декларацияны алу фактісін растауға мүмкіндік беретін өзге де тәсілмен береді;
г) кеден органының іс қағаздарында сақтау үшін кеден органының уақытша әкелу мерзімінің ұзартылғаны туралы белгісі бар көлік құралына арналған декларацияның көшірмесін жасайды (қажет болған жағдайда) (егер көлік құралына арналған декларация қағаз жеткізгіштегі құжат түрінде ұсынылған жағдайда).
8. Уақытша әкелу мерзімін ұзартудан бас тарту туралы шешім қабылданған жағдайда, сұрау салу келіп түскен кеден органы мүмкіндігінше қысқа мерзімде, бірақ сұрау салу тіркелген сәттен бастап кеден органы жұмыс уақытының 3 сағатынан кешіктірмей:
а) уақытша әкелу мерзімін ұзартудан бас тартылғаны туралы ақпаратты қамтитын электрондық құжат қалыптастырады және оны кеден органының ақпараттық жүйесін пайдалана отырып тұлғаға жібереді, не бас тарту себептерін көрсете отырып, "Уақытша әкелу мерзімін ұзартудан бас тартылды" деген белгі қояды және осы белгіні көлік құралына арналған декларацияда (егер көлік құралына арналған декларация қағаз жеткізгіштегі құжат түрінде ұсынылған жағдайда) немесе сұрау салуда (егер сұрау салу қағаз жеткізгіштегі құжат түрінде жіберілген және көлік құралына арналған декларация ретінде поездың табыстау ведомосі пайдаланылған жағдайда) кеден органы лауазымды тұлғасының қолтаңбасымен және жеке нөмірлік мөрінің бедерімен куәландырады;
б) уақытша әкелу мерзімін ұзартудан бас тартылғаны және уақытша әкелу мерзімін ұзартудан бас тарту туралы белгісі бар көлік құралына арналған декларацияны алуға болатыны туралы тұлғаны хабардар етеді (егер көлік құралына арналған декларация қағаз жеткізгіштегі құжат түрінде ұсынылған жағдайда). Егер тиісті шешім қабылданған күннен кейінгі кеден органының 1 жұмыс күні ішінде тұлға уақытша әкелу мерзімін ұзартудан бас тартылғаны туралы белгісі бар көлік құралына арналған декларацияны алу үшін келмеген жағдайда, кеден органы мұндай декларацияны тапсырылғаны туралы хабарламасы бар тапсырыстық пошта жөнелтімімен жібереді немесе көлік құралына арналған осындай декларацияны алу фактісін растауға мүмкіндік беретін өзге де тәсілмен береді;
в) кеден органының іс қағаздарында сақтау үшін кеден органының уақытша әкелу мерзімін ұзартудан бас тартылғаны туралы белгісі бар көлік құралына арналған декларацияның көшірмесін жасайды (қажет болған жағдайда) (егер көлік құралына арналған декларация қағаз жеткізгіштегі құжат түрінде ұсынылған жағдайда).
Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2017 жылғы 7 қарашадағы №140 шешімімен БЕКІТІЛГЕН |
Уақытша әкелінген халықаралық тасымалдау темір жол көлік құралының және
(немесе) темір жол көлік құралдарымен тасымалданатын контейнерлердің берілгені
туралы Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің кеден органына хабарлау
ТӘРТІБІ
1. Осы Тәртіп Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексі 275-бабының 11-тармағын іске асыру мақсатында әзірленді және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің кеден органына (бұдан әрі тиісінше – Одақ, мүше мемлекет, кеден органы) Одақтың кедендік аумағына уақытша әкелінген халықаралық тасымалдау темір жол көлік құралын және (немесе) темір жол көлік құралдарымен тасымалданатын контейнерлерді (бұдан әрі – уақытша әкелінген халықаралық тасымалдау көлік құралы) мүше мемлекеттің темір жолмен тасымалдаушысының тасымалдау шартына сәйкес тауарларды алушы (бұдан әрі – алушы) болып табылатын тұлғаға немесе осындай алушының мүше мемлекеттің темір жолмен тасымалдаушысына немесе өзге де тасымалдаушыға уақытша әкелінген халықаралық тасымалдау көлік құралын Одақтың кедендік аумағынан кері әкету үшін беруі (бұдан әрі – уақытша әкелінген халықаралық тасымалдау көлік құралын беру) туралы хабарлауына байланысты кедендік операциялар жасаудың дәйектілігін, сондай-ақ осындай хабарламаның мерзімдерін айқындайды.
2. Уақытша әкелінген халықаралық тасымалдау көлік құралын берген жағдайда, осындай көлік құралын беретін тұлға мүмкіндігінше қысқа мерзімде, бірақ осындай беру жүзеге асырылған күннен бастап 1 жұмыс күнінен кешіктірмей осы Тәртіптің 1-тармағында көрсетілген кедендік операцияларды жасауға уәкілетті және алушы қызмет өңірінде тұрған кеден органына осы тармақтың екінші абзацында көрсетілген жағдайды қоспағанда, уақытша әкелінген халықаралық тасымалдау көлік құралының берілгені туралы (электрондық құжат түрінде) хабарлама (бұдан әрі – хабарлама) жібереді.
Қағаз жеткізгіштегі құжат түрінде еркін нысанда жасалған хабарламаны уақытша әкелінген халықаралық тасымалдау көлік құралын беру жүзеге асырылған күннен бастап 5 жұмыс күнінен кешіктірмей жіберуге жол беріледі.
Уақытша әкелінген халықаралық тасымалдау көлік құралының берілгені туралы хабарлау кезінде осындай хабарлама жіберген тұлғаның көрсетілген кеден органына іс жүзінде келуі және (немесе) уақытша әкелінген халықаралық тасымалдау көлік құралын көрсетуі талап етілмейді.
3. Хабарлама мынадай мәліметтерді:.
а) заңды тұлғаның, заңды тұлға болып табылмайтын ұйымның (бұдан әрі – ұйым) толық немесе қысқаша (қысқартылған) атауын, не жеке тұлғаның тегін, атын, әкесінің атын (бар болған жағдайда), соның ішінде уақытша әкелінген халықаралық тасымалдау көлік құралын беруді жүзеге асырған межелі темір жол станциясының атауын (бар болған жағдайда) көрсете отырып;
б) уақытша әкелінген халықаралық тасымалдау көлік құралын берген тұлғаның салықтық нөмірін (бар болған жағдайда);
в) мекенжайын (елдің қысқаша атауы, әкімшілік-аумақтық бірлік (өңір, облыс, аудан және т.б.), елді мекен, көше, үйдің нөмірі, корпустың (құрылыстың) нөмірі, пәтердің (бөлменің, офистің) нөмірі) сұрау салуды жіберген заңды тұлғаның, ұйымның орналасқан жерін не жеке тұлғаның тұрғылықты жерін, соның ішінде уақытша әкелінген халықаралық тасымалдау көлік құралын беруді жүзеге асырған межелі темір жол станциясының (бар болған жағдайда) тұрған жерін көрсете отырып;
г) хабарлама жіберген тұлғаның байланыс ақпаратын (электрондық поштасының мекенжайы, телефоны);
д) уақытша әкелінген халықаралық тасымалдау көлік құралының тіркеу (сәйкестендіру) нөмірін;
е) уақытша әкелінген халықаралық тасымалдау көлік құралы Одақтың кедендік аумағына оған сәйкес әкелінген көлік құралына арналған декларацияның тіркеу нөмірін;
ж) уақытша әкелінген халықаралық тасымалдау көлік құралын кк.аа.жж (күн, ай, күнтізбелік жылдың соңғы 2 цифры) форматындағы уақытша әкелу мерзімін;
з) тасымалдау шартының деректемелерін (темір жол жүкқұжатының немесе "СМR" халықаралық тауар-көлік жүкқұжатының нөмірі және күні) (уақытша әкелінген халықаралық тасымалдау көлік құралын автомобиль тасымалдаушысына берген жағдайда);
и) заңды тұлғаның, ұйымның толық немесе қысқаша (қысқартылған) атауын, не жеке тұлғаның тегін, атын, әкесінің атын (бар болған жағдайда), соның ішінде уақытша әкелінген халықаралық тасымалдау көлік құралы берілген темір жол станциясының атауын (бар болған жағдайда) көрсете отырып;
к) уақытша әкелінген халықаралық тасымалдау көлік құралы берілген тұлғаның салықтық нөмірін (бар болған жағдайда);
л) мекенжайын (елдің қысқаша атауы, әкімшілік-аумақтық бірлік (өңір, облыс, аудан және т.б.), елді мекен, көше, үйдің нөмірі, корпустың (құрылыстың) нөмірі, пәтердің (бөлменің, офистің) нөмірі) сұрау салуды жіберген заңды тұлғаның, ұйымның орналасқан жерін не жеке тұлғаның тұрғылықты жерін, соның ішінде уақытша әкелінген халықаралық тасымалдау көлік құралы берілген темір жол станциясының (бар болған жағдайда) тұрған жерін көрсете отырып қамтуға тиіс.
4. Осы Тәртіптің 2-тармағында көрсетілген кеден органына хабарламамен бірге уақытша әкелінген халықаралық тасымалдау көлік құралын берудің негіздемесін растайтын құжаттар (темір жолмен тасымалдаушы немесе алушы куәландырған қағаз жеткізгіштегі құжаттардың көшірмелері не электрондық құжаттар және (немесе) қағаз жеткізгіштегі құжаттардың электрондық көшірмелері) ұсынылады.
5. Осы Тәртіптің 2-тармағында көрсетілген кеден органы:
а) хабарламаны мүмкіндігінше қысқа мерзімде, бірақ осындай хабарлама келіп түскен сәттен бастап кеден одағы жұмыс уақытының 1 сағатынан кешіктірмей, оған тіркеу нөмірін беру жолымен кеден органының ақпараттық жүйесін пайдалана отырып тіркейді;
б) мүмкіндігінше қысқа мерзімде, бірақ хабарлама тіркелген сәттен бастап кеден органы жұмыс уақытының 3 сағатынан кешіктірмей хабарды кеден органының ақпараттық жүйесіне уақытша әкелінген халықаралық тасымалдау көлік құралының берілгені туралы ақпаратты қамтитын хабарды электрондық түрде қалыптастырады, ол халықаралық тасымалдау көлік құралын уақытша әкелуге бақылауды жүзеге асыратын мүше мемлекеттің кеден органына жіберіледі және мынадай мәліметтерді:
заңды тұлғаның, ұйымның толық немесе қысқаша (қысқартылған) атауын, не жеке тұлғаның тегін, атын, әкесінің атын (бар болған жағдайда), соның ішінде уақытша әкелінген халықаралық тасымалдау көлік құралын беруді жүзеге асырған межелі темір жол станциясының атауын (бар болған жағдайда) көрсете отырып;
уақытша әкелінген халықаралық тасымалдау көлік құралын берген тұлғаның салықтық нөмірін (бар болған жағдайда);
мекенжайын (елдің қысқаша атауы, әкімшілік-аумақтық бірлік (өңір, облыс, аудан және т.б.), елді мекен, көше, үйдің нөмірі, корпустың (құрылыстың) нөмірі, пәтердің (бөлменің, офистің) нөмірі) сұрау салуды жіберген заңды тұлғаның, ұйымның орналасқан жерін не жеке тұлғаның тұрғылықты жерін, соның ішінде уақытша әкелінген халықаралық тасымалдау көлік құралын беруді жүзеге асырған межелі темір жол станциясының (бар болған жағдайда) тұрған жерін көрсете отырып;
уақытша әкелінген халықаралық тасымалдау көлік құралының тіркеу (сәйкестендіру) нөмірін;
халықаралық тасымалдау көлік құралы Одақтың кедендік аумағына оған сәйкес уақытша әкелінген көлік құралына арналған декларацияның тіркеу нөмірін;
тасымалдау шартының деректемелерін (темір жол жүкқұжатының немесе "СМR" халықаралық тауар-көлік жүкқұжатының нөмірі және күні) (уақытша әкелінген халықаралық тасымалдау көлік құралын автомобиль тасымалдаушысына берген жағдайда);
заңды тұлғаның, ұйымның толық немесе қысқаша (қысқартылған) атауын, не жеке тұлғаның тегін, атын, әкесінің атын (бар болған жағдайда), соның ішінде уақытша әкелінген халықаралық тасымалдау көлік құралы берілген темір жол станциясының атауын (бар болған жағдайда) көрсете отырып;
уақытша әкелінген халықаралық тасымалдау көлік құралы берілген тұлғаның салықтық нөмірін (бар болған жағдайда);
мекенжайын (елдің қысқаша атауы, әкімшілік-аумақтық бірлік (өңір, облыс, аудан және т.б.), елді мекен, көше, үйдің нөмірі, корпустың (құрылыстың) нөмірі, пәтердің (бөлменің, офистің) нөмірі) сұрау салуды жіберген заңды тұлғаның, ұйымның орналасқан жерін не жеке тұлғаның тұрғылықты жерін, соның ішінде уақытша әкелінген халықаралық тасымалдау көлік құралы берілген темір жол станциясының (бар болған жағдайда) тұрған жерін көрсете отырып қамтиды.
6. Темір жолмен тасымалдаушының уақытша әкелінген халықаралық тасымалдау көлік құралдарын беру фактісі тіркелетін автоматтандырылған есептеу жүйесін пайдалануы және уақытша әкелінген халықаралық тасымалдау көлік құралының Одақтың кедендік аумағында болуы және пайдаланылуы шарттарының сақталуына бақылауды жүргізу мақсаттары үшін аумағында беру жүзеге асырылатын мүше мемлекеттің заңнамасында темір жолмен тасымалдаушының осындай жүйеден алынған ақпаратты кеден органына ұсынуы тәртібінің белгіленуі шартымен, мүше мемлекеттің темір жолмен тасымалдаушысы уақытша әкелінген халықаралық тасымалдау көлік құралын алушыға немесе осындай алушыдан мүше мемлекеттің темір жолмен тасымалдаушысына кері беруі жағдайында осы Тәртіптің 2 – 5-тармақтарында көзделген кедендік операцияларды жасау талап етілмейді.
Егер уақытша әкелінген халықаралық тасымалдау көлік құралына бақылауды жүзеге асыратын мүше мемлекеттің кеден органы және хабарлама келіп түскен мүше мемлекеттің кеден органы сұрау салулар қалыптастыру және оларға жауап ретінде электрондық нысанда мәліметтер алу арқылы тиісті кеден органдарының ақпараттық жүйелерін қолдана отырып, уақытша әкелінген халықаралық тасымалдау көлік құралының Одақтың кедендік аумағында болуы мен пайдаланылуы шарттарының сақталуына бақылауды жүзеге асырса, осы Тәртіптің 5-тармағы "б" тармақшасының бірінші абзацында көрсетілген ақпарат берілмейді.