Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы Еуразиялық экономикалық комиссия туралы ереженің (2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа № 1 қосымша) 43-бабының 6) тармақшасына сәйкес,
Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы автомобиль көлігімен тауарлар жылжитын жерлерде адамдарды, көлік құралдарын және тауарларды өткізуді ұйымдастыруда біркелкі талаптар әзірлеу мақсатында
қосымшаға сәйкес, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерге 2017 жылғы 11 сәуірдегі Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексі туралы Шарт күшіне енген күннен бастап, бірақ осы Ұсыным Еуразиялық экономикалық одақтың ресми сайтында ресми жарияланған күннен бұрын болмай, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы автомобиль көлігімен тауарлар жылжитын жерлерде адамдарды, көлік құралдарын және тауарларды өткізуді ұйымдастыруда бірыңғай тәсілдемелерді басшылыққа алуды ұсынады.
Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының Төрағасы |
Т. Саркисян |
Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2017 жылғы 4 тамыздағы № 14 ұсынымына ҚОСЫМША |
Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы автомобиль көлігімен тауарлар жылжитын жерлерде адамдарды, көлік құралдарын және тауарларды өткізуді ұйымдастырудағы БІРЫҢҒАЙ ТӘСІЛДЕМЕЛЕР
1. Осы құжатта Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің бақылау органдарының (бұдан әрі, тиісінше – бақылау органдары, мүше мемлекет, Одақ) лауазымды тұлғалары Одақтың кедендік шекарасы арқылы тауарлар жылжитын жерлерде, мүше мемлекеттің мемлекеттік шекарасы арқылы автомобильдерді өткізу пункттерінде (бұдан әрі – өткізу пункті) адамдардың, көлік құралдарының және тауарлардың жылжуы кезінде, кедендік, көліктік (автомобиль), радиациялық, санитариялық-карантиндік бақылау, ветеринариялық, карантиндік фитосанитариялық бақылау (қадағалау) (бұдан әрі – мемлекеттік бақылау) және оларды өткізу жөнінде басқа да шаралар жүргізу кезінде бақылау операцияларының дәйектілігіне қатысты ұсынымдар берілген.
2. Одақтың кедендік аумағына адамдардың, көлік құралдарының және тауарлардың кіруі (әкелінуі) кезінде өткізу пунктінде бақылау органдарына мемлекеттік бақылау түрлерін жүргізудің келесі реті ұсынылады:
а) радиациялық бақылау;
б) санитариялық-карантиндік бақылау;
в) ветеринариялық бақылау (қадағалау);
г) карантиндік фитосанитариялық бақылау (қадағалау);
д) көліктік (автомобиль) бақылау;
е) кедендік бақылау
ж) мемлекеттік бақылаудың (қадағалаудың) өзге де түрлері (Одақтың құқығын құрайтын халықаралық шарттар мен актілерге және (немесе) мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес жүргізіледі).
3. Одақтың кедендік аумағынан адамдардың, көлік құралдарының және тауарлардың шығуы (әкетілуі) кезінде өткізу пунктінде бақылау органдарына мемлекеттік бақылау түрлерін жүргізудің келесі реті ұсынылады:
а) радиациялық бақылау;
б) көліктік (автомобиль) бақылау;
в) ветеринариялық бақылау (қадағалау);
г) санитариялық-карантиндік бақылау;
д) кедендік бақылау
е) мемлекеттік бақылаудың (қадағалаудың) өзге де түрлері (Одақтың құқығын құрайтын халықаралық шарттар мен актілерге және (немесе) мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес жүргізіледі).
4. Өткізу пунктінде жеке пайдалану үшін Одақтың кедендік шекарасы арқылы адамдардың және тауарлардың өтуі қос дәліз жүйесі пайдаланылып, жүзеге асырылуы мүмкін.
5. Адамдардың, көлік құралдарының және тауарлардың ағыны өскен кезде мемлекеттік бақылаудың сапасына нұқсан келтірместен, адамдарды, көлік құралдарын және тауарларды өткізудің уақыты жөніндегі нормативтерді сақтау мақсатында кеден органы өткізу пунктіндегі инфрақұрылымның жай-күйіне байланысты жекелеген (қосымша) қозғалыс жолақтарын, тұрақтар (алаңдар) орнатуы, сондай-ақ, тиісті бағыттарда санын арттыру қажеттілігін ескере отырып, кеден органының лауазымды адамдарын қайта бөлуі мүмкін.
6. Өткізу пунктінде мемлекеттік бақылауды жүргізудің жалпы уақытын қысқарту мақсатында мүмкіндіктер болған кезде, егер өзге де бақылау органдары қарап шығуға (жете қарауға) шешім қабылдаған жағдайда, кеден органының лауазымды адамдарына осы бақылау органдарының лауазымды адамдарымен бірлесе отырып, өткізу пунктінің арнайы жабдықталған орындарында адамдарды, көлік құралдарын және тауарларды қарап шығу (жете қарау) ұсынылады.
7. Байланыс құралдарының, құрал-жабдықтың, ақпараттық және бағдарламалық қамтамасыз ету құралдарының жұмысында іркіліс болуы, сондай-ақ, өзге де тосын жағдайлардың нәтижесінде бақылау органына жүктелген бақылау функцияларын орындау мүмкін болмаған жағдайларда, оларды жою жөнінде қажетті шаралар қолдану үшін бақылау органдарының лауазымды адамдарына кеден органының лауазымды адамдарын еш кідірместен хабардар ету ұсынылады.
8. Өткізу пунктінде бақылау функцияларын жүргізу кезінде осы құжаттың 6 және 7-тармақтарына сәйкес қатерлерді басқару жүйесінде қатерлерді төмендету жөнінде шаралар қолданылуы мүмкін.