Еуразиялық экономикалық Одақтың Кеден кодексінің 38-бабының 17-тармағына сәйкес Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы шешті:
1. Қоса беріліп отырған Тауарлардың кедендік құнын айқындау кезінде резервтік әдісті (6-әдіс) қолдану қағидалары бекітілсін.
2. Осы Шешім ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік 30 күн өткен соң күшіне енеді.
Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының Төрағасы |
Т. Саркисян |
Еуразиялық экономикалық Комиссия Алқасының 2019 жылғы 6 тамыздағы № 138 шешімімен БЕКІТІЛГЕН |
Тауарлардың кедендік құнын айқындау кезінде резервтік әдісті (6-әдіс) қолдану ҚАҒИДАЛАРЫ
1. Осы Қағидалар Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексінің (бұдан әрі - Кодекс) 45-бабында белгіленген резервтік әдісті (6-әдіс) қолдану кезінде қолданылады.
2. Осы Қағидалар Кодекстің 5-тарауының, оған түсіндірме ескертулерді қоса алғанда, 1994 жылғы Тарифтер және сауда жөніндегі Бас келісімнің VII бабын қолдану жөніндегі келісімнің, сондай-ақ резервтік әдісті (6-әдіс) біркелкі қолдануды қамтамасыз ету мақсатында Дүниежүзілік кеден ұйымының Кедендік бағалау жөніндегі техникалық комитетінің материалдарының ережелері негізінде әзірленді.
3. Резервтік әдіс (6 - әдіс), егер Еуразиялық экономикалық одақтың (бұдан әрі - Одақ) кедендік аумағына әкелінетін тауарлардың кедендік құнын бағаланатын тауарларды әкелу мән-жайларының Кодекстің 39, 41-44-баптарында белгіленген әдістердің әрқайсысын қолдану шарттарына сәйкес келмеуіне және (немесе) осы әдістерді қолдану үшін қажетті ақпараттың болмауына байланысты Кодекстің 39, 41-44-баптарына сәйкес айқындау мүмкін болмаған жағдайда қолданылады. Мысалы, көрмелерде көрсету мақсатында өнер туындыларын және мәдени құндылықтарды әкелу, сынақтар өткізу үшін аналогтары жоқ өнімдерді әкелу және т. б.
Резервтік әдіс (6-әдіс) бойынша тауарлардың кедендік құны Одақтың кедендік аумағында бар мәліметтер негізінде Кодекстің 5 - тарауының қағидаттары мен ережелерімен үйлесімді ақылға қонымды тәсілдерді пайдалану жолымен айқындалады және оны айқындау кезінде Кодекстің 39, 41-44-баптарында белгіленген тауарлардың кедендік құнын айқындау әдістерін қолдану кезінде ақылға қонымды икемділікке жол беріледі.
4. Кодекстің 45-бабының 3-тармағына сәйкес, тауарлардың кедендік құнын айқындаудың бірнеше әдістерін икемді қолдану мүмкіндігі болған жағдайда оларды қолданудың реттілігін ұстану қажет.
Бұл ретте қандай да бір әдісті икемді қолдану туралы шешім әрбір нақты жағдайда Кодекстің 5-тарауының тиісті бабының талаптарына неғұрлым толық жауап беретін қолда бар ақпарат негізінде, бұл Кодекстің 45-бабы 5-тармағының ережелеріне қайшы келмейтін жағдайда қабылдануға тиіс.
5. Кодекстің 45-бабына сәйкес, әкелінетін тауарлардың кедендік құнын айқындау кезінде, атап айтқанда, мыналарға жол беріледі:
а) бағаланатын тауарлардың кедендік құнын айқындау үшін бағаланатын тауарлар өндірілген елден өзге елде өндірілген бірдей немесе біртектес тауарлармен жасалған мәміле құны негізге алынуы мүмкін;
б) бағаланатын тауарлардың кедендік құнын бірдей немесе біртектес тауарлармен жасалған мәміле құнының негізінде айқындау кезінде, Кодекстің тиісінше 41 және 42-баптарында белгіленген, бағаланатын тауарлармен бірдей немесе біртектес тауарлар Одақтың кедендік аумағына әкету үшін сатылуы және бағаланатын тауарлар сияқты сол немесе оған сәйкес уақыт кезеңінде, бірақ бағаланатын тауарларды Одақтың кедендік аумағына әкелгенге дейін кемінде күнтізбелік 90 күн бұрын Одақтың кедендік аумағына әкелінуі тиіс екендігі туралы талаптардан ақылға қонымды ауытқуға жол беріледі.
в) бағаланатын тауарлардың кедендік құнын айқындау үшін Кодекстің 43 және 44-баптарына сәйкес айқындалған, бағаланатын тауармен бірдей немесе біртектес тауарлардың кедендік құны негізге алынуы мүмкін;
г) Кодекстің 43-бабына сәйкес, бағаланатын тауарлардың кедендік құнын айқындау кезінде Кодекстің 43-бабының 3-тармағында белгіленген мерзімнен ауытқуға жол беріледі;
д) бағаланатын тауарлардың кедендік құнын айқындау кезінде Кодекстің 43 және 44-баптарына сәйкес айқындалған сол сыныптағы немесе түрдегі тауарлардың (бірдей немесе біртектес болып табылмайтын) кедендік құны не Кодекстің 41 және 42-баптарында белгіленген тәртіпке сәйкес сол сыныптағы немесе түрдегі (бірдей немесе біртектес болып табылмайтын) тауарлармен жасалған мәміле құны негізге алынуы мүмкін.
6. Осы Қағидалардың 5-тармағының ережелері Кодекстің 39, 41-44-баптарында белгіленген тауарлардың кедендік құнын айқындау әдістерін икемді қолданудың толық мысалдары болып табылмайды. Әкелінетін тауарлардың кедендік құнын резервтік әдіс (6-әдіс) бойынша айқындау кезінде, олар Кодекстің 45-бабы 5-тармағының ережелеріне қайшы келмейтін жағдайда, басқа да ақылға қонымды тәсілдер пайдаланылуы мүмкін.
Атап айтқанда, Кодекстің 5-тарауының қағидаттары мен ережелеріне негізделген резервтік әдісті (6-әдіс) қолдану мысалдары болып:
зақымдалған тауарлардың кедендік құнын Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2013 жылғы 25 маусымдағы № 145 шешімімен бекітілген Кеден одағының бірыңғай кедендік аумағына әкелінетін авария немесе еңсерілмейтін күш әсерінің салдарынан жарамсыз болған, бүлінген немесе зақымданған тауарлардың кедендік құнын айқындау әдістерін қолданудың ерекшеліктері туралы ережеде белгіленгендей, резервтік әдіс (6-әдіс) бойынша айқындау;
заңсыз әкелінген тауарлардың кедендік құнын Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2013 жылғы 27 тамыздағы № 180 шешімімен бекітілген Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы декларациялаусыз өткізілген тауарлардың кедендік құнын анықтау әдістерін қолдану ерекшеліктері туралы ережеде белгіленгендей, резервтік әдіс (6-әдіс) бойынша айқындау табылады.
7. Осы Қағидалардың 5-тармағы "а" тармақшасының ережелерін ескере отырып, резервтік әдіс бойынша (6-әдіс) тауарлардың кедендік құнын айқындау кезінде бұрын Одақтың кедендік аумағына әкелінген бірдей немесе біртекті тауарлар, егер тауарлардың құнына әсер ететін факторлар (мысалы, өндірген елдердің әлеуметтік-экономикалық дамуы, салыстырылатын мәмілелердің шарыттары, партиялардың көлемдері, жеткізу шарыттары, көлік түрлері) салыстырылатын жағдайда, қарастырылады.
8. Осы Қағидалардың 5-тармағының "б" және "г" тармақшаларының ережелерін ескере отырып, резервтік әдіс (6-әдіс) бойынша тауарлардың кедендік құнын айқындау кезінде Кодекстің 41-43-баптарында белгіленген мерзімдерден ақылға қонымды ауытқу уақытша шеңберлерді өзгермейтін немесе өзгермейтін нарық конъюнктурасына жақын шектерде пайдалану болып табылады. Мысалы, маусымдық тауарларға (сыртқы киім, жаңа түсімнің жас жемістері және т. б.) қатысты жыл мезгілін, маусымды, жемістердің жаппай пісу кезеңін, өнімді жинау уақытын және т. б. ескеру қажет.
9. Осы Қағидалардың 5-тармағының "в" тармақшасының ережелерін ескере отырып, резервтік әдіс бойынша (6-әдіс) тауарлардың кедендік құнын айқындау кезінде кеден органы қабылдаған бағаланатын тауарлармен бірдей немесе бағаланатын тауарлардың бірдейлігінің (сыртқы түрі, физикалық сипаттамалары, сапасы, нарықтағы беделі, өндірушісі) немесе біртектілігінің (сол материалдардан жасалған физикалық сипаттамалары, компоненттер, сапасы, нарықтағы беделі, тауар белгісі, өндірушісі, орындалатын функциялардың ұқсастығы және коммерциялық өзара алмасушылығы) белгіленген өлшемдеріне жауап беретін кедендік құны қолданылуы мүмкін.
10. Осы Қағидалардың 5-тармағы "д" тармақшасының ережелерін ескере отырып, резервтік әдіс бойынша (6-әдіс) тауарлардың кедендік құнын айқындау кезінде Одақтың кедендік аумағына бұрын әкелінген сол сыныптағы немесе түрдегі (бірдей немесе біртекті болып табылмайтын), нарықта сапасы мен беделі бар, тиісті баға диапазонын айқындайтын тұтыну қасиеттерінің жиынтығы есебінен бағаланатын тауарлармен ұқсас тауарлар қарастылады.
Бұл ретте тауарлардың барынша ықтимал ұқсастығын ескеру қажет, яғни сол санаттағы немесе түрдегі (бірдей немесе біртекті болып табылмайтын) тауарлар туралы ақпаратты бірдей немесе біртекті тауарлар туралы ақпарат болмаған кезде ғана пайдалануға болады.
Осы Қағидалардың 5-тармағы "д" тармақшасының ережелерін ескере отырып, резервтік әдіс (6-әдіс) бойынша кедендік құнды айқындау кезінде нарықтың факторлары мен конъюнктурасын салыстыру бөлігінде осы Қағидалардың 7 және 8-тармақтарының ережелері қолданылады.
11. Резервтік әдіс (6-әдіс) бойынша тауарлардың кедендік құнын айқындау кезінде тауарлардың кедендік құнын және оны айқындауға қатысты мәліметтерді құжаттық растау туралы Кодекстің 5-тарауының талаптары сақталуға тиіс.
12. Егер резервтік әдіс (6-әдіс) бойынша тауарлардың кедендік құнын айқындау үшін бірдей немесе біртектес тауарлар, сол сыныптағы немесе түрдегі (бірдей немесе біртектес болып табылмайтын) тауарлар туралы ақпарат пайдаланылса, мұндай ақпарат көздері осындай тауарлардың бағаланатын тауарлармен салыстыруға мүмкіндік беретін мәліметтерді қамтуы тиіс (атап айтқанда, тауарлардың сипаттамасы, олардың техникалық сипаттамалары, параметрлері, коммерциялық атаулары және тауардың түріне байланысты өзге де сипаттамалары сияқты мәліметтер).
13. Кодекстің 45-бабының 4-тармағында белгіленген талаптарды ескере отырып, кеден органы қабылдаған бұрын әкелінген тауарлардың кедендік құны негізінде бағаланатын тауарлардың кедендік құнын айқындау үшін (оны толтырған жағдайда) бұрын әкелінген тауарларға қатысты кедендік декларацияда, соның ішінде кедендік құн декларациясында мәлімделген мәліметтер пайдаланылады.
14. Резервтік әдіс (6-әдіс) бойынша тауарлардың кедендік құнын айқындау кезінде бейтарап ақпарат көздерінен алынған баға деректері (тәуелсіз фирмалардың каталогтары; нақты тауардың жан-жақты сипаттамасы және баға құрылымының нақты анықтамасы бар басылымдар; жарияланатын, соның ішінде "Интернет" ақпараттық-телекоммуникациялық желісінде жарияланатын немесе тауарлар бағасының ресми прейскуранттары немесе нақты тауарларды жеткізу туралы және бағалар туралы фирмалардың сауда ұсыныстары), сондай-ақ биржалық баға белгіленімі (бағалардың биржалық индекстері) және бағалау қызметін жүзеге асыратын ұйымдар (тұлғалар) жүргізген бағалау туралы есептерден алынған мәліметтер пайдаланылуы мүмкін.
15. Осы Қағидалардың 14-тармағында көрсетілген баға деректерін пайдалану кезінде мыналарды ескеру қажет:
а) көбінесе бағаланатын тауарлармен бірдей немесе біртекті болып табылатын тауарларға қатысты баға деректері қолданылады;
б) бірдей немесе біртектес тауарларға қатысты баға деректері болмаған кезде сол сыныптағы немесе түрдегі (бірдей немесе біртекті болып табылмайтын) тауарлар туралы деректер, егер мұндай тауарлар осы Қағидалардың 10-тармағында көрсетілгендей, тиісті баға диапазонын айқындайтын тұтынушылық қасиеттердің жиынтығы есебінен бағаланатын тауарлармен ұқсас нарықта сапасы мен беделі болған жағдайда ғана пайдаланылуы мүмкін;
в) ақпараттың бейтарап көздерінен алынған баға деректері, егер мұндай деректер нарықтың өзгермейтін конъюнктурасы шегінде Одақтың кедендік аумағына әкету үшін тауарларды сату туралы нақты (өзекті) ұсыныстарды қамтып көрсеткен жағдайда ғана пайдаланылады;
г) бейтарап ақпарат көздерін пайдалану кезінде өндіруші елді, партия көлемдерін, жеткізу шарыттарын, көлік түрлерін және тауардың құнына әсер ететін өзге де факторларды қоса алғанда, әртүрлі экономикалық факторлар ескеріледі;
д) баға деректерін пайдалану Кодекстің 45-бабы 5-тармағының ережелеріне қайшы келмейді.
16. Резервтік әдісті (6-әдіс) қолдану кезінде тауарлардың жалпыланған топтарына (мысалы, әйелдер аяқ киімі, ерлер костюмдері, иіссу, жүзім шарабы және т.б.) қатысты орташаландырылған баға деректерін пайдалануға жол берілмейді.
17. Кодекстің 5-тарауында тауарлардың кедендік құнын айқындау кезінде пайдаланылатын ақпарат көздеріне қандай да бір арнайы талаптар белгіленбейді, бірақ бұл ретте Кодекстің 45-бабының 1-тармағында тауарлардың кедендік құны Одақтың кедендік аумағында бар мәліметтер негізінде айқындалады деген шарыт белгіленеді. Сөйтіп, Одаққа мүше болып табылмайтын мемлекеттердің көздерінен ақпаратты пайдалану, бірақ мұндай ақпарат Одақтың кедендік аумағында қолжетімді және оның шынайылығы мен дәлдігіне көз жеткізу мүмкіндігі болған жағдайда пайдалану фактісінің өзі тауарлардың кедендік құнын айқындау үшін осы көздерді пайдалануға кедергі келтірмейді.
Резервтік әдісті (6 әдіс) қолдану мысалдары
1-мысал. "Harley-Davidson мотоциклі" тауары Одақтың кедендік аумағына көрмеде жаңа сериялық модельді көрсету үшін уақытша әкелінеді.
Декларант тасымалдаушымен әкелінетін тауарларды тасу (тасымалдау) шартын жасаспаған.
Әкелінетін тауарлармен жасалатын мәміленің құны бойынша әдіс (1-әдіс) қолданылмайды, өйткені әкелінетін тауар сатып алу-сату нысаны болып табылмайды, сондай-ақ Кодекстің 40-бабына сәйкес тауарларды тасымалдауға және тауарлардың кедендік құнына енгізуге байланысты шығындардың көлемі туралы ақпарат жоқ.
Бірдей тауарлармен жасалған мәміле құны бойынша әдіс (2-әдіс), біртектес тауарлармен жасалған мәміле құны бойынша әдіс (3-әдіс), шегеру әдісі (4-әдіс) және қосу әдісі (5-әдіс) қолданылмайды, өйткені осы әдістерді қолдану үшін қажетті ақпарат жоқ.
Декларантта осы тауарды жөнелтуге байланысты жеткізуші қойған шот-проформа бар. Сондай-ақ декларантта тасымалдаушы (логистикалық компания) берген ұқсас бағыт бойынша тауарларды тасымалдауға арналған үлгі (орташаландырылған) тарифтер туралы ақпарат бар.
Кедендік құнды декларант резервтік әдіс (6-әдіс) бойынша шот-проформада көрсетілген тауардың бағасы туралы ақпаратты негіз ретінде пайдалана отырып және тауарларды тасымалдауға арналған үлгі (орташаландырылған) тарифтер туралы қолда бар мәліметтерді негізге ала отырып айқындалған көлік шығыстарының шамасын қоса отырып, әкелінетін тауарлармен мәміленің құны бойынша әдісті (1-әдіс) икемді қолдану жолымен айқындайды.
2-мысал. Одаққа мүше мемлекетте еркін кедендік аймақтың кедендік рәсімімен орналастырылған, пайдалануға берілген және еркін экономикалық аймақтың резиденті еркін экономикалық аймақтың аумағында қызметті жүзеге асыру туралы келісімді іске асыру үшін пайдаланған қамырдан (круассаннан) бұйымдарды өндіруге арналған жабдық 5 жыл өткеннен кейін одан тысқары шығарылады және ішкі тұтыну үшін шығарудың кедендік рәсімімен орналастырылады.
Жабдық бөгде ұйымға сатылмайды, еркін экономикалық аймақтың резидент ұйымы Одақтың кедендік аумағының қалған бөлігіне өз қоймасына әкетеді.
Сатып алу-сату мәмілесі жоқ, осыған байланысты әкелінетін тауарлармен жасалатын мәміленің құны бойынша әдіс (1-әдіс) қолданылмайды.
Бірдей тауарлармен мәміле құны бойынша әдіс (2-әдіс), біртекті тауарлармен мәміле құны бойынша әдіс (3-әдіс) және шегеру әдісі (4-әдіс) қолданылмайды, өйткені тозудың ұқсас дәрежесіне ие жабдықтар туралы қажетті ақпарат жоқ.
Қосу әдісі (5-әдіс) бойынша жабдықтың кедендік құнын айқындау үшін қажетті ақпарат та жоқ.
Жабдық 5 жыл бойы еркін экономикалық аймақ аумағында пайдаланылды.
Декларантта әкелінетін тауарлармен жасалатын мәміленің құны бойынша әдісті (1-әдіс) икемді қолдану жолымен жабдықтың кедендік құнын айқындауға мүмкіндік беретін осы жабдықтың құнын айқындау мақсатында бағалау қызметі туралы Одаққа мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес жүргізілген бағалау туралы есеп бар.
Кедендік құнды декларант бағалау қызметін жүзеге асыратын тұлға жүргізген бағалау туралы есепте көрсетілген тауардың құны туралы ақпаратты негіз ретінде пайдалана отырып резервтік әдіс (6-әдіс) бойынша айқындады.
3-мысал. "А" ұйымы жарғылық (қоймалық) капитал (қор) қалыптастырады. "В" ұйымы "A" ұйымының тең құрылтайшысы бола отырып, жарғылық (қоймалық) капиталға (қорға) салым ретінде жаңа MAH (MAN) жүк тартқыш автомобилін береді.
Сатып алу-сату мәмілесі болмағандықтан, әкелінетін тауарлармен жасалатын мәміленің құны бойынша әдіс (1-әдіс) қолданылмайды.
Тауарлардың кедендік құнын айқындау кезінде бірдей тауарлармен жасалған мәміле құны бойынша әдіс (2-әдіс), біртектес тауарлармен жасалған мәміле құны бойынша әдіс (3-әдіс), шегеру әдісі (4-әдіс) және қосу әдісі (5-әдіс) қолданылмайды, өйткені осы әдістерді қолдану үшін қажетті ақпарат жоқ.
Біртектес тауарлармен жасалатын мәміле құны бойынша әдісті (3-әдіс) икемді қолдану мүмкіндігін қарау кезінде резервтік әдіс (6-әдіс) бойынша кедендік құнды айқындау кезінде бұрын әкелінген автомобильдің құны туралы ақпарат ескерілді. Мұндай ақпаратты талдау кезінде бағаланатын автомобильді Одақтың кедендік аумағына әкелгенге дейін 6 ай бұрын Scania жаңа жүк-тартқыш автомобилі әкелінгені белгіленді. Бағаланатын және бұрын әкелінген автомобильдерді салыстыру кезінде бұл автомобильдердің бір елде шығарылғаны, қозғалтқыштың бірдей қуаты, доңғалақ формуласы, кабина түрі, комплектациясы және нарықта шамамен бірдей беделі бар екендігі белгіленді.
Нарықтағы шамамен бірдей бедел туралы қорытынды "Интернет" ақпараттық-телекоммуникациялық желісінде қамтылған ақпаратты талдауға сүйене отырып, атап айтқанда, мыналарды негізге ала отырып жасалды:
ішкі нарықта көрсетілген маркалы жүк-тартқыш автомобильдерді сату көлемі шамамен бірдей;
жүк-тартқыш автомобильдері ішкі нарықта шамамен бірдей бағамен сатылады (бір баға диапазонында);
аталған автокөлік брендтері тікелей бәсекелестер ретінде қарастырылады.
Осы ақпаратты ескере отырып, МАН (MAN) жүк-тартқыш автомобилінің кедендік құны бірыңғай тауарлармен мәміле құны бойынша әдісті (3-әдіс) икемді қолдану арқылы резервтік әдіс (6-әдіс) бойынша анықталды.
Бұл жағдайда біртектес тауарлармен жасалатын мәміле құны бойынша әдісті (3-әдіс) қолданудың икемділігі кодекстің 42-бабында белгіленген біртектес тауарлар Одақтың кедендік аумағына әкелу үшін сатылуы және бағаланатын тауарлар сияқты сол немесе оған сәйкес келетін уақыт кезеңінде, бірақ бағаланатын тауарларды Одақтың кедендік аумағына әкелгенге дейін кемінде күнтізбелік 90 күн бұрын Одақтың кедендік аумағына әкелінуі тиіс екендігі туралы талаптан ауытқуға негізделеді.
Одақтың кедендік аумағына МАН (MAN) жүк-тартқыш автомобилі сияқты өндіруші шығарған автомобильді әкелу туралы ақпараттың болмауына байланысты бағаланатын тауардың кедендік құнын айқындау үшін негіз ретінде нарықта шамамен бірдей беделі бар бұрын әкелінген Scania автомобилінің кедендік құны қабылданды.
4-мысал. Louis Vuitton әйелдер брендінің көйлегі Сән апталығы аясында көрсетілімдерді (демонстрацияларды) ұйымдастыру мақсатында әкелінеді.
Өнім дизайнерлік ательеде жасалған және бір дана жасалған, эксклюзивті қасиеттерге ие және осылайша жақын аналогтары жоқ.
Әкелінетін тауарлармен жасалған мәміле құны бойынша әдіс (1-әдіс) қолданылмайды, өйткені оған сәйкес көйлек Одақтың кедендік аумағына әкелінетін шартта ол үшін белгілі бір ақшалай соманы (тауар бағасын) төлей отырып, тауарды беру көзделмеген.
Бірдей тауарлармен жасалған мәміле құны бойынша әдіс (2-әдіс) және біртекті тауарлармен жасалған мәміле құны бойынша әдіс (3-әдіс) қолданылмайды, өйткені тауардың ерекше қасиеттеріне байланысты сәйкестендірудің немесе біртектіліктің белгіленген өлшемдеріне жауап беретін тауарлар туралы ақпарат жоқ.
Шегеру әдісі (4-әдіс) қолданылмайды, өйткені тауар Одақтың кедендік аумағына алғаш рет әкелінеді және оны Одақтың кедендік аумағында сату көзделмеген.
Қажетті ақпараттың болмауына байланысты қосу әдісі (5 әдіс) қолданылмайды.
Оған сәйкес көйлек Одақтың кедендік аумағына әкелінетін шартта әкелінген тауардың құны туралы мәліметтер жоқ. Оған қоса, ұқсас немесе біртекті тауарлардың құны туралы ақпарат жоқ.
Кедендік құнды декларант Кодекстің 41 және 42-баптарының ережелерін ескере отырып, сол сыныптағы немесе түрдегі тауарлармен жасалған мәміле құны туралы мәліметтер негізінде резервтік әдіс (6-әдіс) бойынша айқындайды.
Тауардың кедендік құнын айқындау үшін негізді таңдау кезінде оны шығарған ел, бренд туралы, соның ішінде жоғары баға санатындағы (luxury brand) тауарларды өндіруші туралы, сондай-ақ қаралатын тауардың бір данасы туралы ақпарат ескерілді.