Бәсекелестіктің жалпы қағидаттары мен қағидалары туралы хаттаманың (2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа № 19 қосымша) 88-тармағына сәйкес Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы шешті:
1. Қоса беріліп отырған Еуразиялық экономикалық комиссияның Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің басқа мүше мемлекеттің бағаны мемлекеттік реттеуді енгізу немесе мерзімін ұзарту туралы шешімімен келіспеуі туралы өтінішін, сондай-ақ мүше мемлекеттің оның бұрын енгізген бағаны мемлекеттік реттеудің мерзімін ұзарту туралы өтінішін қарау тәртібі бекітілсін.
2. Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының "Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің Еуразиялық экономикалық комиссияға бағаны мемлекеттік реттеуді енгізу фактілері бойынша өтініштер беруі, Еуразиялық экономикалық комиссияның оларды қарауы және консультациялар өткізуі тәртібін бекіту туралы және Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының кейбір шешімдерінің күші жойылды деп тану туралы" 2018 жылғы 25 желтоқсандағы № 221 шешімінің күші жойылды деп танылсын.
3. Осы Шешім ол ресми жарияланған күннен бастап күнтізбелік 30 күн өткен соң, бірақ 2022 жылғы 31 наурызда қол қойылған 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттама күшіне енетін күннен ерте емес күшіне енеді.
Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының Төрағасы |
М. Мясникович |
Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2022 жылғы 1 қарашадағы № 165 шешімімен БЕКІТІЛГЕН |
Еуразиялық экономикалық комиссияның Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің басқа мүше мемлекеттің бағаны мемлекеттік реттеуді енгізу немесе мерзімін ұзарту туралы шешімімен келіспеуі туралы өтінішін, сондай-ақ мүше мемлекеттің оның бұрын енгізген бағаны мемлекеттік реттеудің мерзімін ұзарту туралы өтінішін қарау ТӘРТІБІ I. Жалпы ережелер
1. Осы Тәртіп Бәсекелестіктің жалпы қағидаттары мен қағидалары туралы хаттаманың (2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа № 19 қосымша) (бұдан әрі – Хаттама) 88-тармағына сәйкес әзірленді.
Осы Тәртіпте пайдаланылатын ұғымдар Хаттамада айқындалған мағыналарда қолданылады.
2. Осы Тәртіп:
а) Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің (бұдан әрі – мүше мемлекеттер) Еуразиялық экономикалық комиссияға (бұдан әрі – Комиссия):
басқа мүше мемлекеттің бағаны мемлекеттік реттеуді енгізу немесе мерзімін ұзарту туралы шешіміне келіспеу туралы (бұдан әрі – келіспеу туралы өтініш);
мүше мемлекет бұрын енгізген бағаны мемлекеттік реттеудің мерзімін ұзарту туралы (бұдан әрі – ұзарту туралы өтініш) өтініштер беруі қағидаларын;
б) Комиссияның келіспеу туралы өтініштерді және ұзарту туралы өтініштерді қарау қағидалары мен мерзімдерін;
в) Комиссияның бағаны мемлекеттік реттеу мәселелері бойынша консультациялар өткізуі тәртібін айқындайды.
3. Осы Тәртіп Хаттаманың 84-тармағында көзделген көрсетілетін қызметтерге бағаны мемлекеттік реттеуге қатысты және Хаттаманың 85-тармағында көзделген тауарларға қатысты қолданылмайды.
4. Мүше мемлекет Хаттаманың 81 – 822-тармақтарында көзделген бағаны мемлекеттік реттеуді енгізу туралы, сондай-ақ Хаттаманың 823-тармағында көзделген бағаны мемлекеттік реттеу мерзімін ұзарту туралы тиісті шешім қабылданған күннен бастап күнтізбелік 7 күннен аспайтын мерзімде Комиссияны және басқа мүше мемлекеттерді хабардар етеді.
II. Комиссияға келіспеу туралы немесе ұзарту туралы өтініш беру
5. Келіспеу туралы өтініш немесе ұзарту туралы өтініш беру туралы шешімді мүше мемлекет қабылдайды.
6. Мүше мемлекет Хаттаманың 86-тармағына сәйкес Комиссияға келіспеу туралы өтініш жіберуі мүмкін.
Егер мүше мемлекет келіспеу туралы өтінішті Комиссияға Хаттаманың 86-тармағында белгіленген мерзімді бұза отырып жіберген жағдайда Комиссия мұндай өтінішті қараусыз қалдырады және бұл туралы оны жіберген мүше мемлекетке Комиссияға осындай өтініш келіп түскен күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде жазбаша нысанда хабарлайды.
7. Келіспеу туралы өтініште бағаны мемлекеттік реттеуді енгізу мақсатына бәсекелестік жағдайы үшін аз жағымсыз салдарлары бар өзге тәсілдермен қол жеткізуге болатыны туралы куәландыратын деректер келтірілуі және мыналар көрсетілуі тиіс:
а) бағаны мемлекеттік реттеуді енгізген немесе Хаттаманың 823-тармағына сәйкес бағаны мемлекеттік реттеу мерзімі ұзартылған шешім туралы мәліметтер;
б) келіспеу туралы өтінішті жіберген мүше мемлекеттің пікірі бойынша басқа мүше мемлекет енгізген немесе Хаттаманың 823-тармағына сәйкес ұзартылған бағаны мемлекеттік реттеу осы мүше мемлекеттің аумағында бәсекелестікті шектеуге әкеп соғатынын немесе әкеп соғуы мүмкін екендігін көрсететін мәліметтер (нарықты талдау немесе бағалау нәтижелері, мүше мемлекеттің мемлекеттік билік органдарының материалдары, шаруашылық жүргізетін субъектілердің (нарық субъектілерінің) өтініштері);
в) мүше мемлекеттің бағаны мемлекеттік реттеуді енгізген немесе Хаттаманың 823-тармағына сәйкес бағаны мемлекеттік реттеудің мерзімі ұзартылған шешімінің күшін жою туралы талап;
г) өтінішке қоса берілетін құжаттардың (материалдардың, мәліметтердің) тізбесі (бар болған жағдайда).
8. Комиссияға келіспеу туралы өтініш беру мүше мемлекеттің Хаттаманың 81 – 823-тармақтарына сәйкес қабылдаған бағаны мемлекеттік реттеуді енгізу немесе мерзімін ұзарту туралы шешімінің әрекетін тоқтатпайды.
9. Мүше мемлекет Хаттаманың 824 және 83-тармақтарына сәйкес Комиссияға тиісінше Хаттаманың 822 немесе 823-тармақтары негізінде енгізілген немесе ұзартылған бағаны мемлекеттік реттеу мерзімін ұзартудың болжалды күніне дейін күнтізбелік 35 күннен кешіктірмей ұзарту туралы өтініш жіберуге құқылы.
10. Ұзарту туралы өтініште:
а) мүше мемлекеттің бағаны мемлекеттік реттеу туралы шешімі туралы мәліметтер;
б) бұрын енгізілген бағаны мемлекеттік реттеуді ұзарту жоспарланатын мерзім (осындай ұзартудың қажеттігін негіздеумен);
в) мүше мемлекеттің пікірі бойынша бағаны мемлекеттік реттеу мерзімін ұзарту қажеттігін растайтын қоса берілетін құжаттардың тізбесі көрсетіледі.
11. Келіспеу туралы шешімге немесе ұзарту туралы шешімге мүше мемлекеттің пікірі бойынша оны қарау үшін қажетті құжаттар қоса беріледі. Мұндай құжаттарды ұсына мүмкін болмаған жағдайда оларды ұсынбай себебі, сондай-ақ құжаттарды алуға болатын болжалды тұлғалар немесе орган туралы мәліметтер көрсетіледі.
12. Келіспеу туралы өтініште немесе ұзарту туралы өтініште, сондай-ақ оларға қоса берілетін құжаттарда қамтылған құпия ақпарат оларды Комиссияға ұсынбау үшін негіздеме бола алмайды.
Келіспеу туралы өтінішті немесе ұзарту туралы өтінішті жіберген мүше мемлекет құпия ақпаратты қамтитын қоса берілетін құжаттардың тізбесін көсетеді.
Комиссияға ұсынылатын құпия ақпаратты қорғау Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің 2014 жылғы 18 қыркүйектегі № 71 шешімімен бекітілген Еуразиялық экономикалық комиссияда таратылуы шектелген (құпия және қызметтік пайдалануға арналған) құжаттармен жұмыс тәртібіне сәйкес жүзеге асырылады.
13. Келіспеу туралы өтініш және ұзарту туралы өтініш, сондай-ақ оларға қоса берілетін құжаттар орыс тілінде дайындалады.
III. Комиссияның келіспеу туралы өтінішті және ұзарту туралы өтінішті қарауы
14. Комиссия келіспеу туралы өтінішті немесе ұзарту туралы өтінішті тиісті өтініш Комиссияға келіп түскен күннен бастап 2 айдан аспайтын мерзімде қарайды.
Өтініштің келіп түскен күні оның Комиссияда тіркелген күні болып есептеледі.
15. Комиссияға келіп түскен келіспеу туралы өтініш немесе ұзарту туралы өтініш бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу мәселелеріне жетекшілік ететін Комиссияның Алқасы мүшесіне (бұдан әрі – Комиссияның Алқасы мүшесі) жолданады.
16. Комиссияның Алқа мүшесі Комиссияға келіспеу туралы өтініш немесе ұзарту туралы өтініш келіп түскен күннен бастап 2 жұмыс күні ішінде оны қарау үшін Комиссияның жауапты құрылымдық бөлімшесіне тапсырады.
17. Комиссияға келіп түскен келіспеу туралы өтініште немесе ұзарту туралы өтініште осы Тәртіптің тиісінше 7-тармағының "а" – "в" тармақшаларында және 10-тармағының "а" және "б" тармақшаларында көрсетілген ақпарат болмаған жағдайда, Комиссия оны қараусыз қалдырады және бұл туралы Комиссияға осындай өтініш келіп түскен күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде тиісті өтінішті жіберген мүше мемлекетке хабарлайды.
18. Комиссияның жауапты құрылымдық бөлімшесі келіспеу туралы өтініш немесе ұзарту туралы өтініш келіп түскен күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде Комиссияға оның түскені туралы өтінішті жіберген мүше мемлекетті қоспағанда мүше мемлекеттерге хабарлайды.
19. Комиссияның жауапты құрылымдық бөлімшесі Комиссияға келіспеу туралы өтініш келіп түскен күннен бастап 15 жұмыс күні ішінде:
а) мүше мемлекеттің бағаны мемлекеттік реттеуді енгізу немесе мерзімін ұзарту туралы шешімінің Хаттаманың 81 – 823-тармақтары ережелеріне сәйкестігін тексереді;
б) өтінішті мәні бойынша қарастырады;
в) бағаны мемлекеттік реттеу бәсекелестікті шектеуге, соның ішінде бір тұлғалар тобына жатпайтын шаруашылық жүргізуші субъектілердің (нарық субъектілерінің) нарыққа кіруі және осындай нарықта санының қысқаруы үшін кедергілер келтіруіне алып келетінін немесе алып келуі мүмкін екенін анықтайды, сондай-ақ өтінішті жіберген мүше мемлекеттің бағаны мемлекеттік реттеуді енгізу мақсатына бәсекелестік жағдайы үшін жағымсыз салдарлары аз өзге тәсілмен қол жеткізуге мүмкін екендігін дәлелдегенін белгілейді;
г) өтінішті қарау қорытындысы бойынша Комиссия Алқасы шешімінің жобасын, сондай-ақ Комиссия Алқасының бағаны мемлекеттік реттеудің күшін жою туралы шешімін қабылдау үшін негіздердің бар немесе жоқ екені туралы қорытындыны дайындайды.
20. Комиссияның жауапты құрылымдық бөлімшесі Комиссияға ұзарту туралы өтініш келіп түскен күннен бастап 7 жұмыс күні ішінде:
а) мүше мемлекеттің бағаны мемлекеттік реттеу мерзімін ұзарту туралы шешімінің Хаттаманың 82 – 824-тармақтарына сәйкестігін тексереді;
б) өтінішті мәні бойынша қарастырады;
в) бағаны мемлекеттік реттеуді ұзарту бәсекелестікті шектеуге, соның ішінде бір тұлғалар тобына жатпайтын шаруашылық жүргізуші субъектілердің (нарық субъектілерінің) нарыққа кіруі және осындай нарықта санының қысқаруы үшін кедергілер келтіруіне алып келетінін немесе алып келуі мүмкін екенін анықтайды;
г) мүше мемлекеттердің өтініштері негізінде осы тармақтың "а" – "в" тармақшаларында көзделген талдау қорытындысын қамтитын Комиссия Алқасының бағаны мемлекеттік реттеу мерзімін ұзартуды келісу туралы не бағаны мемлекеттік реттеу мерзімін ұзартуды келісуден бас тарту туралы шешімінің жобасын дайындайды.
21. Комиссияның Алқасы мүшесі келіспеу туралы шешімді немесе ұзарту туралы келісімді жан-жақты қарастыру мақсатында тәуелсіз сарапшылардың пікірлерін, мүше мемлекеттерден ақпарат сұрауы, мүше мемлекеттердің өкілдерінің қатысуымен кеңестер өткізуі мүмкін.
Комиссияның Алқасы мүшесі келіспеу туралы өтінішті немесе ұзарту туралы өтінішті қарау кезінде осы Тәртіптің 14-тармағында белгіленген мерзім шеңберінде мәселені Бәсекелестік саясат, монополияға қарсы реттеу және бағаны мемлекеттік реттеу жөніндегі консультативтік комитеттің кеңесінде қарауға шығаруы мүмкін.
22. Комиссияның Алқа мүшесі, егер осы мәселелерді Комиссия Алқасының қарауына шығарғанға дейін:
мүше мемлекет енгізілген бағаны мемлекеттік реттеудің кұшін жойған не бағаны мемлекеттік реттеудің әрекет ету мерзімі өткен;
мүше мемлекет келіспеу туралы өтінішті немесе ұзарту туралы өтінішті кері қайтарып алған жағдайда келіспеу туралы өтінішті немесе ұзарту туралы өтінішті қарауды тоқтатады.
Келіспеу туралы өтінішті немесе ұзарту туралы өтінішті қарау тоқтатылған жағдайда Комиссияның Алқа мүшесі бұл туралы 3 жұмыс күні ішінде мүше мемлекетке жазбаша нысанда хабарлайды.
IV. Бағаны мемлекеттік реттеу мәселелері бойынша консультациялар өткізу
23. Комиссия мынадай жағдайларда:
а) Комиссияға мүше мемлекеттен оның бағаны мемлекеттік реттеуді енгізуі туралы хабарлама келіп түскен кезде;
б) Комиссияға мүше мемлекеттен Хаттаманың 823-тармағында көзделген бағаны мемлекеттік реттеу мерзімін ұзарту туралы хабарлама келіп түскен кезде;
в) Комиссияға келіспеу туралы өтініш келіп түскен кезде;
г) Комиссияға ұзарту туралы өтініш келіп түскен кезде;
д) жеке бастамасы бойынша (мүше мемлекеттен оның Хаттаманың 81 және 822-тармақтарында көзделген бағаны мемлекеттік реттеуді енгізу туралы хабарлама немесе ұзарту туралы өтініш болмаған жағдайда);
е) мүше мемлекеттің ұсынысы бойынша бағаны мемлекеттік реттеу мәселелері бойынша консультация өткізуге құқылы.
24. Консультацияларға міндетті тәртіпте бағаны мемлекеттік реттеуді енгізген не бағаны мемлекеттік реттеу мерзімін ұзартқан мүше мемлекеттің өкілдері қатысады.
Осы мүше мемлекеттің өкілі келмей қалған жағдайда консультацияны өткізу кейінге қалдырылады.
Көрсетілген мүше мемлекеттің өкілі қайта келмей қалған жағдайда консультациялар оның қатысуынсыз өткізіледі.
25. Комиссияның жауапты құрылымдық бөлімшесі:
а) консультациялар өткізуді ұйымдастырады және мүше мемлекеттерге оларды өткізу уақыты мен орны туралы хабарлайды;
б) консультациялар өткізілетін күнге дейін кемінде 3 жұмыс күнінен кешіктірмей мүше мемлекеттердің мекенжайына қажетті құжаттарды жібереді;
в) консультациялар өткізеді;
г) консультациялардың хаттамасын рәсімдейді;
д) консультациялар өткізген күннен бастап 3 жұмыс күні ішінде консультация хаттамасын мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарының мекенжайына жібереді.
26. Комиссияның жауапты құрылымдық бөлімшесінің консультациялар (қайта консультацияларды немесе жеке бастамасы бойынша консультацияларды қоспағанда) өткізуі Комиссияға келіспеу туралы өтініш немесе ұзарту туралы өтініш келіп түскен күннен бастап 2 ай ішінде жүзеге асырылуы мүмкін.
27. Консультациялар барысында мүше мемлекеттердің өкілдері бағаны мемлекеттік реттеуді енгізу мақсатына бәсекелестік жағдайына жағымсыз салдарлары аз өзге тәсілдермен қол жеткізуге мүмкін (мүмкін емес) екендігіне құжаттарлы, түсініктемелерді, өзге дәлелдерді ұсынуға құқылы.
V. Комиссияның келіспеу туралы өтінішті және ұзарту туралы өтінішті қарау қорытындысы бойынша шешімдер қабылдау тәртібі
28. Комиссия Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 2014 жылғы 23 желтоқсандағы № 98 шешімімен бекітілген Еуразиялық экономикалық комиссияның Жұмыс регламентінің (бұдан әрі – Регламент) 68-тармағына сәйкес келіспеу туралы өтініш немесе ұзарту туралы өтініш қаралатын Комиссия Алқасының отырысы өткізілетін уақыт пен орын туралы мүше мемлекеттерді хабардар етеді.
29. Комиссия Алқасының отырысында келіспеу туралы өтінішті немесе ұзарту туралы өтінішті қарауға Регламенттің 77-тармағына сәйкес кез келген мүше мемлекеттің өкілдері қатысуға құқылы.
30. Комиссия Алқасы келіспеу туралы өтінішті немесе ұзарту туралы өтінішті қарау қорытындысы бойынша мынадай:
а) бағаны мемлекеттік реттеудің күшін жою қажеттілігі туралы;
б) бағаны мемлекеттік реттеудің күшін жою қажеттілігі жоқ екендігі туралы;
в) бағаны мемлекеттік реттеудің мерзімін ұзартуды келісу туралы;
г) бағаны мемлекеттік реттеудің мерзімін ұзартуды келісуден бас тарту туралы шешімдердің бірін қабылдайды.
31. Комиссияның жауапты құрылымдық бөлімшесі келіспеу туралы өтінішті немесе ұзарту туралы өтінішті қарау қорытындысы бойынша дайындалған Комиссия Алқасы шешімінің жобасын Регламентте белгіленген тәртіпте және Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2015 жылғы 5 мамырдағы № 46 шешімімен бекітілген Еуразиялық экономикалық комиссиядағы ішкі құжат айналымы қағидаларына сәйкес Комиссия Алқасының қарауына енгізеді.
32. Комиссия Алқасының шешімінде:
келіспеу туралы өтініштің немесе ұзарту туралы өтініштің келіп түскен күні;
келіспеу туралы өтініштің немесе ұзарту туралы өтініштің мәні;
келіспеу туралы өтінішпен немесе ұзарту туралы өтінішпен жүгінген мүше мемлекеттің атауы;
мүше мемлекеттің пікірі бойынша бағаны мемлекеттік реттеудің мақсатына бәсекелестік жағдайы үшін жағымсыз салдарлары аз өзге тәсілмен қол жеткізуге кедергі келтіретін себептер;
осы Тәртіптің 30-тармағында көзделген шешімдердің бірі көрсетілген қарарлық бөлік;
шешімді қабылдау үшін негіз болған мән-жайлар көрсетіледі.
Комиссия Алқасы бағаны мемлекеттік реттеудің күшін жою қажеттілігі туралы шешім қабылдаған жағдайда онда мүше мемлекеттің осындай бағаны реттеудің күшін жоюды қамтамасыз ететін мерзім көрсетіледі.
Комиссия Алқасы Хаттаманың 824-тармағында көзделген бағаны мемлекеттік реттеу мерзімін ұзартуды келісу туралы шешім қабылдаған жағдайда онда бағаны мемлекеттік реттеу ұзартылуы мүмкін болатын мерзім көрсетіледі.
33. Комиссия Алқасының Хаттаманың 87-тармағы негізінде қабылдаған бағаны мемлекеттік реттеудің күшін жою қажеттілігі туралы шешімі немесе Комиссия Алқасының Хаттаманың 871-тармағы негізінде қабылдаған бағаны мемлекеттік реттеу мерзімін ұзартуды келісу не келісуден бас тарту туралы шешімі осындай шешімдер қабылданған күннен кейінгі күннен кешіктірілмей бағаны мемлекеттік реттеуді енгізу туралы шешім қабылдаған немесе бағаны мемлекеттік реттеудің мерзімін ұзарту туралы өтініш жіберген мүше мемлекеттің органына жіберіледі және осы мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес орындауға жатады.