Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерде (бұдан әрі - мүше мемлекеттер) доңғалақты көлік құралдарының іркіліссіз өндірісін қамтамасыз ету және Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің 2022 жылғы 17 наурыздағы № 12 өкімімен бекітілген макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуді қоса, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің экономикаларының орнықтылығын арттыру жөніндегі шаралар тізбесінің 2.10-тармағын іске асыру мақсатында Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесі шешті:
1. Кеден одағы Комиссиясының 2011 жылғы 9 желтоқсандағы "Кеден одағының "Доңғалақты көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы" техникалық регламентін қабылдау туралы" № 877 шешіміне мынадай өзгерістер енгізілсін:
а) 3-тармақ мынадай мазмұндағы 3.2.6-тармақшамен толықтырылсын:
"3.2.6. Техникалық регламенттің I бөлімі 1-тармағының екінші абзацында көрсетілген көлік құралдарын айналысқа шығаруға және пайдалануда болуына, осы тармақтың екінші абзацында көрсетілген жағдайды қоспағанда, олардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілген жағдайда және осы көлік құралдары өндірілген Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің аумағында ғана жол беріледі. Мұндай көлік құралдарына қатысты Техникалық регламентте көзделген сәйкестікті бағалау туралы құжаттарды ресімдеуге жол берілмейді.
Егер басқа мүше мемлекеттердің осындай көлік құралдарына қатысты заңнамасында өзгеше белгіленбесе, осы көлік құралдары өндірілген мүше мемлекеттің аумағын қоспағанда, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің аумақтарында Техникалық регламенттің I бөлімі 1-тармағының екінші абзацында көрсетілген көлік құралдарын иелену, пайдалану, оларға билік ету құқықтарын жүзеге асыруға жол берілмейді.";
б) көрсетілген Шешіммен қабылданған Кеден одағының "Доңғалақты көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы" техникалық регламентінің (КО ТР 018/2011) I бөлімінің 1-тармағы мынадай мазмұндағы абзацпен толықтырылсын:
"2023 жылғы 1 ақпанға дейін Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің аумақтарында өндірілетін жекелеген доңғалақты көлік құралдарына қатысты міндетті талаптарды белгілеуге және қолдануға, сондай-ақ мұндай көлік құралдарының мүше мемлекеттер үкіметтерінің нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес немесе мүше мемлекеттердің заңнамасында белгіленген тәртіппен сәйкестігіне бағалау жүргізуге жол беріледі.".
2. Дөңгелек көлік құралының Кеден одағы Комиссиясының 2011 жылғы 9 желтоқсандағы № 877 шешімімен қабылданған Кеден одағының "Доңғалақты көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы" техникалық регламентінің (КО ТР 018/2011) I бөлімі 1-тармағының екінші абзацына сәйкес айналысқа шығарылатындығы туралы ақпарат және аумағында ол өтініш жасай алатын мүше мемлекеттің (мүше мемлекеттердің) атауы осындай доңғалақты көлік құралын тіркеу туралы куәлікте көрсетіледі.
3. Мүше мемлекеттердің үкіметтерінен:
Кеден одағының "Доңғалақты көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы" техникалық регламентінің (КО ТР 018/2011) I бөлімі 1-тармағының екінші абзацына сәйкес өндірілген доңғалақты көлік құралдарының (олардың сәйкестендіру нөмірлерін, маркаларын және коммерциялық атауларын көрсете отырып) тізілімдерін қалыптастыру және жүргізуді;
егер мүше мемлекеттер арасында (соның ішінде екіжақты форматта) өзге уағдаластықтарға қол жеткізілмесе, осы тармақтың екінші абзацында көрсетілген көлік құралдарын басқа мүше мемлекеттердің аумағында әкетуге (соның ішінде уақытша) жол бермеуді қамтамасыз ету сұралсын.
4. Осы Шешімнің орындалуын бақылауды мүше мемлекеттердің уәкілетті органдары мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.
5. Осы Шешім ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік 10 күн өткен соң күшіне енеді және 2022 жылғы 1 сәуірден бастап туындайтын құқықтық қатынастарда қолданылады.
Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің мүшелері:
Армения Республикасынан | Беларусь Республикасынан | Қазақстан Республикасынан | Қырғыз Республикасынан | Ресей Федерациясынан |
М. Григорян | И. Петришенко | Б.Сұлтанов | А.Кожошев | А. Оверчук |