Қазақстан Республикасы Парламенті қызметін ақпараттық-талдау және материалдық-техникалық қамтамасыз етуді жақсарту, сондай-ақ оның тұрақты комитеттерінің жұмысын жандандыру мақсатында:
1. Қазақстан Республикасының Үкіметі заңдарда белгіленген тәртіппен:
1) Парламент аппараты штат санының лимитін 65 бірлікке ұлғайтуды көздей отырып, аталған Аппаратқа "Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 22 қаңтардағы N 29 және 2000 жылғы 4 ақпандағы N 331 Жарлықтарына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2001 жылғы 31 қаңтардағы N 544 Жарлығына сәйкес оның санын бұдан бұрын 51 бірлікке көбейту жүзеге асырылғанын ескере отырып, 116 депутат көмекшісі лауазымын енгізуді;
2) аймақтарға қызметтік істер бойынша сапарлар кезінде Парламент депутаттарының қызметін қамтамасыз ету үшін барлық облыс орталықтарында және Алматы қаласында жергілікті бюджеттердің есебінен 2 қызметтік кабинет және 2 қызметтік жеңіл автомашина бөлуді қамтамасыз ететін қажетті шаралар қабылдасын.
2. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкілдіктерінің басшылары лауазымдарына тағайындау үшін ұсынылған кандидатураларды Қазақстан Республикасы Парламентінің тиісті тұрақты комитеттерімен алдын ала келісетін болсын.
Қазақстан Республикасының
Президенті