Ескерту. Күші жойылды – ҚР Президентінің 03.01.2024 № 429 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.
Реформалардың, стратегиялық және бағдарламалық құжаттардың іске асырылу барысын бақылау тетігін күшейту мақсатында:
1. Қазақстан Республикасы Президентінің жанында Әлеуметтік-экономикалық реформаларды талдау және мониторингтеу орталығы (бұдан әрі - Орталық) құрылсын.
2. Мыналар:
1) Орталық құрамы осы өкімге 1-қосымшаға сәйкес;
2) Орталық туралы ереже осы өкімге 2-қосымшаға сәйкес бекітілсін.
3. Осы өкімнің орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.
Қазақстан Республикасының Президенті |
Қ. ТОҚАЕВ |
Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 4 ақпандағы № 89 өкіміне 1-ҚОСЫМША |
Әлеуметтік-экономикалық реформаларды талдау және мониторингтеу орталығының
ҚҰРАМЫ
Ескерту. Құрамға өзгеріс енгізілді – ҚР Президентінің 17.11.2020 № 450 Жарлығымен.
Сүлейменов | - | Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары, төрағасы |
Құлсейітов | - | Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Стратегиялық жоспарлау бөлімінің меңгерушісі, хатшы |
Ақышев | - | Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасының көмекшісі |
Бахмутова | - | Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы Кеңесінің төрағасы (келісім бойынша) |
Боранбаев | - | “Астана” халықаралық ғылыми кешені Бәсекеге қабілеттілік орталығының басшысы (келісім бойынша) |
Жәмішев | - | “First Heartland Jysan Bank” АҚ директорлар кеңесінің мүшесі (келісім бойынша) |
Жандосов | - | “РАКУРС” экономикалық талдау орталығының директоры (келісім бойынша) |
Құлекеев | - | Қазақ мұнай-газ институтының бас директорының кеңесшісі (келісім бойынша) |
Құсайынов | - | Ресей және Қазақстан тәуелсіз директорлар қауымдастығының мүшесі (келісім бойынша) |
Мырзахметов | - | “Атамекен” Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы (келісім бойынша) |
Ошақбаев | - | “Талап” қолданбалы зерттеулер орталығының директоры (келісім бойынша) |
Рахымбеков | - | “Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы” КеАҚ басқарма төрағасы (келісім бойынша) |
Сәдуақасов | - | Dasco Consulting Group басқарушы серіктесі (келісім бойынша) |
Төлеуов Олжас Аязбиұлы | – | "Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Төрағасының кеңесшісі (келісім бойынша) |
Үшбаев | - | “Tengri Partners Investment Banking (Kazakhstan)” АҚ басқарма төрағасы (келісім бойынша) |
Кұдайбергенов Олжас Әбдумәлікұлы | – | "Center for strategic initiatives" (Стратегиялық бастамалар орталығы) консалтингтік компаниясының аға серіктесі (келісім бойынша) |
Орталық құрамына лауазымы бойынша сарапшылық-талдау тобының жетекшісі кіреді.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 4 ақпандағы № 89 өкіміне 2-ҚОСЫМША |
Әлеуметтік-экономикалық реформаларды талдау және мониторингтеу орталығы туралы
ЕРЕЖЕ
1. Жалпы ережелер
1. Әлеуметтік-экономикалық реформаларды талдау және мониторингтеу орталығы (бұдан әрі - Орталық) әлеуметтік-экономикалық саланың даму процестерін мониторингтеу, институционалдық реформаларды жүргізу, сондай-ақ оларды тиімді іске асыру бойынша нақты ұсынымдар тұжырымдау үшін құрылған Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады.
2. Орталық өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына, Қазақстан Республикасы Президентінің актілері мен тапсырмаларына, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
2. Орталықтың қызметін ұйымдастыру
3. Орталық:
1) стратегиялық құжаттар мен Қазақстан Республикасы Президентінің жекелеген тапсырмалары шеңберінде салалық және институционалдық реформалар барысын бағалау мен мониторингтеуді қамтамасыз етеді;
2) әлеуметтік-экономикалық салада, өңірлік саясатта, сондай-ақ ел дамуындағы өзге де маңызды бағыттары бойынша жүйелі проблемалар мен тәуекелдерді анықтайды;
3) реформаларды, салалық және өңірлік мемлекеттік саясатты іске асырудың тиімділігін, мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор жұмысының сапасын арттыруға бағытталған ұсынымдарды тұжырымдайды.
4. Орталық төрағасы:
1) Орталықтың қызметіне басшылықты жүзеге асырады;
2) Қазақстан Республикасының Президентіне Орталық жұмысының нәтижелері туралы баяндайды;
3) Орталық отырыстарының өткізілетін орны мен уақытын, сондай-ақ күн тәртібін айқындайды.
5. Орталықтың жұмысы қажеттілігіне қарай отырыстарды өткізу жолымен жүзеге асырылады.
6. Орталықтың отырысына, оның мүшелерінің жалпы санының жартысынан көп қатысса, отырыстың құқықтық күші болады.
Орталық мүшелері оның жұмысына алмастыру құқығынсыз қатысады.
7. Орталықтың шешімдері сол отырысқа қатысушы Орталық мүшелерінің жалпы санының жай көпшілік дауысымен отырыста қабылданады. Талқыланатын мәселе бойынша дауыстар тең болған жағдайда, төрағалық етушінің дауысы шешуші болып табылады.
Орталықтың шешімдері хаттамамен ресімделеді, оған Орталықтың төрағасы мен хатшысы қол қояды.
8. Орталықтың:
1) институционалдық және салалық реформаларды іске асыру барысы, стратегиялық құжаттарды орындау туралы мемлекеттік органдарының бірінші басшыларын тыңдауға;
2) Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына реформалардың тиімділігін арттыруға бағытталған, сондай-ақ елдің қарқынды дамуы үшін қажетті шаралар бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар енгізуге;
3) Орталық қабылдаған шешімдердің орындалу барысына бақылауды және қызметті үйлестіруді жүзеге асыруға құқылы.
9. Орталық мүшелері:
1) Орталық отырыстарының күн тәртібі мен талқыланатын мәселелер тәртібі бойынша ұсыныстар енгізуге;
2) Орталық отырыстарына материалдар және оның шешімдерінің жобаларын дайындауға қатысуға;
3) Орталық қарайтын мәселелерді талқылауға қатысуға;
4) осы Ережеде көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқылы.
3. Орталықтың қызметін қамтамасыз ету
10. Орталықтың қызметін қамтамасыз етуді Орталықтың сарапшылық-талдау тобы жүзеге асырады.
11. Сарапшылық-талдау тобы Орталықтың жанынан құрылады және өз қызметін Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің ведомстволық бағынысты ұйымы базасында жүзеге асырады.
12. Сарапшылық-талдау тобының жетекшісі лауазымы бойынша Орталықтың мүшесі болып табылады.
13. Сарапшылық-талдау тобы:
1) әлеуметтік-экономикалық саланың даму процестеріне, институционалдық реформаларды жүргізуге мониторингті ұйымдастырады, сондай-ақ оларды тиімді іске асыру бойынша нақты ұсынымдарды тұжырымдайды;
2) халықаралық тәжірибені зерделейді, ұлттық және шетелдік статистикалық деректерді талдайды, мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдардан келіп түсетін материалдарды кейіннен Орталық мүшелерінің қарауына енгізу үшін жинақтап-қорытады;
3) Орталық отырыстарын ұйымдастыруды және өткізуді қамтамасыз етеді;
4) Орталық тұжырымдайтын ұсынымдар бойынша қажеттілігіне қарай түсіндіру жұмысын ұйымдастырады.
14. Сарапшылық-талдау тобы:
1) мемлекеттік органдармен және ұйымдармен белгіленген тәртіпте консультациялар жүргізуге;
2) Орталықтың шешімі бойынша қоғамдық және сарапшылық ұйымдарды, жекелеген сарапшылар мен консультанттарды тарта отырып, қызметтің жекелеген бағыттары бойынша сарапшылық топтарды құруға;
3) жекелеген жұмыстарды жүзеге асыру үшін белгіленген тәртіппен мамандарды, ғалымдарды, тәуелсіз сарапшылар мен қоғамдастық өкілдерін тартуға құруға құқылы.
15. Орталық хатшысы:
1) төрағаның тапсырмаларына сәйкес Орталық отырыстарының күн тәртібінің жобасын қалыптастырады және Орталық отырыстарын дайындау бойынша сарапшылық-талдау тобының қызметін үйлестіреді;
2) Орталық мүшелеріне кезекті отырыстың өткізілетін орны, уақыты және күн тәртібі туралы хабарлайды.