*(2003 жылғы 25 қыркүйектен бастап күшіне енді -
ҚР халықаралық шарттары бюллетені,
2004 ж., N 9, 52-құжат)
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі мен Болгария Республикасының Әділет министрлігі,
екі мемлекеттің Әділет министрліктері арасындағы ынтымақтастықтың қажеттігін мойындай отырып,
қазақстандық және болгарлық заңгерлер арасындағы өзара түсіністік пен достық қарым-қатынастарды нығайту мақсатында,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Тараптар мынадай бағыттар бойынша ынтымақтастықты жүзеге асыратын болады:
1) заңнамалар және заң құрылымдары туралы ақпарат алмасу;
2) Тараптардың әрқайсысының Әділет органдары мен мекемелерінің ұйымдастырылуымен және қызметімен танысу үшін Тарап делегацияларымен алмасу;
3) Тараптардың әділет органдары мен мекемелері арасында әріптестік байланыс орнату;
4) Әділет ұлттық жүйесін ақпараттандыру саласында мамандар алмасуды жүзеге асыру.
2-бап
Осы Меморандумның шеңберінде Тараптар меншік қатынастары, инвестициялар және өзара мүддені білдіретін басқа да келісілген тақырыптар саласында бірлескен бағдарламалар әзірлеу және заңдарды жетілдіру жөніндегі комиссиялар құра алады.
3-бап
Осы Меморандумды орындау мақсатында Тараптар жыл сайын тиісті қаржы мүмкіндіктерін негізге ала отырып, келесі жылға өздерінің нақты ынтымақтастық жобаларын келісетін болады.
Ынтымақтастық бойынша бірлескен іс-шараларды қаржыландыру кезінде Тараптар оларды ұйымдастыру және Тараптар делегацияларының келуі жөніндегі шығыстарды қабылдаушы Тарап өтейтін, ал екі Тараптың көлік шығыстарын жіберуші Тарапқа жүктелетін принципті ұстанатын болады.
4-бап
Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Меморандумға жазбаша нысанда өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
Тараптар арасындағы осы Меморандумның қолданылу саласына қатысты мәселелер жөніндегі даулар мен келіспеушіліктер екі жақты келіссөздер мен консультациялар арқылы шешілетін болады.
5-бап
Осы Меморандум қол қойылған сәттен бастап күшіне енеді және белгіленбеген мерзімге жасалады және Тараптардың бірінің екінші Тарапқа осы Меморандумның қолданылуын тоқтату туралы өз ниетін жазбаша хабардар еткен күнінен бастап алты ай өткенге дейін күшінде қалады.
2003 жылғы 25 қыркүйекте Астана қаласында қазақ, болгар және орыс тілдерінде әрқайсысы екі данада жасалды әрі барлық мәтіндердің күші бірдей.
Осы Меморандумның ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер болған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінеді.
(Қолдары)