(2016 жылғы 1 маусымда күшіне енді - Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені, 2016 ж., № 4, 65-құжат)
Бұдан әрі бірлесіп Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Қорғаныс министрлігі,
Тараптар арасындағы әскери ынтымақтастық саласындағы бар екіжақты қарым-қатынастарды күшейтуге және нығайтуға және өзара мүдделер негізінде Тараптар мемлекеттері арасындағы ынтымақтастықтың тиісті іс-шараларын қолдауға ниет білдіре отырып,
егемендік, тәуелсіздік, аумақтық тұтастық және Тараптар мемлекеттерінің ішкі істеріне араласпау қағидаттарын ұстана отырып,
Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысы шеңберінде өздерінің міндеттемелерін растай отырып және Тараптар мемлекеттерінің басқа да халықаралық міндеттемелерін назарға ала отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап Мақсат
Осы Өзара түсіністік туралы меморандум Тараптар арасындағы әскери ынтымақтастықтың құқықтық негізін құруға, сондай-ақ өзара мүдделерге негізделген Тараптар арасындағы осындай әскери ынтымақтастықты қолдау мен дамытуға бағытталған.
2-бап Ынтымақтастық салалары
1. Тараптар арасындағы ынтымақтастық мынадай салаларда жүзеге асырылады:
1) әскери білім және даярлық;
2) материалдық-техникалық қамтамасыз ету;
3) ғылым және ғылыми зерттеулер;
4) бітімгершілік қызмет;
5) әскери медицина;
6) әскери заңнама және әскери тарих;
7) спорттық және мәдени іс-шаралар;
8) Тараптар өзара келіскен басқа да кез келген салалар.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген кез келген саладағы ынтымақтастықтың іс-шараларын іске асыру мақсатында Тараптар жекелеген шарттар жасасуы мүмкін.
3-бап Ынтымақтастық нысандары
Тараптар арасындағы ынтымақтастық мынадай нысандарда жүзеге асырылады:
1) өзара ресми сапарлар мен кездесулер;
2) сарапшылармен және мамандармен алмасу;
3) халықаралық әскери курстарға, оқу-жаттығуларға және тренингтерге қатысу;
4) Тараптар мемлекеттері қарулы күштерінің әскери қызметшілерін оқыту және/немесе әскери даярлау;
5) өзара мүдделілікті білдіретін әскери мәселелер бойынша тәжірибе алмасу және консультациялар;
6) өзара мүдделілікті білдіретін әскери мәселелер бойынша конференцияларға, семинарларға, форумдарға және кездесулерге қатысу;
7) әскери кермелерге, концерттерге және басқа да мәдени іс-шараларға қатысу;
8) Тараптар өзара келіскен басқа да кез келген нысандар.
4-бап Уәкілетті органдар
Осы Өзара түсіністік туралы меморандумның ережелерін іске асыруға жауапты уәкілетті органдар:
Қазақстан тарапынан - Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Халықаралық ынтымақтастық департаменті;
Әмірліктер тарапынан - Біріккен Араб Әмірліктерінің Қорғаныс министрлігі болып табылады.
5-бап Бірлескен әскери комиссия
Тараптар әрбір Тараптың өкілдерінен тұратын осы Өзара түсіністік туралы меморандумның 3-бабында көзделген қызметті ұйымдастыруға және үйлестіруге уәкілетті Бірлескен әскери комиссия құрады.
Әрбір Тарап Бірлескен әскери комиссияға өз өкілдерінен төрағаны тағайындайды, Бірлескен әскери комиссияның шешімдерін Тараптар бірлесіп қабылдайды. Тараптардың әрқайсысының өкілдерінің екі төрағасы да Бірлескен әскери комиссияның отырыстарында бірлесіп төрағалық етеді. Отырыстардың хаттамаларын қабылдаушы Тарап дайындайды және екі Тарап өкілдерінің төрағалары қол қояды.
Бірлескен әскери комиссия әрбір мемлекетте тұрақты түрде кезекпен немесе Комиссия отырысының барысында Тараптар келіскендей отырыс өткізеді.
6-бап Ақпарат алмасу
1. Тараптар осы Өзара түсіністік туралы меморандумды іске асыру барысында, оның қолданылуы және қолданысын тоқтатқаннан кейінгі кезекте жасалған немесе алынған ақпаратты қорғау үшін өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына сәйкес тиісті шараларды жүргізуді қамтамасыз етеді.
2. Тараптар арасындағы ынтымақтастық барысында алынған ақпарат екі Тарап мемлекеттерінің мүдделеріне залал келтіруге пайдаланылмайды.
3. Тараптар арасындағы ынтымақтастық барысында алынған ақпаратты Тараптар екі Тараптың да алдын ала жазбаша рұқсатынсыз үшінші елдерге, адамдарға немесе ұйымдарға бермейді.
4. Тараптар мемлекеттерінің заңнамаларына сәйкес берілетін құпия ақпаратты қорғау құпия ақпаратты өзара қорғау туралы жекелеген халықаралық шартпен реттеледі.
7-бап Қаржы мәселелері
Егер өзгеше келісілмесе, Тараптар осы Өзара түсіністік туралы меморандумның ережелерін іске асыру жөніндегі қажетті рәсімдерге байланысты туындаған барлық қаржылық шығыстарды өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес дербес көтереді.
8-бап Дауларды шешу
Осы Өзара түсіністік туралы меморандумды түсіндіру немесе қолдану бойынша кез келген дау мүмкіндігінше қысқа уақытта Тараптар арасындағы тікелей келіссөздер немесе консультациялар жолымен шешіледі. Мұндай дау ешқандай халықаралық немесе ұлттық сотқа, төрелікке немесе үшінші тарапқа берілмейді.
9-бап Жариялау
Тараптардың бірде-біреуі екінші Тараптың жазбаша келісімінсіз осы Меморандум немесе кейінгі келісімдердің мазмұнын және оның шеңберінде өткізілетін іс-шаралардың нәтижелерін, сондай-ақ құпияны қоса алғанда, материалдарды, баспасөз релиздерін, мақалаларды немесе фотосуреттерді бұқаралық ақпарат құралдарында жарияламайды.
10-бап Өзгерістер мен толықтырулар енгізу
Тараптардың өзара жазбаша келісімі бойынша осы Өзара түсіністік туралы меморандумға өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін. Өзгерістер мен толықтырулар осы Өзара түсіністік туралы меморандумның ажырамас бөліктері болып табылады және жекелеген хаттамалармен ресімделеді.
11-бап Күшіне енгізу, қолданылу мерзімі және қолданысын тоқтату
1. Осы Өзара түсіністік туралы меморандум бес (5) жыл мерзімге жасалады, егер Тараптардың бірде-біреуі кейінгі тиісті мерзім аяқталғанға дейін кемінде алты ай бұрын екінші Тарапты дипломатиялық арналар арқылы өзінің оның қолданылуын тоқтату ниеті туралы хабардар етпесе, ол автоматты түрде кейінгі бесжылдық мерзімдерге ұзартылады.
2. Осы Өзара түсіністік туралы меморандум Тараптар қол қойған күннен бастап күшіне енеді.
3. Осы Өзара түсіністік туралы меморандум Тараптардың біреуі екінші Тараптан дипломатиялық арналар арқылы осы Өзара түсіністік туралы меморандумның қолданылуын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарлама алған күннен бастап алты ай өткеннен кейін қолданысын тоқтатады.
4. Осы Өзара түсіністік туралы меморандумның қолданылуы тоқтатылған немесе оның қолданылуы ұзартылмайтын жағдайда, әрбір Тарап одан туындайтын міндеттемелерді толық орындайды.
2016 жылғы 1 маусымда әрқайсысы қазақ, араб, орыс және ағылшын тілдерінде екі данада жасалды, бұл ретте барлық мәтін дәлме-дәл болып табылады.
Осы Өзара түсіністік туралы меморандумның ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер болған жағдайда ағылшын тіліндегі мәтіннің күші басым болады.
Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі үшін |
Біріккен Араб Әмірліктерінің Қорғаныс министрлігі үшін |