(2017 жылғы 8 мамырда күшіне енді - Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені, 2017 ж., № 3, 40-құжат)
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі мен Әзербайжан Республикасы Мемлекеттік кеден комитеті,
1997 жылғы 10 маусымдағы Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Әзербайжан Республикасы Үкіметі арасындағы кеден істеріндегі ынтымақтастық туралы келісімді басшылыққа ала отырып,
кедендік бақылаудың қазіргі заманғы нысандары мен әдістерін дамытудағы халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығын мойындай отырып,
саудаға ықпал ету жөнінде шаралар енгізу, кедендік декларацияны берудің алдындағы, сондай-ақ тауарларды кедендік рәсімдермен орналастырумен байланысты кедендік операциялардың жасауын жеделдету есебінен сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар үшін қолайлы жағдай жасау қажеттілігін түсіне отырып,
Тараптар мемлекеттері арасында өткізілетін тауарлар мен көлік құралдарына қатысты кедендік бақылаудың тиімділігін арттыру мақсатында алдын ала мәліметтермен электронды алмасу арқылы кедендік ынтымақтастықты белсендіру қажеттігін санай отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Осы Келісімнің мақсаттары үшін мынадай терминдер пайдаланылады:
Алдын ала мәліметтер – кедендік операцияларды және рәсімдерді жүзеге асырғаннан кейін кедендік шекара арқылы өткізілетін тауарлар және көлік құралдары туралы Тараптардың уәкілетті органдары электрондық түрде беретін ақпарат.
Ақпараттық алмасудың техникалық шарттары – ақпараттық жүйелерді пайдаланумен Тараптардың уәкілетті органдары алмасатын электрондық хабарламалардың құрылымын, форматын және мәліметтердің құрамын, алмасу регламентін, алмасу тәсілін, ақпараттық жүйелердің бағдарламалық және техникалық құралдарына талаптарын айқындайтын құжат.
2-бап
Тараптар мынадай мақсаттарға қол жеткізу үшін алдын ала ақпарат алмасуды жүзеге асырады:
- Тараптар мемлекеттерінің кеден органдарында тауарларды кедендік рәсіммен орналастыруға байланысты кедендік операциялардың жасалуын жылдамдату;
- кедендік операциялар мен кедендік рәсімдерді жасау үшін қажетті құжаттар санын азайту;
- тәуекелдерді басқару жүйесін қолдана отырып, тауарлар туралы ақпаратты талдау негізінде тауарларды кедендік бақылау нысандары мен әдістерін пайдалануды барынша төмендету.
3-бап
Осы Келісімнің ережелерін іске асыру бойынша уәкілетті органдар:
Қазақстан тарапынан - Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті;
Әзербайжан тарапынан - Әзербайжан Республикасы Мемлекеттік кеден комитеті тарапынан болып табылады.
Жоғарыда аталған уәкілетті органдардың атауы немесе функциялары өзгерген жағдайда, Тараптар дипломатиялық арналар арқылы бір-бірін уақытылы хабардар етеді.
4-бап
Уәкілетті органдар Тараптардың бірінің мемлекеті аумағынан әкетілетін тауарлар мен көлік құралдарына қатысты кедендік операцияларды және рәсімдерді жүзеге асыру кезінде олар алған мәліметпен алмасуды ұйымдастырады және жүзеге асырады.
Алдын ала мәліметтер тауарлар мен көлік құралдары межелі немесе транзит Тарап мемлекетінің кедендік шекарасын кесіп өткенге дейін кемінде алты сағат бұрын жолданады.
Алдын ала мәліметпен алмасу уәкілетті органдарының құзыреті шегінде және олардың мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес тікелей уәкілетті органдарының арасында жүзеге асырылады.
5-бап
Осы Келiсiмге сәйкес алынған ақпарат құпия сипатқа ие және тек кедендік мақсаттар үшін ғана пайдаланылуы мүмкін. Басқа мақсаттар үшін, ол тек оны енгізген Тараптың жазбаша келісімімен ғана пайдаланылуы мүмкін.
Тараптар өз мемлекеттерінің заңнамасына және қатысушылары Тараптар мемлекеті болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес осы Келісімнің шеңберінде алынған ақпараттың құпиялығын қамтамасыз етеді.
6-бап
Осы Келісімнің 4-бабының ережелерін іске асыру үшін Тараптар мемлекеттерінің уәкілетті органдары олардың басшылары бекітетін Техникалық шарттарды әзірлейді.
Тараптар мемлекеттерінің уәкілетті органдары Техникалық шарттарға сәйкес мәліметтер көлемінде тауарлар мен көлік құралдарына қатысты алдын ала мәліметтерді ұсынады.
7-бап
Уәкілетті органдар бір-бірін алдын ала мәліметтермен алмасудың нәтижесінде алынған ақпараттардың анықталған кез-келген дұрыс емес жағдайлары туралы хабардар етеді.
8-бап
Тараптар бір-бірін:
- Ақпараттық алмасудың техникалық шарттарын және коммуникация құралдарын, деректерді өңдеу және беру технологиясын, сондай-ақ ақпараттарды қорғау бойынша талаптарды әзірлеуді және келісуді жүзеге асыратын;
- алдын ала мәліметтердің тауарлардың нақты партиясына және (немесе) нақты көлік құралына байланысын анықтау мақсатында тауарлар мен көлік құралдарын сәйкестендіру тәсілін айқындайтын;
- алдын ала мәліметтермен алмасуда жауапты болып табылатын өзінің құзыретті құрылымдық бөлімшелері туралы хабардар етеді.
9-бап
Осы Келісімді іске асыру мақсатында уәкілетті органдар Тараптар мемлекеттері арасында өткізілетін тауарлар мен көлік құралдары туралы алдын ала мәліметтермен электронды алмасудың технологиясын пысықтау үшін тестілеу сынақты жүзеге асырады.
Уәкілетті органдар хат алмасу жолымен алдын ала мәліметтерді берудің тәртібін, негізгі технологиялық қағидаттарын, деректердің құрылымы мен форматын, алдын ала мәліметтерді қорғау бойынша талаптарды, нақты тауарлармен және көлік құралдарымен алдын ала мәліметтерді сәйкестендіру тәртібін, оларға қатысты алдын ала мәліметтермен алмасу жүзеге асырылатын көлік түрін, тестілеу сынағы жүзеге асырылатын Тараптар мемлекеттерінің аумақтық уәкілетті органдары бөлімшелерінің тізбесін, сондай-ақ оларды іске асыру мерзімін келіседі.
Осы бапта көрсетілген мәселелерді келіскеннен кейін, Тараптар қажетті ұйымдастыру және техникалық іс-шараларды жүргізеді және бір-бірін тестілеу сынағын жүзеге асыруды бастауға дайын екендігі туралы жазбаша хабардар етеді.
Алдын ала мәліметтермен алмасу бойынша тестілеу сынағын жүзеге асыру мерзімі алты айды құрайды. Бұл мерзім қажет болған жағдайда Тараптардың өзара келісімі бойынша ұзартылуы мүмкін.
10-бап
Тестілеу сынағының аяқталуы бойынша уәкілетті органдар тұрақты негізде алдын ала мәліметермен алмасуды бастау туралы шешім қабылдайды.
Уәкілетті органдар бір-бірін тұрақты негізде алдын ала мәліметермен алмасуды бастауға дайын екендігі туралы жазбаша хабардар етеді.
11-бап
Осы Келісімді іске асыру мақсатында уәкілетті органдар консультация жүргізеді, алдын ала мәліметермен алмасу үшін қажетті ақпараттық-анықтамалық материалдарды бір-біріне береді.
12-бап
Осы Келісімге Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын, жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін және 14-бапта белгіленген тәртіпте күшіне енеді.
13-бап
Тараптар арасында осы Келісімнің ережелерін түсіндіру және қолдануға қатысты даулар консультация және олардың арасындағы келіссөздер жолымен шешіледі.
14-бап
Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындау туралы дипломатиялық арналар арқылы Тараптардың жазбаша хабарламасын алған күнінен бастап күшіне енеді.
Тараптардың кез келгені өзінің осындай ниеті туралы жазбаша хабарламаны басқа Тарапқа жолдау жолымен, осы Келісімнің қолданылуын тоқтатуға құқылы.
Бұл жағдайда көрсетілген хабарламаны алған күннен бастап 30 күннен соң осы Келісімнің қолданылуы тоқтатылады.
2017 жылғы 30 қаңтарда Баку қаласында екі түпнұсқа данада, әрқайсысы қазақ, әзербайжан және орыс тілінде жасалды, әрі барлық мәтіннің бірдей күші бар.
Мәтіндер арасында алшақтықтар болған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінеді.
Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі үшін | Әзербайжан Республикасының Мемлекеттік кеден комитеті үшін |
(Қолдары)