Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Мүдделі мемлекеттік органдармен келісілген, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі ұсынған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Куба Республикасының Үкіметі арасындағы Екі мемлекет азаматтарының өзара сапарларының тәртібі жөніндегі келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі кубалық
тараппен келіссөздер жүргізсін және уағдаластыққа қол жеткізілгеннен кейін
Келісім жобасына принципті сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге
жол бере отырып, аталған Келісімді Қазақстан Республикасының Үкіметі
атынан жасассын.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Куба Республикасының Үкіметі
арасындағы Екі мемлекет азаматтарының өзара сапарларының тәртібі
жөніндегі келісім
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен
Куба Республикасының Үкіметі,
экономикалық, сауда, ғылыми-техникалық, мәдени және басқа да
салаларда достық қатынастарды дамытуға, ынтымақтастықты нығайтуға
жәрдемдесу тілегін басшылыққа ала отырып,
екі мемлекет азаматтарының өзара сапарларына жәрдемдесуге тілек
білдіре отырып,
мына төмендегілер туралы келісті:
І Бөлім
Жалпы ережелер
1-бап
Қазақстан Республикасының азаматтары мен Куба Республикасының
азаматтары осы Келісімде көзделген шарттармен жол жүру құжаттары бойынша
мемлекеттердің әрқайсысының аумағына келе алады, кете алады, транзитпен
өте алады және онда уақытша бола алады.
2-бап
Осы Келісім мағынасында мыналар жол жүру құжаттары болып табылады:
1. Қазақстан Республикасының азаматтары үшін:
- дипломаттық паспорт;
- қызметтік паспорт;
- Қазақстан Республикасы азаматының паспорты;
- теңізшінің паспорты;
- Қазақстан Республикасы әуе кемесі экипажы мүшесінің куәлігі (экипаж
құрамындағы сапары кезінде);
- қайта оралуға арналған куәлік.
2. Куба Республикасының азаматтары үшiн:
- дипломаттық паспорт;
- ресми паспорт;
- қызметтiк паспорт;
- ұлттық паспорт;
- теңiзшiнiң паспорты.
Тараптар дипломатиялық арналар бойынша жаңа жол жүру құжаттарының енгiзiлгенi туралы бiр-бiрiне уақтылы хабарлайтын болады, сондай-ақ бұрын қолданылып жүрген құжаттарға өзгерiстер енгiзілген жағдайда олардың үлгiлерiн алмасады.
3-бап
Бiр Тарап мемлекетi азаматтарының екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағына келуi, кетуi және онда болуы осы Келiсiммен және қабылдайтын Тараптың ұлттық заңдарымен реттеледi.
Бiр Тарап мемлекетiнiң азаматтары екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағында
болған кезiнде соңғы Тараптың заңдары мен ережелерiн, оның iшiнде шетелдiк
азаматтар үшiн белгiленген тiркеу, болу, жүрiп-тұру және транзиттiк өту
ережелерiн сақтауға мiндеттi.
4-бап
Бiр Тарап мемлекетiнiң азаматтары екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағына
халықаралық жолаушылар қатынасы үшiн ашық шекаралық пункттер арқылы келе
алады, кете алады немесе транзитпен өте алады, бұл орайда Тараптардың
ұлттық заңдары мен ережелерiне сәйкес қажеттi шарттылықтарды орындайды.
II БӨЛIМ
Қызмет бабындағы сапарлар
5-бап
Тараптар мемлекеттерiнiң дипломаттық немесе қызметтiк паспорттары бар азаматтары тиiсiнше екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағына визасыз келе алады, кете алады және транзитпен өте алады. Бұл орайда Тараптар мемлекеттерiнiң аумағында болуы келген күнiнен бастап 30 (отыз) күннен аспауы тиiс.
Егер бiр Тарап мемлекетiнiң жарамды дипломаттық немесе қызметтiк паспорттары бар азаматтары екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағында отыз күннен артық болғысы келген жағдайда, олар алдын ала визалар алуға тиiстi.
6-бап
Бiр Тараптың екiншi Тарап мемлекетi аумағында орналасқан дипломатиялық өкiлдiктерiнiң, консулдық мекемелерiнiң және халықаралық ұйымдар өкiлдiктерiнiң қызметкерлерi, сондай-ақ олардың дипломаттық немесе қызметтiк паспорттары бар отбасы мүшелерi өздерiнiң қызмет бабындағы бүкiл кезеңiнде екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағына визаларсыз келуге, кетуге және онда болуға құқылы. Сондай-ақ өздерi иеленушiлерi болып табылатын Тараптар мемлекеттерi азаматтарының дипломаттық немесе қызметтiк паспорттарына жазылған кәмелеттiк жасқа толмаған балаларға да виза талап етiлмейдi.
7-бап
Қазақстан Республикасының және Куба Республикасының азаматтық авиациялары ұшақтарының экипаж мүшелерi болып табылатын Тараптар мемлекеттерiнiң азаматтары Тараптардың құзыреттi органдары берген келу визалары бойынша Қазақстан Республикасы мен Куба Республикасының әуежайлары арасында әдеттегi және чартерлiк, сондай-ақ Тараптардың келiсiмi бойынша арнайы рейстер жасай алады.
8-бап
1. Теңiзшiнiң паспорты бар Қазақстан Республикасы мен Куба
Республикасының теңiз және өзен кемелерiнiң экипаж мүшелерi болып
табылатын Тараптардың азаматтары визасы болған жағдайда Тараптар
мемлекеттерiнiң аумағына келе алады, кете алады және онда уақытша бола
алады.
2. Науқастанған немесе басқа да күтпеген жағдайларда жүрiп-тұруы үшiн
көлiктің жер үстi немесе әуе кемелерiн пайдалануға мәжбүр болған
Тараптардың бiрiнiң теңiз және өзен кемелерi экипаждарының мүшелерi визасы
болған жағдайда екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағы арқылы өте алады.
III Бөлім
Туристiк сапарлар
9-бап
1. Бiр Тарап мемлекетiнiң азаматтары жарамды жол жүру құжаттары
негiзiнде және визасы болған жағдайда екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағына
туристiк сапарлар жасай алады.
2. Туристiк сапарлардың шарттарын (мерзiмiн, бағыттарын және тағысын
тағылар), сондай-ақ құжаттардың нысанын Тараптар мемлекеттерiнiң туристiк
ұйымдары белгiлейдi.
ІҮ Бөлім
Жеке iсi бойынша сапарлар
10-бап
1. Тараптар мемлекеттерiнiң азаматтары екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағында уақытша жүрген немесе тұрақты тұратын туысқандарына немесе таныстарына визасы болған жағдайда ұлттық паспорттарымен жеке iстерi бойынша сапарға шыға алады.
2. Сапар жасалатын мемлекеттiң аумағында Тараптардың құзыреттi органы
берген шақыру туралы куәлiк виза алу үшiн негіз болып табылады. Ерекше
жағдайларда шақыру туралы куәлiк сапар жасалатын мемлекеттiң аумағында
Тараптардың құзыреттi органы куәландырған шақыру-жеделхатпен алмастырылуы
мүмкiн.
11-бап
Бiр Тарап мемлекетiнiң азаматтары қабылдаушы мемлекеттiң құзыреттi
органдары берген келу визалары бойынша екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағына
тұрақты тұруға бара алады.
12-бап
Екiншi Тарап мемлекетінiң аумағында тұрақты тұратын бiр Тарап
мемлекетi азаматтарының шетелдiк сапарлары олар тұрақты тұратын елдiң
ережелерiмен реттеледi.
Ү Бөлім
Басқа да ережелер
13-бап
Тараптардың әрқайсысы екiншi Тарап мемлекетi азаматтарының өз мемлекетiнiң аумағына келуiнен бас тартуға немесе олардың болу мерзiмін қысқартуға құқылы.
Мұндай жағдайларда осы адам азаматы болып табылатын мемлекеттiң дипломатиялық немесе консулдық өкiлдiктерi дер кезiнде құлақтандырылады.
14-бап
Бiр Тарап мемлекетiнiң азаматы екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағында жол жүру құжатын жоғалтып алған немесе бүлдiрiп алған жағдайда бұл туралы жергiлiктi құзыреттi органға хабарлауы тиiс, жергiлiктi құзыреттi орган әлгi азаматқа жол жүру құжатының бүлiнгенi немесе жоғалғаны туралы оның өтiнiшiн растайтын анықтаманы тегiн бередi.
Осы адам азаматы болып табылатын мемлекеттiң дипломатиялық немесе консулдық өкiлдiгi жоғалған немесе бүлiнген құжаттың орнына оған жаңа жарамды жол құжатын бередi.
15-бап
Тараптар қажеттiлiгіне қарай ресми арналар арқылы ақпарат алмасады және осы Келiсiмнiң ережелерiн қолдануға байланысты мәселелер бойынша кеңесетiн болады.
16-бап
Тараптардың өзара келiсiмi бойынша осы Келiсiмге толықтырулар мен өзгерiстер енгiзiлуi мүмкiн, олар осы Келiсімнiң ажырамас бөлiгi болып табылатын жекелеген хаттамалармен ресiмделедi.
Осы Келiсiмнiң кез-келген бабын түсiндiруге және қолдануға қатысты
Тараптар арасындағы болуы мүмкiн кез келген дау-дамай келiссөздер мен
консультациялар арқылы шешіледi.
17-бап
Тараптардың әрқайсысы ерекше жағдайларда (жұқпалы ауру, iндет, табиғи
апат және т.б.) осы Келiсiмнiң кейбiр ережелерін қолдануды уақытша
тоқтатуы мүмкiн.
Осындай шараларды қабылдаушы Тарап мүмкiндiгiнше алдын ала, бiрақ
осындай шаралар енгiзiлгенге дейiн кем дегенде 24 сағат бұрын осындай
шаралардың қабылданғаны туралы және тиiсiнше олардың алынып тасталғаны
туралы дипломатиялық арналар арқылы екiншi Тарапқа хабарлайды.
ҮІ Бөлім
Қорытынды ережелер
18-Бап
1. Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алынған күннен бастап күшіне енеді.
2. Осы Келісім күшіне енген күннен бастап Қазақстан Республикасы мен Куба Республикасы арасындағы қарым-қатынаста КСРО Үкіметі мен Куба Республикасының Үкіметі арасындағы азаматтардың өзара сапарларының шарттары туралы 1985 жылғы 10 қаңтардағы келісім күшін жояды.
3. Осы Келісімнің ережелері Тараптар қатысушылары болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан туындайтын Тараптардың міндеттемелеріне ықпал етпейді.
4. Осы Келісім белгісіз мерзімге жасалды және Тараптардың бірі оның
қолданысын тоқтататыны туралы өзінің ниетін дипломатиялық арналар арқылы
екінші Тарапқа жазбаша хабарлаған уақытқа дейін күшінде болады. Мұндай
жағдайда екінші Тарап хабарламаны алғаннан кейінгі тоқсаныншы күні осы
Келісімнің қолданысы тоқтатылады.
__________қаласында 1999 жылғы "___"___________ екі дана болып,
әрқайсысы қазақ, испан және орыс тілдерінде жасалды және де барлық
мәтіндердің күші бірдей. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде пікір
алшақтығы туындаса Тараптар орыс тіліндегі мәтінді басшылыққа алады.
Қазақстан Республикасының Куба Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін
Оқығандар:
Омарбекова А.Т.
Қасымбеков Б.А.