Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. 2000 жылғы 7 сәуірде Баку қаласында жасалған Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк кiрiс министрлiгi мен Әзербайжан Республикасының Мемлекеттiк кеден комитетi арасындағы контрабандаға және кеден ережелерiн бұзушылықтарға, сондай-ақ қарудың, оқ-дәрiлердiң, жарылғыш заттардың, есiрткi құралдарының, психотропты заттар мен прекурсорлардың заңсыз айналымына қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісім бекітілсін.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк кiрiс министрлiгi мен Әзербайжан Республикасының Мемлекеттiк кеден комитетi арасындағы контрабандаға және кеден ережелерiн бұзушылықтарға, сондай-ақ қарудың, оқ-дәрiлердiң, жарылғыш заттардың, есiрткi құралдарының, психотропты заттар мен прекурсорлардың заңсыз айналымына қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы
КЕЛIСIМ
Бұдан әрi Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк кiрiс министрлiгi мен Әзербайжан Республикасының Мемлекеттiк кеден комитетi,
қару оқ-дәрiлер, жарылғыш заттар, есiрткi құралдары, психотропты заттар мен прекурсорлар контрабандасын болдырмау, тергеу және олардың жолын кесу жөнiндегi iс-әрекеттердi жандандыру мақсатында,
Қазақстан Республикасының Yкiметi мен Әзербайжан Республикасы Yкiметiнiң арасындағы Кеден iстерiндегі ынтымақтастық туралы 1997 жылғы 10 маусымдағы келiсiмнiң ережелерiн жүзеге асыру мақсатында,
осы саладағы ынтымақтастықты дамытуға ұмтыла отырып,
төмендегiлер туралы келiсті:
Қазақстан тарабынан осы Келiсiмнiң ережелерiн жүзеге асыру жөнiндегi уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк кiрiс министрлiгi Кеден комитетi болып табылады.
Әзербайжан тарабынан осы Келiсiмнiң ережелерiн жүзеге асыру жөнiндегi уәкiлеттi орган Әзербайжан Республикасының Мемлекеттiк кеден комитетi болып табылады.
Жоғарыда аталған уәкiлеттi органдардың аталуы немесе функциялары өзгерген кезде Тараптарға дипломатиялық арналар бойынша уақытылы хабарланатын болады.
Тараптар жүк және жолаушылар қатынастарындағы және почталық айырбастағы кедендiк бақылауды жандандыруға, сондай-ақ көлiк құралдарының, жүктiң, жолжүгiнiң, почталық жөнелтiмдердiң, валютаның басқа төлем құралдарының және валюталық құндылықтардың заңсыз әкелiнуiн, әкетiлуiн және транзитiн ескертуге, Тараптар мемлекеттерiнiң экономикалық және басқа мүдделерiне келетiн нұқсанды болдырмауға бағытталған барлық қажеттi шараларды қабылдайтын болады.
Тараптар осы Келiсiмнiң негізiнде, өз құзыреттерiнiң шегiнде және тараптар мемлекеттерiнiң ұлттық заңдарын сақтай отырып бiр-бiрiмен ынтымақтастықты жүзеге асыратын болады:
а) қолданылып жүрген кеден заңдары туралы ақпарат;
б) контрабандаға және кеден ережелерiн бұзуға қарсы күрес, қарудың оқ-дәрiлердiң, жарылғыш заттардың, есiрткi құралдарының, жүйкеге әсер ететiн заттардың және прекурсорлардың контрабандасы мен заңсыз саудасын болдырмау, оларды тергеу және жолын кесу жөнiндегi iс-әрекеттерiн жандандыру әдiстерi туралы ақпарат;
в) бақылаудың техникалық құралдарын пайдалану, кинология қызметтерi жұмысының тәжiрибесi;
г) қару мен есiрткi құралдарының, жүйкеге әсер ететiн заттардың және прекурсорлардың заңсыз айналымына қарсы күрес әдiстерiн үйрету мақсатында мамандар;
д) қару мен есiрткi құралдарының, жүйкеге әсер ететiн заттардың және прекурсорлардың контрабандасына және заңсыз айналымына қарсы күрес мәселелерi жөнiндегі ғылым жарияланымдар мен оқу құралдары;
е) есiрткi құралдары, жүйкеге әсер ететiн заттар мен прекурсорлардың жаңа түрлерi мен оларды өндiру орындары, оларды заңсыз тасымалдау бағыттары және оларды жасыру әдiстерi туралы ақпарат;
ж) есiрткi құралдары, жүйкеге әсер ететiн заттар мен прекурсорларды сәйкестендiру және зертханалық анализ саласындағы ақпарат;
з) түрлi елдер мен аймақтардағы қару мен есiрткi құралдарына, жүйкеге әсер ететiн заттарына және прекурсорларға бағаның өзгеруi туралы ақпарат;
и) есiрткi құралдарының, жүйкеге әсер ететiн заттардың және прекурсорлардың синтезi үшiн қолданылатын бастапқы химикаттар туралы ақпарат;
к) қарудың, оқ-дәрiлердiң, жарылғыш заттардың, есiрткi құралдарының, жүйкеге әсер ететiн заттардың және прекурсорлардың заңсыз тасымалдану бағыттары мен оларды жасыру тәсiлдерi туралы ақпарат алмасатын болады.
Тараптардың әрқайсысының бастамасымен немесе келесi Тараптың сұрау салуы бойынша:
а) қарудың, есiрткi құралдарының, жүйкеге әсер ететiн заттардың және прекурсорлардың контрабандасымен немесе заңсыз саудасымен айналысатын немесе оған күдiктелетiн тұлғалар туралы;
б) контрабанданы тасымалдауда пайдаланылатын көлiк құралдары, жүктер мен пошталық жөнелтiмдер туралы;
в) контрабанда заттарын және анықтау бiр Тарап аумағынан екiншi Тарап аумағына есiрткi құралдарын заңсыз өткiзу фактiлерi туралы жедел деректер бередi.
Тараптармен беретiн ауызша, сондай-ақ жазбаша түрдегi ақпарат құпия болып саналады және тек осы Келiсiмдi орындау мақсаттарында ғана пайдаланылады.
Тараптар осы Келiсiмнiң ережелерiне сәйкес алынған мәлiметтердi осы ақпарат алынған Тараптың жазбаша келiсiмiнсiз үшiншi тарапқа бермеуге мiндеттеледi.
Тараптар арасындағы ынтымақтастық мәселелерi жөнiндегi сұрау салуларда: сұрау салушы органның атауы, сұрау салынатын органның атауы, сұрау салуды жiберуге байланысты мәселе мән-жайының қысқаша сипаттамасы, сұрау салудың тақырыбы және оны орындауда қажеттi мәлiметтер көрсетiледi. Тараптар бiр-бiрiне сұрау салуларды жазбаша түрде жiбередi. Сұрау салуларға сұрау салушы органдардың басшылары қол қояды және елтаңбалық мөрмен қуатталады.
Кейiнге қалдыруға болмайтын жағдайда сұрау салулар артынша жазбаша растаумен телеграф, телетайп немесе факстық байланыс арналары бойынша жiберiледi. Сұрау салулар алынған күннен бастап бiр айдан кешiктiрiлмей орындалады. Сұрау салуларды басқа ведомстволар мен мекемелерге жiберген жағдайда, сондай-ақ оларды орындауға кедергі жасайтын жағдайлар туралы сұрау салушы органға дереу хабарланады.
Егер Тараптардың бiреуiнiң екiншi Тарапқа жiберген сұрау салуы (осы Келiсiмнiң 4, 5, 6 тармақтарына сәйкес) екiншi Тарап мемлекетiнiң егемендiгiне және ұлттық қауiпсiздiгiне нұқсан келтiретiн болса, негiздемелерi мен уәждерiн көрсете отырып, өтiнiштi орындаудан бас тарта алады.
Тараптар мемлекеттерiнiң ұлттық заңдарының негізiнде және өзара келiсiм бойынша кедендiк қызметтерi қажет болған кездерде, олардың заңсыз айналымына қатысы бар тұлғаларды анықтау мақсатында есірткі құралдарының, жүйкеге әсер ететiн заттардың және прекурсорлардың бақыланатын жеткiзілiм әдiсiн пайдаланады.
Бақыланатын жеткiзiлiм әдiсiн пайдалану туралы шешiмдердi Тараптар әрбiр жекелеген жағдайда қабылдайды және қажет болғанда Тараптардың қол жеткiзген қаржылық уағдаластықтары назарға алынады.
Егер Тараптардың бiрi екiншi Тарап лауазымды тұлғасының контрабанда немесе кедендiк ережелердi бұзу фактiлерi бойынша куә немесе сарапшы ретiнде қатысуына мүдделi болса, оның екiншi Тарапқа тиiстi сұрау салу арқылы өтiнiш жасауға құқылы.
Мұндай сұрау салуды қанағаттандыру осы Келiсiмнiң 4, 5, 6 баптарымен реттеледi.
Тараптардың бiреуiнiң лауазымды тұлғаларында келесi Тарап мемлекетiнiң аумағында болған кездерiнде өздерiнiң ресми өкiлдiктерiнiң құжаттық растамасы болуы тиiс.
Осы Келiсiмдi түсiндiруге және орындауға байланысты туындаған барлық даулы мәселелер Тараптар арасындағы консультациялар және келiссөздер арқылы шешiлетiн болады.
Осы Келiсiмге Тараптардың өзара келiсiмi бойынша осы Келiсiмнiң ажырамас бөлiгi болып табылатын хаттамалар түрiнде ресiмделетiн өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлуi мүмкiн.
Тараптар арасындағы хат хабар орыс тiлiнде жүргiзiлетiн болады.
Тараптар, мамандардың жолсапарымен байланысты шығыстарды қоспағанда, осы Келiсiмдi орындауға байланысты туындаған шығыстардың орнын толтырудан бас тартады.
Осы Келiсiмнiң ережелерi Тараптардың басқа халықаралық шарттарға сәйкес қабылдаған мiндеттемелерiне ықпал етпейдi.
Осы Келiсiм күшiне енгеннен кейiн Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi мен Әзербайжан Республикасы Кеден комитетiнiң арасындағы Контрабандамен және кеден ережелерiн бұзушылықпен күрестегі ынтымақтастық туралы 1993 жылғы ақпандағы келісім өз қолданысын тоқтатады.
Осы Келісім бес жылдық мерзімге жасалады және Келісімнің күшіне енуін қамтамасыз ететін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы бір-біріне дипломатиялық арналар бойынша хабарлағаннан кейін күшіне енеді. Тараптардың бірде-бірі осы Келісім қолданысының тиісті мерзімі өтерден алты ай бұрын оның қолданысын тоқтату ниеті туралы екінші Тарапқа жазбаша нысанда мәлімдемесе, ол келесі 5 жылға өздігінен ұзартылады және күшінде қала беретін болады.
Баку қаласында 2000 жылғы 7 сәуірде қазақ, әзербайжан және орыс тілдерінде жасалды және де барлық мәтіннің күші бірдей.
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде пікір алшақтықтары туындаған жағдайда, орыс тіліндегі мәтін пайдаланылатын болады.
Қазақстан Республикасының Әзербайжан Республикасының
Мемлекеттік кіріс министрлігі Мемлекеттік кеден комитеті
үшін үшін