Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
"Мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерінің өндірісін және айналымын
мемлекеттік реттеу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан
Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Жоба
Қазақстан Республикасының Заңы
Мұнай өнiмдерiнiң жекелеген түрлерiнiң өндiрiсiн және
айналымын мемлекеттiк реттеу туралы
Осы заң мұнай өнiмдерiнің жекелеген түрлерiнiң өндiрiсi және айналымы
саласындағы мемлекеттiк саясаттың негізiн белгiлейдi.
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Осы заңда қолданылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңның мақсаттары үшiн мынадай ұғымдар мен терминдер қолданылады:
1) "автомобиль жанар-жағар май құю станциясы" - көлiк құралдарына жанар май құю үшiн мұнай өнiмдерiн босатуды қамтамасыз ететiн жабдықтармен жарақтандырылған, сондай-ақ автомобиль жанар-жағар май құю станциясын пайдалану жөніндегi қызметке қойылатын мемлекеттiк стандарттар талаптарына және өзге де нормативтiк-техникалық талаптарға сай келетiн технологиялық кешен;
2) "бензин фракциясы" - тауарлық автомобильдiк бензиндерге арналып заңнамамен белгiленiп бекiтiлген стандарттарының мәндерiнен төмен октандық сандағы бензиннің құрамдас бөлiгі;
3) "дерекқор" - осы заңмен және өзге де нормативтiк-құқықтық кесiмдермен көзделiнген тәртiпте қалыптастырылатын мұнай өнiмдерiнің өндiрiсi және айналымы жөнiндегі дерекқор;
4) "компаундирлеу" - белгіленген сападағы тауарлық бензин алу үшiн бензиннiң екi немесе бiрнеше компоненттерiн араластыру;
5) "мұнай өнiмдерiн өндiрудiң ең аз көлемi" - мұнай өңдеу кәсiпорны ай сайынғы және жылдық орындау кестесiне сәйкес күнтiзбелiк жыл ішінде қайта өңдеуi тиiс мұнай немесе газ конденсатының кем емес көлемi;
6) "мұнай өнiмдерiнiң айналымы" - мұнай өнiмдерiн сақтау және сату (экспорттық-импорттық операцияларды қоса алғанда);
7) "өндiрiс төлқұжаты" - мұнай өңдеу кәсiпорнының негізгі сипаттамасын көздейтін белгіленген үлгідегі құжаты;
8) "автомобиль жанар-жағар май құю станциясының төлқұжаты" - автомобиль жанар-жағар май құю станциясының негізгі сипаттамасын қамтитын белгіленген үлгідегі құжат;
9) "сақтау қоймасының төлқұжаты" - мұнай өнімдерін сақтау қоймасының негізгі сипаттамасын қамтитын белгіленген үлгідегі құжат;
10) "мұнай өнімдерінің өндірісі" - мемлекеттік стандарттардың талаптарына сәйкес мұнай өнімдерін өндіруді қамтамасыз ететін жабдықтармен жарақтандырылған шикі мұнайды немесе газ конденсатын қайта өңдеу жөніндегі технологиялық кешен;
11) "мұнай өнімдерін сату" - экспорттық-импорттық операцияларды және автомобиль жанар-жағар май құю станцияларын пайдалану арқылы мұнай өнімдерін босатуды қоса алғанда сатып алу-сату, айырбастау, қайтарымсыз беру;
12) "мұнай өнімдерін сақтау қоймасы" - нормативтік-техникалық талаптарға сай келетін арнайы жабдықтармен жарақтандырылған мұнай өнімдерін қабылдауға, уақытша сақтауға және босатуға арналған жалпы пайдаланудағы тауарлық қойма;
13) "мұнай өнімдерінің қоймалық ғимараты" - мұнай өнімдерін сақтау үшін нормативтік-техникалық талаптарға сәйкес жабдықтармен арнайы жарақтандырылған және мұнай өнімдерін өндіру немесе автомобиль жанар-жағар май құю станциясын пайдалану технологиялық процесінде ажырағысыз элемент болып табылатын ғимарат;
14) "технологиялық регламент" - қолда бар жабдықтарды пайдалануды және технологиялық процесті сақтауды реттейтін мұнай өңдеу кәсіпорнының технологиялық құжаты;
15) "мұнай өнімдерін сақтау" - мұнай өнімдерін сақтау қоймаларында мұнай өнімдерін сақтау бойынша қызметтерді жүзеге асыру жөніндегі кәсіпкерлік қызмет түрі;
16) "автомобиль жанар-жағар май құю станцияларын пайдалану" - автомобиль жанар-жағар май станциялары арқылы көлік құралдарына жанар-жағар май құю үшін мұнай өнімдерін босату жөніндегі қызмет.
2-бап. Осы Заңның мақсаттары
Осы Заңның мақсаттары:
1) Қазақстан Республикасында ішкі рынокты қорғау және мұнай өнімдерін өндіруді дамытуға жәрдемдесу жағдайларын жетілдіру үшін мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерінің өндірісін және айналымын мемлекеттік реттеу;
2) мұнай өнімдерінің өндірісін және айналымын мемлекеттік есепке алуды құқықтық қамтамасыз ету;
3) мұнай өнiмдерiнiң өндiрiсiн және айналымын реттеу саласында мемлекеттiк органдардың құзыретiн айқындау болып табылады.
3-бап. Осы заңның қолданылу аясы
1. Осы бап осы Заңның 2-тармағында келтiрiлген мұнай өнімдерiнiң жекелеген түрлерiнiң өндiрiсi және айналымы кезiнде, соның iшiнде және Қазақстан Республикасының аумағында көлiктiң барлық түрлерiмен тасымалдау кезiнде пайда болатын қатынастарды реттейдi.
2. Осы заңмен реттелетiн және бұдан әрi "мұнай өнiмдерi" деп аталатын мұнай өнiмдерiнiң жекелеген түрлерiне: уайт-спирт, бензин, керосин, вакуумдық газойл, дизель отыны, мұнай коксы, мазут, пештiк отын, битум жатқызылады.
4-бап. Қазақстан Республикасының мұнай өнiмдерiнің
өндiрiсiн және айналымын мемлекеттiк реттеу жөнiндегі заңнамасы
Қазақстан Республикасының мұнай өнiмдерінің өндiрiсiн және айналымын мемлекеттiк реттеу жөнiндегi заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделедi және осы Заңның нормалары мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық кесiмдерiнен тұрады.
5-бап. Мұнай өнiмдерiнiң өндiрiсi және айналымын
мемлекеттік реттеу
Мұнай өнiмдерiнiң өндiрiсiн және айналымын мемлекеттiк реттеу:
1) мұнай өнiмдерiн өндiру, сақтау, тасымалдау және автомобиль
жанар-жағар май құю станцияларын пайдалану жөнiндегi қызмет түрлерiн
лицензиялауды;
2) мұнайды (газ конденсатын) қайта өңдеудiң ең аз көлемiн белгiлеудi;
3) өндiрiстiң ең аз көлемiн қамтамасыз ету бойынша мұнай өңдеу
кәсiпорындарының қызметiн үйлестiрудi;
4) мұнай өнiмдерiнiң экспорты мен импортын реттеудi;
5) мұнай өнiмдерiнiң өндiрiсi және айналымы саласында мемлекеттік
есеп жүргізуді ұйымдастыруды және жүзеге асыруды;
6) заңнамада белгіленген тәртiппен жүзеге асырылатын шикi мұнайды
қайта өңдеу жөнiндегi қызмет көрсетулерге тарифтердi бекiтудi;
7) мұнай өнiмдерiнiң сапасына мемлекеттiк бақылауды ұйымдастыруды
қамтиды.
6-бап. Мұнай өнiмдерінің өндірiсi және айналымын реттеудің
мемлекеттік жүйесі
1. Мұнай өнiмдерiнiң өндiрiсiн және айналымын мемлекеттiк реттеудi Қазақстан Республикасының Yкiметi мен мұнай өнімдерінің өндiрiсiн және айналымын реттеу жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган (уәкiлеттi мемлекеттiк орган) жүзеге асырады.
2. Өзге мемлекеттік органдар мұнай өнiмдерi өндiрісiнің және (немесе) айналымының жекелеген мәселелерiн бұл органдардың осы Заңмен және Қазақстан Республикасының өзге де заң кесiмдерiнде бекiтiлген құзыретi шегiнде реттеуге құқылы.
2-тарау. Мұнай өнiмдерінің өндiрiсi және айналымын реттеу
жөнiндегi мемлекеттiк органдардың құзыретi
7-бап. Қазақстан Республикасы Yкiметінiң құзыретi
Қазақстан Республикасының Yкiметi:
1) мұнай өңдеу саласын және мұнай өнiмдерi айналымын дамытудың мемлекеттiк саясатын белгiлейдi;
2) мұнай өнiмдерiн өндiрудiң ең аз көлемiн белгілейдi;
3) осы Заңмен және өзге де заң кесiмдерiмен бекiтiлген құзыретi шектерiнде мұнай өнiмдерiнiң өндiрiсiн және айналымын мемлекеттiк реттеу саласында нормативтiк құқықтық кесiмдер қабылдайды;
4) Қазақстан Республикасының заң кесімдерiмен көзделiнген жағдайларда мұнай өнiмдерiнiң Қазақстан Республикасына әкелiнуiне арналған және Қазақстан Республикасынан әкетiлуiне арналған шектеулер мен тыйым салуларды белгiлейдi;
5) уәкiлетті мемлекеттiк органды белгілейдi.
8-бап. Уәкiлеттi мемлекеттiк органның құзыретi
Уәкiлеттi мемлекеттiк орган:
1) өзiнiң құзыретi шектерiнде мұнай өнiмдерiнiң өндiрiсiн және айналымын реттеу жөнiндегi нормативтiк-құқықтық кесiмдер шығарады;
2) мұнай өнiмдерiн өндiрудi, сақтауды, сондай-ақ автомобиль жанар-жағар май құю станциясын пайдалануды жүзеге асырушы тұлғаларға бiлiктiлiк талаптарды әзiрлейдi;
3) мұнай өңдеу кәсiпорындарының технологиялық регламентiн нысан, мазмұн және тәртiп бойынша жүргізу талаптарын белгiлейдi;
4) өндiрiстiң көлемі туралы мәлiмет және (немесе) мұнай өнімдерi айналымының және мұнай өнiмдерi өндiрiсiн және (немесе) айналымын жүзеге асырушы тұлғалардың дерекқорына қажеттi басқа да ақпараттарды берудің нысанын, мазмұнын, тәртiбiн және мерзiмдерiн белгiлейдi;
5) мүдделi мемлекеттік органдармен келiсiм бойынша мұнай өнiмдерiнiң экспорты мен импортына квоталардың экономикалық негіздемесiн әзiрлейдi;
6) мүдделi мемлекеттiк органдармен келiсiм бойынша қорғау, демпингке қарсы және өтемақылық баждардың экономикалық негіздемесiн әзiрлейдi;
7) дерекқорды жүргізудi жүзеге асырады;
8) өндiрiс төлқұжатының, автомобиль жанар-жағар май құю станциясы
төлқұжатының, мұнай өнiмдерін сақтау қоймасы төлқұжатының нысаны мен
мазмұнын белгiлейдi;
9) басқа да құзыреттi мемлекеттiк органдармен бiрлесiп мұнай өнiмдерi
өндiрiсiнiң және айналымының технологиялық процестерiне қауiпсiздiк
талаптарының сақталуын бақылауды, сондай-ақ шығарылатын мұнай өнімдерiнiң
сапасына бақылауды жүзеге асырады;
10) мұнай өңдеу кәсiпорындарында жөндеу және қалпына келтiру
жұмыстарын жүргізудiң өндiрiстiк төлқұжатында көрсетiлген мерзiмдерiн
сақталуын келiсудi және бақылауды жүзеге асырады;
11) өзге де құзыреттi мемлекеттiк органдармен бiрлесiп мұнай
өнiмдерiн сақтауға қойылатын талаптардың сақталуына бақылауды жүзеге
асырады.
3-тарау. Мұнай өнiмдерінің өндірiсi және айналымы
саласындағы қызмет пен есептiң жекелеген түрлерін
мемлекеттiк реттеу
9-бап. Мұнай өнiмдерiн өндіруді реттеу
1. Мұнай өнiмдерiн өндiрудi реттеу мұнай өнiмдерi өндiрiсiн лицензиялау, мұнай өнiмдерiн өндiрудiң ең аз көлемiн белгілеу, мiндеттi түрде өндiрiстiң төлқұжатын және өндiрiстiң техникалық регламентiн жүргізудi белгiлеу, өндiрiлетiн өнiмнiң сапасын мемлекеттiк бақылау, заңнамаларға сәйкес шикi мұнайды қайта өңдеу жөнiнде қызмет көрсетуге тарифтi бекiту жолымен жүзеге асырылады.
2. Өндiрудiң ең аз көлемi әрбiр жеке мұнай өңдеушi кәсiпорын үшiн тиiстi күнтiзбелiк жылға Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң қаулысымен жыл сайын уәкілетті мемлекеттiк органның мұнай өнiмдерiнiң өндiрiсi және айналымы жөніндегi дерекқор мәлiметтерiне сәйкес әзiрленген ұсыныстарының негізінде белгiленедi.
3. Уәкiлеттi мемлекеттiк орган өндiрудiң белгіленген ең аз көлемнiң негiзiнде өндiрудің ең аз көлемiн орындаудың ай сайынғы және жылдық кестелерiн әзiрлейдi және мұнай өндiрушi кәсiпорынға жеткiзедi.
4. Өндiрудiң ең аз көлемiн орындаудың ай сайынғы және жылдық кестелерiн әзірлеу кезiнде, мұнай өңдеу кәсiпорындарының технологиялық регламентке және жабдықтарға ағымдық және күрделi жөндеу жүргiзу, өндiрiстi қайта жаңғырту жоспарларына сәйкес жоспарлы тоқтатулар ескерiлуi тиiс.
5. Мұнай өңдеу кәсiпорындары өндiрудiң ай сайынғы кестесiмен белгiленген айлық көлемiн мерзiмнен бұрын орындауға және (немесе) асыруға құқығы бар. Бұл ретте өндiрудiң белгiленген айлық көлемiнен асу мұнай өңдеу кәсiпорындарының мiндеттеменi орындау жөнiндегi осының алдындағы есептi айларда құралған қарыздарын өтеуге есептеледi, бiрақ мұнай өңдеу кәсiпорындарының жылдық кестеге сәйкес өндiрудiң келесi айының айлық көлемiн орындау есебiнен алынбайды.
10-бап. Мұнай өнiмдерінің өндiрiсi және айналымы
саласындағы лицензиялау
Мұнай өнiмдерiн өндiру және сақтау, сондай-ақ автомобиль жанар-жағар май құю станцияларын пайдалану Қазақстан Республикасының Лицензиялау туралы заңына сәйкес лицензиялауға жатады.
11-бап. Мұнай өнімдерін сақтауды реттеу
1. Мұнай өнiмдерiн сақтауды реттеу мұнай өнiмдерiн сақтау қоймаларында сақтау жөнiндегi қызмет көрсетулер бойынша қызметтi лицензиялау, мiндеттi түрде сақтау қоймасының төлқұжатын жүргiзудi, мұнайды сақтау жөніндегi қызмет көрсетулердің сапасын бақылауды белгілеу жолымен жүзеге асырылады.
2. Осы Заңға сәйкес:
1) мұнай өңдеу кәсіпорындарының өзіндік немесе алыс-беріс шикізатынан олар өндірген мұнай өнімдері, сондай-ақ мұнай өнiмдерi өндiрісінің технологиялық процесiнің бөлiнбейтiн элементi болып табылатын және өндiрiс төлқұжатымен және (немесе) осы мұнай өңдеу кәсiпорынының технологиялық регламентiмен көзделген шикiзаты қойма ғимараттарында бұдан әрi қайта өңдеу үшiн орналастыруы;
2) автомобиль жанар-жағар май құю станцияларының мұнай өнiмдерiн автомобиль жанар-жағар май құю станцияларының технологиялық процесiнiң бөлінбейтiн элементi болып табылатын және автомобиль жанар-жағар май құю станцияларының төлқұжатымен көзделген меншiктi қоймалық ғимараттарына орналастыруы мұнай өнiмдерiн сақтауға жатқызылмайды;
3. Мұнай өңдеу кәсiпорындары осы мұнай өңдеу кәсiпорны өндiрiсiнiң төлқұжатымен және (немесе) осы мұнай өңдеу кәсіпорынының технологиялық регламентiмен көзделген қойма ғимараттарында осы мұнай өңдеу кәсiпорнында одан әрi өңдеу шикiзаты болып саналмайтын үшiншi тұлғаға жататын мұнай өнімдерін сақтауға арналған тиiстi лицензия алмайынша мұнай өнімдерін сақтау үшін қабылдауға құқығы жоқ.
4. Автомобиль жанар-жағар май құю станциялары, олардың арасындағы жасалған шартқа сәйкес белгiлi бiр тұлғаның көлiк құралдарына жанар-жағар май құю бойынша қызмет көрсету жағдайларын қоспағанда, автомобиль жанар-жағар май құю станцияларын пайдалану технологиялық процесiнiң бөлiнбейтiн элементі болып табылатын қойма ғимараттарында мұнай өнiмдерiн сақтауға тиiстi лицензия алмай тұрып, үшiншi тұлғаның мұнай өнiмдерiн сақтауға құқығы жоқ.
12-бап. Жанар-жағар май құю станцияларының қызметін реттеу
1. Автомобиль жанар-жағар май құю станцияларының қызметiн реттеу жанар-жағар май станцияларын пайдалануды лицензиялау, мiндеттi түрде жанар-жағар май құю станцияларының төлқұжатын енгізу, көлiк құралдарына жанар-жағар май құю жөнiнде қызмет көрсетулердiң сапасын бақылауды белгілеу жолымен жүзеге асырылады.
2. Автомобиль жанар-жағар май құю станцияларын пайдалануды жүзеге асырушы тұлғалар жанар-жағар май құю үшiн меншiктi көлiк құралдарына да, үшiншi тұлғаларға жататын көлiк құралдарына да, соның ішiнде үшiншi тұлғаларға жататын мұнай өнiмдерiнiң есебiнен көлiк құралдарына жанар-жағар май құю жөнінде қызмет көрсетуге жасалған шарттың негiзiнде, мұнай өнiмдерiн босатуға құқылы.
3. Автомобиль жанар-жағар май құю станцияларының технологиялық жабдығына автомобиль жанар-жағар май құю станциясының төлқұжатында көрсетілуі тиіс автомобиль жанар-жағар май құю станцияларының мұнай өнімдерін орналастыру үшін қоймалық құрылыстары ажыратылмас элемент ретінде кіреді.
4. Мұнай өнімдерін өндіруді және (немесе) сақтауды жүзеге асырушы тұлғалар жанар-жағар май құю станцияларын пайдалануға арналған тиісті лицензия алусыз жанар-жағар май құюшылық қызмет көрсетулерді жасауға құқығы жоқ.
13-бап. Мұнай өнімдерін тасымалдауды реттеу
1. Мұнай өнімдерін тасымалдауды реттеу мұнай өнімдерін тасымалдау жөніндегі қызметті лицензиялау, мұнай өнімдерін тасымалдауға қойылатын талаптардың орындалуы үшін бақылау жолымен жүзеге асырылады.
2. Мұнай өнімдерін тасымалдау жөніндегі қызметті лицензиялау көліктің барлық түрлерімен қауіпті жүктерді тасымалдауды лицензиялау жөніндегі арнайы заңнамаға сәйкес жүзеге асырылады.
3. Мұнай өнімдерін тасымалдауға қойылатын талаптардың орындалуы үшін бақылауды көліктің барлық түрлерімен қауіпті жүктерді тасымалдау саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын құзыретті орган жүзеге асырады.
14-бап. Мұнай өнімдерінің экспорты мен импортын реттеу
Мұнай өнімдерінің экспорты мен импортын реттеу Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген тәртіпте және жағдайларда мұнай өнімдерінің экспорты мен импортына арналған акциздердің төлем мөлшерін, кедендік, қорғау, демпингке қарсы және өтемақылық баждарды өзгерту (тағайындау) жолымен жүзеге асырылады.
15-бап. Мұнай өнімдерінің өндірісі және айналымы саласындағы
мемлекеттік есеп
1. Мұнай өнімдерінің өндірісі және айналымы саласындағы мемлекеттік есеп мұнай өнімдерінің өндірісі мен айналымының көлемдері туралы деректерді уәкілетті мемлекеттік органға беру және уәкілетті мемлекеттік органның дерекқорын жүргізу негізінде жүзеге асырылады.
2. Мұнай өнімдерінің өндірісін және (немесе) айналымын жүзеге асырушы тұлғалар уәкілетті мемлекеттік органның нормативтік-құқықтық кесімдеріне сәйкес мұнай өнімдері өндірісінің және (немесе) айналымының көлемдері туралы мәліметтер мен өзге де ақпаратты уәкілетті мемлекеттік органға беруге міндетті.
3. Өзге мемлекеттiк органдар дерекқорына Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлеген тәртiп пен шарттарда деректер беруi тиiс.
4-тарау. Өзге де ережелер
16-бап. Бензин мен дизельдiк отын өндiру бойынша
шектеулер
1. Мұнай өнiмдерiн өндiруге лицензиясы жоқ кәсiпорындарда:
1) октандық санын арттыру мақсатында тауарлық бензиндердi компаундирлеуге және тұнбалар мен қоспаларды енгізуге;
2) тауарлық бензин алу мақсатында төменгi октандық бензиндiк фракцияларды компаундирлеу және оларға тұнбалар мен қоспалар қосуға;
3) дизельдiк отынға тұнбалар мен қоспалар қосуға тыйым салынады.
2. Қазақстан Республикасының аумағында бензиндiк фракцияны, сондай-ақ мемлекеттiк стандарттарға және техникалық шарттарға сай келмейтiн бензин мен дизельдiк отынды сатуға жол берiлмейдi.
3. Осы баптың 2-тармағында белгiленген шектеулер:
1) мемлекеттiк стандарттарға және техникалық шарттарға сай келмейтiн бензиндiк фракцияны, бензин мен дизельдiк отынды экспортқа немесе оларды мұнай өңдеу зауыттарында және оларды меншiктi өндiрiсте пайдаланатын басқа да кәсіпорындарда одан әрi қайта өңдеу үшiн сату кезiнде;
2) мемлекеттік стандарттарға және техникалық шарттарға сай келмейтiн бензиндiк фракцияны, бензин мен дизельдiк отынды оларды экспортқа немесе мұнай өңдеу кәсiпорындарында және оларды меншiктi өндiрiсте пайдаланатын басқа да кәсiпорындарда одан әрi қайта өңдеу мақсатында мұнай өнiмдерiн
сақтау қоймаларында орналастыру кезiнде таратылмайды.
17-бап. Мұнай өнiмдерi өндiрiсiнiң және айналымының
ережелерi мен шарттарын бұзғандық үшiн жауапкершiлік
Мұнай өнiмдерiнiң өндiрiсi мен айналымы жөнiндегi қызметтi жүзеге
асырушы тұлғалар осы Заңның ережелерiн бұзғандығы үшiн Қазақстан
Республикасының заңнамалық кесiмдерiмен белгiленген жауапкершiлiкте болады.
18-бап. Ауыспалы ережелер
Осы Заң жарияланған күнінен бастап үш ай өткен соң күшіне енеді.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Мамандар:
Багарова Ж.А.
Қасымбеков Б.А.