Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
"Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі туралы" Қазақстан
Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті
Мәжілісінің қарауына енгізілсін.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Жоба
Қазақстан Республикасының Заңы
Қазақстан Республикасының
дипломатиялық қызметі туралы
Осы Заң Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметтiң құқықтық негiздерiн, сондай-ақ оның қызметiн ұйымдастыру тәртiбiн анықтайды.
1 тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Негізгі ұғымдар
1. Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметi - Қазақстан Республикасының заңнамасы мен халықаралық шарттарына сәйкес жүзеге асырылатын Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі органдарындағы Қазақстан Республикасы азаматтарының кәсiби қызметi.
2. Қазақстан Республикасының консулдық қызметі - халықаралық құқық жол беретін шектерде мемлекеттің, Қазақстан Республикасының заңды тұлғалары мен азаматтарының құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған, сондай-ақ Қазақстан Республикасының басқа мемлекеттермен достық қарым-қатынастарын дамытуға, экономикалық, сауда-саттық, ғылыми-техникалық, гуманитарлық-мәдени байланыстарды кеңейтуге және туризмді дамытуға ықпал ететін дипломатиялық қызметтің бөлігі.
3. Дипломатиялық қызмет органдарында штаттық дипломатиялық лауазымдар берілген мемлекеттік қызметкерлер дипломатиялық жұмыстың қызметкерлері болып табылады.
4. Дипломатиялық қызмет органдарында штаттық әкімшілік-техникалық лауазымдар берілген мемлекеттік қызметкерлер дипломатиялық қызметтің қызметшілеріне жатады.
5. Дипломатиялық жұмыстың қызметкерлері мен қызметшілері дипломатиялық қызметтің персоналын құрайды.
6. Ротация Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлiгінен (бұдан әрі - Сыртқы істер министрлігі) шетелдік мекемелерге және шетелдік мекемелерден Сыртқы істер министрлігіне, сондай-ақ Сыртқы iстер министрлiгiнiң құрылымдық бөлімшелерінің арасында дипломатиялық қызмет персоналының қызмет ауыстыруын білдіреді.
7. Шетелдік мекемелер - Қазақстан Республикасының шетелдегі дипломатиялық өкілдіктері, консулдық мекемелері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық ұйымдар жанындағы өкілдіктері.
2-бап. Дипломатиялық қызметті атқарудың құқықтық негiзi
Қазақстан Республикасының Конституциясы, осы Заң, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары, сондай-ақ "Мемлекеттiк қызмет туралы" Қазақстан Республикасының Z990453_ Заңы және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерi Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметін атқарудың құқықтық негізін құрайды.
3-бап. Дипломатиялық қызмет органдарының мәртебесі
Қазақстан Республикасының сыртқы саяси қызметiн жүзеге асыратын мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасы дипломатиялық қызметінің органдары (бұдан әрі - дипломатиялық қызмет органдары) болып табылады.
Дипломатиялық қызмет органдарының Сыртқы iстер министрлігінің ұсынуымен Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін рәміздері болады.
4-бап. Осы Заңның қолданысы
Дипломаттық дәрежелерді беруге, әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерге және дипломатиялық жұмыс стажын есептеуге қатысты бөлігінде осы Заңның күші халықаралық ұйымдарда жұмыс істеуге іссапарға жіберілген, Қазақстан Республикасының, басқа да елдердің жоғары оқу орындарына, аспирантурасына, докторантурасына және ғылыми мекемелеріне Сыртқы істер министрлігі уақытша жіберген дипломатиялық жұмыстың қызметкерлеріне де қолданылады.
5-бап. Дипломатиялық қызмет органдарының бірыңғай жүйесi
Дипломатиялық қызметтің бiрыңғай жүйесiн Сыртқы iстер министрлiгi, оның ведомстволары, шетелдік мекемелерi, сондай-ақ Сыртқы iстер министрлiгiнiң қызметiн қамтамасыз ету үшiн құрылған ведомстволық бағыныстағы ұйымдар, Сыртқы iстер министрлiгiнiң қарауына жататын оқу орындары құрайды.
Дипломатиялық қызмет органдарының бірыңғай жүйесін Сыртқы істер министрлігі басқарады.
6-бап. Дипломатиялық қызмет органдарының мiндеттерi
Дипломатиялық қызмет органдарына мынадай мiндеттер жүктеледi:
1) Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының тұжырымдамасы мен негiзгi бағыттарын әзiрлеу және тиісті ұсыныстарды Қазақстан Республикасының Президентi мен Қазақстан Республикасының Үкiметiне ұсыну;
2) Қазақстан Республикасының сыртқы саяси және сыртқы экономикалық стратегиясы жөнiндегі ұсыныстарды Қазақстан Республикасының Президентi үшін әзірлеу және Президенттің халықаралық бастамаларын жүзеге асыру;
3) Қазақстан Республикасының сыртқы саяси бағытын iске асыру, Қазақстан Республикасының сыртқы экономикалық саясатының іске асуына және халықаралық беделінің нығаюына ықпал ету;
4) Қазақстан Республикасының егемендiгiн, қауiпсiздiгiн, аумақтық тұтастығын және шекараларының мызғымастығын, оның басқа мемлекеттермен өзара қарым-қатынастарындағы және халықаралық сахнадағы саяси, сауда-экономикалық және өзге де мүдделерiн дипломатиялық құралдармен және қорғау әдістерімен қамтамасыз ету;
5) халықаралық бейбітшілікті, ғаламдық және аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі Қазақстан Республикасының күш-жігерін дипломатиялық құралдармен және әдістермен іске асыру;
6) Қазақстан Республикасының шетелдік мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен дипломатиялық және консулдық қарым-қатынастарын жүзеге асыру;
7) шетелдік мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен қарым-қатынастарда Қазақстан Республикасының сыртқы саяси және сыртқы экономикалық бірыңғай бағытын және инвестициялық саясатын жүргiзудi қамтамасыз ету мақсатында басқа орталық атқарушы органдардың халықаралық қызметiн үйлестiру;
8) дүние жүзiндегi саяси және әлеуметтік-экономикалық жағдайға, шетелдік мемлекеттердiң сыртқы және iшкi саясатына, халықаралық ұйымдардың қызметiне талдау, жасау және орталық мемлекеттік органдарды қажетті ақпаратпен қамтамасыз ету.
7-бап. Дипломатиялық қызмет органдарының негiзгi функциялары
Дипломатиялық қызмет органдарына мыналар жүктеледi:
1) шетелдік мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен қатынастарда Қазақстан Республикасының атынан өкiлдiк ету;
2) Қазақстан Республикасы халықаралық саясатының стратегиясын iске асыру;
3) өз құзыретінің шегінде Қазақстан Республикасының халықаралық беделін нығайту;
4) келiссөздер жүргiзуді және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын жасауды ұйымдастыру;
5) халықаралық шарттарды жасасу, орындау, қолданысын тоқтата тұру және күшiн жою туралы ұсыныстарды дайындау және оларды Қазақстан Республикасы Үкіметінің қарауына белгiленген тәртiпте енгiзу;
6) Қазақстан Республикасының шетел мемлекеттерімен және халықаралық ұйымдармен қарым-қатынастарының мәселелерi бойынша Қазақстан Республикасының Президентiне, Парламентiне және Үкiметiне белгiленген тәртiпте ұсыныстар мен ұсынымдар тапсыру;
7) Бiрiккен Ұлттар Ұйымының, басқа да халықаралық ұйымдардың, конференциялардың, кеңестердiң, форумдардың қызметiне Қазақстан Республикасының қатысуын қамтамасыз ету, Қазақстан Республикасының халықаралық қоғамдастық мүшесi ретiнде ғаламдық және аймақтық проблемаларды шешудегi рөлiн көтеруге жәрдемдесу;
8) Қазақстан Республикасының су ресурстары мен қоршаған ортаны халықаралық қорғау және ұтымды пайдалану, Әлемдік мұхит ресурстарын игеру, ғарыш кеңiстiгiн зерттеу салаларындағы мүдделерiн қамтамасыз етуге ат салысу;
9) Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтары мен бостандықтарын, оның қорғанысы мен ұлттық қауiпсiздiгiн, құқық тәртiбiн сақтауды қамтамасыз ету, сауда-экономикалық және қаржы байланыстарын, Қазақстан Республикасының шетел мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен ғылыми-техникалық, мәдени және өзге де алмасуларын дамыту мен кеңейту жөнiндегi іс-шараларды әзiрлеуге қатысу;
10) Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттардың орындалуын жалпы байқауды және бақылауды жүзеге асыру;
11) Қазақстан Республикасының халықаралық қатынастар саласындағы заңдарын жетiлдiру, оны Қазақстан Республикасының халықаралық-құқықтық мiндеттемелерiне сәйкестендіру жөнiнде ұсыныстар әзiрлеу;
12) Қазақстан Республикасының мемлекетішілік және халықаралық іс-шараларын протоколдық-ұйымдастыру тұрғысынан қамтамасыз ету;
13) Қазақстан Республикасының аумағында мемлекетішілік және халықаралық іс-шараларды өткізу кезінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарының Мемлекеттік протоколды сақтауына бақылау жасауды жүзеге асыру;
14) дипломатиялық және консулдық артықшылықтар мен иммунитеттердiң сақталуына бақылау жасауды жүзеге асыру;
15) Қазақстан Республикасының басқа елдермен парламентаралық байланыстарын жүзеге асыруға жәрдемдесу;
16) Қазақстан Республикасының аумағында және шет елдерде халықаралық құқықтық нормалармен және Қазақстан Республикасының заңдарымен реттелетін консулдық функцияларды жүзеге асыру;
17) шет елдерде тұратын отандастармен байланыстарды және қарым-қатынастарды дамытуға жәрдемдесу;
18) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын тiркеудiң, есепке алудың және сақтаудың бiрыңғай мемлекеттiң жүйесiнiң жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету;
19) Қазақстан Республикасының аумағындағы шетелдiк дипломатиялық және оларға теңестірілген өкiлдiктердiң, сондай-ақ консулдық мекемелердің жұмыс iстеуiне жәрдемдесу, өз құзыретiнiң шегiнде оларға қызмет көрсететiн ұйымдардың жұмысына бақылау жасауды жүзеге асыру;
20) Қазақстан Республикасының шетелдердегі азаматтарының және заңды тұлғаларының құқықтары мен мүдделерін қорғау;
21) өз құзыреті шегінде, аштыққа және артта қалушылыққа, халықаралық терроршылдыққа, діни және саяси экстремизмге, ұйымдастырылған қылмысқа және есiрткi құралдарының, психотроптық заттардың, оларға ұқсас заттар мен прекурсорлардың және қару-жарақтың заңсыз айналымына қарсы күрес, сондай-ақ экологиялық тұрғыдан қолайсыз және техногендiк апат аймақтарындағы зардаптарды жою жөнiндегi халықаралық акцияларға қатысу;
22) шет елдерде Қазақстан Республикасының сыртқы және iшкi саясаты, елдiң әлеуметтiк-экономикалық, мәдени және рухани өмiрi туралы ақпарат таратуға жәрдемдесу;
23) Қазақстан Республикасы жасасқан халықаралық шарттардың депозитарийi функцияларын жүзеге асыру;
24) өз құзыреті шегінде, Қазақстан Республикасының транзиттік-көліктік әлеуетін тиімді пайдалануға жәрдемдесу және энергетика мен мұнай-газ салаларында Қазақстан Республикасының әлемдік қауымдастықпен ынтымақтастығы жөніндегі бірыңғай мемлекеттік саясатын қалыптастыруға және жүргізуге қатысу;
25) өз құзыретіндегі мәселелер бойынша Қазақстан Республикасының
мемлекеттiк органдарымен және өзге де ұйымдарымен бірлесіп жұмыс жасау;
26) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдарын, бұқаралық
ақпарат құралдарын Қазақстан Республикасының халықаралық жағдайы мен
сыртқы саясаты туралы хабардар ету;
27) инвестициялық ахуалдың жақсаруына ықпал ету және халықаралық
рыноктарда Қазақстан Республикасының оң шырайлы сипатын қалыптастыру;
28) мемлекеттік бағдарламаларды, басымдықты жобаларды іске асыру үшін
тікелей қаржы ресурстарын, оның ішінде халықаралық экономикалық және
қаржылық ұйымдар тарапынан берілетін займдар мен гранттарды тартуға ат
салысу арқылы;
29) Қазақстандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің дүниежүзілік
рынокқа кірігуіне ықпал ету;
30) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де
функцияларды жүзеге асыру.
8-бап. Байланыс, мұрағат, қауiпсiздiк және баспа органдары
1. Дипломатиялық қызмет органдарының дербес байланысы мен мұрағаты
болады.
2. Дипломатиялық қызмет органдары өздерінің жеке телекоммуникациялар
желiсi мен курьерлiк қызметтi пайдаланады.
3. Сыртқы істер министрлігінің мұрағатында халықаралық шарттардың түпнұсқалары және/немесе ең анық көшiрмелерi, сондай-ақ оның қызметiн жүзеге асыру үшін қажеттi басқа да материалдар сақталады.
4. Дипломатиялық қызмет органдары Қазақстан Республикасының аумағында
және шетелдерде өзiнiң органдары мен мекемелерiнiң қауiпсiздiгі жүйесiн
ұйымдастырады.
5. Дипломатиялық қызмет органдары Қазақстан Республикасының
заңдарына сәйкес баспа өнiмiн шығаруға құқылы.
2 тарау. Дипломатиялық қызмет кадрлары, дипломатиялық
қызметтерге тағайындау
9-бап. Дипломатиялық қызмет кадрларының құрамы
1. Дипломатиялық қызмет кадрларына мыналар жатады:
1) дипломатиялық жұмыс қызметкерлері;
2) дипломатиялық жұмыс қызметшілері.
2. Дипломатиялық және әкімшілік-техникалық қызметтердің тізбесін
Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
10-бап. Дипломатиялық қызметтерге тағайындау
1. Дипломатиялық лауазымға жоғары бiлiмi бар, шет тiлiн меңгерген және өзіне жүктелген міндеттерді орындау үшін тиісті іскерлік, моральдық, кәсіби қасиеттерге қол жеткізген әрі денсаулығы ойдағыдай Қазақстан Республикасының азаматы тағайындалады.
2. Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрiн Қазақстан Республикасы Премьер-Министрiнiң ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi қызметке тағайындайды және қызметінен босатады.
Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшiлерiн, Қазақстан Республикасының халықаралық ұйымдар жанындағы тұрақты өкiлдерiн Қазақстан Республикасы Сыртқы iстер министрiнiң ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi қызметке тағайындайды және қызметінен босатады.
Қазақстан Республикасы Сыртқы iстер министрiнiң орынбасарлары, ведомстволардың басшылары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қызметке тағайындалады және қызметінен босатылады.
Басқа қызметтерге тағайындау және дипломатиялық қызметтен босатуды Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі жүргізеді.
3. Дипломатиялық қызмет органдарына жұмысқа тұру азаматтар міндетті арнайы тексеруден алдын ала өткен жағдайда жүзеге асырылады.
4. Шетелдегі жұмыстан кейiн Қазақстан Республикасына оралған дипломатиялық жұмыстың қызметкерi, осы Заңның 24-бабында көзделген жазаларға тартылмаған жағдайда, бұрын Сыртқы істер министрлігінде айналысқанынан кем түспейтін қызметке тағайындалады.
5. Дипломатиялық қызмет органдарына тұңғыш рет жұмысқа тұрған адамдар
үшін сынақ мерзімі белгіленуі мүмкін.
Сынақ мерзімінен өтудің тәртібі мен шарттарын Қазақстан
Республикасының Сыртқы істер министрі белгілейді.
6. Бұрын сотталған және ақтала алмайтын негіздер бойынша қылмыстық
жауапкершіліктен босатылған, сондай-ақ ұнамсыз себептермен мемлекеттік
қызметтен босатылған адамдар дипломатиялық қызмет органдарына жұмысқа
қабылданбайды.
11-бап. Дипломатиялық қызмет органдарындағы жұмыс уақыты
Дипломатиялық қызмет персоналы үшін жұмыс мерзімінің ұзақтығы
Қазақстан Республикасының еңбек туралы заңнамасына сәйкес белгіленеді.
3-тарау. Дипломатиялық дәрежелер
12-бап. Дипломатиялық дәрежелер
Айналысатын қызметін және бiлiктiлiгiн ескере отырып, дипломатиялық
жұмыстың қызметкерлеріне мынадай дипломаттық дәрежелер берiледi:
1) атташе;
2) үшiншi хатшы;
3) II сыныпты екiншi хатшы;
4) I сыныпты екiншi хатшы;
5) II сыныпты бiрiншi хатшы;
6) I сыныпты бiрiншi хатшы;
7) II сыныпты кеңесшi;
8) I сыныпты кеңесшi;
9) II сыныпты Төтенше және Өкiлеттi Елші;
10) I сыныпты Төтенше және Өкiлеттi Елші;
11) Төтенше және Өкiлеттi Елшi.
13-бап. Дипломатиялық дәрежелердiң берілу тәртiбi
1. Төтенше және Өкiлеттi Елшi, I және II сыныпты Төтенше және Өкiлеттi Елші дипломатиялық дәрежелерiн Қазақстан Республикасы Сыртқы iстер министрiнiң ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi бередi.
Басқа дипломатиялық дәрежелердi Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрi бередi.
Сыртқы iстер министрi арқылы дипломаттық дәрежелердiң берiлу тәртiбi Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрi бекiтетiн ережемен белгiленедi.
2. Қызметкердiң дипломаттық дәрежесi, әдетте, дипломатиялық жұмыстағы өзі айналысатын қызметке сәйкес болуы тиіс немесе бiр сатыға жоғары не төмен болады.
3. Дипломаттық дәрежелердi беру тиiстi куәлiктер тапсырумен және
қызмет тізіміндегі (еңбек кiтапшасындағы) жазбалармен расталады. Осы
Заңның 15-бабында көзделген жағдайларды есептемегенде, дипломаттық
дәрежелер өмір бойына берiледi және сақталады.
14-бап. Дипломаттық дәрежелерде болудың мерзiмдерi
1. Дипломатиялық жұмыстың қызметкерлерi үшiн дипломаттық дәрежелерде
болудың мынадай мерзiмдерi белгiленедi:
1) атташе, үшiншi хатшы, II және I сыныпты екiншi хатшы үшiн -
екi жыл;
2) II және I сыныпты бiрiншi хатшы, II сыныпты кеңесшi үшiн - үш
жыл;
I сыныпты кеңесшiнің және одан жоғары дипломаттық дәрежелерде
болудың мерзiмдерi белгiленбейдi.
2. Дипломатиялық жұмыс қызметкерлерiнiң дипломаттық дәрежелерде болу
мерзiмдерiне:
1) Сыртқы iстер министрлiгiнiң және оған бағынысты мекемелердегі
жұмысы;
2) шетелдiк мекемелердегi жұмысы;
3) Қазақстан Республикасы аумағындағы Сыртқы iстер министрлiгiнiң
өкiлдiктерiндегі жұмысы;
4) бұрынғы КСРО мен одақтас республикалардың Сыртқы iстер
министрлiктерiндегі жұмысы;
5) халықаралық ұйымдардағы жұмысы;
6) Сыртқы iстер министрлiгiнiң жоғары оқу орындарындағы және ғылыми
мекемелерiндегi ғылыми немесе оқытушылық жұмысы;
7) Сыртқы iстер министрлiгiнің саласы бойынша оқу орындарында және
ғылыми мекемелерде бiлiктiлiгiн көтеруі;
8) Сыртқы iстер министрлiгi жоғары оқу орындарына, аспирантураға,
докторантураға және ғылыми мекемелерге уақытша жібергендердің оқу мерзімі
есептеледі.
15-бап. Дипломаттық дәреженi мерзiмнен бұрын және кезектен тыс
беру, төмендету, одан айыру және қалпына келтiру
1. Жекелеген жағдайларда жұмыста елеулi табыстары болса немесе айрықша қызмет сiңiрсе белгiленген мерзiм өткенге дейiн (мерзiмінен бұрын дәреже беру) немесе дәрежені берудiң кезегi сақталмастан (кезектен тыс дәреже беру) дипломатиялық жұмыс қызметкерлерінің дәрежесі өсiрiлуi мүмкiн.
2. Дипломатиялық жұмыс қызметкерлерi, сондай-ақ Сыртқы iстер министрлiгiнен жұмыстан босатылған адамдар Қазақстан Республикасының және өздері болатын елдердің заң актiлерiнде көзделген жауапкершiлiкке әкеп соғатын іс-әрекеттер жасаған жағдайда дипломаттық дәрежесi төмендетiлуi немесе дипломаттық дәрежесiнен айырылуы мүмкiн.
Мемлекеттік және еңбек тәртібін бұзғаны үшін дипломатиялық жұмыстың
қызметкері дипломатиялық қызмет органдары жүйесінен босатылған кезде бір
мезгілде дипломаттық дәрежесінен де айырылады.
Дипломатиялық жұмыс қызметкерін дипломаттық дәрежесiнен айыру немесе
оның дәрежесiн төмендету дәреженің берiлетіні сияқты тап сондай тәртiппен
жүргiзiледi.
Дипломатиялық жұмыс қызметкерінің бұрынғы дипломаттық дәрежесін
қалпына келтіру қызметтік аттестациялаудан өткеннен кейін жүргiзіледi.
4-тарау. Дипломатиялық қызметті атқару
16-бап. Дипломатиялық қызмет органдарында қызмет ауыстырулар,
қызметке тұру
1. Дипломатиялық қызмет персоналының қызмет ауыстыруы кадрлардың біліктілігін, кәсiби даярлығын, ротация мен кадрлардың мамандану принциптерiн ескере отырып, қызмет бабындағы қажеттілікке сәйкес жүзеге асырылады.
Дипломатиялық қызмет органдарында бос қызметтерге тұру, төменгі және жоғары санатты лауазымға тұру жолымен қызмет бабында орын ауысуларды қоспағанда, мемлекеттік қызмет туралы заңнамаға сәйкес жүргiзiледi.
Дипломатиялық қызмет персоналының қызмет бабында орын ауысуы тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
2. Дипломатиялық жұмыс қызметкерінің шетелдiк мекемелеріндегі жұмысы кезiнде қызмет бабындағы қажеттілікке байланысты оның шетелде болу мерзімі ұзартылатын жағдайларды есептемегенде, қызметі әрі кеткенде бір рет өсірілуі мүмкін.
17-бап. Ротация
1. Дипломатиялық қызмет органдарында дипломатиялық қызмет персоналының ротациясы жүзеге асырылады.
Ротация шеңберiнде дипломатиялық қызмет персоналы, оның кәсіби даярлығы мен мамандануы ескерiле отырып, шетелдегі дипломатиялық қызмет органдарына жұмысқа жiберiледi немесе өздерінің қызметін Сыртқы iстер министрлiгiнiң құрылымдық бөлiмшелерiнде жүзеге асырады.
2. Дипломатиялық қызмет персоналының ротациясы мынадай түрлерге бөлінеді:
сыртқы, яғни Сыртқы iстер министрлiгiнен шетелдік мекемелерге немесе және шетелдік мекемелерден Сыртқы істер министрлігіне ауысу;
ішкі, яғни Сыртқы істер министрлігінің құрылымдық бөлімшелері арасында ауысу.
3. Шетелдiк мекемелердегi жұмыстар арасындағы кезеңде дипломатиялық қызмет персоналының Сыртқы істер министрлігінің құрылымдық бөлімшелеріндегі жұмыс мерзімі, әдетте, кем дегенде екі жылды құрауы тиіс.
4. Шетелдік мекемелердегі дипломатиялық жұмыс қызметшілерінің үздіксіз жұмыс мерзімі үш жылдан аспауға тиіс.
Қызмет бабындағы қажеттiлiк пен тұлғаның келiсiмi бойынша аталған мерзiмдi Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрi ұзартуы мүмкін.
5. Дәлелдi себептерсiз шетелдегi жұмысқа барудан бас тарту тәртiптiк тұрғыдан терiс iс-қылық болып табылады және тәртiптiк жаза қолдану үшiн негіз бола алады.
Шетелдiк мекемелерге жұмысқа барудан бас тарту үшiн дәлелдi деп танылатын себептердiң тiзбесiн Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрi белгiлейдi.
6. Шетелдегi дипломатиялық қызмет органдарына жұмысқа жiберу кезiнде
дипломатиялық қызмет персоналына көлемi Қазақстан Республикасының
заңнамасында анықталған көтерме ақы төленедi.
7. Осы баптың 3, 5-тармақтарының күшi шетелдiк мекемелердiң басшылары
ретiнде жұмысқа жiберiлетiн адамдарға, кеңесшi-елшiлерге, Қазақстан
Республикасының халықаралық ұйымдар жанындағы тұрақты өкiлдерiнiң
орынбасарларына, сондай-ақ сирек кездесетiн шет тiлдерiн меңгерген
шұғыл-дипломатиялық қызметшілерге қолданылмайды.
18-бап. Туыс адамдардың бiрге қызмет атқаруын шектеу
Дипломатиялық қызмет органдарында бiр-бiрiне қатысты қызмет бабында
тiкелей бағыныста болатын жақын туыс адамдардың жұмыс iстеуiне жол
берiлмейдi.
19-бап. Қызметтiк аттестациялау
Дипломатиялық қызмет персоналы Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрi белгiлеген тәртiппен қызметтiк аттестациялаудан өтедi.
20-бап. Жоғары оқу орындарына, ғылыми мекемелерге жiберу
1. Дипломатиялық жұмыс қызметкерлерi, олардың келiсiмiмен кәсiби даярлық пен тағылымдамадан өту, көкейкестi халықаралық проблемаларды ғылыми тұрғыдан талдап әзiрлеу үшiн Қазақстан Республикасының немесе басқа елдердiң жоғарғы оқу орындарына, ғылыми мекемелерiне уақытша жiберiлуi
мүмкiн. Мұндай жағдайда, олар Сыртқы iстер министрлiгiнiң кадрлық резервi
қатарына қосылады.
2. Тағылымдаманы немесе ғылыми iссапарды аяқтағаннан кейiн
дипломатиялық жұмыс қызметкерi, ол кадрлық резерв қатарына алынғанға дейiн
айналысқан қызметiнен кем емес дипломатиялық қызметке тағайындалады.
5-тарау. Дипломатиялық қызмет персоналының құқықтары,
мiндеттемелерi және жауапкершiлiгi
21-бап. Дипломатиялық қызмет персоналының құқықтары, мiндеттемелерi
және жауапкершiлiгi
1. Дипломатиялық қызмет персоналының өзiнiң кәсiби функцияларын
жүзеге асырған кезде:
дипломатиялық қызмет органдарының қызметiн жақсарту жөнiнде ұсыныстар
енгiзуге;
шетелде болу кезеңiнде халықаралық құқықтың нормаларына сәйкес дипломатиялық қызметкерлер үшiн белгiленген артықшылықтар мен иммунитеттердi пайдалануға;
Қазақстан Республикасының азаматтарына K951000_ Конституцияда және Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде кепiлдiк берiлген өзге де құқықтар мен бостандықтарды пайдалануға құқығы бар.
Осы тармақта аталған құқықтармен қатар, дипломатиялық жұмыс қызметкерлерiнiң мемлекеттiң сыртқы саясаты мәселелерi жөнiнде, халықаралық қатынастар саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасын жетiлдiру бойынша, оны Қазақстан Республикасының халықаралық-құқықтық мiндеттемелерiне сәйкес келтiру жөнiнде ұсыныстар енгiзуге құқығы бар.
2. Дипломатиялық қызмет персоналы:
дипломатиялық атқаруға байланысты мiндеттердi адал ниетпен орындауға;
болу мемлекетiнiң заңнамасын, дәстүрлерiн және әдет-ғұрыптарын құрмет тұтуға;
мемлекеттiк және қызмет бабындағы, сонымен қатар дипломатиялық қызметi аяқталғаннан кейiн де құпияларды сақтауға;
өзiнiң кәсiби деңгейiн, бiлiктiлiгiн, жалпы саяси даярлығын арттыруға, шет тiлдерi бiлiмiн жетiлдiруге;
заңнамалық актiлерде белгiленген өзге де мiндеттердi орындауға мiндеттi.
Осы тармақта көрсетiлген мiндеттермен қатар, дипломатиялық жұмыс қызметкерлерi Қазақстан Республикасының сыртқы саяси бағытын бұлжытпастан өмiрге енгiзуге, Қазақстан Республикасының халықаралық беделiн арттыруға ықпал етуге, оның қауiпсiздiгiн, экономикалық және ғылыми-техникалық әлеуетiн нығайтуға жәрдем көрсетуге, шет елдерде Қазақстан Республикасының атынан лайықты түрде көрiнуге және оның мүдделерiн қорғауға тиiстi.
22-бап. Дипломатиялық қызмет органдарында қызметте болуға байланысты
шектеулер
1. Оқытушылық, ғылыми немесе өзге де шығармашылық iс-әрекеттi қоспағанда, дипломатиялық персоналының лауазымы депутаттық мандатпен, кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асырумен, коммерциялық ұйымның басшылық органының немесе бақылаушы кеңесiнiң құрамына кiрумен, сондай-ақ басқа да ақы төленетiн лауазымда болумен сыйыспайды.
2. Дипломатиялық жұмыс қызметкерлерiнiң саяси партияларға мүше болмаулары немесе қандай да бiр саяси партияға қолдау бiлдiрмеулерi тиiс.
Дипломатиялық қызмет персоналына:
1) мемлекеттiк органдардың қалыпты жұмыс iстеуiне және қызмет бабындағы мiндеттерiн орындауына кедергi келтiретiн iс-әрекеттерге қатысуына;
2) өзi қызметте тұратын не оған тiкелей бағыныстағы немесе оның бақылауындағы мемлекеттiк органдарда үшiншi адамдардың iстерi бойынша өкiл болуына;
3) өзiнiң жұмыс бабындағы қызметiн материалдық-техникалық, қаржылық және ақпараттық қамтамасыз ету құралдарын, басқа да мемлекеттiк мүлiк пен қызметтiк ақпаратты қызметтiк емес мақсаттарда пайдалануына;
4) лауазымдық өкiлеттiктерiн орындауға байланысты жеке және заңды тұлғалардың қызметiн өз мақсаттарына пайдалануына тыйым салынады.
23-бап. Дипломатиялық қызмет персоналын көтермелеу
1. Қызмет бабындағы мiндеттерiн үлгiлi орындағаны, орындаған тапсырмаларының жоғарғы сапасы, бастамасы, шығармашылық белсендiлiгi, ұзақ әрi мүлтiксiз қызметi, ерекше маңызды және күрделi тапсырмаларды орындағаны үшiн, сондай-ақ жұмыстағы басқа да жетiстiктерi үшiн дипломатиялық қызмет персоналы:
1) лауазымын өсiрумен;
2) дипломатиялық дәрежесiн мерзiмiнен бұрын өсiрумен;
3) бiр жолғы ақшалай сыйлықпен;
4) Дипломатиялық қызмет персоналы Сыртқы iстер министрлiгiнiң
ұсынуымен Қазақстан Республикасының Yкiметi бекiтетiн ведомстволық
наградалармен көтермеленуi мүмкiн.
5) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген көтермелеудiң
өзге де нысандарымен ынталандырылуы мүмкiн.
2. Айрықша сiңiрген еңбегi үшiн дипломатиялық қызмет персоналы
Қазақстан Республикасының мемлекеттiк наградаларына ұсынылуы мүмкін.
24-бап. Дипломатиялық қызмет персоналының жауапкершiлiгi
1. Дипломатиялық қызмет персоналы өзiне жүктелген мiндеттердi бұзған
жағдайда, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапты болады.
2. Дипломатиялық қызмет персоналына мынадай тәртiптiк жазалар
қолданылады:
1) ескертпе;
2) сөгiс;
3) қатаң сөгiс;
4) кезектi дипломаттық дәреженi берудi немесе анағұрлым жоғары
қызметке тағайындауды бiр жылға дейiн кiдiрте отырып, қызметiне толық
лайық еместiгi туралы ескерту;
5) лауазымын немесе дипломаттық дәрежесiн төмендету;
6) дипломаттық дәрежесiнен айыру;
7) жұмыстан шығару.
3. Дипломатиялық қызмет персоналына тәртiптiк жаза қолдану мемлекеттiк қызмет туралы заңнамаға сәйкес жүзеге асырылады.
25-бап. Дипломатиялық қызмет персоналын керi шақырып алу
1. Қазақстан Республикасының немесе болу елiнiң заңнамасында белгiленген жауаптылыққа әкеп соғатын қызметтiк мiндеттерiн өрескел бұзушылық, соған ұқсас әрекеттер жасаған шетелдiк мекемелерде жұмыс iстейтiн дипломатиялық қызмет персоналы, оған тәртiптiк ықпал ету шараларын қолданудан басқа, мерзiмiнен бұрын Қазақстан Республикасына керi шақырылады.
2. Дипломатиялық қызмет персоналын мерзiмiнен бұрын керi шақырып алуға оның отбасы мүшелерiнiң дәл сондай әрекеттер жасауы да негiз болып табылады.
6-тарау. Дипломатиялық қызметтi қамтамасыз ету, кепiлдiктер мен
өтемақылар, дипломатиялық қызмет персоналын материалдық
және әлеуметтiк жағынан қамтамасыз ету
26-бап. Дипломатиялық қызметтi қаржылық және материалдық-шаруашылық
жағынан қамтамасыз ету
1. Дипломатиялық қызметтiң қаржылық қамтамасыз етiлуi республикалық бюджет қаражаты, демеушiлiк көмек, консулдық iс-әрекеттердi жасау кезiнде іс-жүзiндегi шығыстардың орнын толтыру тәртiбiмен жеке және заңды тұлғалардан түскен қаражат арқылы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде белгiленген өзге де қаржы көздері есебiнен жүзеге асырылады.
2. Дипломатиялық қызмет органдары көлiкпен, қызметтiк үй-жайлармен, байланыс құралдарымен және басқа да қажеттi мүлiкпен қамтамасыз етiледi.
3. Қазақстан Республикасы аумағында және шетелдегi жылжымайтын және өзге мүлiктi иелену, пайдалану және билiк ету тәртiбi Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленедi.
27-бап. Дипломатиялық қызмет персоналына кепiлдiктер мен
өтемақылар беру
1. Дипломатиялық қызмет персоналы мен олардың отбасы мүшелерiн материалдық және әлеуметтiк жағынан қамтамасыз ету қызмет атқару қиындығын, оған байланысты тәуекелдi, сондай-ақ шет мемлекеттiң өзiндiк ерекшелiктерiн ескере отырып жасалады.
Шетелде болу дипломатиялық қызмет персоналына, оның отбасы мүшелерiне қандай да болсын залал келтiрмеуге тиiс.
Шетелдегi дипломатиялық қызмет персоналына және оның отбасы мүшелерiне көмек көрсету мен қорғауға байланысты мiндеттердi шетелдiк мекеменiң жетекшiсi орындайды.
Дипломатиялық жұмыс қызметкерiнiң немесе қызметшiсiнiң не оның отбасы мүшелерiнiң ауырған, қайтыс болған, шет елдегi қызмет кезiнде отбасында бала туылған жағдайда, дипломатиялық жұмыс қызметкерi немесе қызметшiсi және/немесе оның отбасы мүшелерi Қазақстан Республикасы Yкiметi белгiлеген көлемде жәрдемақы алуға құқығы бар.
2. Дипломатиялық қызмет персоналы мен оның отбасы мүшелерi республикалық бюджеттiң қаржысы арқылы тиiстi медициналық қызмет көрсетумен қамтамасыз етiледi.
3. Шетелдiк мекемеде жұмыс істейтiн дипломатиялық қызмет персоналының және онымен бiрге тұратын отбасы мүшелерiнiң жыл сайынғы ақылы демалысқа, не отбасы мүшесiнiң бiреуiнiң қайтыс болуына байланысты барып-қайту көлiк шығыстарының өтелуiне құқығы бар.
4. Дипломатиялық қызмет персоналы өзiмен бiрге тұратын адамдардың саны, лауазымы және жергiлiктi жағдай ескерiле отырып, шет елде баспанамен қамтамасыз етiледi.
Ол төлейтiн тұрғын үйдi ұстауға байланысты төленетiн шығыстардың көлемi Қазақстан Республикасындағы осы мақсаттағы орташа шығыстардың көлемiнен асатын болса, мемлекеттiң есебiнен өтелуге жатады.
5. Шетелдегi қызмет кезеңiнде дипломатиялық қызмет персоналының балаларын мектепке дейiн және мектепте тәрбиелеу, оқыту мен дамыту мемлекеттiк бюджет қаражаты арқылы жүзеге асырылуы тиiс.
6. Шетелдегi дипломатиялық қызмет персоналының отбасы мүшелерiне әкiмшiлiк-техникалық бос қызмет орындары болған жағдайда, уақытша жұмысқа тұру құқығы берiлуi мүмкiн.
7. Қарулы немесе азаматтық қақтығыстар кезiнде не шетелдiк мекемелер мен олардың қызметкерлерiнiң қауiпсiздiгiне қатер төнген жағдайда, сондай-ақ шетелдiк мекемелер орналасқан жерлерде төтенше жағдайлар кезiнде Сыртқы iстер министрлiгi дипломатиялық қызмет персоналының және олармен бiрге тұратын адамдардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге және қорғауға қажеттi шараларды қолданады.
Дипломатиялық жұмыс қызметкерiне немесе қызметшiсiне не оның отбасы мүшелерiне шетелде болу кезiнде, өзiнiң қызметтiк мiндеттерiн не солармен байланысты iс-әрекеттi атқару кезiнде келтiрiлген залал Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлеген тәртiппен өтеледi.
Сондай-ақ, дипломатиялық қызмет персоналы мен оның отбасы мүшелерiнiң шет елге көшу және қайту кезiнде туындаған залал да өтелуге жатады.
8. Қызметтiк мiндеттердi орындау кезiнде дипломатиялық жұмыс қызметкерi не қызметшiсi қаза болған жағдайда, не қызметтiк мiндеттердi орындау кезiнде алынған жарақаттың салдарынан жұмыстан босатылғаннан соң бiр жыл iшiнде мұрагерлерiне немесе еңбекке қабiлеттi асырауындағы адамдарға, оның Сыртқы iстер министрлiгiнде атқарған соңғы қызметi бойынша онжылдық ақшалай қаржы көлемiндегi бiржолғы сома төленедi.
9. Қызметтiк мiндеттердi орындау кезiнде дипломатиялық жұмыс қызметкерi не қызметшiсi қаза болған жағдайда, оның жанұясы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген шарттарда және тәртiпте мемлекеттiк тұрғын үй қорынан үй алуға құқылы.
10. Қызметтiк мiндеттерiн орындау кезiнде алған жарақаты, жаралануы (жарымжандық), зақымдануы, ауруы нәтижесiнде пайда болған мүгедектiктi дипломатиялық жұмыс қызметкерлерiне немесе қызметшiлерiне белгiлеу кезiнде, оның Сыртқы iстер министрлiгiнде атқарған соңғы қызметi бойынша лауазымдық жалақысынан есептеген көлемдегi:
1) І топтағы мүгедекке - бес жылдық ақшалай қаржы;
2) II топтағы мүгедекке - үш жылдық ақшалай қаржы;
3) III топтағы мүгедекке - бiр жылдық ақшалай қаржы бiржолғы сомада төленедi.
11. Қызметтiк мiндеттерiн орындау кезiнде дипломатиялық жұмыс қызметкерi не қызметшiсi мүгедектiк туғызбаған ауыр зақымдану (жарақаттану, жаралану, жарымжандық) алған жағдайда, оған үш айлық ақшалай қаржы көлемiнде, жеңiл зақымдануға - айлық қаржылай ақша көлемiнде сома төленедi.
12. Егер дипломатиялық жұмыс қызметкерi не қызметшiсiнiң қаза болуы
(қайтыс болуы), жарақаттануы, жаралануы (зақымдануы), ауруы қызметтiк
мiндеттердi орындауымен байланыссыз жағдайда болғаны белгiленген тәртiппен
дәлелденсе, аталған сома төленбейдi.
28-бап. Жерлеуге байланысты шығыстарды өтеу
Қайтыс болған немесе қазаға ұшыраған дипломатиялық жұмыстың
қызметкерiн не қызметшiсiн, сондай-ақ зейнеткерлерiн жерлеу үшiн, олардың
Сыртқы iстер министрлiгiнде атқарған соңғы қызметi бойынша лауазымдық
жалақысынан есептелген үш айлық қаржы көлемiндегi бiржолғы ақшалай өтемақы
төленедi.
29-бап. Дипломатиялық қызмет персоналының еңбек қатынастарын реттеу
Дипломатиялық қызмет персоналының еңбек қатынастары осы Заңмен және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк-құқықтық актiлерiмен реттеледi.
Дипломатиялық қызмет органдарында уақытша жоқ болған қызметкерлердiң немесе қызметшiлердiң лауазымдарын қоса атқаруға немесе мiндеттерiн орындауға рұқсат етiледi.
Дипломатиялық қызмет персоналының шет елде еңбек ету шарттарын Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
30-бап. Дипломатиялық қызмет персоналының еңбегiне ақы төлеу
Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс iстейтiн дипломатиялық қызмет персоналының еңбегiне ақы төлеу Қазақстан Республикасының Президентi бекiтетiн еңбекке ақы төлеудiң бiрыңғай жүйесiнде анықталады.
Шет елдегi дипломатиялық қызмет персоналын ақшалай қамтамасыз ету болу елiнiң әлеуметтiк-экономикалық және материалдық-тұрмыстық жағдайлары ескерiле отырып, анықталады.
31-бап. Дипломатиялық жұмыс қызметкерлерiне ақшалай төлемдер беру
Дипломатиялық жұмыс қызметкерлерiнiң дипломаттық, дәрежесi үшiн, шет тiлдерiн бiлгенi үшiн, мемлекеттiк құпия болып табылатын мәлiметтермен жұмыс iстеген үшiн ақшалай төлем алуға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Yкiметi бекiткен көлемде қызметтiк жарақтау (киiм-кешекпен қамтамасыз ету) құнына жыл сайын ақшалай өтемақы алуына құқығы бар.
Дипломатиялық жұмыс қызметкерлерiне қызметтiк жарақтау беру туралы Ереженi Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрi бекiтедi.
32-бап. Жыл сайынғы демалыстар
1. Дипломатиялық қызмет персоналына жыл сайынғы төленетiн, ұзақтығы отыз күнтiзбелiк күннен тұратын еңбек демалысы берiледi.
2. Дипломатиялық жұмыс қызметкерiне немесе қызметшiсiне кезектi еңбек
демалысына шыққан кезде сауықтыру үшiн айлық жалақысынан екi есе көлемде
ұлттық валютамен есептелген жәрдемақы төленедi.
3. Дипломатиялық жұмыс қызметкерлерiне мемлекеттiк қызметтегi еңбек
сiңiрген жылдарына байланысты қосымша төленетiн демалыс берiледi:
1) он жылдан аса еңбек сiңiрген жылдары барларға - ұзақтығы бес
күнтiзбелiк тәулiк;
2) он бес жылдан аса еңбек сiңiрген жылдары барларға - ұзақтығы он
күнтiзбелiк тәулiк;
3) жиырма жылдан аса еңбек сiңiрген жылдары барларға - ұзақтығы он
бес күнтiзбелiк тәулiк.
33-бап. Дипломатиялық қызмет персоналын зейнетақымен қамтамасыз
ету және әлеуметтiк қорғау
Дипломатиялық қызмет персоналын зейнетақымен қамтамасыз ету және әлеуметтiк қорғау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргiзiледi.
Дипломатиялық қызмет персоналы мен зейнеткерлерiн әлеуметтiк қорғау мемлекеттiң мiндетi болып табылады.
Зейнетақы жасына жетуiне байланысты дипломатиялық қызметтен кету кезiнде дипломаттық жұмыс қызметкерiне немесе қызметшiсiне, оның Сыртқы істер министрлiгiнде атқарған соңғы қызметi бойынша үш айлық жалақысы көлемiнде бiржолғы жәрдемақы төленедi. Ол адамда және оның отбасы
мүшелерiнде, дипломатиялық жұмыс қызметкерлерiмен бiрге жалпы негiзде,
медициналық қызмет көрсетумен қамтамасыз ету құқығы сақталады.
34-бап. Әлеуметтiк сақтандыру
1. Дипломатиялық жұмыс қызметкерлерi және қызметшiлерi республикалық
бюджет қаражаты арқылы медициналық сақтандыруға жатады.
2. Сақтандыру сомаларын төлеудiң тәртiбiн Қазақстан Республикасының
Yкiметi анықтайды.
7-тарау. Дипломатиялық жұмысты тоқтату
35-бап. Дипломатиялық қызмет персоналының еңбек қатынастарын тоқтату
1. Дипломатиялық жұмысты тоқтату үшiн:
1) адамның өз тiлегi бойынша жұмыстан босату туралы өтiнiш беруi;
2) еңбек келiсім-шарты мерзiмiнiң бiтуi немесе заңнамада көзделген
негiздер бойынша келiсiм-шартты бұзу;
3) дипломатиялық жұмыс қызметкерлерiнiң немесе қызметшiлерiнiң өз табыстары мен мүлкi туралы алдын ала жалған мәлiметтер беруi;
4) Қазақстан Республикасының азаматтығынан айырылу;
5) осы Заңда белгiленген мiндеттер мен шектеулердi сақтамау;
6) аттестациялаудың терiс нәтижелерi;
7) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де себептер негiз болып табылады.
2. Дипломатиялық қызмет персоналын жұмыстан дипломатиялық лауазымға
тағайындау құқығы берiлген тиiстi лауазымды тұлға босатады.
Дипломатиялық қызмет персоналы өзiнiң тiлегi бойынша дипломатиялық
қызмет органдарынан кеткен кезiнде Сыртқы iстер министрлiгiнiң резервiне
алынады.
Сыртқы iстер министрлiгiнiң резервi туралы Ереженi Қазақстан
Республикасының Сыртқы iстер министрi бекiтедi.
3. Дипломатиялық жұмыс қызметшісі жұмыстан заңсыз босатылған жағдайда
ол өзінің құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғауға құқылы.
8-тарау. Қорытынды ережелер
36-бап. Осы Заңды күшіне енгізудің тәртібі
Осы Заң 2002 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.
Қазақстан Республикасының
Президентi