Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
"Геодезия және картография туралы" Қазақстан Республикасы Заңының
жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына
енгізілсін.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Жоба
Қазақстан Республикасының Заңы
Геодезия және картография туралы
Осы Заң геодезия және картографиялық қызмет саласында мемлекеттiк
басқару органдары, заңды және жеке тұлғалар арасындағы қатынастарды
реттейдi.
I-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Негiзгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
геодезия - ғылыми, техникалық және өндiрiстiк қызмет процесiнде Жердiң пiшiнiн, мөлшерiн және сыртқы гравитациялық өрiсiн, жер бетi координаттары мен нүкте биiктiгiн және олардың карталар жасау мен жоспарлар сызу мақсатында, сондай-ақ жер бетiндегi түрлi инженерлiк мiндеттердi шешудi қамтамасыз ету үшiн жүргiзiлетiн уақыт бойынша өзгеруiн анықтау жөнiндегi туындайтын қатынастар саласы;
картография - картографиялық туындыларды зерделеу, жасау және пайдалану жөнiндегi ғылыми, техникалық және өндiрiстiк қызмет процесiнде туындайтын қатынастар саласы;
геодезиялық және картографиялық қызмет - геодезия және картография саласындағы басқару, өндiрiстiк, техникалық және ғылыми қызмет;
картографиялық өнiм - картографиялық қызмет нәтижесiнде Жер бетiнiң және аспан денелерiнiң белгiлi бiр математикалық заңдар бойынша және шартты белгiлердiң қабылданған жүйесiнде құрылып, кiшiрейтiлген, өлшенетiн және жинақталған, қағазға және магниттiк жеткiзушiге түсiрiп алынған бейнелерi;
геодезиялық және нивелирлiк тор - жергiлiктi жерде арнайы орталықтармен және белгiлермен бекiтiлген жер бетiндегi пункттер жүйесi, олардың өзара жағдайы жоспарлық қатынастарда және биiктiгi жөнiнен геодезиялық қызметтер нәтижесiнде белгiленген;
геодезиялық пункт (белгi) - орны белгiленген жерге орнатылған (немесе жердегi құрылысқа орнатылған) ортасымен және оның үстiне тұрғызылған құрылыспен (белгiмен) белгiленген геодезиялық торының пунктi;
делимитациялау - мемлекеттiк шекараның өтетiн жерлерiн сипаттап, айқындау және жасасылған шартқа сәйкес оны картаға түсiру;
демаркациялау - жергiлiктi жерде делимитация туралы шартқа сәйкес мемлекеттiк шекараны айқындау және оны тиiстi шекара белгiлерiмен белгiлеу;
картографиялық-геодезиялық қор - геодезиялық және картографиялық қызмет нәтижесiнде жасалған, жалпымемлекеттiк, салааралық маңызы бар және оларды бұдан әрi пайдалану мақсатында ұзақ сақталуға тиiс материалдар мен деректер жиынтығы;
географиялық ақпарат жүйесi - Жер туралы, жер бетiнiң объектiлерi, табиғи және қоғамдық процестер мен нақты дүниенiң құбылыстары туралы кеңiстiктiк ақпаратты жинауды, қорлануды, сақтауды, талдау жасауды және таратуды қамтамасыз ететiн компьютерлендiрiлген бағдарлама жүйесi;
спутниктiк технология - байқаушының немесе объектiнiң тұрған жерiн координаталық-уақыттық анықтау үшiн, сондай-ақ Жер бетiнiң учаскелерiн картаға түсiру үшiн ақпараттар алудың спутниктiк жүйесi.
2-бап. Қазақстан Республикасының геодезия және картография
саласындағы заңдары
1. Қазақстан Республикасының геодезия және картография саласындағы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
Геодезиялық және картографиялық қызмет процесiнде туындаған мүлiктiк және мүлiктiк емес құқықтар Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiмен және "Авторлық және сабақтас құқықтар туралы" Заңмен реттеледi.
2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарда Қазақстан Республикасының заңдарындағыдан өзгеше нормалар белгiленсе, онда халықаралық шарттардың ережелерi қолданылады.
3-бап. Геодезиялық және картографиялық қызметтiң объектiлерi
мен субъектiлерi
1. Мыналар геодезиялық және картографиялық қызметтiң объектiлерi болып табылады: Қазақстан Республикасының аумағы және ондағы географиялық объектiлер, жер шарының материктерi, Әлемдiк мұхит, оның iшiнде аралдар, табиғи аспан денелерi және Жердiң жасанды серiктерiн қоса алғанда, ғарыш кеңiстiгi.
2. Мыналар геодезиялық және картографиялық қызметтiң субъектiлерi болып табылады: Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттiк органдары және әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктер, осы органдардың мәртебесiн айқындайтын заң актiлерiмен, ережелермен немесе өзге де актiлерiмен белгiленген олардың құзыретi шеңберiнде; осы қызмет нәтижесiнде мүдделерi қозғалатын заңды және жеке тұлғалар.
4-бап. Геодезиялық және картографиялық қызметтiң
негiзгi бағыттары
1. Атқарылатын жұмыстардың мақсатына қарай геодезиялық және картографиялық қызмет мыналарға бөлiнедi:
1) мемлекеттiк мақсаттағы жұмыс, оның нәтижесiнiң жалпымемлекеттiк, салааралық маңызы болады;
2) арнайы және салалық мақсаттағы жұмыс, оны жүргiзудiң қажеттiлiгi Қазақстан Республикасының геодезиялық және картографиялық қызметi субъектiлерiнiң қажеттiлiктерiмен айқындалады.
2. Мемлекеттiк мақсаттағы геодезиялық және картографиялық қызмет өзiне мыналарды қамтиды:
1) Жердiң пiшiнiн, мөлшерi мен гравитациялық өрiсiн анықтау;
2) Жердi дистанциялық барлау және геодинамикалық зерттеу;
3) мемлекеттiк топографиялық карталар мен жоспарлардың тығыздығы мен дәлдiгiн қамтамасыз ететiн барлық кластағы мемлекеттiк астрономиялық-геодезиялық, спутниктiк геодезиялық және нивелирлiк торларды, iргелi және I класты гравиметриялық торды құру, дамыту, зерттеу, қалпына келтiру;
4) жалпымемлекеттiк, қорғаныс, ғылыми-зерттеу және өзге де мiндеттердiң шешiмi дәлдiгi мен мазмұнын қамтамасыз ететiн мемлекеттiк топографиялық карталар мен жоспарларды, соның iшiнде қалалардың және елдi мекен пункттерiнiң жоспарларын графикалық, цифрлық, фотографиялық, электрондық және өзге де нысандарда жасау, жаңарту және басып шығару;
5) геодезиялық спутниктiк технологияны енгiзу және пайдалану;
6) Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасын делимитациялауды, демаркациялауды және оның сызығының өтуiн тексерудi, сондай-ақ Қазақстан Республикасының теңiз кеңiстiгiн делимитациялауды геодезиялық, картографиялық, топографиялық және гидрографиялық қамтамасыз ету;
7) теңiздер, көлдер, өзендер, су қоймаларының қайраңдарын картаға түсiру, топографиялық, навигациялық теңiз карталарын, көмекшi құралдарды, кеме жүзетiн өзендердің, теңiздердiң және су тоғандарының лоцияларын жасау;
8) мемлекет, оның қорғанысы мен қауiпсiздiгiнiң мүддесi үшiн геодезиялық, картографиялық, топографиялық және гидрографиялық жұмыстар жүргiзу, сондай-ақ кеме жүзетiн өзендерде, теңіздерде және су тоғандарында жалпы теңiзде жүзу қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету;
9) шет мемлекеттер мен әлемдiк мұхит аумағын қоса, топографиялық және арнайы карталар мен жоспарлар жасау және жаңарту үшiн аэроғарыштық түсiру жұмыстары;
10) Ұлттық картографиялық және геодезиялық қорды қалыптастыру және жүргiзу;
11) географиялық ақпараттық жүйелердi жасау және жүргiзу;
12) салалық мақсаттағы жалпыгеографиялық, саяси-әкiмшiлiк, ғылыми-анықтамалық және басқа да тақырыптық карталар, жоспарлар мен атластар, картографиялық оқу құралдарын құрастыру және басып шығару;
13) географиялық атауларды стандарттау, есепке алу және олардың қолданылуын ретке келтiру, Географиялық атаулардың мемлекеттiк каталогын жасау және жүргiзу;
14) ғылыми-зерттеу, тәжiрибелiк-конструкторлық жұмыстар жүргiзу және қазiргi заманғы технологияларды енгiзу;
15) геодезиялық және картографиялық қызмет саласында мемлекеттiк нормативтердi әзiрлеу, бекiту және қолданысқа енгiзу;
16) геодезия және картография техникасы өндiрiсiн ұйымдастыру;
17) геодезия және картография саласында халықаралық ынтымақтастыққа қатысу.
3. Арнайы және салалық мақсаттағы геодезиялық және картографиялық қызмет өзiне мыналарды қамтиды:
1) әртүрлi объектiлердi, жер үстi және жер асты құрылыстары мен торларын, құрылыс учаскесiне ғимараттар мен құрылыстардың бекiтпелерiн салу учаскелерiнiң бас жоспарларын құрастыруға, сондай-ақ өзге де арнайы жұмыстарды орындауға арналған топографиялық жоспарларды жасау және жаңарту;
2) графикалық, цифрлық, фотографиялық, электрондық және өзге де нысандарда арнайы мақсаттағы тақырыптық карталар, жоспарлар мен атластар жасау және басып шығару;
3) арнайы мақсаттағы географиялық ақпараттық жүйелердi жасау және жүргiзу;
4) сызық және алаң үлгiсiндегi инженерлiк құрылыстарды, жер асты құрылыстары мен торларын жобалау және iзденiс жүргiзу, салу және пайдалану кезiнде геодезиялық, топографиялық, аэротүсiру және басқа да арнайы жұмыстар, кадастрлар мен өзге де iзденiстер және арнайы жұмыстар жүргiзу;
5) осы тармақта көрсетiлген бағыттар бойынша ғылыми-зерттеу және тәжiрибелiк-конструкторлық жұмыстар жүргiзу;
6) инженерлiк-геодезиялық және маркшейдерлiк жұмыстар.
2-тарау. Геодезиялық және картографиялық қызметтi
мемлекеттiк реттеу және жүзеге асыру
5-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметiнің құзыретi
Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң құзыретiне:
1) геодезия және картография саласындағы қызметтi басқару мен қадағалаудың мемлекеттiк функциясын жүзеге асыратын орталық атқарушы органды (бұдан әрi - уәкiлеттi орган) анықтау;
2) тоғыстардың, биiктiктiң, гравиметриялық және спутниктiк өлшемдердің, сондай-ақ мемлекеттiк топографиялық карталар мен жоспарлардың масштабтық қатарының бiрыңғай мемлекеттiк жүйелерiн белгiлеу;
3) республикалық бюджет қаражаты есебiнен орындалатын топографиялық-геодезиялық және картографиялық жұмыстардың тiзбесiн бекiту;
4) лицензияланатын топографиялық-геодезиялық және картографиялық қызметке бiлiктiлiк талаптарын бекiту жатады.
6-бап. Уәкiлеттi органның құзыретi
1. Уәкiлеттi органның құзыретiне:
1) геодезиялық және картографиялық қызмет саласында бiрыңғай мемлекеттiк және техникалық саясат жүргiзу;
2) геодезиялық және картографиялық қызмет субъектiлерiнiң қызметiн үйлестiру;
3) мемлекеттiк мақсаттағы геодезиялық және картографиялық жұмыстарды, сондай-ақ арнайы және салалық мақсаттағы жұмыстарды орындауды ұйымдастыру;
4) мемлекеттiк геодезиялық қадағалауды жүзеге асыру, топографиялық-геодезиялық және картографиялық қызметтi лицензиялау және есепке алу;
5) Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасының және жергiлiктi жерлерде әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктер шекараларының дұрыс бейнеленiп көрсетiлуiн қадағалау және оны картографиялық материалдарда бейнелеп көрсету;
6) әкімшiлiк-аумақтық бiрлiктер арасындағы шекаралардың өзгерiстерi, сондай-ақ жергiлiктi жердiң және географиялық объектiлер атауларының өзгерiстерi бейнеленiп көрсетiлген кезекшi анықтамалық картаны жүргізу;
7) нормативтiк құқықтық актiлер мен геодезиялық және картографиялық жұмыстарды жүргiзуге техникалық талаптарды әзiрлеу, бекiту және қолданысқа енгiзу, барлық геодезиялық және картографиялық қызмет субъектiлерiнiң осы талаптарды сақтауына қадағалауды және олардың дұрыс қолданылуына бақылауды жүзеге асыру;
8) аэрофототүсiру, геодезиялық және картографиялық жұмыстарды жүргiзудi тiркеу, есепке алу және оған рұқсат беру;
9) геодезиялық пункттердi есепке алу және олардың сақталуын қамтамасыз етудi қадағалау;
10) геодезия және картография саласында халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыруға қатысу жатады.
2. Уәкiлеттi органның:
1) геодезиялық және картографиялық жұмыстарды ұйымдастыру мен орындау тәртiбiнiң анықталған бұзушылықтарын жоюды, сондай-ақ көрсетiлген жұмыстарды немесе аэроғарыштық түсiрулердi жүргiзу нәтижесiнде алынған геодезиялық және картографиялық материалдар мен деректердi шоғырландыруды, есепке алуды, сақтауды, пайдалануды және iске асыруды талап етуге;
2) нормативтiк құқықтық актiлердiң және техникалық талаптардың бұзылу фактiлерi анықталған жағдайда анықталған бұзушылықтар жойылғанға дейiн геодезиялық және картографиялық жұмыстарды жүргiзудi тоқтата тұруға;
3) ұйымдардан олардың меншiк нысандарына қарамастан осы Заңда көзделген функцияларды жүзеге асыру үшiн қажеттi ақпаратты заңдарда белгiленген тәртiппен сұратуға және алуға;
4) мемлекеттік қауiпсiздiк мүдделерiн ескере отырып, геодезиялық және картографиялық жұмыстардың, аэроғарыштық түсiрулердiң деректері мен материалдарын дайындау, есепке алу, сақтау, көбейту және пайдалану тәртiбiн регламенттейтiн нұсқаулықтар, нормалар мен ережелер әзiрлеуге құқығы бар.
3. Уәкiлеттi орган жоспарланған жұмыстардың учаскелерiнде жергiлiктi жердiң геодезиялық және картографиялық зерделенуi туралы тиiстi мәлiметтердi геодезиялық және картографиялық қызмет субъектiлерiне беруге мiндеттi.
4. Геодезиялық және картографиялық қызмет саласындағы мемлекеттiк қадағалауды жүзеге асыру ережесiн уәкiлеттi орган бекiтедi.
5. Уәкiлеттi орган өз қызметiн осы Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiне сәйкес жүзеге асырады.
7-бап. Топографиялық-геодезиялық және картографиялық қызметтi
мемлекеттiк лицензиялау
1. Топографиялық-геодезиялық және картографиялық жұмыстарды жүргiзу
мен топографиялық-геодезиялық және картографиялық өнiмдердi өткiзу
Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мiндеттi лицензиялауға жатады.
2. Топографиялық-геодезиялық және картографиялық қызметтi
лицензиялауды уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес
жүзеге асырады.
3. Күрделi құрылыс үшiн жобалау-iздестiру жұмыстары құрамында
топографиялық-геодезиялық және картографиялық қызметтi лицензиялауды
сәулет, қала құрылысы және құрылыс iстерi жөнiндегi уәкiлеттi орган жүзеге
асырады.
8-бап. Геодезиялық және картографиялық қызмет саласындағы
нормативтiк құқықтық актiлер мен техникалық талаптар
Нормативтiк құқықтық актiлер мен техникалық талаптар геодезиялық және
картографиялық жұмыстарды мемлекеттiк реттеуге және мемлекеттiк
қадағалауды жүзеге асыруға арналған бiрыңғай техникалық нормалар мен
ережелер бойынша осы жұмыстарды жүргiзу тәртiбiн белгiлейдi және барлық
геодезиялық және картографиялық қызмет субъектiлерi үшiн мiндеттi болып
табылады.
9-бап. Геодезиялық және картографиялық қызметтi метрологиялық
қамтамасыз ету
Уәкiлеттi органның стандарттау, метрология және сертификаттау саласында өз құзыретi шегiнде, Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес:
1) нормативтiк құжаттар талаптарына сәйкес геодезиялық өлшеу құралдарының бiрлiгi мен дәлдiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi қызметтi жүзеге асыруға;
2) геодезиялық, картографиялық және топографиялық өнiмдердi мiндеттi сертификаттау жөнiндегi жұмыстарды жүргiзуге;
3) геодезиялық және картографиялық жабдықтарға, аспаптар мен саймандарға метрологиялық бақылау және қадағалау жүргiзуге құқығы бар.
10-бап. Геодезиялық және картографиялық
қызметтi қаржыландыру
1. Мемлекеттiк мақсаттағы геодезиялық және картографиялық қызмет республикалық және жергiлiктi бюджеттер қаражаттары есебiнен қаржыландырылады.
2. Арнайы және салалық мақсаттағы геодезиялық және картографиялық қызмет тапсырысшы қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.
3. Тиiсiнше республикалық және жергiлiктi бюджеттер қаражаттары есебiнен қаржыландырылатын геодезиялық, топографиялық және картографиялық жұмыстардың тапсырысшылары және (немесе) орындаушылары болып табылатын геодезиялық және картографиялық қызмет субъектiлерi бұрын жасалған геодезиялық, топографиялық және картографиялық материалдар мен деректердi пайдалануға мiндеттi.
11-бап. Картографиялық өнiмге авторлық құқық
Картографиялық өнiмге, оның iшiнде топографиялық, гидрографиялық, арнайы және аэроғарыштық түсiрiс материалдарына авторлық құқық "Авторлық және сабақтас құқықтар туралы" Қазақстан Республикасының Заңымен және өзге де нормативтiк құқықтық актiлермен реттеледi.
12-бап. Қазақстан Республикасының Ұлттық
картографиялық-геодезиялық қоры
1. Қазақстан Республикасының Ұлттық картографиялық-геодезиялық қоры геодезиялық және картографиялық қызметтi жүзеге асыру нәтижесiнде алынған және жалпымемлекеттiк, салааралық маңызы бар геодезиялық, топографиялық, картографиялық, гидрографиялық, аэроғарыштық түсiрiс, гравиметриялық материалдар мен деректердiң жиынтығы болып табылады.
Ведомстволық картографиялық-геодезиялық қор арнайы (салалық) маңызы бар геодезиялық, топографиялық, картографиялық, гидрографиялық, гравиметриялық және аэроғарыштық түсiрiс материалдары мен деректердiң жиынтығы болып табылады және тиiстi орталық атқарушы органдардың қарамағында болады.
2. Ұлттық картографиялық-геодезиялық қор уәкiлеттi органның қарамағында болады.
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлiгiнiң картографиялық-геодезиялық қоры оның өз қарамағында болады.
3. Белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасының Ұлттық мұрағат қорының құрамына жатқызылған Ұлттық картографиялық-геодезиялық қордың құжаттары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес сақталады.
4. Қазақстан Республикасының Ұлттық картографиялық-геодезиялық қорының құжаттары мемлекеттiк меншiкте болады және мемлекет иелiгiнен алу мен жекешелендiру, сату-сатып алу, айырбастау немесе сыйға тарту объектiсi болуы, сондай-ақ басқа да мемлекетте тұрақты сақтауға әкетiлуi мүмкiн емес.
5. Қазақстан Республикасының Ұлттық картографиялық-геодезиялық қорының құжаттарын қалыптастыру, жинау, сақтау және пайдалану ережесiн уәкiлеттi органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Yкiметi бекiтедi.
Ведомстволық (салалық) картографиялық-геодезиялық қорлардың құжаттарын қалыптастыру, жинау, сақтау және пайдалану ережесiн және оларға енгiзiлген материалдар мен деректер тiзбесiн геодезия және картография жөнiндегi уәкiлеттi органның келiсiмi бойынша тиiстi орталық атқарушы органдар бекiтедi.
6. Қазақстан Республикасы Ұлттық картографиялық-геодезиялық қорының материалдары мен деректерiн пайдалану үшiн көрсетiлген материалдар мен деректердi (көшiрмелердi) жасауға, сақтауға және жеткiзiп беруге жұмсалған шығындарды, сондай-ақ көрсетiлген материалдар мен деректердi iрiктеу және көшiрмелер әзiрлеу жөнiндегi қызмет көрсетудi қамтитын төлем алынады. Мемлекеттiк органдар төлемнен босатылады.
Мемлекеттiк бюджет есебiнен картографиялық және геодезиялық жұмыстарды жүргiзу мақсатында Ұлттық картографиялық-геодезиялық қордың материалдары мен деректерiн пайдалану үшiн аталған материалдар мен деректердi iрiктеу және олардың көшiрмелерiн әзiрлеу, сондай-ақ аталған материалдар мен деректердi жеткiзiп беру жөнiндегi қызмет көрсетулерге ғана жұмсалған шығындарды қамтитын төлем алынады.
Ұлттық картографиялық-геодезиялық қордың материалдары мен деректерiн пайдалану үшiн алынған қаражат бюджет заңдарының ережелерiне сәйкес бюджетке жiберiледi.
7. Қазақстан Республикасы Ұлттық картографиялық-геодезиялық қорының мемлекеттiк құпияларды құрайтын мәлiметтер көздерi болып табылатын құжаттарға қол жеткiзу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
8. Қазақстан Республикасы Ұлттық картографиялық-геодезиялық қорының құжаттарын уәкiлеттi органның тиiстi рұқсатынсыз үшiншi тұлғаларға беруге және олардың көшiрмелерiн жасауға жол берiлмейдi.
9. Геодезиялық және картографиялық қызметтi жүзеге асыратын заңды және жеке тұлғалар өздерi жасаған геодезиялық және картографиялық материалдар мен деректердiң көшiрмелерiнiң бiр данасын Қазақстан Республикасының Ұлттық картографиялық-геодезиялық қорына авторлық құқығын
сақтай отырып, тегiн беруге мiндеттi.
10. Қазақстан Республикасы Ұлттық картографиялық-геодезиялық қорының
картографиялық және геодезиялық өнiмдерiн пайдаланушылар алынған
материалдар мен деректердiң сақталуын қамтамасыз етуге, оларды уәкiлеттi
орган белгiлеген мерзiмде қайтаруға, көрсетiлген материалдар мен
деректердегi мемлекеттiк құпияларды құрайтын мәлiметтердi жария етпеуге
мiндеттi.
13-бап. Геодезиялық және картографиялық өнiмге мемлекеттiк
меншiк
Республикалық және жергiлiктi бюджеттер қаражаттары есебiнен жүзеге
асырылатын геодезиялық және картографиялық қызмет нәтижесiнде алынған
геодезиялық және картографиялық өнiм, сондай-ақ гидрографиялық,
аэроғарыштық түсiрiс және гравиметриялық материалдар мен деректер,
сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық картографиялық-геодезиялық қорының
материалдары мен деректерi Қазақстан Республикасының мемлекеттiк меншiгi
болып табылады.
14-бап. Қазақстан Республикасының қорғанысы мен ұлттық
қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мүддесiндегi геодезиялық және
картографиялық қызмет
Қазақстан Республикасының қорғанысы мен ұлттық қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мүддесiндегі геодезиялық және картографиялық қызметтi өзара келiсiлген жұмыс жоспарлары бойынша қорғаныс саласындағы уәкiлеттi орган мен геодезия және картография жөнiндегi уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
15-бап. Жергiлiктi объектiлер туралы ақпараттарды беру
1. Қазақстан Республикасының аумағындағы географиялық, топографиялық және өзге де карталар мен жоспарларға бейнелеп түсiрiлуге тиiс жергiлiктi жердегi объектiлер туралы ақпараттардың иелерi болып табылатын заңды және жеке тұлғалар осы карталар мен жоспарларды әзiрлеушiлердiң немесе геодезиялық және картографиялық қызмет саласындағы уәкiлеттi органның сұратуымен оларға осы ақпараттар бар құжаттың көшiрмесiн бередi.
2. Дұрыс емес мәлiметтер беру салдарынан келтiрiлген зиян тиiстi ақпараттық ресурстар иелерiнiң қаражаты есебiнен өтеледi.
16-бап. Мемлекеттiк геодезиялық торлар пункттерiн қорғау
1. Мемлекеттiк геодезиялық торының геодезиялық пункттерi (астрономиялық-геодезиялық, геодезиялық, нивелирлiк және гравиметриялық пункттер, жерге қойылған белгiлер және осы пункттердiң ортасы), сондай-ақ арнайы геодезиялық торлардың пункттерi (орталар, бақылау маркалары, сыртқы белгiлер, бағдарлық пункттер) мемлекеттiк меншiк болып табылады және мемлекеттiң қорғауында болады.
Геодезиялық пункттердi бұзу немесе қайта салу (орнын ауыстыру) тек уәкiлеттi органның рұқсатымен ғана жүргiзiледi.
2. Геодезиялық пункттердi орналастыруға арналған жер учаскелерiнiң берiлуiн Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес жүргiзiледi.
3. Геодезиялық пункттер орналасқан жерлердiң жер учаскесiнiң меншiк
иелерi, тұрақты және уақытша жер пайдаланушылар мiндеттi түрде:
1) геодезиялық пункттердiң зияндалуы және жойылған жағдайлары туралы
геодезия және картография уәкiлеттi органына хабарлау;
2) геодезиялық және картографиялық жұмыстарды жүргiзу кезiнде
геодезиялық пункттердiң маңайына көлiкпен келуге (жаяу келуге) мүмкiндiк
беру.
4. Геодезиялық пункттердi қорғау жөнiндегi Ережесiн Қазақстан
Республикасының Yкiметi бекiтедi.
17-бап. Геодезиялық және картографиялық қызметi туралы
заңдарды бұзғаны үшiн жауапкершiлiк
Қазақстан Республикасының геодезиялық және картографиялық қызметi
туралы заңдардың бұзылуына кiнәлi азаматтар және заңды тұлғалар Қазақстан
Республикасының заң актiлерiнде белгiленген тәртiппен жауапқа тартылады.
3-тарау. Қорытынды ережелер
18-бап. Геодезия және картография саласындағы халықаралық
ынтымақтастық
Қазақстан Республикасы геодезия және картография саласындағы
халықаралық қарым-қатынасты пайдалы ынтымақтастықпен өркендетудi өзара
ынталылыққа байланысты жүзеге асырады.
Халықаралық ұйымдарда Қазақстан Республикасын геодезия және
картография саласындағы уәкiлеттi органы өз құзыретi шегiнде ұсынады.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Мамандар:
Багарова Ж.А.,
Қасымбеков Б.А.