Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. "Қазақстан Республикасының Бомбалық терроризмге қарсы күрес туралы
халықаралық конвенцияға қосылуы туралы" Қазақстан Республикасы Заңының
жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына
енгізілсін.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Жоба
Қазақстан Республикасының Заңы
Қазақстан Республикасының Бомбалық терроризмге
қарсы күрес туралы халықаралық конвенцияға қосылуы туралы
Қазақстан Республикасы 1998 жылғы 12 қаңтарда Нью-Йорк қаласында
жасалған Бомбалық терроризмге қарсы күрес туралы халықаралық конвенцияға
қосылсын.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Бомбалық терроризммен күрес туралы халықаралық конвенция
Осы Конвенцияға қатысушы мемлекеттер,
Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының мемлекеттер арасында халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдауға және тату көршілік пен достық қарым-қатынасты әрі ынтымақтастықты дамытуға қатысты мақсаттары мен принциптерін назарға ала отырып,
әлемдегі терроризм актілерінің барлық нысандары мен көріністерінде таралуына қатты алаңдаушылық таныта отырып,
Біріккен Ұлттар Ұйымының 50-жылдығына байланысты 1995 жылғы 24 қазандағы Декларацияға сүйене отырып,
сондай-ақ 1994 жылғы 9 желтоқсандағы Бас Ассамблеяның 49/60 қарарына қосымшадағы-Халықаралық терроризмді жою жөніндегі шаралар туралы декларацияға, атап айтқанда, "Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше елдер мемлекеттер мен халықтар арасындағы достық қарым-қатынасты және мемлекеттің аумақтық тұтастығы мен қауіпсіздігін қауіп-қатерге әкеліп соқтыратын терроризмнің барлық актілерін, әдістері мен тәжірибесін қайда болса да, кім жүзеге асырса да қылмыс екендігі және ақтауға жатпайтындығы ретінде сөзсіз айыптайтындығын салтанатты түрде растайды", - деп айтылғанға сүйене отырып,
Декларацияда мемлекеттерге "осы мәселенің барлық аспектілері енетін құқықтық шеңбердің бар болуын қамтамасыз ету мақсатында шұғыл түрде терроризмнің барлық нысандары мен көріністерінің алдын алу, жолын кесу және жою туралы қолданыстағы халықаралық құқықтық ережелердің қолдану саласында шолу өткізу" ұсыналатындығын атай отырып,
одан әрі Бас Ассамблеяның 1996 жылғы 17 желтоқсандағы 51/210 қарарына және 1994 жылғы Халықаралық терроризмді жою жөніндегі шаралар туралы декларацияны толықтыратын қосымшадағы Декларацияға сүйене отырып,
сондай-ақ жарылғыш немесе өзге де қырғынға ұшырататын құрылғыларды қолданатын террористік шабуылдардың үсті-үстіне кең көлем алып отырғандығын атай отырып,
одан әрі қолданыстағы халықаралық құқықтық көп жақты ережелерінде осы шабуылдардың тиісті дәрежеде қаралмайтындығын ескере отырып,
осындай терроризм актілерінің алдын алу және кінәлілерді қылмыстық қудалау әрі жазалау үшін тиімді, практикалық шараларды әзірлеуде және қабылдауда мемлекеттер арасындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтудың шұғыл қажеттілігіне көз жеткізе отырып,
осындай актілер барлық халықаралық қоғамдастықтың қатты алаңдаушылық мәселесі болып табылатындығын ескере отырып,
мемлекет әскери құрылымдарының әрекеттері осы Конвенция шегінен тыс халықаралық құқық нормаларымен реттелетіндігін және осы Конвенцияның қолданылуы аясынан кейбір іс-әрекеттерді шығару өзге қатынастағы заңсыз актілер үшін жауапкершіліктен босатпайтындығын, оларды заңдастырмайтындығын және басқа заңдар негізінде жауапкершілікке тартуға кедергі келтірмейтіндігін атай отырып,
төменде айтылғандар туралы келісті:
1-бап
Осы Конвенцияның мақсаты үшін:
1. "Мемлекеттік немесе үкіметтік объекті" өз қызметтік міндеттерін орындауына байланысты мемлекет өкілдері, үкімет мүшелері, заң немесе сот органы өкілдері, не мемлекеттік биліктің немесе өзге де мемлекеттік орган не мекеменің лауазымды адамдары немесе қызметшілері, не үкіметаралық ұйымның қызметшілері немесе лауазымды адамдары пайдаланатын, орналасатын қандай да болсын тұрақты немесе уақытша объектіні не көлік құралын білдіреді.
2. "Инфрақұрылым объектісі" халық мүддесі үшін сумен қамту, кәріз, энергиямен, отынмен жабдықтау немесе байланыс сияқты қызмет түрлерін көрсететін немесе бөлетін мемлекет не жеке меншіктегі қандай да болсын объектіні білдіреді.
3. "Жарылғыш немесе өзге де қырғынға ұшырататын құрылғы":
а) өлімге, қатты зақымдануға немесе елеулі материалдық зиянға әкеліп соқтыратын жарылғыш немесе өртегіш қаруды не құрылғыны; не болмаса
ә) токсикалық химиялық заттарды, биологиялық агенттерді, токсиндерді немесе осыған ұқсас заттарды, не радиацияны немесе радиоактивті материалдарды босату, себу немесе әсер өткізу арқылы өлімге, қатты зақымдануға немесе елеулі материалдық зиян туғызуы мүмкін қаруды не құрылғыны білдіреді.
4. "Мемлекеттің қарулы күштері" бірінші кезекте ұлттық қорғаныс немесе қауіпсіздік міндеттерін орындау үшін мемлекеттің ішкі заңдарына сәйкес ұйымдастырылған, үйретілген, жарақталған оның қарулы күштерін және осылардың ресми басқаруында, бақылауында әрі жауапкершілігінде болып, қарулы күштерді қолдауға іс-әрекет ететін тұлғаларды білдіреді.
5. "Қоғамдық пайдалану орындары" кез келген ғимараттың, жер учаскесінің, көшенің, су жолының немесе басқа да орындардың халық үшін ұдайы, мезгіл-мезгіл немесе анда-санда рұқсат не ашық бөлігін білдіреді және осы ретте халық үшін қолайлы және ашық кез келген коммерциялық, іскерлік, мәдени, тарихи, ағартушылық, табыну, мемлекеттік, ойын-сауық, демалыс немесе осыған ұқсас объектілер енеді.
6. "Қоғамдық көлік жүйесі" адамдарды немесе жүктерді тасымалдау бойынша жалпыға ортақ қызмет көрсету мақсаттары үшін пайдаланатын-мемлекеттік немесе жекелік болсын, - барлық объектілерді, көлік құралдары мен қосалқы элементтерді білдіреді.
2-бап
1. Егер кез келген адам заңсыз және қасақана түрде қоғамдық пайдалану орындары, мемлекеттік немесе үкіметтік объекті, қоғамдық көлік жүйесі объектісі немесе инфрақұрылым объектісі шектерінде жарылғыш не өзге де қырғынға ұшырататын құрылғыны жеткізсе, орналастырылса, іс-әрекетке келтірсе немесе жарса, онда осы Конвенцияның мазмұны бойынша қылмыс жасаған болып саналады, бұл дегеніңіз оларға қарсы:
а) өлім келтіру не қатты зақымдау ниетіне; немесе
ә) осындай орындарға, объектілерге немесе жүйелерге айтарлықтай қирату жүргізу ниетіне (осындай қирату ірі экономикалық залалда әкелсе немесе әкелуі мүмкін болса) бағытталған.
2. Сондай-ақ кез келген адам 1-тармақта көрсетілген қылмыстардың қайсысын болсын жасауға тырысса, онда ол қылмыс жасаған болады.
3. Сондай-ақ кез келген адам:
а) 1 не 2-тармақта көрсетілген қылмыстардың қайсысын болса да жасауда қатысушы ретінде қатысса; немесе
ә) 1 не 2-тармақта көрсетілген қылмыстардың қайсысын болса да жасау мақсатында басқа адамдарды ұйымдастырса немесе оларды басқарса; немесе
с) кез келген басқа тәсілмен ортақ мақсатта әрекет етуші адамдар тобының 1 немесе 2-тармақта көрсетілген бір немесе бірнеше қылмыстарды жасауына мүмкіндік туғызса, қылмыс жасаған болады; осындай жәрдем қасақана не қылмыстық іс-әрекеттің жалпы сипатын қолдау мақсатында немесе топтың тиісті қылмыстарды жасаудағы арам ниеттерін жете түсініп көрсетілуі тиіс.
3-бап
Егер қылмыс бір мемлекетте жасалса, шамаланған қылмыскер осы мемлекеттің азаматтары болып табылса, шамаланған қылмыскер осы мемлекеттің аумағында табылған жағдайда осы Конвенция қолданылмайды және басқа мемлекеттің осы Конвенциядағы 6-баптың 1-тармағына немесе 6-баптың 2-тармағына сәйкес өз құқықтық өкілеттігін жүзеге асыруына негіздеме жоқ, бұл дегеніңіз тиісті жағдайлар кезінде 10-15-бап ережелерінің қолданылуын жоққа шығармайды.
4-бап
Әрбір қатысушы мемлекет:
а) осы Конвенцияның 2-бабында көрсетілген іс-әрекеттерді ішкі заңдарға сәйкес қылмыс деп тану үшін;
ә) осы қылмыстардың ауыр сипатын ескере отырып, оларға тиісті жазалар белгілеу үшін шараларды қажеттілігіне қарай қолданады.
5-бап
Әрбір қатысушы мемлекет тиісті жағдайларда ішкі заңдар саласында осы Конвенцияның іс-қимылына қатысты, атап айтқанда, халық, адамдар тобы немесе нақты адамдар арасында террорлық жағдай туғызуға бағытталған не оны көздеген қылмыстық істердің қандай да болсын саяси, философиялық, идеологиялық, нәсілдік, этникалық, діни немесе өзге осыған ұқсас сипаттағы
түсініктегі сипаттар бойынша кез келген жағдайда ақталмауын және оның
ауырлық дәрежесіне сай жазалануын қамтамасыз ету үшін қажет болуы мүмкін
шараларды қолданады.
6-бап
1. Әрбір қатысушы мемлекет 2-бапта көрсетілген қылмыстарға қатысты
құқықтық өкілеттікті белгілеу үшін қажет болуы мүмкін шараларды қолданады,
мәселен:
а) қылмыс осы мемлекеттің аумағында жасалса; немесе
ә) қылмыс жасаған сәтте осы мемлекеттің заңдарына сәйкес тіркелген,
осы мемлекеттің туымен жүзетін кеме немесе әуе кемесі бортында қылмыс
жасалса; немесе
б) қылмысты осы мемлекеттің азаматы жасаса.
2. Сондай-ақ қатысушы мемлекет:
а) қылмыс осы мемлекеттің азаматына қарсы жасалса; немесе
ә) қылмыс шетелде осы мемлекеттің елшілігін не өзге де дипломатиялық, консулдық өкілдіктерін қоса алғанда, мемлекеттік, не болмаса үкіметтік объектілерге қарсы жасалса; немесе
б) қылмысты, әдетте, осы мемлекеттің аумағында тұратын азаматтығы жоқ адам жасаса; немесе
с) қылмыс осы мемлекетті қандай да болсын іс-әрекет жасауға мәжбүрлеу не одан тартыну әрекетінде жасалса; немесе
д) қылмыс осы мемлекеттің үкіметі пайдаланатын әуе кемесінің бортында жасалса өзінің құқықтық өкілеттігін белгілеу мүмкін.
3. Осы Конвенцияның бекіту, қабылдау, құптау немесе оған қосылу кезінде әрбір қатысушы мемлекет өзінің ішкі заңдарының негізінде 2-тармаққа сәйкес құқықтық өкілеттігін белгілегендігін Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Хатшысына хабарлайды. Өзгерістер болған жағдайда тиісті қатысушы мемлекет осы туралы Бас Хатшыны хабардар етеді.
4. Әрбір қатысушы мемлекет шамаланған қылмыскер оның аумағында болған жағдайда 2-бапта көрсетілген қылмыстарға қатысты оның құқықтық өкілеттігін белгілеу үшін қажет болуы мүмкін шараларды қолданады және ол қылмыскерді 1 және 2-тармаққа сәйкес өз құқықтық өкілеттігін белгілеген ешбір қатысушы мемлекетке бермейді.
5. Осы Конвенция қатысушы мемлекеттің ішкі заңдарына сәйкес белгіленген қылмыстық құқықтық өкілеттіктің жүзеге асырылуын жоққа шығармайды.
7-бап
1. Қатысушы мемлекет 2-бапта көрсетілген қылмысты жасаған немесе шамамен жасаған адам оның аумағында болуы мүмкін туралы ақпаратты алысымен, ондағы фактілерді тексеру үшін өзінің ұлттық заңдарына сәйкес қажет болуы мүмкін шараларды қолданады.
2. Аумағында қылмыскер немесе шамаланған қылмыскер бар қатысушы мемлекет жағдайдың талап етіп отырғандығына көз жеткізген соң, өзінің ішкі заңдарына сәйкес қылмыстық қудалау немесе беру мақсаттары үшін оның қатысуын қамтамасыз ету бойынша тиісті шаралар қолданады.
3. Кез келген адамға қатысты 2-тармақта айтылған шаралар қолданылғанда:
а) белгілі бір елдің азаматы болып табылса немесе осы адамды қорғауға құқылы мемлекеттің жақын тиісті өкілімен, азаматтығы жоқ болса, тұратын жеріне байланысты сол мемлекеттің өкілімен кідіріссіз байланысуға;
ә) оның өкілімен осы мемлекетте болуға;
б) а және ә тармақшаларына сәйкес өзінің құқықтары туралы хабардар болуға құқығы бар.
4. 3-тармақта айтылған құқықтар аумағында қылмыскер немесе шамаланған қылмыскер бар мемлекеттің заңдарына сәйкес жүзеге асырылады және де айтылған заңдар 3-тармаққа сәйкес берілетін құқықтардың мақсаттарына толық жету мүмкіндігін қамтамасыз етуі тиіс.
5. 3 және 4-тармақтың ережелері 6-баптың 1) немесе 2) тармақшаларына сәйкес құқықтық өкілеттікке үміткер әрбір қатысушы мемлекеттің құқығына залал келтірмейді, Қызыл Кресттің Халықаралық комитетінен шамаланған қылмыскермен байланысуды немесе оған баруды сұрайды.
6. Қатысушы мемлекет осы бапқа сәйкес адамды қамауға алғаннан соң тікелей немесе Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы арқылы 6-баптың 1 және 2-тармақтарына сәйкес құқықтық өкілеттігін белгілеген қатысушы мемлекеттерге және орынды деп тапса, кез келген басқа да мүдделі қатысушы мемлекеттерге осы адамның қамауда болу фактісі мен оны ұстау себебінің жағдайлары туралы хабарлауға тиіс. 1-тармақта қарастырылған тексеруді жүргізетін мемлекет айтылған қатысушы мемлекеттерге өзінің тұжырымдарын жедел баяндап, өз құқықтық өкілеттігін жүзеге асыру ниетін хабарлайды.
8-бап
1. Аумағында 6-бап қолданылатын шамаланған қылмыскері бар қатысушы мемлекет оны бермейтін болса, онда еш ескертусіз және қылмыс оның аумағында жасалғандығына, жасалмағандығына қарамастан істі себепсіз кешіктірмей өзінің заңдарына сәйкес тексеру жүргізу жолымен қылмыстық қудалау мақсаттары үшін өзінің құзыретті органына беруге міндетті. Осы органдар сол мемлекеттің заңдарына сәйкес басқа да ауыр сипаттағы қылмыстарға сай шешім қабылдайды.
2. Барлық жағдайларда қатысушы мемлекеттің ішкі заңдары өзінің азаматын басқа мемлекетке сот қарауы нәтижесінде шығарылған үкім бойынша жазасын өтеу немесе осы адамды беру немесе тапсыру сұратылған сотта істі қарау шартымен ғана беруге немесе тапсыруға мүмкіндік береді, осы мемлекет және осы адамды беруді мақұлдаушы мемлекет осы нұсқамен әрі орынды деп таныған басқа да шарттармен келіседі, осындай алдын ала келісілген беру немесе тапсыру 1-тармақта айтылған міндеттерді орындау үшін жеткілікті болады.
9-бап
1. 2-бапта көрсетілген қылмыстар берілетін қылмыстар ретінде осы Конвенция күшіне енгенге дейін қандай да болсын қатысушы мемлекеттер арасында жасасқан беру туралы кез келген шартқа қосуға жатады деп саналады. Қатысушы мемлекеттер осындай қылмыстарды берілетін қылмыстар ретінде кейіннен өзара жасасатын беру туралы барлық шарттарға қосуға міндеттенеді.
2. Беруді шарттың болуымен байланыстырған қатысушы мемлекетке беру туралы шарты жоқ басқа қатысушы мемлекет-беру жөнінде өтініш жіберген жағдайда, онда ол 2-бапта көрсетілген қылмыстармен байланысты беру үшін құқықтық негіздеме ретінде осы Конвенцияны басшылыққа алуы мүмкін. Беру сұраным жіберген мемлекеттің заңдарына қарастырылған басқа да шарттарды сақтай отырып жүзеге асырылады.
3. Беруді шарттың болуымен байланыстырмайтын қатысушы-мемлекеттер 2-бапта көрсетілген қылмыстарды өзара қарым-қатынаста сұраным жіберуші мемлекеттің заңдарында қарастырылған шарттарды сақтай отырып, берілетін қылмыстар ретінде қарастырады.
4. Қажет болған жағдайда 2-бапта көрсетілген қылмыстарды қатысушы мемлекеттер беру мақсаттары үшін белгілі бір орында ғана емес, сондай-ақ 6-баптың 1 және 2-тармақтарына сәйкес өз құқықтық өкілеттігін белгілеген мемлекеттер аумағында жасалған қылмыс ретінде қарастырады.
5. Қатысушы мемлекеттер арасындағы 2-бапта көрсетілген қылмыстармен байланысты беру туралы барлық шарттар мен уағдаластықтардың ережелері Қатысушы мемлекеттер арасындағы қарым-қатынаста осы Конвенцияға сай келу-келмеуіне байланысты өзгертілген болып саналады.
10-бап
1. Қатысушы мемлекеттер 2-бапта көрсетілген қылмыстарға қатысты басталған тексеруге, қылмыстық қудалауға немесе беру рәсімдеріне байланысты, сондай-ақ тексеру үшін қажетті оларда бар дәлелдерді беру үшін жәрдемдесуде бір-біріне барынша көмек көрсетеді.
2. Қатысушы мемлекеттер 1-тармақ бойынша өз міндеттерін олардың арасында болуы мүмкін өзара құқықтық көмек туралы кез келген шарттарға немесе басқа да уағдаластықтарға сәйкес орындайды. Осындай шарттар немесе уағдаластықтар болмаған жағдайда қатысушы мемлекеттер бір-біріне өздерінің ішкі заңдарына сәйкес көмек көрсетеді.
11-бап
2-бапта көрсетілген қылмыстардың ешқайсысы саяси қылмыс, не саяси қылмыспен байланысты қылмыс, немесе саяси себептен туындаған қылмыс ретінде беру немесе өзара құқықтық көмек мақсаттары үшін қарастырылмайды. Осыған сәйкес осындай қылмыспен байланысты беру туралы немесе өзара құқықтық көмек туралы өтінішті саяси қылмыс, не саяси қылмыспен байланысты қылмыс немесе саяси себептен туындаған қылмыс болғандықтан қабылдауға тиіс.
12-бап
Егер сұраным жіберуші мемлекеттің 2-бапта айтылған қылмыстармен байланысты беру туралы немесе адамдарды оның нәсілі, діни нанымы, азаматтығы, этникалық тегі, саяси сенімі себептері бойынша соттық қудалау, не жазалау мақсатында осындай қылмыстарға қатысты өзара құқықтық көмек көрсету туралы өтінішінің салмақты негіздері болса, не болмаса осы өтінішті қанағаттандыру айтылған себептердің біреуі бойынша осы адамның жағдайына залал келтірсе, онда осы Конвенциядағы айтылғандар қандай да болсын адамды беруге немесе өзара көмек көрсетуге арналған міндеттеме ретінде түсіндірілмеуі тиіс.
13-бап
1. Бір қатысушы мемлекеттегі қамауда отырған немесе абақтыда мерзімін өтеуші адамның басқа қатысушы мемлекетте қатысуы осы Конвенцияға сәйкес қылмыстармен байланысты тексеру немесе қылмыстық қудалау үшін дәлелдерді алуда түсініктер беру, жеке басын анықтау немесе өзге де көмек көрсету мақсаттары үшін қажет болғандықтан, төмендегідей шарттарды сақтай отырып берілуі мүмкін:
а) осы адам толық ақпарат негізінде еркін түрде келісімін берсе;
ә) екі мемлекеттің құзыретті биліктері өздері қолайлы деп санайтын келісімге қол жеткізсе.
2. Осы баптың мақсаттары үшін:
а) адамды қабылдаушы мемлекет, егер оны тапсырушы мемлекет өзге де жағдайларды талап етпесе, берілген адамды күзетте ұстауға құқылы және міндетті;
ә) адамды қабылдаушы мемлекет алдын ала келісім немесе екі мемлекеттің құзыретті биліктерінің келісімдері бойынша осы адам алдыңғы берген мемлекеттің қарамағына қайтарылғаннан соң өз міндеттерін кешіктірмей орындайды;
б) адамды қабылдаушы мемлекет оны тапсырған мемлекеттен оны қайтару үшін беру рәсімін қозғауды талап етпеуі тиіс;
с) адамның бір мемлекеттегі жазасын өтеу мерзіміне екінші бір мемлекеттегі қамаудағы мерзімі де есепке алынады.
3. Осы бапқа сәйкес азаматтығына қарамастан берілуі тиіс адам қатысушы мемлекеттің келісімінсіз қудалауға немесе қамауда ұстауға жатпайды және оны тапсырған мемлекеттің аумағындағы ол кеткенге дейінгі әрекеттерге, не оған қатысты шығарылған үкімге байланысты оны қабылдаушы мемлекеттің аумағында оның бас бостандығы шектелмеуі тиіс.
14-бап
Қамауға алынған немесе оған қатысты қандай да болсын шаралар қолданылған, не болмаса осы Конвенцияға сәйкес тексеру жүзеге асырылған кез келген адамға әділетті түрде қарауға, соның ішінде аумағында осы адам бар мемлекеттің заңдарына және қолданылатын халықаралық құқықтар ережелеріне, адам құқықтары туралы ережені қоса пайдалануға кепілдік беріледі.
15-бап
Қатысушы мемлекеттер 2-бапта көрсетілген қылмыстардың алдын алу үшін мынадай жолдар арқылы ынтымақтасады:
а) барлық болуы мүмкін шараларды, қажет болған жағдайды аумақтары шегінде немесе шегінен тыс осындай қылмыстарды жасау дайындығының алдын алу және осындай дайындыққа қарсы әрекет ету бойынша заң шараларын, соның ішінде олардың аумақтарында 2-бапта көрсетілген қылмыстарды жасауды көтермелейтін, ұйымдастыратын, қасақана қаржыландыратын, оған итермелейтін, не қатысатын адамдардың, топтар мен ұйымдардың заңсыз әрекеттерін тыю бойынша шаралар қолдану;
ә) Өзінің ұлттық заңдарына сәйкес нақты және тексерілген ақпарат алмасу және 2-бапта көрсетілген қылмыстарды жасаудың алдын алу мақсатында қажетті қолданылатын әкімшілік пен басқа да шараларды үйлестіру;
б) орынды деп тапқан жағдайда өлімге немесе зақымдануға әкеліп соқтыратын жарылғыш және басқа да қауіпті заттарды табу әдістеріне қатысты зерттеулер мен игерулерді жүзеге асыру, жарылғаннан кейінгі тексеру барысында олардың шығу тегін анықтау мақсатында жарылғыш заттарды таңбалау үшін стандарттарын әзірлеу, ескерту шаралары, ынтымақтастық жасау және технологияларды, жабдықтар мен тиісті материалдарды беру туралы ақпарат алмасу мәселелері бойынша кеңестер өткізу.
16-бап
Шамаланған қылмыскері қылмыстық қудалауға тартылған қатысушы мемлекет
өзінің ішкі заңдарына немесе қарудың соңғы нәтижелері туралы қолданылатын
рәсімдерге сәйкес Біріккен Ұлттар Бас хатшысына хабарлайды, ол осы
ақпаратты басқа қатысушы мемлекеттерге жібереді.
17-бап
Қатысушы мемлекеттер өз міндеттемелерін осы Конвенция бойынша
мемлекеттердің егемендік теңдігі және аумақтық тұтастық принциптеріне,
сондай-ақ басқа мемлекеттердің ішкі істеріне араласпау принциптеріне жауап
бере алатындай дәрежеде орындайды.
18-бап
Осы Конвенцияда айтылғандар қатысушы мемлекетке басқа қатысушы мемлекеттің аумағында оның ішкі заңдарына сәйкес ондағы өкімет құзыретіне ғана енетін құқықтық өкілеттіктер мен функцияларды жүзеге асыру құқығын бермейді.
19-бап
1. Осы Конвенцияда айтылғандар халықаралық құқыққа, атап айтқанда, Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының мақсаттары мен принциптеріне және халықаралық гуманитарлық құқыққа сәйкес мемлекеттер мен адамдардың басқа құқықтарын, міндеттемелері мен міндеттерін қозғамайды.
2. Халықаралық гуманитарлық құқықта түсінілетін, осы құқықпен реттелетін қарулы қақтығыс кезіндегі қарулы күштердің іс-әрекеттері осы Конвенциямен реттелмейді, себебі ресми функцияларды жүзеге асыру мақсатында мемлекеттің қарулы күштері қолданатын іс-әрекеттер онымен басқа халықаралық құқықтық нормаларымен реттеледі.
20-бап
1. Осы Конвенцияға түсінік беру немесе оның қолданылуына қатысты екі немесе одан көп қатысушы мемлекеттердің арасындағы белгілі бір кезең ішінде келіссөздер арқылы реттелмейтін кез келген дау олардың біреуінің өтініші бойынша төрелік сотқа беріледі. Егер төрелік сотқа өтініш жасаған күннен бастап алты ай уақыт ішінде тараптар оның шешімі туралы келісе алмаса, онда тараптардың қайсысы болса да Соттың Мәртебесіне сәйкес арызбен шығып, дауды Халықаралық Сотқа беруі мүмкін.
2. Әр мемлекет осы Конвенцияға қол қойғанда, қабылдағанда, бекіткенде, құптағанда немесе оған қосылғанда 1-тармақтың ережелерімен өзін байланысты деп санамайтындығын мәлімдеуі мүмкін. Басқа қатысушы мемлекеттер осындай ескертпе жасаған кез келген қатысушы мемлекетке қатысты 1-тармақтың ережелерімен байланыспайды.
3. 2-тармаққа сәйкес ескертпе жасаған қандай да болсын мемлекет осы ескертпені кез келген уақытта Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына хабарлау арқылы қайтып ала алады.
21-бап
1. Осы Конвенцияға Нью-Йорктағы Біріккен Ұлттар Ұйымының орталық мекемелерінде 1998 жылғы 12 қаңтардан 1999 жылғы 31 желтоқсан аралығында барлық мемлекеттерге қол қоюға болады.
2. Осы Конвенция бекітуге, қабылдауға және құптауға жатады. Бекіту мақтау қағаздары не қабылдау немесе құптау құжаттары Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына сақтауға тапсырылады.
3. Осы Конвенция кез келген мемлекеттің қосылуына ашық. Қосылу туралы құжаттар Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына сақтауға тапсырылады.
22-бап
1. Осы Конвенция Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына жиырма екі бекіту мақтау қағаз немесе қабылдау, құптау немесе қосылу туралы құжаттар тапсырылғаннан кейін отызыншы күні күшіне енеді.
2. Жиырма екі бекіту мақтау қағаздарын немесе қабылдау, құптау немесе қосылу туралы құжаттарды сақтауға тапсырғаннан соң осы Конвенцияны бекітетін, қабылдайтын немесе құптайтын әрбір мемлекет үшін Конвенция осы мемлекет өзінің бекіту мақтау қағаздарын немесе қабылдау, құптау немесе қосылу туралы құжаттарын сақтауға тапсырғаннан кейін отызыншы күні күшіне енеді.
23-бап
1. Кез келген қатысушы мемлекет Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына жазбаша хабарлау арқылы осы Конвенцияның күшін жоюы мүмкін.
2. Келісімді бұзу Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысының
хабарламасын алған күннен бастап бір жыл өткеннен соң күшіне енеді.
24-бап
Мәтіні ағылшын, араб, испан, қытай, орыс және француз тілдеріндегі
осы Конвенцияның түпнұсқасы тең түпнұсқа болып табылады және ол Біріккен
Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына сақтауға тапсырылады, соңғысы осы
Конвенцияның куәландырылған көшірмелерін барлық мемлекеттерге таратады.
Куәландыру ретінде өзінің тиісті үкіметтеріне уәкілетті төмендегі қол
қоюшылар 1998 жылғы 12 қаңтарда Нью-Йоркта қол қою үшін ашылған осы
Конвенцияға қол қойды.
Мамандар:
Багарова Ж.А.,
Қасымбеков Б.А.