Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:
Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Адам құқықтары жөнiндегi ұлттық орталық құру туралы" Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентiнiң қарауына енгiзiлсiн.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Жоба
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПРЕЗИДЕНТІНІҢ ЖАРЛЫҒЫ
Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық құру туралы
Қазақстан Республикасы Президентінiң "Адам құқықтары жөнiндегi уәкiл қызметiн белгiлеу туралы" 2002 жылғы 19 қыркүйектегi N 947 Жарлығын iске асыру мақсатында қаулы етемін:
1. "Адам құқықтары жөнiндегi ұлттық орталық" мемлекеттiк мекемесi құрылсын.
2. Қоса берiлiп отырған Адам құқықтары жөнiндегi ұлттық орталық туралы ереже бекiтiлсiн.
3. Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдары жүйесiн одан әрi оңтайландыру жөнiндегi шаралар туралы" 1999 жылғы 22 қаңтардағы N 29 Жарлығына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1999 ж., N 1, 2-құжат, 2001 ж., N 4-5, 43-құжат; 2002 ж., N 26, 272-құжат) мынадай толықтыру енгізілсiн:
аталған Жарлыққа 1-қосымша мынадай мазмұндағы жолмен толықтырылсын:
"Адам құқықтары жөнiндегi ұлттық орталық 14".
4. Осы Жарлық қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.
Қазақстан Республикасының
Президентi
Қазақстан Республикасы
Президентiнiң
2002 жылғы "__"________
N___ Жарлығымен
бекітiлген
Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық туралы
ЕРЕЖЕ 1. Жалпы ережелер
1. Адам құқықтары жөнiндегi ұлттық орталық (бұдан әрi - Ұлттық орталық) Адам құқықтары жөнiндегі уәкiлдiң қызметiн ақпараттық-талдау, ұйымдық-құқықтық және өзге де қамтамасыз етудi жүзеге асырады.
2. Ұлттық орталық өз қызметiн Қазақстан Республикасының Конституциясына , Қазақстан Республикасының заңдарына, Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Адам құқықтары жөнiндегі уәкiл қызметiн белгiлеу туралы" 2002 жылғы 19 қыркүйектегi N 947 Жарлығына , осы Ережеге, өзге де нормативтiк құқықтық актiлерге сәйкес жүзеге асырады.
3. Ұлттық орталық туралы ереженi Адам құқықтары жөнiндегi уәкiлдiң ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi бекітедi.
4. Ұлттық орталық мемлекеттік мекеменiң ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк елтаңбасы бейнеленген және өз атауы мемлекеттік тiлде жазылған мөрi мен бланкілерi, сондай-ақ бюджеттi атқару жөнiндегі уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшелерiнде және банктерде тиiстi шоттары болады.
5. Ұлттық орталық өз атынан азаматтық-құқықтық қатынастарға түседi.
6. Ұлттық орталықтың қызметiн қаржыландыру республикалық бюджеттің қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.
7. Ұлттық орталықтың заңды мекен-жайы:
473000, Астана қаласы, Бейбiтшiлiк көшесi, 2.
2. Ұлттық орталықтың негiзгi мiндеттерi мен функциялары
8. Ұлттық орталықтың негiзгi мiндеттерi:
1) Адам құқықтары жөнiндегi уәкiлге адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының сақталуын қадағалауды жүзеге асыруда жан-жақты көмек көрсету;
2) Адам құқықтары жөнiндегi уәкiлдiң адамның және азаматтың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтiру жөнiндегi қызметiн қамтамасыз ету;
3) Адам құқықтары жөнiндегi уәкiлге Қазақстан Республикасының заңдарын жетiлдiру бойынша адам құқықтары мен бостандықтары, оларды қорғаудың нысандары мен әдiстерi саласында ұсыныстар әзiрлеуде, заңдарды халықаралық құқық, адам құқықтары саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту қағидаттары мен нормаларына сәйкес келтiруде көмек көрсету;
4) адам құқықтары мен бостандықтары саласында халықты құқықтық ағартушылыққа жәрдемдесу болып табылады.
9. Ұлттық орталық оған жүктелген мiндеттерге сәйкес мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) азаматтарды қабылдауды және Адам құқықтары жөнiндегi уәкiлдiң Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетел азаматтарының және азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасының Конституциясымен және халықаралық шарттарымен кепiлдiк берілген олардың құқықтары мен бостандықтарын бұзатын лауазымды адамдардың және ұйымдардың iс-әрекеттерi мен шешiмдерiне шағымдарды қарауды қамтамасыз етедi;
2) Адам құқықтары жөнiндегi уәкiлдiң атынан және тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртіппен адам мен азаматтың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қорғау жөнiнде шаралар қабылдау бойынша Адам құқықтары жөнiндегі уәкілдiң қызметін қамтамасыз етедi;
3) Қазақстан Республикасында адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын сақтау мониторингiн жүзеге асырады;
4) адамның бұзылған құқықтары мен бостандықтары туралы ақпаратты қорытындылайды, жүйелейдi және талдайды, Адам құқықтары жөнiндегі уәкілге олардың себептерi мен шарттарын жою жөнiндегi шаралар туралы ұсыныстар енгiзедi;
5) Адам құқықтары жөнiндегi уәкiлдiң пiкiрi бойынша зор қоғамдық маңызы бар жағдайларда Қазақстан Республикасының Президентiне, Парламентiне немесе Қазақстан Республикасының Үкiметiне Уәкiл арнау хаттарының жобаларын әзiрлейдi;
6) Адам құқықтары жөнiндегi уәкiл жүргiзген тексерулер нәтижелерi бойынша бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау үшiн Уәкiлдiң ресми хабарламалары жобаларын дайындайды;
7) тиiстi мемлекеттiк органдарға iс-әрекеттерi адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының бұзылуына әкеп соқтырған адамдарды заңмен белгiленген жауапкершiлiкке тарту туралы, сондай-ақ материалдық және моральдық зиянды өтеу шараларын қабылдау туралы Адам құқықтары жөнiндегi уәкiл енгiзетiн ұсынымдардың жобаларын дайындайды;
8) Адам құқықтары мен бостандықтары, оларды қорғаудың нысандары мен әдiстерi, оларды халықаралық құқықтың жалпыға танылған қағидаттары мен нормаларына сәйкес келтiру, адам құқықтары саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту саласындағы Қазақстан Республикасының заңдарын жетілдіру мәселелерi бойынша Адам құқықтары жөнiндегi уәкiлдiң қорытындыларының жобаларын дайындайды;
9) Адам құқықтары жөнiндегі уәкiлдi Қазақстан Республикасының заңдары туралы, адам құқықтары саласындағы Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы құқықтық ақпаратпен қамтамасыз етеді;
10) Адам құқықтары жөнiндегi уәкiлдiң тапсырмасы бойынша адамның құқықтары мен бостандықтары саласында халықты құқықтық ағарту мәселелерiмен айналысады, бiлiм беру бағдарламаларының, ұлттық заң актiлерiнiң жобаларын әзiрлеуге қатысады;
11) Адам құқықтары жөнiндегі уәкiлдiң қызметi туралы ақпаратты жинауды, талдауды және таратуды жүзеге асырады;
12) Адам құқықтары жөнiндегi уәкiлдiң өз қызметi туралы Қазақстан Республикасының Президентiне ұсынатын жыл сайынғы есебiн уақытылы дайындауды қамтамасыз етедi;
13) Адам құқықтары жөнiндегi уәкiлдiң тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасының құқық қорғау және өзге қоғамдық бiрлестiктерiмен, сондай-ақ халықаралық құқық қорғау ұйымдарымен өзара iс-қимыл жасайды;
14) Адам құқықтары жөнiндегi уәкiл жанындағы сарапшылар кеңесi қызметiн ұйымдастыру-әдiстемелiк қамтамасыз етудi жүзеге асырады;
15) Адам құқықтары жөнiндегі уәкілдiң мұрағатын қалыптастырады және мұрағаты мен iс қағаздарын жүргiзедi;
16) Адам құқықтары жөнiндегi уәкiлдiң тапсырмасы бойынша және оның құзыретi шегінде өзге де функцияларды жүзеге асырады.
3. Ұлттық орталықтың мүлкi
10. Ұлттық орталықтың жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкi болады.
11. Ұлттық орталықтың мүлкi мемлекет берген мүлiктiң есебiнен құралады.
12. Ұлттық орталыққа бекiтiлiп берiлген мүлiк республикалық меншiкке жатады.
13. Таратылған жағдайда Ұлттық орталықтың мүлкi заң актiлерiнде белгiленген тәртiппен пайдаланылады.
4. Ұлттық орталықтың қызметiн ұйымдастыру
14. Адам құқықтары жөнiндегi уәкiл Ұлттық орталықтың құрылымын бекiтедi.
15. Ұлттық орталыққа басшылық жасауды Адам құқықтары жөнiндегi уәкiл қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын басшы жүзеге асырады.
Ұлттық орталықтың басшысы өз жұмысы туралы Адам құқықтары жөнiндегi уәкiлге үнемi есеп бередi.
16. Ұлттық орталық басшысының өкiлеттiктерiн, лауазымдық мiндеттерi мен жауапкершілігін Адам құқықтары жөнiндегi уәкiл белгiлейдi. Ұлттық орталықтың басшысы заңдарға сәйкес:
1) Ұлттық орталықтың жұмысын ұйымдастырады және оған басшылықты жүзеге асырады;
2) заңдарға сәйкес мемлекеттік органдармен, өзге де ұйымдармен және лауазымды адамдармен қатынастарда Ұлттық орталықты бiлдiредi;
3) Ұлттық орталықтың жұмыс жоспарын әзiрлейдi, оның орындалуын iске асыруды және бақылауды ұйымдастырады;
4) Адам құқықтары жөнiндегi уәкiлдiң келiсiмi бойынша Ұлттық орталық қызметкерлерiнiң өкiлеттiктерiн белгiлейдi;
5) Адам құқықтары жөнiндегi уәкiлдiң келiсiмi бойынша Ұлттық орталықтың қызметкерлерiн қызметтерге тағайындайды және қызметтерден босатады;
6) оның құзыретiне жатқызылған басқа да мәселелер бойынша шешiмдер қабылдайды;
7) Ұлттық орталықтың басшысы оның құзыретiне жатқызылған мәселелер бойынша бұйрықтар шығарады.
17. Ұлттық орталықтың штат кестесi әкiмшiлiк мемлекеттiк қызметшiлер лауазымдарының тiзiлiмiне сәйкес жасалады.
18. Ұлттық орталықты қаржыландыру жоспарын Адам құқықтары жөнiндегi уәкiлдiң келiсiмi бойынша Ұлттық орталықтың басшысы бекітедi.
19. Ұлттық орталықтың қызметiне материалдық-техникалық қызмет көрсетудi Қазақстан Республикасы Президентiнiң Iс Басқармасы жүзеге асырады.
20. Ұлттық орталықты қайта ұйымдастыру және тарату заңдарда белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.