Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
"Жеке нотариустардың азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
жоба
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ Жеке нотариустардың азаматтық-құқықтық
жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру туралы
Осы Заң жеке нотариустардың азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандырумен байланысты туындайтын қатынастарды реттейдi және оны жүргiзудiң құқықтық, қаржылық және ұйымдық негiздерiн белгiлейдi.
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) шартсыз франшиза - белгiленген соманы шегере отырып, сақтандыру төлемiн жүзеге асыруды көздейтiн франшиза;
2) пайда алушы - осы Заңға сәйкес сақтандыру төлемiн алушы болып табылатын тұлға;
3) жеке нотариустың азаматтық-құқықтық жауапкершiлігі - жеке нотариустың "Нотариат туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жекелеген нотариаттық iс-әрекеттердi жасау нәтижесiнде келтiрілген зиянды өтеуге Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген мiндетi;
4) сақтанушы - сақтандырушымен жеке нотариустың азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартын жасасқан жеке нотариус;
5) сақтандыру сыйлықақысы - сақтандырушының жеке нотариустың азаматтық-құқықтық жауапкершiлiк мiндеттi сақтандыру шартында енген мөлшерде пайда алушыға сақтандыру төлемiн жасауға мiндеттеме қабылдағаны үшiн оған сақтанушы төлеуге міндеттi ақша сомасы;
6) сақтандыру сомасы - сақтандыру объектiсi сақтандырылған және сақтандыру жағдайы басталған кезде сақтандырушы жауапкершiлiгiнiң шектi көлемi болатын ақша сомасы;
7) сақтандыру жағдайы - басталуына байланысты сақтандыру шарты сақтандыру төлемiн жүзеге асыруды көздейтiн жағдай;
8) сақтандырушы - сақтандыруды жүзеге асыратын, яғни сақтандыру жағдайы басталған кезде сақтанушыға немесе шартпен белгiленген сома (сақтандыру сомасы) шегiнде пайдасына шарт жасалатын өзге тұлғаға (пайда алушыға) сақтандыру төлемiн жасауға мiндеттi тұлға;
9) үшіншi тұлға - жеке нотариустың нотариаттық iс-әрекеттер жасауға байланысты кәсiби мiндеттерiн атқару кезiнде мүлiктiк мүдделерiне зиян келтiрiлген және жеке нотариустың азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартының тарабы болып табылмайтын тұлға;
10) жеке нотариус - нотариаттық iс-әрекетті жүзеге асыру құқығына арналған лицензия негізiнде заңды тұлға құрмай нотариаттық iс-әрекетті жүзеге асыратын және аумақтық әдiлет органында есепке алу тiркеуiнен өткен Қазақстан Республикасының азаматы;
11) франшиза - сақтандырушы өтеуге жатпайтын шығын сомасы.
2-бап. Қазақстан Республикасының жеке нотариустардың азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру
туралы заңдары
1. Қазақстан Республикасының жеке нотариустардың азаматтық-құқықтық жауапкершілiгiн мiндеттi сақтандыру туралы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнен , осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңда көзделгеннен өзге ережелер белгiленсе, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.
3-бап. Жеке нотариустардың азаматтық-құқықтық
жауапкершілігiн мiндетті сақтандыру объектiсi
Жеке нотариустың "Нотариат туралы" Қазақстан Республикасының 3аңында көзделген жекелеген нотариаттық iс-әрекеттердi жасау нәтижесiнде үшiншi тұлғаларға келтiрiлген зиянды өтеу мiндетiне байланысты мүлiктiк мүдделерi Жеке нотариустардың азаматтық-құқықтық жауапкершілігін мiндеттi сақтандыру объектiсi болып табылады.
4-бап. Жеке нотариустардың азаматтық-құқықтық
жауапкершілігін мiндетті сақтандырудың мақсаты
және негiзгi принциптерi
1. Жеке нотариустардың азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандырудың мақсаты (бұдан әрi - жеке нотариустарды мiндеттi сақтандыру) жеке нотариустың "Нотариат туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жекелеген нотариаттық iс-әрекеттердi жасау нәтижесiнде зиян келтiрiлген үшiншi тұлғалардың мүлiктiк мүдделерiн сақтандыру төлемдерiн жүзеге асыру арқылы қорғауды қамтамасыз ету болып табылады.
2. Жеке нотариустарды мiндеттi сақтандырудың негізгi принциптерi мыналар болып табылады:
үшiншi тұлғалардың мүлiктiк мүдделерiн осы Заңда белгiленген көлемде және тәртіппен қорғауды қамтамасыз ету;
жеке нотариустарды мiндеттi сақтандыру шарты болған жағдайда жеке нотариустың қызметiн жүзеге асыру;
тараптардың жеке нотариустарды мiндеттi сақтандыру шарты бойынша өз мiндеттемелерiн орындауын қамтамасыз ету.
5-бап. Азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгi мiндетті сақтандырылуға жататын тұлғалар
1. Қызметін Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртіппен жүзеге асыратын жеке нотариустардың азаматтық-құқықтық жауапкершiлігі мiндеттi сақтандырылуға жатады.
2. Жеке нотариустың нотариаттық қызметтi жүзеге асыруына байланысты өзiнiң азаматтық-құқықтық жауапкершілігiн ерiктi сақтандыру шартын жасауы оны жеке нотариустарды мiндеттi сақтандыру шартын жасау жөнiндегi мiндетiнен босатпайды.
6-бап. Жеке нотариустарды мiндеттi сақтандыру шартын
жасамай жеке нотариустың қызметтi жүзеге асыруына
жол бермеу
1. Жеке нотариустың жеке нотариустарды мiндеттi сақтандыру шартын жасамай нотариаттық iс-әрекеттер жасауға құқығы жоқ.
2. Қызметiн жеке нотариустарды мiндеттi сақтандыру шартын жасамай жүзеге асыратын жеке нотариус Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгіленген жауапкершілiк жүктейдi.
7-бап. Жеке нотариустарды мiндетті сақтандыру жүйесiн мемлекеттік бақылау
1. Сақтандыру ұйымдарының қызметiн мемлекеттiк қадағалауды Қазақстан Республикасының сақтандыру қызметiн реттеу және қадағалау жөнiндегi заңдарына сәйкес уәкiлеттi мемлекеттiк орган жүзеге асырады.
2. Жеке нотариустың осы Заңның жеке нотариустарды мiндеттi сақтандыру шартын жасау мiндеттiлiгiне қатысты бөлiгiндегi талаптарды орындауын бақылау және осы талапты бұзған жеке нотариустарға шаралар қолдану Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген құзыретi шегiнде әдiлет органдарына жүктеледi.
2-тарау. Жеке нотариустарды мiндетті сақтандыру шарты
8-бап. Жеке нотариустарды мiндеттi сақтандыру шарт
және оны жасау тәртiбi
1. Жеке нотариустарды мiндеттi сақтандыру осы Заңның талаптарына сәйкес сақтандырушы мен сақтанушы арасында жасалатын шарт негізiнде жүзеге асырылады.
2. Жеке нотариустарды мiндеттi сақтандыру шарты үшiншi тұлғаның немесе сақтанушының пайдасына және сақтанушы арасында осы Заңда көзделген тәртiппен және шарттарда жасалған келiсiм болып табылады.
3. Жеке нотариустарды мiндеттi сақтандыру шартында үшiншi тұлғалардың моральдық зиянды, айырылып қалған пайдасын және тұрақсыздық айыбын өтеумен байланысты талаптарын қоспағанда, сақтанушының нотариаттық iс-әрекеттер жасау кезiнде үшiншi тұлғаларға келтiрiлген зиянды өтеу бойынша сақтандыру төлемiн жүзеге асыру көзделедi.
4. Жеке нотариустарды мiндеттi сақтандыру шарты мiндетті сақтандырудың осы түрi бойынша қызметтi жүзеге асыруға лицензиясы бар сақтандырушы мен ғана жасалуы мүмкiн. Осы талапты бұзу жеке нотариустарды мiндеттi сақтандыру шартының жарамсыздығына әкеп соғады.
5. Жеке нотариустарды мiндеттi сақтандыру шарты жазбаша нысанда, тараптардың бiр құжатты - жеке нотариустарды мiндеттi сақтандыру шартын жасауы арқылы жасалады және сақтандыру полисiн беру арқылы куәландырылады.
Сақтанушының өтiнiшi жеке нотариустарды мiндеттi сақтандыру шартын жасау үшiн негiз болып табылады.
Жеке нотариустарды мiндеттi сақтандыру шартының жазбаша нысанын сақтамау оның жарамсыздығына әкеп соғады.
Жеке нотариустарды мiндеттi сақтандыру шартында көрсетiлуге тиiстi талаптардың толық болмағандығы үшiн жауапкершілік сақтандырушыға жүктеледi. Сақтандыру шартының жекелеген талаптарының толық болмауы салдарынан ол бойынша дау туындаған жағдайда дау сақтанушының пайдасына шешiледi.
6. Жеке нотариус өзiнiң азаматтық құқықтық жауапкершілiгiн нотариаттық iс-әрекеттер жасағанға дейiн жасауға мiндеттi.
7. Егер жеке нотариустарды мiндеттi сақтандыру шарты сақтанушының немесе үшiншi тұлғалардың жағдайын осы Заңда көзделген талаптармен салыстырғанда нашарлататын талаптармен жасалса, онда сақтандыру жағдайы басталған кезде сақтандырушы сақтанушы мен үшiншi тұлғалардың алдында осы Заңда белгiленген талаптар бойынша мiндеттемелерге жауап бередi.
9-бап. Жеке нотариустарды мiндеттi сақтандыру
шартының қолданылуы
1. Егер жеке нотариустарды мiндеттi сақтандыру шартында өзгеше көзделмеген болса, онда ол сақтанушы сақтандыру сыйлықақысын төлеген сәттен бастап, ал оны мәулетпен төлеген жағдайда - алғашқы сақтандыру жарнасын төлеген сәттен бастап күшiне енедi және тараптар үшiн мiндеттi болып табылады.
2. Жеке нотариустарды мiндеттi сақтандыру шарты ол күшiне енгiзiлген күннен бастап 12 ай мерзiмге жасалады.
Сақтандыруды қорғаудың қолданылу кезеңi жеке нотариустарды мiндеттi сақтандыру шартының қолданылу мерзiмiмен сәйкес келедi.
3. Егер жеке нотариустарды мiндетті сақтандыру шартында өзгеше көзделмеген болса, жеке нотариустарды мiндеттi сақтандыру шартының қолданылуы Қазақстан Республикасының аумағымен шектеледi.
10-бап. Жеке нотариустарды мiндеттi сақтандыру шартының қолданылуын тоқтату
1. Жеке нотариустарды мiндеттi сақтандыру шарты мынадай жағдайларда қолданылуын тоқтатады:
1) шарттың қолданылу мерзiмi өткенде;
2) шарт мерзiмiнен бұрын тоқтатылғанда;
3) жеке нотариустарды мiндеттi сақтандыру шартының талаптарында белгiленген сақтандыру сомасының мөлшерiнде сақтандырушы сақтандыру төлемiн (сақтандыру төлемдерiн) жүзеге асырғанда.
11-бап. Жеке нотариустарды мiндеттi сақтандыру шартын мерзiмiнен бұрын тоқтату
Жеке нотариустарды мiндеттi сақтандыру шартын мерзiмiнен бұрын тоқтатудың тәртібi және шарттары, сондай-ақ оның құқықтық салдарлары Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде белгiленедi.
12-бап. Жеке нотариустарды мiндеттi сақтандыру шартының жарамсыздығы
Жеке нотариустарды мiндеттi сақтандыру шартының талаптары мен негiздемелерiн жарамсыз деп тану, сондай-ақ оның құқықтық салдарлары Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде белгiленедi.
13-бап. Сақтанушының құқықтары мен мiндеттерi
1. Сақтанушы:
1) сақтандырушыдан жеке нотариустарды мiндеттi сақтандыру шарттарын, жеке нотариустарды мiндеттi сақтандыру шарты бойынша өздерiнiң құқықтары мен мiндеттерiн түсiндiрудi талап етуге;
2) сақтандырушының қаржылық есебiмен танысуға;
3) жеке нотариустарды мiндеттi сақтандыру шартынан кез келген уақытта бас тартуға;
4) сақтандыру төлемiн осы Заңда көзделген тәртiппен және шарттарда алуға;
5) сақтандырушының сақтандыру төлемiн жасаудан бас тарту немесе оның мөлшерiн негізсiз азайту туралы шешiмiне Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен қарсы болуға құқылы.
2. Сақтанушы:
1) сақтандыру сыйлықақысын жеке нотариустарды мiндеттi сақтандыру шартында белгiленген мөлшерде, тәртiппен және мерзiмде төлеуге;
2) жеке нотариустарды мiндеттi сақтандыру шартын жасаған кезде сақтандырушыға осы Заңның талаптарына сәйкес мәлiметтердi ұсынуға;
3) сақтанушының "Нотариат туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жекелеген нотариаттық iс-әрекеттердi жасау нәтижесiнде келтiрiлген зиянды өтеу мiндетiмен байланысты үшiншi тұлғаның талап етуi (талап-арызы) туралы өзiне белгiлi болғаннан бастап бес жұмыс күнiнен кешiктірмейтін мерзiмде өзiне қолайлы әдiспен (ауызша, жазбаша) бұл туралы сақтандырушыға хабарлауға;
4) үшiншi тұлғалардың зиянды өтеу туралы талаптарына байланысты мәселелердi peттeугe қатысу үшiн сақтандырушыға мүмкiндiк беруге;
5) сақтандыру жағдайынан болатын шығынды азайту жөнiнде шаралар қабылдауға;
6) сақтандыру жағдайының басталуына жауапты адамға керi талап (регресс) құқығының сақтандырушыға өтуiн қамтамасыз етуге;
7) егер жеке нотариустарды мiндеттi сақтандыру шартында өзгеше көзделмеген болса, кезектi сақтандыру жарнасын уақтылы төлемегенi үшiн (сақтандыру сыйлықақысын мәулетпен төлеген жағдайда) Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексiнiң 353-бабында белгiленген тәртiппен және мөлшерде сақтандырушыға тұрақсыздық айыбын төлеуге мiндеттi.
3. Жеке нотариустарды мiндеттi сақтандыру шартында сақтанушының Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарына қайшы келмейтiн басқа да құқықтары мен мiндеттерi көзделуi мүмкiн.
14-бап. Сақтандырушының құқықтары мен мiндеттерi
1. Сақтандырушы:
1) жеке нотариустарды мiндеттi сақтандыру шартын жасаған кезде сақтанушыдан жеке нотариустарды мiндеттi сақтандырудың бұрын болған шарттары, сақтандыру жағдайлары, сақтандыру төлемдерi туралы ақпаратты және Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде көзделген жеке нотариустарды мiндеттi сақтандыру шартына енгiзуге қажет өзге де мәлiметтердi беруiн талап етуге;
2) сақтанушы келтiрген зиянды өтеу туралы үшiншi тұлғалардың талаптарына байланысты мәселелердi реттеуге қатысуға;
3) осы Заңның 20-бабында көзделген жағдайларда зиян келтірiлгенi үшiн жауапты адамға керi талап қоюға;
4) осы Заңның 21-бабында көзделген негіздер бойынша сақтандыру төлемiн толық немесе iшiнара жүзеге асырудан бас тартуға құқылы.
2. Сақтандырушы:
1) сақтанушыны жеке нотариустарды мiндеттi сақтандыру шарттарымен таныстыруға оның жеке нотариустарды мiндеттi сақтандыру шартынан туындайтын құқықтары мен мiндеттерiн түсiндiруге;
2) жеке нотариустарды мiндеттi сақтандыру шартын мерзiмiнен бұрын тоқтатқан жағдайда, сақтанушыға Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жағдайларда және тәртiппен сақтандыру сыйлықақысын толық немесе iшiнара қайтаруға;
3) сақтандыру жағдайы басталған кезде осы Заңда көзделген тәртiппен және шарттарда сақтандыру төлемiн жасауға;
4) сақтанушыға оның сақтандыру жағдайы кезiнде шығынды болдырмау немесе азайту мақсатында шеккен шығыстарын өтеуге;
5) сақтандыру құпиясын қамтамасыз eту;
6) сақтандыру төлемiн уақтылы жүзеге асырмаған кезде пайда алушыға осы 3аңда белгiленген мөлшерде және тәртiппен тұрақсыздық айыбын төлеуге міндетті.
3. Жеке нотариустарды мiндеттi сақтандыру шартында сақтандырушының Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарына қайшы келмейтiн басқа да құқықтары мен мiндеттерi көзделуi мүмкiн.
3-тарау. Сақтандыру сомасы және сақтандыру сыйлықақысы
15-бап. Сақтандыру сомасының мөлшерi
Жеке нотариустарды мiндеттi сақтандыру шарты бойынша сақтандыру сомасының мөлшерi оның талаптарымен белгiленедi және жеке нотариустарды мiндетті сақтандыру шартын жасау күнiне белгіленген 1000 еселенген айлық есептік көрсеткiштен кем болмауы тиiс.
16-бап. Сақтандыру сыйлықақысының мөлшерi
Сақтандыру сыйлықақысының мөлшерi тараптардың келiсiмi бойынша белгiленедi, бiрақ жеке нотариустарды мiндеттi сақтандыру шартының талаптарында белгiленген сақтандыру сомасының 4,5 процентiнен аспауы тиiс.
17-бап. Сақтандыру сыйлықақысын төлеу тәртiбi
мен мерзiмдерi
1. Жеке нотариустарды мiндеттi сақтандыру шарты бойынша сақтандыру сыйлықақысын төлеу тәртiбi мен мерзiмдер тараптардың келiсiмiнде белгiленедi.
2. Егер жеке нотариустарды мiндеттi сақтандыру шартында өзгеше көзделмеген болса, сақтанушы кезектi сақтандыру жарнасын уақтылы төлемегенi үшiн сақтандырушыға Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексiнiң 353-бабында белгiленген тәртiппен және мөлшерде тұрақсыздық айыбын төлеуге мiндеттi.
4-тарау. Сақтандыру төлемi
18-бап. Сақтандыру жағдайын және сақтандыру төлемiнiң мөлшерiн анықтау
1. Жеке нотариустарды мiндеттi сақтандыру шарты бойынша жеке нотариустың "Нотариат туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жекелеген нотариаттық iс-әрекеттердi жасау нәтижесiнде үшiншi тұлғалардың мүлiктiк мүддесiне келтiрiлген зиянды өтеу бойынша сақтанушының азаматтық-құқықтық жауапкершілігінiң басталу фактiсi сақтандыру жағдайы деп танылады.
2. Сақтандыру жағдайы соттың сақтанушы келтiрген зиянды өтеу туралы шешiмiнiң заңды күшiне енген не сақтанушының үшіншi тұлғалардың зиянды өтеу туралы талаптарын негiзделген деп таныған және сақтанушының талаптарды тануына байланысты сақтандырушы келiсiмiн берген сәттен басталады деп есептеледi.
3. Сақтандыру төлемiнiң мөлшерiн сақтандырушы үшiншi тұлғалардың талаптары сомасына немесе осы Заңның 8-бабы 3-тармағының ережелерiн ескере отырып, соттың келтiрiлген зиянды өтеу туралы заңды күшiне енген шешiмiне сүйене отырып айқындайды.
4. Сақтанушының шығынды болдырмау немесе азайту мақсатында шеккен шығыстарын, егер мұндай шығыстар қажет болғанда немесе тиiстi шаралар сәтсiз болса да, сақтандырушының нұсқауларын орындау үшiн жасалса, сақтандырушы өтейдi.
Осындай шығыстар нақты мөлшерде өтеледi, алайда, егер осы шығыстар сақтандырушы сақтанушының нұсқауларын орындау нәтижесiнде туындаған болса, сақтандыру төлемiнiң және шығыстар өтемақысының жалпы сомасы сақтандыру шартында көзделген сақтандыру сомасынан аспауы үшiн олар сақтандыру сомасына қарамастан толық көлемде өтеледi.
5. Әрбiр сақтандыру жағдайы бойынша сақтандыру төлемiнiң мөлшерi шартсыз франшиза сомасына азайтылады, ол жеке нотариустарды мiндеттi сақтандыру шартында белгiленген сақтандыру сомасы мөлшерiнiң 5 процентiн құрайды.
19-бап. Сақтандыру төлемiн жүзеге асырудың шарттары
және тәртібi
1. Сақтандырушыға сақтандыру төлемi туралы талапты сақтанушы немесе үшiншi тұлға сақтандыру төлемiн жүзеге асыру үшiн қажеттi құжаттарды қоса бере отырып, жазбаша нысанда бередi.
2. Сақтандыру төлемi туралы өтiнiшке мынадай құжаттар қоса берiледi:
1) сақтандыру шарты;
2) үшiншi тұлғалардың зиянды өтеу туралы талабы немесе "Нотариат туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жекелеген нотариаттық iс-әрекеттердi жасау нәтижесiнде сақтанушы келтiрген зиянды өтеу туралы соттың заңды күшiне енген шешiмi;
3) пайда алушының жеке басын куәландыратын куәлiгiнiң көшiрмесi (жеке тұлға үшiн) немесе заңды тұлғаның өкiлiне берілген сенiмхаттың түпнұсқасы;
4) зиянды болдырмау және оның мөлшерiн азайту бойынша шараларды қолдануға байланысты шығыстарды растайтын құжаттар.
3. Құжаттарды қабылдаған сақтандырушы ұсынылған құжаттардың толық тiзбесiн және оларды қабылдаған күндi көрсете отырып, өтiнiш берушiге анықтама беруге мiндеттi.
4. Сақтандырушы сақтандыру төлемiн жүзеге асырған кезде пайда алушыдан оның сақтандырушыға талап қою құқығын шектейтiн шарттар қабылдауын талап етуге құқылы емес.
5. Жеке нотариус "Нотариат туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жекелеген нотариаттық iс-әрекеттердi жасау нәтижесiнде зиян келтiрген үшiншi тұлға, ал үшіншi тұлға қайтыс болған (қайта ұйымдастырылған) жағдайда - оның мұрагерлерi (заңды мұрагерлерi) пайда алушы болып табылады.
Сақтанушы немесе үшiншi тұлғаға (мұрагерлерге (құқықтық мұрагерлерге) осы Заңда белгiленген сақтандырушының жауапкершiлiгі көлемiнiң шегiнде келтiрiлген зиянды өтеген және сақтандырушыдан өзiнiң шығыстарын өтеуге құқығын алған өзге де тұлға пайда алушы бола алады.
6. Сақтандырушы сақтандыру төлемiн осы баптың 2-тармағында көзделген құжаттарды алған күннен бастап жетi жұмыс күнiнен кешiктiрмей төлейдi.
7. Сақтандыру төлемiнiң мөлшерiн жеке нотариустарды мiндеттi сақтандыру шартының тараптары немесе үшiншi тұлғалар дауласқан жағдайда сақтандырушы сақтандыру төлемiн көрсетілген тұлғалардың бiрде-бiрi дауласпаған бөлiгiн осы баптың 6-тармағында көзделген мерзiм iшiнде жүзеге асыруға мiндеттi.
Сақтандырушы сақтандыру төлемiнiң дау туғызған бөлiгiн бiтiм келiсiмiне қол қойылған және оны сот бекiткен күннен бастап не егер сот шешiмiнде оның тез арада орындалуы айтылмаса, осы дау бойынша соттың шешiмi заңды күшiне енген күннен бастап үш жұмыс күнi ішінде төлеуге тиіс.
8. Жеке нотариустар шартының қолданылу кезеңiнде үшiншi тұлғалардың мүлiктiк мүдделерiне келтiрiлген зиян үшiн сақтандыру төлемi туралы талап сақтандыру жағдайы басталған сәттен бастап үш жыл iшiнде сақтандырушыға қойылуы мүмкiн.
9. Сақтандырушы сақтандыру төлемiн уақтылы төлемеген жағдайда пайда алушыға Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексiнiң 353-бабында белгiленген тәртiппен және мөлшерде тұрақсыздық айыбын төлеуге мiндеттi.
20-бап. Зиян келтiрген адамға керi талап қою құқығы
1. Сақтандыру төлемiн жүзеге асырған сақтандырушының сақтанушыға төленген сома шегiнде мынадай жағдайларда:
1) сақтанушының сақтандыру жағдайының басталуына бағытталған не оның басталуына ықпал ететiн қасақана iс-әрекеттерi;
2) сақтанушы заң актілерiнде белгіленген тәртiппен қасақана қылмыс не сақтандыру жағдайымен себептi байланыстағы әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар деп танылған iс-әрекеттердi жасағанда;
3) сақтанушы зиянды азайту бойынша ақылға сыйымды және қол жетерлiк шараларды қасақана қолданбауы нәтижесiнде зиянның мөлшерiн ұлғайтқанда;
4) сақтанушы сақтандыру объектiсi, сақтандыру тәуекелi, сақтандыру жағдайы және оның салдарлары туралы қасақана жалған мәлiметтердi сақтандырушыға хабарлағанда;
5) сақтанушы сақтандыру жағдайының басталуы үшін жауапты тұлғаға өзiнiң талап қою құқығынан бас тартқанда, сондай-ақ талап ету құқығының өтуi үшiн қажеттi сақтандыру құжаттарын беруден бас тартқанда керi талап (регресс) қоюға құқығы бар.
2. Сақтанушының сақтандыру нәтижесiнде сақтандырушы өтеген шығындар үшiн жауапты адамға керi талап қою (peгpecc) құқығы сақтандыру төлемiн жүзеге асырған сақтандырушыға төлеген сомасы шегiнде ауысады.
21-бап. Сақтандырушыны сақтандыру төлемiн жүзеге асырудан босату негіздемелерi
1. Зиян:
1) үшiншi тұлғалардың сақтандыру жағдайының басталуына бағытталған не оның басталуына ықпал ететiн қасақана iс-әрекеттерi;
2) үшiншi тұлғалардың Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен қасақана қылмыстар немесе сақтандыру жағдайымен себепті байланыстағы әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар деп танылатын iс-әрекеттерi;
3) сақтанушы Қазақстан Республикасының нотариат туралы заңдарында белгiленген нотариустың функциялары мен мiндеттерiне сәйкес келмейтiн қызметтi жүзеге асырғанда;
4) сақтанушы нотариус қызметiнiң аумағына қатысты нотариат туралы заңдардың талаптарын бұза отырып жасаған нотариаттық iс-әрекеттерi салдарынан болса сақтандырушы сақтандыру төлемiн толық немесе iшiнара төлеуден бас тартуға құқылы.
2. Сақтандырушының сақтандыру төлемiн жүзеге асырудан бас тартуына мыналар:
1) сақтанушының шығын келтiруге кiнәлi адамнан шығынға тиiсiнше өтемақы алуы;
2) осы баптың 3-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, сақтанушы өзiнiң кәсiби мiндеттерiн орындаған кезде келтiрген зиянды өтеу мiндетiне байланысты үшiншi тұлғаның шағым (шағым-талап өтiнiшiн) ұсынуы туралы сақтандырушыға уақтылы ескертпеуi немесе хабарламауы;
3) сақтанушының сақтандыру жағдайының басталу жағдайларын тексеру және келтiрiлген зиянның мөлшерiн белгiлеу кезiнде сақтандырушыға кедергi жасауы негiз болуы мүмкiн.
3. Егер сақтандырушы сақтандыру жағдайының басталуы туралы уақтылы бiлгендiгi дәлелденсе не сақтандырушыда бұл туралы мәлiметтердiң жоқ болуы оның сақтандыру төлемiн жүзеге асыру мiндетiне әсер етпесе, сақтанушы өзiнiң кәсiби мiндеттерiн орындаған кезде келтiрген зиянды өтеу мiндетiне байланысты үшiншi тұлғаның шағым (шағым-талап өтiнiшiн) ұсынуы туралы сақтандырушыға уақтылы ескертпеуi немесе хабарламауы сақтандыру төлемiнен бас тарту үшiн негiз бола алмайды.
4. Егер сақтандыру жағдайы:
1) ядролық жарылыстың, радиацияның немесе радиоактивтi зақымданудың әсерi;
2) соғыс қимылдары;
3) азамат соғысы, алуан түрлi халықтық толқулар, жаппай тәртiпсiздiктер немесе ереуілдер салдарынан басталса, сақтандырушы сақтандыру төлемiн жүзеге асырудан босатылады.
5. Сақтандыру төлемiнен бас тарту үшiн негіздер болған жағдайда сақтандырушы осы Заңның 19-бабында көзделген құжаттарды алған күннен бастап жетi жұмыс күнi iшiнде сақтандыру төлемi туралы өтiнiштi берген адамға бас тартудың дәлелдi себебiн көрсете отырып, сақтандыру төлемiнен толық немесе iшiнара бас тарту туралы тиiстi жазбаша шешiмдi жiберуге мiндеттi.
6. Сақтандырушының осы бапта көзделген негіздер бойынша сақтандыру төлемiнен бас тартуға құқығы жоқ.
5-тарау. Қорытынды ережелер
22-бап. Дауларды қарау тәртiбi
Жеке нотариустарды мiндеттi сақтандыру шартынан туындайтын даулар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен қаралады.
23-бап. Қазақстан Республикасының мiндеттi сақтандыру
туралы заңдарын бұзғаны үшiн жауапкершілік
Жеке нотариустардың азаматтық-құқықтық жауапкершілігін мiндеттi сақтандыру туралы Қазақстан Республикасының заңдарын бұзуға кiнәлi адамдар Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес жауапты болады.
24-бап. Осы Заңды күшiне енгiзу тәртiбi
Осы Заң жарияланған күнiнен бастап күшiне енедi.
Қазақстан Республикасының
Президентi