"2004 жылға арналған республикалық бюджет туралы" Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 5 желтоқсандағы Заңына сәйкес ауыл шаруашылығы өнiмiн қайта өңдеу жөнiндегi кәсiпорындарды мемлекеттiк қолдау мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:
1. Қоса берілiп отырған Ауыл шаруашылығы өнiмдерiн қайта өңдеу жөнiндегi кәсiпорындар үшiн жабдықтар лизингiне кредит беру ережесi бекiтiлсiн.
2. Осы қаулы ресми жарияланған күнiнен бастап күшiне енедi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Қазақстан Республикасы
Yкiметiнiң
2004 жылдың 27 ақпандағы
N 236 қаулысымен
бекітілген
Ауыл шаруашылығы өнiмдерiн қайта өңдеу жөнiндегi
кәсiпорындар үшiн жабдықтар лизингiне кредит беру
Ережесi
1. Осы Ереже 2004 жылға арналған республикалық бюджетте көзделген қаражат есебiнен 012 "Ауыл шаруашылығы өнiмдерiн қайта өңдеу жөнiндегi кәсіпорындар үшiн жабдықтар лизингін кредиттеу" бағдарламасы бойынша 675000000 (алты жүз жетпiс бес миллион) теңге сомасында кредит (бұдан әрі - Қаражат) беру тәртібi мен шарттарын анықтайды.
2. Ауыл шаруашылығы өнiмдерiн қайта өңдеу жөнiндегi кәсiпорындар үшiн жабдықтар лизингiне кредит беру тәртiбi
2. Қаражат республикалық бюджеттен мерзiмділiк, ақылылық, қамтамасыз етілу және қайтарымдылық шарттарында заңнамада белгiленген тәртiппен жылдық 0,5% сыйақы ставкасы бойынша 7 (жеті) жыл мерзімге бөлінедi.
Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлiгi (бұдан әрi - Бағдарлама әкімшісі) Қаражатты бөлу үшiн екiншi деңгейдегi банктер немесе банктік операциялардың жеке түрлерін жүзеге асыруға уәкілетті органның лицензиясы бар ұйымдар (бұдан әрi - Қарыз алушы) арасында мынадай iшкі салалар (лоттар) бойынша конкурс өткiзедi:
1) сүттi қайта өңдеу;
2) ет қайта өңдеу;
3) көкөнiстердi, жемiстердi және жүзiмдi қайта өңдеу;
4) терi шикiзатын және жүндi қайта өңдеу;
5) майлы дақылдарды қайта өңдеу.
Қарыз алушылар Қазақстан Республикасы Үкiметінiң 2002 жылғы 25 шiлдедегi N 832
қаулысымен
бекiтiлген Мемлекеттiк бюджет есебiнен ұсталатын мемлекеттiк мекемелер үшiн бюджеттің атқарылуы және есептілік нысандарын жүргiзу (мерзімдік және жылдық) жөнiндегi қаржылық рәсiмдердiң
ережесiне
(бұдан әрi - Қаржылық рәсімдер ережелерi) сәйкес анықталады.
3. Алдыңғы конкурс бойынша Қарыз алушылардың өтiнiмдерi болмаған кiшi салаларды (лоттарды) Бағдарлама әкiмшiсi конкурсты қайталап өткiзген кезде алып тастай алады.
4. Қаражат кейiннен ауыл шаруашылығы өнiмдерiн қайта өңдейтiн кәсiпорындарға (бұдан әрi - Соңғы қарыз алушылар) лизингке беруге жататын технологиялық жабдықты сатып алу (бұдан әрi - Жабдық) және Соңғы қарыз алушыға кеден төлемдерiн қоса Жабдықтарды сатып алу мен жеткiзілiмiне байланысты шығындарды өтеу үшiн беріледi.
5. Қазақстан Республикасының заңнамасына, Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi (бұдан әрi - Қаржыминi) мен Бағдарлама әкiмшiсi арасындағы Кредиттік келiсiмге және Қарыз алушының iшкi кредиттік саясатына сәйкес Соңғы қарыз алушыны Қарыз алушылар дербес анықтайды. Бұл ретте Қазақстан Республикасы аумағында тiркелген, отандық ауыл шаруашылығы шикiзатын пайдаланатын, жарғылық капиталында Қазақстан Республикасы резиденттерінің үлесi 51% кем емес ұйымдар Соңғы қарыз алушылар бола алады.
6. Қаржыминiнiң бюджеттік Бағдарлама әкiмшiсiне кейiн Қарыз алушыға беру үшiн республикалық бюджеттен Қаржы бөлуi Қаржылық рәсiмдер ережесiне сәйкес жүзеге асырылады.
7. Бағдарлама әкiмшiсiнiң Қарыз алушыларға республикалық бюджеттен Қаражат бөлуi Қаржыминi, Бағдарлама әкiмшiсi және Қарыз алушылар арасындағы жасалған Кредиттік келiсiмде көзделген шарттар бойынша жүзеге асырылады.
8. Қарыз алушылар Қаражаттың мақсатты пайдаланылуын қамтамасыз етедi және оларды Қаржыминi, Бағдарлама әкiмшiсi мен Қарыз алушы арасында жасалған Кредиттiк келiсiмдерге сәйкес республикалық бюджетке уақытылы қайтарылуын жүзеге асырады.
3. Қаражатты пайдалануды бақылау
9. Қаражаттың игерілуiне, мақсатты пайдаланылуына, республикалық бюджетке уақытылы қайтарылуына бақылауды Қаржыминi жүзеге асырады.
10. Бағдарлама әкiмшiсi тоқсан сайын, есептi тоқсаннан кейiнгi айдың 20-на дейiнгi мерзiмде Қарыз алушының республикалық бюджетке Қаржыминi сыйақысын аударғаны туралы ақпаратты Қаржыминiне жiбередi.