Қазақстан Республикасының Yкiметi қаулы етеді:
1. Қазақстан Республикасының Көлiк және коммуникациялар министрлiгi мен Қытай Халық Республикасының Темiр жол министрлiгі арасындағы Темiр жол көлiгi саласындағы ынтымақтастық туралы келiсiмге қол қоюға келiсiм берiлсiн.
2. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Жоба
Қазақстан Республикасының Көлiк және коммуникациялар министрлігі мен Қытай Халық Республикасының Темiр жол министрлiгi арасындағы Темiр жол көлiгi саласындағы ынтымақтастық туралы келiсiм
Бұдан әрi "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Көлiк және коммуникациялар министрлігі және Қытай Халық Республикасының Темiр жол министрлігі,
темiр жол көлігі саласындағы өзара тиiмдi ынтымақтастықты нығайтуға аса зор мән бере отырып және екi ел темiр жолдарының арасында одан әрi ынтымақтастыққа жәрдемдесу мақсатында,
мына төмендегiлер туралы келiстi:
1-бап
Тараптар темiр жол көлiгi саласындағы ынтымақтастықты Тараптар мемлекеттерiнің ұлттық заңнамасына және Тараптар мемлекеттерi қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес тең құқылы және өзара тиiмдi негiзде дамытады.
2-бап
Тараптар ынтымақтастықты мынадай нысандарда жүзеге асыруға келiстi:
олардың мемлекеттерінің темiр жол көлігі және бiр Тарап мемлекетiнiң аумағы бойынша екiншi Тарап мемлекетiнiң бағытындағы транзиттік тасымалдар жөнiндегі өзара ақпарат алмасу және деректердi уақтылы беру;
осы Келiсiмнiң ережелерiнен туындайтын мiндеттердi орындау үшiн сарапшыларды өзара жiберу;
екi мемлекет арасындағы тiкелей халықаралық темiр жол қатынасындағы және олардың аумақтары бойынша транзитпен жолаушы және жүк тасымалдарын одан әрi дамыту;
екi мемлекет арасындағы темiр жол контейнерлік, соның ішінде контейнерлік поездардың және олардың аумақтары бойынша транзитпен тасымалдауды одан әрi дамытуға жәрдемдесу;
екi мемлекет арасындағы шекаралық темiр жол өтпелерiн дамыту бағдарламасын әзiрлеу және үйлестіру;
жолаушылар мен жүктердi халықаралық тасымалдау жөнiндегі көліктiк қызмет көрсету және тарифтер жүйесiн жетiлдiру;
темiр жол көлiгi саласындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастықты және осы Келiсiмнiң ережелерiне сәйкес Тараптармен келiсiлген ынтымақтастықтың басқа да нысандарын дамыту.
3-бап
Тараптар Темiр жолдар ынтымақтастығы ұйымының (ТЖЫҰ) мүшелерi және осы ұйым келiсiмдерінің, оның iшiнде Халықаралық жолаушы қатынасы туралы келiсiмнiң (ХЖҚК) және Халықаралық темiр жол жүк қатынасы туралы келiсiмнiң (ХЖТК) Тараптары болып табылатындығын ескере отырып, Тараптар көрсетілген Келiсiмдердiң ережелерiне сәйкес екі мемлекет арасында да, олардың аумақтары бойынша транзитпен де, жолаушылар мен жүктердi кедергiсiз халықаралық темiр жол тасымалы үшiн қажетті жағдайларды қамтамасыз етедi.
4-бап
Тараптар тiкелей халықаралық темiр жол қатынасындағы тасымалдарды бұдан әрi дамыту мақсатында бiр-бiрiне қажеттi көмек көрсетедi.
Тараптар халықаралық контейнерлiк және мультимодальды тасымалдардың дамуына жәрдемдесуге ұмтылады. Қажет болған кезде Тараптар тасымалдау қызметiн көрсету жүйесiн үздiксiз жақсарту және оның сапасын арттыру мақсатында халықаралық нарыққа және бәсеке қабілеттілiгiне сәйкес тарифтiк саясатты бiрлесiп әзiрлеу мен үйлестiруге жәрдемдесетiн болады.
5-бап
Тараптар өз мемлекеттерiнiң аумағында халықаралық темiр жол қатынасын жүзеге асыру жөнiнде кедергiлер туындағаны туралы, сондай-ақ осы кедергілердi жою туралы бiр-бiрiн кiдiрiссiз хабардар етудi қамтамасыз етедi.
6-бап
Қытай Халық Республикасында (Пекин қаласы) "Қазақстан темiр жолы" ұлттық компаниясы" акционерлiк қоғамы өкілдігінің ашылуын ескере отырып, Қазақстан тарапы Қазақстан Республикасында Қытай Халық Республикасы Темiр жолдар министрлiгiнiң (Қытай темiр жолдарының) өкілдігін ашуға ықпал eтeдi.
7-бап
Тараптардың осы Келiсiмдi iске асыру жөнiндегi уәкiлетті органдары болып мыналар табылады:
Қазақстан тарапынан - Қазақстан Республикасы Көлiк және коммуникациялар министрлiгiнiң Темiр жол көлiгi комитетi;
Қытай тарапынан - Қытай Халық Республикасы Темiр жол министрлігінің Халықаралық ынтымақтастық департаментi.
Жоғарыда аталған уәкiлеттi органдардың аты немесе функциялары өзгерген кезде Тараптар дипломатиялық арналар бойынша уақтылы хабардар етіледi.
8-бап
Осы Келiсiмде көзделген міндеттердi орындау және жұмыстың жылдық жоспарын келiсу үшін жылына бiр рет Тараптар өкiлдерінің кездесулерi Қазақстан Республикасында және Қытай Халық Республикасында кезекпен өткiзiледi.
Кездесулердi ұйымдастыруға байланысты шығыстарды аумағында кездесу өткiзiлетiн Тарап, ал кездесудiң өз қатысушыларының көлiктік және iссапар шығыстарын iссапарға жiберушi Тарап көтередi.
9-бап
Осы Келiсiмнiң ережелерiн түсiндiруге және қолдануға қатысты Тараптар арасындағы даулар мен келiспеушіліктер консультациялар және келiссөздер жүргiзу жолымен шешiледi.
10-бап
Осы Келiсiмге өзара уағдаластық бойынша осы Келiсiмнiң ажырамас бөлiгi болып табылатын және осы Келiсiмнiң 12-бабына сәйкес күшiне енетiн хаттамалармен ресiмделетiн өзгерiстер мен толықтырулар енгізiлуi мүмкiн.
11-бап
Осы Келiсiм Тараптардың мемлекеттерi қатысушылары болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан туындайтын олардың құқықтары мен міндеттемелерiн қозғамайды.
12-бап
Осы Келiсiм қол қойылған күнiнен бастап күшіне енедi және белгiленбеген мерзiмге жасалады әрi Тараптардың бiрi екiншi Тараптың осы Келiсiмнің қолданылуын тоқтату ниетi туралы жазбаша хабарламасын алған күннен бастап алты ай өткенге дейiн күшінде болады.
2004 жылғы ____ мамырда Пекин қаласында әрқайсысы қытай, қазақ және орыс тілдерiнде екi данада жасалды әрi барлық мәтiндердiң күшi бiрдей. Осы Келiсiмнің ережелерiн түсiндiру жөнінде келiспеушіліктер туындаған жағдайда, Тараптар орыс тiлiндегi мәтiнге жүгiнедi.
Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасының
Көлiк және коммуникациялар Темiр жол министрлігi үшiн
министрлiгi үшiн