Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:
Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Республикалық бюджет жобасын және төтенше мемлекеттiк бюджеттi әзiрлеу ережесiн бекiту туралы" Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентiнiң қарауына енгiзiлсiн.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы Республикалық бюджет жобасын және төтенше мемлекеттiк бюджеттi әзiрлеу epeжeciн бекiту туралы
Қазақстан Республикасына 2004 жылғы 24 сәуiрдегі Бюджет кодексiне сәйкес қаулы етемін:
1. Қоса беріліп отырған Республикалық бюджет жобасын және төтенше мемлекеттiк бюджеттi әзiрлеу ережесi бекiтiлсiн.
2. Осы Жарлық қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.
Қазақстан Республикасының
Президентi
Қазақстан Республикасы
Президентiнiң
2004 жылғы "___"_______
N ____ Жарлығымен
бекiтiлдi
Республикалық бюджет жобасын және төтенше мемлекеттiк бюджетті әзiрлеу ережесi
Осы Ереже Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 24 сәуiрдегi Бюджет кодексiне сәйкес әзiрлендi әрi алдағы қаржы жылына арналған республикалық бюджет жобасын және төтенше мемлекеттік бюджеттi әзiрлеу тәртiбiн айқындайды.
1-бөлiм. Республикалық бюджет жобасын әзiрлеу тәртiбi
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтетiн Қазақстан Республикасының әлеуметтiк-экономикалық дамуының орта мерзiмдi жоспары (бұдан әрi - Орта мерзiмдi жоспары), Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң алдағы үш жылдық кезеңге арналған орта мерзiмдi фискалдық саясаты (бұдан әрi - Орта мерзiмдi фискалдық саясат), мемлекеттiк, салалық (секторалдық) бағдарламалар, Қазақстан Республикасы Президентiнiң Қазақстан халқына елдегi ахуал және Республиканың iшкi және сыртқы саясатының негiзгі бағыттары туралы жыл сайынғы жолдауы, өткен және ағымдағы қаржы жылдарының республикалық бюджетiнiң атқарылу нәтижелерi, республикалық бюджеттiк бағдарламалардың тиiмділігiн бағалаулар алдағы қаржы жылына арналған республикалық бюджет жобасын әзiрлеу үшiн негiз болып табылады.
2. Республикалық бюджет жобасын әзiрлеу процесi өзiне мынадай кезеңдердi қамтиды:
1) алдағы қаржы жылына арналған түсiмдердiң болжамды көрсеткiштерiн айқындау;
2) ағымдағы бюджеттік бағдарламалар мен бюджеттiк даму бағдарламаларына арналған шығыстардың лимиттерiн айқындау;
3) республикалық бюджеттiк бағдарламалар әкiмшілерiнiң бюджеттік өтiнiмдердi жасауы;
4) республикалық бюджеттiк бағдарламалар әкiмшілерiнiң бюджеттiк өтінiмдерiн қарау;
5) алдағы қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңның жобасын әзiрлеу.
2-тарау. Алдағы қаржы жылына арналған түсiмдердiң болжамды көрсеткiштерiн айқындау
3. Бюджеттiк жоспарлау жөнiндегi орталық уәкілетті орган үш жылдық кезеңге бекiтiлген бюджеттiк алымдар көлемiн ескере отырып және Орта мерзiмдi фискалдық саясат негiзiнде бюджет құрылымына сәйкес алдағы қаржы жылына арналған республикалық бюджет түсiмдерiнiң болжамды көрсеткiштерiн айқындайды және оларды Республикалық бюджет комиссиясының қарауына жiбередi.
4. Республикалық бюджет комиссиясы ағымдағы қаржы жылының 5 маусымына дейiнгi мерзiмде алдағы қаржы жылына арналған республикалық бюджет түсiмдерiнiң болжамды көрсеткiштерiн қарайды және олар жөнiнде шешiм қабылдайды.
3-тарау. Ағымдағы бюджеттiк бағдарламаларға және бюджеттiк даму бағдарламаларына шығыстардың лимиттерiн айқындау
5. Республикалық бюджет шығыстарының лимиттерiн бюджеттiк жоспарлау жөнiндегі орталық уәкілеттi орган республикалық бюджеттiң болжамды көрсеткiштерi, бюджет қаражатын жұмсаудың басымды бағыттары, терiс операциялық сальдоның жол берiлетiн шектi мөлшерi, Орта мерзiмдi фискалдық саясатта айқындалған басқа да көрсеткiштер, республикалық бюджет тапшылығының жол берiлетiн шектi мөлшерi және Орта мерзiмдi жоспарында айқындалған басқа да макроэкономикалық көрсеткiштер, Республикалық бюджет комиссиясы мақұлдаған алдағы қаржы жылына арналған республикалық бюджетке түсетiн түсiмдердiң болжамды көрсеткiштерi негiзiнде қалыптастырады.
6. Бюджеттік жоспарлау жөнiндегi орталық уәкілеттi орган:
ағымдағы бюджеттiк бағдарламалар үшiн бюджет шығыстарының лимитiн;
бюджеттiк даму бағдарламалары үшiн бюджет шығыстарының лимитiн Республикалық бюджет комиссиясының қарауына енгізедi.
7. Ағымдағы бюджеттiк бағдарламалар үшiн шығыстар лимиттерiн есептеу кезiнде:
1) республикалық бюджет кiрiстерiнiң көлемiнен аспауы тиiс үш жылдық кезеңге белгiленген бюджеттiк субвенциялардың көлемiн қоса алғанда, ағымдағы бюджеттік бағдарламаларға арналған шығындардың жалпы көлемi;
2) бекiтілген заттай нормалар;
3) ағымдағы қаржы жылының ағымдағы бюджеттiк бағдарламаларының көлемi;
4) бюджеттiк шығыстарды ұлғайту немесе қысқарту жөнiнде Орта мерзiмдi фискалдық саясатта көрсетiлген бағыттар;
5) ағымдағы қаржы жылы аяқталатын ағымдағы бюджеттiк бағдарламаларды алып тастау қажеттігі;
6) өзге де қажетті жағдайлар ескеріледi.
8. Ағымдағы бюджеттік бағдарламалар үшiн шығыстардың лимиттері бюджеттік бағдарламалардың әрбiр әкiмшiсi үшiн айқындалады. Жалпы лимиттерден шығыстардың жекелеген түрлерiн бөлiп көрсетуге рұқсат етіледi.
9. Бюджеттік даму бағдарламалары үшiн шығыстардың лимиттері республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкiмшiлерi арасында бөлiнбей, тұтас айқындалады. Бюджеттік даму бағдарламалары үшiн шығыстар лимитiнiң көлемi республикалық бюджет шығыстарының жалпы болжамды көлемi мен ағымдағы бюджеттік бағдарламалар үшін шығыстар лимиттерiнiң жалпы көлемi арасындағы айырмашылық ретiнде есептеледi.
10. Республикалық бюджет комиссиясы ағымдағы қаржы жылының 5 маусымына дейiнгі мерзiмде ағымдағы бюджеттiк бағдарламаларға бюджеттік даму бағдарламаларына арналған шығыстардың лимиттерiн қарайды және мақұлдайды.
11. Республикалық бюджет комиссиясы мақұлдаған ағымдағы бюджеттік бағдарламалар үшiн шығыстардың лимиттерiн бюджеттік жоспарлау жөнiндегі орталық уәкiлетті орган үш жұмыс күні iшiнде республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкiмшiлерiне, ал бюджеттiк даму бағдарламалары үшiн шығыстардың лимитiн бюджеттiк инвестициялық жобаларды (бағдарламаларды) iрiктеу үшiн экономикалық жоспарлау жөнiндегі орталық уәкілетті органға жеткiзедi.
12. Экономикалық жоспарлау жөнiндегі орталық уәкілетті орган республикалық бюджеттiк бағдарламалар әкiмшілерiнiң бюджеттік инвестициялық жобалар (бағдарламалар) бойынша өтiнiмдерiн қарау нәтижелерi, заңды тұлғалардың жарғылық капиталын қалыптастыруға және ұлғайтуға қатысу арқылы жүзеге асырылатын бюджеттік инвестициялардың қаржы-экономикалық негіздемелерi негізiнде және Республикалық бюджет комиссиясы айқындаған бюджеттік даму бағдарламаларына арналған шығыстардың лимиттерi шегiнде:
1) ағымдағы қаржы жылы мемлекеттік, салалық (секторалдық) бағдарламалар бөлiнiсiнде iске асырылатын инвестициялық жобаларды (бағдарламаларды) ескере отырып, басымды бюджеттік инвестициялық жобалар (бағдарламалар) тiзбесiн;
2) заңды тұлғалардың жарғылық капиталын қалыптастыруға және ұлғайтуға қатысу арқылы жүзеге асырылатын бюджеттiк инвестициялар жөніндегі ұсыныстарды қалыптастырады және ағымдағы қаржы жылының 15 маусымына дейiн Республикалық бюджет комиссиясының қарауына енгiзедi.
13. Республикалық бюджет комиссиясы 12-тармақта көрсетілген тiзбе мен ұсыныстарды қарайды, оларды қаржыландыру көзi мен тетiгiн және оларды iске асыруға жауапты болатын республикалық бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшiлерiн айқындайды.
14. Республикалық бюджет комиссиясы мақұлдаған басымды бюджеттік инвестициялық жобалар (бағдарламалар) мен заңды тұлғалардың жарғылық капиталын қалыптастыруға және ұлғайтуға қатысу арқылы жүзеге асырылатын бюджеттік инвестициялар тiзбесiн бюджеттік жоспарлау жөнiндегi орталық уәкілетті орган үш жұмыс күнi iшiнде республикалық бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшілерiне жеткiзедi.
4-тарау. Республикалық бюджеттiк бағдарламалар әкiмшілерiнiң бюджеттік өтінiмдердi жасауы
15. Республикалық бюджеттік бағдарламалар әкiмшілерiнiң бюджеттік өтiнiмдерi бюджеттік жоспарлау жөнiндегі орталық уәкiлеттi орган белгілеген тәртiппен:
бiрыңғай бюджеттiк сыныптама;
ағымдағы бюджеттік бағдарламаларға арналған шығыстардың лимитi;
басымды бюджеттік инвестициялық жобалар (бағдарламалар) тiзбесi;
өткен қаржы жылында Республикалық бюджет комиссиясы мақұлдаған үш жылдық кезеңге арналған бюджеттiк өтiнiм;
Орта мерзiмдi жоспар;
Орта мерзiмдi фискалдық саясат негiзінде жасалады.
16. Алдағы үш жылдық кезеңге арналған бюджеттiк өтiнiмдердi республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкiмшілерi бюджеттік жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi органға ағымдағы қаржы жылының 25 маусымынан кешiктірмей, бюджеттiк жоспарлау жөнiндегі орталық уәкілеттi орган белгiлеген кестеге сәйкес ұсынады.
17. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың бюджеттерiне берілетiн мақсатты трансферттердi және бюджеттік кредиттердi қаржыландыруды жүзеге асыратын республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкiмшiлерi бюджеттік жоспарлау жөнiндегi орталық уәкілетті органға облыстар, республикалық маңызы бар қалалар, астана бөлінісінде осы бюджеттік бағдарламалар бойынша негізделген есептеулерді ұсынады.
5-тарау. Республикалық бюджеттiк бағдарламалар әкiмшілерiнiң бюджеттік өтiнiмдерiн қарау
18. Бюджеттік жоспарлау жөнiндегi орталық уәкілетті орган:
1) республикалық бюджеттік бағдарламалар әкiмшілерiнiң бюджеттiк өтінімдерін олардың осы Ережеде және Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында қойылатын талаптарға сәйкестене қарайды;
2) Қазақстан Республикасының Үкiметі айқындаған тәртіппен ұсынылып отырған бюджеттiк бағдарламалардың тиiмдiлігін бағалауды жүргізеді;
3) республикалық бюджеттік бағдарламалар әкiмшілерiнiң бюджеттiк өтiнiмдерi бойынша қорытынды дайындайды;
4) облыстық бюджеттерге, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджеттерiне республикалық бюджеттен берiлетін мақсатты трансферттер мен бюджеттік кредиттердің көлемі жөнінде ұсыныс дайындайды.
19. Республикалық бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiлерiнiң бюджеттiк өтiнiмдерi жөнiндегi қорытындының нысанын бюджеттiк жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлетті орган айқындайды.
20. Республикалық бюджеттік бағдарламалар әкiмшiлерiнiң бюджеттiк өтiнiмдерi және бюджеттік жоспарлау жөнiндегі орталық уәкілетті органның олар бойынша қорытындысы, сондай-ақ бюджеттік жоспарлау жөнiндегі орталық уәкiлеттi органның облыстық бюджеттерге, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджеттерiне республикалық бюджеттен берiлетiн мақсатты трансферттер мен бюджеттік кредиттердің көлемi жөнiндегі ұсынысы ағымдағы қаржы жылының 15 шiлдесiнен бастап Республикалық бюджет комиссиясының қарауына енгізiледi.
21. Республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттiк өтiнiмдерi Республикалық бюджет комиссиясының қарауына екі кезеңмен енгiзiлуi мүмкiн.
Бiрiншi кезеңде ағымдағы бюджеттік бағдарламалар енгізіледi. Бұл ретте жаңа әрі қосымша бюджет қаражатын талап ететiн, жеке қаралатын бюджеттік бағдарламаларды қоспағанда, Республикалық бюджет комиссиясы ағымдағы бюджеттiк бағдарламаларды бюджеттiк бағдарламалардың барлық әкiмшілерi бойынша тұтастай қарайды.
Екiншi кезеңде бюджеттік даму бағдарламалары енгізіледі.
Республикалық бюджет комиссиясы бюджеттік өтінімдерді тақырыптық блоктар бойынша қарау тәртiбiн белгілей алады.
22. Республикалық бюджет комиссиясының республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттiк өтiнiмдерiн қарау кестесiн Республикалық бюджет комиссиясының жұмыс органы жасайды.
23. Республикалық бюджет комиссиясы енгізілген республикалық бюджеттiк бағдарламалар әкiмшілерiнiң бюджеттік өтiнiмдерiн, бюджеттік жоспарлау жөнiндегі орталық уәкілеттi органның қорытындыларын, сондай-ақ облыстық бюджеттерге, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджеттерiне республикалық бюджеттен берiлетiн мақсатты трансферттер мен бюджеттік кредиттердің көлемi жөнiндегі ұсынысты қарайды және ағымдағы қаржы жылының 25 шiлдесiне дейiнгі мерзiмде олар жөнiнде шешiм қабылдайды.
24. Бюджеттiк жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган мен республикалық бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiлерiнiң арасындағы келiспеушілiктердi Республикалық бюджет комиссиясы қарайды.
25. Республикалық бюджет комиссиясы бюджеттік бағдарламалар бойынша түпкілiктi шешiм қабылдағаннан кейiн республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкiмшiлерi қосымша өтінiмдер бере алмайды.
26. Республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкiмшілерi ағымдағы қаржы жылының 15 тамызына дейiнгi мерзiмде республикалық бюджеттік бағдарламалар паспорттарының жобаларын және шығыстарды есептеулердi Республикалық бюджет комиссиясының шешiмдерiне сәйкес келтiредi және оларды бюджеттік жоспарлау жөнiндегі орталық уәкілеттi органға ұсынады.
6-тарау. Алдағы қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңның жобасын әзiрлеу
27. Бюджеттік жоспарлау жөнiндегi орталық уәкілеттi орган Республикалық бюджет комиссиясы қабылдаған шешiмдер негізiнде алдағы қаржы жылына арналған республикалық бюджет жобасының түпкілiкті нұсқасын жасайды және оны Республикалық бюджет комиссиясының қарауына енгiзедi.
Алдағы қаржы жылына арналған республикалық бюджет жобасының түпкiлiктi нұсқасын қарау және айқындау жоспарланып отырған қаржы жылының алдындағы жылдың 1 тамызынан кешiктiрмей аяқталады.
28. Бюджеттiк жоспарлау жөніндегі орталық уәкілеттi орган алдағы қаржы жылына арналған республикалық бюджет жобасының түпкілiкті нұсқасы негiзiнде алдағы қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңның жобасын жасайды және ағымдағы қаржы жылының 15 тамызынан кешiктiрмейтiн мерзiмде оны Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қарауына ұсынады.
29. Алдағы қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңның жобасын Қазақстан Республикасының Үкiметi ағымдағы қаржы жылының 1 қыркүйегiнен кешіктірмей Қазақстан Республикасының Парламентiне енгiзедi.
2-бөлiм. Төтенше мемлекеттік бюджетті әзiрлеу
7-тарау. Жалпы ережелер
30. Қазақстан Республикасы Президентiнiң Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында төтенше немесе соғыс жағдайын енгiзу туралы Жарлығы не Қазақстан Республикасының бiрнеше өңiрiнiң аумағында төтенше жағдайды енгізу төтенше мемлекеттiк бюджеттi әзiрлеу үшiн негіз болып табылады.
31. Төтенше мемлекеттiк бюджет республикалық және жергiлiктi бюджеттердiң негізiнде қалыптастырылады.
8-тарау. Төтенше мемлекеттiк бюджет жобасын әзiрлеу
32. Қазақстан Республикасының Президентi төтенше немесе соғыс жағдайын енгiзген кезде бюджеттi атқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасы Президентiнiң төтенше немесе соғыс жағдайын енгізу туралы Жарлығы қабылданған күнгі жағдай бойынша республикалық және жергілiктi бюджеттердiң бекiтiлген, нақтыланған, түзетiлген көрсеткiштерiн және олардың кассалық атқарылуын бюджеттiк жоспарлау жөнiндегі орталық уәкiлетті органға ұсынады.
33. Тиiсті мемлекеттiк органдар бюджеттiк жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi органға төтенше немесе соғыс жағдайының әрекет ету уақытында жүзеге асырылатын iс-шараларды қаржыландыру жөнiндегi бюджеттік өтiнiмдердi енгізедi.
34. Бюджеттiк жоспарлау жөнiндегі орталық уәкiлеттi орган төтенше немесе соғыс жағдайының iс-шараларын қаржыландыру үшiн бюджеттiк бағдарламалардың тiзбесi мен көлемiн, сондай-ақ қаржыландырылу бюджет қаражатын қайта бөлу мақсатында тоқтатыла тұратын республикалық және жергілiктi бюджеттiк бағдарламалардың тiзбесiн жасайды және оларды Республикалық бюджет комиссиясының қарауына енгiзедi.
35. 34-тармақта көрсетiлген бюджеттiк бағдарламалардың тiзбелерi мен көлемiн Республикалық бюджет комиссиясы мақұлдағаннан кейiн бюджеттiк жоспарлау жөнiндегі орталық уәкiлетті орган Қазақстан Республикасы Президентiнiң төтенше мемлекеттiк бюджет туралы Жарлығының жобасын жасайды. Қазақстан Республикасы Президентiнiң төтенше мемлекеттiк бюджет туралы Жарлығының жобасына:
1) Қазақстан Республикасының Бюджет кодексiнде белгiленген құрылым бойынша жасалатын төтенше мемлекеттiк бюджет;
2) төтенше мемлекеттік бюджет құрамына енгiзілген және төтенше немесе соғыс жағдайының iс-шараларын қаржыландыруға сұранысты ескере отырып түзетiлген республикалық және жергілiктi бюджеттердiң көрсеткiштерi қоса берiледi.
36. Егер Қазақстан Республикасы Президентiнiң төтенше немесе соғыс жағдайын енгізу туралы Жарлығында өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасы Президентiнiң төтенше мемлекеттiк бюджет туралы Жарлығының жобасын Қазақстан Республикасының Үкiметi заңнамада белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасы Президентiнiң бекiтуiне енгізедi.