Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:
Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Шанхай ынтымақтастық ұйымының артықшылықтары мен иммунитеттерi туралы конвенцияға қол қою туралы" Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентiнiң қарауына енгізiлсiн.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Қазақстан Республикасы Президентінің
Жарлығы Шанхай ынтымақтастық ұйымының артықшылықтары мен
иммунитеттерi туралы конвенцияға қол қою туралы
Қаулы етемін:
1. Шанхай ынтымақтастық ұйымының артықшылықтары мен иммунитеттерi туралы конвенцияның жобасы мақұлдансын.
2. Шанхай ынтымақтастық ұйымының артықшылықтары мен иммунитеттерi туралы конвенцияға қол қойылсын.
3. Осы Жарлық қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.
Қазақстан Республикасының
Президентi
Жоба
Шанхай ынтымақтастық ұйымының артықшылықтар
мен иммунитеттер туралы конвенциясы
Шанхай ынтымақтастық ұйымының мүше мемлекеттерi (бұдан әрi Тараптар деп аталады),
жалпы көпшілік таныған принциптердi және халықаралық құқықтың нормаларын басшылыққа ала отырып,
Шанхай ынтымақтастық ұйымының 2002 жылғы 7 маусымдағы Хартиясының 19-бабының ережелерiн негiзге ала отырып,
төмендегiлер туралы келiстi:
1-бап
Осы Конвенцияның мақсаттары үшін төменде көрсетiлген анықтамалар мыналарды бiлдiредi:
1) "Хартия" - Шанхай ынтымақтастық ұйымының 2002 жылғы 7 маусымдағы Хартиясы;
2) "ШЫҰ" немесе "Ұйым" - Шанхай ынтымақтастық ұйымы;
3) "мүше мемлекет" - ШЫҰ-ның мүше мемлекетi;
4) "өкiлдiк орналасқан мемлекет" - аумағында тұрақты жұмыс iстейтiн ШЫҰ органының штаб-пәтерi немесе оның бөлiмшесi орналасқан мүше мемлекет;
5) "ШЫҰ-ның тұрақты жұмыс iстейтiн органдары" - ШЫҰ-ның Хатшылығы және ШЫҰ-ның ААТҚ;
6) "Хатшылық" - ШЫҰ-ның тұрақты жұмыс iстейтiн әкiмшiлiк органы болып табылатын ШЫҰ Хатшылығы;
7) "ААТҚ" - ШЫҰ-ның тұрақты жұмыс iстейтiн органы болып табылатын ШЫҰ-ның Аймақтық антитеррорлық құрылымы;
8) "ААТҚ кеңесi" - ААТҚ органы;
9) "Атқарушы комитет" - ААТҚ органы;
10) "Атқарушы хатшы" - ШЫҰ-ның Атқарушы хатшысы;
11) "Директор" - ШЫҰ-ның Атқарушы комитетiнiң директоры;
12) "лауазымды тұлғалар" - ШЫҰ-ның тұрақты жұмыс iстейтiн органдарына жұмыс iстеу үшiн Тараптар жiберетiн және тиiсті штаттық қызметке тағайындалған тұлғалар;
13) "Тұрақты өкiл" - мүше мемлекеттің Хатшылық жанындағы және ААТҚ жанындағы тұрақты өкiлi;
14) "үй-жай" - осы ғимаратқа немесе ғимараттың бiр бөлiгiне қызмет ететін жер учаскесін қоса алғанда ғимараттарға деген меншік құқығының нысанына және тиесiлiгiне қарамастан ресми пайдалануға арналған ШЫҰ-ның тұрақты түрде жұмыс iстейтiн органдарының ғимараты немесе ғимаратының бiр бөлiгі;
15) "мүше мемлекеттердің өкiлдерi" - Ұйымның шеңберiнде өткiзілетін мәжiлiстерге және iс-шараларға мүше мемлекеттер жiберетiн делегациялар басшылары, олардың орынбасарлары, делегаттар, кеңесшілер, техникалық сарапшылар және делегациялардың хатшылары;
16) "отбасы мүшелерi" - жұбайы (зайыбы) және олармен бiрге тұратын 18 жасқа дейінгі балалары.
I. Шанхай ынтымақтастық ұйымының артықшылықтары мен иммунитеттерi
2-бап
ШЫҰ-ның халықаралық құқықтық қабiлеті бар. Ол өзiнiң мақсаттары мен міндеттерiн iске асыру үшін қажетті осындай құқықтық қабiлетін әрбiр мүше мемлекеттің аумағында пайдаланады.
ШЫҰ заңды тұлғаның құқықтарын пайдаланады және атап айтқанда:
- шарттар жасаса алады;
- жылжитын және жылжымайтын мүлікті сатып ала алады, жалға ала алады, иеліктен ала алады және оларға билiк жүргiзе алады;
- банктік шоттар аша алады және кез келген валютада ақшалай қаражатпен операция жасай алады;
- соттарда талапкер немесе жауапкер сипатында шыға алады.
Осы бапта көзделген құқықтарды Хатшылықтың және Атқарушы комитеттiң атынан тиiсiнше Атқарушы хатшы және Директор жүзеге асырады.
3-бап
ШЫҰ, оның мүлкi және ШЫҰ активтерi, Ұйым өзi иммунитеттен бас тартатын жағдайларды есептемегенде, әкiмшiлiк немесе соттық араласудың кез келген нысанынан иммунитетті пайдаланады. Иммунитеттен қандай да бiр бас тарту соттық-атқарушылық шараларға қолданылмайды.
ШЫҰ-ның тұрақты жұмыс iстейтін органдарының үй-жайы және көлiк құралдары, сондай-ақ олардың мұрағаты мен құжаттары, оның ішінде қызметтік хат-хабарлары, олардың орналасқан орындарына қарамастан, тiнтуден, реквизициядан, тәркiлеуден, тыйым салудан және басқа да атқарушылық ic-әрекеттен иммунитетті пайдаланады.
Өкiлдiк орналасқан мемлекеттің тиiсті билiк және басқару органдарының өкiлдерi Атқарушы хатшының немесе Директордың не оларды алмастыратын лауазымды адамдардың келiсiмi болмаса және олар мақұлдаған шарттармен болмаса ШЫҰ-ның тұрақты жұмыс iстейтiн органдарының үй-жайларына кiре алмайды.
Өкiлдік орналасқан мемлекеттің тиiсті билiк және басқару органдарының шешімдерi бойынша ШЫҰ-ның тұрақты жұмыс iстейтiн органдарының үй-жайларында кез келген iс-әрекетті орындау Атқарушы хатшының немесе Директордың не оларды алмастыратын лауазымды адамдардың келісiмімен ғана орын алуы мүмкiн.
ШЫҰ-ның тұрақты жұмыс iстейтiн органдарының үй-жайлары және көлiк құралдары мүше мемлекеттердiң кез келгенінің заңы бойынша қудалауда жүрген немесе мүше мемлекеттердiң кез келгеніне не үшінші мемлекетке тапсырылуға тиiс адамдар үшін ғана қызметiн атқара алмайды.
ШЫҰ-ның тұрақты жұмыс iстейтiн органдарының үй-жайлары және көлік құралдары ШЫҰ-ның функциялары мен мiндеттерiне сәйкес келмейтiн немесе Тараптардың қауіпсiздігі мен мүдделерiне нұқсан келтiретiн мақсаттарда пайдаланылмайды.
Өкiлдiк орналасқан мемлекет ШЫҰ-ның тұрақты жұмыс iстейтін органдарының үй-жайларын кез келген басып кiруден және нұқсан келтiруден қорғау үшін тиiсті шаралар қабылдайды.
ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының кеңесi ШЫҰ атынан ШЫҰ берген артықшылықтар мен иммунитеттерден анық бiлдiрiлген нысанда бас тартуы мүмкiн.
4-бап
ШЫҰ, оның активтерi, кiрiстерi және басқа да меншiгi:
- қызмет көрсетудiң (көрсетiлетін қызметтің) нақты түрлерi үшін төлем болып табылатындарды қоспағанда мүше мемлекеттердiң аумақтарында өндiрiлiп алынатын барлық тiкелей салықтар мен алымдардан, қосымша құн салығынан (оның iшiнде тиiстi мүше мемлекеттiң заңдары мен ережелерiне сәйкес қайтарым түрiндегі нысанынан) босатылады;
- Ұйым қызмет бабында пайдалануға арналған заттарды әкелу және әкету кезiнде кедендiк алымдардан және басқа да төлемдерден, импорттық және экспорттық тыйым салулар мен шектеулерден босатылады. Жалпы ережелерден ерекшелiгi бар сипатта әкелiнетiн заттар, олар аумағына әкелiнген мүше мемлекетте, осы мүше мемлекет Үкiметімен келiсiлген шарттармен болмаса, сатылмайтын болады.
- жеке басылымдарын әкелу және әкету кезiнде кезеңдiк алымдардан және басқа да төлемдерден, импорттық және экспорттық тыйым салулар мен шектеулерден босатылады.
5-бап
ШЫҰ өзiнiң ресми байланыс құралдары үшін әрбiр мүше мемлекеттің аумағында осы мемлекеттер шетелдік мемлекеттердiң дипломатиялық миссияларына жасалатынынан кем емес қолайлы жағдайларды пайдаланатын болады.
ШЫҰ ақпаратты бepудің құпиялылығын қамтамасыз ететін шифрлық, курьерлiк және байланыстың басқа да түрлерiн пайдалануға, дипломатиялық курьерлер мен вализдер сияқты тап сондай артықшылықтар мен иммунитеттердi пайдаланатын курьерлер немесе вализдер арқылы хат-хабарларды алуға және жөнелтуге құқылы.
Қызметтік хат-хабарлар сақталатын барлық орындар олардың сипатын көрсететiн көзге түсетіндей сыртқы белгiлерден, ауыстырылуы құпиялылық режимiн сақтауды талап ететiн, ресми пайдалануға арналған қызметтiк хат-хабарлар мен заттардан тұруы тиiс.
Курьер оның мәртебесi мен қызметтік хат-хабарларды құрайтын орындар саны көрсетiлген ресми құжатпен жабдықталуы тиiс.
6-бап
ШЫҰ өзi орналасқан үй-жайларда және ресми мақсаттарға пайдаланылатын көлiк құралдарында Ұйымның жалауын, эмблемасын және басқа да рәміздерiн орналастыруы мүмкiн.
7-бап
Ұйым өзiнiң мақсаттары мен функцияларына сәйкес баспасөз өнiмдерiн шығаруы және таратуы мүмкiн.
8-бап
Мүше мемлекеттер ШЫҰ-ға өзінің функцияларын жүзеге асыру үшін қажеттi үй-жайларды алуда жәрдем көрсетедi.
9-бап
ШЫҰ сот әдiлдiгiнің тиiсті түрде атқарылуын және құқық қорғау органдарының нұсқамаларын орындауды қамтамасыз ету, сондай-ақ осы Конвенцияда көзделген артықшылықтар мен иммунитеттерге байланысты кез келген терiс пайдаланушылықтың алдын алу мақсатында мүше мемлекеттердiң тиiсті билiк және басқару органдарымен ынтымақтастықты жүзеге асырады.
II. Ұйымның лауазымды тұлғаларының артықшылықтары мен иммунитеттерi
10-бап
Лауазымды тұлғалар халықаралық қызметкерлер болып табылады.
Қызмет бабындағы мiндеттерiн орындау кезiнде олар қандай да болсын мүше мемлекеттен және/немесе үкіметтен, ұйымнан немесе жеке адамнан нұсқау сұратуға немесе алуға тиiсті емес.
Әрбiр Тарап лауазымды тұлғалар функцияларының халықаралық сипатын бұлжытпай құрметтеуге және олар қызметтік міндеттерін орындау кезiнде оларға ықпал жасамауға міндеттенедi.
11-бап
Лауазымды адамдар мүше мемлекеттердің аумақтарында:
1) Ұйымға немесе лауазымды тұлғаға тиесілі не ол басқарған көлiк құралдарынан туындаған жол-көлік оқиғасына байланысты зиянның орнын толтыру туралы талап арызды;
- лауазымды тұлға тарапынан жасалған iс-әрекеттен туындаған кiсi өлiмiне немесе дене жарақатына байланысты зиянның орнын толтыру туралы талап арызды есептемегенде;
лауазымды тұлғалар ретінде айтқаны немесе жазғаны және барлық iс-әрекеттерi үшін қылмыстық, азаматтық және әкімшілiк жауапкершілiкке жатпайды;
2) жалақысына және Ұйым төлейтiн өзге де сыйақыларына байланысты салықтардан босатылады;
3) мемлекеттік міндеттiлiктен босатылады;
4) отбасы мүшелерiмен бiрге шетелдiктер ретiнде иммиграция жөніндегі шектеулерден және тіркеулерден босатылады;
5) валюталық операциялар саласында мүше мемлекеттер аумақтарында дипломатиялық агенттерге берiлетiніндей тап сондай артықшылықтарды пайдаланады;
6) отбасы мүшелерiмен бiрге халықаралық дағдарыстар кезiнде репатриацияға қатысты дипломатиялық агенттер пайдаланатынындай тап сондай жеңiлдiктердi пайдаланады;
7) қызметке бастапқы тағайындалған және келiсім-шарттың тоқтатылуына байланысты өкiлдiк орналасқан мемлекеттен кеткен кезiнде, қызмет көрсетудiң (көрсетiлетін қызметтің) нақты түрлерiне төлем болып табылатындарды есептемегенде, өкiлдiк орналасқан мемлекеттің заңдары мен ережелерiне сәйкес жеке тұтынуына арналған автокөлiк құралын қоса алғанда, кедендік баждарды, салықтарды және алымдарды төлеместен мүлікті әкелуге/әкетуге құқылы.
12-бап
11-бапта бекiтiлген артықшылықтармен және иммунитеттермен қатар, Атқарушы хатшы, Атқарушы комитеттің директоры және олардың орынбасарлары, сондай-ақ олардың отбасы мүшелерi халықаралық құқыққа сәйкес дипломатиялық агенттерге және олардың отбасы мүшелерiне берiлетiн басқа да артықшылықтар мен иммунитеттердi пайдаланады.
13-бап
Лауазымды тұлғалардың жеке басының пайдасы немесе өзге адамдардың пайдасы мүдделерiнде коммерциялық немесе кез келген басқа қызметпен айналысуға құқығы жоқ.
14-бап
Лауазымды тұлғалар және олардың отбасы мүшелерi тағайындалған орнына жол жүру кезiнде өкiлдiк орналасқан мемлекеттің аумағына келген сәттен бастап, егер олар бұрын осы аумақта жүрген болса, лауазымды тұлғалар өзiнiң мiндеттерiн орындауға кiрiскен сәттен бастап осы Конвенцияда көзделген артықшылықтар мен иммунитеттердi пайдаланады.
Лауазымды тұлға функциясын тоқтатқан кезде оның артықшылықтары мен иммунитеттерi, сондай-ақ өкiлдiк орналасқан мемлекеттің азаматтары болып табылмайтын оның отбасы мүшелерінің артықшылықтары мен иммунитеттерi осы тұлға өкiлдiк орналасқан мемлекетті тастап шыққан кезден бастап немесе мұны iстеу үшін ақылға қонымды мерзiм өтiсiмен тоқтатылады. Отбасы мүшелерінің артықшылықтары мен иммунитеттерi олар осындай сипатта болуын тоқтатқан уақытта тоқтатылады, алайда егер мұндай адамдар ақылға қонымды мерзiм iшiнде өкiлдiк орналасқан мемлекетті тастап шығуға ниет бiлдiрсе, онда олардың артықшылықтары мен иммунитеттерi олар кеткен сәтке дейiн сақталады.
Лауазымды тұлға қайтыс болған жағдайда оның отбасы мүшелерi оларға берiлген артықшылықтар мен иммунитеттердi олар өкiлдік орналасқан мемлекеттi тастап шыққан сәтке дейiн немесе өкiлдiк орналасқан мемлекетті тастап шығатындай ақылға қонымды мерзiм өткенге дейiн пайдалануын жалғастырады.
15-бап
Лауазымды тұлғалар пайдаланатын артықшылықтар мен иммунитеттер олардың жеке бас пайдасы үшiн емес, Ұйымның мүдделерi жолында өздерiнің ресми функцияларын тиiмдi, тәуелсiз атқару үшiн беріледi.
Атқарушы хатшыға қатысты иммунитеттен бас тарту құқығы ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің Сыртқы iстер министрлерi кеңесiнiң ұсынуы бойынша ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының кеңесiне тиесілі.
Атқарушы комитет директоры мен оның орынбасарларына қатысты иммунитеттен бас тарту құқығы ААТҚ кеңесiнiң ұсынуы бойынша ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының кеңесiне тиесiлі.
Атқарушы хатшының орынбасарларына қатысты иммунитеттен бас тарту құқығы ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердiң Ұлттық үйлестірушілер кеңесiнің ұсынуы бойынша ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердiң Сыртқы iстер министрлерi кеңесiне тиесiлi.
Хатшылықтың басқа да лауазымды тұлғаларына қатысты иммунитеттен бас тарту құқығы ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердiң Ұлттық үйлестірушілер кеңесінің келiсiмi бойынша Атқарушы хатшыға және тиiсiнше ААТҚ кеңесiнiң келісiмi бойынша Директорға тиесілі.
Иммунитеттен бас тарту анық білдірiлуi тиiс.
16-бап
Лауазымды тұлғаларға визаларды ресiмдеу қызметпен айналысу үшін шақыру хат немесе iссапарлық нұсқама болған жағдайда жеделдетілген тәртіппен және ақысыз негiзде жүргiзiледi.
ІІІ. Ұйымның iстерi бойынша сарапшылардың іссапарларда болуы
17-бап
ШЫҰ-ның тапсырмаларын орындайтын сарапшылар (лауазымды тұлғаларға қарағанда өзге адамдар) iссапарларға байланысты жол жүруге кеткен уақытты қоса алғанда, iссапар мерзiмi iшінде өздерінің функцияларын тәуелсiз орындауы үшін қаншалықты қажет болса, соншалықты артықшылықтар мен иммунитеттердi пайдаланады. Атап айтқанда оларға:
- жеке басын тұтқындаудан немесе ұстаудан және олардың жеке қол жүгiне тыйым салудан иммунитет берiледi;
- қызметтік мiндеттерiн орындау кезiнде олар барлық айтқандарына немесе жазғандарына және жасағандарына қатысты қылмыстық, азаматтық және әкiмшiлiк жауапкершіліктен босатылады. Мұндай иммунитеттiң берiлуi өздерiне қатысы бар адамдар ретiнде олар Ұйым iстерi бойынша iссапарын аяқтағаннан кейiн де жалғасады;
- барлық қағаздар мен құжаттарға қол сұғылмаушылық;
- Ұйыммен қатынас жасау үшiн шифрларды пайдалану, қағаздарды немесе хат-хабарларды курьерлер немесе вализдер арқылы алу мен жөнелту құқығы;
- уақытша қызметтік iссапарларда жүрген шетелдiк үкiметтер өкiлдеріне қаншалықты берiлсе, ақшаны немесе валютаны айырбастауды шектеуге қатысты соншалықты жеңiлдiктер;
- дипломатиялық өкiлдерге берiлетінi сияқты олардың жеке қол жүгiне қатысты тап сондай иммунитеттер мен жеңiлдiктер сақталады.
Сарапшыларға артықшылықтар мен иммунитеттер сарапшылардың жеке бас пайдасы үшiн емес, ШЫҰ-ның мүдделерi жолында берiледi.
ШЫҰ-ның тапсырмаларын орындап жүрген сарапшыларға қатысты иммунитеттен бас тарту құқығы Ұлттық үйлестiрушілер кеңесiнiң келiсiмi бойынша Атқарушы хатшыға және тиiсiнше ААТҚ Кеңесiнiң келiсiмi бойынша Директорға тиесiлі.
Иммунитеттен бас тарту анық бiлдiрiлуi тиiс.
IV. Мүше мемлекеттер өкiлдерiнің артықшылықтары мен иммунитеттерi
18-бап
1. Өздерiнiң қызметтік мiндеттерiн атқару кезiнде және мүше мемлекеттерде ШЫҰ-ның ұйымдастыруымен өткiзiлетін iс-шаралар орнына жол жүру және керi қайту уақытысында мүше мемлекеттер өкiлдерiне мынадай артықшылықтар мен иммунитеттер берiледi:
1) - жеке басын тұтқындаудан немесе ұстаудан және жеке қол жүгіне тыйым салудан иммунитет, сондай-ақ өкiлдер ретiнде олардың барлық айтқандары немесе жазғандары және жасаған барлық iс-әрекеттерi үшiн қылмыстық, азаматтық және әкiмшілік жауапкершілiктен босату;
2) барлық қағаздар мен құжаттарға қол сұғылмаушылық;
3) шифрларды пайдалану, қағаздарды немесе хат-хабарларды курьерлер немесе вализдер арқылы алу мен жөнелту құқығы;
4) өздерiнiң қызметтік мiндеттерiн атқару үшiн олар уақытша болатын немесе жол жүріп өтетiн елде иммиграцияға қатысты шектеуден, шетелдiктердi тiркеуден немесе мемлекеттік міндеттiліктен олардың өздерiн және олардың жұбайларын босату;
5) уақытша қызметтік iссапарларда жүрген шетелдік үкiметтер өкiлдерiне берiлетінi сияқты, ақшаны немесе валютаны айырбастауды шектеуге қатысты соншалықты жеңiлдiктер;
6) дипломатиялық өкiлдерге берiлетінi сияқты олардың жеке қол жүктерiне қатысты тап сондай иммунитеттер мен жеңiлдiктер;
7) әкелетін тауарларына (олардың қол жүктерiнің бiр бөлiгiн құрайтындары емес) қатысты кедендiк алымдардан немесе акциздік алымдардан немесе сатуға қатысты алымдардан босатуды талап ету құқығын есептемегенде, дипломатиялық өкiлдер пайдаланатыны сияқты, жоғарыда баяндалғандарға қайшы келмейтiн басқа да артықшылықтар, иммунитеттер және жеңiлдiктер.
2. Өздерiнiң қызметтік мiндеттерiн атқару кезiнде толық сөз бостандығын және тәуелсiздiктi қамтамасыз ету үшiн Ұйымның мүше мемлекеттерiнiң өкiлдерi олардың айтқандарына және жазғандарына қатысты, сондай-ақ қызметтік мiндеттерiн атқару кезiнде олар жасаған барлық iс-әрекеттерiне қатысты қылмыстық, азаматтық және әкiмшiлік жауапкершілiктен босатылады; мұндай иммунитеттiң берiлуi өздерiне қатысы бар адамдар ретiнде Ұйымға мүше мемлекеттердің өкiлдерi болып табылмайтын кезден кейiн де жалғасады.
3. Салықтардың қандай да бiр нысанын салу тұрған уақытысына байланысты болса мүше мемлекеттер өкiлдерінің өздерiнiң мiндеттерiн атқару үшін қандай да бiр мүше мемлекеттегi кеңесте болу кезеңi тұрған мерзiмiне есептелмейдi.
4. Артықшылықтар мен иммунитеттер Ұйымға мүше мемлекеттердiң өкiлдерiне жекелеген адамдардың бас пайдасы үшiн емес, ШЫҰ жұмысына байланысты олардың өз функцияларын тәуелсiз орындауын қамтамасыз ету үшiн берiледi. Сондықтан Ұйымға мүше мемлекет оның пікірi бойынша иммунитет coт әдiлдiгiн атқаруға кедергi келтiредi деген әрбiр жағдайда өз өкiлiнiң иммунитетiнен бас тартуға құқылы ғана емес, сонымен бiрге мiндетті де, бұл орайда бас тарту иммунитет берiлген мақсат үшін нұқсан келтiрiлместен жүргізілуі мүмкін.
5. Осы баптың 1, 2 және 3-тармақтарының ережелерi өкiлдiң және ол азаматтығында тұрған немесе өкiлi болып табылатын немесе бұрын өкiлі болған мемлекеттің өкiмет орындары арасындағы өзара қарым-қатынасқа қолданылмайды.
V. Тұрақты өкiлдер
19-бап
Мүше мемлекеттер өздерiнiң ішкі ережелерiне және рәсiмдерiне сәйкес ШЫҰ Хатшылығы жанындағы және ААТҚ жанындағы өздерiнің тұрақты өкiлдерiн тағайындайды, өкiлдер өкiлдiк орналасқан мемлекеттегi мүше мемлекеттер елшіліктерiнiң дипломатиялық персоналының құрамына жататын болады. Тұрақты өкiлдер өкiлдiк орналасқан мемлекеттегi дипломатиялық агент үшiн көзделген көлемде артықшылықтар мен иммунитеттердi пайдаланады.
VI. Қорытынды ережелер
20-бап
Осы Конвенцияға сәйкес артықшылықтар мен иммунитеттердi пайдаланатын барлық адамдар өздерiнің артықшылықтары мен иммунитеттерiне нұқсан келтiрместен мүше мемлекеттердiң заңнамаларын құрмет тұтуға және осы мемлекеттердiң iшкi iстерiне араласпауға мiндеттi.
21-бап
Осы Конвенцияның ережелерiн қолдануға немесе түсiндiруге байланысты даулар мен келiспеушілiк туындаған жағдайда, мүдделi Тараптар оларды консультациялар және келiссөздер арқылы шешедi.
22-бап
Осы Конвенция осы Конвенцияның тақырыбы болып табылатын және оның мақсаттары мен объектiсiне қайшы келмейтiн мәселелер бойынша басқа да халықаралық шарттар жасасуда Тараптардың құқықтары мен мiндеттерiн шектемейдi, сондай-ақ өздерi қатысушылары болып табылатын өзге де халықаралық шарттардан туындайтын Тараптардың құқықтары мен міндеттерiн қозғамайды.
23-бап
Осы Конвенция белгiленбеген мерзiмге жасалады.
Осы Конвенция оған қол қойған мемлекеттердiң бекiтуiне жатады және соңғы бекiту грамотасы депозитарийге сақтауға тапсырылған күннен бастап отызыншы күнi күшіне енедi.
Осы Конвенцияны Тараптар оған қол қойған күннен бастап уақытша қолданады.
24-бап
Осы Конвенция Хартияның 13-бабына сәйкес ШЫҰ-ның мүшелiгіне кiретiн кез келген мемлекеттiң оған қосылуы үшiн ашық.
Қосылатын мемлекет үшін осы Конвенция қосылу туралы құжатты депозитарийге сақтауға тапсырған күннен бастап отызыншы күні күшіне енедi.
25-бап
Осы Конвенция әрбiр мүше мемлекетке қатысты осы мүше мемлекет ШЫҰ-ның мүшесi болып қала беретін уақытқа дейiн күшiнде болады.
26-бап
Осы Конвенцияға өзгерiстер мен толықтырулар енгізiлуi мүмкiн, олар осы Конвенцияның ажырамас бөлiктерi болып табылатын жекелеген хаттамалармен ресiмделедi. Өзгерiстер мен толықтыруларды депозитарийге тиiстi хабарлама жiберу арқылы кез келген Тарап ұсынуы мүмкiн, депозитарий ұсынылған өзгерiстер мен толықтыруларды басқа Тараптардың қарауына жолдайды.
27-бап
Осы Конвенция Бiрiккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының 102-бабына сәйкес Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Хатшылығында тiркелуi тиiс.
Ташкент қаласында 2004 жылғы "___" маусымда орыс және қытай тiлдерiнде бiр түпнұсқа дана болып жасалды және де екi мәтiннiң күшi бiрдей.
Конвенцияның түпнұсқа данасы Шанхай ынтымақтастық ұйымының Хатшылығында сақталады, ол оған қол қойған әрбiр мемлекетке оның куәландырылған көшiрмесiн жiбередi.
Қазақстан Республикасы үшiн Ресей Федерациясы үшін
Қытай Халық Республикасы үшiн Тәжікстан Республикасы үшiн
Қырғыз Республикасы үшін Өзбекстан Республикасы үшiн