Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:
"Қазақстан Республикасындағы тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы" Қазақстан Республикасының Заңына өзгерiстер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламентi Мәжiлiсiнiң қарауына енгiзiлсiн.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Жоба
Қазақстан Республикасының Заңы "Қазақстан Республикасындағы тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы" Қазақстан Республикасының Заңына өзгерiстер мен толықтырулар енгізу туралы"
1-бап. "Қазақстан Республикасындағы тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы" Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 7 желтоқсандағы Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 2000 ж., N 21, 382-құжат; 2003 ж., N 15, 139-құжат) мынадай өзгерiстер мен толықтырулар енгізiлсiн:
1) 2 және 3-баптар мынадай редакцияда жазылсын:
"2-бап. Осы Заңда қолданылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар қолданылады:
1) тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасына салым (депозит) - тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы шарттың ережелерiне сәйкес тұрғын құрылысы жинақ банкiнде ашылған салымшының шотына тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасының салымшысы немесе өзге үшiншi тұлғалар салатын ақша сомасы;
2) тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасының салымшысы - тұрғын үй құрылысы жинақ банкiмен тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы шарт жасасқан Қазақстан Республикасының азаматтары және оралмандар;
3) тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы шарт - осы Заңға және Қазақстан Республикасының өзге нормативтiк құқықтық актілерiне сәйкес салымшы мен тұрғын үй құрылыс жинақ банкi арасындағы, оның iшiнде банктiң агентi (-терi) арқылы жасалатын екi жақты шарт;
4) шарттық сома - салымшыға тұрғын үй жағдайын жақсарту жөнiндегі iс-шараларды жүргізу үшiн қажет, тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасынан және тұрғын үй заемынан тұратын ақша сомасы;
5) тұрғын үй заемы - осы Заңның нормаларына және тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы шарттардың және банк заемының ережелерiне сәйкес тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасының салымшысына берілетiн нысаналы заем;
6) тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы - салымшылардың тұрғын үй жағдайын жақсарту жөнiндегi iс-шараларды жүргiзу мақсатында тұрғын үй заемын алу үшiн тұрғын үй құрылысы жинақ банктерiнде жинақтаған ақша сомасы;
7) комиссиялық алым - тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы шарт жасасу кезiнде салымшы қызметтерi үшiн тұрғын үй құрылысы жинақ банкiсiне төлейтiн ақша сомасы;
8) жинақталған ақшаның ең аз қажеттi сомасы - тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы шартта анықталған тұрғын үй заемын немесе аралық тұрғын үй заемын алу үшін қажет ақша сомасы;
9) бағалау көрсеткiшi - шарттық сомаларды төлеу кезектiлiгiн қалыптастыру үшiн тұрғын үй құрылысы жинақ банкi әрбiр шарт бойынша анықтайтын есептеу шамасы;
10) мемлекеттің сыйлықақысы - республикалық бюджеттен жыл сайын бөлiнетiн және тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасының салымшыларының тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасына жылдың қорытындысы бойынша салымның iс жүзінде жинақталған қалдығына есептелетiн ақша және тұрғын үй құрылысы жинақ банкiсiнiң сыйақысы;
11) аралық тұрғын үй заемы - осы Заңның нормаларына, тұрғын үй құрылысы жинақ банкiнiң iшкi кредит саясатына және банк заемының жекелеген шартының ережелерiне сәйкес ол бойынша қалдық тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы шарт бойынша шарттық соманың есебiнен өтелетiн шарттық соманы төлеу үшiн қажет ең аз ақша сомасын жинақтаған кезде тұрғын үй құрылысы жинақ банкi қаржы рыногында тартқан осы қаражаттың есебiнен тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында тұрғын үй құрылысы жинақ банкi тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасының салымшысына беретiн нысаналы заем;
12) тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы жүйесi - салымшылардың ақшасын тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасына тартуға және оларға тұрғын үй заемдарын беруге негiзделген тұрғын үй жағдайын жақсарту жөнiндегі iс-шараларды қаржыландырудың тұйық жүйесi;
13) жинақтау мерзімі - сол уақыт iшiнде тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасының салымшысы тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасын жинақтауды жүргізетiн және сол уақыт өткеннен кейiн барлық шарттық сома төленуi мүмкiн уақыт кезеңi;
14) салым бойынша сыйақы ставкасы - тұрғын үй құрылысы жинақ банкісiнiң iшкi құжаттарына сәйкес тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы салымшысының тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасына жылдың қорытындысы бойынша салымның iс жүзінде жинақталған қалдығына тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы шарт бойынша тұрғын үй құрылысы жинақ банкi есептейтiн проценттік ставка;
15) заем бойынша сыйақы ставкасы - тұрғын үй құрылысы жинақ банкiне тиесілі ақшаның жылдық мөлшерiн есептеуден негiзгi борышқа проценттiк қатынаста тұрғын үй құрылысы жинақ банкi берген заем үшiн тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы шарт бойынша тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасының салымшысы төлейтін проценттік ставка;
16) жинақталған ақшаның сомасы - салымдардан, оларға тұрғын үй құрылысы жинақ банкi есептеген сыйақыдан және мемлекеттiң сыйлықақыларынан тұратын салымшының iс жүзiнде жинақтаған ақшасының сомасы;
17) тарифтiк бағдарлама - тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасына салымдар, тұрғын үй және аралық тұрғын үй заемдары бойынша сыйақы шартын, мерзiмi мен ставкаларын, сондай-ақ тұрғын үй құрылысы жинақ банкiнiң комиссиялық алымы бойынша ставкаларын анықтайтын тұрғын үй құрылысы жинақ банкiнiң iшкi құжаты.
3-бап. Тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы жүйесi
1. Тұрғын үй құрылысы жинақ банктерi, осы банктердің салымшылары және республикалық бюджеттен мемлекеттің сыйлықыларын төлеудi қамтамасыз ететiн мемлекет тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы жүйесiнiң субъектiлерi болып табылады.
2. Тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы - теңгемен тұрғын үй құрылысы жинақ банктерiнде ғана салынады және жинақталады.
3. Тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы салымшысының әрбiр тұрғын үй құрылысы жинақ банкiнде тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасына салым бойынша бiр ғана шоты болуға құқығы бар. Бұл ретте, мемлекеттің сыйлықақысы салымшының таңдауы бойынша бiр тұрғын үй құрылысы жинақ банкiндегi бiр шотқа ғана есептеледi.
4. Жинақталған ақшаның ең аз қажеттi сомасы шарттық соманың 25 (жиырма бec) процентiнен кем болмауға тиiс.
5. Тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасына салым бойынша сыйақылар ставкалары тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы шарт жасасу сәтiне белгiленедi. Шарттық соманы жинақтау шартын салымшы өзгерткен жағдайда, тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасына салым бойынша сыйақылар тұрғын үй құрылысы жинақ банктерiнiң тарифтiк бағдарламасы шеңберiнде тараптардың келiсiмi бойынша өзгеруi мүмкiн.
Тұрғын үй заемы бойынша сыйақы ставкасының мөлшерi тұрғын ұй құрылысы жинақ ақшасына салымдар бойынша сыйақы ставкасынан жылдық 3 (үш) проценттен әрi аспауы тиiс.
6. Мемлекеттің сыйлықақылары және тұрғын үй құрылысы жинақ банкi есептеген сыйақы осы Заңға сәйкес салымның негiзгi сомасын көбейтуге жұмсалады.
7. Тұрғын үй құрылысы жинақ банкiнiң шотына түскен мемлекеттiң сыйлықақылары тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы салымшыларының шоттарына есептеледi.
8. Тұрғын үй және аралық тұрғын үй заемдарын салымшылар Қазақстан Республикасының аумағында тұрғын үй жағдайын жақсарту жөнiндегі іс-шараларды жүргізу мақсатында ғана пайдалануы мүмкiн, олар болып:
1) тұрғын үй сатып алу, оның iшiнде жақсарту мақсатында оны айырбастау жолымен;
2) тұрғын үйдi салу, жөндеу және жаңғырту (құрылыс материалдарын, жер учаскесiн сатып алуды, мердiгерлiк жұмыстар ақысын төлеудi қоса алғанда) ұғынылады.
9. Тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасының салымшысы тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы шартты мерзiмiнен бұрын бұзуға және оған тұрғын үй құрылысы жинақ банкi есептеген сыйақының салымын алуға, сондай-aқ тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы шартта белгіленетiн ережелерде салымды 5 (бec) жылдан астам жинаған кезде мемлекеттiң сыйлықақысын алуға құқығы бap.";
2) 5 және 6-баптар мынадай редакцияда жазылсын:
"5-бап. Тұрғын үй құрылысы жинақ банктерi қызметiнiң
нысанасы
1. Қаржы рыногы мен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау жөнiндегі уәкiлетті органның лицензиясына сәйкес мыналар:
1) азаматтардың тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасына салымдарын қабылдау мақсатында тұрғын үй құрылысы жинақ ақшаларына салымдар (депозиттер) қабылдау, салымшылардың шоттарын ашу және енгiзу;
2) тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасының салымшыларына тұрғын үй жағдайын жақсарту жөнiндегi шараларын жүргiзуге тұрғын үй және аралық тұрғын үй заемдарын беру тұрғын үй құрылысы жинақ банктерi қызметiнiң негізгi түрлерi болып табылады.
2. Тұрғын үй құрылысы жинақ банктерi осы баптың 1-тармағында көрсетілген қызметтiң негiзгi түрiнен басқа қаржы рыногы инфрақұрылымының бiр бөлiгі болып табылатын және (немесе) тұрғын үй құрылысы жинақ банкiнiң қызметiн автоматтандыруды жүзеге асыратын заңды тұлғалардың жарғылық капиталына қатысуды, сондай-ақ қаржы рыногы мен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау жөнiндегi уәкілеттi мемлекеттiк органның лицензиясына сәйкес операциялардың басқа түрлерiн жүзеге асыруға құқылы, оларға мыналар жатады:
1) кассалық операциялар: банкноттар мен монеталарды қабылдау, беру, қайта есептеу, ұсақтау, айырбастау, сұрыптау, жинақтау және сақтау;
2) аударым операциялары: жеке тұлғалардың ақша аудару жөнiндегі тапсырмаларын орындау;
3) жеке тұлғалардың банктiк шоттары жөнiндегі тапсырмасы бойынша есептеулердi жүзеге асыру;
4) жеке меншiк бағалы қағаздарды эмиссиялау (акцияларды қоспағанда).
6-бап. Тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы шарттың
мазмұнына қойылатын талаптар
1. Тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы шартта мыналар қамтылуға тиiс:
1) шарттың мәнi;
2) тараптардың құқықтары мен мiндеттерi;
3) шарттық соманың, тұрғын үй заемының, комиссиялық алымның, қамтамасыз етудiң және тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасына салымдар және тұрғын үй заемы бойынша сыйақы ставкаларының мөлшерi;
4) тараптардың мiндеттемелердi орындау мерзiмi;
5) тұрғын үй заемын беру шарттары;
6) шартты өзгерту ережелерi және бұзу тәртiбi;
7) тараптардың жауапкершілігі;
8) Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес өзге де шарттар.";
3) 7-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
"1. Тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасының салымшылары алдында оларға шарттық соманы немесе жинақталған ақша сомасын беру жөнiндегі мiндеттемелердi орындауды қамтамасыз ету мақсатында тұрғын үй құрылысы жинақ банкi қаржы рыногында заем қаражатын тартуға құқылы.
Тұрғын үй құрылысы жинақ банктерiнiң жеке қаражатын және өзге тартылған қаражатын тұрғын үй құрылысы жинақ банктерi тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы жөнiндегі қызметiн жүзеге асыру, тартылған қаражатты қайтару жөнiндегi мiндеттемелердi орындау үшiн, сондай-ақ тұрғын үй заемын және аралық тұрғын үй заемын беру үшiн пайдалануы мүмкiн.";
4) 8, 9, 10 және 11-баптар мынадай редакцияда жазылсын:
"8-бап. Қаражатты бөлу
1. Тұрғын үй құрылысы жинақ банктерi тартқан ақша бiрiншi кезекте тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы жасалған шарт негiзiнде тұрғын үй құрылысы жинақ банктерiнiң тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы салымшыларының арасында ақшаны бөлуiне сәйкес шарттық соманы төлеуге жұмсалады.
2. Тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасының салымшысына шарттық сома мынадай жағдайларда:
1) тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы шартта анықталған жинақталған ақша сомасы жинақталғанда;
2) тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы шартта белгiленген жинақтау мерзiмi аяқталғанда бiрақ тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы шарт жасалғаннан кейiн кем дегенде 3 (үш) жылдан соң;
3) тұрғын үй құрылысы жинақ банкi есептейтiн тәртiппен ең аз бағалау көрсеткiшiне қол жеткiзгенде. Бағалау көрсеткiшiн есептеген кезде тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасын жинақтау ұзақтығы және ережелерiн сақтау ескерiледi;
4) салымға және тұрғын үй заемын алуға құқықтары қайта берілген жағдайда, заемшының тұрғын үй заемын өтеу туралы төлем қабілеттілігін растағанда төленедi.
3. Бағалау көрсеткiшiн айқындау және мемлекеттің салымшыларға сыйлықақы төлеу тәртiбiн қаржы рыногы мен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау жөнiндегi уәкілетті мемлекеттiк орган мен бюджеттiң атқарылуы жөнiндегі уәкілеттi орган белгілейдi.
4. Жинақтау мерзiмi өткен және тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасының салымшысы жинақталған ақшаның ең аз қажеттi сомасын жинақтамаған кезде ол салымды, оған есептелген тұрғын үй құрылысы жинақ банкiнiң сыйақысын, сондай-ақ салымды 5 (бec) жылдан астам жинақтаған кезде мемлекеттiң сыйлықақысын алуға немесе мемлекеттiң сыйлықақысын аудара отырып тұрғын үй құрылысы жинақ банкiнде жинақтауды жалғастыруға құқығы бар.
5. Тұрғын үй құрылысы жинақ банктерi банк заемының жекелеген шарттарында айтылған ережелерде тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасының салымшыларына аралық тұрғын үй заемдарын беруге құқылы.
9-бап. Тұрғын үй және аралық тұрғын үй заемдарын қамтамасыз
ету
Тұрғын үй және аралық заемы жылжымайтын мүлiктiң, оның iшiнде сатып алынатын тұрғын үйдiң кепiлдiгімен немесе Қазақстан Республикасының заңнамасына және тұрғын үй құрылысы жинақ банкiнiң iшкi кредит саясатына сәйкес тұрғын үй құрылысы жинақ банкi анықтаған мiндеттемелердi қамтамасыз етудiң басқа тәсiлдерiмен қамтамасыз етіледi.
Заемшылардың заемдар жөнiндегi мiндеттемелерiн қамтамасыз етуге қойылатын талаптарды тұрғын үй құрылысы жинақ банктері анықтайды.
10-бап. Тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасына салымдар
бойынша сыйлықақы төлеу шарттары
1. Мемлекет тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасының салымшыларына сыйлықақы төлеудi қамтамасыз етедi.
2. Қазақстан Республикасының 18 жасқа толмаған азаматтарының және оралмандардың салымдары немесе олардың атына арнап басқа адамдар салған салымдар да сыйлықақымен ынталандырылады.
3. Тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасына салымдар бойынша жыл сайынғы сыйлықақы мөлшерi ынталандырылатын салым сомасының жылдық 20 (жиырма) процентiн құрайды. Сыйлықақымен ынталандырылатын салымға тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасына салым сомасы мен сол бойынша есептелген сыйақы кiредi.
4. Мемлекеттiң сыйлықақысы жыл сайын жылдың қорытындысы бойынша есептiден кейiнгі жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша тұрғын үй құрылысы жинақ банкiнiң есептелген сыйақысын ескере отырып тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасына салым қалдығына беріледi.
Ағымдағы жылы мемлекеттiң сыйлықақысы тұрғын үй құрылысы жинақ банкi тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасының салымына өткен жылы есептеген мемлекет сыйлықақысының сомасына есептелмейдi.
Сыйлықақымен ынталандырылатын жинақталған ақшаның сомасы 200 (екi жүз) айлық есептiк көрсеткiштен аспайды.
Егер сыйлықақымен ынталандырылатын жинақталған ақшаның сомасы 200 (екi жүз) айлық есептiк көрсеткiштен acca, онда жинақталған ақшаның ынталандырылмаған сомасы келесi жылы сыйлықақы есептеу кезiнде ескерiледi. Бұл ретте тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы салымшысының жинақтау мерзiмi аяқталғаннан кейiн сыйлықақымен ынталандырылмай қалған жинақталған қаражаттың сомасына мемлекеттiң сыйлықақысы төленбейдi.
Тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы шарт бойынша жинақтау мерзiмi қаржы жылының iшiнде аяқталған жағдайда сыйлықақы жинақтаудың iс жүзiндегі мерзiмi аяқталған сәтке төленедi.
5. Мемлекеттiң сыйлықақысын төлеу үшiн қажет ақша жыл сайын тиiстi жылға арналған республикалық бюджетте көзделедi.
6. Тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасына салымдар бойынша мемлекеттiң сыйлықақысын төлеу тәртiбiн бюджеттiң атқарылуы жөнiндегi уәкілеттi орган және тұрғын үй жинақ банкi анықтайды.
11-бап. Тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасына салымдар бойынша
сыйлықақы төлеудi шектеу
1. Сыйлықақы мынадай жағдайларда:
1) тұрғын ұй құрылысы жинақ ақшасы салымшысының тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы шарттың ережелерiн жүйелi (қаржы жылының iшiнде үш және кезектi одан да көп) бұзған жағдайда. Бұл peттe осы қаржы жылына мемлекеттің сыйлыақысы есептелмейдi;
2) тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы салымшысы тұрғын үй заемын мақсатсыз пайдаланған;
3) тұрғын үй құрылысы жинақ банкiнiң тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасының салымшысына сыйлықақы төлеудi жүзеге асыруды осы Заңның және (немесе) тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы шарттың нормаларын бұзып жүзеге асырған жағдайда. Бұл ретте тұрғын үй құрылысы жинақ банкi бұзушылықтармен төлеген сыйлықақының сомасы (соманың бiр бөлiгі) қайтаруға жатады;
4) тұрғын үй құрылысы жинақ банкiнде салымдарды жинақтау мерзiмi кемiнде 5 (бес) жыл болған кезде тараптардың тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы шартты мерзiмiнен бұрын бұзған;
5) тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы салымшысының тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы шарт бойынша құқықтарын Қазақстан Республикасының азаматы немесе оралман болып табылмайтын тұлғаға қайта берген;
6) бюджеттің атқарылуы жөнiндегі уәкілетті орган бiр тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасының салымшысына бiрнеше тұрғын үй құрылысы жинақ банктерiнде тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасына салымдар бойынша екi және одан да көп шоттар бойынша мемлекеттiң сыйлыақысын төлеудi анықтаған жағдайда бюджетке қайтаруға жатады. Бұл ретте өткен жылдары есептелген мемлекеттің сыйлықақылары салымшының таңдауы бойынша тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы салымдарының бipeуi бойынша есептелген сыйлықақыларды қоспағанда, бюджетке қайтаруға жатады.
2. Сыйлықақы мынадай жағдайларда:
1) тұрғын үй құрылысы жинақ банкiнiң жазбаша рұқсатымен тұрғын үй iс-шараларына өткiзуге тұрғын үй жинақ ақшасы туралы шарт бойынша ақшаны пайдаланған кезде, салымшының тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы шарт бойынша талап ету құқықтарын немесе тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасын және (немесе) тұрғын үй заемын (аралық заемын) алу құқықтарына кепілдiкті Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын басқа тұлғаға немесе оралмандарға берген;
2) тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасының салымшысы қайтыс болған немесе еңбекке жарамдылығынан толық айрылған;
3) тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасының салымшысы тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы шарт жасалғаннан кейiн заң актiлерiнде белгіленген тәртiппен жұмыссыз ретiнде тiркелген және мемлекеттiң сыйлықақысы төленетiн сәтте 6 (алты) ай бойы үздiксiз осындай жағдайда болса;
4) осы Заңның 12-бабының 3-тармағында көзделген жағдайларда бюджетке қайтарылуға жатпайды;
5) 12-бапта:
1-тармақта "сондай-ақ" деген сөзден кейiн "тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы ережелерiнде көзделген мерзiмде" деген сөздермен толықтырылсын;";
2-тармақ алынып тасталсын;
3-тармақта:
"бac тартқан" деген сөздерден кейін "және тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы шартты мерзiмiнен бұрын бұзған" деген сөздермен толықтырылсын;
"5 жыл жинақтаудан" деген сөздер "ақшаны 5 (бес) жыл жинақтағаннан" деген сөздермен ауыстырылсын.
2-бап. Осы Заң ресми түрде жарияланған күнiнен бастап күшіне енедi.
Қазақстан Республикасының
Президентi