Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:
"Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламентi Мәжілісiнiң қарауына енгiзiлсiн.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрi
Жоба
Қазақстан Республикасының
Заңы Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы
Осы Заң резиденттер мен резидент еместер валюталық құндылықтарға құқықтарын iске асырған кезде туындайтын қатынастарды реттейдi, валюталық реттеу және валюталық бақылаудың мақсаттарын, мiндеттерi мен тәртiбiн айқындайды.
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) базалық актив - бағасына туынды қаржы құралының құны тәуелдi қаржы құралы, көрсеткіш немесе тауар;
2) валюта - мемлекеттер заңды төлем құралы ретiнде қабылдаған ақша бiрлi немесе банкноттар, қазынашылық билеттер және монеталар, оның iшiнде қымбат металдардан жасалған (оған қоса айналыстан алынған немесе алынатын, бiрақ айналыста жүрген ақша белгiлерiне айырбастауға жататын) монеталар түрiндегі қолма-қол жасалатын және қолма-қол жасалмайтын ақша нысандары құнының ресми стандарттары, сондай-ақ шоттардағы, оның iшiнде халықаралық ақша немесе есеп айырысу бiрлiктерiндегi қаражат;
3) валюталық операциялар:
валюталық құндылықтарға меншiк құқығының және өзге де құқықтардың өтуiне, сондай-ақ валюталық құндылықтарды төлем құралы ретінде пайдалануға байланысты операциялар;
валюталық құндылықтарды, coндай-ақ ұлттық валютаны, номиналы ұлттық валютамен көрсетілген бағалы қағаздарды және төлем құжаттарын Қазақстан Республикасына әкелу, жiберу және аудару, сондай-ақ Қазақстан Республикасынан әкету, жiберу және аудару;
4) валюталық құндылықтар:
шетел валютасы;
номиналы шетел валютасымен көрсетiлген бағалы қағаздар және төлем құжаттары;
тазартылған құйма алтын;
ұлттық валюта, номиналы ұлттық валютамен көрсетiлген бағалы қағаздар және төлем құжаттары, резиденттер мен резидент еместер арасында, сондай-ақ резидент еместер арасында олармен операциялар жасалған жағдайда;
5) валюталық шарт - келiсiм, құрылтай құжаттары, оларға өзгерiстер мен толықтыруларды қоса алғанда, сондай-ақ солардың негізiнде және (немесе) орындау мақсатында валюталық операциялар жүзеге асырылатын өзге де құжаттар;
6) шетел валютасы - шет мемлекеттердiң валютасы, сондай-ақ халықаралық ақша немесе есеп айырысу бiрлiктерi;
7) шетелдiк банктер - Қазақстан Республикасынан тыс жерде құрылған және өздерi тiркелген мемлекеттердің заңнамасы бойынша банк операцияларын жүзеге асыруға құқығы бар банктер мен өзге де қаржы институттары;
8) коммерциялық кредиттер - тауарларды (жұмысты, қызмет көрсетудi) жеткiзушілер (сатушылар) мен алушылар (сатып алушылар) арасында тiкелей жүзеге асырылатын экспорт бойынша төлем мерзiмiн кейiнге қалдыру немесе импорт бойынша алдын ала ақы төлеу (аванстық төлем);
9) ұлттық валюта - Қазақстан Республикасының валютасы;
10) резидент еместер - барлық заңды тұлғалар, олардың өкiлдiктерi мен филиалдары, сондай-ақ осы баптың 15) тармақшасында көрсетiлмеген жеке тұлғалар;
11) айырбастау пункттерi - Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң немесе қаржы нарығын және қаржылық ұйымдарды реттеу мен қадағалауды жүзеге асыратын уәкiлеттi органының лицензиясына сәйкес жүзеге асырылатын шетел валютасымен айырбастау операциялары жүргізiлетiн арнайы жабдықталған орындар;
12) мәмiле паспорты - валюталық операциялар бойынша есепке алуды және есеп берудi қамтамасыз ету үшiн қажетті сыртқы экономикалық мәмiле туралы мәлiметтер көрсетілетiн белгiленген нысандағы құжат;
13) туынды қаржы құралдары - құны базалық активтiң құнынан бөлек бағалануы мүмкiн және мәмілелердің дербес объектiсi бола алатын қаржы құралдары;
14) тiкелей инвестициялар - заңды тұлғаның акцияларын (қатысушылардың салымдарын) төлеуге ақшаны, бағалы қағаздарды, заттарды, мүлiктiк құқықтарды, оған қоса зияткерлiк шығармашылық қызметтің нәтижесiне құқықтарды және өзге де мүлiктi салу, соның нәтижесiнде осындай салымдарды жүзеге асыратын тұлғаға осы заңды тұлғаның дауыс беретiн акцияларының он және одан да көп пайызы (қатысушылap даусының жалпы санының он және одан да көп пайызы) тиесілi болады;
15) резиденттер:
Қазақстан Pecпубликасының, оның iшiнде шет елде уақытша жүрген немесе Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде осы мемлекеттiң заңнамасына сәйкес берiлген шет мемлекетте тұрақты тұру құқығына құжаты бар Қазақстан Республикасының азаматтарын қоспағанда, мемлекеттiк қызметте жүрген азаматтары;
Қазақстан Республикасында тұрақты тұру құқығына құжаты бар шетелдiк азаматтар және азаматтығы жоқ тұлғалар;
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған, Қазақстан Республикасының аумағына орналасқан, сондай-ақ олардың филиалдары мен өкiлдiктерi Қазақстан Республикасына және одан тыс жерлерге орналасқан барлық заңды тұлғалар;
Қазақстан Республикасынан тыс жерлердегi Қазақстан Республикасының дипломатиялық, сауда және өзге де ресми өкiлдiктерi;
16) уәкілетті банктер - Қазақстан Республикасында құрылған, осы баптың 17) тармақшасында көрсетiлген валюталық, оның iшiнде клиенттердiң тапсырмасы бойынша операцияларды жүзеге асыратын, банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүргiзуге құқығы бар банктер және ұйымдар;
17) уәкілеттi ұйымдар - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған, қызметiнiң ерекше түрi айырбастау операциялары болып табылатын заңды тұлғалар;
18) қаржылық заемдар:
ақша нысанында берiлетін заемдар (коммерциялық кредиттердi қоспағанда);
резиденттердiң шет елде халықаралық қаржы нарықтарына қаражат тарту мақсатында құратын еншiлес ұйымдарының салымдары (депозиттері);
борышкердiң мiндеттемелердi орындауын қамтамасыз етуге берілетін ақша;
үшінші тұлғалардың тауарларды (жұмысты, қызмет көрсетудi) сатып алуы және өзге де мәмiлелердi қаржыландыруы, сондай-ақ олардың кредиторлар алдындағы борышкердiң мiндеттемелерiн орындауы, соның нәтижесінде осындай қаржыландыруды ұсынған, не осындай орындауды жүзеге асырған тұлғада ақшаны және өзге де мүлiкті сыйақымен бiрге немесе сыйақысыз қайтару жөнiнде міндеттеме туындайды;
19) экспорт (импорт) - резиденттің резидент емеске (резидент еместің резидентке) тауарларды сатуы (жұмысты орындауы, қызмет көрсетуi).
2-бап. Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актiлерiнен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзге ережелер белгіленген болса, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.
3-бап. Осы Заңның қолданылу аясы
Осы Заң Қазақстан Республикасының аумағында қолданыста болады және Қазақстан Республикасының аумағында валюталық операцияларды жүзеге асыратын резидент еместерге және Қазақстан Республикасының барлық резиденттерiне қолданылады.
2-тарау. Валюталық реттеу
4-бап. Валюталық реттеудiң мақсаттары мен мiндеттерi
1. Валюталық реттеудiң мақсаты тұрақты экономикалық өсуге қол жеткiзу және экономикалық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi мемлекеттiң саясатына ықпал ету болып табылады.
2. Валюталық реттеудiң міндеттерi:
1) валюталық құндылықтардың Қазақстан Республикасындағы айналысының тәртібiн белгiлеу;
2) Қазақстан Республикасының әлемдiк экономикаға одан әрi шоғырлануы үшiн жағдайлар жасау;
3) валюталық операциялар мен капитал ағындары бойынша ақпараттық базаны қамтамасыз ету болып табылады.
5-бап. Валюталық реттеу органдары
1. Қазақстан Республикасында валюталық реттеудiң негiзгi органы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi болып табылады.
2. Қазақстан Республикасының Үкiметі және өзге мемлекеттiк органдар өз құзыретi шегiнде валюталық реттеудi жүзеге асырады.
3. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi және Қазақстан Республикасының Үкiметi осы Заңға сәйкес өз құзыретi шегiнде резиденттер мен резидент еместер үшін мiндетті нормативтiк құқықтық актiлер шығарады.
Валюталық peттeу органдары әзiрлеген валюталық реттеу мәселелерi жөнiндегi нормативтік құқықтық актiлер Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiмен мiндеттi түрде келiсiлуге жатады.
4. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi валюталық реттеу органы ретiнде:
1) осы Заңның 6-бабына сәйкес резиденттердiң валюталық құндылықтарды пайдалануға байланысты қызметiн жүзеге асыруына қойылатын талаптарды;
2) резиденттер мен резидент еместердiң валюталық операцияларды және валюталық peттeу режимiн жүзеге асыру:
лицензиялау;
тiркеу;
хабарлау тәртібiн;
3) Қазақстан Республикасының аумағында қызметті жүзеге асыратын резидент еместердiң валюталық операцияларына мониторингті (валюталық мониторингтi) жүзеге асыру тәртiбiн;
4) уәкiлетті мемлекеттiк органдармен келiсiм бойынша олардың құзыретiне сәйкес барлық резиденттер мен резидент еместердiң орындауы үшiн мiндетті валюталық операциялар бойынша есепке алу және есеп беру нысандарын белгiлейдi.
Осы Заңда жүзеге асыру тәртiбi белгіленбеген валюталық операциялар шектеусiз жүргiзiледi.
6-бап. Валюталық құндылықтарды пайдалануға байланысты қызметті жүзеге асыруға қойылатын талаптар
1. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi валюталық құндылықтарды пайдалануға байланысты қызметтiң мынадай түрлерiне лицензиялар бередi:
1) қолма-қол шетел валютасына бөлшек сауданы жүзеге асыру және қызмет көрсету;
2) уәкiлеттi ұйымдардың шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыруы.
Осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілген қызметтi жүзеге асыруға лицензия өз қызметiн бажсыз сауда дүкенінің кеден режимiнде, сондай-ақ халықаралық тасымалдарды жасайтын теңiз, авиация, темiржол мен автомобиль көлiгiнде жүзеге асыратын тұлғаларға беріледi.
2. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi осы баптың 1-тармағында көрсетiлген қызметке бiлiктiлiк талаптарын, сондай-ақ қосымша сауда нүктелерi мен айырбастау пункттерiн тiркеу (ашу) тәртiбiн белгiлейдi. Уәкiлетті ұйымдар үшін құрылтай құжаттарын келiсу тәртiбi, құрылтайшылардың құрамына, ұйымдастыру-құқықтық нысанына, жарғылық капиталдың мөлшерiне және қалыптасу тәртiбiне қойылатын талаптар, бөлiмшелер құру және басқа заңды тұлғаларға қатысу жөнiндегі шектеулер қосымша белгiленедi.
3. Резиденттер лицензиялар алу үшiн "Лицензиялау туралы" Қазақстан Республикасының Заңында айқындалған құжаттардан басқа, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiне осы Заңның 10-бабының 1), 3)-9) тармақшаларында көрсетiлген құжаттарды тапсырады.
4. Осы баптың 1-тармағында көрсетiлген қызметті жүзеге асыруға лицензиялар резиденттің құжаттардың толық пакетiн тапсырған күннен бастап отыз күнтiзбелік күн iшiнде беріледi.
5. Лицензия беруден бас тарту үшiн негіздер:
1) осы Заңға сәйкес көзделген құжаттарды не өзге де ақпаратты бермеуi;
2) өтінiш берушiнiң осы Заңға сәйкес белгiленген талаптарға сай болмауы;
3) Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген өзге де негiздер болып табылады.
Өтініш берушiге лицензия беруден бас тартылған жағдайда бас тарту себептерi көрсетіле отырып, дәлелдi жауап берiледi.
6. Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актілерiнде жүзеге асыруға лицензия алынған қызмет бойынша ақпарат берудiң нысандары мен тәртiбi белгiленедi.
7-бап. Валюталық операцияларды лицензиялау
1. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi осы Заңның 4-тарауында көрсетiлген валюталық операцияларға лицензиялар бередi.
2. Резидент - валюталық операцияға қатысушы банк шоты ашылғанға дейiн немесе тараптардың бiрi шарт бойынша мiндеттемелердi орындауды бастағанға дейiн не осы Заңның 20-бабының 5-тармағының екiншi бөлiгiнде және 7-тармағында және 25-бабының 5-тармағының 2) тармақшасында көрсетiлген мерзiм өткен күннен бастап отыз күн iшiнде лицензия алуға өтiнiш жасауға мiндетті.
3. Резиденттер лицензия алу үшін "Лицензиялау туралы" Қазақстан Республикасының Заңында айқындалған құжаттардан басқа, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне осы Заңның 10-бабының 1-тармағының 1)-8 тармақшаларында көрсетiлген құжаттарды тапсырады.
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi лицензия беру туралы шешiм қабылдау үшін қажетті қосымша құжаттарды сұратуға құқылы.
4. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi нормативтiк құқықтық aктіде:
1) осы Заңның 22-бабының 3-тармағына сәйкес лицензиялануға жататын валюталық операциялардың көлемдерiне қатысты;
2) осы Заңның 22-бабының 2-тармағына сәйкес лицензиялауға жататын операцияларды резидент-клиенттiң тапсырмасы бойынша мүддесiне және есебiнен резидент еместiң жүргiзуi көзделетiн, өзi тiркелген мемлекеттiң заңнамасы бойынша бағалы қағаздар рыногындағы кәсiби қызметтi жүзеге асыруға құқығы бар резиденттер мен резиденттер арасындағы мәмiлелер шарттарына қатысты;
3) осы Заңның 25-бабына сәйкес лицензиялануға жататын операциялар бойынша уәкiлеттi банктердегі шоттар арқылы валюталық операцияларды жүзеге асыруға мүмкiндiктiң жоқтығына негiздеме беру.
5. Лицензия беруден бас тарту үшiн негіздер:
1) осы Заңға сәйкес көзделген құжаттарды не өзге де ақпаратты бермеуi;
2) жүргiзiлетін операцияның Қазақстан Республикасының заңнамасына сай келмеуi;
3) жүргiзiлетiн валюталық операцияның және (немесе) өтiнiш берушiнің осы Заңға сәйкес белгіленген талаптарға сай келмеуi;
4) осы Заңның 22, 25-баптарына сәйкес лицензиялануға жататын валюталық операцияларға қатысты - салықтар және бюджетке төленетiн басқа да мiндетті төлемдер бойынша берешектiң, республикалық және жергiлiктi бюджеттердiң, үкiметтік сыртқы заемдардың қаражаты есебiнен берiлген кредиттер бойынша мерзiмi өткен берешектiң және мемлекеттік кепілдiктердi орындауға байланысты туындаған талаптар бойынша берешектiң болуы;
5) Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген өзге де негiздер болып табылады.
Өтiнiш берушiге лицензия беруден бас тартылған жағдайда, бас тарту себептерi көрсетiле отырып, дәлелдi жауап берiледi.
6. Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерінде лицензиялануға жататын валюталық операциялардың ең аз сомасы, сондай-ақ берiлген лицензияға сәйкес валюталық операциялар бойынша ақпараттар берудiң нысандары мен тәртiбi белгiленедi.
8-бап. Валюталық операцияларды тiркеу
1. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi осы Заңның 4-тарауында көрсетілген валюталық операцияларды тiркеудi жүзеге асырады.
2. Тiркеу режимiне валюталық шартты тiркеу және тiркелген валюталық шарт бойынша кейіннен мәлiметтер беру кiредi.
3. Резидент - валюталық операцияға қатысушы тараптардың бiрi валюталық шарт бойынша мiндеттемелерiн орындауды бастағанға дейiн не осы Заңның 20-бабының 7-тармағында және 23-бабының 2-тармағында көрсетiлген мерзiм өткен күннен бастап отыз күн iшiнде, ал осы Заңның 25-бабының 4-тармағында көзделген жағдайларда шот бойынша операциялар жүргiзудi бастағанға дейiн тiркелуге өтiнiш беруге мiндетті.
4. Резиденттер валюталық операцияларды тiркеу үшiн Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiне осы Заңның 10-бабының 1-тармағының 1)-4), 6), 7) тармақшаларында көрсетiлген құжаттарды тапсырады.
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi ұсынылған құжаттардағы сiлтемелерге қосымша құжаттарды сұратуға құқылы.
5. Резидент құжаттардың толық пакетін тапсырған күннен бастап он жұмыс күнi iшiнде тiркеу жүзеге асырылады.
Валюталық шартты тiркеген кезде өтiнiш берушiге белгiленген үлгiдегi құжат - тiркеу куәлігі берiледi.
6. Тiркеуден бас тарту мынадай жағдайларда жүзеге асырылады:
1) осы Заңға сәйкес көзделген шынайы емес ақпарат беру не ақпарат бермеу;
2) жүргiзiлетiн операцияның Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес келмеуі.
7. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң нормативтiк құқықтық актілерiнде тiркелуге жататын және тiркеу тәртібiнен алып тастайтын мәмiленің ең аз сомасы белгiленедi.
9-бап. Валюталық операциялар туралы хабарлау
1. Резиденттердiң - валюталық операцияларға қатысушылардың және (немесе) уәкiлеттi банктердiң, сондай-ақ клиенттердiң тапсырмасы бойынша валюталық операцияларды жүзеге асыратын бағалы қағаздар рыногының кәсiби қатысушыларының Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне валюталық шарт бойынша белгіленген нысанда ақпарат беруi және бұдан кейiн жүргiзiлген операциялар мен валюталық шарттың өзгерiстерi туралы ақпарат беруi хабарлау тәртiбiне кiредi.
Резиденттер - валюталық операцияларға қатысушылар валюталық шарт жасалғаннан кейiн, бiрақ тараптардың бiрi валюталық шарт бойынша алғашқы операцияны жүргiзген күннен бастап жетi күннен кешіктiрмей, ал шетелдiк банкте шот ашылған жағдайда, осы Заңның 25-бабының 2-тармағында белгiленген мерзiмде Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiне хабарлайды.
Уәкілеттi банктер және (немесе) бағалы қағаздар рыногының кәсiби қатысушылары клиенттiң операциясын жүргiзген күннен бастап жетi күндiк мерзiмнен кешіктірмей Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiне хабарлайды.
2. Хабарлау тәртібiн Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi белгiлейдi және валюталық операцияға қатысушыдан валюталық шарт туралы ақпарат алған күннен бастап он күннен аспайтын мерзiмде хабарлау туралы растау берудi көздейдi.
3. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi валюталық операциялардың жасалу жағдайларын нақтылау мақсатында соның негізiнде валюталық операциялар жүзеге асырылатын валюталық шартты талап етуге құқылы.
4. Уәкiлетті банктер және (немесе) бағалы қағаздар рыногының кәсiби қатысушылары хабарлау туралы растау болмаған жағдайда Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiне осы бапта көзделген тәртiппен хабарлай отырып, валюталық операцияларды шектеусiз жүргiзедi.
10-бап. Лицензия және тiркеу куәлігiн aлу үшін
талап етілетiн құжаттар
Pезиденттep валюталық құндылықтарды пайдалануға байланысты қызметті жүзеге асыру талаптарына сәйкес, сондай-ақ осы Заңда белгiленген валюталық реттеу режимдерiнің талаптарына сәйкес Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiне мынадай құжаттарды ұсынады:
1) өтiнiш;
2) тiгiлген және қол қойылып (жеке және заңды тұлғалар үшiн), мөрмен куәландырылған (заңды тұлғалар үшiн) валюталық шарттың көшiрмесi;
3) заңды тұлғалардың (заңды тұлғалар үшiн) мемлекеттік тiркелгені туралы куәлiктiң көшiрмесi;
4) жеке басын куәландыратын құжаттың көшiрмесi (валюталық операцияны жүзеге жеке тұлғалар үшін);
5) құрылтай құжаттарының көшiрмесi (заңды тұлғалар үшiн);
6) бiрегей сәйкестендiрiлген код тағайындалғанын растайтын, Қазақстан Республикасы мемлекеттік статистикасының уәкiлеттi органы берген құжаттың көшiрмесi (заңды тұлғалар үшін);
7) салық төлеушiнiң мемлекеттiк тiркелгенiн растайтын құжаттың көшiрмесi;
8) өтiнiш берушiнің талаптарға, оның iшiнде осы Заңда және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң нормативтiк құқықтық актілерiнде белгiленген бiлiктiлiк талаптарға сәйкестiгiн растайтын құжаттардың көшірмелерi;
9) резиденттің шетел валютасында шотының болуы туралы банктің анықтамасы;
10) тiгiлген және қол қойылып (жеке және заңды тұлғалар үшін), мөрмен куәландырылған (заңды тұлғалар үшін) валюталық шарт бойынша мiндеттемелердiң туындауын, орындалуын және тоқтатылуын растайтын құжаттардың көшiрмесi.
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi осы бапта көрсетiлген құжаттардың түпнұсқаларын резиденттiң шолуы үшiн беруiн талап етуге құқылы.
11-бап. Валюталық мониторинг
1. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi валюталық мониторингті Қазақстан Республикасының төлем балансының тұрақтылығын бағалау мақсатында жүзеге асырады.
Валюталық мониторингтiң негiзгi мiндеттерi:
1) валюталық мониторинг объектілерi жүзеге асыратын валюталық операциялар бойынша ақпарат базасын құру;
2) Қазақстан Республикасы төлем балансының, сыртқы борышының және халықаралық инвестициялық позициясының статистикасын, талдау мен болжамды жетілдiру болып табылады.
2. Резидент емес заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының аумағында бiр жылдан астам жұмыс iстейтiн филиалдары мен өкiлдiктерi валюталық мониторинг объектілерi болып табылады.
Валюталық мониторингке жататын қызметтің түрлерiн Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi айқындайды.
3. Валюталық мониторинг белгiленген есеп беру нысандарына сәйкес резиденттермен және резидент еместермен олардың iске асыратын жобалары бойынша валюталық мониторинг объектiлерiнен ақпарат жинау әдiсiмен жүзеге асырылады.
4. Валюталық мониторинг жүргізу үшiн есеп беру мерзiмдерi мен нысандары Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң нормативтiк құқықтық актiсiнде белгіленедi.
12-бап. Шетел валютасын және ұлттық валютаны қайтару
1. Резиденттер мәмiле шарттарында көзделген мерзiмде уәкiлеттi банктердегi банктiк шоттарына:
1) резиденттiң тауарлар (жұмыс, қызмет көрсету) экспортына ақы төлеуге алған шетел валютасын және ұлттық валютаны;
2) резидент емес міндеттемелерiн орындамаған және (немесе) толық орындамаған жағдайда, резиденттiң тауарлар (жұмыс, қызмет көрсету) импорты бойынша есеп айырысуды жүзеге асыруы үшін резидент еместiң пайдасына аударған шетел валютасын және ұлттық валютаны есептеудi қамтамасыз етуге мiндетi.
2. Резиденттiң тауарлар (жұмыс, қызмет көрсету) импорты бойынша есеп айырысуды жүзеге асырған кезде уәкiлетті банктердегі банктiк шоттарына шетел және ұлттық валютаны есептеуi мынадай жағдайларда:
1) резидент еместен тартылған заемның шарттарына сәйкес резиденттiң міндеттемелерін қамтамасыз етуге арналған шетелдiк банктердегі резиденттің шоттарына валюта түсiмiн есептегенде;
2) резиденттің филиалдары мен өкiлдiктерiнiң қызметін қамтамасыз етуге арналған шет елде ашылған шетелдік банктердегi шоттарына валюта түсiмiн есептегенде талап етілмейдi.
3. Тауарлар (жұмыс, қызмет көрсету) экспорты, импорты бойынша есеп айырысуды жүзеге асырған кезде уәкiлетті банктердегi шоттарға шетелдiк және ұлттық валюталар түспеген жағдайда есептеу жөнiндегі мiндеттеме осы Заңға сәйкес:
1) бiркелкi қарсы талапты есепке алу арқылы резидент еместiң мiндеттемелерiн тоқтату;
2) олардың арасында бұрыннан бар бастапқы мiндеттеменi сол тұлғалар арасында мәнiнiң немесе тәсiлiнiң өзгеше орындалуы көзделетін басқа мiндеттемемен ауыстыру арқылы резидент еместiң мiндеттемелерiн тоқтату;
3) резидент емеске талап қою құқығын басқа тұлғаға беру;
4) резидент еместiң мiндеттемелердi орындамау тәуекелін сақтандыру шарттары бойынша сақтандыру оқиғасы басталған кезде сақтандыру өтемiн алу жағдайларында толық немесе iшiнара орындалды деп есептеледі.
4. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi резиденттердiң қайтару талаптарын орындауын қамтамасыз ету мақсатында резиденттердiң экспорт және импорт жөнiндегі мәмiле паспорттарын ресiмдеудiң бірыңғай ережесi мен шарттарын және экспорт-импорт валюталық бақылауды жүзеге асыру тәртібiн белгілейдi.
Экспортердiң (импортердiң) келiсiм-шарт жасау күнiне баламасы он мың АҚШ долларынан аспайтын сомаға жасалған келісім-шарттар бойынша мәмiле паспорты ресімделмейдi.
5. Резиденттің уәкілеттi банктердегi және (немесе) шетелдiк банктердегі өзiнiң шоттарына шетел валютасын және Қазақстан Республикасының валютасын есептеуiн бақылау мақсатында, тауарлардың (жұмыс, қызмет көрсету) экспортын, импортын көздейтiн келiсiм-шартта резидент еместердiң мiндеттемелердi орындау мерзiмi мiндетті түрде көзделуi тиiс.
Резиденттердiң валюталық операцияларын жүргiзетiн уәкiлеттi банктер резиденттен шетел валютасын уәкiлетті банктердегi шоттарға есептеу мерзiмдерiн нақтылауды және (немесе) дәл айқындауды талап етуге құқылы.
Мiндеттемелердiң орындалу мерзiмдерi өзгерген жағдайда, уәкiлетті және (немесе) шетелдiк банктердегi шоттарға шетел валютасын белгіленген мерзiмде есептеуге ықпалын тигізетiн өзге де жағдайлар туындағанда, резиденттер уәкiлеттi банктерге және (немесе) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiне тиiсті негiздеменi және растау құжаттарын тапсыра отырып хабарлауға мiндетті.
6. Осы баптың талаптарының орындалуын және валюталық қаражаттың қайтарылмау негіздемесін бақылауды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi салық, құқық қорғау органдарымен және кедендiк органмен бiрлесiп жүзеге асырады.
3-тарау. Валюталық операцияларды жүзеге асырудың
негiзгi қағидаттары
13-бап. Резиденттер арасындағы валюталық операциялар
Резиденттер арасындағы валюталық операцияларға тыйым салынады, оған мыналар кiрмейдi:
1) тараптардың бiрi Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi және (немесе) Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі болатын операциялар;
2) уәкілетті банктер және уәкiлеттi ұйымдар өздерiне берілген лицензияға сәйкес жүзеге асыруға құқылы банктiк операцияларға және өзге де операцияларға жатқызылатын валюталық құндылықтармен операциялар;
3) валюталық операциялар жүргiзу бойынша банктiк қызмет көрсетуге ақы төлеу, сондай-ақ шетел валютасындағы банктiк қызмет көрсету көзделетiн шарттар бойынша тұрақсыздық айыппұлын (айыппұлдарды, өсімпұлдарды) төлеу;
4) резиденттердiң шетел валютасында шығарған бағалы қағаздарын және резидент еместердiң шығарған бағалы қағаздарын сатып алуға, сатуға, сыйақы төлеуге және (немесе) өтеуге байланысты операциялар;
5) аударым аккредитивтерiн ақы төлеу нысаны ретiнде пайдаланған кезде экспортты (импортты) жүзеге асыруға байланысты комиссия шарттары бойынша ақша төлемдерi мен аударымдары;
6) шетел валютасымен көрсетілген вексельдердi ақшалай міндеттемелердi орындау ретiнде беру;
7) бөлшек сауданы жүзеге асыруға лицензиясы бар резиденттермен есеп айырысу және осы Заңда және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң нормативтiк құқықтық актiлерiнде белгiленген талаптарға сәйкес алынған қолма-қол шетел валютасымен қызмет көрсету;
8) қызметкерлердi Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге iссапарларға жiберуге байланысты шығыстарды төлеу;
9) жеке тұлғалардың ақшасын өтеусіз аудару;
10) жеке тұлғалардың валюталық құндылықтарды жеке тұлғаларға, сондай-ақ жарғылық қызметi қайырымдылық қызметiн жүзеге асыруға бағытталған заңды тұлғаларға өтеусiз беруi;
11) бюджетке төленетiн міндеттi төлемдердi жүзеге асыруға байланысты операциялар.
14-бап. Резиденттер және резидент еместер арасындағы валюталық операциялар
1. Резиденттер резидент еместермен валюталық заңнамаға сәйкес тараптардың келiсiмi бойынша шетелдiк және (немесе) ұлттық валютадағы мәмiлелер жасауға құқылы.
2. Резиденттер резидент еместермен операциялар бойынша шетел валютасымен көрсетiлген вексельдер шығаруға құқылы.
3. Резидент еместер салымдар (депозиттер), бағалы қағаздар, осы Заңда көзделген тәртiппен жүзеге асырылған резиденттермен заем және өзге де валюталық операциялар бойынша алынған дивидендтердi, сыйақы мен өзге де кiрiстердi шектеусіз алуға және аударуға құқылы.
4. Егер осы Заңның 20-24-баптарында көрсетiлген валюталық операцияларға қатысты валюталық реттеу режимдерi белгіленбесе, резиденттер мен резидент еместер арасындағы валюталық операциялар хабарлау режимiн белгілеуге құқылы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi белгiлеген тәртіппен шектеусiз жүзеге асырылады.
Осы Заңда белгiленген валюталық peттeу режимдерi тараптардың бipi Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi және (немесе) Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгі болып табылатын резидент еместермен валюталық операцияларға қолданылмайды.
15-бап. Резидент еместер арасындағы
валюталық операциялар
1. Қазақстан Республикасының аумағында резидент еместер арасындағы валюталық операциялар осы Заңның 16-бабының талаптарын ескере отырып шектеусіз жүзеге асырылады.
2. Қазақстан Республикасының аумағында резидент еместер арасындағы валюталық операцияларды жүргiзуге шектеулер осы Заңның 33-бабында көзделген жағдайларда ғана енгiзiлуi мүмкін.
16-бап. Резиденттер мен резидент еместердiң валюталық операциялар бойынша төлемдері мен аударымдары
1. Резиденттер мен резидент еместердің валюталық операциялар бойынша ақша төлемдерi мен аударымдары уәкiлеттi банктердегi шоттары арқылы жүзеге асырылады, оған мыналар кiрмейдi:
1) Қазақстан Республикасының аумағындағы жеке тұлғалардың ұлттық валютамен ақша төлемдерi мен аударымдары, сондай-ақ олардың пайдасына ақша төлемдерi мен аударымдары;
2) осы баптың 3-тармағына сәйкес, жеке тұлғалардың уәкiлетті банктерде шот ашпай жүзеге асыратын ақша аударымдары;
3) бөлшек сауданы жүзеге асыруға және қолма-қол шетел валютасымен қызмет көрсетуге Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң лицензиясы бар жеке тұлғалар мен заңды тұлғалар арасындағы төлемдер;
4) жеке тұлғалар мен уәкiлеттi банктердiң немесе уәкiлеттi ұйымдардың олардың айырбастау пункттерi арасындағы төлемдер;
5) резидент заңды тұлғалардың резидент емес қызметкерлерге, сондай-ақ резидент емес заңды тұлғалардың резидент және резидент емес қызметкерлерге шетел валютасымен жалақы төлеуi;
6) заңды тұлғалардың қызметкерлердi Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге iссапарларға жiберуге байланысты шығыстарды шетел валютасымен төлеуi;
7) әуежайларда, айлақтарда және халықаралық қатынастар үшiн ашылған шекарадан өткiзетін орындарда өз қызметiн Қазақстан Республикасының кеден аумағында кедендiк бақылаумен жүзеге асыратын жеке тұлғалар мен резидент емес заңды тұлғалар арасындағы төлемдер;
8) өз қызметiн Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асыратын резидент заңды тұлғалар мен резидент еместер арасындағы Қазақстан Республикасының ақша төлемдерi мен аударымдары туралы заңнамасында белгiленген сома шегiнде ұлттық валютамен төлемдерi;
9) чек, вексель беру (тапсыру) арқылы жасалатын төлемдер;
10) осы Заңда белгіленген тәртiппен ашылған шетелдiк банктердегi шоттар арқылы жүзеге асырылатын ақша төлемдерi мен аударымдары.
Заңды тұлғалар - резиденттер мен резидент еместер алған қолма-қол шетел валютасы Қазақстан Республикасының аумағында валюталық операциялар жүргізген кезде олардың уәкiлеттi банктердегi шоттарына мiндеттi түрде есептеуге жатады.
2. Осы Заңмен лицензиялау, тiркеу, хабарлау және (немесе) мәмiле паспортын ресiмдеу талабына қатысты айқындалған Қазақстан Республикасының аумағындағы валюталық операциялар бойынша ақша төлемдерi мен аударымдары уәкiлетті банктерде ашылған шоттар арқылы ғана жүзеге асырылады.
3. Жеке тұлғалар - резиденттер мен резидент еместер белгiленген сома шегiнде уәкiлеттi банктерде шот ашпай-ақ:
1) Қазақстан Республикасының аумағында, Қазақстан Республикасынан және Қазақстан Республикасына өтеусiз ақша аударымдарын (салықтық, лицензиялық, айыппұл төлемдерiн, мұрагерлік соманың аударымдарын, алименттердi, гранттарды және басқаларды);
2) жеке тұлғаның кәсiпкерлiк қызметті жүзеге асыруына байланысты емес және осы Заңға сәйкес оған қатысты лицензиялау, тiркеу, хабарлау талабы айқындалмаған Қазақстан Республикасынан өзге де ақша аударымдарын жүзеге асыра алады.
4. Резиденттердiң және резидент еместердiң қолма-қол шетел валютасын пайдалану және шотқа есептеу тәртібi, сондай-ақ банк шотын ашпай ақша аударымдарының сомасы және жүзеге асыру тәртібi Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң нормативтiк құқықтық актiлерiнде белгiленедi.
17-бап. Шетел валютасымен айырбастау операциялары
1. Уәкiлетті банктер өздерiне берiлген лицензияға сәйкес шетел валютасын Қазақстан Республикасында сол сияқты шет елде де еркiн айырбастай алады, сатып алады және сата алады.
2. Қазақстан Республикасында резиденттер мен резидент еместер шетел валютасын тек қана уәкiлеттi банктер, олардың айырбастау пункттерi, сондай-ақ уәкiлетті ұйымдардың айырбастау пункттерi арқылы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi белгiлеген тәртіппен сатып алады, сатады және айырбастайды.
18-бап. Номиналы және (немесе) құны ұлттық валютамен көрсетілген валюталық құндылықтарды, қолма-қол ұлттық валютаны, бағалы қағаздарды және төлем құжаттарын әкелу және әкету, жiберу
1. Жеке тұлғалар - резиденттер мен резидент еместер әкетiлетiн қолма-қол шетел валютасының қайдан алынғанын растайтын құжаттарды тапсырмай-ақ, баламасы он мың АҚШ долларынан аспайтын мөлшерде қолма-қол шетел валютасын Қазақстан Республикасынан әкетуге құқылы.
Жеке тұлғалар - резиденттер мен резидент еместердiң, оның Қазақстан Республикасына әкелінгенін растайтын кеден мәлiмдемесiнде көрсетiлген сома шегiнде Қазақстан Республикасына бұрын әкелiнген соманы қоспағанда, баламасы он мың АҚШ долларынан асатын мөлшерде қолма-қол шетел валютасын Қазақстан Республикасынан әкетуiне жол берiлмейдi.
2. Жеке тұлғалардың - резиденттер мен резидент еместердiң баламасы үш мың АҚШ долларынан асатын мөлшерде қолма-қол шетел және ұлттық валютаны Қазақстан Республикасына әкелуi және әкетуi қолма-қол шетел және (немесе) ұлттық валютаның әкетiлетін барлық сомасына кедендiк декларация беру жолымен Қазақстан Республикасының кеден органына мiндетті түрде мәлімдеуге жатады.
3. Номиналдық құны (номиналы) шетел және ұлттық валютамен көрсетiлген төлем құжаттарын (вексельдердi, чектердi, оның iшiнде жол чектерiн) әкелу және Қазақстан Республикасынан әкету жазбаша мәлімдеуге жатпайды және шектеусіз жүзеге асырылады.
4. Валюталық құндылықтарды, қолма-қол шетел валютасын, номиналы және (немесе) құны ұлттық валютамен көрсетiлген бағалы қағаздар мен төлем құжаттарын, сондай-ақ резиденттер шығарған номиналы жоқ бағалы қағаздарды әкелудiң және әкетудің кедендiк ресiмдеу тәртiбi Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
19-бап. Ақпарат және құжаттар беру жөнiндегі мiндеттеме
1. Қазақстан Республикасының аумағында қызметтi жүзеге асыратын резиденттер, сондай-ақ резидент еместер валюталық реттеу мен бақылау органдарына және валюталық бақылау агенттеріне өздерi жүргізетiн валюталық операциялар бойынша есептi, ақпарат пен құжаттарды беруге міндетті.
2. Резиденттер және резидент еместер уәкiлеттi банктердің сұратуы бойынша олар арқылы жүргізiлетiн валюталық операциялар жөнiндегi төлемдер мен аударымдардың мақсатын көрсетуге, сондай-ақ осы Заңның талаптарын орындау мақсатында төлемдер мен аударымдардың көрсетiлген мақсаттарын растайтын құжаттарды беруге мiндеттi.
4-тарау. Капитал қозғалысының операциялары және шоттар ашу
20-бап. Экспорт (импорт) бойынша есеп айырысу
1. Резиденттер тауарлар (жұмыс, қызмет көрсету) экспортына ақы төлеу валютасын тауар (жұмыс, қызмет көрсету) экспорты күнiнен бастап 180 күн iшiнде немесе тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейтiн жекелеген тауарлар экспорты күнiнен бастап 365 күн iшiнде алуға және уәкілеттi банктердегi шоттарға есептелуге тиiс.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң лицензиясы негiзiнде шетелдік банктерде шот ашуға резиденттердiң тауарлар (жұмыс, қызмет көрсету) экспортына ақы төлеу ретiнде алған валютаны олардың шетелдiк банктерiндегi шоттарына eceптeугe жол берiледi.
2. Резидент емеске коммерциялық кредит шарттарымен тауарлар (жұмыс, қызмет көрсету) импорты бойынша есеп айырысуды жүзеге асыру үшін резиденттің резидент еместiң пайдасына аударған валютасы, резидент емес мiндеттемелерiн орындамаған жағдайда аудару күнінен бастап 180 күннен кешіктiрмей алуға және уәкiлетті банктердегi шоттарға есептелуге тиiс.
3. Егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, 180 күннен астам мерзiмге берілген коммерциялық кредиттер бойынша резиденттер мен резидент еместер арасындағы төлемдер тiркеу режимiнде жүзеге асырылады.
4. Резиденттердiң резидент eмecтepгe 180 күннен астам мерзiмге берілген коммерциялық кредиттерi бойынша резиденттер мен резидент еместер арасындағы төлемдер лицензиялау режимiнде жүзеге асырылады.
5. Осы баптың 1-тармағында көрсетiлген тiзбеге кiретін тауарлар экспорты кезiнде, егер резидент коммерциялық кредиттi резидент емеске 365 күннен аспайтын мерзiмге берген жағдайда, төлем мерзiмiн кейiнге қалдыру шарттарымен жасалған резиденттер мен резидент еместер арасындағы аударымдар лицензиялауға жатпайды.
365 күннен аспайтын мерзiмге берiлген коммерциялық кредиттер бойынша резидент еместiң қаражатты қайтаруының немесе мiндеттемелердi басқаша орындауының нақты мерзiмi 365 күннен асып кеткен жағдайларда, резиденттер мен резидент еместер арасындағы аударымдар осы Заңда көзделген тәртiппен лицензиялауға жатады.
6. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң лицензиясы уәкілетті банктердегі шоттарға шетел және ұлттық валютаны есептеуге немесе резидент негiздеген мерзiмде мiндеттемелердi өзгеше орындауға құқық бередi.
7. 180 күннен астам мерзiмге берген коммерциялық кредиттерге қатысты осы бапта белгіленген тәртiп 180 күннен аспайтын мерзiмге берілген коммерциялық кредиттер бойынша резиденттің немесе резидент еместің қаражатты қайтаруының немесе мiндеттемелердi басқаша орындауының нақты мерзiмi 180 күннен асып кеткен жағдайларда қолданылады.
8. Уәкілетті банктер импортты жүзеге асыруға байланысты резиденттер арасындағы комиссия шарттары бойынша резидент еместердің пайдасына аккредитив аударуды көздейтiн резиденттердiң пайдасына шетел валютасында аударым аккредитивтерiн ашуға құқылы.
21-бап. Тiкелей инвестициялар
Резидент еместердiң Қазақстан Республикасына және резиденттердiң шет елге тiкелей инвестициялары тiркеу режимiнде жүзеге асырылады.
22-бaп. Жарғылық капиталға қатысу, бағалы қағаздармен және туынды қаржы құралдарымен жасалатын операциялар
1. Егер осы Заңда басқаша көзделмесе, резиденттер Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiне бағалы қағаздарды, инвестициялық қорлардың пайларын сатып алуға, жарғылық капиталға қатысуды қамтамасыз ету мақсатында салымдар енгiзуге байланысты валюталық операциялар туралы, сондай-ақ туынды қаржы құралдарына байланысты операциялар туралы хабарлауға мiндетті.
2. Резиденттердiң резидент еместердiң бағалы қағаздарын, резидент еместердiң инвестициялық қорларының пайларын сатып алуы, резидент еместердiң жарғылық капиталына қатысуды қамтамасыз ету мақсатында резиденттердiң салымдар енгiзуi, сондай-ақ резиденттер мен резидент еместер арасындағы туынды қаржы құралдарымен жасалатын операциялар лицензиялау режимiнде жүзеге асырылады.
Осы тармақтың epежелepi банктерге сақтандыру ұйымдарына, сондай-ақ зейнетақы активтерiн инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын ұйымдарға (олар зейнетақы активтерiн инвестициялаған кезде) қолданылмайды.
3. Бағалы қағаздар рыногында кәсiби қызметтi жүзеге асыратын ұйымдарға осы баптың 2-тармағында көрсетілген валюталық операцияларды жүзеге асыру үшiн Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi өз қаражаты есебiнен, сол сияқты клиенттердiң қаражаты есебiнен осындай операцияларды жүзеге асыруға құқық беретiн лицензиялар бередi.
Осы тармақтың ережелерi бағалы қағаздар рыногында кәсiби қызметті жүзеге асыратын банктерге қолданылмайды.
4. Жеке тұлғалар мен заңды тұлғалардың - резиденттердiң өздерi алған лицензиялар шегiнде бағалы қағаздар рыногының қазақстандық кәсiби қатысушылары арқылы жүзеге асыратын, осы баптың 2-тармағында көрсетiлген валюталық операциялары шектеусiз жүзеге асырылады.
5. Туынды қаржы құралдарының базалық активiне қатысты құқықтар мен мiндеттемелердi iске асыру нәтижесiнде жүзеге асырылатын резиденттер мен резидент еместер арасындағы валюталық операциялар Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi белгiлеген хабарлау режимiнде жүзеге асырылады.
Туынды қаржы құралдарының базалық активi болып табылатын тауарларға қатысты құқықтар мен міндеттемелердi iске асыру нәтижесiнде жүзеге асырылатын резиденттер мен резидент еместер арасындағы валюталық операциялар осы Заңның 12 және 20-баптарында көзделген тәртiппен peттеледі.
6. Резидент еместердiң резиденттердiң бағалы қағаздарын, резиденттердiң инвестициялық қорларының пайларын сатып алуы, резиденттердiң жарғылық капиталына қатысуын қамтамасыз ету мақсатында резидент еместердiң салымдар енгiзуi, сондай-ақ резиденттердiң бағалы қағаздарын халықаралық капитал нарықтарына бастапқы орналастыруы, оның ішінде резиденттердiң бағалы қағаздарына депозитарлық қолхаттар шығаруы тiркеу режимiнде жүзеге асырылады.
7. Осы баптың ережелерi тiкелей инвестицияларға қолданылмайды.
23-бап. Қаржылық заемдар
1. Резиденттердің резидент еместерге және резидент еместердiң резиденттерге 180 күннен астам мерзiмге берiлген қаржылық заемдары тiркеу режимiнде жүзеге асырылады.
2. Тiркеу режимi резиденттiң немесе резидент еместің қаражатты қайтаруының немесе міндеттемелердi басқаша орындауының нақты мерзiмi 180 күннен асып кеткен жағдайда 180 күннен аспайтын мерзiмге берiлген қаржылық заемдарға да қолданылады.
24-бап. Капитал қозғалысының өзге де операциялары
1. Капитал қозғалысының басқа операцияларына:
1) республиканың заңнамасында жылжымайтын мүлiкке жатқызылған жылжымалы мүліктi қоспағанда, жылжымайтын мүлiкке меншiк құқығын иелену;
2) зияткерлік меншiк объектілерiнiң ерекше құқықтарын иелену;
3) бiрлескен қызметке қатысушының мiндеттемелердi орындауы үшін ақшаны және өзге де мүлiктi беруi;
2. Егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, резиденттердiң жылжымайтын мүлiкке меншік құқығын иеленуге байланысты төлемдерi, сондай-ақ олардың пайдасына резидент еместердің төлемдерi хабарлау режимiнде жүзеге асырылады.
3. Заңды тұлғалардың - резиденттердiң жылжымайтын мүлiкке меншiк құқығын иеленуге байланысты төлемдерi, сондай-ақ олардың пайдасына резидент еместердің төлемдерi тiркеу режимiнде жүзеге асырылады.
4. Зияткерлiк меншiк объектілерiнің ерекше құқықтарын иеленуге байланысты резиденттердiң резидент еместерге төлемдерi, сондай-ақ резиденттердiң пайдасына резидент еместердiң төлемдерi, сондай-ақ резиденттердiң бiрлескен қызметке қатысушының мiндеттемелерiн орындау үшін ақшаны және өзге де мүлікті беруi мен алуы тiркеу режимiнде жүзеге асырылады.
25-бап. Резиденттердiң шоттары
1. Резиденттер уәкiлеттi банктерде шетел валютасында банк шоттарын шектеусiз ашады.
2. Егер осы бапта өзгеше көзделмесе, резиденттер шетелдiк банкпен шарт жасаған күннен бастап не шет елден оралған күннен бастап (жеке тұлғалар үшін) отыз күнтізбелік күннен кешіктiрмей, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi белгiлеген тәртiппен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiне шетелдiк банктерде шот ашқаны туралы хабарлауға мiндетті.
Осы баптың талаптары банктердiң шоттар ашуына қолданылмайды.
3. Заңды тұлғалардың - резиденттердiң шетелдiк банктерде шоттар ашуы лицензиялау режимiнде жүзеге асырылады, оған:
1) банктердiң шоттар ашуы;
2) қаржылық ұйымдардың - резиденттердiң бағалы қағаздардың ұйымдасқан халықаралық рыноктарында бағалы қағаздармен мәмiлелер жасау үшін шетелдiк банктерде шоттар ашуы;
3) заңды тұлғалардың - резиденттердiң осы заңды тұлғаның филиалдары мен өкiлдiктерiн қамтуға байланысты шығыстарды қаржыландыру мақсатына арналған, шетелдiк банктерде шоттар ашуы;
4) заңды тұлғалардың - резиденттердiң заңды тұлғаның жарғылық капиталын төлеуi ретiнде талап етілетiн, егер мұндай талап резиденттiң қатысуы болжанатын шет мемлекеттiң заңнамасында белгiленсе, шетелдiк банктерде қаражатты есептеуге арналған шоттар ашуы;
5) заңды тұлғалардың - резиденттердiң резидент еместерден заемдар тарту бойынша резиденттердiң резидент еместер алдындағы мiндеттемелерiн қамтамасыз ету мақсатында шетелдiк банктерде қаражатты есептеуге арналған шоттар ашуы кiрмейдi.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң лицензиясында шетелдiк банкте қаражат қалдығының лимитi және шотты пайдалану шарттары белгiленуi мүмкiн.
4. Заңды тұлғалардың - резиденттердiң осы баптың 3-тармағының 3) тармақшасында көрсетiлген шоттарды ашуы тiркеу режимiнде жүзеге асырылады.
Осындай шоттарды пайдалану шарттары Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң нормативтік құқықтық актiсiнде белгiленедi.
5. Жеке тұлғалардың - резиденттердiң шетелдiк банктерде шоттар ашуы лицензиялау режимiнде жүзеге асырылады, оған:
1) Экономикалық Ынтымақтастық және Даму Ұйымының (ЭЫДҰ) мүшесi болып табылатын мемлекеттерде орналасқан шетелдiк банктерде шоттар ашуы;
2) жеке тұлғаның өзге мемлекеттiң аумағына келген уақытта онда орналасқан шетелдiк банктерде шоттар ашуы кiрмейдi. Жеке тұлғалар - резиденттер Қазақстан Республикасына оралғаннан кейiн шетелдiк банктегі шотын жабуға немесе лицензия алуға өтiнiш беруге мiндеттi.
26-бап. Резидент еместердiң шоттары
1. Резидент еместер уәкілеттi банктерде шетел валютасында және (немесе) ұлттық валютада банк шоттарын шектеусiз ашады.
2. Резидент еместер Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерлерде өздерiнiң шоттарынан шетел валютасын және ұлттық валютаны уәкілеттi банктердегi өздерiнiң банк шоттарына, сондай-ақ уәкiлеттi банктердегi өздерiнiң банк шоттарынан Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерлердегi өз шоттарына шектеусiз аударуға құқылы.
5-тарау. Валюталық бақылау
27-бап. Валюталық бақылаудың мақсаттары мен мiндеттерi
1. Валюталық бақылаудың мақсаты Қазақстан Республикасының резиденттерi мен резидент еместерiнiң валюталық операциялар жүргiзген кезде Қазақстан Республикасы заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету болып табылады.
2. Валюталық бақылаудың мiндеттерi:
1) жүргізілетiн валюталық операциялардың Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкестігін айқындау;
2) валюталық операциялар бойынша төлемдердiң негiзділігiн және оларды жүзеге асыруға қажетті құжаттардың болуын тексеру;
3) валюталық операциялар бойынша есепке алу мен есеп берудiң толықтығын және объективтiлігiн тексеру болып табылады.
28-бап. Валюталық бақылау органдары және агенттерi
1. Қазақстан Республикасында валюталық бақылауды заңмен бекiтiлiп берiлген өкiлеттіктерi шеңберiнде Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi, өзге де мемлекеттiк органдар (валюталық бақылау органдары) және валюталық бақылау агенттерi жүзеге асырады.
2. Операциялар жүргiзген кезде алынған лицензияларына сәйкес валюталық заңнаманың сақталуын бақылау мiндеті жүктелген уәкiлетті банктер және уәкілетті ұйымдар, сондай-ақ басқа да ұйымдар валюталық бақылау агенттерi болып табылады.
29-бап. Валюталық бақылау органдарының және агенттерiнің құқықтары мен мiндеттерi
1. Валюталық бақылау органдары және агенттерi өз құзыретi шегінде резиденттер мен резидент еместердiң Қазақстан Республикасында жүргізетін валюталық операцияларына, осы операциялардың Қазақстан Республикасының заңнамасына, лицензиялардың шарттарына, тiркеу және хабарлау талаптарына сәйкес келуiне қатысты бақылауды жүзеге асыруға міндетті.
2. Валюталық бақылау органдары өз құзыретi шегiнде:
1) резиденттер мен резидент еместердiң Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасын сақтауын тексерудi жүзеге асырады;
2) резиденттер мен резидент еместердiң валюталық операциялар бойынша есепке алу мен есеп беруiнiң толықтығын және шынайылығын тексерудi жүзеге асырады;
3) валюталық операцияларды жүргiзуге байланысты құжаттар мен ақпаратты сұратады;
4) валюталық бақылауды тиiсті дәрежеде жүзеге асыру мақсатында валюталық бақылау агенттерi орындауға мiндетті тапсырмалар бередi;
5) валюталық операциялар бойынша есеп берудiң және Қазақстан Республикасының валюталық заңнама нормаларының сақталу мәселелерi бойынша тексеру жүргiзудiң тәртібiн белгiлейдi;
6) анықталған құқық бұзушылықты жою туралы талаптар қояды және Қазақстан Республикасының барлық резиденттерi мен резидент еместерi орындауы үшiн мiндеттi болып табылатын Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да шараларды қабылдайды.
3. Валюталық бақылау агенттерi:
1) өздерi, оның iшiнде клиенттердiң тапсырмасы бойынша операциялар жүргiзген кезде Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасы талаптарының сақталуын бақылауды жүзеге асыруға;
2) валюталық операциялар бойынша есепке алу мен есеп берудiң толықтығын және дұрыстығын қамтамасыз етуге;
3) өз клиенттерi жiберген өздерiне мәлiм болған валюталық заңнаманы бұзу фактiлерi туралы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiне, сондай-ақ олардың заңнамамен бекiтiлiп берiлген өкiлеттіктерiне сәйкес басқа да валюталық бақылау органдарына және құқық қорғау органдарына хабарлауға;
4) валюталық бақылау органдарына өздерiнiң қатысуымен жүргiзiлетiн валюталық операциялар туралы валюталық реттеу органдарының нормативтiк құқықтық актілерiнде белгiленген тәртiппен ақпарат беруге мiндетті.
4. Валюталық бақылау органдары мен агенттерi өз өкiлеттіктерiн жүзеге асырған кезде өздерiне белгiлі болған коммерциялық, банктік және заңмен қорғалатын өзге де құпияны Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сақтауға мiндетті.
5. Уәкiлетті банк резиденттің және (немесе) резидент еместiң ақша төлемдерi мен аударымдарын олар осы Заңға және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтiк құқықтық актілерiне сәйкес талап етілетін құжаттарды тапсырған жағдайда ғана жүзеге асырады.
6. Валюталық бақылауды жүзеге асыру мақсатында валюталық бақылау агенттерi осы Заңға сәйкес резиденттер мен резидент еместерден олар валюталық операцияларды жүргізген кезде мынадай құжаттарды талап етуге құқылы:
1) құрылтай құжаттары (заңды тұлғалар үшін);
2) мемлекеттік тіркелгені туралы куәлік (заңды тұлғалар үшін);
3) бірегей сәйкестендiрiлген код тағайындалғанын растайтын, Қазақстан Республикасы мемлекеттiк статистикасының уәкілетті органы берген құжат (заңды тұлғалар үшін);
4) жеке басын куәландыратын құжат (жеке тұлғалар үшін);
5) салық төлеушiнің мемлекеттік тiркелгенiн растайтын құжат;
6) валюталық шарт;
7) осы Заңда белгіленген жағдайларда лицензия, тiркеу куәлігі, хабарлау туралы куәлік;
8) мәміле паспорты;
9) мәміле паспортын ресiмдеуді талап ететiн экспорт (импорт) мәмілелері бойынша мiндеттемелердi орындауды не соның негізiнде орындаудың қажеттігiн растайтын құжаттар;
10) Қазақстан Республикасында тұрақты тұру құқығын растайтын құжат (шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ тұлғалар үшiн).
7. Уәкiлеттi банктер жүргiзілетін валюталық операцияларға тiкелей қатысты құжаттардың ғана тапсырылуын талап етуге құқылы.
8. Тұлға осы Заңға сәйкес және валюталық реттеу және валюталық бақылау органдарының нормативтік құқықтық актілерінде талап етiлетін құжаттарды тапсырмаған не шынайы емес құжаттар тапсырған не валюталық заңнамада талап етілетiн iс-әрекеттi жүзеге асырмаған жағдайда, уәкілетті банктер валюталық операцияны жүзеге асырудан бас тартады.
30-бап. Ықпал ету шаралары және санкциялар
1. Қазақстан Pecпубликасының Ұлттық Банкi уәкілетті банктердiң және уәкілетті ұйымдардың Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасын бұзғандығы анықталған жағдайда, Қазақстан Республикасының банк заңдарында көзделген ықпал ету шараларын, сондай-ақ:
1) айырбастау пунктiнiң тiркеу куәлiгінiң қолданылуын алты айға дейiнгi мерзiмге тоқтата тұруды;
2) айырбастау пунктін ашуға берiлген тiркеу куәлігін қайтарып алуды қолдануға құқылы.
2. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi лицензиаттың Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасын бұзғандығы анықталған жағдайда лицензиялардың iс-әрекетiн тоқтата тұруға құқылы.
31-бап. Резиденттердің және резидент еместердің
құқықтары мен мiндеттерi
1. Қазақстан Республикасында валюталық операцияларды жүзеге асыратын резиденттер және резидент еместер:
1) валюталық бақылау органдары жүргiзген тексеру нәтижелерi туралы анықтамалармен танысуға;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен валюталық бақылау органдары мен агенттерiнiң iс-әрекетiне шағымдануға;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқылы.
2. Валюталық операцияларды жүзеге асыратын резиденттер және резидент еместер:
1) валюталық бақылау органдары мен агенттерiне барлық сұратылатын құжаттарды және валюталық операциялардың жүзеге асырылуы туралы ақпаратты уақтылы тапсыруға;
2) валюталық бақылау органдарының тексеру жүргізуi барысында, сондай-ақ тексеру нәтижелерi бойынша оларға түсiнiктемелер беруге;
3) жүргізілетін валюталық операциялар бойынша олардың Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң нормативтiк құқықтық актiлерiнде белгiленген мерзiм iшiнде сақталуын қамтамасыз ете отырып, есеп жүргізуге және есеп жасауға;
4) валюталық бақылау органдарының анықталған құқық бұзушылықты жою туралы талаптарын (нұсқауларын, нұсқамаларын) орындауға;
5) валюталық бақылау органдарының тексеру жүргiзуi барысында өз үй-жайларына кiруге, құжаттары мен автоматтандырылған деректер базасына кiрудi қамтамасыз етуге.
3. Резиденттер осы Заңда белгiленген жағдайларда лицензияны, тiркеу куәлігін, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң хабарлау туралы растамасын алу үшін уақтылы өтiнiш беруге және барлық қажетті шараларды қабылдауға, сондай-ақ лицензия берiлген шарттарды сақтауға мiндеттi.
6-тарау. Ерекше, уақытша және қорытынды ережелер
32-бап. Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасын
бұзғаны үшiн жауапкершілік
Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасын бұзғаны үшiн кiнәлі адамдар Қазақстан Республикасының заң актілерiнде белгiленген жауапкершiлiк атқарады.
33-бап. Қаржы жүйесiнiң экономикалық қауiпсiздiгiне және тұрақтылығына қауiп төнген жағдайдағы шектеу
1. Қазақстан Республикасының экономикалық қауiпсіздігіне және қаржы жүйесiнің тұрақтылығына қауiп төнген жағдайда, егер ахуалды экономикалық саясаттың басқа құралдарымен шешу мүмкiн болмаса, арнайы рұқсат режимi енгізiледi.
2. Арнайы рұқсат режимiн енгiзу туралы шешiмдi, рұқсат берудiң тәртiбi мен шарттарын, сондай-ақ арнайы рұқсатсыз жүргiзiле алмайтын операцияларды Қазақстан Республикасының Президентi Қазақстан Республикасының Yкiметiмен және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiмен бірлесіп кеңескеннен кейiн айқындайды.
3. Арнайы рұқсат режимi қаржы жүйесінің экономикалық қауіпсiздiгiне және тұрақтылығына төнген қауiптi жою үшiн қажетті мерзiмге, бiрақ Қазақстан Республикасы Президентiнiң тиiстi шешiмi күшiне енген күннен бастап алты айдан аспайтын мерзiмге енгiзiледi. Экономикалық қауiпсiздiкке төнген қауiп арнайы рұқсат режимiнiң мерзiмi өткеннен кейiн сақталған жағдайда оны ұзарту туралы шешiмдi Қазақстан Республикасының Парламенті қабылдайды.
4. Арнайы рұқсатты Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкi резиденттер мен резидент еместер операцияны азаматтардың өмiрiне және денсаулығына қауiптiң алдын алу, мемлекеттiң қауiпсiздiгi, Қазақстан Республикасының халықаралық мiндеттемелерiн орындауы мақсатында жүзеге асырған жағдайда, сондай-ақ, егер валюталық операцияны жүргізу Қазақстан Республикасының төлем балансындағы және iшкi валюта нарығындағы ахуалды едәуір жақсартуға ықпалын тигiзетiн болса ғана бередi.
Егер тараптардың бiрi Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi және (немесе) Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi болса, арнайы рұқсат талап етілмейдi.
5. Резиденттер мен резидент еместер Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң арнайы рұқсатынсыз арнайы рұқсат режимi қолданылатын валюталық құндылықтарды пайдалануға байланысты операцияларды жүзеге асыруға құқылы емес.
34-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртiбi
1. Осы Заң 2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлетін 12-баптың 1-тармағын қоспағанда, қол қойылған күнінен бастап алты ай өткеннен кейiн қолданысқа енгiзiледi.
2. Осы Заңның 5-бабының 4-тармағы 2) тармақшасының екiншi абзацы, 7-бап, 20-баптың 1-2, 4-6-тармақтары, 22-баптың 2-6-тармақтары, 24-баптың 3-тармағы, 25-баптың 3-5-тармақтары 2006 жылғы 31 желтоқсан аралығына дейін қолданылады.
3. Осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап "Валюталық реттеу туралы" Қазақстан Республикасының 1996 жылғы 24 желтоқсандағы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1996 ж. N 20-21, 404-құжат) күші жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының
Президенті