Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
1. Қоса беріліп отырған Еуразия экономикалық қоғамдастығының көлiк дәлiздерiн қалыптастыру және дамыту жөнiнде келiсiлген саясат жүргiзу туралы келiсiмнiң жобасы мақұлдансын.
2. Еуразия экономикалық қоғамдастығының көлiк дәлiздерiн қалыптастыру және дамыту жөнiнде келiсiлген саясат жүргізу туралы келiсiм жасалсын.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшiне енедi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Жоба
Еуразия экономикалық қоғамдастығының көлiк дәліздерін
қалыптастыру және дамыту жөнінде келiсiлген саясат
жүргiзу туралы келісiм
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Беларусь Республикасының Үкiметі, Қазақстан Республикасының Үкiметі, Қырғыз Республикасының Үкiметi, Ресей Федерациясының Үкiметi және Тәжікстан Республикасының Үкiметi,
1996 жылғы 29 наурыздағы экономикалық және гуманитарлық салалардағы ықпалдастықты тереңдету туралы Беларусь Республикасының, Қазақстан Республикасының, Қырғыз Республикасының және Ресей Федерациясының арасындағы, оған 1999 жылғы 16 ақпанда Тәжiкстан Республикасы қосылды, Шарт ережелерiн негiзге ала отырып,
1998 жылғы 22 қаңтардағы Беларусь Республикасының, Қазақстан Республикасының, Қырғыз Республикасының және Ресей Федерациясының арасындағы, оған 1999 жылғы 27 мамырда Тәжікстан Республикасы қосылды, Көлік одағын қалыптастыру туралы келiсiмдi басшылыққа ала отырып,
ЕурАзЭҚ мүше мемлекеттерi аумақтарынан өтетiн көлiк дәлiздерiнiң желiсiн құру және дамыту жөнiндегi үйлестiрiлген іс-қимылды жүзеге асыру мақсатында,
БҰҰ Еуропалық Экономикалық Комиссиясының (БҰҰ ЕЭК), БҰҰ Азия және Тынық мұхит өңірi бойынша экономикалық және әлеуметтiк комиссиясының (БҰҰ АТМЭӘК) және Темiр Жолдары Ынтымақтастығы Ұйымының (ТЖЫҰ) жүргізiп отырған халықаралық көлік дәлiздерiн қалыптастыру жөнiндегi жұмыстарын назарға алып,
Еуразия экономикалық қоғамдастығына мүше мемлекеттердiң географиялық орналасуын тиiмді пайдалануға ұмтыла отырып,
халықаралық конвенциялар мен нормаларға сәйкес жолаушылар мен жүктердi транзиттік тасымалдау режимдерін әрi қарай жетiлдiруге ниеттенiп,
төмендегілер туралы келiстi:
1-бап
Анықтамалар
Осы Келiсiмнiң мақсаттары үшін төменде келтiрілген терминдер мыналарды бiлдiредi:
Еуразия экономикалық қоғамдастығының көлiк дәлізі (көлiк дәлiзi) - осы Келiсiмнiң Тараптары мемлекеттерiнiң аумақтарынан өтетін, халықаралық қатынаста жолаушылар мен жүктердiң тасымалын қамтамасыз ететiн әртүрлi көлiк түрлерi олардың барынша шоғырланған бағыттарында тиiсiнше жайластырылған магистралдық көлiк коммуникацияларының (қазiрде бар, сондай-ақ жаңадан құрылып жатқан) жиынтығы.
Логистикалық орталық - бiрден кем емес терминалды қамтитын жүк тасымалдарымен және iлеспе қызметтер көрсетумен айналысатын шаруашылық субъектілерi мен органдардың аумақтық бiрлестiгi.
Аралас тасымал - жүктердi екi немесе одан да көп көлiк түрлерiмен тасымалдау.
2-бап
Негiзгi мақсаттар
Көлiк дәлiздерiн қалыптастырудың негізгi мақсаттары мыналар болып табылады:
1. ЕурАзЭҚ көлiк дәлiздерi бойынша экспорт-импорттық және транзиттiк жүктердiң, сондай-ақ жолаушылардың тасымалын қамтамасыз ету.
2. Жолаушылар мен жүктердi жеткiзу жылдамдығын арттыру, тасымалданатын тауарлар құнындағы көлiктiк құраушыны төмендету.
3. ЕурАзЭҚ мүше мемлекеттерiнiң көлiк-транзит әлеуетiн пайдалану тиiмдiлігін арттыру.
4. Үшiншi елдердiң транзиттiк жолаушылары мен жүктерiн тарту.
5. Тараптардың кез келген Тараптар мемлекеттерiнiң тасымалдаушыларына өз тасымалдаушылары үшiн Тараптар қамтамасыз ететiн жағдайлардан кем емес жағдайларды ұсынуы.
3-бап
Бiрлескен iс-әрекеттер
Көлiк дәлiздерiн қалыптастыру кезiнде Тараптар:
1. Еуропа және Азия мемлекеттерiнiң аумақтарын қосатын халықаралық көлiк дәлiздерiн қалыптастыру және дамыту жөнiндегi іс-әрекеттерді үйлестіреді.
2. Тарап мемлекеттердiң көлiк дәлiздерi бағыттары бойынша көлiк инфрақұрылымын келiсiп дамыту мен техникалық және технологиялық параметрлерiн бiрегейлендiру жөнiнде шаралар қабылдайды.
3. Көлiк дәлiздерiн қалыптастыруға және дамытуға арналған шетелдiк инвестициялар тартудың келiсілген саясатын жүргiзедi.
4. Мемлекеттiк шекаралардан өтудi регламенттейтiн нормативтiк құқықтық базаны жетiлдiру жөнiнде шаралар қабылдайды.
5. Жалпы қағидаттарға негiзделген және жолаушылар мен жүктердi тасымалдау, шекарадан өту, көлiк дәлiздерiнiң инфрақұрылымын пайдалану үшiн төлемақы мен алымдарға қатысты тарифтiк саясат жүргiзуге ықпал eтедi.
6. Жолаушылар мен жүктердiң халықаралық тасымалдары мен жөнелту жөнiндегi бiрлескен кәсiпорындарды ұйымдастыру және олардың қызметi үшiн жағдай жасауға мүмкiндiк бередi.
7. Көлiктегі қауiпсiздiктi арттыруға қоршаған ортаны қорғау мен тасымалданатын жүктердiң сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған күш жігерді үйлестіреді.
8. Аралас тасымалдарды жетiлдiрудiң жаңа резервтерiн iздестiру үшiн күш салады.
9. Халықаралық логистикалық орталықтарды орналастырудың оңтайлы сызбаларын жасауға ұмтылады.
4-бап
Халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық
1. Тараптар халықаралық ұйымдармен көлiк дәлiздерiн қалыптастыру және олардың жұмыс iстеу мәселелерi жөнiнде ынтымақтастықтың қажеттiлiгiн мойындайды.
2. Тараптар халықаралық көлiк дәлiздерiнiң жұмысын регламенттейтiн халықаралық шарттарға тез арада қосылу жөнiнде шаралар қабылдайды.
3. Тараптар көлiк дәлiздерiн қалыптастыру және дамыту жөнiндегі халықаралық көлiк ұйымдарының жұмысында өз iс-қимылдарын үйлестiретiн болады.
5-бап
Құзыреттi органдар
1. Тараптар осы Келiсiм күшiне енгеннен кейiн 30 күн iшiнде ЕурАзЭҚ Интеграциялық Комитетiн осы Келiсiмдi iске асыру жөнiндегi олар тағайындаған құзыреттi органдар туралы хабардар етедi.
2. Осы Келiсiмнiң ережелерiн iске асыру және осы үшiн қажеттi iс-шараларды әзiрлеу жөнiндегі үйлестiрушi орган ЕурАзЭҚ Интеграциялық Комитетi жанындағы Көлiк саясаты жөнiндегi кеңес болып табылады.
6-бап
Қорытынды ережелер
1. Осы Келiсiм Тараптар мемлекетiнiң олар қатысушысы болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен мiндеттемелерiн қозғамайды.
2. Осы Келiсiмге өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу Тараптардың келiсiмi бойынша жүргiзiледi және осы Келiсiмнiң ажырамас бөлiгi болып табылатын тиiстi хаттамалармен ресiмделедi.
3. Осы Келiсiм белгiленбеген мерзiмге жасалды және ЕурАзЭҚ Интеграциялық Комитетi болып табылатын депозитарийдiң осы үшiн қажеттi мемлекетiшiлiк рәсiмдердi Тараптардың орындағаны туралы соңғы хабарламаны алған күнiнен бастап күшiне енедi.
Осы Келiсiм осы Келiсiмнiң мақсаты мен қағидаттарына ортақтасатын және өзiне тиiстi мiндеттемелердi қабылдауға дайын басқа мемлекеттердiң оған қосылуы үшін ашық.
Қосылатын мемлекет үшiн осы Келiсiм депозитарий қосылу туралы құжатты алған күнiнен бастап күшiне енедi.
4. Әр Тарап ол туралы депозитарийге жазбаша хабарлама жiберiп, осы Келiсiмнен шығуға құқылы. Мұндай Тарап үшiн Келiсiмнiң күшi көрсетiлген хабарламаны депозитарий алған күнiнен бастап алты ай өткеннен соң тоқтатылады.
Тараптардың бiреуiне қатысты осы Келiсiмнiң күшiн тоқтату жүзеге асырылуы басталған бағдарлама мен жобаларға әсер етпейдi, сондай-ақ, егер Тараптар өзгесi туралы келiспесе, оның негiзiнде жасалған шарттар мен келiсiмдердiң iс-әрекетiн қозғамайды.
5. Осы Келiсiмдi iске асыру барысында туындайтын қайшылықтар мүдделi Тараптар арасындағы келiссөздер мен консультациялар жолымен шешiледi.
200__ жылғы "__" ________ __________ қаласында орыс тiлiнде бiр түпнұсқа данада жасалды. Осы Келiсiмнiң түпнұсқа данасы ЕурАзЭҚ-тың Ықпалдастық Комитетiнде сақталады, ол оған қол қойған әр Тарапқа расталған көшiрмесiн жiбередi.
Беларусь Қазақстан Қырғыз
Республикасы Республикасы Республикасы
Үкiметiнен Үкiметiнен Үкiметiнен
Ресей Федерациясы Тәжiкстан Республикасы
Үкiметiнен Үкiметiнен