Қазақстан Республикасының Yкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Ресей федерациясының Үкiметi арасындағы Екi жақты әскери-техникалық ынтымақтастық барысында пайдаланылатын және алынған зияткерлiк қызметтің нәтижелерiне құқықтарды өзара қорғау туралы келiсiмнiң жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Әдiлет министрi Оңалсын Исламұлы Жұмабековке қағидаттық сипаты жоқ өзгерiстер мен толықтырулар енгiзуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң атынан Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Ресей Федерациясының Үкiметi арасында Екi жақты әскери-техникалық ынтымақтастық барысында пайдаланылатын және алынған зияткерлiк қызметтiң нәтижелерiне құқықтарды өзара қорғау туралы келiсiм жасасуға өкiлеттiк берiлсiн.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енедi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министpi
Жоба
Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Ресей
Федерациясының Үкiметi арасындағы Екi жақты
әскери-техникалық ынтымақтастық барысында
пайдаланылатын және алынған зияткерлiк қызметтiң
нәтижелерiне құқықтарды өзара қорғау туралы
КЕЛІСІМ
Бұдан әрi Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Ресей Федерациясының Үкiметi,
екі мемлекеттiң арасындағы достық қатынастарды негізге ала отырып,
Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы 1992 жылғы 25 мамырдағы Достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы шартты, Қазақстан Республикасының Yкiметi мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы 1994 жылғы 28 наурыздағы Әскери-техникалық ынтымақтастық туралы келiсiмдi басшылыққа ала отырып,
екі жақты әскери-техникалық ынтымақтастық саласындағы зияткерлік қызметтiң нәтижелеріне құқықтарды қорғаудың маңыздылығын сезiне отырып,
Тараптардың күшін үйлестiру және екi жақты әскери-техникалық ынтымақтастық барысында зияткерлік қызметтiң нәтижелерін пайдалану кезінде құқық бұзушылықтарға жол бермеу және олардың жолын кесу үшін тиімдi шаралар қабылдау қажеттiлiгiн назарға ала отырып,
тең және өзара тиiмділiк қағидаттарын негiзге ала отырып,
төмендегілер туралы келiсті:
1-бап
Осы Келiсiм мақсаты үшiн мынадай ұғымдар қолданылады:
"әскери-техникалық ынтымақтастық" - әскери мақсаттағы өнімдерді әкетуге және әкелуге, оның iшiнде жеткiзуге немесе сатып алуға, сондай-ақ оны әзiрлеуге, өндiруге, жаңғыртуға және жөндеуге байланысты халықаралық қатынастар саласындағы қызмет;
"зияткерлік меншiк" - 1967 жылғы 14 шілдеде Стокгольмде қол қойылған, 1979 жылғы 2 қазандағы өзгерiстерімен Дүниежүзілік зияткерлік меншiк ұйымын құрушы Конвенцияның 2-бабында көрсетiлген мағынада ұғынылады;
"ақпарат" - Тараптардың екі жақты әскери-техникалық ынтымақтастығы барысында жасалған шарттардың мәнiне олардың орындалуына және/немесе олардың ұсынылу нысанына қарамастан, осы Келiсiмдi жасасқаннан кейiн алынған нәтижелерге қатысты тұлғалар, заттар, фактiлер, оқиғалар, құбылыстар мен процестер туралы мәлiметтер;
"құпия ақпарат" - өзiнiң үшiншi тұлғаларға белгiсiз болуына байланысты нағыз немесе ықтимал коммерциялық құндылығы бар, оған заңды негiзде еркiн қол жетпейтiн және иеленушiсi оның құпиялылығын қамтамасыз ету үшiн шаралар қабылдайтын әскери-техникалық ынтымақтастық саласындағы ақпарат;
"әскери мақсаттағы өнiм" - қару-жарақ, әскери техника, құжаттама, жұмыстар, қызметтер, зияткерлiк қызметтiң нәтижелерi, оның iшiнде оларға айрықша құқық (зияткерлiк меншiк) және екi жақты әскери-техникалық ынтымақтастыққа жататын ақпарат;
"зияткерлiк қызметтiң нәтижелерi" - зияткерлiк меншiк, сондай-ақ екi жақты әскери-техникалық ынтымақтастық барысындағы бiрлескен ғылыми-зерттеу, тәжiрибелiк-конструкторлық және технологиялық жұмыстар жүргiзу кезiнде алынған техникалық (нормативтiк-техникалық, конструкторлық, жобалық, технологиялық, пайдалану, бағдарламалық, нұсқаулық-әдiстемелiк) және ғылыми-техникалық құжаттамада қамтылған конструкторлық, техникалық және технологиялық шешiмдер;
"зияткерлiк қызметтiң пайдаланылатын нәтижелерi" - құқықтары Тараптардың бiрiнiң мемлекетiне немесе оның әскери-техникалық ынтымақтастығының субъектiлерiне тиесiлi және екi жақты әскери-техникалық ынтымақтастық барысында жасалған шарттарды (келiсiм-шарттарды) орындау үшiн қажеттi зияткерлiк меншiк;
"зияткерлiк қызметтiң алынған нәтижелерi" - екi жақты әскери-техникалық ынтымақтастық барысында бiрлесiп жасалған зияткерлiк қызмет нәтижелерi;
"әскери-техникалық ынтымақтастық субъектiлерi" (бұдан әрi - "субъектілер") - Тараптар мемлекеттерiнiң заңнамасына сәйкес әскери мақсаттағы өнiмге қатысты сыртқы сауда қызметiн жүзеге асыру құқығы берiлген Тараптар мемлекеттерiнiң ұйымдары.
2-бап
Осы Келiсiмнiң мақсаты Тараптар мемлекеттерiнiң заңнамасына сәйкес екi жақты әскери-техникалық ынтымақтастық барысында пайдаланылатын және/немесе алынған зияткерлiк қызмет нәтижелерiне құқықтарды қорғауды қамтамасыз ету болып табылады.
3-бап
Тараптардың екi жақты әскери-техникалық ынтымақтастығы барысында пайдаланылатын және/немесе алынған зияткерлiк қызмет нәтижелерiне құқықтарды қорғауды қамтамасыз ету жөнiндегi ынтымақтастығы:
eкі жақты әскери-техникалық ынтымақтастық барысында пайдаланылатын және/немесе алынған зияткерлiк қызмет нәтижелерiне құқықтарды қорғауға байланысты мәселелердi келiсу;
жоғарыда көрсетiлген салада құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу жөнiндегi iс-шараларды жүзеге асыру;
Тараптар мемлекеттерiнiң заңнамасы шеңберiнде Тараптардың сұратуы бойынша зияткерлiк меншiктi пайдалану тәртiбiн регламенттейтiн нормативтiк құқықтық кесiмдердi табыс ету;
зияткерлiк қызмет нәтижелерiне құқықтарды қорғау мәселелерi бойынша тәжiрибе алмасу және зияткерлiк меншiк объектiлерiне сараптама жасау рәсiмдерiн бiрiздендiру мүмкiндiктерiн талқылау;
ынтымақтастықтың Тараптармен келiсiлген басқа да нысандарын iске асыру арқылы жүзеге асырылады.
4-бап
Тараптар және/немесе субъектiлер келiсiлген шарттар бойынша, Тараптар мемлекеттерiнiң және/немесе субъектiлердiң әрқайсысының алынған зияткерлiк меншiкке қосқан үлесiн ескере отырып, зияткерлiк қызмет нәтижелерiне құқықтарды бөлу тәртiбi туралы уағдаласады.
5-бап
Осы Келiсiмге сәйкес екi жақты әскери-техникалық ынтымақтастық барысында шарттарды (келiсiм-шарттарды) жасасу кезiнде:
Тараптар мемлекеттерiне және/немесе субъектiлерге тиесiлi зияткерлiк меншiкте қоса алғанда, бiрлесiп орындалатын жұмыстарға Тараптар мемлекеттерiнiң және/немесе субъектiлерiнiң әрқайсысының қосқан үлесi;
Тараптар мемлекеттерiнiң және/немесе субъектiлердiң алынған зияткерлiк қызмет нәтижелерiн құқықтық қорғауды қамтамасыз етуге ниеттерi, мiндеттемелерi және мүмкiндiктерi;
алынған зияткерлiк қызмет нәтижелерiнiң Тараптар мемлекеттерiнiң аумақтарында, сондай-ақ үшiншi мемлекеттердiң аумақтарында болжамды пайдаланылуы;
басқа Тарап мемлекетi және/немесе субъект алынған зияткерлiк қызмет нәтижелерiне құқықтарды қорғауды қамтамасыз ету жөнiндегi мiндеттемелердi бұзған жағдайда бiр Тарап мемлекетiнiң және/немесе субъектiнiң құқықтары;
Тараптар мемлекеттерiнiң әрқайсысының және/немесе субъектiнiң құпия ақпаратты пайдалануға құқықтары және Тараптар мемлекеттерiнiң және/немесе субъектілердiң оны қорғауды қамтамасыз ету жөнiндегi мiндеттемелерi;
осы Келiсiмдi iске асыру шеңберiнде алынған ақпаратты беру, алмасу және жариялау шарттары мен тәртiбi ескерiледi.
6-бап
Егер Тараптардың бiрi және/немесе субъект екi жақты әскери-техникалық ынтымақтастық барысында жүзеге асырылатын қандай-да бiр бiрлескен жоба құқықтары Тараптар мемлекеттерiнiң заңнамасымен қорғалмайтын зияткерлiк қызметтiң осындай нәтижелерiн жасауға әкеп соқтырады немесе әкеп соқтырды деп пайымдаса, онда Тараптардың уәкiлеттi органдары және/немесе субъектілер оларды қорғау мәселелерi жөнiнде дереу консультациялар өткiзедi.
7-бап
Осы Келiсiмдi iске асыру жөнiндегi уәкiлеттi органдар:
Қазақстан Тарабынан - Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгi, Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлiгi;
Ресей Тарабынан - Ресей Федерациясы Әдiлет министрлiгi болып табылады.
Уәкiлеттi органдардың атаулары немесе функциялары өзгерген жағдайда Тараптар дипломатиялық арналар арқылы бiр-бiрiне уақтылы хабарлайды.
8-бап
Тараптардың әрқайсысы және/немесе субъект Тарап мемлекетiнiң заңнамасына, сондай-ақ Тараптар мемлекеттерi қатысатын халықаралық шарттарға сәйкес әскери-техникалық ынтымақтастық барысында пайдаланылатын және алынған зияткерлiк қызмет нәтижелерiн қолданып жасалған әскери-мақсаттағы өнiмдi басқа Тарап мемлекетiнiң келiсiмiнсiз, өз мемлекетiнiң аумағынан, үшiншi мемлекеттердiң аумағында өндiрудiң, сондай-ақ таратудың жолын кесу үшiн алдын ала шаралар қабылдайтын болады.
9-бап
Қазақстан Республикасының мемлекеттiк құпияларын және Ресей Федерациясының мемлекеттiк құпиясын құрайтын мәлiметтердi өзара беру және қорғау тәртiбi жеке келiсiммен айқындалады.
10-бап
Субъектiлер өзара уағдаластық бойынша шарттарды (келiсiм-шарттарды) iске асыру барысында алынған зияткерлiк қызмет нәтижелерiн бiрлесiп құқықтық қорғау, не оларды құпия ақпарат режимiнде сақтау мүмкiндiгiн айқындайды.
Зияткерлiк қызмет нәтижелерiне қорғау құжаттарын беруге өтiнiм беру кезегiн анықтау кезiнде субъектiлер мыналарды басшылыққа алады:
Қазақстан Республикасында алынған зияткерлiк қызмет нәтижелерiне қорғау құжаттарын беруге өтiнiмдер алдымен Қазақстан Республикасының зияткерлiк меншiктi қорғау саласындағы уәкілетті мемлекеттiк органына беріледi;
Ресей Федерациясында алынған зияткерлiк қызмет нәтижелерiне қорғау құжаттарын беруге өтiнiмдер алдымен Ресей Федерациясының атқарушы өкiметiнiң зияткерлiк меншiк жөнiндегi федералды органына беріледi.
Зияткерлiк қызмет нәтижелерiн құқықтық қорғау шарттары әскери мақсаттағы өнiмдi бiрлесiп әзiрлеу шарттарында ескертiледi.
11-бап
Осы Келiсiм шеңберiнде қызметтi жүзеге асыруға байланысты туындайтын дауларды Тараптар консультациялар мен келiссөздер арқылы шешетiн болады.
12-бап
Тараптар алынған зияткерлiк қызмет нәтижелерiн, оның iшiнде оларға айрықша құқықтарды берудi Тараптар мемлекеттерiнiң заңнамасына сәйкес қамтамасыз етедi.
13-бап
Тараптар мемлекеттерiнiң бiрiнде құпия деп танылған ақпарат басқа Тарап мемлекетiнде өзiнен-өзi осындай деп қаралады.
14-бап
Тараптардың келiсiмi бойынша осы Келiсiмге өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлуi мүмкiн, олар осы Келiсiмнiң ажырамас бөлiгi болып табылатын жекелеген хаттамалармен ресiмделедi.
15-бап
Осы Келiсiм Тараптардың мемлекеттерi қатысушысы болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын құқықтар мен мiндеттемелердi қозғамайды.
16-бап
Осы Келiсiм оның күшiне енуi үшiн қажеттi мемлекетiшiлiк рәсiмдердi Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алынған күннен бастап күшiне енедi.
Осы Келiсiм бес жыл мерзiмге жасалады және, егер Тараптардың бiрi Келiсiмнiң кезектi қолданылу мерзiмi аяқталғанға дейiн кемiнде алты ай бұрын басқа Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы оның қолданылуын тоқтату туралы өз ниетiн жазбаша хабарламаса, келесi бес жылдық мерзiмге ұзартылады.
Егер Тараптар өзге туралы уағдаласпаса, осы Келiсiмнiң қолданылуының тоқтатылуы осы Келiсiмнiң шеңберiнде жүзеге асырылатын аяқталмаған мiндеттемелердiң орындалуын қозғамайды.
2005 жылғы "___"____________ ________________ қаласында, әрқайсысы қазақ және орыс тiлдерiнде екi данада жасалды, әрi екi мәтiннiң де бiрдей күшi бар.
Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясының
Үкiметi үшiн Үкiметi үшiн