Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI :
1. 2002 жылғы 24 мамырда Варшава қаласында жасалған Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Польша Республикасының Yкiметi арасындағы Ұйымдасқан қылмысқа және қылмыстардың өзге де түрлерiне қарсы күрестегi ынтымақтастық туралы келiсiм бекiтiлсiн.
2. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрi
Қазақстан Республикасының Yкiметi мен Поляк Республикасы
Үкіметінің арасындағы ұйымдасқан қылмысқа және өзге де
қылмыс түрлерiне қарсы күрестегi ынтымақтастық туралы
КЕЛIСIМ
Бұдан әрi Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Поляк Республикасының Үкiметi,
- екi мемлекет арасындағы достық қарым-қатынас пен ынтымақтастықты дамыту мен нығайтуға ұмтыла отырып,
- өз мемлекеттерiнiң ұлттық заңдарын құрмет тұта отырып және теңдiк, өзара сыйластық пен екi жаққа да қолайлылық принциптерiн басшылыққа ала отырып,
- ұйымдасқан қылмыс пен басқа да қылмыс түрлерiнiң таралуына алаңдаушылық бiлдiре отырып,
- ұйымдасқан қылмыстың, өзге де қылмыс түрлерiнiң тиiмдi алдын алуда және оларға қарсы күрес жүргiзуде құқық қорғау органдарының ынтымақтастығының мәнi зор екендiгiне көз жеткiзе отырып,
- осы органдардың жедел қызметi мен алдын алу iс-қимылдарының оңтайлы принциптерiн, нысандарын және тәсiлдерiн әзiрлеуге ұмтыла отырып,
төмендегiлер туралы келiстi:
1-бап
1. Тараптар ұйымдасқан қылмыстың және өзге де қылмыс түрлерiнiң алдын алу бойынша, оларға қарсы күрес жүргiзуде және мынадай қылмыс түрлерiн:
1) адамдардың өмiрi мен денсаулығына қарсы жасалған қылмыстар;
2) меншiкке қарсы қылмыстар;
3) есiрткi құралдарының, психотроптық заттардың, олардың аналогтары мен прекурсорлардың заңсыз айналымы, оның iшiнде есiрткi құралдарын және психотроптық заттарды әзiрлеуге арналған өсiмдiктердi заңсыз өсiру;
4) терроризм және адамдарды кепiлдiкке алу;
5) қоныс аударушыларды заңсыз әкелу, адамдарды сату және оларды жезөкшелiкке мәжбүрлeу;
6) порнографиялық сипаттағы мәтiндердi, суреттердi немесе басқа да заттарды жасау;
7) қарулардың, оқ-дәрiлердiң, жарылғыш және басқа да қауiптi заттардың, ядролық және радиоактивтiк материалдардың заңсыз жасалуы мен айналымы;
8) өнер туындылары мен мәдени игiлiктердi ұрлау;
9) ақша белгiлерiн, төлем карточкаларын, чектердi және басқа да есептесу және төлем құжаттарын, бағалы қағаздарды, сондай-ақ өзге де ресми құжаттарды қолдан жасау және оларды айналымға енгізу;
10) заңсыз экономикалық іс-әрекеттерден, қылмыстардан, салық қылмыстарынан түскен кiрiстердi заңдастыру;
11) мемлекеттік қызметкерлердiң жемқорлығы;
12) заңмен қорғалатын табиғи ортаға қарсы қылмыстар жасаған кiнәлi адамдарды анықтау кезiнде ынтымақтасуға мiндеттенедi.
2. Тараптар осы баптың 1-тармағында аталмаған өзге де қылмыс түрлерiне қарсы күресте ынтымақтастық жасайды.
2-бап
Осы Келiсiмнiң 1-бабында сөз болып отырған ынтымақтастықты iске асыру үшiн Тараптар өз мемлекеттерiнiң ұлттық заңдарына сәйкес:
1) бiр-бiрiне:
а) қылмыстық әрекеттерге кiнәлi адамдар, ұйымдастырушылары мен қатысушылары;
б) кiнәлi адамдар арасындағы қылмыстық байланыстар;
в) қылмыстық топтар мен ұйымдардың құрылымы және олардың әрекет жасау тәсiлдерi;
г) жекелеген кiнәлi адамдар мен олардың топтарына тән мiнез-құлықтар;
д) қылмыстың жасалу уақытына, орнына, жасалу тәсiлiне, оның мәнiсi мен ерекшелiктерiне қатысты iстердiң айтарлықтай жай-жапсарлары;
e) қылмыстық құқық ережелерiнiң бұзылғандығы;
ж) нақты қылмыстар бойынша Тараптардың құқық қорғау органдары қабылдаған шаралары мен олардың нәтижелерi туралы мәлiметтер бередi;
2) осы Келiсiмнiң 1-бабында аталған қылмыстардың жасалуына күдiктi, немесе оларды жасағандығы үшiн сот жазасынан жалтарып жүрген адамдарды iздестiрудi жүзеге асырады;
3) хабар-ошарсыз кеткен адамдарды iздестiрудi жүзеге асырады, белгісiз адамдарды идентификациялаумен байланысты, сондай-ақ мәйiттердi анықтауға қажеттi шаралар қабылдайды;
4) қажет болған жағдайда тиiстi жедел-iздестiру iс-шараларын қарастырады және кешiктiрмей орындайды;
5) қылмысқа қарсы күрес тәсілдерi, сондай-ақ қылмыстық әрекеттердiң жаңа нысандары туралы жұмыс тәжiрибесiмен және ақпараттармен алмасады;
6) қылмысқа қарсы күрес саласындағы заңнамалық актілермен, сондай-ақ криминалистика және криминология салаларындағы зерттеу нәтижелерiмен алмасады;
7) жасалған қылмысқа қатысты заттар туралы бiр-бiрiне мәлiметтер бередi;
8) Тараптардың келiсiмi бойынша қылмысқа қарсы күрес жасауға арналған техникалық жабдықтар бередi;
9) кәсiптiк жетiлдiру үшiн, атап айтқанда, криминалистикалық техника және қылмыстармен күрес тәсiлдерi саласында сарапшылар алмасуды, кәсiптiк оқулықтар және осы Келiсiмнiң мәнiсiне қатысты басқа да басылымдармен алмасуларды ұйымдастырады;
10) Тараптардың келiсiмi бойынша ынтымақтастықтың басқа да нысандары қабылдануы мүмкiн.
3-бап
Тараптар осы Келiсiмнiң 2-бабындағы 1-тармақта аталған ақпараттардан басқа, 1-баптың 1-тармағының 3-тармақшасында қарастырылған мәселелердiң шеңберiнде:
1) бiр-бiрiне:
а) есiрткi құралдарының, психотроптық заттардың олардың аналогтары мен прекурсорлардың заңсыз айналымы, сондай-ақ олардың заңсыз айналымына қатысты адамдар туралы;
б) есiрткi құралдарының, психотроптық заттардың, олардың аналогтары мен прекурсорлардың жасалу, сақталу орындары мен тәсiлдерi, қолданылатын көлiк құралдары, қозғалыс бағыттары мен жеткiзу орындары туралы ақпарат бередi;
2) бiр-бiрiне өсiмдiк тектес және жасанды есiрткi құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың жаңа үлгiлерiн бередi;
3) есiрткi құралдарының, психотроптық заттардың, олардың аналогтары мен прекурсорлардың заңсыз айналымына бақылау жасау саласындағы жұмыс тәжiрибесiмен алмасады.
4-бап
Тараптар жоспарланған және жасалған террорлық актiлер туралы кiнәлi адамдар iс-әрекетiнiң тәсiлi туралы және Тараптар мемлекеттерiнiң мүдделерiне қатер төндiретiн қылмыстарды жоспарлаған немесе жасаған террористiк топтар туралы ақпараттармен алмасады.
5-бап
Қоныс аударушыларды заңсыз әкелуге қарсы күресу үшiн бiр-бiрiне қылмыстың осы түрiнiң алдын алу және онымен күресуге қажеттi ақпараттарды, әсiресе қоныс аударушыларды заңсыз әкелудi ұйымдастырушылар туралы, мемлекеттiк шекарадан өтетiн кезде талап етілетiн құжаттардың үлгілерiн, осы құжаттарға қойылатын мөрлер, сондай-ақ визалар мен рәмiз түрлерi туралы ақпараттар бередi.
6-бап
1. Құзыреттi мемлекеттiк органдар немесе олардың уәкiлеттi өкiлдерiнiң арасында осы Келiсiмдi орындау мақсаты болып табылатын барлық байланыстар тiкелей жүзеге асырылады.
2. 1-тармақта сөз болған құзыретті органдар:
Қазақстан Республикасы тарапынан:
1) Бас прокуратура;
2) Iшкi iстер министрлiгі;
3) Ұлттық қауiпсiздiк комитетi;
4) Қаржы полициясы агенттігі;
5) Мемлекеттiк кiрiс министрлiгінiң Кеден комитетi
Поляк Республикасы тарапынан
1) Iшкi iстер бойынша құзыреттi министр;
2) Қаржы мәселелерi бойынша құзыреттi министр;
3) Мемлекеттi қорғау жөнiндегі басқарма шефi;
4) Полицияның бас коменданты;
5) Шекара қызметiнiң бас коменданты;
6) Қазыналық бақылаудың бас инспекторы.
3. Құзыретті органдардың ресми атаулары өзгерген жағдайларда Тараптар ол туралы бiр-бiрiне дипломатиялық арналар арқылы дереу хабарлайды.
7-бап
1. 6-бапта тiзiмi берілген органдар өз құзыреттерi шегінде осы Келiсiмнiң ережелерiн iске асыру мақсатында ынтымақтастықтың нақты салалары бойынша атқару хаттамаларын жасауға өкiлеттi.
2. Осы Келiсiмге Тараптардың өзара келiсiмi бойынша осы Келiсiмнiң ажырамас бөлiгі болып табылатын хаттамамен ресiмделетiн өзгерiстер мен толықтырулар енгiзілуi мүмкiн.
8-бап
1. Тараптар құпия берілетiн ақпараттың қорғалуын қамтамасыз етуге және оны осы Келiсiмдi орындау мақсатында ғана пайдалануға мiндеттенедi.
2. Осы Келiсiмге сәйкес алынған мәлiметтер, құжатнама және техникалық жабдықты берушi Тараптың жазбаша рұқсатынсыз үшiншi Тарапқа бермеуге мiндеттенедi.
3. Бiр Тараптың беретiн құпия мәлiметiнiң жария болуы ықтимал немесе ол жария болған жағдайда келесi Тарап ол оқиға туралы берушi Тарапқа дереу мәлiмдейдi, оқиғаның мән-жайы және оның зардаптары, сондай-ақ мұндай оқиғалардың алдын алу үшiн қабылданған шаралар туралы хабарлайды.
4. Тараптар өз мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамасы мен қолданыстағы халықаралық шарттарға сәйкес бiр-бiрiне беретiн жеке деректердiң сақталуын қамтамасыз етедi.
9-бап
1. Егер бiр Тарап осы Келiсiмнiң 2-5-баптарында сөз болып отырған ақпараттарды беру немесе бiрлескен шараларды iске асыру оның мемлекеттiк егемендiгiн, қауiпсiздiгiн бұзуы мүмкiн деп санаса, оны беруден толық немесе iшiнара бас тартуы немесе оны беру үшiн осы Келiсiмнiң ережелерiн орындауға қажеттi белгілi бiр шарттар қоюы мүмкін.
2. Тараптар бiр-бiрiне сарапшылар алмасуына қатысатын адамдардың аты-жөндерiн бұл iс-шара жоспарланған күнге дейiн екi аптадан кешiктiрмей беруi керек.
10-бап
Осы Келiсiмнiң 6-бабында тiзiмi берілген органдар осы Келiсiмнiң мәнi болып табылатын ынтымақтастықтың тиiмдiлiгiн қамтамасыз ету үшiн кеңесулердi жүзеге асыруы мүмкiн.
11-бап
Осы Келiсiм Тараптардың халықаралық шарттарынан туындайтын қылмыстық iстер, экстрадициялау және басқа да мiндеттемелерi бойынша құқықтық көмек туралы ережелердi қозғамайды.
12-бап
Тараптар осы Келiсiмнiң ережелерiн орындауға байланысты шығындарды өздерiнiң мiндеттемелерiн орындау қажеттiлiгi аясында дербес шешедi. Осы Келiсiм бойынша Тараптар қажет болған жағдайда, Тараптардың құзыреттi органдарының шешiмiмен белгіленген әрбiр нақты жағдайда шығындарды екi жақтап көтередi.
13-бап
1. Осы Келiсiмдi түсiнуге немесе қолдануға қатысты даулар 6-бапта тiзiмi берiлген органдар арасында олардың құзыретi шеңберiндегi тiкелей келiссөздер арқылы шешiлетiн болады.
2. Қажет болған жағдайда даулы мәселелердi шешу үшiн Тараптардың уәкiлетті өкiлдерiнiң санынан бiрдей тұратын келiсу комиссиясы құрылады. Тараптардың уәкiлеттi өкiлдерiнiң қолдары қойылған Келiсу комиссиясы отырысының хаттамасын Тараптардың құзыреттi органдары орындауға қабылдайды.
14-бап
Тараптардың құзыреттi органдары осы Келiсiмдi орындауға байланысты мәселелер бойынша өздерiнiң мемлекеттiк тiлiн немесе орыс тiлiн пайдаланады.
15-бап
1. Осы Келiсiм Тараптардың осы Келiсiмнiң күшiне енуi үшiн қажетті мемлекет iшiндегі барлық рәсiмдердi орындау туралы басқа Тарапқа хабар беру нотасы арқылы соңғы жазбаша хабарламаны алған күнiнен бастап күшiне енедi.
2. Осы Келiсiм белгiсiз уақытқа жасалады. Ол жазбаша хабар беру арқылы кез-келген Тараптардың ескертуiнен кейiн бұзылуы мүмкiн.
Бұл жағдайда келiсiмдi бұзу туралы нота алынған күннен бастап 6 ай өткен соң күшiн жояды.
Варшава қаласында 2002 жылғы 24 мамырда әрқайсысы қазақ, поляк және орыс тілдеріндегі екі данада жасалды, әрі барлық мәтіндердің күші бірдей. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде келіспеушілік туындаған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінді басшылыққа алатын болады.
Қазақстан Республикасының Поляк Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін