"Мемлекеттiк сатып алу туралы" Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 16 мамырдағы Заңының (бұдан әрi - Заң) 21-бабы 1-тармағының 5) тармақшасына және "Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң және жергiлiктi атқарушы органдардың резервтерiн пайдалану ережесiн бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2004 жылғы 27 желтоқсандағы N 1405 қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
1. "Елорда" баспасы" республикалық мемлекеттiк кәсiпорны сатып алудың маңызды стратегиялық мәнi бар Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Қазақстан экономикалық, әлеуметтiк және саяси жедел жаңару жолында" атты Қазақстан халқына 2005 жылғы 18 ақпандағы Жолдауының (бұдан әрi - Жолдау) мамандандырылған басылымын және оны түсiндiру жөнiндегi ақпараттық-әдiстемелiк материалдарды шығару жөнiндегi қызметтердi көрсетушi болып белгiленсiн.
2. Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және спорт министрлiгiне Жолдаудың мамандандырылған басылымын және оны түсiндiру жөнiндегi ақпараттық-әдiстемелiк материалдарды шығару жөнiндегi қызметтерге ақы төлеу үшiн 2005 жылға арналған республикалық бюджетте кезек күттiрмейтiн шығындарға көзделген Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң резервiнен 35150000 (отыз бес миллион бiр жүз елу мың) теңге бөлiнсiн.
3. Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және спорт министрлiгi заңнамада белгiленген тәртiппен:
осы қаулының 1-тармағында көрсетілген заңды тұлғамен қызметтердi мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасуды;
қызметтердi мемлекеттік сатып алу үшiн осы қаулыға сәйкес пайдаланылатын ақшаны оңтайлы және тиiмдi жұмсау қағидатының сақталуын, сондай-ақ Заңның 21-бабы 3, 4-тармақтарының орындалуын;
осы қаулыдан туындайтын өзге де шараларды қабылдауды қамтамасыз етсiн.
4. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгi бөлiнген қаражаттың мақсатты пайдаланылуын бақылауды қамтамасыз етсiн.
5. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі