Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
"Қазақстан Республикасында агроөнеркәсiптiк кешендi және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламентi Мәжiлiсiнiң қарауына енгізiлсiн.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
ЖОБА
"Қазақстан Республикасында агроөнеркәсiптiк
кешендi және ауылдық аумақтарды дамытуды
мемлекеттiк реттеу туралы" ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ
Осы Заң Қазақстан Республикасында агроөнеркәсiптiк кешендi және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеудi iске асырудың құқықтық, ұйымдастыру және экономикалық негіздерiн белгiлейдi.
1-бап. Негiзгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгі ұғымдар пайдаланылады:
1) аграрлық өнеркәсiп кешенi - ауыл, балық шаруашылығы және тамақ өнеркәсiбi (алкоголь және темекi өнiмiнен басқа) өнiмiн өндiрудi, дайындауды, сақтауды, тасымалдауды, қайта өңдеудi, сондай-ақ оларды техникамен, технологиялық жабдықпен, ақша, ақпарат және басқа ресурстармен қамтамасыз ететiн бағыттас өндiрiстер мен қызмет салаларын, ветеринариялық және фитосанитариялық қауiпсiздiктi, ғылыми қызмет көрсетудi және кадрлар дайындауды қамтитын экономика салаларының жиынтығы;
2) мемлекеттiк техникалық инспекция тракторларды және олардың базасында жасалған өзi жүретiн шассилер мен механизмдердi олардың тiркемелерiн, соған қоса арнайы жабдық орнатылған тiркемелердi, өзi жүретiн ауыл шаруашылығы, мелиоративтiк және жол-құрылысы машиналары мен механизмдерiн, сондай-ақ өткiштiгi жоғары арнайы машиналарды тиiстi құжаттарды және мемлекеттiк нөмiрлік белгілердi бере отырып мемлекеттiк тiркеуден, мемлекеттік техникалық тексеруден өткiзедi, көрсетілген көлiк құралдарымен және тiркемелердi пайдаланушы тұлғаларды тiркейдi және есепке алады, сонымен қатар сенiмхат бойынша емтихан қабылдайды және машинаны жүргізуге құқығы бар куәлiк бередi, сондай-ақ оларды өткiзудің тәртiбiн анықтайды;
3) сатып алу операциялары - бағаның күрт төмендеуi кезеңiнде iшкi рынокты тұрақтандыру, iшкi рынокты реттеу және ауыл шаруашылығы өнiмiн экспорттық жеткiзіп берудi қамтамасыз ету мақсатында бекiтiлген баға бойынша ауыл шаруашылығы өнiмiн сатуды ұйымдастыру және жүргiзу жөнiнде мемлекет жүзеге асыратын iс-шаралар;
4) аграрлық өнеркәсiп кешенiнiң ақпараттық-консультациялық жүйесi - аграрлық өнеркәсiп кешенi субъектілерiн ақпараттық-консультациялық және маркетингтiк қамтамасыз етуге бағытталған орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың, сондай-ақ мамандандырылған ұйымдардың бiрыңғай ақпараттық және техникалық ресурстар жүйесi;
5) ауылдық аумақтар - аудандар мен қалалардың әкімшілік-аумақтық шекараларындағы ауылдық елдi мекендер жиынтығы және олардың маңайындағы жерлер;
6) ауыл шаруашылығы санағы - ауылдық елдi мекендердегі шаруашылық есеп әдісiнiң негізiнде белгiлi бiр күндегі ауыл шаруашылығын дамытудың жай-күйі туралы сандық ақпарат жинауды қамтамасыз ету бойынша іс-шаралар ұйымдастыру;
7) ауыл шаруашылығы өнiмi - ара шаруашылығын қоса, өсiмдiк шаруашылығы мен мал шаруашылығының шикiзаттары мен өнiмдерi, сонымен бiрге оларды бастапқы қайта өңдеу жолымен алынған өнімдер;
8) ауылдық аумақтардың әлеуметтiк және инженерлiк инфрақұрылымы - денсаулық сақтау, білiм, мәдениет, спорт, телекоммуникациялар, байланыс объектілерiн, жолдарды, почтаны, газбен, электрмен, жылумен, сумен қамтамасыз етудi және су тартуды, өндiрiстiк қалдықтарды жинап кәдеге жаратуды және тұтынуды қамтитын тiршiлiктi қамтамасыз ету объектiлерiнiң жүйесi;
9) аграрлық өнеркәсiп кешенiнiң субъектілерi - аграрлық өнеркәсiп кешенiнде қызметті жүзеге асырушы заңды және жеке тұлғалар;
10) аграрлық өнеркәсiп кешенiн дамыту саласындағы уәкiлеттi орган - өз құзыретiнің шегінде аграрлық өнеркәсiп кешенiн дамытуды мемлекеттік реттеу жөнiндегi функцияларды жүзеге асыратын мемлекеттiк орган;
11) ауылдық аумақтарды дамыту саласындағы уәкiлеттi орган - өз құзыретінің шегінде ауылдық аумақтарды дамытуды салааралық үйлестiрудi және мемлекеттiк реттеудi жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
12) баға интервенциясы - бағаның бақылаусыз өсуi кезеңiнде мемлекеттiк ресурстардан немесе өзге де көздерден ауыл шаруашылығы өнімінің негiзгi түрлерiн бекiтiлген бағалар бойынша iшкi рынокта сату жөніндегі іс-шаралар.
2-бап. Аграрлық өнеркәсiп кешенi мен ауылдық
аумақтарды дамытуды реттейтiн Қазақстан
Республикасының заңнамалары
1. Аграрлық өнеркәсiп кешенi мен ауылдық аумақтарды дамытуды реттейтiн Қазақстан Республикасының заңнамалары Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделген және Қазақстан Республикасының осы Заңынан және өзге де нормативтiк құқықтық актілерiнен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңдағылардан өзге ережелер белгіленсе, халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.
3-бап. Қазақстан Республикасында аграрлық өнеркәсiп
кешенi мен ауылдық аумақтарды дамытуды
мемлекеттік реттеудiң негiзгi принциптерi
Аграрлық өнеркәсiп кешенi мен ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттiк реттеу мынадай негізгi принциптерге сәйкес жүзеге асырылады:
1) әлеуметтік-экономикалық дамудың басымдықтарына сәйкестік;
2) Дүниежүзілiк сауда ұйымы келiсiмiнiң ауыл шаруашылығы жөнiндегi талаптарына және фитосанитариялық мен ветеринариялық-санитариялық қолайлы жағдайға сәйкестік;
3) мемлекет жүзеге асыратын iс-шаралардың ашықтығы;
4) мемлекеттік қолдау көрсету шараларындағы нақтылық;
5) отандық аграрлық өнеркәсiп кешенi өндiрiсiндегi бәсекелестік артықшылықтарды қолдау;
6) iшкi азық-түлiк рыногын импорттау кезiнде терiс пиғылды бәсекеден қорғалуы;
7) мемлекеттiк басқару деңгейлерi арасында өкілеттiктердi анық ажырату;
8) аграрлық өнеркәсiп кешенi қызметiнiң және ауылға қоныстандырудың экологиялық қауiпсiздігі;
9) экономикалық өсу әлеуетi бар ауылдық аумақтарды дамытудың басымдығы;
10) ауылдық жерлердi мекендеуге арналған қолайлы жағдайлардың қамтамасыз етілуi;
11) аграрлық өнеркәсiп кешенiнiң салалық кәсіпкерлер бiрлестiктерiмен өзара іс-әрекет етуi;
12) мемлекеттік реттеу шараларының тиiмділігі.
4-бап. Аграрлық өнеркәсiп кешенi мен ауылдық
аумақтарды дамытуды мемлекеттiк реттеу
саласындағы мемлекеттік органдардың құзыретi
1. Қазақстан Республикасының Үкiметi:
1) аграрлық өнеркәсiп кешенi мен ауылдық аумақтарды дамыту саласындағы мемлекеттiк саясатты анықтайды;
2) аграрлық өнеркәсiп кешенi мен ауылдық аумақтарды дамыту саласындағы салалық (секторлық) бағдарламаларды бекiтедi;
3) аграрлық өнеркәсiп кешенi мен ауылдық аумақтарды дамыту саласында халықаралық ынтымақтастықты ұйымдастырады және үкiметаралық келiсiмдер жасайды;
4) сатып алу операциялары мен баға интервенцияларын жүргізудің көлемiн, бағаларын және тәртiбiн анықтайды;
5) ауыл шаруашылығы өнiмi мемлекеттiк ресурстарының көлемiн, құрылымын, оны қалыптастыру, сақтау және пайдалану ережелерiн бекiтедi;
6) аграрлық өнеркәсіп кешені саласында қызмет көрсету жөнінде мамандандырылған ұйымдар құрады және олардың қатысуымен аграрлық өнеркәсiп кешенi саласын қолдаудың тәртібін анықтайды;
7) ауыл шаруашылығы өнімі мемлекеттiк ресурстарын басқару жөнiндегi ұйымдарды анықтайды;
8) Қазақстан Республикасы аумағын ұйымдастырудың бас схемасының құрамында ауыл халқын оңтайлы қоныстандырудың схемасын бекітеді;
9) aграрлық өнеркәсіп кешені мен ауылдық аумақтарды дамыту бағдарламалары бойынша субсидиялау бекітеді;
10) ауыл шаруашылығы санағын өткізудің тәртібі мен мерзімдерін бекітеді;
11) аграрлық өнеркәсiп саласындағы қазіргі заманға сай техникалық саясатты қалыптастырады;
12) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес аграрлық өнеркәсiп кешенi және ауылдық аумақтарды дамыту саласындағы мемлекеттік реттеудiң өзге де функцияларын жүзеге асырады.
2. Аграрлық өнеркәсiп кешенiн дамыту саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган:
1) аграрлық өнеркәсiп кешенi мәселелерi бойынша мемлекеттiк саясатты әзiрлейдi және iске асырады;
2) аграрлық өнеркәсiп кешенiн дамытудың мемлекеттік, салалық (секторлық) бағдарламаларын әзiрлейдi және Қазақстан Республикасы Үкiметінің қарауына ұсынады;
3) аграрлық өнеркәсiп кешенi саласындағы мемлекетаралық экономикалық байланыстардың басым бағыттарын анықтайды, халықаралық қатынастарда Қазақстан Республикасының мүддесiн қорғайды, аграрлық өнеркәсiп кешенiн дамыту саласында халықаралық бағдарламаларды өзiнiң құзiретiне сәйкес iске асырады;
4) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес ветеринария, өсімдiктердi қорғау және карантин бойынша мемлекеттік iс-шараларды ұйымдастырады;
5) халықаралық талаптарға сәйкес ветеринариялық және фитосанитариялық бақылау жүргiзудi қамтамасыз етедi;
6) аграрлық өнеркәсiп кешенi салаларын халықаралық сапа стандарттарына көшiру бойынша iс-шаралар әзiрлейдi;
7) мынадай мониторинг өткiзедi:
аграрлық өнеркәсіп кешенiн дамытудың мемлекеттік және салалық бағдарламаларын iске асыру;
дала жұмыстары;
ауыл шаруашылығы өнiмi мен оны қайта өңдеу өнiмдерiнiң бағалары мен рыноктарының мониторингiн;
8) мынадай талдау жүргiзедi:
қызмет салалары мен түрлерi бойынша өндiрiстiк-шаруашылық қызметтің жай-күйi мен нәтижелерiне, ауыл шаруашылығы өнiмi мен оны қайта өңдеу өнiмдерiн тұтыну мен өндiрудің баланстарына;
аграрлық өнеркәсiп кешенi салаларын дамыту жөнiндегi статистикалық деректерге;
9) ақысыз негiзде аграрлық өнеркәсіп кешенi субъектілерiне уәкілетті органның беруiне жататын ақпараттар мен көрсетілетiн қызметтер тiзбесiн анықтайды;
10) мемлекеттің аграрлық өнеркәсiп кешенi саласындағы баға, техника, кеден, салық, несие, сақтандыру және техникалық реттеу саясатының мәселелерi бойынша ұсыныс енгiзедi;
11) елiмiздiң әлеуметтiк-экономикалық даму басымдықтарына сәйкес аграрлық өнеркәсiп кешенi саласында мамандандырылған ұйымдар құру, дамыту, қайта ұйымдастыру, тарату туралы ұсыныстар енгізу;
12) ауыл шаруашылығы машиналарын жасауды техникалық жабдықтау, дамыту жөнiндегі iс-шараларды әзiрлейдi және ұйымдастырады;
13) аграрлық өнеркәсiп кешенi саласында техникалық инспекциялау функциясын қамтамасыз етедi;
14) тракторларды, олардың негізiнде жасалған шасси мен тетіктердi, олардың арнайы қондырғылармен жабдықталған тiркемелерiн қоса алғанда, мемлекеттiк тiркеу ережелерiн, азаматтарға тракторист-машинист куәлiгiн беру үшiн емтихан қабылдау және беру ережелерiн бекiтедi;
15) аграрлық өнеркәсiп кешенi субъектілерiнiң кредит ресурстарына қол жеткiзуiн жақсарту үшiн жағдай жасайтын, аграрлық өнеркәсiп кешенiн несиелеуді жүзеге асыратын кредиттік серiктестіктер жүйесiн дамыту;
16) аграрлық өнеркәсiп кешенiн ақпараттық-консультациялық қамтамасыз етудi ұйымдастырады;
17) аграрлық өнеркәсiп кешенiн ғылыми қамтамасыз ету және кадрлар даярлау саласында мемлекеттiк саясатты әзiрлейдi және iске асырады;
18) өз құзыреті шегiнде нормативтiк құқықтық актілердi әзiрлейдi және бекiтедi;
19) аграрлық өнеркәсiп кешенi саласындағы жергiлiктi атқарушы органдардың қызметiн әдістемелік қамтамасыз етудi жүзеге асырады.
3. Ауылдық аумақтарды дамыту саласындағы уәкілетті орган:
1) ауылдық аумақтарды дамыту саласындағы мемлекеттiк саясатты iске асырады;
2) ауылдық аумақтарды дамытудың мемлекеттiк, салалық бағдарламаларын әзiрлейдi, Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң қарауына ұсынады және iске асырылуына мониторинг жүргiзедi;
3) ауылдық аумақтарды дамытуда орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың қызметiн үйлестiредi;
4) Қазақстан Республикасы аумағын ұйымдастырудың бас схемасы құрамында ауыл халқын оңтайлы қоныстандырудың схемасын әзiрлейдi;
5) ауылдық жерлерде шағын кредит беру жүйесiн дамытады;
6) мүдделi орталық атқарушы органдармен бiрлесiп ауылдық елдi мекендi әлеуметтік және инженерлiк көркейтудiң ұсынылған деңгейiн әзiрлейдi;
7) жергіліктi атқарушы органдардың ауылдық аумақтарды дамыту саласындағы қызметiне әдiстемелiк басшылықты жүзеге асырады.
4. Облыстың жергілiктi атқарушы органдары:
1) аграрлық өнеркәсiп кешенi мен ауылдық аумақтарды дамытудың өңірлік бағдарламаларын әзiрлейдi және жергілiкті өкiлетті органдарға бекiтуге бередi және олардың iске асырылуына мониторинг жүргiзедi;
2) осы Заңға, мемлекеттiк, салалық, өңiрлiк бағдарламаларға және осы саладағы басқа да нормативтiк құқықтық актiлерге сәйкес аграрлық өнеркәсiп кешенінің субъектілерiн мемлекеттiк қолдау жөнiнде ұсыныстар әзiрлейдi;
3) аграрлық өнеркәсiп кешенiнiң субъектілерiне мемлекеттiк аграрлық азық-түлiк саясатының және ауылдық аумақтарды дамыту жөнiндегi саясаттың негiзгi бағыттары мен тетiктерiн түсiндiру жөнiндегi жұмыстарды үйлестiредi;
4) ауыл шаруашылығы өнiмiн өндiру бөлігінде дамудың орта мерзiмдi жоспарларын әзірлеу жөнінде ұсыныстар енгізедi;
5) аграрлық өнеркәсiп кешенi салаларын мамандармен қамтамасыз ету жөнiндегi шараларды жүзеге асырады;
6) шығарылатын өнiмнiң түрлерi жөнiнде өңiрлiк көрмелер, жәрмеңкелер ұйымдастырады;
7) аграрлық өнеркәсiп кешенi өнiмiнiң саудасы жөнiндегi көтерме базарлар ұйымдастырады;
8) аграрлық өнеркәсiп кешенi өнiмiнiң бағаларына және рыноктарына мониторинг жүргiзедi;
9) ауыл шаруашылығы өнiмiн сатып алу бағдарламаларына қатысушыларды анықтау жөнiндегi комиссиялардың жұмысын ұйымдастырады;
10) аграрлық өнеркәсiп кешенi саласындағы озық тәжiрибенi насихаттау жөнiндегi жұмысты ұйымдастырады;
11) малдарды қолдан ұрықтандыру пункттерiнiң құрылысын салуды, ұстауды және қайта құруды және мал шаруашылығы өнiмдерi мен шикiзаттарын дайындауды қамтамасыз етедi;
12) Жоғары класты асыл тұқымды малдарды сатып алуды, ұстауды және өз төлінен өсiрудi кеңейту үшiн мал басын толықтыратын төлдi өсiрудi ұйымдастырады;
13) мынадай ic-шаралар әзiрлейдi:
аграрлық өнеркәсiп кешенi салаларына инвестициялар және екiншi деңгейдегi банктердің кредиттерiн тарту;
бәсекеге жарамды өндiрiстердi қалыптастыру және дамыту, оларды жетілдiру және сапа менеджментiнің халықаралық жүйесiне көшiру үшiн жағдай жасау;
тоған, өзен-тауар, мәдени балық өсiру шаруашылықтарын және балықты қайта өңдеу кәсiпорындарын дамыту бойынша;
орта және ірі тауар өндiрiсi бар мамандандырылған мал шаруашылықтарының дамуы үшiн жағдай жасау бойынша;
14) жергiлiктi бюджеттен қаржыландырылатын ауылдық аумақтардың әлеуметтiк және инженерлiк инфрақұрылымдарының инвестициялық жобаларының тiзбесiн анықтайды;
15) агроөнеркәсіп кешенiнің ақпараттық-консультациялық жүйесiнiң жұмыс iстеуi және дамуы үшін жағдай жасайды;
16) азық-түлiктiң ішкі және сыртқы рыноктарының ахуалын зерттейді және оны аграрлық өнеркәсіп кешенi субъектілерiне жеткiзедi;
17) агроөнеркәсіп кешенi және ауылдық аумақтарды дамыту мәселелерi бойынша уәкілеттi мемлекеттiк органға ақпарат бередi.
5. Аудандық жергiлiктi атқарушы органдары:
1) өнеркәсіп кешенi мен ауылдық аумақтарды дамыту бағдарламаларын әзiрлейдi және аудан аумағында iске асыруды қамтамасыз етедi;
2) осы Заңға, мемлекеттік, салалық, өңірлік бағдарламаларға және осы саладағы басқа да нормативтік құқықтық актiлерге сәйкес аграрлық өнеркәсiп кешенiнiң субъектiлерiн мемлекеттік қолдауды жүзеге асырады;
3) аграрлық өнеркәсiп кешенiнiң субъектілерiне мемлекеттік аграрлық азық-түлiк саясатының негізгі бағыттары мен тетiктерiн түсiндiру жөнiнде жұмыс жүргiзедi;
4) ауылдық аумақтарды дамытуға және осы саладағы бағдарламаларды iске асыруға мониторинг жүргiзедi;
5) елдi мекендерде үй жануарларын ұстау және жайылым ережелерiн әзiрлейдi;
6) уәкілеттi мемлекеттiк орган ветеринария саласында белгілеген тәртiппен, ен сырғалар, таңбалау атрибуттарын (татуировка) және ветеринариялық паспорттар сатып алуды қоса, ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендiрудi өткiзудi ұйымдастырады;
7) аграрлық өнеркәсiп кешенi саласында оперативтік ақпарат жинауды жүргізедi және оны облыстың жергілiкті атқарушы органына бередi.
5-бап. Агроөнеркәсiп кешенiн және ауылдық
аумақтарды дамытуды мемлекеттiк реттеу
1. Агроөнеркәсіп кешенiн және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу азық-түлiктiк қауiпсiздiкті, агроөнеркәсіптiк кешенiнiң өнімдерінің рыногының тұрақтылығын қамтамасыз етуге, кәсiпкерлiктiң тиiмдi жүйесiн құруға, отандық өнiмнiң бәсекелестік артықшылығын қолдауға, сондай-ақ өсiмдiк шаруашылығын, мал шаруашылығын, балық шаруашылығын, ауыл шаруашылығы шикiзатын қайта өңдеудi және тамақ өнеркәсiбiн (iшiмдiк пен темекi өнiмдерiнен басқа) дамыту үшiн жағдай жасау арқылы ауыл халқының тұрмыс деңгейiн көтеруге, ветеринариялық пен фитосанитариялық қауiпсiздiктi, техникалық жабдықтауды және басқа да жалғаспалы қызмет салаларын қамтамасыз етуге, сондай-ақ әлеуметтiк және инженерлiк инфрақұрылымды дамытуға бағытталған.
2. Агроөнеркәсiп кешенiн және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеудiң мақсаттары ретінде мынадай шаралар қолданылуы мүмкін:
1) агроөнеркәсiп кешенiне бюджеттiк кредит беру;
2) агроөнеркәсiп кешенi субъектілерiн субсидиялау;
3) сатып алу операцияларын және азық-түлiк интервенциясын жүргiзу;
4) мамандандырылған ұйымдар құру;
5) агроөнеркәсiп кешенi тауарларының экспорты мен импортын реттеу;
6) агроөнеркәсiп кешенiн техникалық жарақтандыру;
7) агроөнеркәсіп кешенiн ақпаратты-кеңеспен қамтамасыз ету;
8) агроөнеркәсiп кешенiн ғылыми және нормативтiк-әдiстемелiкпен қамтамасыз ету;
9) әлеуметтiк және инженерлiк инфрақұрылымның дамуына инвестициялар;
10) ауыл халқын оңтайлы қоныстандыруды ұйымдастыру;
11) салықтық бюджеттiк, кеден-тарифтiк, техникалық peттeу шаралары және Қазақстан Республикасының заңнама актiлерiне сәйкес өзге де шаралар;
12) елдiң ветеринариялық және фитосанитариялық қауiпсiздiгін қамтамасыз ету.
3. Агроөнеркәсiп кешенiн және ауылдық аумақтарды мемлекеттік peттeу жөнiндегi іс-шаралардың қаржыландыру бағыттары заңнамалық актiлерге, мемлекеттік, салалық және өңiрлік бағдарламаларға сәйкес анықталады, ал осы iс-шараларды қаржыландырудың жыл сайынғы көлемi республикалық бюджет туралы заңда және тиiсті қаржылық жылға арналған жергілiктi бюджет туралы мәслихаттардың шешiмдерiмен айқындалады.
6-бап. Агроөнеркәсiп кешенiне бюджеттік
кредит беру
1. Агроөнеркәсiп кешенiне бюджеттік кредит беру бюджеттiк инвестициялау жобаларын (бағдарламаларын) iске асыруға, сондай-ақ кейiннен түпкі кредит алушыларға қайтадан кредит беретiн мамандандырылған даму кредиттік институттардың жарғылық капиталын арттыруға бюджеттiк қаражатты бағыттау арқылы жүзеге асырылады.
2. Мемлекеттiк реттеудің осы шаралары мынадай мақсаттарда қолданылуы мүмкін:
1) ауыл шаруашылығы өндiрiсiнiң инфрақұрылымын құру және дамыту;
2) ауыл шаруашылығы техникасы мен технологиялық жабдықтар лизингiсiне кредит беру;
3) агроөнеркәсiптiк кешенiндегi кредит серiктестiктерiне кредит беретiн кредиттік ұйымдарды ұйымдастыру және несиелеу;
4) ауылдық жерлердегi кәсiпкерлiк қызметтiң ауыл шаруашылығы емес түрлерiне кредит беру;
5) ауыл шаруашылығы өнiмiн сатып алуға, өндiруге, қайта өңдеуге және сатуға кредит беру;
6) ауыл халқына шағын кредит беру.
7-бап. Агроөнеркәсiп кешенiн субсидиялау
1. Агроөнеркәсiп кешенi субъектiлерiн субсидиялау агроөнеркәсiп кешенi салаларының дамуын экономикалық ынталандыру ретiнде мынадай жағдайларда жүзеге асырылады:
1) агроөнеркәсiп кешенi салаларын дамытуға бағытталған субсидиялаудың экономикалық тиiмділігі;
2) өндiрiлген өнiмнiң сапасын және бәсекеге қабілеттігін арттыру.
2. Субсидиялау мынадай бағыттар бойынша жүзеге асырылуы мүмкiн:
1) агроөнеркәсiп кешенi субъектiлерiне кредит беру және ауыл шаруашылығы техникасымен және құрал-жабдықтарымен қамтамасыз ету кезiндегі пайыздық ставканы субсидиялау;
2) өсiмдiктердiң жоғары бағалы сорттарын және ауыл шаруашылығы жануарларының, құстардың және балықтардың жоғары бағалы тұқымдарының гендiк қорларын сақтауды және дамытуды субсидиялау;
3) тұқым шаруашылығын дамытуды, өсiмдiк шаруашылығы өнiмнiң өнiмдiлiгi мен сапасын арттыруды субсидиялау;
4) мал шаруашылығы өнiмiнiң өнiмділiгі мен сапасын арттыруды субсидиялау;
5) көктемгi егiс және егiн жинау жұмыстарын жүргiзу үшiн қажеттi тауарлы-материалды құндылықтардың құнын субсидиялау;
6) өндiрiстi басқару жүйесiн дамытуды және ауыл шаруашылығы өнiмi рыногын субсидиялау;
7) асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды субсидиялау;
8) жемiс-жидек дақылдарының және жүзiмнiң көп жылдық көшеттерiн отырғызуды субсидиялау;
9) Қазақстан Республикасының арнайы заңнама актілерiнде көзделген аграрлық өнеркәсiп кешенiн субсидиялаудың өзге де бағыттары.
3. Субсидиялаудың басым бағыттары заңнамалық актiлерге, мемлекеттiк, салалық, өңiрлiк бағдарламаларға сәйкес орта мерзiмдi фискальды саясатпен анықталады.
Әр жылға арналған субсидиялаудың нақты бағыттары мен көлемi республикалық бюджет туралы заңда және тиiстi қаржылық жылға арналған жергiлiктi бюджет туралы мәслихаттардың шешiмдерiмен айқындалады.
8-бап. Аграрлық азық-түлiк рыногын реттеу
Аграрлық азық-түлiк рыногын мемлекеттiк реттеу азық-түлiктік қауiпсiздiктi қамтамасыз ету және отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндiрушілердi қолдау мақсатында:
1) бағаның бақылаусыз өсу (құлдырау) шарттарында оларды тұрақтандыру мақсатында белгіленген баға бойынша ауыл шаруашылығы өнiмдерiн сатып алу операциялары және баға интервенциялары;
2) iшкi рынокты Қазақстан Республикасының арнайы заңдарына сәйкес кеден-тарифтік, тарифтік емес және техникалық реттеу әдiстерiмен қорғау;
3) iшкi рынокты реттеу және ауыл шаруашылығы өнiмдерiн экспорттық жеткізілімдi қамтамасыз ету үшiн мамандандырылған ұйымдар жүзеге асыратын сатып алу операциялары арқылы жүзеге асырылуы мүмкiн.
9-бап. Елдiң ветеринариялық және фитосанитариялық
қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудi
мемлекеттiк реттеу
1. Ветеринариялық және фитосанитариялық қауiпсiздiк саласындағы мемлекеттiк реттеудiң iс-шаралары қолданыстағы арнайы заңдарға сәйкес жүзеге асырылады.
2. Ауыл шаруашылығы өнiмдерiнiң сапасы мен қауiпсiздігін халықаралық талаптарға сәйкес қылу мақсатында мемлекет мынадай шараларды жүзеге асыра алады:
1) халықаралық стандарттың талаптарына және Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерiне сәйкес ветеринариялық және фитосанитариялық бақылауды жүргiзу;
2) агроөнеркәсiп кешенi саласындағы уәкілетті органның ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтетiн тiзбе бойынша жануарлардың жұқпалы ауруларының профилактикасы, диагностикасы және жою;
3) ауыл шаруашылығы жануарларын соятын алаңдарды ұйымдастыру;
4) карантиндiк зиянкестердi, арамшөптердi және өсiмдiк ауруларын қоса алғанда, зиянды организмдердiң таралуына жол бермеуге бағытталған фитосанитариялық iс-шаралар;
5) агроөнеркәсiп кешенi субъектiлерiнiң адам мен жануарлардың денсаулығына аса қауiп төндiретiн малдарды, мал өнiмдерi мен шикiзаттарын алып қою және жою нәтижесiнде шеккен залалдарын өтеу.
10-бап. Агроөнеркәсiп кешенiн техникалық
қамтамасыз ету
Ауыл шаруашылығын техникалық қамтамасыз ету мынадай жолмен iске асырылады:
1) машина-трактор паркiн және технологиялық құрал-жабдықтарды жаңартуды ұйымдастыру;
2) машина-технологиялық станциялар (сервис орталықтар) желiсiн дамыту;
3) ауыл шаруашылығы машиналарын жасаудың отандық және шетелдiк өндiрiсi өнiмдерiн сынақтан және мiндеттi сертификаттаудан өткiзу;
4) мемлекеттiк техникалық инспекцияның қызметін ұйымдастыру.
11-бап. Агроөнеркәсiп кешенiн ақпараттық-кеңеспен
қамтамасыз ету
1. Мемлекет агроөнеркәсiп кешенiн ақпараттық-кеңеспен қамтамасыз eтудi:
1) агроөнеркәсiп кешенiнiң ақпараттық-кеңес жүйесiн құру;
2) он жылда бiр реттен кем емес ауыл шаруашылығы санағын жүргiзу;
3) ақпараттық материалдарды бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау және мамандандырылған жинақтарды, журналдарды, тақырыптық баспаларды басып шығару;
4) қазiргі ақпараттық технологияны және электрондық сауда-саттықты құру және дамыту;
5) көрмелер-жәрмеңкесiн ұйымдастыру және отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндiрушілердiң өнiмдерiне жарнамалық қолдау көрсету;
6) үйрету семинарларын өткiзу арқылы жүзеге асырады.
2. Агроөнеркәсiп кешенi субъектілерiне ақысыз негiзде беруге жататын ақпараттар мен қызмет көрсету тiзiмi уәкілетті органдармен анықталады.
12-бап. Агроөнеркәсiп кешенi саласындағы
мамандандырылған ұйымдар
Агроөнеркәсiп кешенi салаларын тұрақты дамыту, агроөнеркәсiп кешенi субъектілерiн нарықтық бәсекелестікте жоқ немесе әлсiз дамыған жекелеген қызмет түрлерiмен қамтамасыз ету мақсатында мемлекет мамандандырылған ұйымдар құра алады.
Мамандандырылған ұйымдарды құру тәртiбi және ұйымдық-құқықтық нысандары және мiндеттерi Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасымен анықталады.
13-бап. Агроөнеркәсiп кешенi үшiн ғылыми
қамтамасыз ету және кадрларды дайындау
Агроөнеркәсiп кешенiн дамытуды ғылыми және кадрмен қамтамасыз етудi мемлекеттік қолдау ұйымдар арқылы жүзеге асырыла алады:
1) ғылыми-зерттеу және тәжiрибелiк-конструкторлық жұмыстар;
2) аграрлық ғылымның дамуының басым бағыттары бойынша кадрлар дайындау, қайта дайындау және аттестациялау;
3) өндiрiске ғылыми әзiрлемелердi тарату және енгiзу;
4) өсiмдiктердiң жоғары бағалы сорттарын және ауыл шаруашылығы жануарларының, құстардың және балықтардың жоғары бағалы тұқымдарының гендiк қорларын сақтау және дамыту.
14-бап. Ауылдық аумақтарды дамыту
1. Мемлекет ауылдық аумақтардың дамуын:
1) әлеуметтiк және инженерлiк инфрақұрылымды ауылдық елдi мекендердi әлеуметтiк және инженерлiк жайластырудың негiзiнде құру және дамыту;
2) ауыл халқын оңтайлы орналастыру;
3) ауыл аумақтарына денсаулық сақтау, әлеуметтiк қамтамасыз ету, білiм, мәдениет және спорт саласындағы қызметкерлердi тартуды ынталандыру арқылы реттейдi.
2. Ауыл халқын оңтайлы орналастыру мақсатында қолайсыз экологиялық жағдайлы ауылдық елдi мекендерде тұрып жатқан Қазақстан Республикасының азаматтары, осы азаматтардың қоныс аударуға келiсiм берген жағдайда Қазақстан Республикасы Үкiметінiң шешiмi негiзiнде әлеуметтік-экономикалық және экологиялық жағдайы бiр қалыпты елдi мекендерге заңнамаларға сәйкес қоныс аударуға жатады.
3. Ауылды елдi мекендерде қызмет iстейтiн денсаулық сақтау, әлеуметтiк қамтамасыз ету, білiм, мәдениет және спорт мамандарына жергілiктi өкiлдiк органдардың шешiмi бойынша айлықақылары мен тарифтiк ставкалары қалалық жағдайларда қызметтiң осы түрлерiмен айналысатын мамандардың ставкаларымен салыстырғанда 25 пайыздан кем емес көтерме белгіленуi мүмкін.
4. Ауылды елдi мекендерде тұратын және жұмыс iстейтiн мемлекеттiк ұйымдардың, денсаулық сақтау, әлеуметтiк қамтамасыз ету, білiм, мәдениет және спорт мамандарына отын-көмiр алуына әлеуметтiк көмек жергілiкті өкiлдiк органдар шешiмi бойынша жергілiктi бюджет есебiнен берiледi.
15-бап. Агроөнеркәсiп кешенiн және ауылдық
аумақтарды нормативтік-әдiстемелiкпен
қамтамасыз ету
1. Агроөнеркәсiп кешенiн және ауылдық аумақтарды нормативтiк-әдiстемелiкпен қамтамасыз ету ғылыми негізделген агротехнологияны және ауыл шаруашылығы өнiмдерiн өңдеу технологиясын қолдану, саланың және оған қызмет ететiн инфрақұрылымның тиiмдi өсуi, бәсекеге қабілеттi өнiм шығару, бюджеттiк қаржыландыруды оңтайландыру, әлеуметтік және инженерлiк инфрақұрылымды дамыту, экономикалық әлеуеттiң өсуi, ауылдық елдi мекендер тұрғындарының табысын көтеру, ауылдық елдi мекендердiң экологиялық қауiпсiздігін қамтамасыз ету және ауыл халқын оңтайлы орналастырудың схемасын әзiрлеу мақсатында жүзеге асырылады.
2. Агроөнеркәсiп кешенiн және ауылдық аумақтарды нормативтiк-әдiстемелiкпен қамтамасыз ету техникалық регламенттердi, стандарттарды, нормативтерді, нұсқаулықтарды, әдiстемелердi, ұсыныстарды әзiрлеу арқылы жүзеге асырылады.
16-бап. Қорытынды және өтпелi ережелер
1. Осы Заң 2006 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енедi.
2. "Қазақстан Республикасында ауыл, село және агроөнеркәсiп кешенiн дамытудың басымдығы туралы" 1991 ж. 13 ақпандағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақ ССР Жоғары Кеңесiнiң Жаршысы, 1991 ж., N 8, 93-құжат; Қазақстан Республикасы Жоғары Кеңесiнiң Жаршысы, 1992 ж., N 13-14, 327-құжат; 1995 ж., N 20, 120-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1997 ж., N 7, 79-құжат; N 12, 184-құжат; 1999 ж., N 8, 247-құжат; N 23, 927-құжат; 2001 ж., N 13-14, 173-құжат; 2004 ж., N 23, 142-құжат) күшi жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының
Президенті