"Банкроттық туралы" Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 21 қаңтардағы Заңы 2-бабының 4-тармағына сәйкес, табиғи монополия субъектiсi болып табылатын "Қызылорда энергия орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы қалалық мемлекеттiк коммуналдық кәсіпорнының банкрот деп танылуына байланысты Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
1. "Қызылорда энергия орталығы" шаруашылық жүргiзу құқығындағы қалалық мемлекеттiк коммуналдық кәсіпорнының (бұдан әрі - Кәсіпорын) конкурстық массасын сатудың мыналарды:
1) Кәсiпорынның өндiрiстің бiртұтас технологиялық циклын қамтамасыз ететiн мүлкiн бiрыңғай лотпен (бұдан әрi - Лот) сатуды;
2) Лотты сатудың ең төменгi бағасын әкiмшiлiк шығыстардың әрi бiрiншi және екiншi кезектегi кредиторлардың талаптары сомасынан төмен емес етiп белгілеудi;
3) технологиялық циклдың үздiксiздігін сақтай отырып, банкроттық рәсімін өткiзудi;
4) Қызылорда облысының әкiмдігімен келiсiлген сатып алынатын мүлiктi пайдалану бойынша өндiрiстiк бағдарламасы бар тұлғалардың аукционға қатысуын көздейтiн ерекше шарттары мен тәртiбі белгiленсiн.
2. Конкурстық масса объектiлерiн сатып алушыларға мынадай қосымша талаптар белгіленсiн:
1) қызмет бейiнiн, тұтынушылармен жасалған шарттарды және көрсетілетін қызметтер көлемiн сақтау бойынша міндеттемелердi қабылдау;
2) жылу және электр энергиясын өндiру жөнiндегі қызметті жүзеге асыруға арналған лицензиялардың, сондай-ақ электр энергиясын сату мақсатында сатып алуға арналған лицензияның болуы;
3) технологиялық процеске қамтылған Кәсiпорынның қызметкерлерімен еңбек шарттарын жасасуды қамтамасыз ету.
3. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Энергетика және минералдық ресурстар министрi В.С. Школьникке жүктелсiн.
4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
міндетін атқарушы