Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Клинтонның АҚТҚ/ЖҚТҚ мәселелерi жөнiндегi Қоры Бастамасы арасындағы Өзара түсiнiстiк туралы меморандумның жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрi Ерболат Асқарбекұлы Досаевқа қағидаттық сипаты жоқ өзгерiстер мен толықтырулар енгiзуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкiметi атынан Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Клинтонның АҚТҚ/ЖҚТҚ мәселелерi жөнiндегi Қоры Бастамасы арасында Өзара түсiнiстiк туралы меморандум жасасуға өкiлеттiк берiлсiн.
3. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ YКIМЕТI МЕН КЛИНТОННЫҢ
АҚТҚ/ЖҚТБ МӘСЕЛЕЛЕРI ЖӨНIНДЕГІ ҚОРЫ БАСТАМАСЫ
АРАСЫНДАҒЫ ӨЗАРА TYCIHICTIК ТУРАЛЫ МЕМОРАНДУМ
Қазақстан Республикасының Үкiметі ықпалдастырылған алдын алу бағдарламалары, АҚТҚ/ЖҚТБ кезiнде күту және емдеу арқылы АҚТҚ/ЖҚТБ-ға қарсы күрес жөніндегі міндеттемелердi қабылдайды, сондай-ақ онда АҚТҚ-ны жұқтырғандарды және ЖҚТБ-мен ауыратындарды емдеу мен қолдаудың әзiрленген стратегиясы және оны енгiзуге арналған жоспары болады.
Вильям Дж. Клинтон өзiнiң қоры қызметiнiң негiзгi бағыты ретiнде АҚТҚ/ЖҚТБ iндетiне жаһандық қарсы iс-әрекеттi және өз күштерiн АҚТҚ/ЖҚТБ-ның алдын алуға, АҚТҚ-ны жұқтырған, ЖҚТБ-мен ауыратын адамдарды күту мен емдеуге бағыттайтын елдердi қолдауды таңдады.
Вильям Дж. Клинтон АҚТҚ/ЖҚТБ iндетiн болдырмау жөнiнде Қазақстанда атқарылған елеулi шараларды таниды.
Қазақстан Республикасының Үкiметi Клинтонның АҚТҚ/ЖҚТБ жөнiндегi Қоры Бастамасын (бұдан әрi - Клинтон Қоры) АҚТҚ/ЖҚТБ кезiнде eмдeу, күтiм жасау және алдын алу саласында ынтымақтастыққа шақырды.
Қазақстан Үкiметi мен Вильям Дж. Клинтон Қоры төмендегi туралы келiстi:
1. Клинтон Қоры Қазақстан Республикасының Үкiметiн Клинтон Қорының ретровирусқа қарсы препараттарды (бұдан әрi - РВҚ-препараттар) сатып алуды қамтамасыз ету жөнiндегi консорциумының құрамына енгiзедi және Қазақстан Республикасының Үкiметiне жоғары сапалы РВҚ-препараттарды төмен бағамен сатып алуға жәрдемдеседi.
2. Клинтон Қоры Қазақстан Республикасының Үкiметiне жоғары сапалы диагностикалық жүйелердi (СД-4 жасушаларының санын және вирустық жүктеменi анықтайтын тест-жүйелер сияқты) ең төмен бағамен сатып алуға жәрдемдеседi және серiктестерiмен Қазақстан Республикасының Үкiметiн жақында келiсiлген диагностикалық жүйелердi сатып алу жөнiндегi келiсiмге ықтимал енгізу мерзiмiн талқылайды.
3. А қосымшасында айтылған РВҚ-терапиясына және сапалы диагностикалық жүйелерге ең төмен бағамен қол жеткiзудi жақсарту мақсатындағы Клинтон Қоры мен Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң ынтымақтастықтың жұмыс аспектілерiн түсiндiруге немесе қолдануға қатысты кез келген айырмашылық тараптар арасындағы келiссөздер жолымен шешiледi.
4. Өзара түсiнiстiк туралы меморандумға түзетулер үш ай бұрын басқа тарапқа хабарлама берген кез келген тараптың ұсынысы бойынша енгiзiлуi мүмкiн.
5. Меморандум бұзылған жағдайда тараптардың ешқайсысы өтемақы, бұзылу нәтижесiнде болған шығындарды қайтаруды немесе өтеудi талап етпейдi.
Өзара түсiнiстiк туралы меморандум оның күшiне енуiне қажеттi мемлекетішілiк рәсiмдердi Тараптардың орындағаны туралы жазбаша хабарлама берiлген күнiнен бастап күшiне енедi.
Меморандумға екi түпнұсқа данада қол қойылады, олардың әрқайсысы қазақ, ағылшын, орыс тiлдерiнде, бұл ретте барлық мәтiндердiң күшi бiрдей. Осы Меморандумның ережелерiн түсiндiруде келiспеушiлiктер туындаған жағдайда, Тараптар орыс тiлiндегi мәтiнге жүгiнедi.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлiгi мен Клинтонның АҚТҚ/ЖҚТБ мәселелерi жөнiндегi Қоры мейлiнше ұзақ мерзiмдi ынтымақтастыққа ұмтылады.
Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң атынан:
---------------------------------
Клинтонның АҚТҚ/ЖҚТБ мәселелерi жөніндегі Қоры Бастамасының
атынан:
---------------------------------
2005 ж. ________________
А қосымшасы: Клинтон Қоры мен Қазақстан Республикасы
Үкiметiнің ең төмен бағамен РВҚ -терапиясы мен сапалы
диагностикалық жүйелерге қол жеткiзудi жақсарту мақсатындағы
ынтымақтастығының жұмыс аспектілерi
1. Қазақстан Республикасының Үкiметi өз елiнiң заңнамасына сәйкес ретровирусқа қарсы дәрiлердi және (немесе) тест-жүйелердi Клинтон Қорымен келiсiлген бағамен сатып алуға ұмтылатын болады. Қазақстан Республикасының Үкiметi жоғарыда санамаланған тауарларды сатып алу үшiн стандартты тендерлiк құжаттамаға Клинтон Қоры жұмысының қағидаттарын енгiзу мүмкiндiгiн қарастырады, олар ұзақ мерзiмдi тендердi (3-5 жыл), қауiпсiз қаржы тетiктерi арқылы төлеу кепiлдiктерiн және қажет болған жағдайда бiрнеше қайта мамандандырылған жеткiзушілер арасында сатып алу көлемiн бөлудi қамтиды. Жеткiзушілердiң санын және жеткiзілiмдер көлемiн дәл бөлудi Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын болады. Тендерлiк құжаттамада Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң Клинтон Қорының бағдарламасына қатысуы туралы ескертпе қамтылуы тиiс. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қалған стандартты тендерлiк рәсiмдерi түзетуге жатпайды.
2. Мемлекеттiк сатып алуды жүргiзу кезiнде Қазақстан Республикасының Үкiметi қолданатын стандартты рәсiмдер айқындылық және еркiн бәсекелестiк қағидаттарына сәйкестiгіне бағаланатын болады. Қазақстан Республикасының Yкiметi мүмкiндiк болған кезде Дүниежүзілiк Банк немесе ЖҚТБ-ға, туберкулезге және безгекке қарсы күрес жөнiндегi Жаһандық Қор жүргiзген ұқсас бағалардың нәтижелерiн Клинтон Қорына ұсынатын болады.
3. Қазақстан Республикасының Үкiметi зияткерлiк меншiк және дәрілiк заттар мен диагностикалық жүйелердi мемлекеттік тiркеу мәселелерiнде халықаралық талаптарға және ұлттық заңнамаға сәйкестiктi қамтамасыз етуге ұмтылатын болады.
4. Қазақстан Республикасының Үкiметi Клинтон Қорына бiрiктiрiлген барлық жеткiзушілердi және олар өндiретiн дәрiлiк заттар мен диагностикалық жүйелердi жеделдетiлген рәсiммен тiркеуге жәрдемдесуге ұмтылатын болады. Барлық жеткiзушiлер, дәрiлiк заттар мен диагностикалық жүйелер Клинтон Қорының дәрілiк заттар мен бағалар тiзбесiнде берiлген.
5. Қазақстан Республикасының Үкiметi Клинтон Қорына осы келiсім шеңберiнде жүзеге асырылған мемлекеттiк сатып алу жөнiндегi құжаттардың көшiрмелерiн беру мүмкіндiгiн қарастырады. Бұл ақпарат Клинтон Қорына Қор серiктестерi үшін бағаны одан әрi төмендету мақсатында бағдарлама шеңберiнде жүзеге асырылған мемлекеттiк сатып алу көлемдерiнiң мониторингiн жүргiзуге мүмкiндiк бередi.
Тараптар осы Меморандумды iске асыру барысында алынған ақпараттың құпиялылығын қамтамасыз ету үшiн қажеттi шаралар қабылдайды. Мұндай ақпаратты бiр Тарап екiншi Тараптың мүддесiне нұқсан келтiру үшiн пайдаланбайды.
Егер ақпаратта Тараптар мемлекеттерiнiң заңнамасына сәйкес Тараптардың мемлекеттiк құпиялары қамтылған болса, онда мұндай ақпаратты беру берушi Тарап мемлекетiнiң заңнамасына сәйкес жүзеге асырылатын болады. Қабылдаушы Тарап өз мемлекетiнiң заңнамасына сәйкес алынған ақпараттың сақталуын қамтамасыз етедi.
6. Қазақстан Республикасының Yкiметi Клинтон Қорына тоқсан сайын сатып алу көлемiне қатысты болжамдармен жаңартылатын ақпаратты беру мүмкiндiгiн қарастырады. Бұл ақпарат барлық серiктестер сұранысының кумулятивтi көлемi туралы ұғымы болуы үшiн Клинтон Қорына және бар сұранысқа сәйкес өндiрiстiң ауқымын жоспарлау үшiн жеткiзушiлерге қажет.
7. Қазақстан Республикасының Yкiметi өз құзыретi шеңберiнде Клинтон Қорымен ынтымақтастық аясында сатып алынған РВҚ-препараттар мен диагностикумдардың тағайындауы бойынша пайдаланылмауына қарсы әрекет етуге, оны анықтауға және жоюға ұмтылатын болады.
8. Клинтон Қоры бағдарламаны iске асырудың бүкiл кезеңi iшiнде жеткiзушілер ұсынатын бағаларды бақылайды және бағалары өзгергенде, жаңа дәрiлiк препараттар, диагностикалық жүйелер немесе жаңа жеткiзушiлер қосылған жағдайда олардың жаңартылған тiзбесiн шығарады.
9. Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Клинтон Қоры, жоғарыда айтылғандардың барлығын жария етiп және осы Өзара түсiнiстiк туралы меморандумның шарттарын негiзге ала отырып, бағдарламаны әкiмшiлендiру үшiн жауапты болатын өкiлдерiн белгiлейдi.
10. Баспасөз релиздерi, баспасөзде жарияланған әр түрлi жарияланымдар мен Өзара түсiнiстiк туралы меморандумда қозғалған аспектілерге қатысты кез келген басқа ақпарат туралы тараптар алдын ала ескертуi және келiсуi тиiс.