"Мемлекеттiк сатып алу туралы" Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 16 мамырдағы Заңының 21-бабы 1-тармағының 5) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
1. Ресей Федерациясының "Мәскеу жылу техникасы институты" федералдық мемлекеттiк бiртұтас кәсiпорны 2005 жылға 500000000 бec жүз миллион) теңге сомасына сатып алудың маңызды стратегиялық мәнi бар "Есiл" авиациялық зымыран-ғарыш кешенiн құрудың нобайлық жобасы мен техникалық-экономикалық негiздемесiн әзiрлеу жөнiндегі жұмыстарды берушi болып белгiленсiн.
2. "Қазғарыш" ұлттық компаниясы" акционерлiк қоғамы (келiсiм бойынша) заңнамада белгiленген тәртiппен:
1) осы қаулының 1-тармағында көрсетiлген заңды тұлғамен мемлекеттiк сатып алу туралы келiсiм-шарт жасасуды;
2) жұмыстарды мемлекеттік сатып алу үшiн осы қаулыға сәйкес пайдаланылатын ақшаны оңтайлы және тиiмдi жұмсау қағидатын сақтауды, сондай-ақ "Мемлекеттiк сатып алу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 21-бабы 3, 4-тармақтарын орындауды;
3) осы қаулыдан туындайтын өзге де шаралар қабылдауды қамтамасыз етсiн.
3. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі