Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
"Алматы қаласының өңiрлiк қаржы орталығы туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламентi Мәжiлiсiнiң қарауына енгiзiлсiн.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Қазақстан Республикасы Заңының жобасы "Алматы қаласының өңiрлiк қаржы орталығы туралы"
Осы Заң Алматы қаласы өңiрлiк қаржы орталығының жұмыс iстеуiнiң құқықтық негiздерiн айқындайды.
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Алматы қаласының өңiрлiк қаржы орталығы
және оның мәртебесi
Алматы қаласының өңiрлiк қаржы орталығы (бұдан әрi - Қаржы Орталығы) ерекше құқықтық режимi бар арнайы аймақ болып табылады.
Қаржы Орталығының ерекше құқықтық режимi осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерiнде айқындалады және оның қатысушыларына қолданылады.
2-бап. Қаржы Орталығының қызметiн құқықтық реттеу
1. Қаржы Орталығы туралы заңнама Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделедi, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актілерiнен тұрады.
2. Қаржы Орталығының және оның қатысушыларының осы заңда реттелмеген бөлігіндегі қызметi Қазақстан Республикасының заңнамасымен реттеледi.
3. Қаржы Орталығының қызметi Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Арнайы экономикалық аймақтар туралы" Заң күшi бар Жарлығымен реттелмейдi.
4. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңда көзделгеннен өзге де ережелер белгiленсе, онда халықаралық шарттың ережесi қолданылады.
3-бап. Қаржы Орталығын құру мақсаттары және оның
жұмыс iстеу қағидаттары
Бағалы қағаздар рыногын дамыту, оның халықаралық капитал рыноктарымен ықпалдасуын қамтамасыз ету, Қазақстан Республикасының экономикасына инвестициялар тарту, қазақстандық капиталды шетелдiк бағалы қағаздар рыногына шығару Қаржы Орталығын құрудың мақсаттары болып табылады.
Қаржы Орталығы:
1) қазақстандық пен шетелдiк қатысушылардың теңдiгі;
2) валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы заңнамаға сәйкес капиталдың еркiн қозғалысы қағидаттарына негiзделiп жұмыс iстейдi.
2-тарау. Қаржы Орталығының органдары
4-бап. Қаржы Орталығының атқарушы органы
1. Қаржы Орталығын басқаруды Қаржы Орталығының Атқарушы органы жүзеге асырады.
2. Қазақстан Республикасының Үкiметi мемлекеттiк мекеменiң ұйымдық-құқықтық нысанында құратын Қаржы Орталығының Әкiмшiлiгi Қаржы Орталығының Атқарушы органы болып табылады.
3. Қаржы Орталығының Әкiмшiлiгi мемлекеттік бюджет қаражаты есебiнен қаржыландырылады.
4. Қаржы Орталығының Әкiмшiлiгi Қазақстан Республикасының Үкіметiне тiкелей бағынысты және есеп беретiн мемлекеттiк орган болып табылады.
5. Қаржы Орталығының Әкiмшiлiгi Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң құрылымына кiрмейдi.
6. Қаржы Орталығы Әкiмшiлiгінiң ережесiн, құрылымын және штат санын Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды.
Әкiмшiлiктiң құрамында Қаржы Орталығының тiркеу қызметi мен даму бөлiмшелерiнiң болуы мiндеттi болып табылады.
5-бап. Қаржы Орталығы Әкiмшілiгiнiң мiндеттерi мен
функциялары
1. Қаржы Орталығы Әкiмшiлiгiнiң негізгi мiндеттерi:
1) Қаржы Орталығының қатысушыларына қатысты осы Заңда айқындалған мемлекеттiк өкiлеттiктердi жүзеге асыру;
2) Қаржы Орталығын одан әрi дамыту болып табылады.
2. Қаржы Орталығы Әкiмшiлiгiнiң функциялары:
1) "жалғыз" терезе қағидаты бойынша Қаржы Орталығының қатысушылары - заңды тұлғаларды мемлекеттiк тiркеу (қайта тiркеу);
2) белгiленген тәртiппен Қаржы Орталығының қатысушыларына визалар беру туралы өтiнiштi жүзеге асыру;
3) Қаржы Орталығының қатысушыларына персоналды iрiктеуде жәрдем көрсету;
4) Қаржы Орталығының қатысушыларына олардың құқықтары мен мiндеттерiн түсiндiру;
5) Қаржы Орталығы қатысушыларының Қазақстан Республикасының еңбек туралы заңнамасын сақтауын мемлекеттiк қадағалау;
6) мемлекеттiк органдар мен өзге де ұйымдарда Қаржы Орталығының атынан өкiлдiк ету және оның мүдделерiн қорғау;
7) Қаржы Орталығы қатысушыларының мемлекеттік тiзiлiмiн жүргiзу;
8) Қаржы Орталығында еңбек қызметiн жүзеге асыратын шетелдiк азаматтар мен азаматтығы жоқ тұлғаларды тiркеу және еңбек жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлеген нысан бойынша тоқсан сайын Алматы қаласының жергiлiктi атқарушы органына шетелдiк жұмыс күшiн тарту туралы ақпаратты табыс ету болып табылады.
6-бап. Қаржы Орталығы Әкiмшiлiгінiң өкiлеттiгi
Өз мiндеттерi мен функцияларын iске асыру мақсатында Қаржы Орталығы Әкiмшілiгiнiң мынадай өкiлеттіктерi бар:
1) заңды тұлғаны мемлекеттік тiркеу (қайта тiркеу) туралы куәлiк, статистикалық карточкалар, салық төлеушiнiң куәлiгiн беру;
2) Қаржы Орталығының қатысушылары - заңды тұлғаларды мемлекеттiк тiркеу ережесiн бекiту;
3) Қаржы Орталығы қатысушыларының салықтарын есептеу, Қаржы Орталығының қатысушыларына төленген кiрiстердiң, сондай-ақ ұсталған және бюджетке аударылған салық сомаларының есебiн жүргiзу, жергiлiктi тiркеу есебi бойынша салық органына салық есептілігiн тапсыру;
4) үшiншi тұлғалармен қатынаста Қаржы Орталығының атынан әрекет ету;
5) өз мiндеттерiн iске асыру мақсатында өзге мемлекеттiк органдармен өзара іс-әрекет жасау;
6) бағалы қағаздарын Қаржы Орталығының арнайы сауда алаңының тiзiмiне қосу көзделетін немесе қосылған эмитенттерге, сондай-ақ осындай бағалы қағаздарға қойылатын талаптарды белгiлеу;
7) қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөнiндегi уәкiлеттi органмен келiсiм бойынша қаржы құралдарын Қаржы Орталығының арнайы сауда алаңының сауда-саттық ұйымдастырушысының тiзiмiне қосудың және одан алып тастаудың шарттары мен тәртiбiн айқындау;
8) рейтингтік бағаларын Қаржы Орталығының Әкiмшiлiгi мойындайтын рейтингтiк агенттiктердiң тiзбесiн бекiту;
9) қаржы құралдары эмитенттерiнiң аудит жұмсаған шығындарын өтеу ережесiн бекiту;
10) Қаржы Орталығының арнайы сауда алаңына жiберу үшiн бағалы қағаздар мен олардың эмитенттерiнiң рейтингтiк бағаларына қойылатын талаптарды белгiлеу;
11) қаржы құралдарын Қаржы Орталығының арнайы сауда алаңына жiберу мақсатында таңдау өлшемдерi қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөнiндегi уәкiлеттi органмен келiсілетiн аудиторлық ұйымдардың тiзбесiн бекiту;
12) Қаржы Орталығымен өзара әрекет ету мәселелерi жөнiнде шетелдiк мемлекеттердiң қор биржаларымен келiсiмдер жасау;
13) Қаржы Орталығы қатысушыларының еңбек туралы заңнаманы сақтау нысанына тексерулер жүргiзу;
14) Қаржы Орталығы мойындайтын қор биржаларының тiзбесiн белгілеу;
15) Қаржы Орталығының аралық сотының регламентiн, сондай-ақ осы аралық соттағы қызметті жүзеге асыратын аралық судьялардың тiзiмiн бекiту.
7-бап. Қаржы Орталығының Әкiмшiлiгi қабылдайтын шешiмдер
1. Қаржы Орталығының Әкiмшiлігі қабылдайтын шешiмдер Қаржы Орталығының Әкiмшiлігі басшысының бұйрықтарымен ресiмделедi.
Қаржы Орталығының Әкiмшiлігі басшысының бұйрықтары нормативтiк және жеке сипатта болуы мүмкiн.
2. Нормативтiк сипаттағы бұйрықтар кiшi заңи нормативтiк құқықтық актiлер болып табылады және Қаржы Орталығының барлық қатысушылары үшiн мiндетті болып табылады.
Жеке сипаттағы бұйрықтар әкiмшiлiк-өкiмдiк, жедел және жеке сипаттағы мәселелер бойынша қабылданады.
Нормативтік сипаттағы бұйрықтар мемлекеттiк, орыс тiлдерiнде шығарылады және басқа да тiлдерге аударылуы мүмкiн.
3. Қазақстан Республикасының Үкiметi Қаржы Орталығының Әкiмшiлiгi басшысының бұйрықтарын толығымен немесе оның бiр бөлiгiнiң күшiн жояды не тоқтата тұрады.
8-бап. Қаржы Орталығы Әкiмшiлiгiнiң басшысы
1. Қаржы Орталығы Әкiмшiлiгiнiң басшысы:
1) үшiншi тұлғалармен қатынастарда Қаржы Орталығының Әкiмшілiгi атынан сенiмхатсыз әрекет етедi;
2) Қаржы Орталығы Әкiмшілігінiң басқа қызметкерлерiн қабылдауды, ауыстыруды және босатуды жүзеге асырады;
3) өзi болмаған жағдайда өз мiндеттерiн атқаруды орынбасарларының бiрiне жүктейдi;
4) Қаржы Орталығының тиiстi жұмыс iстеуiне Үкiмет алдында дербес жауапты болады.
2. Қаржы Орталығы Әкiмшiлiгiнiң басшысын Қазақстан Республикасы Премьер-Министрiнiң ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi лауазымға тағайындайды және одан босатады.
3. Қаржы Орталығы Әкiмшiлiгiнiң басшысы босатылғанға дейiн екi ай бұрын өзiнің жазбаша өтiнiшiн берiп, өз еркiмен босатылуы мүмкiн.
9-бап. Қаржы Орталығы Әкiмшілігінiң Халықаралық Кеңесi
1. Қаржы Орталығы Әкiмшiлiгiнiң жанынан Қаржы Орталығы Әкiмшiлiгiнiң консультативтік-кеңесшi органы болып табылатын Халықаралық Кеңес құрылады.
2. Халықаралық Кеңестің негiзгi мiндеттерi:
1) Қаржы Орталығының қызметiне қатысты мәселелерде әлемдiк тәжiрибенi пайдалану жөнiндегi ұсынымдарды тұжырымдау;
2) Қаржы Орталығы Әкімшілігіндегi басшы лауазымдарға кандидатуралар ұсыну;
3) Қаржы Орталығының Әкiмшiлiгi басшысының нормативтiк сипаттағы бұйрықтарын келiсу;
4) Қаржы Орталығының даму стратегиясын әзiрлеуге қатысу болып табылады.
3. Халықаралық Кеңестi Қаржы Орталығының Әкiмшiлiгi құрады және ол тұрақты жұмыс iстейтін орган болып табылады.
Халықаралық Кеңестiң құрамына қаржы секторының жетекшi сарапшылары кiредi. Шетелдiк азаматтар Халықаралық Кеңестiң мүшесi бола алады.
4. Халықаралық Кеңес мүшелерiнiң қызметiне Қаржы Орталығының Әкiмшілiгiн қаржыландыруға көзделген қаражат есебiнен ақы төленедi.
Халықаралық Кеңестiң отырыстары кемiнде үш айда бiр рет өткiзіледi.
10-бап. Қаржы Орталығының соты
Қаржы Орталығы қатысушыларының құқықтық азаматтық, еңбек, әкiмшiлiк, салық, қаржы, шаруашылық, жер қатынастарынан, оның iшiнде бiр тараптың екiншiсiне билiктiк бағыныстылығына негiзделген қатынастардан туындайтын дауларды қарау үшін Қаржы Орталығының соты құрылады.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Қаржы Орталығының соты үшiн апелляциялық және (немесе) қадағалау сатысындағы сот болып табылады.
11-бап. Қаржы Орталығының аралық соты
Қаржы Орталығы Әкiмшiлiгiнiң жанынан тұрақты жұмыс iстейтiн аралық сот құрылады.
Аралық соттың қызметін ұйымдастыру тәртiбi Қаржы Орталығының Әкiмшiлiгi бекiтетiн сот регламентiнде айқындалады.
12-бап. Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органдарының
Қаржы Орталығының Әкiмшiлігімен өзара
қарым-қатынастары
1. Қазақстан Республикасының Yкiметi:
1) Қаржы Орталығының Әкiмшiлiгi басшысының ұсынуы бойынша (бұдан әрi - Әкiмшiлiк) Қаржы Орталығының Әкiмшiлiгi туралы ереженi, оның құрылымы мен штат санын бекiтедi;
2) Қаржы Орталығы Әкiмшiлiгiнiң актілерi қолданылуының толық немесе бiр бөлiгiнiң күшiн жояды немесе тоқтата тұрады.
2. Өзiне заңдарда берiлген өкілеттiктер шегiнде Қаржы Орталығының Әкiмшiлiгi оған өз қызметiнде тәуелсiз. Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерiнде тiкелей көзделген жағдайларды қоспағанда, Қаржы Орталығы Әкiмшiлiгiнiң қызметiне мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды тұлғаларының кез келген нысанда араласуына тыйым салынады.
3. Қаржы Орталығының қатысушыларына қатысты функциялары осы Заңмен Қаржы Орталығының Әкiмшілiгіне берiлетiн Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдары бiрлескен бұйрықтар негiзiнде Әкiмшiлiкпен өзара әрекет етудi жүзеге асырады.
4. Қаржы Орталығының Әкiмшiлiгiмен қатынастарда мемлекеттiк органдардың өзге өкiлеттіктерi Қазақстан Республикасының Заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
5. Қаржы Орталығының Әкiмшiлiгi Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдарына, жеке және заңды тұлғаларға, шетелдiк және халықаралық ұйымдарға Қаржы Орталығының қызметi туралы ақпаратты Қазақстан Республикасының заңнамасында және сауда-саттық ұйымдастырушысының ережесiнде көзделген тәртiппен бередi.
6. Қаржы Орталығының Әкiмшiлiгi мемлекеттік органдардан өз функцияларын жүзеге асыру үшiн қажетті ақпаратты сұратуға құқылы.
3-тарау. Қаржы Орталығы қатысушыларының қызметi
13-бап. Қаржы Орталығының қатысушылары
Брокерлiк және дилерлiк қызметтi жүзеге асыратын және:
1) Қаржы Орталығының Әкiмшiлігі берген заңды тұлғаны мемлекеттік тiркеу (қайта тiркеу) туралы куәлігі;
2) бағалы қағаздар рыногын реттеу мен қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттiк орган берген бағалы қағаздар рыногында жұмыс iстеуге лицензиясы бар бағалы қағаздар рыногының кәсiби қатысушылары Қаржы Орталығының қатысушылары болып табылады.
Қаржы Орталығының қатысушылары Қаржы Орталығының арнайы сауда алаңында ғана мәмiлелер жасауға құқылы.
14-бап. Қаржы Орталығының арнайы сауда алаңы
1. Қаржы Орталығының қатысушылары қаржы құралдарымен сауда-саттықты жүзеге асыратын, Алматы қаласының аумағында жұмыс iстейтiн және Қаржы Орталығының Әкiмшiлiгi айқындайтын қор биржасының сауда алаңы Қаржы Орталығының арнайы сауда алаңы болып табылады.
2. Сауда-саттық ұйымдастырушысының Қаржы Орталығының арнайы сауда алаңына қатысты қабылданатын ережесi Қаржы Орталығының Әкiмшiлiгi мен қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөнiндегi уәкілетті органмен келiсiлуге тиiс.
15-бап. Қаржы Орталығының қатысушыларын мемлекеттiк
тiркеу
Заңды тұлғаның Алматы қаласының аумағында тұрақты жұмыс iстейтiн органының болуы бағалы қағаздар рыногына кәсiби қатысушы заңды тұлғаны Қаржы Орталығы Әкiмшiлiгiнiң мемлекеттік тіркеуiнің мiндеттi шарты болып табылады.
16-бап. Шетелдiк азаматтардың және азаматтығы жоқ
тұлғалардың визалық режимi
1. Қаржы Орталығында қызметiн жүзеге асыру үшiн Қазақстан Республикасының аумағына келетiн шетелдiк азаматтар және азаматтығы жоқ тұлғалар Алматы қаласының халықаралық әуежайына келген кезде кiру визасын алады.
2. Визалардың қолданылу мерзiмiн ұзарту, сондай-ақ осы баптың 1-тармағында көрсетiлген тұлғаларға визалардың санатын өзгерту Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қаржы Орталығы Әкiмшілігінiң өтiнiшi бойынша Қазақстан Республикасының аумағынан шықпай жүзеге асырылуы мүмкiн.
17-бап. Қаржы Орталығының қатысушыларын салықтық бақылау
1. Қаржы Орталығының қатысушыларын салықтық бақылау Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Қаржы Орталығы қатысушыларының сенiмхаты негiзiнде Қаржы Орталығының Әкiмшiлігі Қаржы Орталығы қатысушыларының барлық салық түрлерiн есептеуге, Қаржы Орталығының қатысушыларына төленген кiрiстердiң, сондай-ақ ұсталған және бюджетке төленген салық сомаларының есебiн жүргiзуге, жергіліктi тiркеу есебi бойынша салық органына салық есептілiгiн тапсыруға құқылы.
18-бап. Құжаттама мен мәмілелердi жүргiзу тiлдерi
Қаржы Орталығының қатысушылары мемлекеттiк, орыс немесе ағылшын тiлдерiнде құжаттама жүргiзуге және мәмiлелер жасауға құқылы.
Қаржы Орталығының органдарын қоспағанда, Қаржы Орталығының қатысушылары құжаттаманы мемлекеттiк органдарға тапсыруы қажет болған жағдайда ағылшын тiлiнен мемлекеттiк және орыс тiлдерiне ресми аударуды Қаржы Орталығының Әкiмшiлігі жүзеге асырады.
19-бап. Қаржы Орталығы қатысушыларының ақшалай
мiндеттемелерi
Қаржы Орталығы қатысушыларының ақшалай мiндеттемелерi теңгемен және шетелдiк валютамен көрсетілуi мүмкiн.
4-тарау. Қорытынды ережелер
20-бап. Қаржы Орталығы туралы заңнаманы бұзғаны үшiн
жауапкершілiк
Қаржы Орталығы туралы заңнаманы бұзған кінәлі тұлғалар Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген жауаптылықта болады.
21-бап. Қолданысқа енгізу
Осы Заң ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті