Қазақстан Республикасының Үкiметi
ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Қырғыз Республикасының Үкiметi арасындағы Құпия ақпаратты өзара қорғау туралы келiсiмнiң жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Премьер-Министрi Кеңсесiнiң Басшысы Алтай Абылайұлы Тiлеубердинге қағидаттық мәнi жоқ өзгерiстер мен толықтырулар енгiзуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкiметi атынан Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Қырғыз Республикасының Үкiметi арасындағы Құпия ақпараты өзара қорғау туралы келiсiмге қол қоюға өкiлеттiк берiлсiн.
3. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрi
Қазақстан Республикасының Үкiметi
мен Қырғыз Республикасының Үкiметi
арасындағы Құпия ақпаратты өзара қорғау туралы
КЕЛIСIМ
Бұдан әрi Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Yкiметi мен Қырғыз Республикасының Үкiметi,
Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы саяси, әскери, экономикалық, ғылыми-техникалық немесе өзге де ынтымақтастық барысында онымен алмасу жүзеге асырылатын құпия ақпаратты, сондай-ақ осындай ынтымақтастық процесiнде пайда болған құпия ақпаратты қорғауды қамтамасыз ету ниетiн ескере отырып,
Тараптар мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамаларына сәйкес құпия ақпаратты қорғауды қамтамасыз етуде өз мемлекеттерiнiң өзара мүдделерiн ескере отырып,
1993 жылғы 22 қаңтардағы Тәуелсiз мемлекеттер достастығына қатысушы мемлекеттердiң мемлекетаралық құпияларының сақталуын өзара қамтамасыз ету туралы келiсiмдi iске асырудағы өзара мүдделiлiктi ескере отырып,
төмендегiлер туралы келiстi:
1-бап
Терминдердiң айқындамасы
Осы Келiсiмде қолданылатын ұғымдар мыналарды бiлдiредi:
"құпия ақпарат" - Тараптар мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамаларына сәйкес қорғалатын, осы Келiсiмде белгiленген тәртiппен берiлген, сондай-ақ Тараптардың ынтымақтастығы процесiнде пайда болған, оларды заңсыз тарату Тараптардың ұлттық қауiпсiздiгi мен мүдделерiне залал келтiруi мүмкiн кез келген нысанда келтiрiлген мәлiметтер;
"құпия ақпаратты жеткiзгiштер" - қорғалатын құпия ақпарат нышандар, бейнелер, дабылдар, техникалық шешiмдер мен процестер түрiнде өз көрiнiсiн табатын материалдық объектiлер, соның iшiнде физикалық өрiстер;
"құпиялылық белгiсi" - құпия ақпаратты жеткiзгiшке қойылатын немесе оған iлеспе құжаттамада көрсетiлетiн, олардың жеткiзгiштегi мәлiметтердiң құпиялылық дәрежесi туралы куәландыратын деректемелер;
"құпия ақпаратқа рұқсат беру" - жеке адамдардың құпия ақпаратқа қол жеткiзу ал уәкiлеттi органдардың осындай ақпаратты пайдалана отырып, жұмыстар жүргiзу құқығын ресiмдеу рәсiмi;
"құпия ақпаратқа қол жеткiзу" - құпия ақпаратқа рұқсаты бар жеке адамды құпия ақпаратпен таныстыру процесi;
"шарт" - Тараптардың уәкiлеттi органдарының арасында жасалатын, құпия ақпараттың берiлуiн немесе пайда болуын көздейтiн өнiмдi жеткiзуге немесе бiрлескен жұмыстар жүргiзуге арналған шарт немесе келiсiм-шарт;
"уәкiлеттi орган" - Тараптардың ынтымақтастығы процесiнде берiлетiн және (немесе) пайда болған құпия ақпаратты алуға, сақтауға, қорғауға және пайдалануға Тараптар уәкiлеттiк берген мемлекеттiк орган немесе ұйым;
"үйлестiрушi орган" - Тараптардың осы Келiсiмдi iске асыру жөнiндегi қызметтi үйлестiру үшiн жауапты мемлекеттiк органдары.
2-бап
Құпия ақпараттар айқындамасы
Мыналар құпия ақпарат болып табылады:
Қазақстан Республикасында:
жалпы қабылданған халықаралық құқық нормаларына қайшы келмейтiн әскери, экономикалық, ғылыми-техникалық, сыртқы экономикалық, сыртқы саяси, барлау, қарсы барлау, жедел iздестiру және өзге де қызметтi тиiмдi жүзеге асыру мақсатында таралуын мемлекет шектейтiн мемлекеттiк және қызметтiк құпияны құрайтын, мемлекет қорғайтын мәлiметтер.
Құпия ақпаратты рұқсатсыз тарату салдарынан Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгiне немесе мемлекеттiк органдар мен ұйымдардың мүдделерiне немесе ел экономикасы саласына келтiрiлуi мүмкiн залалға қарай құпия ақпаратты жеткiзгiштер үшiн оларға тиiстi құпиялылық белгiлерi белгiленедi:
"аса маңызды" - олардың таралуы Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгiне санамаланған салалардың бiрiнде немесе бiрнешеуiнде залал келтiруi мүмкiн әскери, сыртқы саяси, экономикалық, ғылыми-техникалық, барлау, қарсы барлау және жедел iздестiру қызметi саласындағы мәлiметтерге;
"өте құпия" - олардың таралуы Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгiне, мемлекеттiк органның мүдделерiне немесе ел экономикасы саласына санамаланған салалардың бiрiнде немесе бiрнешеуiнде залал келтiруi мүмкiн әскери, сыртқы саяси, экономикалық, ғылыми-техникалық, барлау, қарсы барлау және жедел iздестiру қызметi саласындағы мәлiметтерге;
"құпия" - жеке деректер сипатындағы, мемлекеттiк құпияның құрамына кiруi мүмкiн, олардың жария етiлуi немесе жоғалуы әскери, сыртқы саяси, экономикалық, ғылыми-техникалық, барлау, қарсы барлау және жедел iздестiру қызметi саласында мемлекеттiк органдар мен ұйымдардың мүдделерiне залал келтiруi мүмкiн өзге де мәлiметтерге.
"Аса маңызды" және "өте құпия" деген белгiлерi бар құпия ақпарат мемлекеттiк құпияға, "құпия" деген белгiсi барлар қызметтiк құпияға жатады. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттiк және қызметтiк құпияны құрайтын мәлiметтер мемлекеттiк құпияларға жатады.
Қырғыз Республикасында:
жеткiзгiштердiң кез келген түрiнде сақталатын және алып жүрiлетiн, Қырғыз Республикасының қорғаныс қабiлеттiлiгiн, қауiпсiздiгiн, экономикалық және саяси мүдделерiн қозғайтын, мемлекет бақылайтын және Қырғыз Республикасы Конституциясының негiзiнде әрi соны орындау үшiн әзiрленген арнайы тiзбелермен және ережелермен шектелетiн, мемлекет қорғайтын ақпарат.
Қырғыз Республикасының мемлекеттiк құпиялары мемлекеттiк, әскери және қызметтiк құпияларға бөлiнедi.
Таралуы Қырғыз Республикасының қорғаныс қабiлеттiлiгi, қауiпсiздiгi, экономикалық және саяси мүдделерi үшiн ауыр салдарларға әкелiп соғуы мүмкiн ақпарат мемлекеттiк құпияға жатады.
Таралуы Қырғыз Республикасының Қарулы Күштерiне және мүдделерiне залал тигiзуi мүмкiн әскери сипаттағы мәлiметтер әскери құпияны құрайды.
Таралуы Қырғыз Республикасының қорғаныс қабiлеттiлiгiне, қауіпсiздiгiне, экономикалық және саяси мүдделерiне терiс әсер етуi мүмкiн ақпарат қызметтiк құпияға жатады. Мұндай ақпарат мемлекеттiк немесе әскери құпияға жататын және оларды толықтай ашпайтын жекелеген мәлiметтер сипатында болады.
Құпия ақпаратты рұқсатсыз тарату салдарынан Қырғыз Республикасының қорғанысына, қауiпсiздiгiне, экономикалық және саяси мүдделерiне тигiзiлуi мүмкiн залалға қарай құпия ақпаратты жеткiзгiштер үшiн құпиялылықтың мынадай шектеушi белгiлерi берiледi:
"аса маңызды" - таралуы Қырғыз Республикасының қорғаныс қабiлеттiлiгi, қауiпсiздiгi, экономикалық және саяси мүдделерi үшiн ауыр салдарларға әкелiп соғуы мүмкiн мемлекеттiк құпия санатындағы ақпарат;
"өте құпия" - таралуы Қырғыз Республикасының қорғаныс қабiлеттiлiгi, қауiпсiздiгi, экономикалық және саяси мүдделерi үшiн ауыр салдарларға әкелiп соғуы мүмкiн мемлекеттiк құпия санатындағы ақпарат, сондай-ақ таралуы Қырғыз Республикасының Қарулы Күштерiне залал келтiруi мүмкiн әскери құпияны құрайтын әскери сипаттағы мәлiметтер;
"құпия" - таралуы Қырғыз Республикасының Қарулы Күштерiне және мүдделерiне залал келтiруi мүмкiн әскери құпияны құрайтын әскери сипаттағы мәлiметтер, сондай-ақ мемлекеттiк немесе әскери құпияға жататын жекелеген мәлiметтер сипатындағы, бұл ретте оларды толықтай ашпайтын, таралуы Қырғыз Республикасының қорғаныс қабiлеттiлiгiне, қауiпсiздiгiне, экономикалық және саяси мүдделерiне терiс әсер етуi мүмкiн мемлекеттiк құпияны құрайтын ақпарат.
Қырғыз Республикасының заңнамасына сәйкес "aca маңызды", "өте құпия" және "құпия" белгiлерi бар құпия ақпарат мемлекеттiк құпияларға жатады.
3-бап
Құпиялылық дәрежелерiнiң салыстырмалылығы
Тараптар өз мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамаларына сәйкес құпиялылық дәрежелерi мен оларға сәйкес келетiн құпиялылық белгiлердi мынадай үлгiде салыстырылатындығын белгiлейдi:
Қазақстан Қырғыз
Республикасында Республикасында
"Аса маңызды" "Озгочо маанилуу"
"Особой важности" "Особой важности"
"Өте құпия" "Абдан жашыруун"
"Совершенно секретно" "Совершенно секретно"
"Құпия" "Жашыруун"
"Секретно" "Секретно"
4-бап
Құпия ақпаратты қорғау жөнiндегi шаралар
1. Тараптар:
1) екiншi Тарап берген немесе Тараптардың ынтымақтастығы процесiнде пайда болған құпия ақпаратты қорғауға;
2) берген Тарап қойған құпиялылық белгiсiн оның жазбаша келiсiмiнсiз өзгертпеуге;
3) құпия ақпаратпен жұмыс iстеуде құпия ақпараттың осы Келiсiмнiң 3-бабына сәйкес салыстырылатын өзiнiң құпия ақпаратына қатысты пайдаланылатын дәл сондай қорғау шараларын қолдануға;
4) екiншi Тараптың уәкiлеттi органынан алынған құпия ақпаратты тек оны беру кезiнде көзделген мақсаттарда пайдалануға;
5) берген Тараптың алдын ала жазбаша келiсiмiнсiз үшiншi Тарапқа құпия ақпаратты алуға рұқсат бермеуге мiндеттенедi.
2. Құпия ақпаратқа қол жеткiзу осы ақпаратпен танысу оны беру кезiнде көзделген мақсаттарда қызметтiк мiндеттерiн орындау үшiн қажеттi адамдарға ғана рұқсат етiледi. Құпия ақпаратқа қол жеткiзу тиiстi рұқсаты бар адамдарға ғана берiледi.
3. Онда құпия ақпаратпен жұмыс iстеу жөнiндегi мiндеттемелер және оны қорғау жөнiндегi шаралар толығымен жазылатын құпия ақпаратты қорғау жөнiндегi қосымша талаптар уәкiлеттi органдар жасасатын келiсiм-шарттарда көзделуi мүмкiн.
5-бап
Құпия ақпаратты беру
1. Тараптардың бiрiнiң үйлестiрушi органы екiншi Тараптың үйлестiрушi органынан екiншi Тараптың уәкiлеттi органында құпия ақпаратқа тиiстi рұқсатының, сондай-ақ оны тиiсiнше қорғауды қамтамасыз ету үшiн қажеттi мүмкiндiгiнiң бар-жоқтығын жазбаша растауды сұратады.
2. Нақты құпия ақпаратты беру туралы шешiмдi Тараптар мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамаларына сәйкес әрбiр жеке жағдайда Тараптар қабылдайды.
3. Бiр мемлекеттен екiншiсiне құпия ақпаратты беру дипломатиялық арналар бойынша, шифрланған құжаттық байланыс арналары, фельдъегерлiк қызмет немесе әскери-курьерлiк қызмет бойынша Тараптар қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырылады. Тиiстi уәкiлеттi орган құпия ақпаратты алғандығын растайды.
4. Құпия ақпараттың iрi көлемдi жеткiзгiштерiн беру үшiн тиiстi уәкiлеттi органдар осы Келiсiмге сәйкес әрбiр жеке жағдайда тасымалдау тәсiлдерiн, бағытын және алып жүру нысанын белгiлейдi.
Тараптардың уәкiлеттi органдары осындай әр тасымалдау жағдайы туралы тиiстi ақпаратпен алмасады.
6-бап
Құпия ақпаратпен жұмыс iстеу
1. Берiлген құпия ақпарат жеткiзгiштерiне оны алуға жауапты уәкiлеттi орган осы Келiсiмнiң 3-бабына сәйкес салыстырылатын құпиялылық белгiлерiн қосымша қояды.
Құпиялық белгiсiн қоюдың мiндеттiлiгi Тараптардың ынтымақтастығы процесiнде, аудару, көшiру немесе тираждау нәтижесiнде пайда болған құпия ақпаратқа қолданылады.
Берiлген құпия ақпарат негiзiнде пайда болған құпия ақпаратқа берiлген құпия ақпараттың құпиялылық белгiсiнен кем болмайтын құпиялылық белгiсi қойылады.
2. Құпия ақпарат өзiнiң құпия ақпаратына қатысты қолданылатын талаптарға сәйкес есепке алынады және сақталады.
3. Алынған құпия ақпараттың құпиялылық дәрежесiн уәкiлеттi орган оны берген Тараптың тиiстi уәкiлеттi органының жазбаша рұқсаты бойынша ғана өзгерте немесе алып тастай алады.
Тараптардың бiрiнiң уәкiлеттi органы осындай хабарламаны алғаннан кейiн 30 күн iшiнде екiншi Тараптың уәкiлеттi органынан алған құпия ақпараттың жеткiзгiштерiндегi құпиялылық белгiсiн өзгерту жөнiнде шаралар қабылдауға мiндеттенедi.
Тараптардың ынтымақтастығы процесiнде пайда болған құпия ақпараттың құпиялық дәрежесi Тараптардың уәкiлеттi органдарының өзара келiсiмi бойынша анықталады, өзгертiледi немесе алынып тасталады.
4. Құпия ақпараттың жеткiзгiштерi оны берген Тараптың уәкiлеттi органының жазбаша хабарламасы бойынша қайтарылады немесе жойылды.
Құпия ақпаратты және оның жеткiзгiштерiн көбейту (тираждау) оны берген Тараптың уәкiлеттi органының жазбаша рұқсатымен жүзеге асырылады.
Құпия ақпаратты жою құжатталады, ал жою процесi оның кейiннен қайта шығарылмауына кепiлдiк беруге тиiс.
Уәкiлеттi органдар жасасатын шарттарға жеке бөлiм қосылады, онда:
құпия ақпараттың тiзбесi және оның құпиялық дәрежелерi;
құпия ақпаратты қорғау ерекшелiктерi;
даулы мәселелердi шешу және құпия ақпаратты рұқсатсыз таратудан болуы мүмкiн залалды өтеу тәртiбi айқындалады.
1. Тараптардың үйлестiрушi органдары мыналар болып табылады:
Қазақстан Республикасында - Қазақстан Республикасы Премьер-Министрiнiң Кеңсесi;
Қырғыз Республикасында - Қырғыз Республикасының Ұлттық қауiпсiздiк қызметi.
2. Осы Келiсiмдi iске асыру жөнiндегi қызметтi үйлестiруге жауапты мемлекеттiк орган өзгерген жағдайда, Тараптар бiр-бiрiн осындай өзгерiстер туралы уақтылы хабардар етедi.
1. Үйлестiрушi органдар осы Келiсiмдi орындау үшiн қажеттi құпия ақпаратты қорғау саласындағы өз мемлекеттерiнiң тиiстi нормативтiк құқықтық кесiмдерiмен алмасады.
2. Осы Келiсiмдi орындау кезiнде ынтымақтастықты қамтамасыз ету мақсатында Тараптардың үйлестiрушi органдары олардың бiрiнiң өтiнiшi бойынша бiрлескен консультациялар өткiзедi.
1. Бiр Тараптың уәкiлеттi органдары өкiлдерiнiң екiншi Тараптың құпия ақпаратына олардың қол жеткiзуiн көздейтiн сапарлары қабылдайтын Тарап мемлекетiнiң заңнамасында белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады. Мұндай сапарларға рұқсат осы Келiсiмнiң 4-бабының 2-тармағында көрсетiлген адамдарға ғана берiледi.
2. Осындай сапарлардың мүмкiндiгi туралы өтiнiштi жiберетiн Тараптың үйлестiрушi органы қабылдайтын Тараптың үйлестiрушi органына болжалды сапарға дейiн 4 (төрт) аптадан кешiктiрмей жiбередi.
Осындай сапарлардың мүмкiндігi туралы өтiнiш қабылдайтын Тарап мемлекетiнде қабылданған рәсiмге сәйкес жасалады және мынадай мәлiметтердi қамтиды:
уәкiлеттi орган өкiлiнiң тегi мен аты, туған күнi мен жерi, азаматтығы және паспортының нөмiрi;
уәкiлеттi орган өкiлiнiң мамандығы мен лауазымы, ол жұмыс iстейтiн уәкiлеттi органның атауы;
тиiстi құпиялылық дәрежесiндегi құпия ақпаратқа рұқсатының болуы;
сапарға барудың ұсынылып отырған күнi және жоспарланып отырған ұзақтығы, оларда болу жоспарланып отырған уәкiлеттi органдардың атаулары, сапардың мақсаты және талқыланатын мәселелерге қатысты барлық пайдалы нұсқаулар, сондай-ақ танысу болжанатын құпия ақпараттың құпиялылық дәрежесi;
олармен кездесу болжанатын адамдардың лауазымдары, тектерi мен аттары.
3. Бiр Тараптың уәкiлеттi органдарының осы Келiсiмнiң шеңберiнде екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағына келген өкiлдерi қабылдайтын Тарап мемлекетiнiң ұлттық заңнамасында белгiленген тәртiппен тiркелуге тиiс.
4. Бiр Тараптың уәкiлеттi органдары өкiлдерiнiң екiншi Тарап мемлекетiнiң құпия ақпаратына тiкелей қол жеткiзуi қабылдайтын Тараптың ұлттық заңнамасының талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
11-бап
Құпия ақпаратты қорғау жөнiндегi шараларды
жүргiзуге арналған шығыстар
Тараптардың әрқайсысының уәкiлеттi органдарының осы Келiсiмнiң шеңберiнде туындайтын құпия ақпаратты қорғау жөнiндегi шараларды жүргiзумен байланысты шаралары дербес жүзеге асырылады және екiншi Тараптың уәкiлеттi органдарының өтеуiне жатпайды.
12-бап
Құпия ақпаратты қорғау жөнiндегi талаптарды бұзу
және залалды өтеу
1. Құпия ақпараттың рұқсатсыз таралуына әкелген құпия ақпаратты қорғау жөнiндегi талаптар бұзылған жағдайда аумағында бұзушылық орын алған Тарап мемлекетiнiң ұлттық заңнамасына сәйкес тексеру жүргiзiледi, ол туралы тиiстi Тараптың үйлестiрушi немесе уәкiлеттi органы екiншi Тараптың үйлестiрушi немесе уәкiлеттi органына оқиғаның мән-жайы, оның салдары және қабылданған шаралар туралы дереу хабарлайды.
2. Құпия ақпаратты рұқсатсыз тартудан келген ықтимал залалдың мөлшерi құпия ақпараты рұқсатсыз таратылған Тарап мемлекетiнiң ұлттық заңнамасында белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
Осы Келiсiмдi түсiндiруге немесе қолдануға қатысты даулар Тараптардың арасында келiссөздер немесе консультациялар жүргiзу жолымен шешiледi.
14-бап
Өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу
Тараптардың өзара келiсiмi бойынша осы Келiсiмге өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлуi мүмкiн, олар осы Келiсiмнiң ажырамас бөлiктерi болып табылатын жеке хаттамалармен ресiмделедi.
15-бап
Күшiне енуi, қолданылу мерзiмi
және қолданысын тоқтату
1. Осы Келiсiм Тараптардың оның күшiне енуi үшiн қажеттi мемлекетiшiлiк рәсiмдердi орындағандығы туралы соңғы жазбаша хабарламаны алған күнiнен бастап күшiне енедi.
2. Осы Келiсiм белгiленбеген мерзiмге жасалады және Тараптардың бiрi екiншi Тараптың оның күшiне тоқтату ниетi туралы жазбаша хабарламасын алған күнiнен бастап алты ай өткенге дейiн күшiнде болады.
3. Осы Келiсiмнiң қолданылуы тоқтатылған жағдайда Тараптардың ынтымақтастығы процесiнде берiлген немесе пайда болған құпия ақпаратқа қатысты құпиялылық белгiсi алынбайынша, осы Келiсiмнiң 4-бабында көзделген оны қорғау жөнiндегi шаралар қолданыла бередi.
200__ жылғы "___"______________ ___________________ қаласында әрқайсысы қазақ, қырғыз және орыс тiлдерiнде екi түпнұсқа данада жасалды, әрi барлық мәтiндердiң бiрдей күшi бар.
Осы Келiсiмнiң ережелерiн түсiндiру кезiнде келiспеушiлiктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тiлiндегi мәтiнге жүгiнетiн болады.
Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасының
Yкіметi үшiн Yкiметi үшiн